Интеграция – бұл жекелеген бөлімдерді біріктіруге, соның нәтижесінде білім жүйесінің сапалы өзгерістеріне жетелейтін байланысқан жүйелер теориясы. Интеграция білім беру процесін құрастырудың басты қағидаларының бірі, оны жетілдірудің тәсілі ретінде, әлемді біртұтас тануды қамтамасыз ету құралы және оқытушының дидактикалық жүйесінің даму шарты ретінде де түсіндіріледі. Яғни, интеграция тек пәндер бойынша білімдер қарым-қатынасы ғана емес, сонымен қатар оқыту технологиялары, әдістемелері мен формасы туралы мәлімет береді. Педагогикалық іс-әрекет – бұл нормалар мен творчествоның, ғылым мен өнердің қоспасы. Сондықтан қазіргі кездегі қолданыстағы білім беру әдістерінің көп түрлілігін дұрыс біріктіру және интеграциялау маңызды болып отыр. Бұған оқыту нәтижесі тікелей тәуелді.
Интегративті негізде білім берудің негізгі мақсаты – қоршаған әлем жайлы оқушы санасында біртұтас көріністі қалыптастыру.
Қазіргі кезеңдегі пәндерді интеграциялау үдерісі жаңа педагогикалық технологиялардың деңгейін өсіруді талап етеді. Сонымен бірге пәндерді интеграциялау мәселесі белгілі бір оқу пәндерін үйрете отырып, басқа да пәндердің әдістерін, теорияларын, заңдарын қоса оқытудан көрінеді. Бұл білімнің жаңа сапалы түрінің пайда болуына және жалпы ғылыми түсініктер мен категориялардың, тәсілдердің пайда болуына әкеледі. Пәнаралық интеграция пәнішілік интеграцияны мейлінше толықтырады.
Педагогикада оқушыларға бұл үшін оқушыға әдетте үш түрлі талап қойылады:
- мұғалімнің бағыт-бағдар беруімен ұсынылған тапсырмаларды оқушының ізденімдік көзқараспен оқып -үйрене білуі;
- қарапайым зерттеушілік жұмыс түрлерін орындай алуы;
- тұтас әдеби контекске енгізілген шығармалардың байланысын ажырата білуі.
Пәндерді интеграциялау жүйелі тәсілді пайдалануды қажет ететін, оқушының ойын дамытуды жетілдіруге бағытталған пәндік іс-әрекетті ұйымдастыру болып табылатындықтан, интеграцияланған сабақта қойылған мәселені бөліктерге бөліп алу негізгі рөл атқарады. Ұсынылған тапсырмалар жүйелі, өмірден алынған, әлеуметтік мәні бар мәселе болуы тиіс. Оқушы өзі үшін өте маңызды болып есептелетін мәселені шешу үшін барын салып кіріседі, мұғалім оған бағыт-бағдар береді.
Оқытушының кәсіби іс-әрекетінде пәндер мен оқыту технологиялары бойынша интеграциялық білім беру деңгейінде творчестволық ізденістер орны аса ерекше. Қазіргі заман ғылымы алдында интеграциялық оқытуды теория негізінде ұғыну мәселесі тұр. Себебі философиялық тұрғыдан қарағанда интеграциялық оқыту – бұл пайдалы ақпаратқа немесе нақты білімге ғана қатысты емес, сонымен қатар білім алушының өз ортасын, оқытушыларын және пәндерді тереңірек ұғынуына ықпал ету түсінігі де.
Оқытудағы интеграция пәнаралық байланыстардың дамуы мен тереңдеуін, бұл өз кезегінде ғылымаралық байланыстың аналогы болып табылады, яғни пәнаралық тақырыптарды келістіріп қана қоймай оларды терең қарым-қатынаста оқытуға көшуді білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |