Қысқаша мазмұны.
2006-2007 оқу жылынан бастап ҚР білім және ғылым министрлігінің 24.09.2002ж. № 693 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары (ҚР МЖМБС 2.003-2002) негізінде жалпы білім беретін мектептің жоғары сатысына бағдарлы оқыту жаппай енгізілген болатын, яғни онда оқытудың жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттары көзделген.
МЖМБС нормативті құжат ретінде білім беру мазмұнының құрамы мен құрылымына, мектептің жоғары сатысындағы білім беру үдерісін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды қамтиды.
Осы білім беру стандартының басты деңгейі болып табылатын Базистік оқу жоспарының инвариантты оқу жүктемесінде білім мазмұнының барлық оқушылар міндетті түрде оқуы тиіс бөлігі жинақталған, ол базалық жалпы білім беретін пәндер мен оқытудың берілген бағдарын таңдап алған оқушылар үшін міндетті бағдарлы пәндерден тұрады.
Ал вариативті бөліктегі оқу жүктемесін мектептік компонент есебінен жүзеге асырылатын қолданбалы курстар мен оқушы компоненті есебінен жүзеге асырылатын таңдау курстары құрайды.
Орта білім берудің жоғары сатысына арналған типтік оқу жоспарларында мектептік компоненттің мазмұны қолданбалы курстар арқылы көрсетілген.
МЖМБС-ның мазмұндық деңгейі оқу бағдарламалары мен оқу әдебиетінің көпнұсқалылығын, интеграцияланған оқу курстарын енгізуді, мектептің – бағдарлы оқыту бағытын, ал оқушының таңдау курстарының құрамын таңдап алуын көздейді.
Бағдарлы оқыту кезінде жаратылыстану пәндерінен пәнаралық факультативтік курстарды 7-9 сыныптарда физика, химия, биология және географияның міндетті курстары оқытылатын кезеңде жүргізген неғұрлым тиімді.
Физикадан пәнаралық факультативтік курстардың мақсаттары:
- 7-9 сынып оқушыларының білімдерін интеграциялау және олардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;
- 7-9 сыныптарда білім беруді саралау (дифференциация), соның негізінде оқушылардың танымдық қызығушылығын қанағаттандыру және дамыту, оларға кәсіби бағдар беру;
- балалардың қабілетін ашу және дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау, олардың талап-сұраныстарын ескеру арқылы білім беруді ізгілендіру;
- пәнаралық курстарда оқушылардың қоршаған әлем туралы білімдерін терең интеграциялау және адам мен табиғаттың органикалық бірлігін саналы түрде ұғындыру негізінде білім беруді гуманитаризациялау.
Физикадан 7-9 сыныптаға арналған пәнаралық факультативтік курстардың мазмұнын таңдап алудың принциптері:
- курстың мазмұнын жаратылыстану ғылымдарының негізгі идеялары төңірегіне топтастыру (генерализация) негізінде құру керек;
- физика мен жаратылыстану пәндерінің осы курсқа сәйкес курстарымен пәнаралық байланысын ескеру қажет;
- курс мазмұнында оқу материалын қисынды өрбіту арқылы баяндау қажет;
- курс мазмұны оқушылардың танымдық қызығушылығына сәйкес болуы тиіс;
- курс мазмұны ғылыми тұрғыдан дәйекті әрі түсінікті болуы тиіс.
Физикадан пәнаралық факультативтік курстарды жүргізудің қайсыбір әдістерін таңдау кезінде дамыта оқыту теориясы тұрғысынан басым, проблемалық сипаттағы, іздену-зерттеу әдістерін ескерген тиімді.
Факультативтік курстар білім, білік, дағдыны кеңейтуге, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен қызығушылығын дамытуға бағытталғандықтан, ал олардың мазмұны негізгі оқу пәндерін тереңдетіп оқытумен байланысты болғандықтан, факультативтік сабақтарға оқушылардың түрлі құбылыстарды танып-білуге құштарлығын оятуға ықпал ететіндей әдістерді енгізу маңызды. Оқытудың мұндай әдістеріне оқушыларды оқу әдебиеттерімен жұмыс істеуге, баяндамалар мен рефераттар дайындауға дағдыландыруды жатқызуға болады. Факультативтік курстарға пәнаралық интеграцияны енгізу оқушыларды өзбетімен оқуға дайындауға жағдай жасайды, ал бұл, бір жағынан, тұлғаның өзіндік анықталуына, өз әлеуетін жүзеге асыруына ықпал етеді; екінші жағынан, құбылыстарды олардың өзара байланысын ұға отырып қабылдауға, практикалық қызметпен неғұрлым тығыз байланыстарды тағайындауға, оқушылар жүктемесінің артып кету проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Факультативтік сабақтарды ұйымдастыру кезінде келесі негізгі қағидаларға сүйенген тиімді:
1. Сабақ мазмұнын теория мен практиканың бірлігі принципіне негіздеу қажет. Теория оқушылардың жалпы білімінің ғылыми деңгейінен жоғары болуы, а практика – оларды осы бағыттағы кәсіптерге бағдарлауы тиіс.
2. Факультативтік курстар оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесуі қажет.
Факультативтік курс мазмұнын іріктеп алғаннан кейінгі маңызды қадам факультативтік сабақтарды өткізу формалары мен әдістерін таңдап алу болып табылады.
Осылайша, факультативтік сабақтардың мазмұны мен оларды өткізудің әдістерін таңдап алу критерийлерін ескеру пәнаралық факультативтік курстарды әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін айқындауға мүмкіндік береді.
Факультативтік сабақтарда мұғалімнің сабақты ұйымдастыру формасы мен оқыту әдістерін таңдаудағы еркіндігі мол болады. Оқушылардың сабаққа өз таңдауы мен тілегі бойынша қатысуы оларды ортақ қызығушылығы тұрғысынан жақындастырады. Сондықтан мұндай сабақтар топтағы оқушылар арасында, мұғалім мен оқушы арасында неғұрлым тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді әрі ол оқушылардың өзіндік жұмысын тұлғаның жеке бейіні мен басқа да ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыруға ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде оқушылардың шығармашылық сипаттағы тапсырмалар орындау кезіндегі танымдық белсенділігі мен қабілетін дамытуға алғышарт болады.
Факультативтік курс бағдарламасын өтуде қатаң регламенттің болмауы оқыту үдерісін көбінесе оқушылардың өзіндік өнімді шығармашылық іс-әрекеті ретінде ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасайды. Осы мақсатпен неғұрлым тартымды оқу материалы (атап айтқанда, қазіргі заманғы ғылым мен техниканың жетістіктері) пайдаланылады. Сабақтардағыға қарағанда білім алушылардың ойлау қабілетін белсендіретін оқыту әдістері жиірек қолданылады.
Мәселен, факультативтік сабақтарда оқушылардың физиканың жеке мәселелеріне арналған баяндамалары, оның тарихы жөніндегі материалдар бойынша рефераттар, баяндамалар мен мәліметтерді семинарларда талқылау, эксперименттік есептер шығару, зертханалық жұмыстар орындау, өздік зерттеулер кең қолданыс табуда.
Факультативтік сабақтар міндетті сабақтарға қарағанда оқушылардың физикалық құбылыстарды игеруде зерттеу тәсілдерін неғұрлым толық жүзеге асыруына және физика заңдарын тәжірибеде шығармашылықпен қолдануына мүмкіндік береді.
10-дәріс
Тақырыбы: Пәнаралық байланыстағы қолданбалы курстардың бағдарламаларын дайындау
Мақсаты: Пәнаралық байланыстағы қолданбалы курстардың бағдарламаларын құру жолдарын қарастыру
Жоспары: 1. Қолданбалы курстардың орны, ролі мен маңызы
2. Қолданбалы курстардың мақсат-міндеттері
3. Қолданбалы курстардың бағдарламаларын жасау ерекшеліктері
Орта білім берудің жоғары сатысына арналған типтік оқу жоспарларында мектептік компоненттің мазмұны қолданбалы курстар арқылы көрсетілген. Демек, мектептің жұмыстық оқу жоспарында оқытудың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттары шеңберінде жасалатын оқыту бағдарлары мазмұнының вариативті құраушысы қолданбалы курстарды бейнелеуі тиіс.
Ал жұмыстық оқу жоспарындағы оқушы компонентінің сағаттарын мектептің педагогикалық ұжымы таңдау курстары арқылы оқушының тұлғалық бағдарын қамтамасыз ететіндей оқу-тәрбие процесінің жаңа әдіс-тәсілдерін жүзеге асыру үшін пайдалануы мүмкін.
10 сыныптың жұмыстық оқу жоспарының Түсінік хатында мектептік компоненттің мақсаты мен мазмұны, әрбір қолданбалы және таңдау курстарының орны мен рөлі көрсетіледі. Мұнда қолданбалы курстар бағдарлы пәндер бойынша білімді кеңейтуге және тереңдетуге, сонымен қатар оқушылардың бағдарлы оқыту шеңберіндегі іс-әрекетке қолданбалы дайындығының деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асырудың ұйымдастырушылық формасы ретінде қарастырылады.
Бағдарлы оқытуды жүзеге асыру үшін мектеп ең әуелі жұмыстық оқу жоспарымен қатар, қолданбалы курстарға арналған бағдарламаларды дайындап алуы қажет, өйткені ол оқытудың сапалы болуының негізгі шарттарының біріне саналады.
Қолданбалы курстарды оқытудың мақсаты – оқытуды даралауға және оқушыны әлеуметтендіруге, болашақ кәсіби іс-әрекет саласын саналы және жауапты түрде таңдауға және дайындауға бағдарлау.
Достарыңызбен бөлісу: |