Көркемдік әдіс. Әдеби ағымдар мен бағыттар
Көркемдік әдіс – белгілі бір дәуірде көптеген жазушылардың шығармаларында қолданылатын, өмір шындығын суреттеу ерекшелігі, соны айқындайтын негізгі принциптер. Әдебиеттте, сондай-ақ көркемөнердің басқа салаларында бір бағыттағы жазушылардың, өнер қайраткерлерінің творчествосы идеялық нысанасы жағынан да ұқсас, жақын келетінін байқаймыз. Бір заманда өмір сүріп, бір қоғамдық ортада қызмет еткен көптеген жазушылардың көркемдік әдісінде ортақ-сипат белгілер аз емес екенін олардың тақырып таңдау, белгілі жанрлық түрлерді қолдану, адамның бейнесін суреттеу өзгешеліктерінен анық көруге болады. Мұндай өзгеше сипат- белгілерді көбінесе белгілі әдеби бағыт, әдеби ағым аясында қарайды. Ал көркемдік әдіс одан әлдеқайда кең мағынада алынып, жазушының өмірді бейнелеуде нақтылы болған яки болатын жағдайларды, өмір құбылыстарын тірек етуі немесе өмірдің өзі қандай болуы қажет деген өз ой-түсінігіне сүйенуі
осы екеуінің қайсысына көбірек мән беретініне сәйкес сипатталады. Бұл пікір алғаш Аристотельден бастап орнығып, кейін Белинский оны соңғы дәуірлердегі әдебиет тарихына сүйене отырып дәлелдеді. Көркем әдебиет пен өнердің бүкіл
даму тарихында әр дәуірде әр түрлі нақтылы сипат алып, үнемі бой көрсетіп келе жатқан негізгі екі көркемдік әдіс – романтизм мене реализм деуге болады. Әрине, өмір құбылыстарын осы айтылған екі тұрғыдан қарап түсіну, бейнелеу бір-біріне түгелдей қарама-қайшы нәрсе, олардың арасында ешбір байланыс, жалғастық жоқ деп санау қате болар еді. Оның бірі бар жерде, аз ба көп пе, екіншісі жалғаса жүреді. Бірақ қай жағы басым болса, негізгі сипаты соған сәйкес анықталады. Ал басқа көптеген әдеби ағым-бағыттар қалайда осы екі негізгі әдістің біреуін тірек етеді немесе оларды басқа бір қырынан толықтыруға, кейде, тіпті, солармен жарыса басқа бір жанама тәсілдер табуға тырысады.
Романтизм – ХҮІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болған. (роман деген сөзден шыққан, яғни түпкі мағынасы өмірді кітаптағыдай, ой-қиялмен ұштастырып суреттеу) - әдебиеттегі, көркем өнердегі өмірдің жарқын, жағымды жақтарын көбірек алып, көтере суреттейтін көркемдік әдіс. Романтизмнің өзіне тән ерекшеліктері көп: суреттеулер шындық қиялға негізделеді, қияли шындықтың өзі осы шақтыкі емес, не өткен, не келер шақтікі; шығарманың идеялық-көркемдік арқауында асқақ арман, көтеріңкі пафос жатады; автордың тілі де тым бояулы, мейлінше лепті, оқыс әсерлі келеді.
Орыс әдебиетінде және дүние жүзі әдебиетінде, көркем өнердің әр түрлі салаларында соңғы ғасырларда мол тараған әдіс – романтизм орыстың декабрист ақындардың (К.Ф.Рылеев, В.К.Кюхелбекер, А.И.Одоевский т.б. творчествасында орын алса, екінші жағынан, Н.В.Жуковский секілді ақындардың шығармашылығынан мол көрінеді. Алдыңғы топтағы жазушылардың творчествосында романтизмнің озат сипат-белгілері қалыптасты. Ал Жуковскиийдің шығармаларынан романтизмнің осал жақтары да анық сезіледі. Романтизмге тән басты ерекшелік айналадағы өмірге сын көзімен қарау, шарқ ұрып іздену, қиялға берілу болса, революционер жазушылар творчествосында ол жаңашылдықпен, алға ұмтылуымен ұштасты. Ал енді болашаққа үміт артпай, артқа қарайлаудан романтизмнің осал, кемшіл жақтары байқалады. Романтизмнің озат, өршіл қасиеттері Лермонтов поэзиясынан, Пушкиннің алғашқы кездегі өлең дастандарынан айқын аңғарылады. Бұл көркем әдістің ұтымды, өнімді жақтарын А.М.Горкий өз шығармаларында жаңа сипат - белгілерімен толықтырып қолдана білді. Қазақ әдебиетінде асқақ роматикалық толғаудың ақыны Махамбетті, Мағжан поэзиясындағы роматикалық сарынды айтуға болады.
Романтизм түгел алғанда әдебиетке жаңа тақырып, жаңа кейіпкерлер әкелді, сөз өнерін көптеген көркемдік ерекшеліктерімен байытты. Азаматтық лирикалық, тақырыптық, идеялық ауқымын кеңейтіп, романтикалық поэманың озық үлгілерін туғызды. Романтизмнің құнды, ұтымды жақтары оған ілесе өркендеген реализмге үлкен тірек болды. Алайда романтизмді реалистік әдіске қарсы қойып, оған алыс-жақындығы тұрғысынан қарап бағалау дұрыс болмас еді. Романтизмнің бағалы жақтары, өзіндік артықшылықтары да, сонымен бірге осалдығы өз табиғатынан туындайды. Романтизм мен реализмді екі түрлі көркемдік әдіс деп қарасақ, олар бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі нәр бере
алатынын есте сақтаған жөн. Қазақ әдебиетінде романтикалық сарын мысалды М.Жұмабаевтың (Батыр баян) шығармасында көрініс тауып, өте әдемі, өте әсерлі болып шыққан.
Достарыңызбен бөлісу: |