Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы «27» қаңтарда
№27 бұйрығымен бекітілген
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ
БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК АРАЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫ ӨТКІЗУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
1. Жалпы ережелер
1. Осы технология "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-ІІІ Заңына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 20 қарашадағы № 561 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында мемлекеттік аралық бақылауды өткізу ережесіне сәйкес әзірленген.
2. МАБ кезінде екінші (үшінші) курс студенттерін кешенді тестілеу процесінің қатысушылары: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі - Комитет), Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі - ҰТО), оқу-әдістемелік кеңес (ОӘК), тест тапсырмаларын сараптау жөніндегі сараптамалық кеңесі, базалық жоғары оқу орындары, желілік жоғары оқу орындары, мемлекеттік аралық бақылауды (бұдан әрі - МАБ) өткізу үшін бақылауды жүзеге асыратын Министрліктің уәкілетті өкілі (бұдан әрі - ҚР БҒМ өкілі), МАБ-ты өткізу және ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып табылады.
3. Министрлік:
МАБ өткізуге арналған пәндердің тізбесін;
Сараптамалық кеңестің құрамын;
3) базалық жоғары оқу орындарының тізімі мен әрбір базалық жоғары оқу
орындарына бекітілген желілік жоғары оқу орындарының тізімін;
4) ҚР БҒМ өкілдері мен программистерінің тізімін;
5) мемлекеттік комиссия құрамын;
6) апелляциялық комиссия төрағаларын бекітеді.
4. ҰТО арнайы жауап парақтарын, МАБ барысында қолданылатын кіріс және шығыс құжаттарын, тест тапсырмаларының базасын дайындайды.
ҰТО:
1) тест материалдарын әзірлеу, сараптау және алып жүру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды;
2) студенттердің деректер қорын қалыптастыру бойынша базалық және желілік жоғары оқу орындарымен ұйысдастыру жұмыстарын;
3) базалық жоғары оқу орындарына "Аудиториялық қор" бағдарламалық кешенін беруді;
4) базалық жоғары оқу орындарынан аудитория қоры, олардың корпустарда орналасу жоспары, корпустардың аумақтарында орналасу жоспары бойынша ақпараттар жинауды;
5) базалық жоғары оқу орындарына емтиханға кіру рұқсаттама қағаздарын қалыптастыру үшін, желілік жоғары оқу орындары бойынша емтиханға кіру рұқсаттамаларын беру тізілімін басып шығаруға арналған базалық жоғары оқу орындарының бағдарламалық кешенін беруді;
6) базалық жоғары оқу орындарының программистерін оқытуды жүзеге асырады.
5. Желілік жоғары оқу орындарында МАБ кезінде кешенді тестілеу өткізуді дайындау жұмыстарын жүзеге асыратын желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы және программисі тағайындалады.
Желілік жоғары оқу орындарында МАБ-қа дайындық және өткізу үшін мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
студенттердің деректер қорын қалыптастыру;
студенттердің деректер қоры бойынша статистиканы беру;
базалық жоғары оқу орындарына студенттердің деректер қорын беру;
4) базалық жоғары оқу орындарынан рұқсаттамаларды, рұқсаттамаларды беру тізілімін, желілік жоғары оқу орындары бойынша студенттердің аудиториялық тізімін қабылдап алу;
5) студенттерге рұқсаттамаларды бері;
6) студенттердің тестілеуге келулерін ұйымдастыруды қамтамасыз ету.
6. Әрбір базалық жоғары оқу орындарында мемлекеттік комиссия құрылады. Мемлекеттік комиссия құрамы МАБ-ты ұйымдастырып, өткізу кезеңіне қалыптастырылады. Мемлекеттік комиссия құрамына студенттері МАБ өтетін жоғары оқу орындарының өкілдері енеді.
Мемлекеттік комиссия құрамына бақылаушы ретінде құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін енгізуге болады.
Мемлекеттік комиссия төрағасы болып базалық жоғары оқу орындарының ректоры немесе МАБ-қа жауапты тағайындалады.
Мемлекеттік комиссияның құрамын жыл сайын ҚР БҒМ бекітеді. Құрамы 7 адамнан кем емес мемлекеттік комиссия, төраға бекіткен жоспарға сәйкес жұмыс жасайды. Мемлекеттік комиссия хатшысы жұмыс жоспарын, мәжілістің күн тәртібін қалыптастырады, комиссия мүшелерінің өзара әрекетін ұйымдастырып, іс жүргізуге жауап береді.
Комиссия мүшелерінің жалпы санынан 2/3 бөлігі қатысқан жағдайда мемлекеттік комиссия отырысы өткен болып есептеледі.
Мемлекеттік комиссияның шешімі мәжіліске қатысқан комиссия мүшелерінің дауыстарының көпшілігімен қабылданып, мәжіліс хаттамасына комиссияның барлық мүшелері қолдарын қойып, ресімделеді.
Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмысы жоғары оқу орындарында МАБ-қа дайындық және өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мен үйлестіру болып табылады.
Базалық жоғары оқу орындарында МАБ-ты ұйымдастыру мен өткізуге жауапты және программист тағайындалады.
Базалық жоғары оқу орындарына МАБ-қа дайындау және өткізу үшін мынадай іс-шараларды жүзеге асыру арқылы орындалады:
аудиториялық қорды жоспарлау және оны ҰTО-мен келісу;
2) желілік жоғары оқу орындарының программисі мен жауаптыларының жұмыстарын алып жүру, оқыту;
3) студенттердің деректер қоры бойынша статистиканы қабылдау және ҰТО-ға тапсыру;
4) желілік жоғары оқу орындары студенттерінің деректер қорын қабылдау және ҰТО-ға тапсыру;
5) емтиханға кіру рұқсаттамаларын басып шығару мен желілік ЖОО-ға рұқсаттамаларды беру тізілімін беру;
6) аудиториялық қорды кешенді тестілеу өткізуге дайындау;
7) кезекшілерді оқытуды ұйымдастыру;
8) МАБ өткізу үшін бақылауды жүзеге асыратын ҚР БҒМ өкілі және программисінің жұмыс орнын ұйымдастыру;
9) ҰТО-ға ақпараттардың жіберілуін қадағалау;
10) МАБ-ты өткізу үшін қажетті жағдайлар жасау;
11) МАБ-тан өту үшін тіркелген барлық студенттердің тестілеуге келуін қадағалау;
12) желілік жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалық кешенді беру;
13) аппеляциялық комиссияның жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
14) МАБ өткізудің белгіленген тәртібін сақтауды бақылау және ақпараттық қауіпсіздік тіртібін қамтамасыз ету;
Тестілеуді өткізу үшін базалық ЖОО-да аудиториялар бойынша кезекшілердің тізімі қалыптастырылады. Аудитория бойынша кезекшінің негізгі тапсырмасы кешенді тестілеу кезінде тәртіптің және технологияның сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Аудитория бойынша кезекшіге мынадай міндеттер жүктеледі:
аудиторияның дайындығын тексеру;
2) «Емтихан материалдарын аудитория бойынша кезекшілерге беру және қабылдау туралы» акті бойынша емтихан матриалдарын қабылдау;
3) студенттерді аудиторияға кіргізу және оларды отырғызу;
4) «Емтихан материалдарын ашу туралы» акті бойынша емтихан материалдары бар қораптарды ашуды ұйымдастыру;
5) емтихан материалдарын тарату және оларды толтыру ережелерін түсіндіру;
6) тестілеу аяқталғаннан кейін актілер бойынша емтихан материалдарын қабылдау және тапсыру.
7. ҚР БҒМ уәкілетті өкілі МАБ бойынша кешенді тестілеудің өткізілуіне басшылық пен бақылауды жүзеге асырады.
ҚР БҒМ өкілі мынадай міндеттерді орындайды:
МАБ технологиясының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
2) тестілеу өткізу үшін қажетті техникалық жабдықтар мен құралдардың дайындығын тексеру;
3) аудитория кезекшілеріне нұсқау жүргізу;
4) күн сайын аудиториялардың емтиханға дайындығын тексеру;
5) күн сайын кезекшілерді аудиторияларға бөлу;
6) емтихан материалдарын беруді және қабылдауды ұйымдастыру;
7) тестілеу нәтижелерін өңдеуді ұйымдастыру;
8) апелляция комиссиясының жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету және деректер қорына апелляция нәтижелерін енгізуді бақылау;
9) белгіленген нысан бойынша атқарылған жұмыс туралы есеп дайындау.
8. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі программисі (бұдан әрі - ҚР БҒМ программисі) мынадай міндеттерді орындайды:
Тестілеуге дайындық кезеңі:
1) ҰТО-да базалық жоғары оқу орындары бойынша МАБ кезінде кешенді тестілеу өткізуге бөлінген студенттер деректерінің соңғы қоры бар ҚР БҒМ программисіне арналған бағдарламалық кешенін алады;
2) есептеу техникалық құралдарын жұмысқа дайындау;
3) ҚР БҒМ программисі бағдарламалық кешенінің инсталляциясы;
4) студенттердің деректеріндегі қателерді түзету: тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған жылы, шет тілі.
Тестілеу кезеңі:
әрбір аудитория бойынша жауап парақтарын сканерлеу;
жауап парақтарын сәйкестендіру;
дұрыс жауаптардың кодын ашу және басып шығару;
апелляция қорытындысы енгізілмеген емтихан ведомостарын беру;
апелляция қорытындысын қорға енгізіп, апелляция қорытындысы енгізілген емтихан ведомостарын шығару;
күнделікті статистикалық деректерді ҰТО-ға жіберу;
деректер қорын дайындау және ҰТО-ға Flash-дискімен тапсыру.
9. Апелляция комиссиясының құрамына МАБ-тың пәндер тізбесіне кіретін пәндер бойынша қазақ, орыс және шет тілдерінде білім беретін базалық және желілік жоғары оқу орындарының оқытушылары кіреді.
Апелляциялық комиссияның төрағасын Министрлік бекітеді.
Апелляциялық комиссия тестілеу нәтижесімен келіспеген студенттердің өтініштерін қабылдап, қарастырады.
Білім алушының МАБ-ты өткізу технологиясын бұзуымен байланысты сұрақтар бойынша апелляция қабылданбайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі комиссияның тізімдік құрамының көпшілігінің дауыстарымен қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Апелляция комиссиясының жұмысы үшін жеке кабинет беріледі. Апелляция комиссиясының жұмысы мынадай кезеңдерге бөлінеді:
апелляцияға өтініштерді қабылдау;
апелляция комиссиясының мәжілісіне дайындық;
апелляция комиссиясының мәжілісі;
апелляция бойынша шешімдер қабылдау;
апелляция комиссиясының шешімдері бойынша өзгерістерді деректер қорына енгізу;
апелляция комиссиясы мәжілісінің хаттамасын шығару.
2. Бағдарламалық қамтамасыз ету
10. Бағдарламалық қамтамасыз ету ҰТО әзірлеген мынадай бағдарламалар болып табылады:
«Студенттер туралы деректер қоры» арнайы нысанын толтыру және рұқсаттамаларды басып шығару кезеңінде пайдаланылатын желілік жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалық кешен (бұдан әрі – желілік ЖОО БК);
«Аудитория қоры туралы мәліметтер» арнайы нысанын толтыру кезеңінде пайдаланылатын "Аудиториялық қор" бағдарламалық кешені;
рұқсаттамаларды қалыптастыру кезінде, желілік жоғары оқу орындары бойынша рұқсаттамаларды беру тізілімін басып шығару кезінде қолданылатын базалық жоғары оқу орындарына арналған бағдарлармалық кешен (бұдан әрі – базалық ЖОО БК);
тестілеу кезеңінде пайдаланылатын ҚР БҒМ программистеріне арналған бағдарламалық кешен (бұдан әрі – ҚР БҒМ программисінің БК);
11. Бағдарламалық қамтамасыз ету ҚР жоғары оқу орындарының анықтамалықтарын және басқа да нормативтік-анықтамалық материалдарды пайдаланады.
3. Техникалық және телекоммуникациялық қамтамасыз ету
12. МАБ барысын техникалық қамтамасыз ету үшін, желілік жоғары оқу орындары мынадай есептеу техникалық құралдарымен жарақталуы қажет:
конфигурациясы бағдарламалық кешендермен жұмыс істеу үшін көрсетілген талаптарға жауап беретін дербес компьютер;
USB Memory Flash;
минутына кемінде 14 бетті басып шығаратын лазерлік принтер;
модем;
көшіргі аппарат.
13. Базалық жоғары оқу орындары мынадай есептеу техникалық құралдарымен жарақталуы қажет:
конфигурациясы бағдарламалық кешендермен жұмыс істеу үшін көрсетілген талаптарға жауап беретін дербес компьютер;
USB Memory Flash;
минутына кемінде 14 бетті басып шығаратын лазерлік принтер;
арнайы оптикалық сканер;
модем;
көшіргі аппарат.
14. ҰТО:
тиісті бағдарламалық қамтамасыз етумен;
сервермен, компьютерлермен, сканерлермен, принтерлермен және баспа кешендерімен жарақталуы қажет.
15. Телекоммуникациялық желі электрондық пошта арқылы қызметтік ақпараттарды қабылдау-табыстау үшін қолданылады.
4. Деректер базасын қалыптастыру
16. МАБ пәндері бойынша тест тапсырмаларының базасы құрастырушы жоғары оқу орындары ұсынған және тест тапсырмаларын сараптау бойынша сараптамалық кеңесте сараптамадан өткен тест тапсырмаларынан қалыптастырылады.
17. Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы ҰТО-дан аудиториялық қорды қалыптастыру үшін бағыттары және оқу тілі бойынша бөлінген студенттер контингентін қабылдайды.
Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы мен программисі МАБ өткізу үшін жоспарланған аудиториялық қор туралы деректер қорын қалыптастырып, телекоммуникациялық желі бойынша ҰТО-ға 16 наурызға дейін жібереді.
18. Студенттердің деректер қоры желілік жоғары оқу орындары бағдарламалық кешенінің бөлімдеріне енгізілетін студенттер туралы мынадай мәліметтерден тұрады:
«Тегі», «Аты», «Әкесінің аты» - 3 бөліктен тұратын бөлім;
«Туған жылы» - 8 позициядан тұратын бөлім;
«Азаматтығы» - 3 позициядан тұратын бөлім;
«Ұлты» - 3 позициядан тұратын бөлім;
«Жынысы» - 1 позициядан тұратын бөлім;
«Мамандық шифры» - Қазақстан Республикасы жоғары білім берудің даярлау бағыттары мен мамандықтарының жіктеуішіндегі студенттің мамандығын сәйкес 6 позициядан тұратын бөлім;
«Курс»- 1 позициядан тұратын бөлім;
«Оқыту тілі»- 1 позициядан тұратын бөлім;
«Оқыту нысаны»- 1 позициядан тұратын бөлім;
«Оқыту төлемінің шарты»- 1 позициядан тұратын бөлім;
«ТО коды» - ЖОО-ға түсу кезінде студентке берілетін жеке нөміріне сәйкес 8 позициядан тұратын бөлім;
«Сертификат нөмірі» - ЖОО-ға түсу кезінде алған студенттің сертификатының жеке нөміріне сәйкес 8 позициядан тұратын бөлім;
«Куәлік нөмірі» - мемлекеттік білім гранты мен кредитін алған кездегі студент куәлігінің нөміріне сәйкес 8 позициядан тұратын бөлім (егер оқыту түрі ақылы болса, бұл бөлімде мәлімет болмауы мүмкін);
«Жеке куәлігінің немесе паспортының нөмірі» - студенттің жеке куәлігінің немесе паспортының тиісті нөміріне сәйкес 10 позициядан тұратын бөлім;
«Қабылдану жылы» - студенттің ЖОО-ға қабылданған жылына сәйкес 4 позициядан тұратын бөлім;
«Сынақ кітапшасының нөмірі» - студенттің сынақ кітапшасының нөміріне сәйкес, 10 позициядан тұратын бөлім
19. Студенттердің деректер қорын толтыру үшін базалық жоғары оқу орындары ҰTО-дан желілік жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалық кешенді қабылдайды және оны өзіне бекітілген желілік жоғары оқу орындарына тапсырады.
Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы өзіне бекітілген желілік жоғары оқу орындарының жауаптылары мен программистеріне МАБ-ты ұйымдастыру және өткізу технологиясы туралы мәжіліс өткізеді.
20. Базалық жоғары оқу орындарының программисі желілік жоғары оқу орындарының программистерін оқытып, желілік жоғары оқу орындарының әр программисіне желілік ЖОО БК тапсырады.
Желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы желілік жоғары оқу орындарының программистері мен операторларының жұмысын басқаруды жүзеге асырады. Әрбір жұмыс күнінің соңында желілік жоғары оқу орындарының программистерінен күнделікті жұмыс туралы есеп алады, яғни операторлар журналын.
21. Желілік жоғары оқу орнының программисі мынадай міндеттерді атқарады:
желілік ЖОО БК алады және орнатады;
желілік ЖОО БК бейімдеуді жүзеге асырады;
операторлар туралы мәліметтерді енгізеді, және операторлар тізімін береді;
аталған желілік жоғары оқу орындарында білім алатын МАБ-қа қатысатын студенттердің барлық мамандықтары тізбесін қалыптастырады;
мамандықтар тізбесін береді;
студенттердің деректер базасын қалыптастыру үшін операторлардың компьютерлеріне желілік ЖОО БК орнатады;
операторларды оқытуды өткізеді;
Операторлар компьютері бар жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, келесі қызметтерді атқарады:
студенттердің деректерін қорға енгізеді;
деректер қорын желілік жоғары оқу орындарының программисіне тапсырады;
деректер қорына түзетулер енгізуді жүзеге асырады
Желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы мен программисі студенттердің деректер қорын қалыптастыру барысында, 16 наурыз және 1 сәуір бақылау даталарында студенттердің мәліметтер қорының шамалап статистикасын базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы мен программисіне тапсырады. Базалық жоғары оқу орындарының программисі телекоммуникациялық жүйе арқылы статистиканы ҰТО-ға жібереді.
Желілік жоғары оқу орындарының программисі барлық студенттердің деректерін қорға енгізіп болғаннан кейін желілік жоғары оқу орындарының жауаптысына студенттерге тексеру үшін мамандықтары мен оқыту тілі (“Өтініш журналы”) бойынша студенттердің тізімін береді. Желілік ЖОО-ның жауаптысы өтініш журналынан студенттер деректерінің дұрыс толтырылғандығын тексеруді ұйымдастырады, қате табылған жағдайда оларды деректер қорында түзету үшін журналда түзетеді. Студенттер емтиханға кіру рұқсаттамасына арналған екі фотосурет тапсырады.
Желілік жоғары оқу орындарының программисі қате табылған жағдайда студенттердің деректер қорына түзетулер енгізеді.
10 сәуірге дейін желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы мен программисі студенттердің деректер қорын электронды және желілік жоғары оқу орындары басшысының қолымен бекітілген қағаз тасымалдағыштармен базалық жоғары оқу орындарына тапсырады.
22. Базалық жоғары оқу орындарының программисі студенттердің деректер қорын қабылдап болғаннан кейін, желілік жоғары оқу орындарының жауптысы тексеруі үшін деректер қоры бойынша соңғы статистиканы шығарып береді.
Желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы қол қойып, желілік жоғары оқу орындары мөрімен расталған студенттердің деректер қоры бойынша соңғы статистиканы базалық жоғары оқу орындарының жауаптысына тапсырады.
23. Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы барлық желілік жоғары оқу орындарынан студенттердің деректер қорын қабылдап болғаннан кейін:
базалық жоғары оқу орындарының программисі телекоммуникациялық жүйе арқылы ҰTО-ға студенттердің деректер қорын 15 сәуірге дейін жіберуін;
желілік жоғары оқу орындарынан қабылданған студенттердің деректер қорының соңғы статистикасын ҰТО-ға факс бойынша 15 сәуірге дейін жіберуін;
базалық жоғары оқу орындарының бағдарламалаушысы базалық жоғары оқу орындары бойынша МАБ кезінде кешендік тестілеу өткізуге арнап бөлінген студенттер деректерінің соңғы қорын ҰTО-дан алуын ұйымдастырады.
5. Кешенді тестілеу өткізуге дайындық
24. Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы ҰTО-дан студенттер деректерінің соңғы қорын қабылдағаннан кейін желілік жоғары оқу орындары жауаптыларына: емтиханға кіру рұқсаттамаларын, рұқсаттамаларды беру тізілімін, деректер қорының соңғы статистикасын, желілік ЖОО бойынша студенттердің аудиториялық тізімін береді. Рұқсаттама мынадай мәліметтерден тұрады: студенттің Т.А.Ә., СЖК, мамандық шифры, оқыту тілі, пәндері, лек, емтихан тапсыру датасы, тестілеудің басталу уақыты, базалық жоғары оқу орындарының атауы, корпусы, корпустың мекен-жайы, аудиториясы.
Базалық жоғары оқу орындарының программисінен студенттердің аудиториялық тізімін сақтауға қабылдайды.
Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы:
аудиториялар бойынша кезекшілердің тізімін;
аудиториялар бойынша кезекшілердің жеке іс-қағаздарын;
комиссиялар жұмыс істейтін орынды;
ҚР БҒМ программисі үшін қажетті есептеу техникалық құралдарымен және қалааралық байланысы бар телефонмен жабдықталған жұмыс орнын;
кешенді тестілеу өткізуге арналған аудиториялық қорды (әрбір аудиториядағы отырғызу орындарының нөмірленуі, аудиториялар нөмірлері мен бағыттағыштар) дайындайды.
Желілік жоғары оқу орындарының студенттерінің рұқсаттамаларында қате кеткен жағдайда базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы 25 сәуірге дейін желілік жоғары оқу орындарының жауаптысынан деректері қате студенттердің тізімін, студенттердің өтініштерін қабылдайды және ҰTО-ға жібереді.
Тестілеу басталғанға дейін базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы желілік жоғары оқу орындарының жауаптыларынан емтиханға кіру рұқсаттама түбіртектерін «Емтиханға кіру рұқсаттама түбіртектерін қабылдау туралы» актісі бойынша қабылдайды. Желілік жоғары оқу орындарының тізімін тексеру үшін МАБ кезінде кешенді тестілеу өткізуге арналған базалық жоғары оқу орындарына бекітілген желілік жоғары оқу орындарының тізімін басшылыққа алу қажет.
Базалық жоғары оқу орындарының жауаптысы ҚР БҒМ өкіліне:
рұқсаттама түбіртектерін;
студенттердің аудиториялық тізімін;
рұқсаттамаларды беру тізілімінің көшірмесін;
аудиториялар бойынша кезекшілердің тізімін;
деректері қате студенттердің тізімін тапсырады.
25. Желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы емтиханға кіру рұқсаттамалары мен рұқсаттамалар түбіртектерін дайындауды ұйымдастырады.
Студентке емтиханға кіру рұқсаттамасы емтиханға кіру рұқсаттамаларын беру тізіліміне қолын қойғаннан кейін беріледі. Рұқсаттама түбіртегіне студент қолын қояды және ол жоғары оқу орындарында қалады.
Емтиханға кіру рұқсаттамасында студент туралы барлық қажетті деректер көрсетіледі. Студент рұқсаттамада және рұқсаттама түбіртегіндегі деректердің дұрыс толтырылғандығын тексеруі тиіс. Егер рұқсаттамада көрсетілген деректерден қате кеткен жағдайда ол өзі туралы ақпаратты деректері қате студенттердің тізіміне енгізетін желілік жоғары оқу орындарының жауаптысының атына өтініш жазады.
Студенттердің рұқсаттамаларынан қате табылған жағдайда желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы 25 сәуірге дейін базалық жоғары оқу орындарының жауаптысына деректері қате студенттердің тізімін тапсырады.
Желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы әр студенттің кешендік тестілеуден өтетін орнын түсіндіру және дайындық жұмыстарын жүргізеді. Студенттің кешендік тестілеуден өтетін базалық жоғары оқу орындарының мекен-жайы әр студенттің рұқсаттамасында және желілік жоғары оқу орындары бойынша студенттердің аудиториялық тізімінде көрсетіледі.
Тестілеу басталғанға дейін желілік жоғары оқу орындарының жауаптысы “Емтиханға кіру рұқсаттамасының түбіртектерін қабылдау туралы” актісі бойынша тестілеуге арналған емтиханға кіру рұқсаттамасының түбіртектерін базалық жоғары оқу орындарының жауаптысына тапсырады. Рұқсаттама түбіртектерін базалық жоғары оқу орындары бойынша бөлу үшін желілік жоғары оқу орындары бөлінісінде студенттердің аудиториялық тізімін басшылыққа алу қажет.
26. ҰТО-да әрбір базалық жоғары оқу орындарына арналып әрбір лектің аудиториялары бойынша мынадай емтихан материалдары дайындалады:
жауап парақтары;
сұрақ- кітапшалары;
нұсқаларды бөлу парақтары;
жауап парақтарының көшірмелері.
27. Мемлекеттік комиссия аудитория бойынша кезекшілерге нұсқама береді.
28. ҚР БҒМ өкілі келісімен әрбір аудиториядағы орындардың нөмірленуімен қоса, аудиториялық қордың тестілеуді өткізуге дайындығын, аудиториялардағы және дәліздердегі кезекшілер құрамын, ҚР БҒМ программисінің жұмыс орнының дайындығын тексереді.
29. ҚР БҒМ программисі жұмыс орнын тексереді және тестілеу кезеңіне арналған ҚР БҒМ программисінің бағдарламалық кешенін орнатады.
30. ҚР БҒМ өкілі базалық жоғары оқу орындарының МАБ-қа жауаптысынан емтихан материалдарын қабылдау және тапсыру туралы актісі бойынша қабылдап алады.
Мәліметтері қате студенттердің тізіміне сәйкес ҚР БҒМ өкілі ҚР БҒМ программисі студенттердің деректер қорына өзгертулер енгізуін бақылауды жүзеге асырады.
Емтихан күндері тестілеу өткізілетін ғимараттарда тестілеу үшін қолданылмайтын барлық кіретін есіктер, аудиториялар, кабинеттер және басқа да тестілеуге қажеті жоқ бөлмелер жабылып, мөрленуі тиіс.
ҚР БҒМ өкілі аудитория кезекшілеріне нұсқама береді.
Тестілеу өткенге дейін бір күн бұрын ҚР БҒМ өкілі ҚР БҒМ программисінен әрбір аудитория үшін отырғызу парағын қабылдайды және сақтауға сейфке қояды.
Отырғызу парағы барлық аудиториялар бойынша емтихан қарсаңында ҰТО-дан телефон арқылы берілетін парольдің көмегімен беріледі. Отырғызу парағы отырғызу орны нөмірі бойынша сортталған.
Студенттің орнының нөмірі отырғызу парағын шығаратын кезде кездейсоқ анықталады. Бұл рәсім 1 рет ғана орындалады.
6. Кешенді тестілеуді өткізу
31. Тестілеу барысында пайдаланылмайтын бос аудиториялар жабылып, мөрленуі керек.
Аудиторияға студенттерді кіргізуден бұрын кезекші:
аудиторияның нөмірленгендігін;
отырғызу орындарының нөмірленуінің дұрыстығын;
отырғызу орындарының осы аудиторияға арналған отырғызу парағындағы студенттер санына сәйкестігін;
тақта мен бордың болуын тексереді.
Тәртіп бұзушылық болған жағдайда, кезекші бұл жөнінде ҚР БҒМ өкіліне хабарлауға міндетті.
Студенттерді аудиторияға кіргізбес бұрын аудитория кезекшілерінің біріне ҚР БҒМ өкілі:
отырғызу парақтарын;
рұқсаттама түбіртектері бар папканы береді.
Тікелей емтихан басталмас бұрын ҚР БҒМ өкілі мемлекеттік комиссия мен аудитория кезекшілерінің қатысуларымен емтихан материалдары салынған қаптарды ашады. ҚР БҒМ өкілі аудитория кезекшілеріне қораптарда мөрленіп жабылған емтихан материалдарын «Аудитория кезекшілеріне емтихан материалдарын қабылдау және тапсыру туралы» актісі бойынша тапсырады.
ҚР БҒМ өкілі:
студенттердің дұрыс отырғызылуы мен сұрақ кітапшаларының нұсқалары отырғызу парағы мен нұсқаларды үлестіру парағына сәйкес таратылуын;
студенттердің жауап парақтарындағы қызмет секторларын дұрыс толтыруларын бақылауы тиіс.
32. Студенттер аудиторияға бір-бірлеп кіргізіледі. Кезекші рұқсаттаманың, жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың негізінде студенттің жеке басының сәйкестігін тексеруі тиіс.
Студент міндетті түрде отырғызу парағында көрсетілген нөмірге сәйкес өз орнына отыруы керек.
Емтихан басталғандығын жариялаған сәттен бастап кешіккен студенттер аудиторияға жіберілмейді.
Емтихан материалдары бар қораптар сол аудиториядағы 3 студенттің қатысуымен ашылады, олар:
қораптардағы мөрлердің бүтіндігін тексереді;
қораптарды ашады;
қораптағы емтихан материалдарын қайта санайды;
нәтижесін актіге енгізеді және қолдарын қояды.
33. Құжаттардың нақты саны мен “Нұсқаларды үлестіру парағында” көрсетілген сандар сәйкес келмеген жағдайда, кезекші бұл туралы ҚР БҒМ өкілін ескертуі тиіс және осы деректі актіде келтіреді.
Қорапта:
“Емтихан материалдарын ашу туралы” актісі;
жауап парақтары;
жауап парақтарының көшірмелері;
сұрақ- кітапшалары;
жауап парақтарына арналған конверт;
нұсқаларды үлестіру парағы болу керек.
Кезекші емтихан материалдарын үлестірмес бұрын студенттерге:
бір орыннан екінше орынға ауысуға;
емтихан материалдарын рұқсатсыз ашуға;
басқа студенттермен емтихан материалдарын ауыстыруға;
калькуляторды, анықтамалық әдебиетті (Менделеев және тұздардың еру кестелерінен басқасы), электрондық жазу кітапшаларын, түзету сұйықтарын, ұялы телефондарды, пейджерлерді қолдануға;
сөйлесуге, басқа студенттерден көшіруге;
тестілеудің бірінші және соңғы сағаттарында аудиториядан шығуға (қалған уақытта коридор бойынша кезекшінің ілесуімен бір уақытта тек екі студенттің шығуына ғана рұқсат беріледі) тыйым салынатынын ескертеді.
Отырғызу парағында көрсетілген орынға сәйкес отырғанын растап студент отырғызу парағына қол қояды.
Бірінші кезекте тек жауап парақтары мен жауап парақтарының көшірмелері үлестіріледі. Жауап парақтарын толтыру ережелері түсіндіріледі.
Жауап парақтарын толтыру тәртібі
Алаңша
|
Мазмұны
|
1 - сектор
|
Тегі, аты, әкесінің аты(баспа әріптерімен толтырады)
|
2 - сектор
|
СЖК (студент СЖК-ны рұқсаттамадан торларға көшіріп жазады, сонан соң тор астындағы бағандардан осы цифрларға сәйкес бір дөңгелекшені тауып бояйды). Бір бағанада бір дөңгелекшеден көп боялмауы керек.
|
3 – сектор
|
Орын (студент өзінің рұқсаттамасынан торларға орнының нөмірін көшіріп жазып, содан соң әрбір тордың астындағы вертикалдан тордағы цифрға сәйкес дөңгелекшені бояйды).
|
4 – сектор
|
Нұсқа (тек сұрақ-кітапшаларын үлестіргеннен кейін толтырылады, студент сұрақ-кітапшасының мұқаба бетіндегі нұсқаны торларға көшіріп жазады, тор астындағы вертикал бойынша әр тор көзінің астынан торда көрсетілген санға сәйкес бір дөңгелекшені бояйды)
|
5 – сектор
|
Лек пен аудиторияның нөмірі (студенттің рұқсаттамасынан).
|
6, 7, 8, 9,10 – секторлар
|
Сұрақтарға пәндер бойынша жауаптарды енгізуге арналған. Әр тапсырманың 5 нұсқалы жауабы бар, олардың тек біреуі ғана дұрыс. Тек тиісті бір ғана дөңгелекше белгіленеді. Белгілеу дөңгелекшені бояу арқылы жүргізіледі.)
|
11 - сектор
|
Шет тілі (егер студент шет тілінен емтихан тапсыратын болса, онда рұқсаттамада көрсетілген өзінің шет тіліне сәйкес дөңгелекшені бояйды)
|
13 - сектор
|
Жоғары оқу орнының атауы (баспа әріптерімен толтырады)
|
14 - сектор
|
Мамандықтың шифры (студенттің рұқсаттамасынан)
|
15 – сектор
|
Студенттің қолы
|
Қате толтырған жағдайда студентке жаңа жауап парағы берілмейді.
Қызмет секторларын толтырғаннан кейін, кезекші қатаң түрде нұсқаларды үлестіру парағына сәйкес № 1 орыннан бастап сұрақ-кітапшаларын үлестіреді.
Сұрақ-кітапшаларын таратып болғаннан кейін студенттер нұсқаларды үлестіру парағына қолдарын қояды. Осы мақсатпен, нұсқаларды үлестіру парағы “жүгіртпе” принципі бойынша парақтың жоғарғы жолында тұрған орынның нөмірінен бастап студенттерге беріледі. Кезекші осы сәтте студенттерді өздерінің орындары мен нұсқаларының нұсқаларды үлестіру парағына сәйкестігін тексерулерін ескертуі тиіс, сонан соң студент оған тегін жазып, қол қояды. Егер студентке басқа нұсқа түссе, ол бұл туралы кезекшіге хабарлауы, қол қоймауы және кезекшінің нұсқауын күтуі керек.
Студент нұсқа нөмірін сұрақ-кітапшасынан жауап парағына (4-сектор) көшіреді және сұрақ кітапшасының мұқабасын толтырады.
6,7,8,9,10-секторларды толтыру кезінде студент өзінің рұқсаттамасында көрсетілген пәндер бойынша тест тапсырмаларына жауап береді.
Студентке қызмет секторларын (1-4, 11, 13-15-секторлар) толтыру кезінде кезекшінің оған түсініктеме беруге құқығы бар.
Қызмет секторларын толтырып болғаннан кейін, кезекші емтиханның басталу және аяқталу уақыттарын хабарлайды және тақтаға жазады. Осы сәттен бастап барлық сұрақ қою мен түсіндіру тоқтатылады. Тест сұрақтарына жауаптарды белгілеу және жауап парағының көшірмесін толтыру таза - 180 минут (3 астрономиялық сағатқа) уақыт болады.
Студент тәртіп бұзған жағдайда, кезекші ҚР БҒМ өкіліне ескертеді. Кезекші емтихан кезінде аудиторияны тастап кетпеуі керек. Емтиханның аяқталуына 30 және 10 минут қалғанда, студенттерге ескертілуі қажет.
Кешенді тестілеу кезінде аудиторияға ҚР БҒМ өкілі және мемлекеттік комисияның төрағасының ғана кіруіне болады.
ҚР БҒМ өкілі емтихан басталғаннан соң 20-25 минуттан кейін емтихан тапсыру тілі және дайындау бағыты мен мамандығы бойынша аудиториядағы студенттердің нақты саны туралы деректерді шығарады. Артық сұрақ-кітапшаларды жинап, сейфке сақтауды жүзеге асырады. Жауап парақтары емтихан соңына дейін аудиториядан шығарылмаулары керек.
ҚР БҒМ өкілі емтихан барысын бақылауды жүзеге асырады және студенттердің емтиханда тәртіп сақтауларын қадағалайды.
Тестілеу уақыты аяқталғанда қалған соңғы 3 студент аудиториядан бір мезгілде шығуы керек.
Кезекші тестілеу аяқталғаннан кейін:
әр студенттен емтихан материалдарын (жауап парағы мен сұрақ кітапшасы) қабылдайды;
студенттің жауап парағының барлық қызмет секторларын және сұрақ-кітапшасының мұқабасындағы арнайы жолдардың толтыруының дұрыстығын тексереді;
жауап парақтарын (қолданылған және қолданылмаған) санап, кемінде 3 студенттің қатысуымен оларды конвертке салады;
сұрақ-кітапшалары бар қорапты және жауап парақтары бар конвертті 3 студентті ілестіріп мемлекеттік комиссия отырған бөлмеге жеткізеді.
34. ҚР БҒМ өкілі аудитория кезекшілерінен емтихан материалдарын қабылдауды ұйымдастырады. Аудиториялардың кезекшілері актілер бойынша:
жауап парақтары (қолданылған және қолданылмаған) бар конвертті;
студенттердің қолдары қойылған отырғызу парақтарын;
сұрақ- кітапшалары бар қорапты;
студенттердің қолдары қойылған нұсқаларды үлестіру парағын;
рұқсаттама түбіртектері бар папканы;
бар болған жағдайда қосымша материалдарды (актілер, ескертулер, т.б.) тапсырады.
7. Кешенді тестілеу нәтижелерін өңдеу
35. Бірінші операциялық күн
I-ші лекті ашу.
аудиториялар бойынша жауап парақтарын сканерлеу.
жауап парақтарын сәйкестендіру хаттамасын беру және комиссия шешіміне сәйкес өзгерістерді енгізу.
дұрыс жауаптар кодын беру.
I-ші лектің апелляция қорытындысы енгізілмеген емтихан ведомосын беру;
II-ші лектің отырғызу парағын беру.
36. Екінші (келесі) операциялық күн
алдыңғы лектің студенттерінің апелляция өтініштерін енгізу (бұл операцияны өтініштердің жиналуына қарай бөліп жасауға болады). Апелляцияға берген өтініштер тізілімін және талдау карталарын басып беру.
ағымдағы лекті ашу.
емтихан аяқталғаннан кейін аудиториялар бойынша жауап парақтарын сканерлеу.
жауап парақтарын сәйкестендіру хаттамасын беру және комиссия шешіміне сәйкес өзгерістерді енгізу.
дұрыс жауаптар кодын беру.
ағымдағы лектің емтихан ведомосын беру (апелляция қорытындысы енгізілмеген).
алдыңғы лектің апелляция комиссиясының шешімін енгізу.
алдыңғы лектің апелляциясын жабу.
апелляция комиссиясы мәжілісінің хаттамасын беру.
алдыңғы лектің апелляция қорытындысы енгізілген кешенді тестілеудің емтихан ведомосын беру.
алдыңғы лекті жабу.
келесі лектің отырғызу парағын беру.
37. Соңғы лектің тестілеуінен кейінгі келесі күн
соңғы лектің апелляция өтініштерін енгізу. Апелляцияға берген өтініштер тізілімін және талдау карталарын басып беру.
соңғы лектің апелляция бланкілері бойынша апелляциялық комиссияның шешімдерін енгізу.
соңғы лектің апелляциясын жабу.
апелляциялық комиссиясы мәжілісінің хаттамасын беру.
соңғы лекті жабу.
деректерді ҰТО-ға жіберу.
38. ҚР БҒМ өкілі ҚР БҒМ программисіне жауап парақтары бар конвертті сканерлеуге тапсырады. Конвертте:
толтырылған жауап парақтары;
толтырылмаған жауап парақтары болуы тиіс.
Барлық жауап парақтары сканерленеді.
Жауап парақтары аудитория бойынша екі рет сканерден өтеді. Сканерден өткенен кейін жауап парақтары конвертке салынады.
Кезекті аудиторияның жауап парағын сканерден өткізгенен кейін жауап парағының сәйкестендіру хаттамасы беріледі.
Жауаптар парағы автоматты түрде сәйкестендіріледі, егер тек қана:
оның отырған орны мен отырғызу парағындағы орны сәйкес келсе;
оның нұсқасы нұсқаны үлестіру парағындағы нұсқамен сәйкес келсе;
оның СЖК-сы аталған орынға деректер базасындағы үлестірілген СЖК-мен сәйкес келсе.
Басқа жағдайда студенттің жауап парағының деректері жауап парағын сәйкестендіру хаттамасына визуалды сәйкестендіру үшін тіркеледі.
Жауап парағын визуалды сәйкестендіру үшін ҚР БҒМ программисіне жауап парақтарын сәйкестендіру хаттамасын ҚР БҒМ өкіліне шығарып береді.
ҚР БҒМ программисі кезектегі конвертті ашып, келесі аудиторияның жауап парақтарын сканерлейді.
Жауап парағын визуалды сәйкестендіру үшін:
отырғызу парағы;
нұсқаларды үлестіру парағы;
студенттердің жауап парақтары;
студенттердің сұрақ-кітапщалары;
жауаптар парағын сәйкестендіру хаттамасы қажет.
Егер мемлекеттік комиссия нақты орын нөмірін, нұсқасын, СЖК-сын көрсеткен жағдайда ғана жауап парағы визуалды сәйкестендірілді деп есептеледі.
Жауаптар парақтарын визуалды сәйкестендіру үшін екі кестеден тұратын Жауап парақтарын сәйкестендіру хаттамасы шығарылады:
“Сәйкестендірілмеген студенттердің тізімі” 1- кестесінде СЖК бойынша жауап парақтары табылмаған студенттердің тиісті тегі, аты- жөні, СЖК-сы, нұсқасы мен орны шығады;
“Жауап парақтарын сәйкестендіру” 2- кестесінде сәйкестендірілмеген жауап парақтарындағы деректер шығады.
Аталған аудиторияның жауап парақтары мен сұрақ-кітапшаларының ішінен сәйкестендірілмеген жауап парақтарын және оларға тиісті сұрақ-кітапшаларды таңдап алу керек.
Емтиханға қатыспаған студенттерді анықтау үшін отырғызу парағы мен нұсқаларды үлестіру парағы қолданылады. Емтиханға қатыспаған студент үшін оған тиісті жолға 1- кестедегі “Ескерту” бағанына “Келмеді” деп жазу керек.
Таңдап алынған жауап парақтарын сұрақ-кітапшаларымен 1-кестеде көрсетілген тәртіп бойынша орналастыру қажет.
1-кестенің әр жолы үшін студенттің тегі, аты, әкесінің аты бойынша тиісті жауап парағын табу керек.
2-кестедегі студенттердің жауап парағын толтыру кезінде қате жіберген позициялар жуан сызықпен қоршалған:
- тегі, аты, әкесінің атын сәйкестендіру: “Жауап парағының тегі, аты, әкесінің аты” бағанына, студенттің жауап парағындағы толтырған тегін, атын, әкесінің атын қою;
- СЖК мен орын нөмірін сәйкестендіру: “Дұрыс СЖК” бағанына, студенттің тегіне сәйкес отырғызу парағынан СЖК-сын ауыстыру, ал сұрақ-кітапшасынан отырған орнының нөмерін ауыстырып, оны “Дұрыс орын нөмірі” бағанына жазу.
- нұсқаларды сәйкестендіру: “Сұрақ-кітапшасындағы нұсқа нөмірі” бағанына сол студенттің сұрақ-кітапшасынан нұсқасын көшіріп жазып ауыстыру керек.
Барлық қателерді түзегеннен кейін, 1-кестедегі “Ескерту” бағанына және 2-кестедегі “Шешім” бағанына міндетті түрде “Түзету” деп жазу қажет.
Толтырылған сәйкестендіру хаттамалары мемлекеттік комиссия мүшелері қол қойғаннан кейін, ҚР БҒМ программисіне деректер базасына өзгерістер енгізу үшін беріледі.
ҚР БҒМ программисі барлық мемлекеттік комиссия мүшелерінің қолы қойылған сәйкестендіру хаттамасына сәйкес өзгерістерді енгізеді.
Жауап парақтарын сәйкестендіру хаттамасының соңғы нұсқасы беріледі.
39. Лектің жауап парақтарын сәйкестендіру процесі аяқталғаны туралы ҚР БҒМ өкілінен растау алғаннан кейін ҰТО-дан дұрыс жауаптардың коды жіберіледі.
Дұрыс жауаптар кодын ашу жауап парақтары сәйкестендірілгеннен кейін мемлекеттік комиссия төрағасымен бірлесіп парольдар енгізу арқылы жүргізіледі.
Дұрыс жауаптар коды екі данадан басып шығарылады, біреуі жалпы көзбен шолуға, ал екіншісі апелляция коммисиясына арналады.
Кешенді тестілеу нәтижелері өңделгеннен кейін апелляция қорытындысы енгізілмеген емтихан ведомосы үш данадан шығарылады:
бірінші дана жалпы көзге шолуға арналған;
екіншісі – ҚР БҒМ өкіліне арналған;
үшіншісі – ЖОО іс-қағаздарында қалады.
8. Апелляция нәтижелері бойынша деректерді енгізу
40. Апелляция комиссиясы жұмыс кезінде мынадай құжаттарды қолданады:
Апелляция өтініштерін тіркеу журналы;
Апелляцияға берген өтініштер тізілімі;
Студенттің жауаптарын талдау картасы;
Апелляция комиссиясы мәжілісінің хаттамасы;
Кешенді тестілеу қортындысының емтихан ведомосы.
Жауаптарды талдау картасы әрбір бағытқа арналған тиісті бес пән бойынша студент жауабының нәтижесін көрсететін бес кестеден тұрады. Әрбір кесте 4 жолдан тұрады:
бірінші жолда аталған пән бойынша тапсырмалардың нөмірі көрсетіледі;
екінші жолда дұрыс жауаптардың коды болады;
үшінші жолда студенттің жауап парағынан оқылған жауаптары болады;
төртінші жолда екінші және үшінші жолдарды салыстырудың нәтижелері қалыптастырылады.
41. Апелляцияға өтініштер тестілеудің нәтижелерін хабарлағаннан кейін келесі күнгі сағат 13:00-ге дейін апелляция комиссиясына беріледі және оларды апелляция комиссиясы бір тәулік бойында қарайды. Өтінішті студент апелляция комиссиясы төрағасының атына береді.
Апелляцияға өтініштер студенттен қабылданып, апелляция өтініштерін тіркеу журналына тіркеледі. Апелляция бланкісі толтырылады. Студент жауаптарының талдау карталары және апелляцияға берген өтініштер тізілімі олардың жиналуына байланысты беріледі.
Апелляция бланкісінде студент:
тегі, аты, әкесінің аты, СЖК-сын, мамандығын, легін, нұсқасын, аудиториясын, орнын рұқсатнамадан алып толтырады;
тиісті пәндер кестесінде студент апелляцияға беретін тапсырмаларының нөмірлерін белгілейді;
апелляцияға берген тапсырмаларының санын “Соммасы” бағанында көрсетеді.
Апелляция комиссиясы:
кестенің тиісті жолына апелляцияға берілген тапсырмалар бойынша шешімдерін шығарады:
-“0” - қанағаттандырылмады;
-“1” – қанағаттандырылды;
әрбір пән бойынша қосылған балдардың санын есептейді және кестенің тиісті бағанына енгізеді.
Шешім қабылданғаннан кейін апелляция бланкісі апелляция комиссиясының төрағасының, мемлекеттік комиссия төрағасының, апелляция комиссиясы мүшелерінің қолдарымен расталады. Студент апелляция комиссиясының шешімімен танысқаннан кейін апелляция бланкісіне қолын қояды.
42. ҚР БҒМ өкілі апелляция комиссиясы төрағасынан ағымдағы күннің апелляцияға берген өтініштерді тіркеу журналын және апелляция бланкілерін қабылдайды.
Апелляция өткізу үшін ҚР БҒМ программисі апелляция өтініштерін тіркеу журналына сәйкес:
“Апелляцияға берген өтініштер тізілімін;
“Студенттердің жауаптарын талдау карталарын шығарады.
ҚР БҒМ өкілі апелляция берген өтініштер тізілімі бойынша әр студенттің жауап парағының көшірмесін алып, қайтару кезінде түпнұсқасымен салыстыру үшін сақтап қояды.
Апелляция комиссиясының төрағасы ҚР БҒМ өкілінен мәжіліс басталғанға дейін апелляцияға арналған құжаттарды қабылдау және тапсыру туралы акті бойынша:
апелляцияға өтініш берген студенттердің жауап парағының түпнұсқасын (көшірмесін алғанан кейін);
дұрыс жауаптар кодтарын;
апелляцияға өтініш берген студенттердің сұрақ кітапшаларын;
студент жауаптарының талдау карталарын;
апелляцияға берген өтініштер тізілімін алады.
43. Апелляция комиссиясы тестілеу нәтижелері жарияланған сәттен бастап студенттердің өтініштерін олардың түсуіне қарай қарастырады.
Апелляция комиссиясы әрбір студентпен жеке жұмыс істейді.
Апелляция комиссиясының мәжілісіне келмеген студенттің өтініші қаралмайды және қанағаттандырылмайды.
Шешім тек қана студент апелляцияға берген тапсырма бойынша қабылданады. Студент апелляцияға бермеген тапсырмалар қараластырылады.
Апелляция комиссиясының балды тағайындау регламенті келесі кестеде келтірілген:
1-кесте
№
|
Тест тапсырмасының, жауаптар парағының және дұрыс жауаптар кодының жай-күйі
|
Балл тағайындауға негіздеме
|
1
|
Нәтижесінде бір мағыналы дұрыс шешім анықтауға мүмкіндік бермейтін мәтін фрагментінің жоқ болуы
|
Балл автоматты түрде тағайындалады
|
2
|
Ақауы бар жауап парағы
|
Дұрыс жауаптың кодымен дәл келген бір дөңгелекше боялған, ал сканер екі дөңгелекше боялған ретінде қабылдаған
|
3
|
Дөңгелекше дұрыс, бірақ нашар боялған
|
Дұрыс жауаптың кодымен дәл келген бір дөңгелекше боялған, бірақ сканер оны қабылдамаған
|
4*
|
Тестілеу тапсырмасының дұрыс жауап кодынан басқа шешімі бар болса
|
Студенттің жауабы апелляция комиссиясының мүшелері көрсеткен жауаппен сәйкес келген
|
5*
|
Тестілеу тапсырмасының мазмұны дұрыс емес
|
Балл автоматты түрде тағайындалады
|
* - балл қосу үшін апелляцияға берілген тест тапсырмасына кеңейтілген түрде негіздеме жазып, әдебиеттерді көрсету керек
|
|
Студентке негізсіз балл қосқаны үшін апелляция комиссиясы дербес жауапты болады.
Апелляция комиссиясының төрағасы комиссия шешімдерін («Апелляция бланкілері») ҚР БҒМ программисіне береді.
44. Мәжіліс аяқталғаннан кейін апелляция комиссиясының төрағасы ҚР БҒМ өкіліне «Апелляцияға арналған құжаттарды қабылдау және тапсыру туралы» акті бойынша құжаттарды береді.
ҚР БҒМ программисі апелляциялық комиссияның төрағасынан апелляция бланкілерін алып, әрбір студенттің апелляция бланкісінің “Шешім” жолы бөлінісіндегі апелляциялық комиссияның шешімдерін енгізеді.
Егер барлық қабылданған өтініштер бойынша шешім қабылданса, онда алдыңғы лектің апелляциясын жабуға болады. Апелляцияға берген өтініштер тізілімінің “Апелляция қалпы” бағанасының барлық жолдарында мынадай мағынаның бірі болу керек:
апелляцияға келмеді;
шешім қабылданды.
Барлық өтініштер бойынша шешім қабылданғаннан кейін, аппеляциялық комиссияның төрағасы ҚР БҒМ программисіне алдыңғы лектің апелляциясын жабуға тапсырма береді.
ҚР БҒМ программисі екі данадан: апелляцияға берген өтініштер тізілімінің ең соңғы нұсқасын, апелляциялық комиссия мәжілісінің хаттамасын шығарды.
Апелляция мәжілісі аяқталғанан кейін апелляция комиссиясының төрағасы апелляция комиссиясының есебін дайындайды, оған қосымша ретінде:
апелляция өтініштерін тіркеу журналы;
студенттің жауаптарын талдау картасы;
апелляция бланкілері;
апелляцияға берген өтініштер тізілімінің соңғы нұсқасы;
апелляция комиссиясы мәжілісінің хаттамасы;
«Пәндер бойынша апелляция есебі» нысаны бойынша барлық комиссия мүшелерінің жеке есептері болуы керек;
апелляциялық комиссияның хаттамасын қағаз тасымалдағышта тапсырады.
Ағымдағы лекті тек қана сол лектің апелляциясы жабылған кезде ғана жабуға болады. Алдыңғы лектің алдындағы лек жабылмай, келесі лек ашылмайды. Бір уақытта тек екі лек қана ашық бола алады (1 және 2, 2 және 3, 3 және 4…)
45. ҚР БҒМ программисі апелляция қорытындысын деректер қорына енгізгеннен кейін, апелляция қорытындысы есепке алынған кешенді тестілеудің емтихан ведомосын 3 данада басып шығарады:
бірінші данасы жалпы шолу үшін;
екіншісі - ҚР БҒМ өкіліне;
үшіншісі - ЖОО іс-қағаздарында қалады.
46. ҚР БҒМ өкілі МАБ-қа қатысқан студенттердің қорытынды ведомосын бекітеді.
47. ҚР БҒМ өкілі ҰТО-ға МАБ-ты өткізу нәтижелері туралы толық есеп береді.
Достарыңызбен бөлісу: |