4.1-ресурс
Терминдер мен анықтамалар
Бағалау критерийі – білім алушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі.
Бағалау нәтижелерін тіркейтін электрондық журнал – жиынтық бағалау (бөлім/ортақ тақырыптар, тоқсан) нәтижелерін тіркейтін және тоқсандық, жылдық, қорытынды бағаларды автоматты түрде есептеуді жүзеге асыратын электрондық құжат.
Балл қою кестесі – тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларына балл қою бойынша бірыңғай норманы белгілеу үшін мұғалімдер қолданатын кесте.
Білім алушылар портфолиосы – пән бойынша оқу жылына білім алушының оқу жетістігінің жеке және жинақталған бағаларын тіркейтін тәсіл.
Білім алушының оқу жетістігі деңгейі – бағалау критерийлеріне сәйкес білім алушылардың оқу жетістігін дамыту деңгейі.
Дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетті көрсететін сипаттама.
Жиынтық бағалау – оқу бағдарламасындағы бөлімдер/ортақ тақырыптар бойынша белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан/триместр, оқу жылы) аяқталғанда өткізілетін бағалаудың түрі.
Жиынтық жұмыс – оқудың белгілі бір кезеңінде пән бойынша білім алушылардың оқу жетістігі деңгейін анықтау үшін белгіленген оқушылар жұмысы.
Кері байланыс – белгілі бір оқиға немесе әрекетке жауап беру, үн қату, пікір білдіру.
Критериалды бағалау – белгіленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі.
Қалыптастырушы бағалау – оқу үдерісін дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін, білім алушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, үздіксіз жүргізілетін бағалаудың түрі.
Модерация – бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін қойылған балдарды стандарттау мақсатында тоқсандық жиынтық бағалау бойынша білім алушылардың жұмыстарын талқылап қарастыратын үдеріс.
Ойлау дағдыларының деңгейлері – әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі.
Оқу бағдарламасының ортақ тақырыбы – нақты пән бойынша оқу мақсаттарына жету үшін түрлі пәндер аясында білімі мен білігін біріктіретін құрал ретінде пайдаланылатын мазмұны бірыңғай ортақ компонент.
Оқу мақсаттары – оқу бағдарламасына сәйкес пән бойынша оқу курсы аралығында білу, түсіну және дағды жетістіктеріне қатысты күтілетін нәтижелерді қалыптастыратын тұжырым.
Оқытудың күтілетін нәтижелері – білім алушының оқу үдерісі аяқталған кезде нені біліп, түсініп, нені көрсете алатынын айқындайтын құзыреттіліктер жиынтығы.
Рефлексия – қайта ойлауға және өз әрекетінің нәтижелеріне талдау жасауға, өзін-өзі тануға бағытталған ойлау үдерісі.
Рубрика – бағалау критерийлеріне сәйкес білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін сипаттау тәсілі.
Тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы – тоқсандық жиынтық бағалаудың мазмұны мен құрылымын құрастыруға және оны өткізуге қойылатын талаптар.
Түрлі деңгейдегі тапсырмалар – білім алушының қабілетін есепке ала отырып, дифференциациялық оқытуды ұйымдастыру үшін қолданылатын күрделілігі түрлі деңгейдегі тапсырмалар
Сілтеме
Негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіс. құрал. /О.И.Можаева,А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциялауымен – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2016. - 54 б.
Достарыңызбен бөлісу: |