7-дәріс. Девиантты мінез-құлық әлеуметтануы
Дәрістің жоспары:
Девиантты мінез-құлық ұғымы
Әлеуметтік бақылау ұғымы мен формалары
Девиантты мінез-құлықтың теориялық қарастырылуы
Девиацияны социологиялық зерттеу әдістері
Дәрістің мақсаты: девиантты мінез-құлық ұғымының мәні мен түрлерімен таныстыру, әлеуметтік бақылаудың формаларын, сондай ақ девиантты мінез-құлықтың теориялық қарастырылуы мен зерттеу әдістерін қарастыру.
Кез-келген қоғамда белгілі-бір қалыптасқан нормалар мен құндылықтар, жүріп тұру ережесі, мәдени қалып болады. Қоғам әрбір мүшесін осы нормаларға сай етіп әлеуметтендіреді. Соның нәтижесінде біз қоғам талап еткен істерді істеп, қоғамның айтқанымен жүреміз. Алайда қоғам талап еткен ережелерге бағынбайтын адамдар да болады. Оны девиантты мінез-құлықты адамдар деп айтамыз. Девиантты мінез-құлық немесе девианттылық дегеніміз – қоғамның наразылығын тудыратын немесе жазалауға әкеп соқтыратын, нормаға қайшы келетін іс-әрекет. Қысқаша айтқанда девиантты мінез-құлық дегеніміз - қоғамда қалыптасқан нормалардан ауытқу. Әлеуметтанушылар толықтай девиантты әркеттің болмайтындығын айтады. Бір қылықтар біреулерге оғаш көрінгенімен, біреулер қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Девиацияның қылмысқа жатпайтын әрекет және қылмыстық әрекет деген екі түрі болады. Қылмыстық әрекетті делинквентті мінез-құлық деп айтамыз.
Әлеуметтік бақылау. Қоғам адамдардан жүріп-тұру ережелерін сақтауды талап етеді. Ережеге бағынуға ынталандыратын күштер мен процестер әлеуметтік бақылау деп аталады.
Әлеуметтік бақылау үш формада жүзеге асады:
1. Өз-өзімізді іштей бақылау арқылы
2. Бейресми бақылау арқылы: достарымыз бен жақындарымыз біздің ережеге бағынғанымызды құптап немесе жазалап отырады. Олар бізді орынсыз әрекет жасаудан тиып отырады.
3. Ресми бақылау арқылы: мемлекет органдары тарапынан жазалау шаралары.
Мысалы, бір адамдарды жат қылық жасауға ішкі құндылықтары мен адам болмысы тоқтатады (тонау, түкіру, т.б.), кейбір қылықтарды өзіміз жасағымыз келгенімен, оған жақындарымыз рұқсат етпейді (шашты тықырлап алып тастау, ұл баланың қызғылт шуба киіп жүруі, т.б). Ал бұл екі жағдай тоқтата алмаған қылықтар үшін мемлекет жазалайды (мектеп формасын сақтамаса, университеттегі сабаққа келмей қойса шығып кетуі мүмкін, немесе кейбір қылықтарымыз заңсыз үшін айыппұл, бас бостандығымздан айырылуымыз мүмкін).
Девиантты мінез-құлықтың теориялық қарастырылуы:
1. Әлеуметтанулық теориялар. Э.Дюркгейм – «Суицид» атты еңбегінде қоғамды қалпынан тайдыратын девианттылықтың себептерін талдаған. Қоғам жаңарған сайын кейбір әлеуметтік нормалар ескіріп, түсініксіз бола бастайды. Дюркгейм бұл жағдайды аномия деген ұғыммен анықтап, суицидтің басты себебі – адамдардың аномиялық күйге түсуі деп айтады.
Э.Дюркгейм суицидтің үш түрін көрсетеді:
Аномиялық – мемлекеттегі құрылымдық өзгерістер орын алғанда туындайды. Мысалы: қоғамның модернизацялануы, экономикалық дағдарыс кезінде.
Эгоистік – қарақан басын ойлап, яғни өзін-өзі өлтірудің жақындарына қиындық туғызатынын ойламау
Альтруистік – біреу үшін өзін өлімге қию.
Р.Мертон – әлеуметтанудағы шиеленіс теориясының өкілі. Адам армандаған мақсаттарына мақұлданған әрекет арқылы қол жеткізе алмағанда девианттылық туындайды.
2. Антропологиялық теория. өкілі – Чезаре Ломброзо. Адам қылмыскер болып туылады. Адамның дене бітімі оның қылмыскер екенін көрсетіп тұрады (бас сүйегі, қолының ұзындығы, т.б). Қылмыс жасауға дене бітімінен басқа да факторлар – туылған аймағы, елдің экономикалық жағдайы, климат, демографиялық жағдай, миграциялық ахуал, т.б. әсер етеді.
3.Әлеуметтік-психологиялық теориялар. Өкілдері Э.Сазерленд, оның айтуы бойынша «адам баласы табиғатынан бірнәрсені үйренуге бейім келеді. Кейбіреулер бала күнінен қылмыстық әрекеттерді көріп, естіп өседі. Соның әсерінен қылмыс жасауға бейім тұрады. Егер осы бала басқа ортада тәрбиеленсе басқа адам болып өсер еді». Яғни Сазерлендтің айтуы бойынша адамның өскен ортасы оның қылмыскер болуына әсер етеді.
Э.Фромм агрессиялық әрекет, қатыгездікті зерттеген. «Анатомия человеческой деструктивности» атты еңбегінде агрессия - адамның басына төніп тұрған қауіпке берген жауабы деп түсіндіреді. Э.Фромм агрессияның оң және теріс көріністерін айтқан (доброкачественная и злокачественная агрессия). Агрессияның оң көрінісі – өз өмірін сақтап қалу мақсатындағы агрессия, теріс көрінісі – адамның басқа адамдарға үстемдік көрсеткісі келгендігінен туындайды. Мысалы садизм, некрофилия. Бұл қасиеттер адамның мінезіне байланысты, - деп түсіндіреді психолог Э.Фромм.
4. Ұжымдық тиімділік теориясы. Бір ауданда, аймақта тұратын адамдар әлеуметтік тәртіпті сақтау үшін бірлесіп, келісіп әрекет етеді. Егер қайсыбір ауданның тұрғындары девиациямен күресу маңызды деп есептеп, келеңсіз әрекеттерді байқап (психикалық ауруға ұшыраған адамды көрсе, әлдекімнің басқа біреуге зәбір көрсетіп жүргенін байқаса, есірткі сатып жүргендерді білсе, зиянды әекеттерге салынған отбасыларды байқаса) тиісті органдарға шағымдануын ұжымдық тиімділігі басым деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |