2.2.2.1. Демографиялық әлеует
Маңғыстау облысы халқының саны 1.12.2014 жылғы жағдай бойынша 603,7 мың адамды құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 58 мың адамға немесе 10,6%-ға артты. Облыс халық санының өсу қарқыны бойынша (2014 жылдың 11 айында 2,8%) ел өңірлерінің арасында Астана қаласынан кейін екінші орын алады (ҚР бойынша орташа – 1,3%).
Қала халқының саны 298,0 мың адамды (49,4%), ауыл халқының саны 305,7 мың адамды (50,6%) құрайды. Маңғыстау облысы жалпы республикалық көлемде 3,3% үлеспен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар тізімінде 14 орынды алады.
Облыста табиғи өсімнің жоғары көрсеткіштері байқалады (2011 жылы – 13543 адам; 2012 жылы – 13238 адам; 2013 жылы – 14117 адам). Табиғи өсім 2014 жылдың 11 айында 15099 адамды құрады (туылғандар саны – 17647 адам, қайтыс болған адамдар саны – 2548).
Облыс халқының құрылымында 20-59 жасар еңбекке қабілетті жастағы адамдар көп – 54,8%, 0-19 жастағы халық үлесі – 39,3%, 59 жастан жоғары халық үлесі – 5,8% құрайды.
Маңғыстау облысындағы көші-қон сальдосы 2011-2013 жылдардың ішінде оң болып келді. Келгендердің саны кеткендердің санынан бұрынғыдай асып түседі. Алайда, 2009 жылдан бері миграциялық өсім төмендеді (2011 жылы – 8257 адам, 2012 жылы – 7662 адам, 2013 жылы – 3782 адам).
Көші-қон сальдосы 2013 жылда 3782 адамды құрады (келгені – 13432, кеткені – 9650). Сыртқы көші-қон оң мәнге ие: сальдо 2904 адамды құрады, облысаралық сальдо да негізінен оң қалыпта және аталған мерзімде сальдо 878 адамды құрады.
«Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Маңғыстау облысында оралмандардың көшіп келген отбасылары қоныстандырылған екі ауылдық елді мекен белгіленді, олар – Батыр ауылы (Мұнайлы ауданы) және Аппақ ауылы (Қарақия ауданы). 2010-2011 жылдары осы елді мекендерде тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым салу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Ақтау қаласында 2010 жылы адамдар тұруы үшін барлық қажетті жағдаймен жарақталған, елдегі алғашқы Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы ашылды.
Миграция сальдосы 201н жылдың қаңтар-қарашасында 2640 адамды құрады (келгені – 13329, кеткені – 10689). Сондай-ақ, сыртқы миграция оң күйінде қалыптасты – 1790 (келгені – 2459, кеткені – 669).
Демография бойынша SWOT-талдау:
Мықты тұстары:
өлім деңгейінің төмендеуі жағдайында туу деңгейінің өсуі негізінде облыстағы табиғи өсімнің тұрақты оң беталысы;
халық көші-қонының оң сальдосы, жақын және алыс шетелдерден байырғы тұрғындардың көптеп келуі.
Әлсіз тұстары:
өмір сүруге экологиялық аса қолайсыз аумақтардың бар болуы, ауыз судың жетіспеушілігі, қатаң континенталды климат;
мигранттардың арасында жұмысқа орналастыру үшін біліктілігі төмен адамдардың, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың оралмандар көптігі.
Мүмкіндіктер:
оң көші-қон сальдосын бекіту үшін шағын қалалардың, даму әлеует жоғары және орташа тірек ауылдық елді мекендердің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тартымдылығын көтеру;
халықтың тығыздығын көтеру үшін облыс орталығы Ақтау қаласы мен автомобиль және темір жолдары бойындағы өсу дәліздерін дамыту;
шағын және орта кәсіпкерлікті өңірге өмірге белсенді көзқараспен қарайтын халықты тарту тәсілі ретінде қолдау.
Қатерлер:
ТМД шеңберінде тұратын орынды ауыстыру және Ресейден азаматтық алудың жеңілдетілген тәртіптерінің қол жетімдігі өңірдің білікті, жас және бейімделгіш халқын тартудың тұрақты орталығының болуын анықтайды.
2.2.2.2. Білім беру
Білім беруге арналған шығыстар 2014 жылда 42 млрд. теңгені құрады (2011 жылға қарағанда 13,5%-ға, 2012 жылға қарағанда 6,5%-ға, 2013 жылға қарағанда 12%-ға өсті).
Білім беру объектілерін дамытуға 2014 жылы – 6031,1 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен –2384,1 млн. теңге, жергілікті бюджеттен –3647,1 млн. теңге бағытталды.
Мектепке дейінгі білім беру. 2013 жылдың қорытындысы бойынша облыста 28275 баланы жалпы қамтитын 202 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді (2013 жылы – 26172 адам, 2012 жылы – 23864 адам). 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі балалар ұйымдармен қамту 40,8% (2013 жылы – 39,6%, 2012 жылы – 37,7%), 3-6 жастағы балаларды қамту 68,2% құрайды (2013 жылы – 67,9%, 2012 жылы – 63,4%).
Облыстағы мектепалды даярлықпен қамту 92,3 % құрайды (2013 жылы - 92%, 2012 жылы – 75,7%).
2012 жылы 2406 орындық 22 жаңа МБҰ (салу есебінен – 10, шағын орталықтар ашу есебінен – 3, жекеменшік балабақшалар ашу есебінен – 7, бұрынғы ғимараттарды қайтару есебінен – 2), 2013 жылы 1825 орындық 14 МБҰ (салу есебінен – 7, шағын орталықтар ашу есебінен – 3, жекеменшік балабақшалар ашу есебінен – 4) ашылды.
2014 жылы 2289 орындық 19 МБҰ (салу есебінен – 5, шағын орталықтар ашу есебінен – 3, жекеменшік балабақшалар ашу есебінен – 8 және бұрынғы ғимараттарды қайта құру есебінен – 2) ашылды.
740 орындық 5: Қарақия ауданының Болашақ және Бостан ауылдарында әрқайсысы 50 орындық, Мұнайлы ауданының Баянды және Маңғыстау-4 ауылдарында әрқайсысы 280 орындық, Бейнеу ауылында 80 орындық балабақша аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында 140 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, Жаңаөзен қаласының Мерей, Арай, Астана шағын аудандары мен Қызылсай ауылында әрқайсысы 320 орындық 4 балабақшаның, Ақтау қаласында 280 орындық, Бейнеу ауылында әрқайсысы 140 орындық 2 балабақшаның, Мұнайлы ауданының Атамекен және Дәулет ауылдарында әрқайсысы 280 орындық 2 балабақшаның, Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында 140 орындық, Қызылөзен ауылында 50 орындық балабақшалардың құрылысы жүргізілуде.
Аудандар мен қалалардың деректері бойынша 2014 жылғы 1 қазанға мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орын алуға 33445 бала (2013 жылы – 32745 адам, 2012 жылы – 24227 адам), оның ішінде 3-6 жастағы 9792 бала (2013 жылы – 7275 адам, 2012 жылы – 12738 адам) кезекте тұр.
Мектепке дейінгі білім беру бойынша SWOT-талдау:
Мықты тұстары:
балабақшаларды, шағын орталықтарды, оның ішінде жекеменшік балабақшаларды салу және жаңаларын ашу, бұрынғы ғимараттарды қайтару және қайта құру есебінен мектепке дейінгі балалар ұйымдарының желісін кеңейту;
облыс бойынша мектепке дейінгі балалар ұйымдарындағы педагогикалық құрамның жалпы құрылымында жоғары білімі бар педагогтармен қамтамасыз ету.
Әлсіз тұстары:
мектепке дейінгі балаларға ұйымдарындағы орындардың тапшылығы, оның ішінде ауылдық елді мекендерде сақталуда;
облыстың мектепке дейінгі балалар ұйымдарының спорт залдарымен, жүзу бассейндермен және ән сабағын жүргізуге арналған залдармен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі, тиісті жабдықтар (асханада) мен инвентарлардың тозуы, бұл – балалардың денсаулығын нығайту және олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау мүмкіндіктерін төмендетеді;
еңбекақының төмендігіне және жүктеменің шамадан тыс болуына байланысты, мектепке дейінгі ұйымдардың білікті кадрлармен, оның ішінде тәрбиешілермен қамтамасыз етілуінің төмендеуі.
Қатерлер:
мектепке дейінгі білім беру саласын мемлекеттік қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жаңа мектепке дейінгі балалар ұйымдарын салу (ашу) бөлігіндегі жекеменшік сектор бастамасының әлсіздігі, мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамтудың төмен деңгейіне әкеліп, балаларды орта мектептегі оқуға тиісінше даярлау және қоғамға психологиялық-әлеуметтік бейімдеу мүмкіндіктерін шектейді;
облыстық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін бюджет қаражатының шектеулілігі, облыстағы мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасының (қазіргі замандағы жабдықпен және инвентармен қамтамасыз етілуінің) әлсіздігіне әкеп соғады.
Мүмкіндіктер:
мектепке дейінгі жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 100%-ға жеткізу мақсатымен қазіргі заманғы мектепке дейінгі мекемелер салуды бюджет тік қаржыландыруды кеңейту және жеке қаржыландыруды ынталандыру;
жұмыс істеу және тұру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету есебінен, жас мамандарды қолдау және мектепке дейінгі білім саласына тарту.
Орта білім беру. Облыстағы күндізгі жалпы білім беретін мектептердің жалпы саны 2007-2014 жылдарда 18 бірлікке артты.
2014 жылдың аяғында 145 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұрды (2012 жылы – 137; 2013 жылы – 140), оларда оқитындардың саны – 108752 адам (2012 жылы – 98279), оның ішінде: күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер – 130бірлік (2012 жылы – 122; 2013 жылы – 126), оқушылар саны – 106542 адам (2012 жылы – 96117; 2013 жылы – 100104); кешкі мектептер – 5 бірлік (2012 және 2013 жылдарда – 5), оқушылар саны – 1374 адам (2012 жылы – 1315 адам; 2013 жылы – 1335 адам); мемлекеттік емес мектептер – 4 бірлік (2012, 2013 жылдарда – 4), оқушылар саны – 373 адам(2012 және 2013 жылдарда – 420 адам); арнайы түзету ұйымдары – 4 (2012 жылы – 5, 2013 жылы – 4), оқушылар саны – 460 (2012 жылы – 427, 2013 жылы – 444); девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектеп – 1, оқушылар саны – 3 (2012 жылы – 7, 2013 жылы – 8). Жекеменшік мектептердің барлығы Ақтау қаласында шоғырланған.
Авариялық мектептерді жою мақсатында, ағымдағы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 200 орындық бір мектептің құрылысы аяқталып (Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында), 2015 жылы аяқталатын әрқайсысы 624 орындық тағы 2 орта мектептің құрылысы басталды (Қарақия ауданының Құланды ауылы мен Жетібай станциясында).
Облыс бойынша 2014 жылдың аяғында үш ауысыммен оқытатын 3 мектеп бар (2012 жылы – 6, 2013 жылы – 4). Үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою мақсатында:
- 2014 жылы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында 960 орындық орта мектептің құрылысы аяқталды;
- инвесторлардың қаражаты есебінен Форт-Шевченко қаласындағы 550 орындық мектеп-интернаттың және республикалық бюджет қаражаты есебінен Атамекен ауылындағы 1200 орындық орта мектептің құрылысы басталды;
- Бейнеу ауылында 900 орта мектеп салуға ЖСҚ әзірленді (2015 жылы құрылысын салу жоспарлануда).
Бұдан басқа, Жаңаөзен қаласының Мерей шағын ауданында, Мұнайлы ауданының Маңғыстау-4 ауылында әрқайсысы 1200 орындық орта мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Бүгінге облыс мектептерінде педагогтардың тапшылығы 79, (оның ішінде қала мектептерінде – 38, ауыл мектептерінде – 41), оның ішінде мына пәндер: орыс тілі мен әдебиеті бойынша – 14 (оның ішінде, ауыл мектептерінде – 12), математика бойынша – 18, физика бойынша – 6, химия бойынша – 5 мұғалімді құрайды. Кадрлар тапшылығының біртіндеп төмендеуі байқалады (салыстыру үшін: 2013 жылы - 103, 2013 жылы - 101).
Облыс мектептеріне 2014 жылы 487 жас маман (2013 жылы – 456, 2012 жылы – 371), оның ішінде жоғары оқу орындарын бітірген – 283 маман, орта кәсіптік оқу орындарын бітірген – 204 маман келді.
Облыс бойынша 5093 оқушы тасымалдаумен қамтамасыз етілген (2013 жылы – 4504 оқушы), бұл – қажеттіліктің 100%-ын құрайды (оның ішінде, Ақтау қаласы бойынша – 3190, Қарақия ауданы бойынша – 124, Түпқараған ауданы бойынша – 1779).
Облыстың жалпы білім беретін мектептері үшін 2014 жылы республикалық бюджет есебінен 8 химия кабинеті сатып алынды (2013 жылы – 25 кабинет).
Қазіргі сәтте облыс бойынша 1 компьютерге 16 оқушыға, мультимедиялық-лингафондық кабинеттерді есепке алғанда 1 компьютерге 12 оқушыдан келеді (2012 жылы – 30, 2013 жылы – 22). Жергілікті бюджеттен 2014 жылы 250 млн. теңге бөлініп, 112 компьютер класы сатып алынды.
Облыс бойынша 45 білім беру ұйымында, оның ішінде 1 колледж бен 17 жалпы білім беретін мектепте «Е-learning» (ЭӨЖ) электронды оқыту жүйесі енгізілген, бұл - 29% құрайды (2011 жылы – 0, 2012 жылы – 18, 2013 жылы – 27 білім беру ұйымында).
Электронды оқыту жобасының аясында білім беру ұйымдарына жабдық, арнайы бағдарламалар орнату және жылдамдығы 10 Мбит/сек. кең жолақты интернетке қосу үшін, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. 1092 педагог электронды оқытуға даярлау бойынша біліктілікті курстарынан өтті.
Облыстың 130 мектебінің ішінде 99 мектепте (76%), 24 колледждің ішінде 21 колледжде (88%) дербес веб-сайттар жұмыс істейді.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік жинақтамалар сатып алуға 2014 жылы 396 млн. теңге (2013 жылы – 365,7 млн. теңге, 2012 жылы – 304,7 млн. теңге) бөлінді. Қайта басылып шыққан оқулықтар бойынша қамтамасыз етілу – 100%.
1999 жылдан бастап облыста 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер және балалардың даму ерекшеліктерін анықтаумен, диагнозын анықтап оны емдеумен, олардың білім және тәрбие алуына жағдай жасаумен айналысатын облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ОПМПК) жұмыс істейді.
2007 жылдан бері жұмыс істейтін 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мүмкіндіктері шектеулі балаларға психологиялық-медициналық- педагогикалық түзеу қызметін көрсетеді.
Бүгінге облыс бойынша 121 оқушы оқитын 24 арнайы (түзеу) класы жұмыс істеп тұр.
Инклюзивті білім беруді енгізу үшін, облыстың 128 мектебінің ішінде 23 мектепте жағдай құрылды, бұл – білім беру ұйымдары жалпы санының 17,9%-ын (2012 жылы – 18,7%) құрады (АДБ бойынша жоспар - 19%). Жоспарға қол жеткізе алмау 2013 жылдағы тиімділікті бағалау жөніндегі қорытындыда атап көрсетілді. Негізгі себеп – облыстағы мектептердің жалпы санының күрт өсуі, жаңа мектер салу және ашу. Нәтижесінде жалпы сандағы үлес төмендеді. Инклюзивті білім беруге арналған жағдай 131 мектептің ішінде 30 білім беру ұйымында құрылған, бұл – 22,7% құрайды.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды және жетім балаларды әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша үлкен зейін қойылуда. Осы санаттағы балалар үшін 3 ұйым жұмыс істейді. «Отбасылық үлгідегі балалар ауылында» 6 отбасында 44 баланы тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған. Патронатты тәрбиелеу әдісін енгізу тәжірибесі жалғасуда.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 501, оның ішінде 179 балада бекітіліп берілген тұрғын үй бар. Қалғандары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әкімдіктерде тұрғын үй алуға кезекте тұр.
Қорғаншылықтағы және қамқорлықтағы 16 балаға 2014 жылы мемлекеттік қордан: оның ішінде Мұнай ауданында – 2, Маңғыстау ауданында – 8, Қарақия ауданында – 6 тұрғын үй берілді (2013 жылы – 100: (Жаңаөзен қаласында – 73, Мұнайлы ауданында – 8, Түпқараған ауданында – 19).
Балалар үйі мен балалар ауылының түлектері Оралмандарды бейімдеу орталығының ғимаратына орналастырылды. Барлығы 51 түлек (оның ішінде, 14-нің отбасы бар) 20 пәтерге орналастырылды.
Облыста мектептен тыс 14 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 21164 оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 21,1%-ы қамтылған 470 үйірме бар. 33 аула клубында 12575 бала айналысады (12,5%), 762 үйірмеде 18062 бала қамтылған (18%) (2012 жылы – 10305 оқушыны қамтыған 31 аула клубы (10,7%), 15598 баланы қамтыған 492 үйірме (16,2%); 2013 жылы – 10712 оқушыны қамтыған 33 аула клубы (10,7%), 16269 баланы қамтыған 503 үйірме (16,2%) болды.
Облыс бойынша 2014 жылы 1271 баланы қамтыған күндіз болатын 66 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеді (2013 жылы – 10310 баланы қамтыған 63, 2012 жылы – 8870 баланы қамтитын 51 лагерь).
Орта білім беру бойынша SWOT-талдау
Мықты тұстары:
қосымша мектептер салу есебінен оқушылар орнының тапшылығын біртіндеп жою;
арнайы (түзету) білім беру ұйымдарын ашу;
арнайы ұйымдар ашу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жағдай жасау;
балаларды отбасына орналастырудың тұрақты беталысы сақталуда;
интернат мекемелеріндегі балалар санының азаюы.
Әлсіз тұстары:
күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер үлесінің жыл сайын артуы;
үш ауысымда оқытатын мектептердің болуы;
бейімделген орынжайларда орналасқан мектептердің, әсіресе ауылдық жерде болуы;
кейбір елді мекендерде Интернетке шығу мүмкіндіктерінің жоқтығы;
инклюзивті білім берудің жеткілікті дамымауы;
тұрмысы қолайсыз отбасы мен баланы анықтаудың бірыңғай өлшемдерінің жоқтығы;
жетім балалардың қатарындағы түлектерді жұмысқа орналастыру тетігінің пысықталмағандығы.
Қатерлер:
халықтың еңбекақы мен өмір сүрудің жақсы жағдайларына ұмтылуы біліктілігі жоғары және балалармен қарым-қатынас орнатуда тәжірибесі бар педагогикалық кадрлардың білім беру жүйесінен кетуіне әкеп соқтырады, бұл орта білім берудің сапасын төмендетеді;
қазіргі замандағы жаңа мектептердің құрылысына арналған шығындарды жеткілікті қаржыландырмау ауылдық жердегі бейімделген орынжайларда орналасқан мектептер үлесінің сақталуына әкеледі;
балалардың кету және балалар мекемелерінің жабылу қаупіне байланысты балаларды отбасына орналастыру мәселелерінде интернат мекемелері қызметкерлерінің іштей қарсылығы, интернат мекемелері әкімшілігі мен қызметкерлерінің әлсіз уәждемесі;
ата-ананың қамқорлығынсыз және оларды алмастыратын отбасылардың қолдауынсыз қалған балаларды отбасылық өмірге орналастыру бағдарламаларына оқыту бойынша кадрларды қайта даярлау бағдарламаларының жоқтығы.
Мүмкіндіктер:
мектеп оқушыларының санын 1 компьютерге 1 немесе 2 оқушыға дейін келетіндей және мектептердің компьютерлік техникамен және кең жолақты Интернетке қосылуымен комплектациялау деңгейін 100% дейін жеткізу мақсатында орта білім беру объектілерінің базасын материалдық-техникалық жағынан күшейтуге байланысты бюджеттік қаржыландыруды ұлғайту және қаражатпен қаржыландыруға жеке сектордың қатысуын ынталандыру;
мектептерді бейімделген орынжайларға орналастыру практикасын жою мақсатымен және мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін, орта білім берудің қазіргі заманғы объектілерін салу саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту;
жас педагог кадрлардың өз ісіне шынайы берілуін және елді мекендерге, оның ішінде ауылдық жерлерге бауыр басуын ынталандыру;
бала асырап алушылардың, қорғаншылардың және қамқоршыдардың отбасыларын іріктеу, дайындау және сүйемелдеу бойынша қызмет көрсететін халықаралық ұйымдардың гранттары мен үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қолдану;
жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыруды деинституционалдандыру стратегиясын әдіснамалық сүймелдеу үшін педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ресурстарын пайдалану.
Техникалық және кәсіптік білім беру. Облыста 2014 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін 24 (2013 жылы – 24, 2012 жылы – 25), оның ішінде 14 мемлекеттік, 10 мемлекеттік емес оқу орны жұмыс істеп тұрды. 2013 жылдағы мөлшердің төмендеуі Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жанындағы колледждің жабылуымен байланысты болды.
Білім алушылар контингенті 2014 жылы 25007 адамды (2013 жылы – 25868 адам, 2012 жылы – 27092 адам), оның ішінде 2014 жылы мемлекеттік колледждерде – 15182 адамды (2013 жылы – 15521 адам, 2012 жылы – 14205 адам), 2014 жылы жекеменшік колледждерде – 9825 адамды (2013 жылы – 10347 адам, 2012 жылы – 10784 адам) құрады.
2014 жылы 9-сыныптың негізінде 15661 адам (2013 жылы – 16511 адам, 2012 жылы – 14539 адам) оқыды. 11-сыныптың негізінде оқуға қабылдау 2014 жылы 7283 адамды (2013 жылы – 7888 адам, 2012 жылы – 7474 адам), оның ішінде сырттай оқуға қабылданғандар 2014 жылы 1933 адамды (2013 жылы – 1959 адам, 2012 жылы – 2048 адам) құрады.
Кадрлар даярлау – құрылыс, мұнай мен газды өндіру және қайта өңдеу, энергетика және химия өнеркәсібі, медицина, білім беру, өнер, ақпараттық технологиялар, сервис, көлік түрлері (әуе көлігінен басқа), экономика мен қаржы және тағы да басқа бағыттарда 115 мамандық мен біліктілік бойынша жүзеге асырылуда.
Ауылдық аудандардың аумақтарында Бейнеу, қарақия және Маңғыстау аудандарында 4 колледж жұмыс істеп тұр. Жетібай кәсіптік колледжі 2013 жылы республикалық бюджет қаражатының есебінен салынған Құрық ауылындағы жаңа ғимаратқа көшті.
Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітіріп шыққан мамандар 2013 жылы 4919 адамды құрады. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 2684 адам.
4919 түлектің 2775 адамы (78,2%), оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 2684 адам (54,5%) жұмысқа орналастырылды. Жалпы санның ішінде 1078 адам (немесе 22%) декреттік демалыста, әскерде қызмет етуде, ҚР шегінен шығып кетті.
2013 жылдағы тиімділікті бағалау кезінде «Бітірушілердің жалпы санынан оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмысқа орналасқан бітірушілердің үлесі» көрсеткіші бойынша қол жеткізе алмау анықталды (жоспар 3440 адам болғанда – 2775 адам). Қол жеткізе алмау себебі – жұмыс берушілердің жұмысқа қабылдау кезіндегі көтеріңкі талаптары (тәжірибенің, жұмыс өтілінің болуы), Қашаған кен орнының 2-фазасын іске асыру мерзімдерінің ауыстырылуына байланысты, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы жұмыс көлемінің қысқаруы.
Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітіріп шыққан мамандар 2014 жылы 4937 адамды құрады. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша – 2770 адам. Жалпы санның ішінде 1086 адам (22%) декреттік демалыста, әскерде қызмет етуде, оқуын жалғастыруда, ҚР шегінен шығып кетті.
Мықты тұстары:
колледждер желісінің кеңеюі және колледждерде оқушылар мен оқытушылар санының артуы.
оқу үдерісіне оқытудың дуалды жүйесінің элементтерін енгізу.
Әлсіз тұстары:
мемлекеттік тапсырыс беру негізіндегі оқушылардың үлесінің қысқаруы кезінде колледждердегі ақылы түрдегі білім берудің артуы және басым болуы.
Қатерлер:
техникалық және кәсіптік және жоғары білім беру салаларындағы оқытудың ақылы сипаты жоғары білімге құлықсыз түлектер контингентін объективтік емес бағалауға және іріктеуге әкеледі және болашақ мамандарды дайындау нәтижесінде көрініс береді;
колледждердегі өндірістік оқыту шеберлері еңбекақысының төмен болуы олардың кәсіби білім беру жүйесінен кетуіне себеп болады және оқушылардың қай мамандықтан болса да тәжірибелік дағдысында білім беру үрдісінің сапасының төмендеуінде көрініс береді және еңбек рыногындағы колледж бітірушілерінің қажеттілігінде қиыншылықтар туғызады;
Мүмкіндіктер:
облыста, дәлірек айтқанда ауылдық жерде техникалық және кәсіптік білім беретін жаңа оқу орындары мен жатақханалар, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы салу есебінен қолжетімділікті кеңейту;
колледждер желісін кеңейтуде мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту;
білім беру жүйесі мен кәсіпорындардың және ұйымдардың арасында тығыз байланыс орнатуды көздейтін, сондай-ақ даярланған мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелерін болдырмайтын корпоративтік білім беру қағидаттарын енгізу;
кәсіптік білім беру жүйесіне, дәлірек айтқанда ауылдық аудандарға білікті кадрлардың келуін ынталандыру шараларының жүйесін әзірлеу.
Жоғары білім беру. Облыста 2 дербес жоғары оқу орны – Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен жекеменшік Гуманитарлық университет жұмыс істейді. Оларда оқып жатқандардың жалпы саны 4,2 мың адамды құрайды.
Жоғары және жоғарыдан кеінгі білімі бар кадрлар шығару 2014 жылы облыс бойынша 1,8 мың адамды құрады, 2015 жылы 1,4 мың адамға дейін төмендеуі күтілуде.
2.2.2.3. Денсаулық сақтау
Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының желісі құрамында дербес 96 объектіні, оның ішінде 4 көп бейінді аурухананы, 2 қалалық босандыру ұйымын, 5 диспансерді, 11 амбулаториялық-емханалық ұйымды, 2 жедел және шұғыл медициналық көмек станциясын, 3 мамандандырылған аурухананы, 5 облыстық орталық, 5 орталық аудандық аурухананы, 2 аудандық аурухананы, 2 бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығын (БМСКО), 29 дәрігерлік амбулаторияны, 16 медициналық пунктті 3 фельдшерлік-акушерлік пунктті (ФАП) және 5 өзге де ұйымды қамтиды.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Облыста халық денсаулығының медициналық-демографиялық және негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Туу көрсеткіші республикадағы ең жоғары болып табылады және 1000 адамға шаққанда 32,36-ны құрайды (ҚР – 23,48). Өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 7,68 болғанда 4,71-ге дейін төмендеді. Бұдан басқа, халықтың табиғи өсімі көрсеткіші деңгейінің мейлінше жоғары деңгейі байқалады – 1000 адамға шаққанда – 27,65 (ҚР – 15,80).
Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2011 жылғы 69,01 жастан 2013 жылы 71,56 жасқа дейін артты.
Босандыру және балаларға арналған ұйымдардың материалдық-техникалық базасын басымдықпен нығайтуға, ДДҰ-ның «Тиімді перинаталды күтім» және «Бала жасындағы ауруларды интеграциялап жүргiзу» стратегиясын енгізу жөніндегі оқу орталықтарын ашуға, кішкене жастағы балалар арасында пневмококк инфекциясына вакцина егуді енгізуге және өзге іс-шараларға байланысты нәресте өлім-жітімінің деңгейі бойынша белгілі бір оң динамикаға қол жеткізілді.
2011-2013 жылдарда нәресте өлім-жітімін республикалық көрсеткіш 11,3 болғанда, 1000 тірі туылғандарға шаққанда 17,2-ден 9,49-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Осы көрсеткіш 2014 жылдың 11 айында 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 10,3 құрап (ҚР бойынша – 10), облыс осы көрсеткіш бойынша республика өңірлерінің арасында 6-орынды алады.
Ана өлім-жітімі 2011 жылғы 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 11,0-ден 2013 жылы 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 11,0-ге дейін төмендетілді (ҚР бойынша – 12,6). Осы көрсеткіш 2014 жылдың 11 айында 11,6-ны құрады (ҚР бойынша – 9,8).
Достарыңызбен бөлісу: |