Бастауыш сынып о?ушыларыны? ?зін-?зі тануын ?алыптастыру
К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №3 - 2007
Автор: Базарова Т.М.
Еліміздің болашағы ұрпақ тәрбиесінде, оқу процесінде өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің, нарықты экономика кезеңінің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылық, кәсіби біліктігі мен білімділігін керек ететіні белгілі.
Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу мектеп өміріндегі үздіксіз оқу-тәрбие процесінің ғана жемісі болып табылады.
Оқыту процесі жүйесіндегі бастауыш мектеп оқушысының өзін-өзі тануды дамытып, білімді меңгертуге негіздеу болып табылады. Мектептегі арнайы ұйымдастырылған оқыту процесінде өзін-өзі тану іс-әрекеті құрылып және ол күрделі психологиялық білім бола отырып, оқыту процесінің өзімен қоса өрістейді.
Мектепке алғаш келген балалардың ой-өрісінде, сана-сезімінде кездесетін жеке ерекшеліктер олардың психологиялық даму жағдайларына байланысты. Өйткені барлық қабілет-қасиеттердің негізі мектепке дейінгі кезеңде қаланып, кейінгі жаста тереңдей түсетіні психология, педагогика, психофизиология ғылымдарында теориялық және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденген. Атап айтсақ, А.Н. Леонтьев, Л.С. Выготский, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, К.Д. Ушинский, В.А. Сухомлинский, М. Мұқанов, С. Балаубаев, Қ. Жарықбаев, А. Темірбеков, А.А. Любинская, Л.И. Божович, С. Рахметова, Ә. Сыдықов, Н. Айғабылов тағы басқа ғалымдардың барлығы да өз еңбектерінде оқушының психикалық дамуын ойдағыдай басқару үшін, оның бойындағы бар мүмкіндіктерін, ересек адамдармен және өз құрдастарымен қарым-қатынастарын жан-жақты зерттеу қажеттігін айтады. Ол үшін педагогиканың, психологияның және психофизиологияның жалпы заңдарын кіріктіре, үйлестіре қолдануға тура келеді.
Себебі оқытудың психологиялық негіздерін білу әр оқушының өзін-өзі тану деңгейін дұрыс саралауға да көмектеседі. Ал, оқушыны тұлға ретінде жан-жақты зерттеп білу – оның даму бағытын айқындаудың басты шарты. Сондықтан да қазіргі педагогикалық психологияның оқушының саналы әрекетіне мән бере бастауының бір себебі осында. Біз өзімізді түсінуді үйренгіміз келеді. Тұлғалық қасиетіміз қалай қалыптасады? Адамдардың бізге ықпалы қандай? Біз күнделікті өмірдің түйткілінен арылу үшін өзімізді қалай танып, білуіміз керек? Өзімізді танығаннан кейін ғана, өзгелерді түсініп, өмірді танитын боламыз, тек сонда ғана алға қойған мақсатымызға жетеміз.
Өзін-өзі танудың алғашқы қадамы: өзін-өзі тану, өзінің істеген ісінің салдарын білу, оны саналы түсіну. Біз өзімізді тануды ойымызды, ісімізді, өзгелердің бізге қарым-қатынасын саналы түсінуден бастаймыз. Өзін-өзі тану арқылы жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершілік қасиеттердің қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуімен, адамзаттың табиғатпен үйлесімділікке дамуын сезіндірумен айқындалады. Өзін-өзі тану бастауыш буында оқитын жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытуда, оның бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда ең маңызды орын алады, адамгершілікке тәрбиелеудің негізі, қарым-қатынас жасау мен дүниетанудың құралы, баланың зердесі мен шығармашылығын дамытудың арнасы. Ол арқылы оқушы қоршаған ортаны таниды, ұлттық мәдениетті, дүниетанымды сезіне бастайды, өзіндік пікірі қалыптасады, өзін-өзі танудың қарапайым қадамдарын жасай алады.
Өзін-өзі тану әңгімелесуге, шындықты бірлесе іздестіруге, білімді бірге игеруге, өздік шығармашылықты, ішкі белсенділікті оятуға бағытталған. Жеке тұлғаның бойында жақсы көру, бейбітшілік, әдептілік, шыншылдық, аяушылық, адалдық, имандылық, сыйластық, достық, сүйіспеншілік, кішіпейілділік, жанашырлық, жақсылық жасау, әділеттілік, елжандылық, ізеттілік, сенім, махаббат, қайырымдылық, қамқорлық жасау сияқты құндылықтарды қалыптастыру көзделген. Өзін-өзі тану психологиялық, педагогикалық, философиялық ғылым негіздеріне сүйене отырып, мына міндеттердің орындалуын көздейді:
- жеке тұлғаның «Менің» (өзімшілдігін емес) ояту;
- қоршаған ортасына деген қызығушылығын ояту;
- негізгі рухани-адамгершілік категорияларына көңіл аударту;
- балалардың бойында әлем және адамзат туралы түсінік қалыптастыру;
- өзінің адамгершілік мінез-құлықтарына баға беру мүмкіндіктерін қалыптастыру;
- танымдық белсенділігін арттыру.
Оқушылар өзара қарым-қатынас барысында:
- адамдардың іс-әрекетінің, ұлттық салт-дәстүрлердің жақсы жақтарын аңғара алады, шындықты айтуға, жағымды ойлауға үйренеді;
- өзара сыйластықты түсінуге қабілетті, айналасындағыларды ұнатып, жақсы көре біледі, жақсылық жасауға дайын, жақындарын қуантуға асығады;
- сабырлы, салмақты болуға, тәрбиелі болуға, ойланып сөйлеуге үйренеді;
- әдептілікке, ұқыптылыққа үйреніп, көмектесе біледі, қамқорлық жасай алады, үлкендерді құрметтей біледі;
- өзгені ренжітпеуге тырысады, кешірімшіл болуға, барлық тіршілік иесіне сыйластықпен қарауға, аяушылық сезімін білдіріп отыруға үйретеді.
Ұсынылған материалдарды талдау барысында терең ойлану қажеттілігі туындайды. Осы кезде:
- қоршаған орта туралы түсінігі кеңейеді, жақсы мен жаманды айыра біледі, әділ болуға ұмтылады;
- айналасымен жақсы қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі жақсы көруге, құрметтеуге, шыдамдылыққа үйренеді;
- өзіндік пікірі бар, отбасына қамқоршыл, міндетін орындауды біледі, ел тыныштығы жөнінде ойлай алады;
- өзіне-өзі бақылау жасай біледі, өз ісін бағалай біледі, үлкендермен санаса алады;
- қамқорлық жасай біледі, жауапкершілікті сезіне біледі.
Оқу барысында:
- сауатты оқи білетін болады;
- түсінігін анық жеткізе алады;
- талдауға белсене қатысады;
- өзіндік пікірін еркін жеткізуге үйренеді;
- топта жұмыс істей біледі.
Оқушының қабілетін ашып, сезімін ояту мақсатында жүргізілетін шығармашылық әрекетте:
- қоршаған ортаға қызығушылығы артады;
- салт-дәстүрлерді құрметтеуді түсіне бастайды;
- өзіндік белсенділігін таныта бастайды;
- ойын қағаз бетіне түсіруге, түрлі суреттер арқылы білдіруге дағдыланады;
- ата-анасын, жолдастарын, мұғалімдерін құрметтеуге үйрене бастайды.
Өзіндік тану – күрделі психологиялық құрылым, бірнеше қасиет ерекшеліктерін қамтиды. В.С. Мерлиннің есептеуі бойынша, біріншіден, өзінің бір беткейлігі, екіншіден, саналы түрде өзінің «мені», үшіншіден, өзінің психикалық қасиеттері мен ерекшеліктерін тану, төртіншіден, әлеуметтік-адамгершілік өзіндік бағалауын анықтау. Осы элементтердің барлығы өзара функционалды және генетикалық жағынан байланысты, бірақ олар бір мезгілде қалыптаспайды. Баланың санасы заттарды денесімен сезу арқылы ғана пайда болады. Үш жастан бастап өзін анықтай бастайды. Өзінің психикалық қасиеттерін тану мен бағалау әсіресе жеткіншек, жасөспірім шақта маңызды.
А.Г. Спиркин мынадай анықтама береді: «өзін-өзі тану – бұл адамның өз іс-әрекетін, ойларын, сезімін, адамгершілік бейнесін және қызығушылығын түсінуі мен бағалауы. Өзін-өзі тану тануды, түсінуді өз пәні ретінде қарастырады, демек, өзіне қарсы қояды. Сондай-ақ, тану өзін-өзі тануда бір сәт ретінде сақталады, ол өзінің жетістікке жету мәнінде көрінеді. Егер тану адамның басқаны білу, қоршаған ортада бағдарланудың шартты субъектісі болса, онда өзін-өзі тану адамның өз тұлғасында бағдарлануы, адамның өз-өзін білуі. Өзін-өзі тану арқылы адам өзін табиғаттан және басқа адамдардан бөлек тұлғалық шындық ретінде есептейді. А.Г. Спиркин ойынша «өзіндік танудың негізгі мәні өзінің қарапайым болмысы, өзін тану немесе өз «менін» тануы». Өзін-өзі тану жоғары психикалық функциялар дамуының бастамасы болып саналады, ол адамға тек ішкі әлемін ғана көрсетуге емес, сол әлемде өзін көрсете білуіне мүмкіндік береді. Яғни, адам жеке тұтас жүйе ретінде, қандай жағдайда болса да өзімен өзі қала білуі. Бірақ, А.Н. Леонтьев бұл проблеманы «тұлға психологиясында жоғары мәнді мәселе ретінде қарастырады, тұтастай шешімін таппаған, ғылыми-психологиялық анализден алмақ» деп бағалаған.
Қазіргі заман психологиялық әдебиеттерде өзін-өзі тану мәселесін зерттеудің бірнеше тәсілі бар. Соның бірі адамның өзін-өзі құруы немесе «мен тұжырымдамасына» байланысты. «Мен тұжырымдамасы» деген термин нені білдіретінін, психологиялық мәнін түсіндіріп көрмек. Адамның өзіндік санасы дамуы адамның танымдық процестерімен байланысты, яғни адамның қоғамда әр түрлі адамдармен қарым-қатынасына да байланысты. Өзіндік таным феномені өзіндік таным процесінің қалай өтуіне де байланысты.
«Мен тұжырымдамасы» деген түсінік арнайы әдебиеттерге жаңадан енгізілген. Себебі отандық, шетелдік әдебиеттерде біркелкі түсінік қалыптаспаған, ең жақын түсінік «өзін-өзі тану» деген анықтама, мағынасына жақынырақ. Бірақ «мен-тұжырымдамасы» түсінігі нейтральды, бейтараптылықты білдіреді, ол тек өзін-өзі танудың бағалау аспектісін білідіреді. Бұл адамның өзі жайлы, физикалық, интеллектуалды және басқа қасиеттері мен өзіндік бағалау, сондай-ақ ішкі факторларды тұлғаның субъективті қабылдауының динамикалық жүйесі. Ағылшын психология саласындағы белгілі ғалымы, өзіндік тану мәселесіне қатысымен айналысқан Р. Бернс мынадай анықтама береді: «мен-тұжырымдамасы – адамның өзі туралы түсінігі, оны бағалаудың жиынтығы. Мен-тұжырымдамасы тек адамның өзіндік қасиетін ашып қана қоймайды, оның болашақтағы даму мүмкіндігін ойластырады». Мен-тұжырымдамасы адамда әлеуметтік өзара әрекет арқылы пайда болады. Ол адамның туғаннан бастап кәрілігіне дейін қалыптасып, өз белгісін қалдырады. Мен-тұжырымдамасы алғашқы кезіндегі ішкі орта ықпалына тәуелді болса, келешекте адам өмірінде ерекше роль атқарады.
Өзінің пайда болған сәтінен бастап Мен-концепциясы үш функционалды-рольдік аспектісінің белсенді бастауынан тұрады:
1. Мен-тұжырымдамасы - ішкі келісімді қамтамасыз ету құралы. Тұлға теориясының бірқатар зерттеулері адам жетістікке жету жолына әркез ішкі келісім негізінде барады. Ішкі үйлесімділік қажеттілігін сезу арқылы адам теңсізді жою үшін түрлі іс-әрекетке барады. Оның нақты факторы ретінде адамның өзі жайлы ойы саналады.
2. Мен-тұжырымдамасы - тәжірибе түсіндіру құралы. Бұл Мен-тұжырымдамасының функциясы адамның жеке тәжірибесін түсіндіреді, яғни адам өз тәжірибесі арқылы өзін, өз іс-әрекетінің тұрақты тенденциясын анықтайды.
3. Мен-тұжырымдамасы – күтілетін болжам жиынтығы тәрізді. Адамға әлде бір жағдайдың өту барысына болжау жасау қасиет берілген. Адам өз маңызына қарай өзгелердің өзіне деген қатынасын болжайды. Олар: ешкімге қажетсіз, ұнамауы мүмкін, соған байланысты әрекетке бару немесе өз қылығымен айналасындағыларға түсіндіру.
Мен-тұжырымдамасын күту, болжау, әр түрлі іс-әрекетке қатысты бағалау жүйесі ретінде қарастыра отырып, көптеген зерттеушілер бұл функцияны орталық деп санайды. Көптеген психологиялық теорияларды мен-концепциясы ең негізгі түсінік болып саналады. Содан бергі уақытта әлі бір әмбебап анықтама берілген жоқ, не терминологияда бірлік жоқ. Кейбір авторлардың мен-тұжырымдамасын жалпы белгілеуге қолданатын терминдерді кейбірі тек оның жеке элементтерін белгілеу үшін ғана қолданады.
Р. Бернс Мен-тұжырымдамасын өзіне бағытталған қондырғылардың үйлестігі деп анықтама берген. Оның негізгі үш элементі:
1.1 Негізді және негіссіз наным-сенім (когнитивті).
2.2 Сол наным-сенімге деген эмоционалдық қатынас (эмоционалды болжау). Адам әрекетіне қатысты көрінетін реакция (іс-әрекеттік, құрамдас).
1.1 Мен-бейнесі – индивидтің өзі жайлы түсінігі.
2.2 Өзіндік бағалау – осы анықтаманың аффектілі бағасы, ол кейде қарқынды болуы мүмкін. Өйткені мен-бейнесі кейде күшті эмоциялы күйді туғызады.
3.3 Потенциалды әрекеттік реакция – кейбір нақты жағдайлар мен бейнесі арқылы бағаланады.
Мен-бейнесінің үш негізгі құрамын қарастырайық.
1. Мен-тұжырымдамасы немесе Мен-бейнесінің когнитивтік құрамы.
Тұлғаның кей жағдайда өзі туралы түсінігі ереже бойынша сенімдірек болуы мүмкін, ол объективтік білім мен субъективтік пікірге негізделуіне байланысты емес. Кей кезде адамның қабылдау пәні - өз денесі, өз қабілеті, оның әлеуметтік қатынасы және тағы басқа ерекше құбылыстар болады. Мен-бейнесін қалыптастыруға жетелейтін өзіндік қабылдаудың нақты амалдары әр алуан болады. Адам өз өзін сипаттауда сын есімдерге жүгінеді, олар: «сенімді», «ашық», «әлді», «әдемі», тағы басқа, бұл сөздер абстрактілі мінездеме болып саналады, олардың нақты жағдайларға қатысы жоқ, яғни адам өзін, әрекетін, қылығын суреттейтін сөздер бұл оның өзіндік қабылдауында қалыпты. Бұл сипаттаулар: атрибутивті, рольдік, статусты, психологиялық, тағы басқа жалғастырыла беріледі. Осының бәрі өзін сипаттау сатысы элементтерін құрайды, олар өмір тәжірибесіне, еліктеу, өзге әсер ету кезіне байланысты өзгеріп отырады. Бұл орайдағы өзіндік сипаттау – бұл өзіне мінездеме беру әдісі, әр тұлғаның қайталанбас ерекше қасиеттерін көрсету. Бірақ адам өзін толық сипаттай ала ма? деген сұрақ туындайды. Сондықтан адамның өзі жайлы білімі ерікті, қарама-қайшылықты болуы мүмкін емес. Бұл Мен-концепциясының екінші құрамдас бөлігін көрсетеді.
2. Мен-тұжырымдамасының эмоционалды бағалануы немесе өзіндік бағалау.
Адам тұлға ретінде өз-өзін бағалайтын болмыс. Өзіндік бағалау – адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сәйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі. Өзін бағалау адамның өзіне деген сенімін арттырып, рухани үйлесімділігін дамытады. Өзін бағалау адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын, өзіне сын көзбен қарауын және талап қоя білуін, жетістікке және сәтсіздікке қалай қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, өзін бағалау адамның іс-әрекетінің тиімділігіне және оның тұлға ретінде дамуына әсер етеді. Өзін бағалау ең алдымен, адамға басқалардың беретін бағасына қарай қалыптасады. Адам өзін айналасындағылар қалай бағалайтынына қарай өзін-өзі бағалауға бейім келеді.
Өзіндік бағалау тұлғаның өзіне ғана тән жеке құндылығы. Яғни өзіндік бағалау дегеніміз адамның өзін-өзі құрметтеу сезімінің дамуы, жеке құндылығын сезу және «Мен» сферасына қатыстының бәріне деген позитивті көзқарасы. Тұлға қалыптасуындағы өзіндік бағалаудың бірнеше себептерін көрсетуге болады:
- өзге адамдардың бағасы;
- маңызды басқалардың ортасы немесе референттік топ;
- өзгелермен өзектілігін салыстыру;
- өзін және идеалды «Менін» салыстыру;
- өз әрекетінің нәтижесін өлшеу.
Өзіндік бағалау өз әрекетін бағалауда маңызды роль атқарады, онсыз өмірде өзін анықтау мүмкін емес. Нақты бағалау адамға рухани қанағат пен адамгершілік қасиеттеріне қолдау көрсетеді.
3. Әрекеттік құрама Мен-тұжырымдамасы.
Мен-тұжырымдамасының ерекшелігі сол, қондырғылар комплексінде объектісі қондырғыны тасушының өзі. Осы өзіндік бағыттылық арқылы Мен- бейнесі әлді әрі тұрақты болады. Ол негізгі үш құрамдас бөлікке бөлінеді.
1. Реалды мен – адамның актуалды қабілеттерін қабылдауы, актуалды статусы, яғни өз-өзін қабылдауы.
2. Айна шағылысы мен – адамды өзгелердің қабылдап көруі. Адам өз-өзін түзету функциясы. Бұл кері механизм реалды менді адекватты жағдайда ұстауға көмектеседі.
3. Идеалды мен – ол адамның болашақтағы жағдайын елестетуі. Ол адамның атқаратын ролі, әрекет арқылы өзін басқаша елестету. Тұлғаның өзіндік дамуының негізгі шарттарының бірі мені реалды мен және идеалды мен арасында қарам-қайшылықтан туындайды.
Осы айтылған үшеуінен басқа авторлар тағы бір ерекше рольді көрсеткен.
4. Конструктивті мен (Мен болашақта).
Бұл адамның алдына қойған мақсатына нақты жетуді жоспарлауы. Мен-бейнесінің әрбіреуінің аспектісі бар: физикалық эмоционалды, ақыл-ой және әлеуметтік мен. Яғни конструктивті мен адамның өз-өзіне бағытталған қондырғы. Бұл өзіндік танудың маңызды компоненті, өйткені ол адамның өз-өзін реттеу процесіне және тұлғаның өзін іске асыруына қатысы бар. Педагогика коммуникативтік қабілеттілікті анықтайды; жеке адамның индивидуалды-психологиялық ерекшелігі қалай, оның басқа адамдармен бірлесуіне және қарым-қатынас жасауын тиімділікпен қамтамасыз етеді. Қарым-қатынас жасай білуге қабілеттілігі оның танымдық іс-әрекетінің маңыздылығын көрсетеді. Мысалы, біріншіден қоршаған ортамен қақтығысқа түсу ортасы. («Менің істегім келеді!»); екіншіден қарым-қатынасты ұйымдастыра алуы («Мен істей аламын!»); үшіншіден, өлшемі мен шартын білем («Мен білем!»).Бастауыш мектеп оқушысының оқыту процесінде өзін-өзі танудың алатын орны ерекше және маңызды. Өйткені, берілетін білім танымдық іс-әрекет негізінде берілсе, ол баланың есінде жүйелі, ұзақ және сапалы қалыптасады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. – Алма-Ата: Изд.КарГУ, 1992 – 192 с.
2. Тілеуова С. Жеке тұлғаның құндылық бағдар жүйесінің танымдық мәні. - Ізденіс – 1998 - №3 – 155 бет.
3. Ревина И.В. Развитие учебно-познавательных действий у детей 6-10 лет. – М., 1988 – 148 с.
4. Диева Н.Ф. Индивидуальные особенности внимание в младшем возрасте // Экспериментальные исследования внимания. – М., 1970 – 65-76 с.
5. Данилова В.Л. Как стать собой: психотехника индивидуальности. - Москва, 1994-128 с.
1.1 ОҚУШЫЛАРДЫҢ ӨЗІНДІК САНА МЕН ӨЗІН-ӨЗІ ТӘРБИЕЛЕУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Әрбір адам өзінің өмірлік жолын өзі құрып, таңдау жасайды. Өзге адамдармен де өзі қарым-қатынас орнатады. Сонымен қатар, өз өмірінде кейбір қателерді өзі жасап, өзі түзеп жатады. Отбасы мен білім беру орталықтарының алдына қойған мақсаттары – қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін өсіп келе жатқан адамның жекелік қасиеттеріне тікелей әсер ету ғана емес, сонымен қатар, өзіндік дамуы мен өзіндік сана механизмдерін жетілдіруде өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі қалыптастыру, өзін-өзі құруы үшін қажетті жағдайды жасау болып табылады.
Ғылым мен практикада гуманистік бағыт шеңберіндегі арнайы технологиялар өңделіп, дайындалады. Онда өзін-өзі дамыту идеясы басты мәселеге айналып, “Жеке тұлғаға бағытталушы қатынас”, “Жеке, бағытталған білім беру” түсініктері қалыптасқан.
Болашақ мамандардың психологиялық тұрғыдан дайындығының жетілуі адамның жеке басының өсуіне байланысты. Көптеген психологтар жеке тұлғаны дамыту мәселелерімен айналысады, бірақ жалпы психология мен жеке тұлға психологиясы арасындағы “Жеке тұлғаның өсуі” аспектісі психотерапиялық тәжірибе мен жалпы психологиялық теория арасындағы алшақтықтың себебінен қажетті деңгейде зерттелмеген.
Бұл термин күнделікті қолданылатын қарапайым сөздік қорда “Жеке тұлғаның дамуы” сөзінің синонимі ретінде қолданылады. Көптеген әдебиеттерде “Өзін-өзі жетілдіру”, “Өзін-өзі дамыту”, “Өмірлік жол”, “Жеке тұлға потенциалдарының дамуы” және т.б. түсініктермен кездеседі. Көрініп тұрғандай, әртүрлі терминдермен бір мағыналы сөздер айтылады немесе бір атаумен мүлдем сәйкес келмейтін терминдер кездеседі.
Отандық психологиялық сөздіктер мен оқулықтарда ”Жекелік өсу“ терминінің түсінігі көрсетілмеген. Дәстүрлі түрде ол К.Роджерс, Джеймс, Фрейд, Юнг, Адлер, Райха, Александер, Перлз, Маслоу Ассаджоли есімдерімен және шығыстық іліммен байланыстырады.
К.Роджерстің көзқарасына сүйене отырып жекелік өсу туралы түсінік аламыз. Біздің түсінігімізше К.Роджерс жекелік өсуді құрайтын үш негізгі басты компоненттерді бөліп көрсетті: актуализация механизмі, жеке тұлғаны бағалау процесі және адамның өзін-өзі құрудағы позитивті бағытталуы.
Даму – адамның сандық жəне сапалық өзгерістерінің жүрісі мен нəтижесі. Даму нəтижесінде адам биологиялық түр жəне əлеуметтік тіршілік иесі болып жетіледі. Адамның биологиялық сипаты өз ішіне морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық өзгерістерді қамтыған тəн- дене дамуынан көрінеді. Ал əлеуметтік даму оның психикалық, рухани, интелектуал кемелденуінен байқалады.
Егер адам сана жəне өзіндік санаға ие болып, өз бетінше жаңғыртушы іс-əрекет орындауға қабілетті болса, онда ол адам тұлға деп аталады. Адам тұлға болып туылмайды, ол қасиеттік дəреже даму барысында қалыптасады. “Адам” ұғымынан өзгеше “тұлға” түсінігі – адамның қоғамдық қатынастар, басқа адамдармен араласу ықпалында қалыптасқан əлеуметтік сапа-қасиеттерін білдіреді. Тұлға ретінде əрбір адам əлеуметтік жүйеде мақсат бағдарлы жəне ойластырылған тəрбие барысында қалыптасады. Əрбір тұлға, бір жағынан, қоғамдық тəжірибені игеру деңгейімен, екінші жағынан, материалдық жəне рухани құндылықтар қорына қосқан қоғамдық үлесімен танылады. Тұлға болып жетілу үшін адам өзіне табиғаттан берілген жəне өмір мен тəрбие желісінде қалыптасқан ішкі қасиеттерін нақты практикалық қызметте аша білуі шарт.
Адам дамуы – бұл өте күрделі, ұзақ мерзімді жəне қарама-қайшылықты процесс. Біздің ағзамызда болып жатқан өзгерістер өмір бойына ұласады. Ал адамның тəн-дене болмысы мен рухани дүниесі, əсіресе, балалық жəне жас өспірімдік шақта қарқынды ауысуларға кезігеді. Адамның дамуы сандық өзгерістердің қарапайым жиынтығы немесе төменннен жоғарыға бағытталған ілгерілі қозғалыс тобы емес., бұл процестің өзіне тəн ерекшелігі – сандық өзгерістердің тұлғаның физикалық, психикалық жəне рухани сапалық қасиеттеріне диалектикалық түрде өтіп, жаңалануы.
Бұл құбылыстарды түсіндіруде əртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Мамандардың бір бөлігі адамдардың дамуын кездейсоқ, басқарымға келмейтін өзінше жүрісі бар, даму өмір шарттарына тəуелсіз, сондықтан, тумадан берілген күштерге байланысты; адамның дамуын ешкім, еш уақытта өзгертуі мүмкін емес, тағдыр белгілейді. Ал басқа бір зерттеушілер тобының пайымдауынша: даму – бұл əуел бастан қозғалысқа қабілетті тірі материя. Даму жолында көне жойылып, жаңа туындап барады. Өмірге енжар икемдесуші жануарлардан адам өз дамуы үшін қажеттерін өз еңбегімен жасай алатындығымен ажыралады.
Дамуды қозғаушы күш – қарама-қарсылықтар тайталасы. Қарама-қарсылықтардың арқасында үздіксіз қайта жасалулар мен жаңғыртулар дүниеге келеді. Қарама-қарсылықтар – бұл өзара екі полярлы күштердің бір-біріне сиымсыздығынан туындайтын диалектикалық процесс. Адам қайшылықтарды іздеп немесе ойдан шығарып, əлектенуінің қажеті жоқ, олар қадам сайын өмірлік қажеттіктердің өзгеру салдарынан пайда болып отырады. Табиғатынан адамның өзі де қарама-қайшылықты дүние болмысы.
Қарама-қайшылықтар барша адамдардың дамуына ықпал жасаушы ішкі жəне сыртқы, жалпы (əмбебап), сонымен бірге қарапайым материалдық жəне ең жоғары рухани қажеттерінің жəне оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қарама-қайшылықтар əмбебап сипатқа ие. Ішкі қарама-қайшылықтар əр адамның өз болмысына қанағаттанбауынан туындайды. Олар жеке-дара ниеттерде көрінеді. Негізгі ішкі қайшылықтардың бірі – жаңадан пайда болған қажеттер мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықтар. Мысалы, оқушылардың өз психикасы мен интеллект, əлеуметтік деңгейінің жетімсіздігіне қарамай, мүмкіндіктері толысқан ересектермен бірге іс алып баруға ұмтылуы. “Қалаймын -“қолымнан келмейді”, “білемін” - “білмеймін”, “мүмкін”-“болмайды”, “бар”-“жоқ” – мəңгі қарама-қайшылықтарды белгілейтін қосарлы ұғымдар. Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар даму жəне оның нəтижелері – бір жағынан, жəне оларға ықпал жасаушы себептер – екінші жағынан, арасындағы заңдылықты байланыстарды аңдатушы бірнеше маңызды тəуелділіктерді ашты.
Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нəтижелерге жетіседі, ал екінші біреулер - ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл процестің жəне оның нəтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылған зерттеулер осы сұраққа орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайларға тəуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық жəне психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған жəне дамыған аймақ, сыртқы ортамен ықпалды араласу процесінде адамның ішкі мəні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл, өз кезегінде алдағы өзгерістерге жол ашады.
Сонымен, адамның дамуы сандық жəне сапалық өзгерістердің желісі мен нəтижесі. Даму барысында адам тұлғаға айналып, сана мен өзіндік сана, дербес жаңғыртушы іс-əрекет иесі болып жетіледі. Дамудың қозғаушы күші-қарама-қарсылықтар күресі. Адамның дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайлармен анықталады.
Дамудың қай қырлары адамның өзіне тəуелді жəне қай тараптары сыртқы жағдайларға, жағдаяттарға байланысты? Дамуды айқындаушы себептер тобы – жағдайлар деп аталады, ал сол қарапайым себептердің ішіндегі ең маңызды, мəнді себеп – жағдаят (фактор) деп аталады. Даму процесі мен оның нəтижесіне əсер етуші жалпы жағдайлар мен жағдаяттар қандай?
Белгілі болғандай, адамның даму процесі мен оның нəтижесі үш өзекті жағдаяттардың бірлікті əрекетімен жасалады, олар –нəсілдік, қоршаған орта жəне тəрбие. Негізге “нəсілдік” деп аталатын адамның тума, табиғи ерешеліктері алынады. Нəсілдік – бұл атадан балаға берілетін тұрақты сапалар мен ерешеліктер. Нəсілдікті тасушы – биологиялық ген (грек сөзі - туындатушы). Организм қасиеттері табиғат жаратқан гендік кодтарда өрнектеліп, белгілі ақпарат күйінде тіршілік өкілі тəнінде сақталатынын жəне бірден бірге ауысып баратынын бүгінгі ғылым дəлелдеп отыр.
Генетика – адам дамуының нəсілдік бағдарлама құпияларын ашып, жариялайды. Адамның нəсілдік бағдарламасы адамды адам кейпінде танытатын жалпы, сонымен бірге əрбір адамның басқаға ұқсамас өзгешілігін білдіретін айрықша детерминатты (тұрақты) жəне ауыспалы бөліктерді өз ішіне алады. Нəсілдік бағдарламаның т ұ р а қ т ы бөлігі адамзаттық ұрпақ жалғастыру жəне адам тегіне тəн нышандарды – сөйлеу, тік жүру, еңбек іс-əрекеті, ойлау, т.б. – қамтамасыз етеді. Атадан балаға адамның сырт-қы белгілері: дене құрылысы, шаш, көз, тері түстері – ауысады. Қан тобы, резус-фактор, ағзадағы ақуыздардың əртүрлі бірігімі қатаң генетикалық бағдарламаға тəуелді түзілген.
Адамның жүйке жүйесі, мінезі, психикалық процестердің өту ерекшелігі осы нəсілдік қасиеттер тобынан. Ата-аналар тəнінде болған жүйке жүйесінің кемшіліктері, олардың арасында психикалық күйзеліс, сырқаттар – патологиялық ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады. Сондай-ақ, қан аурулары (гемофилия), қан диабеті, кейбір эндокриндік бұзылыстар, мысалы – ергежейлілік, нəсілдік сипатқа ие. Ұрпаққа ауыр зиян келтіретін жағдаяттардың бір тобы – ата- аналардың алкагольдік жəне нашақорлық зиянды əдеттерінен.
Нəсілдік бағдарламаның ауыспалы бөлімі адамға тіршілік жағдайларының өзгермелі шарттарына икемдесіп баруына көмегін тигізеді. Нəсілдік бағдарлама жетілдіре алмаған адамның сапа-қасиеттері өмір бойы жүріп жататын тəрбиемен толықтырылады. Бағдарламаның бұл бөлігін əрбір адам өз бетінше дамыта алады. Осылайша табиғат əрбір адамға өзіндік даму жəне өзіндік жетілу жолымен өзінің адамилық мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашады. Сонымен, тəрбие қажеттігі адамға оның табиғатынан берілген.
Балалар өз ата-аналарынан нені мұра етіп алады – ақыл əрекетіне дайын қабілеттерді ме немесе қабілеттерді дамыту үшін қажет, мүмкін болған нышандарды ма? Эксперименталды зерттеулерде топталған деректерді талдау бұл сұрақтарға нақты бір жауап мүмкіндігін берді: нəсілдіктен өтетін қабілеттер емес, тек қана – нышандар. Əулетке өткен нышанның кейін дамуы да мүмкін не қолайлы жағдайлар болмаса, өшіп кетуі де ықтимал. Бəрі жағдайға байланысты: егер адамның нəсілдік бастаулары нақты қабілетке өту мүмкіндіктеріне кез болса жəне тұрмыс шарттары, тəрбиесі, адам мен қоғамның қажеттері орынды үйлесім тапса, нышан қабілет деңгейінен көрінеді.
Барша қалыпты адамдар табиғатынан өзінің ақыл жəне танымдық күштерін дамыту мүмкіндігіне ие, сонымен бірге шексіз рухани дамуға қабілетті. Жоғары жүйке қызметі типтеріндегі айырмашылық ойлау процестерінің жүрісін ғана өзгертуі мүмкін, ал ақыл-парасат əрекеттері деңгейіне олардың ешқандай əсері жоқ. Солай да болса, бүкіл дүние педагогтары нышандардың ақыл ой қабілеттерінің дамуына кедергі де болатынын айғақтайды. Мысалы, маскүнемдерден туған балалардың бас миындағы енжар жасушалар, нашақорларда болатын гендік құрылым бұзылымдары, кейбір нəсілдік психикалық сырқаттар– қабілеттердің орнығуына көп кедергі келтіреді. Шылымкеш ата-аналардан туған балалар өкпе ауруына шалдыққыш келеді.
Ақыл-ой əрекетіне негіз –жалпы нышандармен бірге арнайы нышандар да ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Белгілі іс əрекет түрінде адамды қалыптастырудың бастауы осы арнайы нышандарда. Егер адамға қажетті жағдайлар жасалса, арнайы нышандар ерте жастан-ақ белгілі болады. Мұндай нышандар: əн-күй, сурет өнері, математика, лингвистика, спорт жəне т.б. үлкен маңызға ие.
Дамуға нəсілдіктің, қоршаған ортаның жəне тəрбиенің ықпалына қосымша əсер ететін аса маңызды жағдаяттардың жəне бірі – бұл тұлға іс-əрекеті. Іс-əрекет ұғымы қандай да жұмысты орындау үшін жасаған адам қимыл-қозғалыстарының бəрін аңдатады.
Тарих тұңғиығынан іс-əрекет бабында небір дана бақылаулар бізге дейін жеткен: «балаңның немен жəне қалай шұғылданатынын айтсаң, оның қандай адам болып жетілетінін айтып беремін»; «қаңғыбас болғанның ешқайсысы да, дегеніне жете алмаған»; «қанша тер төксең – сонша емерсің», «адам өз бақытының ұстасы»; «ерте тұрғанның ырысы артық»; «еңбегіне қарай – сый-сияпаты»; «өнерлінің қолы гүл» т.б.
Даму нəтижелері мен іс-əрекет қарқындылығы арасында тікелей байланыс болатыны айдан анық. Бұдан даму процесінің жəне бір жалпы заңдылығы ашылады: оқушы неғұрлым белгілі салада көбірек іс-əрекет жасаса, оның сол саладағы даму деңгейі соншама жоғары келеді. Əлбетте, бұл заңдылықтың шексіз қолданыла беруі мүмкін емес. Ол жағдай əрбір адамның қабілеттеріне, жасына, іс-əрекеттің өзінің қарқындылығы мен ұйымдасуына тəуелді келеді.
Іс-əрекет барысында адамның жан-жақты жəне біртұтас тұлғалық дамуы жүріп жатады, оның қоршаған дүниеге көзқарас, қарым-қатынасы қалыптасады. Таңдалған іс-əрекет көзделген тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етуі үшін оны қажетті деңгейде ұйымдастыру жəне келелі бағдарлап отыру қажет. Бұл тəрбие практикасында өте күрделі іс. Өкінішке орай, көп жағдайларда осы күрделілік даму мүмкіндіктерін шектейді; кейде тəрбиеленушілер ең қажетті болған жағдаяттарға – қоғамдық, еңбек, таным əрекеттеріне белсенді араласа алмай, енжар бақылаушы күйінде қалып, дайын ережелерді жаттаудан ары өте алмайды.
Балалар мен жасөспірімдердің іс-əрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Бағдары бойынша іс-əрекет танымдық, қоғамдық, спорттық, көркем өнерлік, техникалық, кəсіптік, құмарлық (гедоникалық) болып ажыралады. Барлық жастағы оқушылардың іс-əрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу).
Іс-əрекет сипаты бойынша белсенді (актив) жəне енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті, құрттай ғана сəбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта жəне тəрбиенің ықпалы арқасында белсенділік көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал. Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындалуы қалай болса, солай – енжар. Əлбетте, мұндай іс-əрекет адамды жоғары нəтижелерге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-əрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тəуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тəнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіндіктердің бəрін іске жұмылдырып, өзін кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат лəззатын əкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-əрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес сол əрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне байланысты.
Белсенділік оқу барысында шəкіртке тезірек жəне табысты əлеуметтік тəжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді. Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешуімен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс. Себебі еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды.
Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі- қажеттік орын алған. Адам қажеттіктерінің көп түрлілігі оларды қанағаттандыру үшін қолданылатын іс-əрекеттердің де сан қилылығын туындатады. Өсіп келе жатқан адамға белсенділіктің пайдалы бағыттарын көрсетіп, алдамшы қырларын мейлінше бəсеңсіту – педагогтар үшін тұрақты да жəне өте күрделі де міндет. Күрделілігі – адамның жеделдете кемелденуі дəуірінде іс-əрекет қажеттері мен сеп- түрткілері (мотивтері) өте қозғалмалы жəне ауыспалы келеді. Сондықтан, əртүрлі жас сатыларында іс-əрекет түрлері ауысып баруы шарт. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да бола, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет.
Əрбір адамның өзіндік белсенділігі оның қабілеттері мен дарынының дамуы жəне табыстарға жетуінің міндетті кепілі. Оқушы тəрбиесімен қандай да бір ғажайып тəрбиеші шұғылданбасын, оқушының өз əрекет- ықыласы болмаса, ешқандай нəтиже болуы мүмкін емес. К.Д.Ушинскийдің пікірінше, бала өзі оқуы тиіс, ал педагогтың қызметі – оған игерілуі қажет материалды ұсынып беру, оның оқу процесін басқару. Осыдан, дұрыс қойылған тəрбиеде оқушы педагогикалық ықпалдың тек объекті ғана емес, ол сонымен бірге өз тəрбиесін белсенді өз қолына алған- субъект.
Іс-əрекет сияқты тұлға белсенділігі де таңдамалы сипатқа ие. Тұлғаның дамуы кез-келген əсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген оның жеке көзқарастарына сəйкес ықпал болса ғана, бала дамуы қарқынды жүреді.
Тұлғаның белсенділігі дамудың тек алғы шарты емес, оның нəтижесі де. Қоғамдық белсенді, ынталы, шығармашыл жəне өзі мен төңірегіндегі қатысқан адамдардың бəріне бірдей жақсылық пен қуаныш беретін тұлға қалыптастырушы тəрбие əрдайым өз мақсатына жетіп отырады. Саналы, педагогикалық сынақтан өтіп, ұйымдастырылған оқушы іс-əрекеті белсенділіктің қай түрін де қамтамасыз ете алады. Өсіп келе жатқан адамға толық іс-əрекет мүмкіндігін ашып беру, өз күш-қуатын белсенді қолдануға қажет əрекет тəсілдерімен қаруландыру, тұлғалық ерекшеліктерді жете зерттеу жəне əр тұлғаның болмысындағы табиғаттан берілген нышандар мен дарындылықты мейлінше жайып салу- əрбір тұлғаның даму процесін ақылгөйлікпен бағыттаушы ұстаз-педагогтың өз ар-намысы мен қоғам алдындағы борышы. Сонымен, оқушы дамуының маңызды жағдаяттарының бірі – оның меншікті өз əрекет –қызметі. Мұғалім қаншама жақсы бола берсін, өз үстінде еңбектенбеген оқушы көздеген мақсатына жете алмайды. Əрқандай іс-əрекет оқушы ықылысымен орындалып, шартты түрде белсенді болуы қажет. Орындаған ісінен шəкірт лəззат жəне қанағат табуы лəзім. Белсенді іс ешқашан шаршатпайды.
Сонымен ”Жеке тұлғаның жекелік өсуі“ ұғымының мәні:
О.В.Неширинский: “Адам өзінің өсіп жетілуі барысында көптеген параметрлер бойынша өзгереді, ол кейбір қасиеттерден арылып, ал кейбір қасиеттерді өзіне алады. Оның бойындағы әрбір іс-әрекеттер әсер ететін мотивтер бірде көбейіп, бірде азайып отырады”.
Н.Л.Иванова жекелік өсу туралы қазіргі кезде зерттеушілердің пікірлерін жалпылай келе мынадай тұжырым жасайды: бұл процесті сипаттайтын жалпы келісілген феномен – “Өзін-өзі дамытуда жеке адам бойындағы өзгерістің позитивті жақтарының көп болуы”.
Адам индивид болып туылады, ал жеке тұлға болып қалыптасады.
А.Н.Леонтьев “Адам өзге адамдармен қоғамдық қатынастар жасай отырып жеке тұлға болып қалыптасады”- деп жазды өзінің еңбектерінде.
Мінез-құлқы, көңіл-күйі, мақсаты, өмірлік бағыты, болмысы әр түрлі адамдарды түсіне білгенде, олардың жақсы қасиеттерін аша білгенде ғана өмір қызықты да мәнді болады. Қоғамда қалыпты өмір сүруді өзгеден үйрене алмайсың, ол әрбір адамның жеке тәжірибесінен алынады. Өзгелермен қарым - қатынас барысында қайталанбас тұлға ретінде қалыптасамыз. Өмірде алуан түрлі тағдырлы, мінезді адамдар кездеседі. Олармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу – баға жетпес байлық.
Жеке тұлғаны қалыптастыру дегеніміз - оны мәдениетке үйрету, білім беру, қарым-қатынас ережелерін, әлеуметтік тәжірибені меңгерту.
Жеке тұлғаның белгілі бір мәдени ортада болып, оның тұлғалық және танымдық дамутына ерекше әсерін тигізеді. Қалыптасуына қарай жеке, тұлғаның белгілі бір мәдениетінің субьектісі ретінде екі түрлі фактор бар: біріншісі - сол халықтың мәдени ерекшеліктері, екіншіден - танымдық процестері, темперамент, мінез-құлқын сапалы түрде танып ажырата білу.
Әлеуметтік жеке адамды әсер етуші субъект ретінде қарастырады. Әлеуметтену процесінде ие болған жекелік қасиеті, әлеуметтік бағдары бір орында тұрып, қатып қалған жоқ, бірақ жеке адам нақты топта, шынайы әлеуметтік ортада үнемі түзетулерге ұшырайды.Шынайы, нақты топтың ролі өте күшті, маңызды орын алады.
Адам баласының мінез-құлықтық айналасындағы адамдарының тұрмыс қалпы, іс-әрекет, қылықтарының көрінісі болып табылады. Өйткені қоғамда өмір сүрген индивид қай уақытта болса да физикалық жағынан басқа адамдармен қатынаста болады. Сол адамдар арасындағы қатынас уақыт пен кеңістік аралығында күрделі немесе көп қырлы болып келеді.
Адамдар қандай да болмасын, әлеуметтік мәртебеге ие индивидтен өзіне тиісті міндет пен нақты мінез-құлықты күтеді. Мысалы: мұғалім мәртебесі – оған дәрісті жақсы ұйымдастыру, өз пәнін жақсы білуді, тындаушыларына сұрақ қоя отырып қызықтыруды, жастар үшін тәрбиенің үлгісі болуын, жоғарғы мәдениеттілікті , т.б. талап етеді.
Әлеуметтік қатынастың объектісі ретінде тұлғаның өзін ұқсастыру процесінің 3 түрі бар:
1) Ойдан шығарылған адамға өзін ұқсату;
2) Өзін белгілі бір әлеуметтік топқа ендіру;
3) Нақтылы әлеуметтік топқа, ұжымға жатамын деген сезіммен өзін соларға қосу.
Сурет 1 – Тұлғаның өзін ұқсастыру процесінің түрлері
Әрбір тұлға қоғамда белгілі бір орынды иеленеді және нақты міндеттерді атқарады, ол үшін соған сәйкес оның құқықтары мен міндеттері, яғни, белгілі бір әлеуметтік мәртебесі болады. Әлеуметтік рөл адамның үлкен топтың өкілі ретінде қоғамдағы орны. Жеке мәртебе индивидтің шағын топтағы орнын айтады, бұл индивидті осы топ мүшелерінің бағалауы мен қабылдауына байланысты болады.
Адамның - тұғалық жетілу үрдісі, сана мен өзіндік санасының бөлінбейтін конпоненті ретінде қалыптасуы тұлғаның даму үрдісі. Тұлға саналы субъект ретінде қоршаған ортаны ғана емес, сонымен қатар айналасындағылармен қатынаста өзін де түсінеді. Тұлғаны өзіндік санасымен «менін» бөлмей қарастырған жөн.
Сана өзіндік санадан, «мен»-нен туындамайды, керісінше өзіндік сана тұлға санасы мен оның дербес субъект ретінде даму барысында дамиды. Практикалық және теориялық іс-әрекеттің субъектісі боларда, оның «мен»-і сол үрдісте қалыптасады.
Өзін түсініп және «Мен» ұғымының қалыптасуы, заттарға және ситуа-цяларға қатынасы оның оқу іс-әрекетіне, еріктік сферасына, болашақ өмірлік жолының анықталуына септігін тигізеді.
Өзіндік сана үрдісін зерттеуге арналған көптеген жұмыстар бар. Ол зерттеулер екі топқа бөлінген сұрақтар аумағында шоғырланған. Б.Г.Ананьев, Л.И. Божови, А.Н. Леонтъев, С.Л. Рубинштейн, А.Г. Спиркин И.И. Чеснокова еңбектерінде өзіндік сананың дамуы туралы сұрақ тұлға дамуының мәселелері контексінде жалпы теориялық және әдіснамалық тұрғысынан талданған. А. Бодалевтің зерттеулерінде әлеуметтік перцепцияға бағыттталған басқа адамдарды және өзін тануға байланысты сұрақтарға қызығушылық танытқанын көруге болады.
И.С. Конның еңбектерінде философиялық, жалпы және әлеуметтік- психологиялық, тарихи-мәдени аспектілер, теориялық мәселелер мен нақты эксперименталды алынғандарды талдаулары жоғарыда аталған психологиядағы бұрыннан қарастырылып келген сұрақтың жаңа қырлары ашылған.
Сана психологиясына шетел ғалымдарының У. Джеймс (сананың тү-рақты және айнымалы күйлері бар деп түсіндірген), К. Роджерс (тұлғаның өзінің ұғымы мен өмірлік тәжірбиесінін тұрақтылығы конгруэнттік (сәйкестік) мәселелері туралы зерттеулер жүргізген), Р.В. Бернс (Мен-тұжырымы мен өзін-өзі тәрбиелеуге байланысты пікірлер айтқан), Э. Берн еңбектерінде де өзіндік санаға қатысы бар әр түрлі көзқарастар жеткілікті.
Өзіндік сана сананың ең жоғарғы деңгейі. Өзіндік сана - пікірлер мен әрекеттердің қалыптасуына негіз болатын ақыл-ойдың іс-әрекеті. Өзіндік сананы өзі және өзіне қатынасы туралы бейнесі деп анықтауға болады.
А.Г. Спиркиннің пікірі бойынша, өзіндік сана адамның өз әрекеттерін, олардың нәтижелерін, ойларын, сезімдерін, өнегелілік бейнесін және қызығушылықтарын, идеалдары мен қылықтарының түрткілерін (мотивтерін), өзін және өмірдегі өз орнын толық бағалай алуынан көрініс береді дейді.
Өзіндік сана, өзінің «Менін» ұғыну адамның тұлға ретінде жетілуінің нәтижесі. Өзіндік сана тұлғаның әрекеттік қатынас түрінің феноменологиялық түрге айналуының себебі және субъектісі болып танылады. Өзіндік сана жоғары психикалық функциялардың дамуына негіз болады. Өзіндік сана тұтас субъектіге тән және өз іс-әрекетін, айналадағылармен қатынасын ұйымдастыруға қызмет атқарады. Мұны екі кезеңге бөлуге болады:
1) өзінің ерекшелігін басқалардың өзгешеліктерін тану арқылы білу, салыстыру және дифференциациялау;
2)өзін-өзі талдауды қолдану.
Сурет 2 - Тұлғаның өз іс-әрекетін ұйымдастыруының кезеңдері
Адам қоршаған ортаны таниды, сонымен бірге сол ортамен белсенді қатынас арқылы өзін де таниды. Қалыптасу кезеңдерін анықтап, олардағы жаңа мүмкіндіктерді субъект ретінде басқа заттар мен адамдардан өзін айырады; өз бетімен қоршаған ортаға әсер ететін әрекеттерді қарастырады. Бастапқы кезде басқалардың өзі туралы білетіндерінің интериоризациялану механизмінің орны маңызды. Осылай игеріп пайдаланады:
1) құндылықтар, бағалау және өзін-өзі бағалау мөлшері (нормалары);
2)өзінің бейнесі;
3)өзіне қатынасы және ата-анасының ол туралы бағалаулары;
4)басқалардың бағалаулары;
5) қылықтарын басқару (түзету) жолдары;
6)үміттену және талаптану деңгейлері.
Сурет 3 - Басқалардың өзі туралы білетіндерін интериоризациялау механизмі
Өзіндік сана - индивидтің игерген өзінің қылықтары тұрақты және әлеуметтік құндылықтары үшін жауапкершілік сезімін сақтауға мүмкіндік беретін мәдени феномен. «Объективтік өзіндік сана» тұжырымдамасының аумағында ол ситуацияның талабы бойынша орындалатын қылық пен жасалған қылықты салыстыру, өзі туралы пікірмен қарастырылады.
Адамның өзіндік санасы, тұлға болмысын шынайы бейнелейді. Басқа адамдар туралы адамның практикалық жалпылама қорытындылай алатын білімдері тұлғаның өзіне деген қатынасының басты қайнар көзі болып табылады. Бала өзінің санасы арқылы қоршаған ортадағы басқаларды анық бейнелей бастайды. Оның санасының жалпы дамуына адамдардың бейнесін білу белгілі рөл атқарады. Көргендерін жалпылау үрдісінде ғана, өзінің тұлғасы туралы жалпы білімдер негізінде өзіндік сана қалыптасады.
Сана құрылымы әр түрлі деңгейде болуы мүмкін:
1.Нақты іс-әрекеттің мотивациялануы («идеалды-Мен») ұғымында немесе қазіргі-Мен, «болашақ-Меннің» сәйкес келмеуінен де болады.
2.Мақсатты құрастыруға қатысу.
3.Қандай-да бір әрекеттерге тыйым салу.
4.Айналадағыларға қатынасты себептендіру.
5.Қандайда бір тұлағалық қасиеттердің дамуына әсер ету.
Сурет 4 – Сана құрылымының деңгейлері
Өзіндік сананың басты құрамдастықтары өзін-өзі бағалау және өзін-өзі реттеу, олар тұлғалық дамуда негізгі орын алады. Психологиялық зерттеулер бойынша тұлғаның өзі туралы пікірін, әрі қарай іс-әрекетінің реттеушісі ретінде қарастыру орынды. Адекватты өзін бағалау мүмкіндіктері арқылы тұлға өз жетістіктерін шынайы бағалауды үйреніп өнегелік дамуға бағытталады.
Тұлғаның өзіндік санасының пайда болуы әйгілі ғалымдардың И.С.Кон және А.Г Спиркиннің еңбектерінде ұзақ мерзімдік зерттеу нәтижесінде талданып, «...тұлға қарым-қатынас және іс-әрекет үрдісінде өзін әлеуметтің мүшесі ретінде ұғынып сананың ұжымдық түрін игереді» - деген тұжырым жасалған.
Өзіндік сана сезімнің ерекшеліктері Б.Г. Ананьевтің, Л.С.Выготскийдің, С.Л. Рубинштейннің пікірінше, баланың өзіндік әрекеттерінің субъектісі ретінде қабылдағанда мақсатқа бағытталған іс-әрекетке зейіні ауысып өз әрекеттерін бағалай алады.
Тұлғаның өзін «Мен» ретінде ұғыну, өзіндік сананың қалыптасуы, ортадағылармен бірге өзін ұғыну - іс-әрекетінің, өздігінен тәуелсіз саналы іске асырылуы және жеткіншектің өзін бағалау үрдісін қалыптасуы оқу іс-әрекетіне берілген баға, даралық сапалар, мінез-құлық басты болып танылады.
Жеткіншек қоршаған шынайылықтан өзін ажырата алатындықтан және соларға әрі өзіне қатынасы өзіндік санасының жемісі ретінде сананың бір жағы болады. Мотивациялық байланыстардың қалыптасуы, жеткіншектің саналы іс-әрекетінің құралы ретінде оның өзіндік анықталуының және қажеттіліктер иерархиясында із қалдырады. Жеткіншекте шығармашылық (креативті) ойлау қабілеті пайда болып, дүниетанымы қалыптасады, өйткені дербес өмір сүру кезеңі ерекше түрде, оның алдына мен не істей аламын, не нәрсеге жараймын, қабілеттері мен бейімділікгері неге сәйкес деген сұрақтар, оны өзі туралы ойланып өзіндік санасын айрықша дамуына жетелейді.
Мұндай саналы өзін анықтау оның өзіндік санасында көрінеді. Өзіндік сана - күрделі психологиялық құрылым. Өзіндік сана:
- өзінің теңдестігін ұғынуды;
- белсенді іс-әрекеттің негізінде өз «менін» ұғынуды;
-өзінің психикалық қасиеттері мен сапаларын ұғынуды;
-өзін-өзі әлеуметтік-адамгершілік бағалаулардың белгілі бір жүйесін
қамтиды. Бұл элементтердің барлығы бірімен-бірі функциялық және генетикалық тұрғыдан байланысты.
Кесте 1 - Өзіндік сана құрылымы
Өзіндік сана
қамтиды:
|
өзінің теңдестігін ұғынуды;
|
белсенді іс-әрекеттің негізінде өз «менін» ұғынуды;
|
өзінің психикалық қасиеттері мен сапаларын ұғынуды;
|
өзін-өзі әлеуметтік-адамгершілік бағалаулардың белгілі бір жүйесін.
|
Достарыңызбен бөлісу: |