1.2. Банктердің ұйымдық-құқықтық негіздері
Банк өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорын ретінде ұйымдық негізге ие. Қызметтік қағидалар - оның негізгі белгілері болып саналады. Яғни, банктердің атқаратын қызметтері мен операциялары оның құрылу ерекшеліктерін келістіреді және банктердің басқару жүйесін ұйымдастырады.
Әр елде банктерді ұйымдастыруда ақша эмиссиясы қызметін орындайтын, елдегі ақша-несие саясатын жүзеге асыратын, екінші деңгейдегі банктерді қадағалайтын, үкімет үшін операцияларды орындайтын, елдің алтын-валюта қорын сақтайтын ақша-несие институты – орталық банкіне айрықша мәртебе беріледі. Орталық банктердің ұйымдық құрылымы мен қызметінің сипаты және оны басқару жүйесі елдің заңдылықтары мен Орталық банкі туралы ережелермен айқындалады.
Көптеген елдердегі банктерді ұйымдастыру акционерлік компаниялар (корпорациялар) түрінде жүзеге асырылады. Банктің заңды тұлға ретінде танылуы, сатып алынған акциялар шегіндегі акционерлердің жауапкершілігі, акция пакеттерінің болуы және директорлар Кеңесін құру акционерлік компаниялар үшін міндетті талаптар болып саналады.
Банк ашу (жаңа заңды тұлғаның мекемесі) – бұл көптеген ресми процедураларды орындауды және рұқсат алуды талап ететін күрделі процесс.
Тұтастай алғанда банк құру үшін, әр елдің әртүрлі ерешеліктері бола тұра мынадай жағдайлар мен іс-әрекеттерді орындауы қажет болады: банк ашуға құрылтайшылардың рұқсат алу өтініші; банк ашу мүмкіндгіне өкілетті органдардың арнайы рұқсаты; орталық банктің рұқсаты; құрылтайшылық құжаттарды тіркеуден өткізу және банктің операциялар жүргізуіне орталық банктің лицензиясы. Операциялар туралы міндетті жағдайлар, капиталдың мөлшері, тұрғын халықтың саны, өзіндік орны бар тұлғалардың мақұлдаған қарарлары, экономикалық негіздеулер, іскерлік жоспар, банк жарғысы, банк құрылымы, капиталдың жеткіліктілігі және пайда алудың болашағы, басшылық құрамның құзыры мен олардың кәсіптік жарамдылықтары туралы мәліметтер құжаттамалар түрінде тапсырылады.
Мемлекеттік тіркеу Кітабында тіркеуден өткеннен кейін банк операцияларын жүргізуге лицензия алуы екінші деңгейдегі банк қызметін бастау үшін негіз болып саналады. Заңды тұлға мәртебесін алған жаңа банк лицензия шеңберіндегі өзінің операциялары туралы мәлімдейді.
Банктің ұйымдық құрылымы екі әдіспен анықталады:
Басқару органдары, олардың өкілеттіктері мен жауапкершіліктері кіретін банктің басқару құрылымы.
Қызмет (функционалдық) бөлімдерінің құрылымы; бөлімдердің қызметін жүзеге асыру және қызмет буынының міндеттері. Мысалы, несие беру бөлімі, инвестициялық операциялар, сенім операциялары, банк клиенттеріне қызмет көрсету және т.б. бөлімдер.
Банкті ұйымдастыру мына қағидаларға негізделеді:
қызмет құрылымы;
банк мақсаттарына сәйкестігі;
билік өкілеттіктері иерархиясы және ұйымдардың деңгейлері;
бірлескен және үйлестіру іс-әрекеті;
басқаруды рационалдандыру және бақылауды қамтамасыз ету;
персонал қызметінің жұмыс тәртібін белгілеу;
толық ақпараттармен қамтамасыз ету.
Банк құрылымы түрін өзгертеді және болашақ кезеңдерге бейімделеді, олар банктің стратегиясына қатысты болады. Банктің құрылымына мынадай бірқатар факторлар әсерін тигізеді:
банктің көлемі, операциялардың саны;
қызметкерлердің саны;
кәсіби кадрлардың болуы;
басаспаптық пен мамандану деңгейі,
пайда алу мүддесі үшін шығындарды үнемдеу міндеттері.
Нарықтық экономикалы елдер үшін үлгілері бойынша ерекшеленетін акционерлік – коммерциялық банктер неғұрлым бірүлгілі болып саналады.
Акционерлердің жалпы жиналысы акционерлік – коммерциялық банктің жоғары органы болып табылады, оның өкілеттігіне Жарғыны, капиталды бекіту, Басқарманы, банк Кеңесін сайлау, жылдық есепті бекіту, банктің табыстарын бөлу сияқты міндеттер кіреді.
Банк Басқармасы (Кеңесі) жылдық есепті бекітеді, құрылтайшылардың жыл сайынғы жиналысын ұйымдастырады, банктің стратегиялық міндеттерін шешеді.
Кеңес Төрағасы банкті жедел басқаруды жүзеге асырады. Ол сондай-ақ банк Президенті болуы мүмкін.
Одан әрі қарай: вице-президент, басқарма, департаменттер, бөлімдер болып жалғасады.
Орындайтын операцияларға, олардың қызметін ұйымдастырудың құқықтық формаларына қарамастан әрбір банк өзіне тән өнімдер шығарады және барлық банктер үшін міндетті болып саналатын мынадай белгілі басқару блоктарының жиынынан тұрады: банк Кеңесі, басқарма; басқарудың жалпы мәселелері, коммерциялық қызмет, қаржылар; автоматтандыру; әкімшілік.
Орындайтын операцияларының көлеміне, көрсетілетін қызметтерінің дамығандығына қатысты банктердің ірі, орта, шағын (жеке), жергілікті филиалдары болуы мүмкін. Мысал үшін, орта коммерциялық банктің құрылымын мынадай түрге бөлуге болады:
Банк Кеңесі
Банк Басқармасы
Несие комитеті Тексеру комитеті
Банк операцияларын жоспарлау мен дамытуды басқару
коммерциялық қызметті ұйымдастыру бөлімі;
банк өтімділігін басқару бөлімі;
экономикалық талдау және клиенттердің несие қабілетін зерттеу бөлімі;
маркетинг бөлімі.
Депозиттік операцияларды басқару
Несие операцияларын басқару
заңды тұлғаларға несие беру бөлімі;
тұрғын халыққа несие беру бөлімі.
Делдалдық операциялар мен банктің көрсететін қызметтерін басқару;
кепілдік беру операциялары бөлімі;
банктің көрсететін қызметтері бөлімі;
бағалы қағаздармен операциялар жасау бөлімі.
Халықаралық Банк операцияларын ұйымдастыру Басқармасы
Есептеу – операциялық басқармасы
операциялық бөлім;
кассалық операциялар бөлімі.
Әкімшілік қызметтер
заң бөлімі;
кадрлар бөлімі;
тексеру бөлімі;
әкімшілік-шаруашылық бөлімі.
Бүкіл әлемдегі банктер қызметінің құқықтық негіздерін банктер қызметін реттейтін заңдар құрайды.
Банк заңдылықтары қоғамның даму барысы мен оның шаруашылық қажеттіліктерімен бірге қалыптасады. Банктердің бүкіл идеялары мен мақсаттары заңдарда көрініс табады, олар танылған болып саналады. Міне, банк құқығы осылай туындайды. Банк құқығы автономиялы заңды қалып (норма) болып санала отырып, қоғамдық мүдделерден оқшауланып қалмайды, қайта, мемлекет мүдделерімен және шаруашылық процестеріне қатысушылардың құқықтарын қорғаумен өзара байланыста туындайды. Банк заңдары үш қабатқа (ярусқа) бөлінеді:
бірінші қабат: орталық банкі (эмиссиондық) туралы заңдар және екінші деңгейдегі (іскерлік банктері туралы) банктер туралы заңдар деп аталатын екі блоктан тұрады. Заңдардың осы екі блогы елдегі банк жүйесінің қызметі мен банктердің өздерінің операцияларын жүргізуін тікелей реттеп отырады. Бұл заңдар: валюталық операциялар, банкроттық, банк құпиясы, салымдардың құпиялығы және т.б. туралы жекелеген заңдармен толықтырылады.
банк заңдылықтары жүйесіндегі екінші қабат бұл – биржа, акциялар мен бағалы қағаздар. Олар банк қызметін тікелей қозғайды.
заңдардың үшінші қабаты банктер үшін негізгі болып саналады және олардың идеологиясын айқындайды. Бұл – елдің Конституциясы, Азаматтық Кодекс, шаруашылық құқығы.
Банк заңдылықтарының:
банктердің өз операцияларын жасау үшін;
банктердің басқа субъектілермен өзара қатынасын реттеуде;
клиенттердің ақша, төлем, несие қатынастарын анықтау мүдделерін қорғау кезінде;
клиенттердің, сондай-ақ банктердің өзінің банк нұсқаулары, ережелері, нормативтері талаптарының барлығын дұрыс түсінуінде;
жалпы экономиканы дамытуда және ақша айналымының тұтастығын сақтауда аса зор маңызы бар.
Банк заңдылықтары банктердің өздерінің ғана емес, ең алдымен мемлекеттің мүддесін қорғайды, өйткені банктер арқылы ақшаның қозғалуы, қаржы ресурстарын, капиталдарды орталықтандыру экономикамен тікелей байланысты және мемлекет бұл процестерді белсенді түрде реттеп отырады.
Банк қызметі саласындағы заңдар клиенттер, банктер мен мемлекет үшін маңызды болып саналады және олардың кең ауқымды мүдделерін білдіреді, сонымен бірге тараптардың бірінің заң бұзушылығы құқықтық қалыптардың бұрмалауына әкеліп соғатындығын да көрсетеді. Банк заңдылықтары әлемдік тәжірибе тұрғысынан алып қарағанда тұтастай түрде тұрақты болып саналады, дегенмен қатып қалған «догма» емес екендігін де естен шығармаған абзал. Заңдар қоғам дамуы кезеңдерінің мүдделерін білдіре отырып, эволюциялық жолмен толықтырылып, қайта өңделіп отырады.
1.3. Қазақстан Республикасындағы банк жүйесі мен банк заңдылықтары
Қазақстан Республикасындағы банк жүйелерін реформалау дербес мемлекеттік құрудың алғашқы жылдарынан-ақ нарықтық экономикаға көшу кезіндегі объективтік экономикалық процестермен айқындалған болатын. Осы жылдар ішіндегі банк саласындағы қайта құрулар микро- және макроэкономикалық процестерге оң өзгерістер әкелуде. Банктер, салымшылар мен инвесторлар арасындағы делдалдарға айналуда, өзіне есеп айырысулар, салымшылар мен қарыз алушыларға көрсетілетін қызметтерді енгізетін қаржылық қызметтерді көрсету операцияларын жетілдіреді.
Қаржы жинақтауға ынталандырады және қаржы ресурстарын орналастыру жүйелерін жетілдіре отырып, банктер экономиканың сауығуына көмектеседі, өмірлік қабілетті кәсіпорындарға және жаңа дамып келе жатқан жеке кәсіпорындардың несие алуын қамтамасыз етеді.
Кеңестер одағының құлау сәтінде, оның біртұтас банк жүйесіне, яғни Қазақстанның банк жүйесіне жүзден аса банктер кіретін еді, солардың ішіндегі бесеуі (Жинақ банкі, Агроөнеркәсіп банкі, Өнеркәсіп құрылыс банкі, Сыртқы эконом банкі) КСРО-ның мамандандырылған банктерінің мұрагерлері болып қалды. Мамандандырылған банктер нақты мемлекеттік кәсіпорындарға несие беру, сол сияқты бұрынғы жүйедегі ресурстарды орталықтандырылған түрде бөлетін мемлекеттік мекеме ретіндегі іс-қимылын жалғастыра берді. Сонымен бірге, нарықтық бағдар алған коммерциялық банктердің маңызы да барған сайын өсе түсті.
Республиканың қаржы жүйесі толық мемлекеттік меншіктен, шешімдер мен есептерді орталықтандырылған түрде қабылдаудан және меншік құқығын сақтай отырып, нарықтық күштермен, орталыққа тәуелділікті жойған өзін-өзі билейтін басшылықпен және несиелерді бөлумен анықталатын жүйеге серпінді түрде көшуді жүзеге асырды, мұның өзі экономикадағы қаржы тәртібініің тиімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Өтпелі кезеңде қиындықтар да болмай қалған жоқ, осы жайлардың бәрі инфрақұрылымдағы, технологиялар мен құрал-жабдықтардағы, құқықтық және бақылаушылық жүйелердегі түбегейлі өзгерістердің болуын талап етті. Қайта бағдарлануға дағдылану, тәуекелдерге бара отырып шешімдер қабылдау, пайдалардың есебін жүргізу мен жаңалықтар енгізу солардың ішіндегі неғұрлым маңыздылары болып саналады.
1992 жылы Қазақстанда банктердің мамандырылуын жоюмен байланысты, акцияларының бақылау пакеті мемлекеттік кәсіпорындардың иелігіне жататын, осыған дейін өмір сүрген бес мамандандырылған банк акционерлік қоғамдар болып қайта құрылды. Бұлардан тысқары, 1992 жылдың соңына қарай Қазақстанда қырық акционерлік банк, алпыс коммерциялық және кооперативтік банктер (немесе жауапкершілігі шектеулі банктер) мен қырық тоғыз жеке банктер болды.
Бұрынғы мамандандырылған банктер осы банктердің мұрагерлікті қабылдау нәтижесі болып саналатын, негізінен мамандану жүйесіндегі салаларға, меншіктің жаңа құрылымдарына (несие алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін аса ірі мемлекеттік кәсіпорындар өздерінің негізгі қызмет салаларына сәйкес бұрынғы мамандандырылған банктерден акциялардың бақылау пакеттерін сатып алды) ссудалар беруін, саясатын жүргізуді одан әрі жалғастырады. Банк жүйесін реформалаудың бастапқы кезеңі операциялардың тиімділігін арттыратын ынталандыру шараларының жоқтығынан және нормативтік-құқықтық базаны жасаудың аяқталмаушылығынан, көбінесе нақты мемлекеттік кәсіпорындарға несиелер мен дотациялар берушілікпен байланысты болды. Кейбір банктер Қазақстан Ұлттық Банкінің несие ресурстарына көбірек иек артты, ал екінші бір банктер нарық қағидаларына сәйкес өздерінің тәртіптерін өзгертті, ал үшінші бірлері өз меншікті кәсіпорындарының қазынашылықтары түрінде әрекет етті. Банктер арасындағы бәсеке аталмыш жүйенің аздаған бөліктерінде ғана орын алды және банк жүйесіндегі тұтастай қайта құрудағы қозғаушы күштің рөлін атқару үшін тым әлсіз болды.
1993-1994 жылдары нарықтық экономика жүйесіне жақындата түсу мақсатымен Қазақстан Республикасының банк жүйесінде біршама қайта құрулар жүзеге асырылды. Заңдар қабылданды: банк жүйесіндегі Ұлттық банктің орны мен рөлін, оның міндеттерін, қызмет қағидаларын, құқықтық мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын 1993 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңы; Республикадағы банк жүйесінің қызмет қағидаларын, банктердің құқығы мен жауапкершіліктерін айқындайтын 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы банктер туралы» ҚР Заңы; шетел валюталарының республика аумағындағы айналым ережесін реттейтін 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Валюталық реттеу туралы» ҚР Заңы; банк жүйесі қызметінің кейбір ерекшеліктері мен банк операцияларын жасаудың құқықтық негіздерін реттейтін Үкімет пен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бірқатар өзге заңдары мен нормативтік актілері, мысалы, «Кепілдік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Банк жүйесіндегі реформаларды жүргізу жөніндегі нұсқауларға сәйкес, бұрынғы Жинақ банкі Қазақстан Республикасының мемлекеттік-акционерлік Халықтық банкі болып қайта құрылды, сөйтіп, салымдар қабылдайтын және ссудалар беретін коммерциялық банк мекемесі түрінде көбірек іс-қимыл жасай бастады, ал оның бұрынғы қызметі тұрғын халыққа әлеуметтік қызметтер көрсету болып келген еді. Сондай-ақ 1994 жылы республикада Эксимбанк (экспорттық-импорттық банк) пен Мемлекеттік даму банкі құрылып, өздерінің қызметтерін дамыта бастады. Соның нәтижесінде (1995 жылғы 21 тамыз) жоғарыда атап өткен банктер, банктің жарғылық қорын бес миллиард теңгеге дейін көбейте отырып, Қазақстан Республикасы Эксимбанкіне Қазақстанның Мемлекеттік даму банкінің бүкіл міндеттемелерін өткізіп беру жолымен бір-біріне қосылды. Республиканың банк жүйесіндегі реформа қағидалары жыл өткен сайын банктердің қызметін неғұрлым дәл айқындай түсуде.
ҚР Ұлттық банкі субсидиялық несиелерге бағытталған тәжірибеден толықтай дерлік бас тартып, банктер арасындағы бәсекенің пайда болуы мен дамуына ықпалын тигізетін несие аукциондарының жүйесі арқылы банктерге орталықтандырылған түрде несиелер бере бастады.
Сонымен бір мезгілде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 1995 жылы шағын акционерлік, кооперативтік және жекеменшік банктер санын қысқарту, банктерді ірілендіру саясатын жүргізді. Банктердің жарғылық қорының ең төменгі мөлшерінің деңгейін белгілеу тәжірибесі осы айтылғандарды растайды. Осыған дейін іс-қимыл жасаған шағын коммерциялық банктер үшін 300000 американ доллары (1995 жылғы наурыздағы ҚР Ұлттық Банкі бағамы бойынша 18,0 млн. теңгеден асады) сомасында белгіленген, өзінің валюталық лицензиясы мен өзінің филиалдар жүйесі және тұрғын халықтан 1,5 млн. АҚШ доллары деңгейінде (1995 жылғы 30 наурыздағы ҚР Ұлттық Банкі бағамы (курсы) бойынша 91,5 млн. теңгеден асады) ақша салымдарын қабылдау құқығына лицензиясы бар банктер мен жаңадан құрылатын банктер үшін ең төменгі мөлшер 500 мың АҚШ доллары (1995 жылғы 30 наурыздағы ҚР Ұлттық банкі бағамы (курсы) бойынша 30,5 млн. теңге) сомасында белгіленген. Оның үстіне, белгіленген жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін әрбір банк 1995 жылғы 15 сәуірге дейін толтыруға тиіс болды, бұл талапты орындамаған жағдайда ҚР Ұлттық банкі мұндай банктердің одан әрі өмір сүруі мен оның қызмет істеуі туралы мәселені шешуді алдыға қойды.
Құқықтық негіздерді, реттеу мен бақылау жүйесін дамыту нарықтық жағдайдағы банк жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыз етудің міндетті және қажетті жағдайы болып саналады.
Банк қызметі саласындағы реформаларды жүргізудің одан кейінгі кезеңдерінде нарықтық экономикаға негізделген банк жүйесі іс-қимыл жасай алатындай, олардың құқықтық негіздерін жасаумен байланысты екінші деңгейдегі банктер қызметін реттеуге бағытталған сапалық қайта құрулар болды. Банк жүйесінің құрылымдық проблемаларын шешуге бағытталған банкті реформалау стратегиясы міне, соған қызмет етті. Сонымен бірге, банк жүйесінің құрылымдары мен мақсаттарының айқын еместігі, сондай-ақ несие тәуекелі, несиемен қамтамасыз ету, өтімділік, қаржы тәртібі мен банкроттық сияқты негізгі тұжырымдамаларды шектеулі түрде түсіну қажетті құқықтық негіздерді жасау міндеттерін қиындата түскені де шындық. Шын мәнісінде заңдардың сақталуын бақылау жөніндегі жасалатын тетіктер, сондай-ақ жаңа коммерциялық өзарақатынастарды орнықтыруға және қалыпты қызмет істейтін банктер жүйесін құруға көмегін тигізуі тиіс. Осы айтылғандармен бірге банк ісінде сот шешімдерін тану мен орындауды жеңілдету тетіктері, кепілдіктерді тіркеу бойынша орталық қызметтер; несиелермен қамтамасыз ету; салық жинау және соған ұқсас басқа да міндеттемелерді орындау бойынша органдар құру талас тудырмайды.
Қазақстан Республикасының банк жүйесі 1995-1996 жылдары институционалдық, функционалдық және құқықтық қатынастарда тағы да көптеген өзгерістерді басынан кешірді. Мысал үшін, 1995 жылға дейін республикадағы банктердің саны өсе түсіп, 1995 жылдың басында жарғылық қорларын құру тәсілдері бойынша бір-бірінен өзгешеленетін жүз сексен төрт банкті құраса, оның көлемі аз уақыт ішінде күрт азайып, осы жылдың соңындағы банктердің саны жүз отыз ғана болды.
Қазақстан Республикасының банк жүйесіндегі институционалдық қайта құрулар банкроттықа ұшыраған коммерциялық банктерді таратумен, сондай-ақ жарғылық капиталдарын қосу жағдайында банктерді ірілендірумен қоса қабаттасып жүрді. Соған сәйкес, республика аймақтары бойынша осы кезеңдерде екінші деңгейдегі банктердің филиалдары 1995 жылдың соңындағы 1026-дан 1996 жылдың соңында 949-ға дейін қысқарды. Осы кезеңдердегі банктер саласындағы өзгерістер жарғылық қордың көлемін қалыптастыру бойынша жүрді. 1995 жылдың аяғында нақты жарғылық қоры 20 млн. теңгеге жетпейтін 69 банк болса, 1996 жылдың соңында олардың саны 33 банкке дейін қысқарды. Ал ірі банктер өз кезегінде сол деңгейлерінде қалды. Дегенмен, коммерциялық банктердің санын қысқарту одан кейінгі жылдарда да жалғасты. Банк жүйесін реформалау нәтижелері 2001 жылдың аяғында Қазақстандағы банктер санының күрт азаюына әкеліп соқты. 2002 жылдың басында Республикада 43 банк қызмет істесе, жылдың аяғында – 38 болды.
Функционалдық қатынастарда соңғы жылдары банктер дәстүрлі, сол сияқты дәстүрлі емес қызметтер көрсету бойынша да өздерінің операцияларының ауқымын барынша кеңейте түсті. ҚР Ұлттық банкінің лицензиясын алған көптеген банктер мемлекеттік бағалы қағаздар операцияларымен айналысады, айналымға векселдерді, елдің орталық банкінің нотасын, пластикалық карточкаларды, электрондық аударымдарды енгізу арқылы қазіргі есеп айырысу операцияларын дамытады.
Құқықтық қатынастарда Қазақстан Республикасының банк жүйесі 1995 жылы мемлекеттің жаңа заң актілерімен және нормативтік ережелерімен нығайтылады: Заң күші бар «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» (1995 жылғы 30 наурыз) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» (1995 жылғы 31 тамыз) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. Қайта құру және толықтырудан соңғы бекітілген бұл актілер, мемлекеттің орталық банкінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және екінші деңгейдегі банктердің мәртебесін бөліп көрсете отырып, Қазақстандағы банктердің іргелі құқықтық және экономикалық негіздерін жасауды тұтастай түрде аяқтады.
Сонымен, Қазақстанның банк жүйесі өткен алғашқы бес-алты жыл ішінде белгілі бір дәрежеде әлемдік тәжірибеде өмір сүретін стандарттар мен моделдер бойынша қайта құрылып үлгерді, соның нәтижесінде нарықтық экономиканың негізгі қағидаларына жауап бере бастады. Сонымен бір мезгілде, Республикада банктердің құқықтық, ұйымдық негіздерін жетілдіру әлі де жалғаса түсуде, бұл ішкі және сыртқы сипаттағы көптеген факторлармен байланысты болып саналады.
Республикадағы банк ісін одан әрі сапалық қайта құрулар жағдайында банк жүйесіне басшылық жасау қағидалары, басты қаржы институты ретіндегі Қазақстан Ұлттық банкінің жетекші рөлі, несие беруді қамтамасыз ету, сақтандыру қызметін реттеу туралы, төлемқабілеттілік пен несие қабеліттелік туралы заңдық және нормативтік ережелер қабылдаудың тиімділігі өз маңыздылығын сақтап қала береді.
Банктер нарығына және оны қадағалауға бағдарланған қызметті реттеу банктерге тиімді басшылық жасауды қамтамасыз ету, банктер бетпе-бет келетін міндеттерді уақытылы шешу, банктерді тиімді қызмет жүргізуге ынталандыру мен төлем қабілетсіз банктерді тарату болып саналады. Құқықтық нормативтік база негізіндегі реттеу мен бақылаудың жақсы ойластырылған жүйесі жеке және банк жүйесі арқылы басқарылатын нарыққа бағдарланудың негізі болып қатысады. Банктер бәсекесінің шеңберін белгілей отырып, республикадағы банк қызметін реттеу жүйесі адал бәсекелестікті және неғұрлым тиімді банктердің өркендеуін қамтамасыз етеді. Банктер қызметіне жасалатын бақылау өз кезегінде олардың қызмет тәртібін реттейтін банк ережелерінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, тиімді басшылық жасауға демеушілік көрсетеді. Сондықтан, неғұрлым тиімді банктер өздерінің қызметін реттеудің жақсы жүйесін құруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қадағалауы банктің тиісті қалыптары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз ететіндей ережелерді жасауына мүдделілік танытады.
Республикада банктерді құру құрылтайшылық шарттар мен Қазақстан Республикасының банк және банктік қызмет туралы заңдылықтарына сәйкес құжаттар тізімі негізінде іске асырылады. Банктерді құру кезінде: ұйымдық-құқықтық форма мен меншік нысандары; банк қорларын құру мен пайдалану қағидалары; банк басқару органдарының шешімдерді қабылдау тәртібі және т.б.с. сияқты қырларына айрықша назар аударылады.
Қазақстан Ұлттық банкі республиканың орталық банкі болып саналады және Қазақстан Республиксының қазіргі банк жүйесінің жоғарғы деңгейін білдіреді. Ол орталық банктермен және басқа елдердің банктерімен, халықаралық банктермен және өзге де қаржы-несие ұйымдарымен қатынаста, Қазақстан Республикасының атынан оның мүдделерін қорғайды. Жоғарғы және екінші деңгейдегі банктер қызметі сипатының өзгеруі құқықтық реттеулерді талап етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы республиканың Ұлттық банкі соған сәйкес өзінің қызметін құратын және жүзеге асыратын құқықтық негіз болып саналады (13). Мыналар Қазақстандағы банк қызметін реттейтін негізгі нормативтік актілер болып саналады: 1995 жылғы 30 наурыздағы заң күші бар «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі туралы», 1995 жылғы 31 тамыздағы заң күші бар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Президент жарлықтары, басшылыққа алу үшін Республикада қазіргі уақытта қолданылатын республиканың бірқатар басқа заңдары, халықаралық шарттар мен келісімдер.
Ұлттық Банк туралы заң актісінің 1-бабына сәйкес бұл мекеме Қазақстанның бас банкі болып саналады және соның меншігінде болады (14). Банктің құқықтық мәртебесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол заңды тұлға болып саналады және коммерциялық банктермен, мемлекетпен белгілі бір азаматтық-құқықтық келісімдер жасай алады, екіншіден – ол Қазақстанның ақша-несие жүйесін басқару бойынша кең түрде билік өкілеттіктерімен бөлінген. Сонымен, Қазақстан банкінің қарама-қайшылықты (двойственный) құқықтық табиғаты бар.
Ұлттық Банкі бір мезгілде шаруашылық қызметін жүргізетін заңды тұлғаның арнайы құзырлылығын мемлекеттік тұрғыдан басқаруды жүзеге асыратын орган болып саналады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің шаруашылық қызметін жүргізуі мен оның бір мезгілде әкімшілік-бақылау өкілеттіктерін орындауы бір-бірінен тәуелсіз түрде жүзеге асырылмайды.
Өзінің шаруашылық мүдделерін жүзеге асыру және пайда алу мақсатында коммерциялық банктермен азаматтық-құқықтық келісімдер жасай отырып, сонымен бірге ол ең алдымен несие беру мекемелері жүйесінің дамуына тиісінше мақсатты бағытталған әсерін тигізеді және мемлекеттің несие саясатын айқындайды. Мұндай келісімдер жасаудың шарттарын жалпы мемлекеттік ақша-несие саясатының шеңберінде Ұлттық Банк әзірлеп-жасайды.
Ұлттық Банкі Қазақстандағы ақша-несие жүйесін басқаруды екі тәсілмен жүзеге асырады:
билік нұсқауларының көмегімен;
экономикалық әдістермен, яғни коммерциялық банктермен әртүрлі келісімдер жасау жолымен;
оның әкімшілік құқықтар мен шаруашылық қызметтерін жүзеге асыруы бір мақсат пен міндет – несие жүйесін басқаруға бағындырылуы қазіргі кездегі Ұлттық Банктің құқықтық ережесінің басты ерекшелігі болып саналады.
Ұлттық банктің әкімшілік қызметін шартты түрде мынадай түрге бөлуге болады:
Ұйымдық (ақша айналымын ұйымдастыру және басқару).
Азаматтық айналымы, салымшылпарды және коммерциялық банктердің өзге де кредиторларын қорғау қызметі. Ұлттық Банкі осы екі өкілеттік шеңберінде нормативтік актілер шығарады, яғни нормативтік-шығармашылық қызмет осы өкілеттіктермен тікелей байланысты.
Ақша айналымын ұйымдастыру ақша эмиссиясын өндірген, ақша айналымын ұйымдастыру мен оларды айналымнан алғанда, кассалық операцияларды жүргізу тәртібі, тасымалдау мен сақтау ережесі және қол ақшаларды инкассациялау, экономикалық әдістермен ақша айналымын басқару мәселелері бойынша нормативтік актілер шығарғанда жасалады.
Азаматтық айналымды қорғау қызметі мен несие жүйесіне деген сенімді нығайту Ұлттық Банкі қызметінің негізгі мазмұнын құрайды. Бұл Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің ерекшелігі болып саналмайды. Кез келген осы заманғы нарықтық экономикалы мемлекеттің Орталық Банкі сол мәселелерді еріксізден шешеді.
Бір де бір мемлекет, азаматтық айналымды қалыпты жүзеге асыру үшін жағдайлар туғызудан тұратын несие беру мекемелерінің қызметіне бақылау жасаудан бас тартпайды.
Заң шығарушы банк салымшыларын олар оған сеніп тапсырған сомаларға қатынасы бойынша банкирлер тарапынан болатын ысырапқорлықтан ғана емес, сонымен бірге банкті толық түрде сауатсыз басқарудан да қорғауға міндетті. Банкті тиімсіз басқару оның өтімділігіне (ликвидтілігіне) қатер төндіреді, яғни өздерінің салған қаржыларын қажет болған жағдайда немесе белгілі мерзімі өткеннен кейін клиенттердің талап етуі мүмкін болмайтындай жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Заңға сәйкес, Ұлттық банкі атап көрсетілген міндеттерді мынадай жолмен шешеді:
біріншіден, коммерциялық банктің тіркеуден өткендігі және банк операцияларын жүзеге асыру құқығына лицензия беру туралы мәселені қарау кезінде несие беру мекемелерін құрудың заңдылығы мен дұрыстығын тексеру жолымен;
екіншіден, олардың қызметін реттейтін несие беру мекемелерінің экономикалық нормативтерін белгілеу, нормативтік актілерді шығару жолымен;
үшіншіден, олардың операцияларының заңдылығына тікелей бақылауды жүзеге асыру жолымен.
«ҚР Ұлттық банкі туралы» Заңға сәйкес, республиканың орталық банкі қадағалауды жүзеге асыру процесінде несие беру мекемелерінің қызметіне тексеру тағайындай алады. Егер тексеру нәтижесінде банк заңдылықтарын бұзу жағдайлары анықталса, Ұлттық банкі анықталған кемшіліктерді міндетті түрде жоюға нұсқаулар береді. Банктің сондай-ақ олардан есеп беруді, баланстар мен анықтамаларды тапсыруын талап етуге құқығы бар.
Заңдылықтарды бұзған жағдайда және бұрын орын алған кемшіліктерді жою туралы елдің бас банкінің нұсқауларын орындамағанда Ұлттық банкі несие беретін мекеме құрылтайшыларынан:
банкті қаржылық сауықтыру бойынша шараларды жүзеге асыруды;
банктің басшылығын ауыстыруды;
банкті таратуды;
банк операцияларын жасауға берілген лицензияны қайтарып алуды талап ете алады.
Несие беру жүйесін басқару жөніндегі бүкіл әкімшілік өкілеттіктерін заңдық тұрғыдан тек Қазақстан Ұлттық банкі ғана орындайды.
Заңдылықтар Ұлттық банкке тұлғалардың міндетті түрде орындауына жататын нормативтік актілер шығару құқығын берген. Бұл – нұсқаулар, ережелер, хаттар мен жедел хаттар.
Қазақстан Ұлттық банкісінің активті ақша-несие саясаты 2000 жылдан бастап макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге, қаржылық қызмет көрсету секторын дамытуға, төлемдер мен сақтандыру саласындағы жаңа жүйелерді құруға бағытталуда. ҚР Ұлттық банкінің 2002-2004 жылдарға арналып жасалған ақша-несие саясаты бүкіл банктер жүйесі үшін мақсатты бағдаршам болып қызмет етеді.
Түйін
Банк – бұл көне ұғым болып саналады және оның қажеттілігі ақша айырбасымен, бос ақшаларды қарызға берумен, өзгелердің ақшаларын орталықтандырумен байланысты пайда болды.
Банк нарықтық жағдайда өзгеше кәсіпорын ретінде қаралады. Оның қызметі көпқырлы болып табылады. Банк – сауда, делдал, несие беретін, коммерциялық кәсіпорындарды білдіреді. Биржалардың банк-агенті, әріптестер автономиялы түрде қызмет істейді.
Банктер үлгілері және қызмет көрсету сипаты бойынша: елдің орталық банкі, мамандандырылған қаржы мекемесі, коммерциялық банктер болып ажыратылады. Көтерме және бөлшек банктерге бөлінеді. Сондай-ақ инвестициялық, сауда және әмбебап банктер бар.
Әр елдің банк жүйесі көптеген банктер құру және әлемдік тәжірибе мен олардың жасайтын операцияларының ауқымын кеңейту арқылы дамиды.
Білімін өз бетімен тексеру үшін тестілік сұрақтар
Қызмет белгілері бойынша банктер ... болады:
а) орталық және коммерциялық
ә) инновациялық және әмбебап
б) эмиссиондық, депозиттік және коммерциялық
в) коммерциялық, инвестициялық
г) орталық және эмиссиондық.
Мемлекеттік банк акционер бола алама:
а) бола алмайды
ә) ҚР Үкіметі атынан бола алады
б) тек мемлекеттік банк бола алады
в) тек салалас банк қана бола алады
г) ҚР Үкіметі атынан мемлекеттік банк қана бола алады.
Банктің мемлекеттік тіркеуден өтуін ... жүзеге асырады:
а) Қаржы министрлігі
ә) Әділет министрлігі
б) салық комитеті
в) жергілікті билік органдары
г) Ұлттық банкі
Банк филиалы – бұл:
а) Бүкіл банк операцияларын жүзеге асыратын заңды тұлға болып саналатын дербес банк;
ә) бұл – заңды тұлға болып саналмайтын, оған берілген өкілеттік шеңберінде банк атынан әрекет ететін банк бөлімшесі;
б) бұл – заңды тұлға болып саналмайтын, банктің тапсыруы бойынша соның атынан әрекет ететін, банк операцияларын жүзеге асыратын банк бөлімшесі,
в) бұл – тікелей және портфелдік (қоржындық) инвестицияларды жүзеге асыратын, жеке тұлғалардан депозиттер қабылдауды жүргізбейтін, екінші деңгейдегі банктер;
г) өз атынан операцияларды жүзеге асыратын заңсыз тұлғалар.
Банк операцияларын жүргізуге лицензиялар қандай мерзімге беріледі:
а) бір жылға
ә) үш жылға
б) шектелмеген мерзімге
в) он жылға
г) шарт бойынша арнайы мерзімге.
2 - ТАРАУ. КОММЕРЦИЯЛЫҚ БАНКТЕР
Елдің несие жүйесіндегі коммерциялық банктердің рөлі мен орнын бөліп көрсету, негізгі операциялардың сипатын ашу – тараудың басты мақсаты болып саналады. Алдыға қойылған міндеттер: коммерциялық банктің балансына қысқаша сипаттама беру, пассив және актив операциялардың мазмұнын ашу.
Әдебиеттер: Ә-6; Ә-8; Ә-9; Ә-10; Ә-29; Ә-30.
2.1. Коммерциялық банктер – банк жүйесі мен
олардың қызметінің негізгі буыны
Коммерциялық банктер мәртебесі, мақсаты және бағыттары бойынша теңдей емес, дегенмен барлық банктердің балансының және оның құрылымының болуы; негізгі қызметтер мен операциялардың сипаты, өзінің қызметінен кірістер алу сияқты орталық негіздері бар.
Коммерциялық банктер сондай-ақ несие беру жүйесінің негізгі буыны ретінде сипатталады. Бұл банктердің негізгі несие орталығы ретінде несие берудің мол мүмкіндіктерін ашатындығын білдіреді. Банк жүйесінде несиені орталық банк, екінші деңгейдегі банктер, арнаулы несие институттары береді. Нарықтық экономика жағдайындағы коммерциялық банктер – бұл активті іскерлік банктер болып саналады және олар барлық елдердің банк жүйесінде айрықша орын алады. Бұл банктер бүкіл экономикаға қызмет көрсете отырып, шаруашылықтарға, кәсіпкерлерге, жекелеген тұлғаларға несиелер береді, тұтынушыларға неғұрлым жақындай отырып, өндіріс саласы мен айналым дамуына көмегін тигізеді.
Нарық бәсекесі жағдайында әрбір банк өзінің басымдықтарын айқындайды, өзіне несие жүйесінің негізгі буыны ретінде бекітеді.
Елдің банк жүйесіндегі несие беру қызметін мынадай банктер орындайды:
Орталық банк – екінші деңгейдегі банктерге мемлекетке несие беруі кезінде,;
Коммерциялық банктер – меншікті коммерциялық мүдделердің дамуымен қаржы алушылардың қажеттіліктерінің барлық түрлеріне экономика салаларына несиелер беру кезінде.
Коммерциялық банктер клиенттер үшін бүкіл операциялық қызметтерді орындайтын ақша нарығының жұмыс жасаушы әмбебап «буыны» ретінде қатысады. «Коммерциялық банк» түсінігін кең түрде түсіндіре отырып, оларды мынадай белгілері бойынша жіктеуге болады (1 кесте):
Жалпыға белгілідей, коммерциялық банктер өздерінің дәстүрлі базалық қызметтері негізінде жұртшылық арқылы қабылданады, олар клиенттерге сан алуан қаржылық қызметтер көрсетеді, трасталық операциялар жасайды, клиенттер үшін бағалы қағаздар сатып алады, қозғалмайтын мүлік пен кепілдік міндеттемелерді басқарады.
Коммерциялық банктердің қызметтерін дәстүрлі және дәстүрлі емеске, базалық (қатардағы) және жаңа (нарықтық) қызметтерге бөлуге болады. Коммерциялық банктердің қызметін жалпылай топтастырғанда былай болып шығады:
бос ақша капиталдарын жұмылдыру мен шоғырландыру, қор жинау мен сақтықтар (салымдық және депозиттік операциялар);
экономикаға және тұрғын халыққа (активті операциялар) несиелер беру;
төлемдер жасау мен ақша аударымдарын (делдалдық операциялар) ұйымдастыру;
Коммерциялық банктің сипаттамасы
1 кесте
инвестициялық қызмет (бағалы қағаздар салымы және жобалар);
сыртқы сауданы қаржыландыру;
сейфтерде құндылықтарды сақтау;
клиенттерге өзге қаржылық қызметтер көрсету.
Жинақтарды жұмылдыру мен шоғырландыру қызметі жеке адамдардың ұсақ шашыранды ақша қаражаттарын жинақтай отырып, ақша ресурстарының ортақ қорын құру арқылы оларды экономиканың неғұрлым тиімді салаларына бағыттауға болатындығын растайды. Өз ақшаларының жоғары өтімді (ликвидті) формада сақталуына және пайыздық үлес алуға деген салымшылардың қызығушылығы банктер арқылы қамтамасыз етілуі тиіс және ол үшін соңғы жауапкершілікті өзіне алады.
Несие берудегі делдалдық, банк үшін ең айқындаушы қызмет болып саналады, өйткені уақытша бос ақша қаражаттарын шаруашылық жүргізуші субъектілерге саудаға беру жолымен қайыра бөле отырып, одан ол пайда табады. Банктің осы қызметі «несие категориясын» көрсетуге үлкен әсерін тигізеді. Мұндай кезде несие қаржыны тиімді пайдалануға несиеберуші мен қарыз алушы бірдей мүдделілік танытады. Коммерциялық банк үшін несие төлеуге қабілетті қарыз алушыларға ссудалар беру көп кіріс келтіретін операциялар болып саналады.
Есеп-шоттардан төлемдер жасау мен есеп айырысулар кезіндегі делдалдық қызмет клиенттердің тапсырмасы бойынша банктің ақша аударымдарын жасауы кезінде, елде шаруашылық операцияларын жүзеге асыруы жағдайында есеп-шоттар арқылы төлемдер жасаған кездерінде көрінеді. Коммерциялық банктер төлем тетіктерін қамтамасыз ете отырып, есеп айырысу қағидаларын көздейді, есеп айырысу – төлем операцияларын жүргізу кезінде нарықтық қызметтерді дамыту, ақша айналымы саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүдделілік танытады.
Халықаралық экономикалық қатынастарды, халықаралық тауарлар нарығын дамыту жағдайында сыртқы сауданы қаржыландыру коммерциялық банктердің қызметі ретінде бөліп көрсетіледі. Экспорттаушылармен есеп айырысу үшін қажетті валюталардың еркін айналушылығы, импорттаушылардың сыртқы сауда операциялары бойынша аккредитив қоюы, есеп айырысуларды қамтамасыз ету, импорттаушыларға сақтандыру қызметтерін көрсетуші банктердің өзіне міндеттемелер қабылдауын талап етеді.
Банктердің бағалы қағаздармен операциялар жасау кезіндегі делдалдық қызметі қосымша кірістер алу, өзінің өтімдігін (ликвидтілігін) ұстап тұру мақсатындағы бағалы қағаздарды сатып алу кезіндегі операцияларды жүзеге асыру жағдайында көрінеді. Банк бағалы қағаздарды сатып ала отырып, оларды мемлекеттік билік органдары алдындағы салымдар бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету түрінде пайдаланады. Банктердің сатып алатын бағалы қағаздарының мынадай түрлері болады:
мемлекеттік бағалы қағаздар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді);
корпорациялардың облигациялары;
әртүрлі компаниялардың акциялары;
банктік акцептер;
нарықта айналым жасап жүрген коммерциялық векселдер;
тауар-несие корпорацияларының сертификаттары.
Құндылықтарды сейфтерде сақтау коммерциялық банктердің тарихи маңызды қызметі болып саналады. Құндылықтардың сенімді сақтаушысы ретіндегі банктің жоғары беделі ақшалар мен өзге де құндылықтар үшін оның кассалық операцияларының, қорларының, сақтайтын органдарының, кассалық сейфтердің болуымен нығайтыла түседі. Құндылықтарды сақтауды банк екі формада (үлгіде) жүзеге асыра алады:
банк шартқа сәйкес көрсеткен қызметіне қарай ақы алатын және өз негізінде клиентке кепілдікті қамтамасыз ететін құндылықтарды сақтау үшін сейфтер береді;
банк құндылықтарды өз жауапкершілігіне алып, агент рөлінде қатысқан кезде клиенттің өтініші бойынша жүргізген кезде болат камерада сақтайды.
Нарықтық экономикалы елдердің бүкіліне тән болып саналатын коммерциялық банктердің дәстүрлі, сол сияқты дәстүрлі емес бүкіл қызметін мынадай негізгі үлгіде (формада) топтастыруға болады. (1 кесте):
Коммерциялық банктің негізгі қызметтерін топтастыру
Дәстүрлі
|
Дәстүрлі емес
|
1. Депозиттік-ссудалық
|
1. Есеп айырысулар және несие қарыздарын өтеу кезінде үшінші жақ үшін міндеттемелер мен кепілдіктер беру.
|
2. Клиенттерге кассалық қызмет көрсету.
|
2. Шетел валюталарын, қымбат металдар мен тастарды сатып алу және сату.
|
3. Клиенттердің есеп-шоттарын, тапсырма бойынша есеп айырысуларын жүргізу.
|
3. Сенім білдіру негізінде қаржыларды тарту мен орналастыру және клиенттердің тапсырмасы бойынша олардың қаржылары мен бағалы қағаздарын басқару.
|
4. Төлем құжаттарын шығару (чектер, векселдер, аккредитивтер).
|
4. Банк қызметімен байланысты мәселелер бойынша клиенттерге кеңестер беру.
|
5. Мемлекеттік және өзге де бағалы қағаздарды сатып алу, сату және сақтау.
|
|
6. Қызметтер көрсету (лизингтік, факторингтік, инжинирингтік).
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |