серiктестiгi немесе кооператив етiп қайта
құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
Ескерту. 226-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын
үйге ортақ меншiк
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттiк тұрғын үй қорының үйiндегi тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актiлерiнде белгiленедi.
Ескерту. 227-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
12-тарау. Бiрлескен қызмет туралы шарт
(жай серiктестiк)
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткiзу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
Ескерту. 228-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ
iстерiн жүргiзу
Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу олардың жалпы келiсiмi бойынша жүзеге асырылады. Өзара келiсiм бойынша олар бiрлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi қатысушылардың бiреуiне тапсыра алады, ал ол қатысушы бұл орайда шартқа өзге қатысушылар берген сенiмхат негiзiнде әрекет етедi.
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi
1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.
2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.
3. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актiлерiмен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.
Ескерту. 230-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ
шығындары мен залалдары
Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртiбi қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.
Ескерту. 231-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру
және қатысудан бас тарту
1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келiсiмiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.
233-бап. Консорциум
1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).
2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.
Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.
3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келiсiмiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келiсiмде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.
Ескерту. 233-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген
түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
13-тарау. Меншiк құқығына және өзге
де заттық құқықтарға ие болу
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына - заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алуы мүмкiн.
3-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртiппен жер учаскесiн реквизициялау, мемлекет меншiгiне алу, оның iшiнде мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қою кезiнде, сондай-ақ жер учаскесiн алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару кезiнде мүлiкке меншiк құқығына ие болады.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
Ескерту. 235-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын
мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы
1. Салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлiк кешендерiне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы осы мүлiктi жасау аяқталған кезден бастап пайда болады.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
3. Қозғалмайтын мүлiк мемлекеттiк тiркелуге тиiс реттерде, оған меншiк құқығы осылайша тiркелген кезден бастап пайда болады.
4. Қозғалмайтын мүлiктi жасау аяқталғанға дейiн, ал тиiстi жағдайларда - оны мемлекеттiк тiркеуден өткiзгенге дейiн мүлiкке қозғалмайтын мүлiк жасалатын материалдармен басқа мүлiкке меншiк құқығы туралы ережелер қолданылады.
237-бап. Өңдеу
1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.
Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.
3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк
құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
1-1. Егер шарт бойынша мүлiктi иеленушiнiң меншiк құқығы мемлекеттiк тiркелуге жататын болса, онда мүлiктi иеленушiнiң меншiк құқығы, егер заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе, осындай тiркеу жасалған кезден бастап туындайды.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттiк тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттiк тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
Ескерту. 195-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткiзу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткiзу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жетi жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттiк тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Иелену мерзiмiнiң өтуi затты иеленген кезден басталады.
5. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Ескерту. 241-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк
қолды заттарды меншiкке айналдыру
Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.
242-бап. Иесiз заттар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.
2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы) туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.
3. Иесi жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының өтiнiшi бойынша жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергiлiктi атқарушы орган иесi жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiнедi.
Егер меншiк иесi бұл туралы жариялау арқылы меншiк құқығынан бас тартқан жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiнедi.
Коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрi пайдалану және өткiзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды жергiлiктi атқарушы орган жүзеге асырады.
Осындай мүлiктi өзiнiң меншiгi ретiнде иеленетiн азаматтардағы немесе мемлекеттiк емес заңды тұлғалардағы иесi жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және коммуналдық меншiкке берiлмейдi.
Мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрi пайдалану және өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Осындай мүлiкке басқа тұлғаның меншiк құқығы туындағанға дейiн кез келген уақытта меншiк иесi өзiне тиесiлi жылжымайтын затты иесi жоқ зат ретiнде есептен шығару туралы өтiнiш жасауға және оны өзiнiң iс жүзiндегi иелiгiне қайта алуға құқылы.
Ескерту. 242-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.12.24 N 276 (2002.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2004.12.20. N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.06.22. N 147, 2007.01.12 N 225, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар
1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.
2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.
Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.
Ескерту. 243-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс
1. Мемлекетке тиесiлi, жер учаскелерi болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесiлi емес жер учаскесiнде салынған, сондай-ақ бұл үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажеттi рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлiк өз бетiнше салынған құрылыс болып табылады.
2. Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
3. Өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады. P99010S
Құрылыс салушының өзiне тиесiлi емес жер учаскесiнде, мемлекетке тиесiлi жерлердi қоспағанда, өз бетiмен құрылыс салуға меншiк құқығын сот Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасының талаптарына құрылыс сәйкес келген жағдайда жер учаскесi иесiне өтемақы төлене отырып, соңғысының бұған келiсiмi болған кезде тануы мүмкiн.
Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.
Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.
4. Мемлекетке тиесiлi және жер пайдалануындағы емес жер учаскелерiнде (жер учаскелерi болып қалыптаспаған жерде) тұлға өз бетiнше тұрғызған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде өтелiп, коммуналдық меншiкке берiледi.
Мемлекеттiк жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесiнде өз бетiнше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетiнше салынған құрылыс әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескерiле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтелiп, коммуналдық меншiкке берiледi.
Ескерту. 244-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
245-бап. Олжа
1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi.
3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.
Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.
Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткiзуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
Ескерту. 245-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
246-бап. Қараусыз жануарлар
1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарын мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.
2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиiстi жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
4. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен осы Кодекстiң 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.
6. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келiсiм бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
Ескерту. 246-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 225, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
247-бап. Көмбе
1. Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.
Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншiктенушiнiң келiсiмiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе меншiк иесiне берiлуге тиiс.
2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.
Ескерту. 247-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
248-бап. Меншiк иесiнен алынған мүлiктi иелену
Егер адам заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайлар бойынша меншiк иесiнен заңды негiздерде алынған мүлiктi иеленсе, бұл адам мүлiкке меншiк құқығына ие болады.
Достарыңызбен бөлісу: |