Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру
163-1. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 1194 бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 12640 болып тіркелген Еңбек өнімділігін арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға бағытталған индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына (бұдан әрі - Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету қағидалары) 1-қосымшаға сәйкес экономиканың басым секторларында инвестициялық жобаны іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлайтын кәсіпкерлерге «Қазақстанның даму банкі» АҚ еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» АҚ ұсынады.
163-2. Кәсіпкер ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды пайдалану кезінде жобаны іске асыруда лизинг мәнінің жалпы құнының кемінде 15 %-ы мөлшерінде ақша қаражатымен қатысуды қамтамасыз етуге тиіс.
163-3. Лизинг мәнінің құны кемінде 150 млн. теңге болуға тиіс (жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін кемінде 75 млн. теңге).
163-4. Ұзақ мерзiмдi лизингтiк қаржыландыру 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi. Қаржылық лизинг шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесі өтінім беруші үшін 5 % құрауға тиiс, бұл ретте «ҚДБ-Лизинг» АҚ бюджеттік кредиті мен өзге де қорландыру құралдарының қатынасы 80/20 құрауға тиіс. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды ұсыну көлемін ұлғайту мақсатында осы Бағдарламада айқындалған шарттармен өтелген лизингтік төлемдер есебінен ақша қаражатын қайта пайдалануға жол беріледі. Осы талаптар «Өнімділік 2020» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 наурыздағы № 254 қаулысымен бекітілген «Өнімділік 2020» бағдарламасы шеңберінде 2011-2012 жылдары жасалған шарттарға да қолданылады.
163-5. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды алу үшін кәсіпкер «ҚДБ-Лизинг» АҚ-қа мынадай құжаттар топтамасын ұсынады:
1) бірінші басшының, бас бухгалтердің (бар болса) қолдары қойылған және мөрмен расталған өтінім;
2) өтінім берушінің Бағдарлама талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтерді көрсететін жобаның паспорты. Жоба паспортының нысаны Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларымен бекітілген;
3) бизнес-жоспар, жобаның ТЭН-і, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітетін индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу әдістемесіне сәйкес әзірленген кешенді жоспар;
4) бірінші басшы қол қойған және мөрмен расталған сауалнама;
5) кредиттік тарих субъектісінің (заңды және жеке тұлғаның) кредит бюросына ол туралы ақпаратты беруге және кредиттік тарихы туралы ақпарат алуға кредиттік тарих субъектісінің бірінші басшысы, «ҚДБ-Лизинг» АҚ тарапынан басқарма төрағасы немесе өзге уәкілетті тұлға қол қойған келісімі;
6) әділет органдарында заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы куәліктің нотариус куәландырған көшірмесі/электрондық түрде тіркелген заңды тұлға туралы анықтама;
7) қосылған құнға салынатын салық бойынша есепке қойылғаны туралы куәлік (бар болса);
8) құрылтай құжаттардың (құрылтай шарты, жарғы) нотариус куәландырған көшірмелері, әділет органдарында тіркелген өзгерістер мен толықтырулар/әділет органының алғаны туралы белгісі бар енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы хабарламалар;
9) жарғыға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы әділет органынан анықтаманың түпнұсқасы және/немесе электрондық құжат;
10) бірінші басшыны сайлау/тағайындау туралы мөрмен расталған шешімнің немесе бұйрықтың нотариус куәландырған көшірмесі түрінде, бірінші басшының лауазымға кірісуі туралы бұйрық, бас бухгалтерді тағайындау туралы бұйрық, бас бухгалтерге немесе өзге тұлғаларға төлем, қаржы және өзге құжаттарға қол қою құқығына өкілеттік беру туралы бұйрық;
11) жарғылық капиталдың қалыптастырылуын растайтын құжаттардың нотариус куәландырған көшірмелері не мөрмен расталған көшірмелері (төлем тапсырмасы, кіріс кассалық ордер, жарғылық капиталды мүлікпен қалыптастырған кезде мүлікті қабылдау-тапсыру актісі, ақшаны және басқаларды қоспағанда мүліктің тәуелсіз бағасы);
12) лизинг алушының ұйымдық-құқықтық нысаны - акционерлік қоғам болған жағдайда, акциялардың 5 және одан да көп % иелері туралы бағалы қағаздар иелерінің тізілімі жүйесінен үзінді;
13) өтінім берушінің ұйымдық-құқықтық нысаны - жауапкершілігі шектеулі серіктестік болған жағдайда (серіктестік тізілімін жүргізуге шарт болған жағдайда) серіктестіктің жарғылық капиталына қатысу үлесіне меншік құқығын растау туралы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары тізілімінен үзінді;
14) әлеуетті лизинг алушының атынан, егер бұл тұлға әлеуетті лизинг алушының өкілі болып табылса құжаттарға және «ҚДБ-Лизинг» АҚ-мен жасалатын шарттарға қол қою құқығына тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат (хаттамадан үзінді, сенімхат);
15) бірінші басшының, бас бухгалтердің немесе әлеуетті лизинг алушының атынан өкілдік ететін тұлғаның (егер әлеуетті лизинг алушының мүддесін сенімхат бойынша өкілі білдірген жағдайда) қолдарының үлгілері бар және әлеуетті лизинг алушы мөрінің таңбасы бар нотариус куәландырған құжат;
16) әлеуетті лизинг алушының бірінші басшының, бас бухгалтердің немесе сенімхат негізінде әлуетті лизинг алушының атынан өкілдік ететін тұлғаның нотариус куәландырған жеке куәліктерінің көшірмелері;
17) құжаттардың мөрмен расталған көшірмелері: жеке тұлға үшін - жеке куәлік, заңды тұлға үшін - жарғы, заңды тұлғаның атқарушы органын (бірінші басшысын) тағайындау туралы құрылтайшылар шешімі;
18) акцияларды орналастырудың қорытындысы туралы есептердің көшірмелері, барлық өзгерістері мен толықтырулары бар акцияларды шығару проспектісі, акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, аффилийрленген тұлғалар (акционерлік қоғамдар үшін) туралы мәліметтер;
19) соңғы үш жылдың және соңғы есепті күнге (тоқсан, жартыжылдық, 9 ай) (акционерлік қоғамдар үшін жылдық қаржылық есептілік аудитпен расталуы тиіс) әлеуетті лизинг алушының қаржылық құжаттары (БҚЖК бойынша № 1, 2, 3 және 4 нысандар);
20) сомаларын, мерзімдерін көрсете отырып кредиторлық, дебиторлық және қаржы берешектерін және оның қалыптасу себептерін, 3 айдан артық мерзімге кешіктірілген кредиторлық берешекті өтеу және дебиторлық берешекті қайтару бойынша жүргізілетін іс-шараларды таратып жазу, сондай-ақ баланс валютасынан 20 % асатын бухгалтерлік баланс баптарын таратып жазу;
21) «негізгі құралдар» деген бухгалтерлік баланс баптарын таратып жазу;
22) қызмет көрсететін банктерден соңғы 12 айдың банктік шоттары бойынша ай сайынғы айналымды көрсете отырып, банк шоттарының бары туралы, несие/мерзімі өткен несие берешек, несие/мерзімі өткен несие берешек сомасының бар болуы немесе болмауы туралы анықтама, картотека бойынша мәліметтер, сондай-ақ лизинг алушының өзге банктік шоттарының бар/жоғы туралы хаты;
23) салықтар және бюджетке және зейнетақы қорына басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің бар болуы немесе жоқтығы туралы салыстыру актісін қоса бере отырып, салық комитетінің анықтамасы;
24) қолданыстағы қарыз, кредиттік желі, қаржылық лизинг шарттарының және ақша қаражатын тарту бойынша өзге де шарттардың көшірмелері;
25) қосымшалары, ерекшеліктері және барлық өзгерістері мен толықтырулары (мұндайлар болған жағдайда) қоса берілген шарттар және/немесе алдын ала жасалатын шарттар (дайын өнімді өткізу, қызмет көрсету бойынша);
26) әлуетті лизинг алушы қызметінің негізгі түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті рұқсаттардың, лицензиялардың және өзге де құжаттардың нотариус куәландырған көшірмелері және/немесе электрондық құжаты;
27) жобаның іске асырылуы болжанатын жер учаскесіне меншік құқығын/иелену және пайдалану (жалдау) құқығын растайтын (құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары) құжаттардың нотариус куәландырған көшірмелері;
28) лизинг заттарына құжаттар:
құнын, жеткізу талаптарын, жеткізу мерзімдерін, кепілді мерзімін, кепілді мерзімнен кейінгі қызмет көрсетудің бар/жоғын және шарттарын көрсете отырып, сатып алынатын лизинг заттарына коммерциялық ұсыныс;
лизинг заттарына (арнайы техниканы және өзге лизинг заттарын қоспағанда жабдыққа) техникалық құжаттаманың көшірмелері: өнімділікті, энергия тұтынуды, жабдық габариттерін, орындау және жарақтандыру параметрлерін, жұмыс жылдамдығы мен режимін, пайдалы қызмет мерзімін қоса алғанда, конструкциясын, негізгі техникалық сипаттамасы мен жиынтықталуын сипаттай отырып, сатып алынатын лизинг заттарына техникалық ұсыныс;
басқа өнім берушілерден ұқсас жабдыққа баламалы техникалық және коммерциялық ұсыныстар;
СЭҚ ТН кодын беру бойынша брокерлік компанияның қорытындысы, келісімшарт болған жағдайда кеден органынан КО СЭҚ ТН кодының алдын ала шешімі беріледі (түпнұсқалар және/немесе нотариус куәландырған көшірмелер);
лизинг заттары үшін үй-жайлар мен инфрақұрылымға арналған техникалық құжаттаманың көшірмелері (арнайы техника, автокөлік және өзге лизинг заттарын қоспағанда, жабдыққа): жылжымайтын мүлік объектілеріне (лизинг заттарын орналастыру үшін), қосалқы үй-жайларға (ілеспе өндіріске) және инженерлік инфрақұрылымға техникалық паспорттар; жаңа, салынып жатқан жылжымайтын мүлік объектілеріне (лизинг заттарын орналастыру үшін) және қосалқы үй-жайларға жобалау және құрылыстың нақты дайын кезеңінің құжаттары беріледі (мемлекеттік сараптаманың қорытындысы, құрылысқа рұқсат, қабылдау комиссиясының актісі және басқалар). Техникалық паспорт оларды алу шамасына қарай беріледі;
лизинг заттарын орналастыруға арналған (қажет болған жағдайда) жылжымайтын мүліктің жоспарланатын құрылысына, реконструкциясына, күрделі жөнделуіне (егер жөндеу жүргізген кезде конструкциялық немесе тіреу элементтері, сондай-ақ көлемді сипаттамалары мен ғимараттың қауіпсіздігі өзгерсе) жобалау-сметалық құжаттама (түпнұсқалар және/немесе нотариус куәландырған көшірмелер);
лизинг заттарының пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін (қажет болған жағдайда) инженерлік инфрақұрылымның жобалау немесе техникалық құжаттамасы (түпнұсқалар және/немесе нотариус куәландырған көшірмелер) (құрылыс жобасы немесе инженерлік желілерге, жүйелерге немесе коммуникацияларға техникалық паспорт пен талаптар);
негізгі өнім берушіні таңдауға негіз болған өлшемшарттар мен параметрлерді көрсете отырып, бағалардың егжей-тегжейлі салыстырмалы талдауын, техникалық сипаттамаларын, өндірістің технологиялық әдістерін қоса алғанда, негізгі және балама коммерциялық және техникалық ұсыныстардың салыстырмалы бәсекелес талдау;
сатып алынатын жабдыққа және басқаға сертификаттар, сондай-ақ дилерлік сертификаттар (авторландыру); дайын өнімді өткізуге арналған алдын ала жасалған шарттар болған кезде конструкциясын, қасиеттерін, қолданыстағы нормативтер мен стандарттарға сәйкестігін көрсете отырып, сатып алынатын жабдыққа арнап шығару жоспарланатын бұйым ассортиментінің сипаттамасы;
жаңа өндіріс құрылған немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды түбегейлі жаңғыртқан кезде, технологиялық жоба ұсынылады;
29) ҚОӘАБ сатысында кейіннен ҚОӘБ мен ҚОҚ сатыларында қорытындылар (түпнұсқа және/немесе нотариус куәландырған көшірмелер) ұсынбай мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы (инвестициялар, сондай-ақ ТЭН, ТЭЕ, бизнес-жоспарлар және басқа жобалау алдындағы құжаттардың негіздемесі);
30) лизинг заттарын сатушылардың құжаттары:
қазақстандық заңды тұлғалар үшін:
жарғының;
мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің/анықтаманың;
салық төлеуші куәлігінің;
сатушының уәкілетті органының атқарушы органды (бірінші басшыны) тағайындау туралы шешімінің;
атқарушы органның (бірінші басшының) лауазымға кірісуі туралы бұйрығының;
бірінші басшының жеке басын куәландыратын құжаттың;
заңды тұлға құрылтайшыларының жеке басын куәландыратын құжаттардың (акционерлік қоғамдардың құжаттарын, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктер қатысушыларының тізілімін жүргізуді бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесін жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серіктестіктердің құрылтай құжаттарын қоспағанда);
мемлекеттік лицензияның (егер клиенттің қызметі «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензияланған жағдайда);
әлеуетті өнім берушінің (сатушының) сауалнамалық деректерінің нотариус куәландырған көшірмелері;
шетелдік заңды тұлғалар үшін апостиль қойылған және/немесе нотариус куәландырған аудармасы бар заңдастырылған құжаттардың;
құрылтай құжаттарының;
жарғының (болған жағдайда);
ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен (аудармасы бар нотариус куәландырған көшірмелер) операцияларды жасауға заңды тұлғаның құжаттарына қол қоюға өкілеттігі (-ктері) бар лауазымды тұлғаның (-лардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (-тардың) көшірмелері;
ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жасауға заңды тұлғаның құжаттарына қол қою құқығына тұлғалардың өкілеттігін растайтын құжаттар;
заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтуі фактісін растайтын уәкілетті орган берген құжат;
заңды тұлға құрылтайшыларының жеке басын куәландыратын құжаттар (акционерлік қоғамдардың құжаттарын, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктер қатысушыларының тізілімін жүргізуді бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесін жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серіктестіктері құрылтайшыларының құжаттарын қоспағанда);
заңды тұлға орналасқан жердің мекенжайын куәландыратын құжат;
әлеуетті өнім берушінің (сатушының) сауалнамалық деректері;
31) қамтамасыз ету бойынша құжаттар (кепілдіктер, кепілгерлік, кепілзаттар және басқалар);
32) лизинг затын қаржылық лизинг шарттарында сатып алу, сатушыны таңдау, лизинг мерзімі, лизингтік мәміле шеңберінде әлеуетті лизинг алушының атынан шарттарға қол қою үшін тұлғаға өкілеттік беру, мүлікті кепілге беру және мүлікті соттан тыс сатуға келісім (мүлікті кепілге берген жағдайда) туралы әлеуетті лизинг алушының уәкілетті органы шешімінің (жалғыз қатысушының шешімі немесе қатысушылардың жалпы жиналысының немесе акционерлер жалпы жиналысының немесе қоғам директорлары кеңесінің хаттамасы немесе егер бір тұлғалы орган болса, қоғамның атқарушы органының бұйрығы немесе егер құзыретіне байланысты алқалы орган болса, басқарма хаттамасы) көшірмелері.»;
163-6. Кәсіпкер құжаттардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін «ҚДБ-Лизинг» АҚ осы Бағдарламаның 163-1-тармағында айқындалған өлшемшарттарға сәйкестігін тексеруді, ішкі нормативтік құжаттарда көзделген тәртіпте және мерзімдерде индустриялық-инновациялық жобаның сараптамасын жүзеге асырады.
163-7. Оң шешім болған жағдайда «ҚДБ-Лизинг» АҚ пен кәсіпкер қаржы лизингі шартын жасасады.
163-8. «ҚДБ-Лизинг» АҚ Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты мен кәсіпкерді мұндай шешім қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды ұсыну туралы қабылданған шешім бойынша хабардар етеді.
163-9. «ҚДБ-Лизинг» АҚ пен кәсіпкердің арасында қаржы лизингі шарты жасалғаннан кейін «ҚДБ-Лизинг» АҚ Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институтымен және кәсіпкермен Индустриялық-инновациялық жобаның мониторингі туралы келісім жасасады. Индустриялық-инновациялық жобаның мониторингі туралы келісімнің үлгілік нысанын индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды алған кәсіпкер Индустриялық-инновациялық жобаның мониторингі туралы келісімге сәйкес еңбек өнімділігін ұлғайтады.
Үшінші бағыт: кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету
164. Үшінші бағыт банктердің/Даму банкінің/лизингтік компаниялардың қолданыстағы кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесін ұлттық және шетелдік валютада субсидиялауды көздейді.
165. Қызметін Бағдарламаға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында жүзеге асыратын және Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне кәсіпкер өтінім берердің алдындағы алты айдағы ақшалай пайданың жалпы көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде валюталық пайдасы бар кәсіпкерлер Бағдарламаның үшінші бағытына қатысушы бола алады.
166. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылатын кредиттің/қаржылық лизинг шартының сомасы бір кәсіпкер үшін 4,5 млрд. теңгеден аспауға тиіс және онымен аффилирленген тұлғалардың/компаниялардың кредиті/қаржылық лизинг шарттары бойынша берешегі есепке алынбай есептеледі.
ҚР Үкіметінің 2016.19.04. № 234 Қаулысымен 167-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
167. 750 млн. теңгеден 4,5 млрд. теңгеге дейінгі кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қазіргі жұмыс орындарна қатысты кемінде 10% жаңа (тұрақты) жұмыс орындарын құру шартымен жүзеге асырылады.
Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құрудың шекті күні ӨҮК шешімінде көрсетіледі.
168. Бұл ретте, жаңадан құрылатын жұмыс орындарының 50%-ын халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жастар үшін құру ұсынылады.
ҚР Үкіметінің 2015.28.04. № 368 Қаулысымен 169-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
169. Кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша субсидиялау мерзімі ӨҮК шешімі бойынша 6 (алты) жылға дейін ұзарту мүмкіндігімен 3 (үш) жылды құрайды. Егер бір жоба бойынша бірнеше субсидиялау шарты жасалған жағдайда, онда субсидиялаудың жалпы мерзімі Қаржы агенттігі бірінші субсидиялау шартына қол қойған кезден бастап белгіленеді.
170. Кәсіпкерлердің субсидиялау құралы бойынша ӨҮК мақұлдаған жобалары субсидиялаудың бұрын мақұлданған шарттарымен басқа банктерде/лизингтік компанияларда (Даму банкінде) қайта қаржыландырылуы мүмкін.
Кәсіпкердің ағымдағы міндеттемелерін қайта қаржыландыру кезіндегі субсидиялау мерзімі қаржы агенттігі қайта қаржыландыру жүзеге асырылған кредит беруші банкте/лизингтік компанияда бірінші субсидиялау шартына қол қойған сәттен бастап белгіленеді.
ҚР Үкіметінің 2015.28.10. № 848 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.23.06. № 370 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 171-тармақ өзгертілді
171. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау банктердің номиналды сыйақы мөлшерлемесі 19%-дан аспайтын, оның 6%-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін кредиттері бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте, банк:
1) кредит беру шарттарының өтініш берушінің бастамасымен өзгеруіне байланысты;
2) өтініш берушінің кредит бойынша міндеттемелерін бұзу себебі бойынша алынатындарын қоспағанда, кредитке байланысты ешқандай комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.
ҚР Үкіметінің 2015.28.10. № 848 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.23.06. № 370 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 172-тармақ жаңа редакцияда
172. Егер банк кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 19%-дан кем болған жағдайда, онда оның 6%-ын мемлекет өтейді, ал айырмасын кәсіпкер төлейді.
173. Даму банкінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау 5%-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін номиналды сыйақы мөлшерлемесі 13%-дан аспайтын кредиттер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
174. Бұл ретте Даму банкі:
1) кредит беру шарттарының өтініш берушінің бастамасымен өзгеруіне байланысты;
2) өтініш беруші кредит бойынша міндеттемелерді бұзуы себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, кредитке байланысты қандай да бір комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.
ҚР Үкіметінің 2015.28.10. № 848 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.23.06. № 370 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 175-тармақ өзгертілді
175. Лизингтік компаниялардың/банктің/Даму банкінің номиналды сыйақы мөлшерлемесі 19 %-дан аспайтын, оның 7 %-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін қаржылық лизинг шарттары бойынша да субсидиялау жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте лизингтік компания/банк/Даму банкі:
1) қаржылық лизинг шарты талаптарының борышкердің бастамасымен өзгеруіне;
2) лизинг нысанасына тәуелсіз бағалау жүргізуге, лизинг нысанасын сақтандыруға, кепіл шартын тіркеуге және ауыртпалықтарды алып тастауға;
3) қаржылық лизинг шартын (кедендік тазарту, лизинг нысанасын арнайы органдардың тіркеу қызметтері, банктердің көрсетілетін қызметтері және т.б. сияқты тысқары ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін өтеу) орындауға байланысты;
4) кәсіпкердің қаржылық лизинг шарты бойынша міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, қаржылық лизинг шартын жасасумен байланысты қандай да бір комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.
176. ӨҮК қолданыстағы кредитті/қаржылық лизинг шартын субсидиялау туралы шешім қабылдаған жағдайда, банк/Даму банкі/лизингтік компания ағымдағы қаржы жылында бұрын алынған комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қайтарып береді.
177. Субсидиялау негізгі құралдарды сатып алуға және/немесе жаңғыртуға және/немесе өндірісті кеңейтуге және/немесе айналым қаражатын толықтыруға және/немесе қайта қаржыландыруға берілген кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
178. Бұл ретте қалпына келтірілетін негізде айналым қаражатын толықтыруға берілген кредиттерді субсидиялауға рұқсат етіледі. Негізгі құралдарды сатып алуға және/немесе жаңғыртуға және/немесе өндірісті кеңейтуге берілген кредит шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға берілген кредитті қалпына келтіру мүмкіндігінің шарттары ӨҮК шешімінде көрсетілуге тиіс.
179. Сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы кредиттер де субсидиялауға жатады. Бұл ретте сыйақының пайыздық мөлшерлерлемесі Бағдарламада белгіленген шекті мәндерден асып кеткен жағдайда, осы кредит бойынша субсидиялау шартының қолданысы тоқтатылады.
180. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі 12%-дан аспайтын, оның 5%-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін Банктің валюталық стандартты кредиттері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
181. Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау Даму банкі сыйақы мөлшерлемесін 11%-ға дейін төмендететін, оның 4%-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін Даму банкінің валюталық стандартты кредиттері бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
182. Оң бағамдық айырма туындаған жағдайда, ол болашақ субсидиялардың есебіне жатқызылады, ал теріс бағамдық айырма жағдайында - өтеу қарыз алушыға жүктеледі.
183. Субсидиялар сомаларын қаржы агенттігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі субсидиялар сомаларын аудару күніне белгілеген бағам бойынша теңгемен төлейді.
184. Бағдарламаның үшінші бағытының шеңберінде банктердің/Даму банкінің/лизингтік компаниялардың ұлттық және шетелдік валютадағы қолданыстағы кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Бағдарламаның шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларымен регламенттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |