Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы №4(62) 2017 ж.
169
қасиетін, оны тудырушы авторлардың эстетикалық танымы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін де
сынға алады. Өздерінің ақын емес, мемлекет құрушы екендігін, сондықтан оның міндеті миф ойлап
табу емес, керісінше поэтикалық туындының негізгі белгілері қандай болуы керектігін біліп, оның
бұзылуына жол бермеу деп санайды. Осылайша, мифтің әдеби туынды ретіндегі қызметі философ
еңбегінде алғаш рет талданып, теориялық негізі айқындалады.
Платонның авторлық стиль, поэтикалық туындының стилі туралы пайымдаулары да осы
мәселедегі алғашқы теориялық тұжырымдардың негізі болды. Қарапайым мысал келтіре отырып,
терең теориялық ұғымның сырын ашатын ойшыл әдеби тәсілдер ұғымын да алғашқылардың бірі
болып қолданды. Ол авторлық баяндау мен еліктеудің стильдік қызметін, олардың уақыты мен
мекенін айта келіп: « – Ты очень верно схватил мою мысль, и я думаю, что теперь я уже разъяснил
тебе то, что раньше не мог, а именно: один род поэзии и мифотворчества весь целиком складывается
из подражания – это, как ты говоришь, трагедия и комедия; другой род состоит из высказываний
самого поэта – это ты найдешь преимущественно в дифирамбах; а в эпической поэзии и во многих
других видах – оба эти приема, если ты меня понял» [1, 76] – дейді. Әдеби тәсіл қызметіндегі баяндау
мен еліктеудің трагедия мен комедиядағы (бүгінгі эпикалық туындылардағы) және дифирамбадағы
(кейінгі лирикалық шығармалар) рөлін философ нақ көрсеткен. Алайда, авторлық еліктеудің, өзі
еліктеу поэзиясы деп атаған туындылардың қоғамдық, әлеуметтік қызметі мен эстетикалық қуатын
негіздеуде идеалистік бағыт ұстанған.
Өмірде Платонның досы, өнер мен ғылымда басты оппоненті болған Аристотель де поэзиядағы
(«әдебиет» деп ұғыну керек) еліктеуді басты тәсіл деп санаған. Жалпы, әлем әдебиеттануында
алғашқы жүйелі теориялық зерттеу жүргізіп, ұғым-түсініктерді қалыптастырған да осы Аристотель
болды. Ол үшін өнер идеяның бейнесі ғана емес, сонымен бірге ең бастысы материалдық әлемнің
көрінісі болды. Сондықтан да оның эстетикасында аса маңызды материалистік негіз қалыптасты. Сол
себепті де Аристотельдегі шығармашылық үрдіс платондық иррационализмнен алшақ әрі ерікті.
Аристотельдің көзқарасы бойынша көркем бейнелеу немесе сол кездегі «мимезис» деген
терминмен аталған еліктеуөзінің негізін таным бастауларынан алады. Сондай-ақ бұл, жалаң суреттеу
емес, керісінше шығармашыл, жинақтық бейнелеу. Ол өзінің әйгілі «Поэтика» еңбегінде поэзия өнері
туралы сөзін: «Бұл жерде жалпы поэзия өнері туралы және оның жеке түрлері хақында
әңгімелемекпіз, сондай-ақ, олардың әрқайсысы шамамен қандай маңызға ие екендігі, поэзиялық
туынды тартымды болып шығу үшін фабула қалай құрастырылмақшы, бұған қоса ол қандай және
қаншама бөліктерден тұруға тиісті, жалпы алғанда, әңгіме предметіне қатысты барлық жайларды
баяндамақпыз...» [3, 52] – деп бастайды да көркем туынды табиғатындағы еліктеудің маңызына
тоқталады: «Эпикалық және трагедиялық поэзия, сондай-ақ комедия мен дифирамбылық поэзия,
авлетика мен кифаристиканың басым бөлігі – мұның бәрі де, жалпы айтқанда еліктеу өнеріне жатады,
бұлар бір-бірімен мынадай үш жағдайда: еліктеу не арқылы (қай негізде) жасалады, болмаса, не
нәрсеге еліктейді, әйтпесе қалай еліктейді, міне осы тұрғыда ғана ерекшеленеді. Бұлар, әрине, ылғи
да бір мағына-мәндегі ұғымдар емес» [3, 52]. Бұл жерде Платон мен Аристотельдің өнер атаулының
шығу негізі еліктеумен тікелей байланысты деген тұжырымы егіз болғанмен, Аристотель еліктеуден
туған поэзия Платонша «елес» болып, мінез-құлықты құртатын құбылыс деп санамайды. Өйткені,
оның ойынша өнер, яғни поэзия ең алдымен адамның танымына ықпал ететін эстетикалық күш.
Аристотельдің жалпы өнер атаулының табиғаты мен оны өнер деп тануға белгі болатын сапа,
қасиеттеріне жасаған саралауының түп мақсаты – поэзияны, өлең өнерін өзге өнер түрлерінен
ажыратып, оны тудырушы ақынның өзіндік балгілерін айқындау болған деп санаймыз. Ол: «Еліктеу
жекелеген немесе тұтас күйінде ырғақтан, сөз бен гармониядан (әуеннен) танылмақшы» [3, 52] – деп,
музыкалық өнер түрлеріндегі ырғақ пен үйлесімнің аспаптардың, бидің көмегімен үйлесім тауып, сол
арқылы мінездер мен көңіл-күйлерді таныта алатынын айтады. Ал, ойшылдың: «...сөзді белгілі бір
өлшеммен (метр) немесе өлшемсіз пайдаланатын, онда да бірнеше өлшемді аралас иә болмаса
олардың біреуін жеке дара қолданатын өнер түрі ғана күні бүгінге дейін анықталмай келеді, біз
Софрон мен Ксенархтың мимдері мен сократтық әңгімелерге де, триметрлік, элегиялық немесе
қандай бір болмасын өлеңдік өлшеммен бейнелеушілерге де жалпы ат-атау бере алмаған болар едік»
[3, 53] деген сөзінен әдебиет теориясындағы көркем шығарманың жанрын жазылу тіліне қарап бөлу
мен олардың авторын кім деп атау мәселесі көрініп тұр. Сондықтан да, оның: ...«жазу» деген ұғымды
белгілі бір өлшеммен (метр) байланысты түсінетін адамдар ғана кейбіреулерді элегик, енді бірін эпик
деп оларды еліктеу ерекшелігіне қарай емес, жалпы өлеңдік өлшеміне қарап ақын деп ардақтайды»
[3, 53], деп көтерген проблемасы жаңа заман өнертануында да күрделі мәселе болып тұрған шындық.
|