іс-әрекет жасау
855-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасау талаптары
1. Мүдделi тұлғаның тапсырмасынсыз, өзге де нұсқауынсыз немесе алдын ала уәде берiлген келiсiмiнсiз оның жеке басына немесе мүлкiне зиян келтiрiлуiн болдырмау, оның мiндеттемесiн орындау немесе оның өзге де заңға қарсы емес мүдделерi (басқаның мүддесi үшiн iс-әрекет жасау) мақсатындағы iс-әрекеттер iстiң мән-жайлары бойынша қажеттi қамқорлықпен және сақтықпен, мүдделi тұлғаның айқын олжасына немесе пайдасына және iс жүзiндегi немесе ықтимал ниеттерiне сүйенiп жасалуы тиiс.
2. Осы тарауда көзделген ережелер осындай iс-әрекеттер олардың қызмет мақсаттарының бiрi болып табылатын мемлекеттiк органдар басқаның мүддесiне жасайтын iс-әрекеттерге қолданылмайды.
856-бап. Мүдделi тұлғаға оның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер туралы хабарлау
1. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасайтын тұлға алғашқы мүмкiндiк туған жағдайда мүдделi тұлғаға бұл туралы хабарлауға және, егер күту тек мүдделi тұлғаға айтарлықтай зиян келтiрiлмейтiн болса, қисынды мерзiмнiң iшiнде жасалған iс-әрекеттердi мақұлдайтындығы туралы немесе мақұлдамайтындығы туралы шешiмдi күтуге мiндеттi.
2. Егер бұл iс-әрекеттер оның қатысуымен жасалса, мүдделi азаматқа оның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер туралы арнайы хабарлау талап етiлмейдi.
857-бап. Мүдделi тұлғаның өз мүддесiне жасалған iс-әрекеттердi мақұлдауының салдары
Егер оның тапсыруынсыз өзiнiң мүддесiне iс-әрекеттер жасалған тұлға осы iс-әрекеттердi мақұлдаса, тiптi мақұлдау ауызша түрде жасалса да, тараптардың қатынасында бұдан әрi жасалатын iс-әрекеттердiң сипатына сәйкес тапсырма шарты немесе өзге де шарт туралы ережелер қолданылады.
858-бап. Мүдделi тұлғаның өз мүддесi үшiн жасалған iс-әрекеттердi мақұлдамауының салдары
1. Іс-әрекеттер жасаған тұлға оларды мүдделi тұлғаның мақұлдамағандығы белгiлi болған соң жасаған бөтен мүдделердегі iс-әрекеттер осы iс-әрекеттер жасаған тұлғаға қатысты да, үшiншi бiр тұлғаға қатысты да соңғысына мiндеттер жүктемейдi.
2. Қатерге ұшыраған адамның өмiрiне төнген қауiптi жою мақсатындағы iс-қимылға осы адамның еркiне қарсы, ал бiреудi асырау жөнiндегi мiндеттердi орындауға - осындай мiндетi бар тұлғаның еркiне қарсы жол берiледi.
859-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасаған адамға залалдарын өтеу
1. Осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес басқаның мүддесiне іс-әрекет жасаған тұлғаға келтiрiлген қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды, осы Кодекстiң 858-бабының 1-тармағында көрсетiлген iс-әрекеттерден туындаған шығындарды қоспағанда, мүдделi адам өтеуге тиiс.
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер болжанған нәтижеге жеткiзбеген жағдайда да қажеттi шығындар мен өзге де нақты зиянды өтеу құқығы сақталады. Алайда басқа тұлғаның мүлкiне залал келтiрудi болдырмау жағдайында өтеу мөлшерi мүлiктiң құнынан аспауы тиiс.
2. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған тұлғаға мүдделi тұлғаның мақұлдауын алған соң жасаған iс-әрекеттерге байланысты келтiрiлген шығындары мен өзге де залалдар (осы Кодекстiң 857-бабы) тиiстi түрдегi шарт туралы ережелер бойынша өтеледi.
860-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттер үшiн сыйақы
Егер мұндай құқық заң актiлерiнде, мүдделi тұлғамен жасалған келісімде немесе іскерлік айналым дағдысында көзделсе, басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттерi мүдделi тұлға үшiн оң нәтижеге жеткiзген тұлға сыйақы алуға құқылы.
861-бап. Басқаның мүддесiне мәмiле жасау салдары
Басқаның мүддесiне жасалған мәмiле бойынша мiндеттер, ол осы мәмiленi мақұлдаған жағдайда және басқа тарап мұндай ауысуға қарсы болмаса не мәміле жасаған кезде мәміле басқаның мүддесіне жасалғандығын бiлген болса немесе бiлуi тиiс болса, мүддесiне мәмiле жасалған адамға ауысады.
Мәмiле бойынша мiндеттер мүддесiне осы мәмiле жасалған адамға ауысқан кезде, соңғысына осы мәмiле бойынша құқықтар да берiлуге тиiс.
862-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаудың салдарынан негiзсiз баю
Егер басқа адамның мүдделерiн қамтамасыз етуге тiкелей бағытталмаған іс-әрекеттер, оның ішінде оны жасаған адам өз мүддесіне іс-әрекет жасағанын қате болжаған жағдайда да, басқа адамның негiзсiз баюына әкеп соқса, осы Кодекстiң 48-тарауында көзделген ережелер қолданылады.
863-бап. Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды өтеу
Басқаның мүддесiне жасалған iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды мүдделi адамға немесе үшiншi бiр адамдарға өтеу жөнiндегi қатынастар осы Кодекстiң 47-тарауында көзделген ережелермен реттеледi.
864-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адамның есеп беруi
Басқаның мүддесiне iс-әрекеттер жасаған адам мүддесiне iс-әрекеттер жасалған адамға, түскен кiрiстер мен жасалған шығындарды және өзге де залалдарды көрсетiп есеп беруге мiндеттi.
43-тарау. Комиссия
865-бап. Комиссия шарты
1. Комиссия шарты бойынша бiр тарап (комиссионер) екiншi тараптың (комитент) тапсыруы бойынша сыйақы үшiн комитент есебiнен өз атынан бiр немесе бiрнеше мәмiле жасауға мiндеттенедi.
2. Комиссия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
866-бап. Комиссиялық сыйақы
Комитент комиссионерге сыйақы төлеуге, ал осы тараудың 868-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда шартта белгiленген мөлшерде қосымша сыйақы төлеуге де мiндеттi. Егер шартта бұл мөлшер көзделмесе және оның талаптарының негiзiнде оны белгiлеу мүмкiн болмаса, сыйақының мөлшерi осы Кодекстiң 385-бабының 3-тармағына сәйкес белгiленедi.
Егер комиссия шарты комитентке байланысты себептермен орындалмаса, комиссионер комиссиялық сыйақы алу, сондай-ақ шыққан шығындарының орнын толтыру құқығын сақтап қалады.
867-бап. Комиссионердiң үшiншi тұлғамен мәмiле жасау жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Комитенттiң мәмiледе аты аталса немесе үшiншi тұлғамен мәмiле бойынша тiкелей қатынастарға кiрсе де, комиссионердiң үшiншi тұлғамен жасаған мәмiлесi бойынша комиссионер құқықтар иеленедi және мiндеттi болады.
2. Комитенттiң талабы бойынша комиссионер мәмiле жасалған үшiншi тұлғаны құқықтарды бергенi туралы ескерте отырып, осындай мәмiле бойынша оған құқықтар беруге мiндеттi. Соңғысының комиссионерге осы мәмiледен туындайтын өз талаптарының негiзiнде комитент талаптарына қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ.
868-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау
1. Комиссионер үшiншi адаммен жасаған мәмiледен туындайтын барлық мiндеттерiн орындауға және барлық құқықтарды жүзеге асыруға тиiс.
2. Комиссионер өзiне алған тапсырманы комитенттiң нұсқауларына сәйкес орындауға, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған кезде - іскерлік айналымының дағдыларына немесе әдетте комитент үшiн неғұрлым тиiмдi жағдайларда қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындауға мiндеттi. Егер комиссионер мәмiленi комитент көрсеткеннен гөрi тиiмдi жағдайлар бойынша жасаған болса, түскен олжа, шартта өзгеше көзделмесе, тараптарға тең бөлiнедi.
3. Комиссионер комитент есебiнен жасаған мәмiленi үшiншi тұлғаның орындамағаны үшiн, осы тұлғаны таңдауда комиссионер тиісті сақтық көрсетпеген не мәміленің орындалу кепілдігін өз мойнына алған (делькредере) жағдайларды қоспағанда, комитент алдында жауап бермейдi.
4. Комиссионермен жасалған мәмілені үшінші тұлға бұзған жағдайда комиссионер бұл туралы дереу комитентке хабарлауға және қажеттi дәлелдердi жинау мен қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Комиссионермен жасалған мәмiленi үшiншi тұлғаның бұзғандығы туралы хабарландырылған комитенттiң осындай мәмiле бойынша комиссионердiң ол адамға қойған талаптарын өзiне берудi талап етуге құқығы бар.
869-бап. Қосалқы комиссия
1. Комиссионер қосалқы комиссионердiң iс-әрекетi үшiн комитент алдында жауапты бола отырып, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа тұлғамен қосалқы комиссия шартын жасасуға құқылы.
Қосалқы комиссия шарты бойынша комиссионер, осы Кодекстiң 867-бабының 2-тармағында көзделген құқықтарды қоспағанда, қосалқы комиссионерге қатысты комитенттiң құқықтары мен мiндеттерiн иеленедi.
Заң қандай да бiр мәмiлелердi тек уәкiлдiк берiлген адамдармен ғана жасауға жол беретiн жағдайларда қосалқы комиссия шарты тек осындай тұлғамен жасалуы мүмкiн.
2. Комиссия шарты тоқтағанға дейiн, егер комитент комиссионермен жасаған шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң қосалқы комиссионермен тiкелей қатынас жасауға құқығы жоқ.
870-бап. Комитенттiң нұсқауларынан ауытқу
1. Комиссионердiң осы Кодекстiң 847-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда комитенттiң нұсқауларынан ауытқуға құқығы бар.
2. Мүлiктi комитентпен келiскен бағадан төмен сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келiсiлген бағамен сатуға мүмкiндiк болмағанын және неғұрлым төмен бағамен сату бұдан да көп залалдан сақтағанын, сондай-ақ оның нұсқауларынан ауытқуға комитенттiң алдын ала келiсiмiн алуға мүмкiндiгi болмағанын дәлелдей алмаса, комитентке айырманы өтеуге мiндеттi.
3. Егер комиссионер мүлікті комитентпен келісілгеннен жоғары бағамен сатып алса, мұндай затты қабылдағысы келмейтiн комитент үшiншi тұлғамен мәмiле жасалғандығы туралы хабар алған бойда бұл жөнiнде комиссионерге кешiктiрмей мәлiмдеуге мiндеттi. Олай болмаған жағдайда комитент сатып алынған затты қабылдады деп танылады.
Егер комиссионер баға айырмасын өз есебiне алатынын хабарласа, комитенттің өзі үшін жасалған мәміледен бас тартуға құқығы жоқ.
871-бап. Комиссияның нысанасы болып табылатын мүлiкке құқық
1. Комиссионерге комитенттен келiп түскен не комиссионер комитенттiң есебiнен сатып алған мүлiк комитенттiң меншiгi болып табылады.
2. Комиссионер жасасқан мәмiле бойынша комитентке не үшiншi тұлғаға берiлуге тиiс мүлiктi комиссионер комиссия шарты бойынша өзiне тиесiлi сома төленгенге дейiн ұстап қалуға құқылы.
872-бап. Комиссионердiң өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуы
Комиссионер комитенттiң есебiнен түскен барлық соманың iшiнен комиссияның шарты бойынша өзiне тиесiлi соманы ұстап қалуға құқылы.
873-бап. Комиссионердiң комитент мүлкiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауапкершiлiгi
1. Комиссионер өзiндегi комитент мүлкiнiң жоғалуына, кем шығуына немесе бүлiнуiне ұшыратқан әрбiр қателiгi үшiн комитент алдында жауап бередi.
2. Егер комиссионердiң комитент жiберген мүлікті не комитентке арнап комиссионерге келiп түскен мүлiктi қабылдауы кезiнде бұл мүлiктi сырттай қараған кезде бүлiну немесе өзге де ақаулар байқалған болса, сондай-ақ комиссионердегi комитенттiң мүлкiне бiреулер зиян келтiрген жағдайда, комиссионер комитенттiң құқығын қорғау шараларын қолдануға, қажеттi айғақтар жинауға және осылар туралы комитентке дереу хабарлауға мiндеттi. Аталған шарттар орындалған жағдайда комиссионер комитенттiң шеккен залалдары үшiн жауап бермейдi.
3. Комиссионер өз қарауында тұрған комитенттiң мүлкiн сақтандырмаған болса, бұл үшiн комитент оған мүлiктi сақтандыруды тапсырған немесе мүлiктi сақтандыру заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда ғана жауап бередi.
874-бап. Өзiне мәмiле жасау
1. Егер комитент өзгеше талап қоймаса, комиссия шартын комиссионер оның өзi сатып алуға тиiс тауарды сатушы ретiнде өзi ұсыну немесе өзi сатуға тиiс тауарды сатып алушы ретiнде өзi қабылдау арқылы жүзеге асыруы мүмкiн.
2. Сатушы ретiнде өз бетiнше тауар ұсынған немесе оны сатып алушы ретiнде қабылдаған комиссионердiң жай комиссиялық ақы алуға құқығы бар және комиссиялық мәмiлелерден туындайтын шығындардың орнын толтыру жөнiнде шот ұсына алады.
875-бап. Комитенттiң комиссия шарты бойынша орындалғанды қабылдауы
Комитент:
1) комиссионерден шарт бойынша барлық орындалғанды қабылдауға;
2) өзi үшiн комиссионер сатып алған мүлiктi қарауға және осы мүлiкте байқалған кемшiлiктер туралы оған дереу хабарлауға;
3) комиссионердi комиссиялық тапсырманы орындау жөнiнде үшiншi тұлға алдында қабылдаған мiндеттемелерден босатуға мiндеттi.
876-бап. Комиссиялық тапсырманы орындау жөнiндегi шығындардың орнын толтыру
1. Комитент комиссиялық сыйақы, ал тиiстi жағдайларда делькредере үшiн қосымша сыйақы төлеуден басқа, тапсырманы орындау барысында комиссионер жұмсаған сомалардың орнын толтыруға мiндеттi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, комиссионердiң өзiндегi комитент мүлiктерiн сақтау жөнiндегi шығындардың орнын толтыруға құқығы жоқ.
877-бап. Комитенттiң тапсырманың күшiн жоюы
Комитент комиссионерге берген тапсырманың кез келген уақытта күшiн жоюға құқылы. Бұл орайда комиссионердiң тапсырманың күшiн жоюдан шеккен залалдары жалпы негiздерде өтеледi.
Тапсырманың күшi жойылған жағдайда комитент тапсырманың күшi жойылған кезден бастап бiр айдың iшiнде, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер комитент бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер не мүлiктi сақтау үшiн өткiзуге, не оны комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
878-бап. Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартуы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы тапсырманы комитенттің нұсқауларына сәйкес орындаудың мүмкiн болмауына әкеп соғатын немесе атқарудың мүмкiн болмауы комиссионер жауап бермейтін өзге де жағдайлардың салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда, комиссионердің өзiне алған тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Комиссионер өзiнiң бас тартуы туралы комитентке жазбаша хабарлауға және өзіндегі комитент мүлкінің сақталуына шаралар қолдануға мiндеттi.
Комиссионердiң тапсырманы орындаудан бас тартқандығы туралы хабардар етiлген комитент, егер шартта өзге мерзiм белгiленбесе, бас тартуды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионер мүлiктi сақтауға өткiзуге не комитент үшiн мүмкiндiгiнше тиiмдi бағамен сатуға құқылы.
2. Комитенттiң өз мiндеттерiн бұзуы салдарынан тапсырманы орындаудан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақыға, сондай-ақ шыққан шығындардың орнын толтыруға құқығы сақталады.
879-бап. Комиссия шартын тоқтату
1. Комитент комиссия шартында көзделген барлық тапсырмалардың күшiн жойған жағдайда, шарт тоқталады.
2. Комиссия шарты жалпы негiздермен қатар:
1) комиссионердiң шартты орындаудан бас тартуының;
2) комиссионердiң қайтыс болуы, оны әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен немесе дәрменсiз (банкрот) деп танудың салдарынан тоқтатылады.
880-бап. Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
Комитенттiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комиссионерге бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комитент комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол жасаған мәмiлелер үшiн сыйақы төлеуге, сондай-ақ комиссионерге шарт тоқтатылғанға дейін ол шеккен шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
881-бап. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған шарттан бас тартуы
1. Комиссионердiң мерзiмi көрсетiлмей жасалған комиссия шартынан, егер шартта хабарлаудың бұдан да ұзақ мерзiмi көзделмесе, бас тарту туралы комитентке бiр айдан кешiктiрмей хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқығы бар.
Бұл жағдайда комиссионер өзiндегi комитент мүлкiнiң сақталуына шаралар қолдануға міндетті. Комитент шарт тоқтатылған кезге дейiн комиссионердегi мүлiкке билiк етуге мiндеттi. Егер ол бұл мiндеттi орындамаса, комиссионердiң не мүлiктi сақтауға өткiзуге, не комитент үшiн неғұрлым тиiмдi бағамен сатуға құқығы бар.
2. Шарттан бас тартқан комиссионердiң комиссиялық сыйақы алуға және шарт тоқтатылған кезде өзiне тиесiлi шығындардың өтемiн алуға құқығы бар.
882-бап. Комиссия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Заңды тұлға-комиссионер қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер қайта ұйымдастырудың болғаны туралы хабарлама алған күннен бастап бiр айдың iшiнде комитент шартты бұзғаны туралы хабарламаса, оның құқықтары мен мiндеттерi құқықтық мирасқорларына ауысады.
2. Комитент-азамат қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға-комитент таратылған жағдайда комиссионер комитенттiң мұрагерлерiнен немесе өкiлдерiнен тиiстi нұсқаулар келiп түскенше өзiне берiлген тапсырманы орындауды жалғастыруға мiндеттi.
44-тарау. Мүлікті сенімгерлікпен басқару
883-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару ұғымы және оның пайда болу негiздерi
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу кезiнде сенiмгер басқарушы, егер шартта немесе заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өзiнiң иеленуiне, пайдалануына және билiк етуiне берiлген мүлiктi пайда алушының мүддесі үшін өз атынан басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
2. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару:
1) мәмiле (атап айтқанда, шарт бойынша, өсиеттi орындаушы (сенімгерлікпен басқарушы) тағайындалған өсиет бойынша);
2) сот актiсi (банкроттық немесе оңалту рәсiмдерiнде банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған, әрекетке қабiлетсiз, хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкiне қорғаншылық белгiленген кезде және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда);
3) әкімшілік акт (кәмелетке толмаған, қайтыс болған адамның мүлкiне қорғаншылық белгiлеген; кәсiпкер мемлекеттiк қызметке кiрген кезде және заң актiлерiнде көзделген басқа жағдайларда) негiзiнде пайда болады (белгiленедi).
3. Банк қызметін жүзеге асыру кезінде мүлікті сенімгерлікпен басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
4. Мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiк басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, концессиялар туралы заңнамалық актiлерiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi.
Ескерту. 883-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 225 , 2009.02.12 N 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 380-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
884-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару субъектiлерi
1. Меншiк иесi, сондай-ақ өзге де заттық құқық субъектiсi немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға беруге уәкiлеттi құзыреттi орган құрылтайшы бола алады.
2. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, кез келген адам сенiмгер басқарушы бола алады.
Сенiмгер басқарушы тек оның келiсiмiмен тағайындалуы мүмкiн.
3. Сенiмгер басқарушы болып табылмайтын кез келген адам, сондай-ақ мемлекет немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пайда алушы (мүддесi үшiн мүлiктi басқару жүзеге асырылатын тұлға) бола алады.
4. Егер заң актiлерiнде немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартында өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы пайда алушы болып табылады.
885-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару объектiлерi
1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақшаны, бағалы қағаздарды және мүлiктiк құқықтарды қоса алғанда, кез келген мүлiк сенiмгерлiкпен басқару объектiсi бола алады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiктi сенiмгер басқарушы өзiне меншiк (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) құқығымен тиесiлi мүлiктен бөлек есепке алуға тиiс.
3. Өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру процесiнде сенiм бiлдiрiлген басқарушы сатып алған және (немесе) алған мүлiк сенiп берiлген мүлiк құрамына енгiзiледi.
4. Осы Кодекстiң 1081-бабында көзделген, сондай-ақ осы тұлғаның банкроттығы жағдайларын қоспағанда, құрылтайшының сенiмгерлiкпен басқаруға берген мүлкiне оның борыштары бойынша өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
5. Кепiлге салынған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға беру кепiл ұстаушыны осы мүлiктi өндiрiп алу құқығынан айырмайды.
Ескерту. 885-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
886-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты бойынша бiр тарап (сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы) екiншi тарапқа (сенiмгер басқарушыға) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға бередi, ал екiншi тарап құрылтайшы атаған тұлғаның (пайда алушының) мүдделерi үшiн осы мүлiктi басқаруды жүзеге асыруға мiндеттенедi.
Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе көрсетiлген шартта өзгеше белгiленбесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының қолданылу кезеңiнде сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысы сенiмгерлiкпен басқарылатын мүлiкке қатысты қандай да болсын iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Сенiмгерлiкпен басқару шартында:
1) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысанасы және мерзiмi;
2) сенiмгерлiкпен басқаруға берiлетiн мүлiктiң құрамы;
3) пайда алушы туралы нұсқау;
4) сенiмгер басқарушының есеп беру мерзiмдерi мен нысаны;
5) мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған жағдайда сенiп тапсырылған мүліктi алатын адамды көрсету көзделуге тиiс.
Шарттардың жекелеген түрлерi үшiн заң актiлерiнде өзге де елеулi талаптар көзделуi мүмкін.
Шартта басқа талаптар да, оның iшiнде басқарушыға берiлетiн сыйақының мөлшерi мен нысандары көзделуi мүмкiн.
Шартта үшiншi тұлғалардың сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген мүлiкке құқығы көрсетiлуге тиiс.
3. Егер заң актiлерiнен немесе пайда болған қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты туралы нормалар мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды белгiлеудiң өзге де негiздерi бойынша пайда болатын қатынастарға қолданылады.
Ескерту. 886-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.16. N 416 Заңымен .
887-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының нысаны
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты жазбаша нысанда жасалады.
2. Қозғалмайтын мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты, қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт үшiн көзделген нысан мен тәртiп бойынша жасалады.
Ескерту. 887-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
888-бап. Сенiмгер басқарушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сенiмгер басқарушының мүлiктi дұрыс басқару мақсатында сеніп тапсырылған мүлікпен меншік иесі жасай алатын кез келген iс-әрекеттi жүргiзуге құқығы бар.
Сенiп берілген мүлікке сенімгер басқарушының құқығы заң актiлерiмен, шартпен немесе мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару пайда болғанда негiзге алынған өзге де актiмен шектелуi мүмкiн.
Сенiмгер басқарушы қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыру мен кепiлге салуды сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде ол тiкелей көрсетiлген жағдайда ғана жасауға құқылы.
2. Сенiмгер басқарушының мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару кезiнде өзi жасаған қажеттi шығындарды құрылтайшының (пайда алушының) есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен, не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен өтетiп алуға құқығы бар.
Егер мүліктi сенiмгерлiкпен басқаруды белгiлеу туралы актiде көзделсе, сенiмгер басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
3. Сенiмгер басқарушының басқа бiреудiң заңсыз иеленуiнен өзiне сенiп тапсырылған мүлiктi қайтарып алуға, сондай-ақ оның басқару құқығын бұзушылықты жоюды, бұл құқық бұзушылық иеленудi бұзумен байланысты болмаса да, талап етуге құқығы бар.
4. Сенiмгер басқарушы құрылтайшыға және пайда алушыға, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартында белгiленген мерзiм мен тәртiп бойынша өз қызметi туралы есеп бередi. Құрылтайшының және (немесе) пайда алушының талап етуi бойынша сенiмгер басқарушының қызметi туралы есеп өзге жағдайда да дереу берiлуге тиiс.
5. Сенiмгер басқарушының өзi үшiн белгiленген шектеулердi бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мұндай мәмiлеге қатысушы үшiншi тұлға ондай шектеулердi бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, жарамды деп танылады. Бұл жағдайда сенiмгер басқарушы құрылтайшы алдында шартқа және заң актiлерiне сәйкес жауап бередi.
Сенiмгер басқарушы өзiне берiлген құқықты асыра пайдаланып немесе өзi үшiн белгiленген шектеулерді бұзып жасаған мәмiле бойынша мiндеттеменi сенiмгер басқарушы өз мүлкi есебiнен мойнына алады.
889-бап. Сенiмгер басқарушының бастамасымен сенiмнiң ауысуы
1. Сенiмгер басқарушы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды жеке өзi жүзеге асырады.
2. Сенiмгер басқарушы өзiне сенiп берiлген мүлiктi басқару үшiн қажеттi iс-әрекет жасауды, егер ол бұған мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актi арқылы уәкiлеттi болса не бұған пайда алушының мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мән-жайлар себептi мәжбүр болса және бұл орайда құрылтайшының нұсқауларын сұрауға мүмкiндiгi болмаса, басқа адамға тапсыра алады. Бұл орайда сенiмгер басқарушы өзi таңдап алған сенiм бiлдiрiлушiнiң iс-әрекеті үшiн өзi жасағандай жауап бередi.
Сенiмгер басқарушы сенiмнiң ауысуы туралы дереу құрылтайшыға хабарлауға мiндеттi. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, бұл жағдайда құрылтайшы сенiмгер басқарушыға бұрын жасалған шығындарын өтеп, ал егер сенiмгерлiкпен басқару кәсiпкерлiк қызмет болса, шеккен залалдарын да өтеп, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату туралы мәлiмдеуге құқылы.
Ескерту. 889-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
890-бап. Сенiмгер басқарушының жауапкершiлiгi
1. Мүлiктi тиiсiнше басқармаған жағдайда құрылтайшы немесе пайда алушы сотқа сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату және залалдарды өтеу туралы талап қоя алады. Бұл орайда мiндеттердi тиiсiнше орындау үшiн өзiне қатысты барлық шараларды қолданғанын дәлелдей алмаса, сенiмгер басқарушы мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн, кiнәлi деп саналады.
2. Сенiмгер басқарушы үшiншi тұлғалардың алдында мүлiктi басқаруда тиiсiнше iс-әрекеттер жасамауы салдарынан келтiрiлген залалы үшiн өз мүлкiмен субсидиарлы жауапты болады.
891-бап. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шартының тоқтатылуы
1. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенiмгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлдi деп жарияланғанда, оны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенiмгер басқарушы таратылғанда;
2) сенiм бiлдiрiлген мүлiктi басқаруды жеке жүзеге асыру сенiмгерлiкпен басқарушы үшiн мүмкiн болмауына байланысты сенiмгер басқарушы немесе құрылтайшы бас тартқанда;
3) сенiмгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда құрылтайшы шартты орындаудан бас тартқанда;
4) егер шартта көзделсе, кепiл ауыртпалығымен берiлген мүлiктi сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенiмгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.
2. Сенiп тапсырылған мүлiкке меншiк құқығының ауысуы мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтатпайды.
3. Сенiмгерлiкпен басқару шарты тоқтатылған кезде сенiп тапсырылған мүлiк шартта көрсетiлген тұлғаға сенiмгерлiкпен басқаруға берiледi.
4. Құрылтайшы банкрот болған кезде мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару тоқтатылады және сенiп тапсырылған мүлiк мүліктік массаға берiледi.
Құрылтайшы-жеке тұлға қайтыс болған жағдайда сенiп тапсырылған мүлiк мұрагерлiк массаға келiп түседi.
5. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзге мерзiм көзделмесе, тараптардың бiрiнiң бастамашылығы бойынша шарт тоқтатылған кезде екiншi тарап (осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда) кемiнде үш ай бұрын хабардар етiлуi тиiс.
6. Бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқаруды тоқтату тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында белгіленеді.
Ескерту. 891-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
892-бап. Акцияларды және өзге де бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқару
1. Сенiмгер басқарушының сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген және (немесе) сенiп тапсырылған мүлiктiң есебiнен не сенiп тапсырылған мүлiктi пайдаланудан түскен кiрiстiң есебiнен сатып алынған акциялармен және өзге де бағалы қағаздармен операциялар жасауды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқарушы туралы мәлiметтер бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ашқан сенiмгерлiкпен басқару құрылтайшысының шоты бойынша көрсетiлуге жатады.
3. Егер мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде өзгеше көзделмесе, сенiмдер басқарушы өзiне сенiп тапсырылған акцияларды (акцияны) басқару кезiнде:
1) акционерлік қоғамды басқаруға қатысады;
2) акцияларға тиесілі дивидендтер алады және оларды пайда алушыға бередi;
3) акционерлiк қоғам таратылған жағдайда акцияға тиесiлi мүлiктi алады және оны шартқа сәйкес пайда алушыға немесе құрылтайшыға бередi;
4) акцияларды иелiктен айыруды және кепiлдiктi қоса алғанда, олармен өзге де операцияларды жүзеге асырады.
4. Бағалы қағаздарды сенiмгерлiкпен басқарудың ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Ескерту. 892-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.16. N 416 Заңымен .
893-бап. Инвестициялық қорлардың активтерiн сенiмгерлiкпен басқару
Инвестициялық қорлардың активтерiн сенiмгерлiкпен басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заң актiсiмен белгiленген шарттарда және тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 893-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.07. N 577 Заңымен .
894-бап. Кәсіпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сенiмгерлiкпен басқару
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сенімгерлікпен басқару, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде көзделген шарттар мен тәртiпте жүзеге асырылады.
895-бап. Мемлекеттiк қызметшiнiң мүлкін сенiмгерлiкпен басқару
Мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс.
45-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия
Достарыңызбен бөлісу: |