Қорытынды: Мектептің жоғары сатысындағы оқу жоспарының вариативті бөлігінің білім мазмұны осы айтылған теориялық негіздерге сүйене отырып дайындалған жағдайда ғана ұсынылатын қолданбалы курстар өзінің негізгі мақсат-міндеттері мен атқаратын қызметін педагогикалық тұрғыда дұрыс орындап, мектеп бітірушілерді өз бетімен iзденiп білім алуға талпындырып, оларды алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйретеді, ғылымның, өндірістің, өнердің белгілі бір саласында озық нәтижеге қол жеткізе алатын мамандықты таңдауға бағыттайды.
11-дәріс
Тақырыбы: Сыныптан тыс сабақтардағы пәнаралық байланыстар
Мақсаты: Сыныптан тыс сабақтардың тәжірибеде қалыптасқан түрлерімен таныстыру.
Жоспары:
1. Пәнаралық мазмұнды кештер
2. Пәнаралық мазмұнды викториналар мен эстафеталар
3. Пәнаралық мазмұнды мектеп олимпиадалары (физика, химия, математика, технология бойынша)
4. Пәнаралық мазмұнды физикалық үйірмелердің жұмысы
5. Оқушылар жұмысының байқауы
6. Пәнаралық қорытып жалпылаушы конференциялар
7. Пәнаралық мазмұнды ғылыми-көпшілік дәрістер
8. Оқушылардың пәнаралық мазмұнды кітаптар мен мақалалар оқуы
Кіріспе
Физика пәні мұғалімінің пәнаралық байланыстар бойынша сабақта басталған жұмысы сыныптан тыс сабақтарда жалғастырылып, кеңейтілуі мүмкін. Сабақтан тыс шаралар, физикадан сыныптан тыс жұмыстардың дәстүрлі формаларын толықтыра отырып, оқушыларда әлемнің ғылыми бейнесін, ғылыми дүниетанымын, жаратылыстану-математика цикліндегі пәндерді оқуға деген қызығушылығын қалыптастыруға себептеседі әрі оларды өмірге, қоғамдық пайдалы еңбекке дайындайды.
Қысқаша мазмұны. Физика - математика, - биология, - химия, - география кештерін, викторина, олимпиада, конференция, экскурсия, үйірме, қызықты тәжірибелер өткізуге болады. 7-8 сыныптарда қызықты тәжірибелер және сұрақтар кеші, аттракциондар, ойындар өткізген дұрыс. Физика-географиялық кешінде түрлі атмосферада, теңізде байқалатын физикалық құбылыстармен қазіргі видеоаппаратура, компьютер, проекторды қолданып өткізуге болады. Физика және математикалық модельдер, физика мен химияның байланысын электролиздің Қазақстан металлургиясында (Балқаш, Жезқазған) қолданылуын айтуға болады. Физика мен техника тарихы бойынша викторина өткізугенде, мысалы, мынадай сұрақтар беруге болады: Халықаралық Нобель сыйлығы қай жылдан бері тағайындалды, ол туралы не білесіңдер? Наноматериал деген ұғым нені білдіреді, қайда қолданылады? Рентген сәулелерінің жиілік диапазоны, қасиеттері қандай, техникада, медицинада, биологияда қолданылуы туралы не білесіңдер? Мысалы, «Жаратылыстану ғылымдары және экология» атты тақырыпта конференция өткізуге болады. Конференция жоспары: 1) жетекшінің алғы сөзі; 2) қоршаған ортаның ластану себептері; 3) қоршаған ортаның ластану себептерімен күрес; 4) химия, мұнай өндірісінің дамуы және қоршаған орта; 5) Қазақстандағы уран кендері; 6) Семейдегі ядролық сынақтар полигоны және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |