Шәкәрім бейнесі – Б.Тұрыстың актерлік өнердегі болмысы бөлек, үлкен шығармашылық толғаныстан жасаған салмақты жұмысы. Бұл хақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ә.Рахимов: «Бір спектакльмен Шәкәрімнің образы орындалды деп айту қиын. Бізде әлі күнге дейін Шәкәрім бейнесі толық көрініс тапқан жоқ. Бір телефильм түсірілген-ді, ол да өз деңгейінде шықпады. Мен бұл қойылымда Шәкәрімнің портреттік образын емес, рухани бейнесін жасауға тырыстым. Алғашқы қадам ретінде айтсақ, өз миссиямды орындадым деп білемін. Өйткені, спектакль жүрген сайын жаңалық қосылып, тереңдеп келе жатыр. Мен басты рөлді Бекжан Тұрысқа бекер берген жоқпын. Басқа да талантты артисттер бар. Бекжанмен көп жылдар жұмыс істедім. Ол - ойлы актер» деуі актер таңдай білу де – режиссердің спектакльді шығару барысындағы көркемдік түйсігіне байланысты екендігін дәлелдейді [75].
Жалпы режиссер спектакльді сахналау барысында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, кейін ақталған қазақтың көрнекті актері Шахан Мусиннен жазып алған тарихи деректерді көркемдік шындыққа ұластырып, пайдаланып отырған.
Бұл туралы режиссер Ә.Рахимов: «Спектакльде бүкіл қазақ зиялыларын жалмаған, кеңестік кертартпа заман жандайшаптарының жағымпаздығын да көрсетуге тырыстық. Шыны керек,ол кездегі Кеңестік биліктің басты мақсаты - қазақтан шыққан бас көтерер зиялылардың көзін жою болатын. Шәкәрім, Ахмет, Әлихан, Мағжан сынды тағы да басқа ұлттық рухы мықты азаматтардың сағын сындырып, санын азайту жұмыстары қазақтан шыққан шолақ белсенділердің көмегімен іске асырылды. Шәкәрімді көрсеткен белсенділер талай жылғы тозақтан, айдаудан аман келген Шахан Мусинді де көре алмаған. Шахан ағаның өзі де «Мені көрсеткен адам Шәкәрімді де ұстап берді» деп отыратын. Міне, қойылымда қоғамның, қазақтың бойындағы осындай кеселді дертін қамтып көрсетпекпіз. Біз ел боламыз десек, ұрпақ тәрбиелейміз десек, ақиқат айтылуы керек. Ақиқатқа тәрбиеленген адамның азаматтығы қалыптасады, өз сөзін айта алатын болады. Театр да мешіт сияқты. Адам жанын тазартуымыз керек», - деп қойылымға арқау болған негізгі тарихи тағылым негінде туған философиялық түйінді ұқтырады [76].
Қойылым бір адамның монологынан ғана тұрмайды. Ақынның елдік, азаматтық, адамгершілік туралы ойлары тергеу барысында айтылады. Кейіпкерінің ішкі жан-дүниесінің тебіреніс пернелерін дөп басқан Бекжан Тұрыс ойынынан, көрнекті актер Шахан Мусиннің сөз саптау мәнері мен сахналық мәдениетіндегі сабақтастыққа куә боламыз.
Қойылым режиссерi Әубәкiр Рахимов уақыт тынысы мен заман қасіретін ерекше шешiм, сахна мүмкiндiгiмен ашып көрсете бiлген. Шәкәрiм ақын өмiрiнiң соңғы сәттерiндегi ел басына төнген қаралы кезеңмен үндесетiн сахнаның безендiрiлуi - ажал елесi, от алауы, мылтығын кезенген қызыл әскер, (қоюшы-суретшiсi - М.Сапаров), ақынның әндерiнен үзiндi мен күңiренген қылқобыз, құран мақамы (композиторы - Б.Дәлденбай) тарихи драмалық диалогтың табиғатын ашуға негіз болған басты компаненттерге айналды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы - қазақтың рухани кеңістігіндегі ерекше кұбылыс. Сондықтан аталмыш қойылым көрермендерге тамыры тереңде жатқан халқымыздың рухани құндылығын Шәкәрім өлеңдері арқылы мүлдем биік деңгейге көтеріп, режиссерлік ізденістері арқылы еліміздің театр өнерінің көжиегін көркейтіп, сахналық құралдарды қолдану шеңберін байытты.
2014 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің жаңа жазылған «Жүз жылдық махаббат» атты спектаклін режисссер Алма Кәкішева сахналады. Қоюшы суретшісі - М.Сапаров, киім үлгісінің суретшісі - Б.Әбдіманапова, композиторы - Ш.Базарқұлова, биін қойған - Г.Мұхамеджанова.
Алаш арысы, cұлулық пен махаббат жыршысы атанған ақиық ақын Мағжан Жұмабаев туралы жазылған Дулат Исабековтің жаңа пьесасы осымен екінші рет сахналанып отыр. Осыдан бір жыл бұрын С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры аталмыш туындыны «Өйтпесе Мағжан бола ма?» деген атаумен сахналанған болатын.
Түркі әлемі поэзиясының заңғар тұлғасы, махаббат пен отаншылдықтың жыршысына айналған Мағжан Жұмабаевтың азапқа толы өмірі мен шығармашылығы, репрессия құрбаны ретіндегі тұлғасы барша қазаққа аян. Алаш арыстары жайындағы көркем дүниелерді жазу – өткенсіз болашақ болмайтынын дәлелдейтін тарихи аспектінің бірі. Бұл өз кезегінде еліміздің театр өнерінде Алаш арыстарының сахналық көркем бейнелерінің дүниеге келуіне септігін тигізді.
Ақындықтың алдаспаны Мағжан Жұмабаев пен кешегі мен бүгіннің көзқарасы тұрғысынан ақынның жары, жүз жылдық азап арқалаған Зылиханың Мағжанмен өткен және Мағжансыз өткен өмірі, екеуінің ешкімге ұқсамайтын махаббаты мен қилы тағдырын, жан азаптарын арқау еткен драматург Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасына ерекше тоқталып отырмыз.
Автор пьесада Кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған Мағжанның және оның жары Зылиханың шуақты сәттерінен гөрі қара бұлты сейілмеген жылдарын көрсете отырып, репрессияның нәтижесін емес, сол репрессияға жеткізген қазағын, қазақтың «зиялы қауым» өкілдерінің сатқындығын сынға алады, өткен күннің ащы шындығының бетін ашады.
«Сәкеннің мұртын рахаттанып жұлған, Бейімбеттің артынан құшырланып тепкен өз қазағымыз екен ғой. Оларды атуға, дарға асуға, отқа өртеуге бұйрық берген шығар, бірақ, мұртын жұл, артынан теп деп ешкім бұйырған жоқ еді ғой! «Оян қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар, дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау! Неге оянбайсыңдар?! Ғасырға созылған бұл не деген ұйқы?!» деген Мағжанның тебіреніске толы монологындағы, ақынның аузымен айтылатын шындық - автордың азаматтық ұстанымының көрінісіндей әсер етіп, тіпті ішкі жан-айқайындай естіледі.
Қойылым кейіпкері - С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актрисасы Мадина осындай ақиқаттың тыңдаушысы ретінде, бүгінгі заманның бейнесі ретінде көрінеді.
Сахна шымылдығы ашылысымен сахнада Мағжанның портретіне қарап фортопиано ойнап отырған Зылиха мен Зылихадан сұхбат алуға келген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актрисасы Мадина есімді бойжеткенді көреміз. Екі актрисаның арасындағы диалог әсерлі сұхбат негізіндегі сөз әрекетіне құрылған.
«Халық жауы» деген нақақ жаламен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл ғұмырының он жылын қапаста, түрмеде өткізген ақынның қасіретті тағдыры спектакльде аяулы жары Зылиханың естелігі арқылы беріледі.
Алма Кәкішеваның Зылиха бейнесін сомдауды актриса Дария Жүсіпке тапсыруы, режиссер мен актрисаның шығармашылық тандем құруы – қойылымның көркемдік деңгейін биіктен көрінуіне негіз болған тетіктердің бірі. Осы орайда көрнекті режиссер, әрі театртанушы В.Сахновский кітабында: «Режиссер - алдымен актердің шығармашылығын толықтай танып алуы қажет. Актердің ішкі жан дүниесін ашуы керек. Актер автор ойын түсінбеген жағдайда режиссер оған түсіндіру шарт», - деген болатын [77].
Міне, режиссер кейіпкердің шынайы болмысына терең зерттеу жүргізуінің арқасында, көрермендер Д.Жүсіптің актерлік шеберлігі арқылы, өз заманында қазақ қыздарының алғашқысы болып жоғарғы оқу орнын бітірген, ақсүйектігі мен зиялылығы келбетінен, сөйлеу мәнерінен, ісінен көрініп тұратын, сыры кетсе де сыны кетпеген Зылихадай текті әйелдің аяулы бейнесімен қауышты.
Спектакльде қоғам мен адамның, өмір мен өлімнің, махаббат пен ғадауаттың арпалысы Зылиханың ойлы жанарынан сезіледі. Алайда ішінде аспанмен таласқан теңіз дауылындай толқулар жатса да, жұрт Зылиханың ішкі мұңын, жан шырылын естімейді де, сезбейді де. Зылиханың ішкі психологиялық иірімдерге құрылған тебіреніске толы сәттерін көрсетуде, Дария Жүсіп өзінің театр сахнасында жинаған шығармашылық тәжірибесін молынан пайдалана білді.
Бұл жетістіктер - актрисаның дауыс мәнерінен, үнінің интонациялық бояуынан, реңк ажары мен қимыл-әрекетінен нақты көрініс тапқан. Д.Жүсіп өз кейіпкерінің екінші планын дәл таба білген. Әсіресе, драмалық шиленіске толы сәттерде, көріністің атмосферасын ұстап тұруы үшін, алда болатын жағдайларда ішкі көңіл-күйін жеткізіп отырады. Актрисаның ішкі тебіренісі мен сыртқы әрекеті, яғни психофизикалық жай-күйі ерекше үйлесім тапқан.
Осы орайда: «Тән тұлғасы – актердің ішкі дүниесінің айнасы. Оның әрбір қимылы, отырыс‑тұрысы, қозғалысы мен әрекеті – психологиялық шешімнің көркемдік нәтижесіне жатады. Өйткені тән қимылы жалған айтпайды, ақиқатқа жүгінеді. Ол сөзден де өткен шыншыл», – деп режиссер М.Байсеркенов айтқандай, актриса өзінің мизансценаларында кейіпкер жан-дүниесіндегі оқиғаның өзгеруіне байланысты болатын сәттерді сахнада табан астында тудыра білді [78, 336 б.].
Зылиха – актрисаның шығармашылық өмірбаянындағы ең бір елеулі рольдерінің бірі. Д.Жүсіптің актерлік ойынының жоғары деңгейде болуы, бір жағынан режиссер А.Кәкішеваның актрисаға дұрыс бағыт-бағдар беруінің нәтижесі екені аңғартады.
Мағжандай қызуқанды, өзі тентек, тумысынан ақын боп жаратылған адамның жары Зылиханың мінез-болмысы мен ол төзген азаптың салмағы қандай? Драматург Д.Исабеков «театр ішіндегі театр» заңдылығы негізінде, қойылым ішіндегі қойылымға ендірер алдында Зылиха мен Мадинаның өзара мінез шарпысуларын әдейі алғаны белгілі.
Мағжан мен Зылиха өмірін әбден зерттеп өскен Мадинаның сөз арасында Зылихаға ақынның екінші жары екенін айтқан тұста, екеуара диалогтық қақтығыс шиеленісе түседі. Жас актрисаның абайсызда жағдайды ушықтырып алып, үлкен кісінің бірбеткей мінезіне бата алмай, амалының жоғынан Мағжанның ит көйлегімен жұбатқысы келгендей болады. Дәл осы тұста Зылиха-Д.Жүсіптің психологиялық жай-күйі бір-ақ сәтте өзгеріп, мүлдем басқа арнаға бұрылады.
Деталь ретінде ойнатылған ит көйлек драматургтың қиялынан туса, режиссер бұл детальды спектакльде өте ұтымды қолдана білген. Актриса Л.Қалдыбекова спектакль барысында ит көйлекті үстел үстіне ақырын ғана қоя салуымен көрсетеді. Ит көйлек аталмыш көріністе байқаусыз бір зат ретінде қалып қоюы да мүмкін еді.
Алайда келесі эпизодта ит көйлекті ұстаған Зылиха-Д.Жүсіп - Мағжаны тіріліп келгендей бір суып, бір ысып, өзін өзі жоғалтқан аласапыран күйге түсіп фортепианоны құшақтай құлайды. Фортепианодан шыққан «шың» еткен дауыс, адамның сай-сүйегін сырқыратып, тұла бойыңды еріксіз шымырлаты жібереді.
Режиссердің дәл осы көрініске екпін қоюы мен Зылиханың «Мағжан!» деп қолын жоғары көтере жан даусымен айқайлаған сәті - адамның ішкі әлемінде өтіп жатқан алапатты күйін одан әрі шарықтатып жіберді. Көз алдыңда аспан айналып жерге түскендей күйде қаласыз. Бұл сахналардың бәрі де диалогты әрекетке айналдырудың, әрекет пен сөз бірлігі арқылы ой тереңдігін аша түскен сәттер болды.
Режиссер қойылымның бірінші бөлімінде драматург жазған пьеса мазмұнынан ауытқымай, автордың негізгі ойлары мен жылап тұрып күлдіретін, күлдіре отырып көрермендерді ерекше баурайтын сөз қақтығыстарын, мәтін астарларын тереңірек ашуға күш салғаны байқалады. Осы сахнадағы қаз-қатар кітаптар тізілген сөрелер мен қолшатырдан бастап, музыкалық сандықша, фортопиано секілді детальдардың бәрі өз ретімен қолданылып, өз орнымен ойнатылып, екі кейіпкердің сезім әлемін, психологиялық жай-күйін байланыстыратын көркем құралға айналдырылған. Спектакльде Мағжан бейнесі алғаш рет елес ретінде көрсетіліп, Зылихамен екеуінің тілдесуі арқылы беріледі.
Д.Жүсіптің Зылихасы ұстазы Хадиша Бөкееваның «Кебенек киген арулар» спектаклінде жасаған бейнесімен үңдесетінін, екеуінің де сомдаған рольдері адалдықтың, тазалықтың жаршысы екенін атап өткеніміз жөн. Бұл әдемі үрдіс – қазақ сахна өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығының сақталғандығын дәлелдейді.
Актриса Д.Жүсіп – өз ұстазы КСРО Халық артисі, профессор Хадиша Бөкееваның актерлік өнеріндегі шеберлік өрнегін, биік мәдениетін көрсете алды.
Ал, жас актриса Мадина-Ләззат Қалдыбекова спектакль барысында кейіпкерінің сыртқы күйіне көбірек көңіл бөліп кеткеніне қарамастан Зылиха-Д.Жүсіптің партнері ретінде ансамбльдік жұпты ұстап жүре алды. Бірінші бөлім екі актрисаның сөз арқылы туындаған диалогы арқылы өрбіп отырады.
Жалпы спектакль туралы драматург Д.Исабековтың өзі жазған драмасы туралы: «Зылиха – текті әйел. Өмірдің барлық қиындығын артта қалдырған адам. Ол енді өмірге кекесінмен қарайды. Зылиханың рөлі сәтті шыққан. Жалпы, спектакльді алып шыққан Дария Жүсіп. Бірінші бөлім керемет жүйеленген. Оған еш мін жоқ. Ал екінші акт менікі емес. Менің жазғаным бойынша екінші бөлім мәскеулік ақындардың ортасында Мағжанның қызыл диплом алған сәтінен өрбуі тиіс еді. Орыс зиялылары ақынды қазақтан шыққан Пушкинге теңеген. Яғни Мағжан Мәскеуді мойындатқан адам. Мен соны көрсеткім келген. Өкінішке қарай, спектакльдің екінші бөлімі менің жазғандарыммен мүлде үйлеспейді. Дайын мәтінді лақтырып тастап, неге басқа оқиға құрылғанын түсінбедім. Авторы тірі отыр, неге кеңеспейді?! Кезінде пьесаға бір-екі ауыз сөз қосу үшін Сәбира Майқанова, Фарида Шариповалардың өзі хабарласып, кеңесіп жататын. Ал бүгінгілер автор үшін өздері жаза салатын болыпты» деген пікірін жеткізеді [79].
Автор мәтінінің қысқартылуы режиссерлік шешімге, қойылымды сахналаған суреткердің көркемдік ұстанымдарына байланысты болуы да мүмкін. Көрнекті режиссер Г.А.Товстоногов бұл туралы: «Пьеса существует для чтения. И для театральной работы. Для публики создается спектакль. От пьесы до спектакля - дистанция огромная. Пьеса - творчество драматурга, произведение литературы. Процесс создания спектакля - сложное художественное производство, движущей силой, энергетическим и духовным центром которого становится режиссер, весь его творческий потенциал», - деп қойылымды тудыру үдерісіндегі басты шығармашылық тұлға – режиссердің рухани келбетін баға береді » [10, с. 28].
Қойылымның екінші бөлімі Мағжан өмір сүрген заманның тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Бірінші актідегі Зылиханың ішкі жан айқайының күйімен өрнектелген сахна екінші актіде мүлдем басқа сипатқа ие болады. Екінші акті бірден Мағжанның Мәскеудегі қазақ достарымен бірге мейрамханадағы әндетіп отырған, думанды кешімен басталады. Мағжанның ғашық болған қыздарының бірі Гүлсім мен күйеуі Кәжен екеуінің көрінетін сахнасы да осы екінші актіге енгізілген. Зылиха да көрінгенімен, негізгі режиссерлік акцент Гүлсімге беріледі. Пьеса бойынша бірінші актіде қойылуға тиіс Кәжен мен Мағжанның дуэльге шығар сахнасы спектакльде ауысқанын көруге болады.
Міне, пьесаның бірінші бөлімде өтетін оқиғаларды, спектакльді сахналаған кезде режиссерлік интерпретация жасап, екінші бөліміне ауыстырғанына драматург Д.Исабеков: «Пьеса бойынша бірінші актіде қойылуға тиіс Кәжен мен Мағжанның дуэльге шығар сахнасы спектакльде ауысқанын көруге болады. Және осы дуэль сахнасының Зылиханың баяндауымен басталатын тұсы қысқартылып кеткендіктен спектакльде бұл сахна пьесамен таныс емес көрермен үшін бұлыңғырлау, түсініксіз күйде қалып қойғандай», - деп автор ретінде қарсылық білдіреді [80].
Спектакльде Мағжанның бейнесін Алмас Шаяхметов сомдады. Актер - ақынның албырттығын, әсершілдігін, ақынға тән қызбалығына бас мән бере отырып, Мағжанның суреткерлік әлеміне бойлай алды. А.Шаяхметов - драманың өн бойында Мағжан бейнесінің келесі бір қырын С.Есенин, Д.Бедный, М.Горький, ұстазы В.Брюсов сияқты Мәскеу зиялы қауым өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасын зерделей отырып, жанартаудай атқылаған дарынымен «қазақтан шыққан Пушкин» атандырған ортасымен алып, ақынның асқақ тұлғасын биіктете түседі. Қырық төрт жыл өмір сүрген, ғұмырының 10 жылын абақтыда, қуғын-сүргінде өткізген Мағжан ақынның шуақты күндері аз болса да шығармашылығына шабыт берген, өміріне қуат берген – ғашықтық сезімі, сұлуларға ынтықтығы, биік ұғымдағы Отанға, жарға деген асыл махаббатына куә болдық.
Актер Алмас Шаяхметов М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында бірнеше спектакльде басты рольде ойнап жүрген талапты жас. Мағжан бейнесі актер ойнаған кейіпкерлерінен интелектуальдық жағынан болсын, талантымен болсын әлдеқайда биікте тұрған, тереңде жатқан жаухарлардың бірі екендігін атап өткен жөн.
Пьесадағы Зылиханың Мағжанның кітабын ит көйлегіне ораған күйі өлетін сахнасы спектакльде режиссердің ақын мен жарының о дүниеде бірге екенін айғақтайтындай көріністе, яғни, қос ғашықты қол ұстатып, жоғарыға көтеріп ала кетеді. Ал екеуінің артынан ерген бүгінгінің жастары екі мұңлықты құрметтей бермек деген оймен аяқтайды. Режиссер өз қойылымында – ақынның аяулы бейнесі халқының жүрегінде сақталатынын, Мағжан мен Зылиханың махаббаты жас ұрпаққа үлгі екендігін дәріптейді.
Режиссер А.Кәкішева өз кезегінде спектакль туралы ойын, көзқарасын: «Көрермен тарапынан маған сын айтыла қойған жоқ. Көпшілік мен қойған Мағжанды әзірге жылы қабылдауда. Автор тарапынан ғана айтылған сын бар. Оның өзі мәтінге қатысты айтылып отыр. Менің режиссер ретінде міндетім – спектакльді жасау. Сахнада мизансценалар сөйлеу керек. «Образды көру» деген болады. Мәселен, көшеде ағаш құлап жатыр. Сіз құр құлаған ағашты көресіз. Ал мен одан басқа дүниені елестетуім мүмкін ғой. Сол сияқты, пьесадан да режиссер бірнәрсені аңғарады әуелі. Сол өзі байқаған, өзі аңғарған дүниесін сахнаға алып шығады. Сахнаның өзінің тілі бар. Сол үнді мен шығаруым керек. Ол іс-қимыл арқылы, музыка арқылы сөйлеуі мүмкін. Театр – синтездік өнер. Театрдың әдебиеттен бөлектігі де осында, яғни сахна тілінде сөйлеуінде. Ал мен болсам, сол театрды өз тілінде сөйлеткім келді. Іс-әрекетсіз, мизансценаларсыз сахнаны қалай сөйлетем?!», - деп жеткізеді [81].
Пьесаны сахналау үдерісі кезінде режиссер өзінің көкейкесті мақсатын орындау жолында әртүрлі әдістер арқылы, көркемдік шешімдер іздейді. Кей кезде сол көркемдік ізденістер, уақыт өте келе өзінің дұрыстығын дәлелдеп те жатады.
Бұл туралы сахна санаткері Г.А.Товстоногов: «Быть может, высшая степень близости режиссера к тексту пьесы - это свобода. Та глубокая внутренняя творческая свобода, которую он обретает, услышав, поняв нечто самое важное в пьесе, что-то очень сокровенное в намерениях автора. Сокровенное для него - режиссера. Бывает так, что внешне самый близкий, идентичный пьесе спектакль может оказаться самым неудачным. Может остаться текст, но умереть театр. Творческая раскрепощенность, духовная, художественная свобода режиссера в материале пьесы - одно из непременных условий для созидательной деятельности режиссера в театре. «Необходимо свободно плыть в стихии предстоящего спектакля. Мне важна свободная импровизация, маневрирование, без всякого пиетета, любыми способами создания спектакля, в любой их последовательности», - деп кәсіби тұрғыда ой сараптайды [10].
Жалпы, Алаш арыстарының аяулы жарларының тағдырын спектакльге арқау ету - М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында 1997 жылы қойылған «Кебенек киген арулар» спектаклімен басталған еді. Араға жылдар салып, Алаш қайраткерлерінің өмірлік серіктерінің қилы тағдыры хақындағы тақырып - «Жүз жылдық махаббат» қойылымында жалғасын тапты. Режиссер Б.Атабаев сахналаған «Кебенек киген арулар» спектаклінде, кезінде Алма Кәкішева АЛЖИР-дегі тұтқын әйелдердің бейнесін ойнаған еді.
Ал осы жолы режиссер ретінде А.Кәкішева өзі сахналаған қойылымда «Кебенек киген арулардағы» сахналық метафоралық теңеулерді қолдану да, спектакльдің формасын табу да, актерлер ойынын да сабақтастықтың керемет мысалын көрсете білді.
Мағжан ақынның қилы тағдыры мен Зылиха арасындағы сыйластықты сахналау арқылы Алаш ардақтысының бейнесін жасаудағы режиссерлік шешімі де ұтымды шыққан спектакльдің бірі - жазушы Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» атты мистикалық драмасы мемлекеттік республикалық кәріс театрының сахнасында қойылды. Цой Ен Гынның көркем тәржімасы арқылы кәріс тілінде сахналанған «Әйел махаббаты» қойылымы - театрдың жас қоюшы-режиссері Елена Кимнің алғашқы туындысы. Өнер иесі қойылымда басты роль -Зылиханы да өзі сомдады. Мағжан мен Зылиханың өмірін көрсету арқылы театр ұжымы еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадыры мен қасиетін дәріптеуді мақсат тұтқан.
Аталмыш қойылымда Мағжанды тек ақын ретінде ғана емес, батыл да шыншыл азамат ретінде танытады. Ал Мағжанға деген Зылиханың махаббаты да ерекше, ешкімге ұқсамайтын махаббат. Театр артистері Әлішер Махпиров, Елена Ким, Галина Хан, Анна Цой, Антонина Шегай, Эдуард Пак, Игорь Шин, Борис Югай, Наталья Ли, Лаура Ержігітова, Мария Ким актерлік ансамблінің арқасында спектакль көрермендер жүрегіне жол тапты.
Театр труппасы аталмыш қойылыммен Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып, театр сыншыларынан жақсы баға алып қайтты. Қуғын-сүргінге ұшыраған уақытта, небір кедергілерге қарамай, ерінің соңынан іздеп сан рет барған, өмір бойы Мағжан рухын ардақтап, өзінің соңғы демі біткенше ұлы ақын жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар-күш жігерін салған Зылиха бейнесі де қайсарлықтың бейнесі іспеттес еді. Ал олардың сыйластығы - кейінгі сан ұрпаққа өнеге екендігін республикалық кәріс музыкалық комедия театры дәлелдей білді.
Түркі дүниесінің мақтанышына айналған Мағжандай арысымыздың тарихи тұлғасын дәріптеген, ақын өмір сүрген заманның ақиқатын анық жеткізе білген Д.Исабековтің, Ж.Солтиеваның бұл туындылары өзге де Алаш арыстары жайында жазылар келешек дүниелерге жарқын үлгі болды.
Ақиқаттың көзіне тура қарап, оны көре алатын, көргеніңді жеткізе алатын күш суреткердің ғана қолынан келетін дүние. Ал оны үзіп-жұлып, өзімшілдікке салынып, сөз қадірін кетіргеннен сорақысы жоқ.
Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің театр режиссурасындағы басты жаңалықтарының бірі – Алаш арыстарының сахналық көркем бейнелерінің жасалуы еді. Еліміздің театр кеңістігінде жалпы адамзаттық гуманизм ұстанымдарын асқақ тұтып, бүкіл қазақ халқының мүдделеріне қызмет еткен және саналы ғұмырын осы мақсатқа жетуге арнаған Алаш қайраткерлерінің көркем бейнесі республиканың түкпір-түкпіріндегі театрларда сахналанып жатты.
Заманауи театр өнеріндегі осынау үрдіс – ұлттық сананың биік ұстанымынан, қоғам сұранысы мен уақыт қажеттілігінен туған бастама еді. Арыстардың есімін ақтап, халқын өзінің рухани қайраткерлерімен табыстырудағы Елбасы Н.Назарбаевтың осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи дерекке және біздің театр өнеріндегі ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Кеңестік идеология айтуға тиым салған, Алаш зиялыларының тағдыры, қилы өмірі мен қайраткерлік жолдары спектакльдерге арқау болып, бұл өз кезегінде жас ұрпақты ұлттық тарихының ақтаңдақ тұстарымен танысуға, заңғар тұлғаларын құрметтеуге, елдік рухтың биіктеуіне бастайтын қасиетті темірқазыққа айналды.
Тарихи тұлғаның сахналық көркем бейнеге айналуы - күрделі үрдіс.
Театр өнерінде бүгінгі күн шындығы мен тарихи тұлғаның ішкі иірімдеріне үңілетін жаңа пьесалар шоғыры пайда болды. Бұл үрдіс өз кезегінде театр өнеріндегі жаңа тақырып, жаңа көркем бейне, жаңа идеялардың пайда болуына ықпал етті. Ал өз кезегінде қазақ драматургтері үлкен-үлкен сүбелі туындылар жасай алды. Олардың қатарында Ш.Мұртаза, Қ.Мұхамеджанов, Ә. Тарази, Д. Исабеков, Қ.Ысқақ, Н.Оразалин, Иран-Ғайып, Р.Отарбаев, Ж.Әлмашұлы, Ж.Солтиева, Қ.Жүнісовтер жазған драмалық шығармалар республикамыздың театр сахналарында қойылып, театр сыншылары мен көрермендерден лайықты бағасын алды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты байқаудың «драматургия» номинациясы бойынша Алаш арыстары туралы ойлы пьесалар сан мәрте жүйрік шығып, топ жарды. Міне, сол жаңа туындылар енді еліміздің сахналарына кезегімен жол тартты.
Мысалы, Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы құрметiне драматургиялық шығармаларға жариялаған «Тәуелсiздiк толғауы» республикалық байқауында бас жүлдеге ие болған Әубәкiр Рахимовтың «Шәкәрiм» драмалық диалог қойылымы сөз жоқ, ұлттық театр тарихында елеулi оқиға болып қалары анық. Автордың ұзақ дайындық, iзденiсiнен кейiн үлкен сахнаға шыққан қойылымы туралы көрерменнiң жылы iлтипаты осыны меңзейдi.
Режиссерлеріміз Алаш арыстары хақындағы өз спектакльдерінде заманауи формалар мен сценографияның жаңа түрлерін қолдана біліп, артистер орындауындағы Шәкәрім, Мұстафа, Мағжан, Сәкен, Тұрар, Жұмабай сынды қайраткерлердің бейнесі сахнада мейлінше шынайы сомдалды.
Халқымыз өзінің тарихында небір қиындықтарды басынан өткерді. Сұрапыл соғыстарды, жойқын тойтарыстарды көрген, сан рет құлап, сан рет тұрған, жақсы мен жаманды білген, көрші халықтармен бейбіт өмір сүрген, хандары алтын тақта отырған, ел мүддесін қорғай білген азаматтары бар, бүгінде әлем өркениетінде «Ұлы Дала Елі» болып, көш бастап отырған елміз. Ендеше Қазақстанның театр кеңістігіне жаңа леп, жаңа серпін әкелген Алаш арыстарының сахналық көркем бейнесін жасаған бұл қойылымдар – халықтың тарихи жады мен рухани болмысына әсер ете отырып, елдік пен бірлікке бастайтын ұлттық рухын биіктетті.
«Жаңа театрлық идеялардың режиссурадағы көрінісі» атты екінші бөлімде, еліміздің театр кеңістігіндегі шығармашылық ізденістер, жаңашылдық бағытындағы қойылымдардың ерекшеліктер Н.Жақыпбай мен Б.Атабаевтың режиссурасы мысалы негізінде сараланды. Әлемдік және ұлттық классикалық шығармаларды сахналауда заманауи интерпретация жасап, көрермендер санасында жаңа эстетикалық және интеллектуальдық таным мен тағылым қалыптастырған аталмыш режиссерлер, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді, адамзаттық рухани құндылықтарды арқау еткен заманауи пьесаларды батыл қоя білді.
Бұл орайда, театр режиссурасындағы тақырыптар шеңбері кеңейді. Мысалы, полигонның зардабы, экологиялық апаттар, Кеңестік жүйенің келеңсіздіктері мен Алаш арыстары хақындағы туындыларды қазіргі заманауи формалармен, сценографиядағы минимализммен, сахна өнеріндегі символдық шарттылықтармен үйлестіре білді.
Екі режиссер де театр педагогикасындағы тәжірибелері мен режиссерлік ізденістері негізінде Қазақстанда «мектеп-студия-театр» құрылымының маңыздылығы арттырып, жаңашылдық, ізденіс, өзгеріп отыру секілді үрдістердің театрдағы ең басты темірқазыққа айналу керектігін, өздерінің шығармашылығымен дәлелдеді.
Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарында ұлтымыздың мақтанышына айналған Алаш арыстарының заманауи драматургия мен режиссурада тұңғыш рет сахналық көркем бейнелері жасалды.
Осынау заманауи үдеріске республикамыздағы барлық театрлар жаңашыл көркемдік эстетикалық ұстанымдармен келіп, бұрын режиссурада көтерілмеген тың, жаңа тақырыптардың сахнаға дер кезінде шығуына Ә.Мәмбетов, Р.Сейтметов, Е.Обаев, Ә.Рахимов, Б.Атабаев, М.Ахманов, Ә.Оразбеков, Е.Төлеубай, А.Кәкішева, Д.Еспанов тағы басқа режиссерлеріміз бір кісідей атсалысты.
Еліміздің сахнасында жүріп жатқан қазіргі шығармашылық ізденістер - режиссерлік театрдың қанат жайып көркеюіне, өнер ұжымдарының жаңарған көркемдік-эстетикалық келбетін көрсетумен бірге режиссура мен актерлік өнердің жаңашылдық бағытта дамуына, тың белестерге шығуына ықпал етуде.
ҚАЗАҚСТАН ТЕАТР РЕЖИССУРАСЫНЫҢ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ
3.1 Әлемдік және орыс классикасын меңгерудегі замануи шешімдер
Еуразия кеңістігінің бел ортасында орналасып әлем театрларында болып үрдістермен үндес еліміздегі қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, кәріс, өзбек театрлары мемлекеттік қолдауға ие болумен қатар, әлемдік мәдениете алты тілде сөйлейтін шығармашылық келбетімен де ерекшеленеді. Бұл біздің еліміздің тарихи-әлеуметтік даму жолындағы ұстанған көп векторлы саясатымызбен тікелей байланысты. Сонымен бірге Қазақстан халқының ішкі және сыртқы саясатындағы толеранттылықты ту етіп көтерген ұстанымдары да маңызды роль атқарады.
Үлкен құрлықтың қақ ортасынан өзінің шекарасын бекітіп ұланғайыр жерге иелік етіп 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар өкілдерін бауырына басып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында Қазақстан халықтары мәдениеті мен өнерін дамыту кең өріс алды. Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің ішкі саяси өмірін реттейтін қоғамда бейбітшілік пен келісімді тепе-теңдікте ұстауға бағытталған жалпыұлттық идеялары өзінің оң нәтижелері мен жемісін беріп келеді.
Елбасы өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XХІ сессиясындағы сөзінде еліміздегі рухани келісімнің жоғары қағидаттары жайлы айта келе: «Қазақстандық мәдениет елдегі бүкіл этностардың мәдени қатпарларының тығыз қарым-қатынасы арқасында қалыптасады. Бізде қазақ өнері мен дәстүрлері дамуда, сонымен бірге, бүкіл этностардың мәдени мұраларының дамуы да қамтамасыз етілген. Біз өз еліміздің, кез келген этносқа жататын біздің отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа қосқан үлестерінің артып келе жатқанын мақтан тұтамыз», - деген еді [82].
Осындай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда республиканың барлық облыстары мен ірі мегаполистерінде орналасқан мәдениет пен өнердің қайнар көзі – театрлардың маңызы зор. Толеранттылықты ту етіп көтерген тәуелсіз елімізде өмір сүретін барлық халықтардың өніп-өсуіне, тең құқылы дамуына толық жағдайлар жасалды. Солардың ішінде қоғамдық ой-сананы қалыптастыруда, тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын ұлттық театр ошақтарының жұмысына ерекше мән беріліп, айрықша қолдау көрсетілді.
Қазақстандағы диаспоралардың өз ұлттық тілінде сөйлейтін театрларының тарихы мен шығармашылық тынысы, көркемдік келбеті мен кемшін түсіп жатқан өзекті мәселелері бүгінгі күн тұрғысынан қарастыру, бағамдауымыз қажет. Қазақстанда толыққанды жұмыс істейтін орыс, ұйғыр, кәріс, неміс, өзбек этностарының кәсіби театрлары жұмыс істейді. Олардың шығармашылық жолы, белестері, бүгінгі хал-күйі арнайы сараптама жасауды қажет етеді. Еліміздегі тек орыс тілінде сөйлейтін драма театрлардың саны он алтыны құрайды екен.
Қазақстан театр өнері тек елордамыз Астана мен Алматы секілді бас қалаларда ғана емес, республиканың барлық облыстарында жақсы дамыған. Өздерінің ана тілінде өнері мен мәдениетін дамытуға мол мүмкіндіктер алған мемлекет қарамағындағы ұлт өкілдерінің бұл театрлары республиканың, облыстың бюджетінен қаржыландырылады. Дүниенің түкпір-түкпірінде ұлтаралық араздықтар өршіп тұрған кезде еліміздің басты байлығына, баға жетпес құндылығына бағаланған этно-конфессиялық бейбітшілікті берік ұстаған бағытымыз алыс-жақын шетелдердің, жалпыәлемдік қауымдастықтың назарын аударып келеді.
Мұндай мәдени құбылысты көпшілікке таныту, кеңінен насихаттау – күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан, елімізде тең құқылы қатар өмір сүрген өзге ұлт өкілдері мәдениетін түсінуге, еліміз халқы арасындағы өзара түсіністік пен төзімділікті бекіте түсуге ықпалы зор. Қазақстанда қайталанбас көп үнге, сырлы бояуға малынған көпұлтты театр режиссурасының бүгінгі тынысы, шығармашылық келбеті арнайы тоқталуды қажет етеді.
Ұлттық нақышымен өрнектелетін Қазақстан халқы театрларының шығармашылығы, жүргізіп отырған репертуарлық саясаты мен қойылымдардың көркемдік сапасы, эстетикалық деңгейі бұған дейін жекеленген авторлар тарапынан қарастырылған. Еліміздегі 50-ден аса кәсіби театрларының жалпы панорамасынан мемлекетімізді мекен еткен ұлыстардың өнер ұжымдарының режиссурасы арнайы қарастыру барысында Қазақстан халқының қайталанбас келбеті мен өзгелерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерінің мол екендігіне көз жеткіземіз. Зерттеу нысанымыз осы театрлар шығармашылығы, режиссурадағы соны идеялар арқылы айқындалады.
Жаһандану үрдісінің күшейген тұсында әрбір елдің, ұлт пен ұлыстың әдеби-рухани құндылығы өзіне тән бояуын сақтап, бағыт-бағдарынан адаспай, өзіне тиесілі орнын табуы күн тәртібінде тұр. Көрші Ресей Федерациясы, Өзбекстан, алыс шетелдегі Германия, Корея секілді тарихи отанымен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстанның орыс, ұйғыр, кәріс, неміс, өзбек диаспоралары театрларларының шығармашылығы ұлттық дәстүрінің тамырынан ажырамай көркейіп келеді.
Қазақcтан театрлары өздерінің шығармашылық жолының алғашқы жылдарынан бастап-ақ репертуарына ұлттық драматургиялық шығармаларымен қоса әлемдік классиканың шоқтығы биік туындыларын жоғары деңгейде қойып келеді.
Еліміздің картасындағы өзге диаспоралар тілінде өнер көрсететін театрларды түгел қамтып шығу мүмкін емес. Сондықтан біз негізгі ұлттық тілдерде сөйлейтін театрларды ала отырып көп санды орыс тілді театрлар ішінен М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының шығармашылығы мысалында қарастырсақ, өнер ұжымында 1990-шы жылдардың ортасынан аса өзінің репертуарлық саясатын өзгертіп, ұжымның шығармашылық қарымын көрсететін әлемді классикалық драматургияның шыңы іспеттес У.Шекспирдің «Макбет», А.Н.Островскийдің «Таланты и поклонники» және Б.Брехттің «Трехгрошовая операсы» секілді туындылар сахналана бастады.
Орыс драматургі А.Н.Островскийдің «Таланты и поклонники» пьесасы театрдың танымал актері Ю.Померанцевтің режиссерлік жұмысы болатын. Автор ойын ашу барысында кейіпкерлердің трагедиялық жан-дүниесіне тереңдеп енген театрдың бұл жұмысы көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Уақыт алып келген қоғам өміріндегі өзгерістердің А.Островский кейіпкерлері, провинцияда тұратын талантты актриса Александра Негинаның трагедиялық тағдыры арқылы көрсетіледі. Қойылымға арқау болған талантты тұлға мен оның қоршаған ортасы, байлар мен кедейлердің арасындағы қарым-қатынастар, моральдық, этикалық қалыптардың сақталмауы - бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен үндесіп жатты.
Бұл театрдың «Эзоп» спектаклі тәуелсіз еліміздегі орыс театрларының шығармашылық бет-бейнесін көрсететін айтулы жұмыстардың бірі болды. Бразилиялық драматург Г.Фигейредоның «Түлкі мен жүзім» атты пьесасы бойынша 2000 жылы қойылған қойылымның режиссері Р.Андриасян мен қоюшы-суретшілері Владимир және Людмила Кужельдердің шығармашылық тандемі - тың жаңашылдыққа толы болды.
Пьесаның желісі көне грек елінің белгілі суырып салма сөз шебері, тілі мен жағына сүйенген Эзоп есімді құлдың төңірегінде өрбиді. Адам баласының ғасырлар бойы айтып, жырлап, қажет болса өмірін қиюдан да тайынбаған еркіндік үшін күресі бұл шығармада ерекше үнге ие болды.
Өзінің бұл қойылымдағы айтпақ болған ой-идеясын театр жетекшісі әрі қоюшы режиссері Р.Андриасян: «Мы ставили спектакль о человеческом достоинстве, которое не может убить ни рабство, ни нищета, которое не продается и не покупается, потому что оно имеет цену, равную жизни. Это спектакль о главной человеческой, общественной ценности - свободе» - деген болатын [83].
Көне дәуірдің өмір салты мен тұрмыс тіршілігі молынан көрініс берген бұл қойылымда комедиялық сәттердің өзі мұңға толы мелодрамалық бояумен үндесіп жатты. Режиссер құлдық өмір кешкен басты кейіпкердің аянышты халі мен еркіндікті аңсаған еркін рухын анық ашып көрсете алды.
Байлығына мастанған, ақымақтау философ Ксанф пен оның сүйкімді де ақылды әйелі Клея, сыртқы тұрпаты келіспегенімен, бірақ тілге шешен, ақылды Эзоп құлдың арасындағы өмір мен оның мәні-жайы хақындағы көріністер және одан туындайтын мораль - көрерменге терең ойлануға, бас қатыруға жетелейтін ой тастайды. Әдемі әйелдің махаббатына бөленіп, онымен бірге тыныш өмір сүруді жаны қаламайтын Эзоптың басты арманы – еркіндік пен бас бостандығы. Спектакль осы мәселені көременге көрсете отырып, құлдық санадан тазару жолындағаы тақырыпты қаузайды.
Қойылымдағы алты кейіпкердің ішінде, құлдық өмір сүрсе де санасы еркін болған жан - Эзоптың өзі болып шығады. Режиссер осы мәселені көтеру арқылы еркін елдің «еркінбіз» деп ойлайтын адамдарының бойындағы құлдық психология іштен туа қалыптасқандай шырмап тастағанын анық көрсетеді. Ал, маңдайына құл болып, басқа ерікті азаматтарға қызмет етуге жазылған Эзоптың тағдыры, оның ішкі еркіндігінің арқасында биік белестерге көтереді.
Белгілі театр реформаторы М.Чехов: «Работая над ролью, вы совершаете два процесса: с одной стороны, вы приспосабливаете образ роли к себе, с другой - себя к образ роли. Так вы сближаетесь с ним. И хотя есть предел, за который вы не можете перейти (ваши внутренние и внешние актерские данные определяют этот предел), вы все же можете достичь многого, если будете применять правильные средства», - деген өзінің шығармашылық тәжірибесін алға тартады [84, с. 248-249].
Бұл орайда Эзоп сынды мінезі сан қырлы кейіпкердің психофизикалық болмысын терең зерделеген театр артисі С.Погасян - ішкі-дүниесі еркіндікке құштар, санасы сәулеге толы, биікке ұшқан қыран құстың қасиеттерін бойын жинаған ерекше бейнені сомдай білді. Материалдық құндылықтарға сатылмайтын оның кейіпкері, адами қасиеттерімен басқалардан оқ бойы биік тұрды.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Критическое десятилетие» кітабында: «Когда Эзопа попросили назвать самое худшее блюдо, он назвал «язык», а когда его спросили почему, зоп ответствовал: «Потому, что с помощью языка предают, казнят, убивают и возводят хулу на человека! На вопрос же, какое же блюдо является лучшим, Эзоп ответил: «Язык» и пояснил: «С помощью языка говорят о любви, превозносят дружбу, выражают благодарность и заставляют людей быть лучше, чем они были и есть!», - деген пікірі - Эзоптың сан қырлы құпияға толы болмысының кілтін ашып береді [85, с. 234].
Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бұл қойылымның өзге де орындаушылық құрамының жұмыстары айтуға тұрарлықтай. Клеи мен Ксанф роліндегі артистер И.Лебсак пен Ю.Капустин, өз кейіпкерлерінің бойындағы психологиялық өзгерістерді ойлы да еркін ойын өрнегімен сипаттап бере алды.
Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңнің оқиғасына бүгінгілік сипат берген режиссер Р.Андриасянның «Эзоп» спектаклі – көрермендердің танымы мен тағылымын биіктеткен ойлы қойылымдар қатарынан орын алды.
1991-2015 жылдар аралығында қазақ театр ұжымдары әлемдік драматургияның өшпес мұраларынан талай дүниелерді сахнаға шығарды. Олардың ішінде бұрын‑сонды қойылып жүрген У.Шекспир, Ж.‑Б.Мольер, А.П.Чехов, Н.В.Гогольдің пьесаларымен қатар, ұлттық сахна төріне алғаш шыққан П.Мериме, Г.Ибсен, Ф.Кафка, Г.Гауптман, Ж.Ануй, Ю.О’Нил, Т.Уильямс, Э.Олби шығармалары барлық жағдайда ойдағыдай шыға бермесе де қазақ көрерменін әлемдік классикамен таныстырды.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры аударма шығармаларды сахналауда үлкен мектептен өтті. Осы аударма шығармалардың ішінде К.Гоццийдің «Турандот ханшайым» пьесасы режиссер Т.Жаманқұловтың режиссерлігімен репертуарда біраз уақыт сақталды. «Турандот ханшайымның» орыс сахнасына 1922 жылдың 27 ақпанында шыққан премьерасы бүкіл Еуропа театры өнеріндегі үлкен оқиғаға айналды. Мәскеу Көркем театрының Үшінші студиясында Е.Б.Вахтангов қойған бұл спектакль режиссер есімін мәңгілік етіп, театр өнері тарихына жазып кетті. Қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылған «Турандот ханшайым» қойылымы да театр мамандары мен қалың жұртшылықты бірден елең еткізді.
Себебі, режиссер қойылымға дайындық кезінде шығарманың табиғатын ұғынып, актерлерлік өнердің жаңаша бір қырынан көрсетуге саналы түрде барған еді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Т.Жаманқұлов шеберханасынан бітірген 1993 жылы түлектер ат салысқан қойылымның сәтті қадамы алғашқы премьерадан кейін-ақ белгілі болды.
Қоюшы-режиссер актерлерге барыншы еркіндік беріп, кеше ғана академия қабырғасынан шыққан студент-актерлердің актерлік тапқырлықтарына сенімділік танытқан. Режиссер сенімі ақталғандай.
Себебі, шешендік өнер мен нағыз қазақы мінез-құлықты бойына сіңдіре білген жас актерлер өз мақсаттарына жету жолында бөгеліп қалған жоқ. Әсіресе, «...Турандот пен Калафтың қызықты оқиғалары қоюланған сайын, олардың кейіпкерге берген маазмұнды трактовкасы, шығарма идеясына лайық көркем мизансценалар арқылы өзінің шарықтау нүктесіне жетеді. Спектакльде кекесін мен күлкінің, келеке мен қалжыңның өзара астасуына режиссердің мағыналы интерпретациясы негіз болды», - деп театртанушы Б.Нұрпейіс сахнадағы әрекеттерді орынды байқаған [2. 484 б.].
Т.Жаманқұлов спектакльдің өзіне ғана тән даму қарқынын, ырғағын тапқан. Сахнадағы барлық қозғалыс, мизансценалар, жарық пен музыка режиссерлік шешімге бағындырылған. «Режиссер Т.Жаманқұлов ...қазіргі қазақ тұрмысы мен жай‑күйіне, еліміз басынан кешіріп отырған саяси, қоғамдық‑әлеуметтік, экономикалық‑материалдық, рухани‑моральдық ауыртпалықтарына қатысты ащы, өткір шындықтарды актерлер аузымен кейде жай хабар‑ошар, енді бірде әзіл‑оспақ, сайқымазақ, усойқы ащы сатира түрінде қойылым арнасына араластырып жіберген. Осы арада өзгеше бөліп айтатын нәрсе – Тұңғышбай заман талабымен сабақтас келетін интермедия, экспромт, импровизацияға баса мән беремін деп жүріп, пьеса‑ертегіде айтылатын сюжеттік желіні бір сәтке де естен шығарып алмауға ерекше назар салған» [86] – деп театранушы Қ.Уәлиевтің пікірі де оңды.
Одан бөлек, режиссер кейіпкер мінездерінің актерлердің табиғи бітім-болмысына жақын таңдап алғандықтан қойылымның ұтымды тұстарын арттырып тұр. Басты рөлдегі Д.Жүсіптің рөл алдындағы ізденісі мен дайындығын анық аңғаруға болады. Бұл актриса әдемі пластикалық қозғалыстың иесі болғандықтан ерке қылығымен, соған сай өжеттілігі қосарланып келісті үйлесім тапқан. Ол Турандоттың тәкаппарлығын, өз сұлулығымен өзі тамсанатын, ақылымен мақтанатын бойжеткен аруды нанымды шығарды. Тек Калафты көрген сәттен бастап жас ханшайымның бойын махаббат сезімі билегенін актриса бет‑әлпетінің өзгеруімен, болар‑болмас қимылдарымен көрсете бастады. Ал оның бір жағынан қарсыласы, екінші жағынан сүйіктісіне айналған Калаф жас бола тұра өз дегеніне қолын жеткізе алатын, қайсарлықтың үлгісін көрсетті.
Калаф роліндегі Е.Біләл алғыр да өжет, қиыншылықтан қорықпайтын, махаббаты үшін өлімге де бас тігетін жігітті бейнеледі. Спектакль мазмұнын ашуға көмектесіп тұрған рөлдердің тағы бір парасы А.Омар - Альтоум, Б.Әлпейісов - Тарталья, Д.Ақмолда - Бригелла, А.Боранбаев - Панталоне, Ж.Маханов - Труфальдино, Ш.Асқарова - Адельма сынды артистерге де тән. Режиссер мен орындаушылар ойы тұтастық тауып, импровизацияны орынды қолданған.
Актерлар сөз бен қимыл‑қозғалыстың бірлігін сақтап, кейіпкердің психологиялық көңіл‑күйін дәл тауып, бір‑бірін толықтырып, еліктіріп әкетіп отырды. Олар туралы Б.Құндақбайұлы: «Бұлардың орындауындағы әзіл, юмор, пародия элементтері сахналық көріністерге көркемдік көрік беріп, көрерменді күлкімен көмкеріп отырды. Жалпы, мұндағы кейіпкерлердің барлығы да сахналық баламаларын толық тапқан. Халық өнерінің бай мұрасына дарын мүмкіншіліктеріне сүйеніп, сахнада шығармалық суырып салма еркіндігіне барудың, күлдіргі әрекеттерге көшудің қисынын табу, сөзді ойната білу, би мен өлеңге де шеберлікпен бару осы орындаушылардың өнеріне тән», - деп жазады [31, 48 б.].
Сондықтан да болар, ұтымды таңдалған актерлік ансамбль мен жұмыр жазылған драматургияның, терең ойластырылған режиссураның арқасында театр сахнасында ұзақ уақыт бойы жүрген қойылымдардың қатарынан табыла білді.
2010‑шы жылдары қазақ режиссерлерін дүние жүзіне әйгілі махаббат жөніндегі Проспер Мерименің атақты «Кармен» новелласы қызықтырып, осы шығарманың желісімен қойылған бірнеше спектакль дүниеге келді. Бүгінде Мерименің бұл туындысы тек кітап күйінде ғана емес, сахна арқылы опера мен балетке, драмалық спектакльдер мен мюзиклдерге айналған нұсқада да өнерсүйер жұртшылық жүрегін әлдеқашан жаулап үлгеріп, әлемді дүр сілкіндіріп келеді. Елімізде Ж.Бизенің арқасында ел танитын «Кармен» операсы мен «Кармен-Сюита» балеті Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында аса сәтті көрсетіліп жатыр.
Ал драмалық қойылымы тұңғыш рет Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында Т.Теменовтің режисерлігімен «Карменсита» болып жүзеге асса, Астана Жастар театрында режиссер Н.Жақыпбайдың шеберлігі арқылы қарапайым «Кармен» болып сахналанды.
«Кармен» шығармасының бас кейіпкері – испандық жас сыған қызы. Кармен өзінің сымбатты келбеті, бойдағы жалын атқан жастық қуаты, жасампаз сұлулығы және тартымды тәкаппарлығы арқылы, елдің бәрін өзіне ынтық етеді.
«Карменсита» – махаббат пен ғашықтық, сұлулық пен іңкәрлік сезімдері жайында сыр шертер, сүйгеніне жету жолында күресу, өшпенділік пен озбырлық жайында сөз етер, тартысқа толы туынды. Сымбатты да сұрқия келбеті, бойдағы жалын атқан жастық қуаты, асқан сұлулығы мен тартымды тәкаппарлығы арқылы жігіт біткенді өзіне ынтық еткен испандық сыған қызының тағдырын әр режиссер өз пайымдауы бойынша шығарды.
Драмалық қойылымды екі режиссер де кәсіби пластика мен хореографияға негіздеген. Қойылымдардың сыртқы формасы мен сценографиядағы қара мен қызыл түстерді ортақ пайдалануына қарай отырып аздаған ұқсастықтарды байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |