18.11.2015 редакциясында
Жарияланған: Егемен Қазақстан газеті, 1999 жыл, 17 шілде N 150-157
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі N 409 Кодексі
Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі (ерекше бөлім)
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "IV - VII" деген цифрлар тиiсiнше "4 - 7" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!
ҚР 2005.11.22 N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген (2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.
4 бөлім
Міндеттемелердің жекелеген түрлері
25-тарау. Сатып алу-сату
Параграф 1. Сатып алу-сату туралы жалпы ережелер
406-бап. Сатып алу-сату шарты
1. Сатып алу-сату шарты бойынша бiр тарап (сатушы) мүлiктi (тауарды) екiншi тараптың (сатып алушының) меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе жедел басқаруына беруге мiндеттенедi, ал сатып алушы бұл мүлiктi (тауарды) қабылдауға және ол үшiн белгiлi бiр ақша сомасын (бағасын) төлеуге мiндеттенедi.
2. Бағалы қағаздар мен валюталық құндылықтарды сатып алу-сатуға, егер заң актiлерiнде оларды сатып алу-сатудың арнаулы ережелерi белгiленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
2-1. Ислам банкінің банк қызметін жүзеге асыруы кезінде оның тауарларды сатып алу-сату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленеді.
3. Осы Кодексте немесе өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатып алу-сату ерекшелiктерi заң актiлерiнде және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.
4. Осы параграфта көзделген ережелер, егер бұл құқықтардың мазмұнынан немесе сипатынан өзгеше туындамаса, мүлiктiк құқықтарды сатуға қолданылады.
5. Сатып алу-сату шарттарының жекелеген түрлерiне (бөлшек саудамен сатып алу-сату, тауарлар жеткiзiлiмi, энергиямен жабдықтау, контрактация, кәсiпорынды сату), егер осы Кодекстiң ережелерiнде бұл түрлердiң шарттары туралы өзгеше көзделмесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.
6. Сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен мүлікті сату кезінде сот орындаушысы сатушы ретінде шығады.
Ескерту. 406-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.02.12 N 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.04.02 N 262-IV(2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
407-бап. Тауар туралы шарттың талабы
1. Осы Кодекстiң 116-бабындағы ережелердi сақтай отырып, кез келген зат шарт бойынша сатып алу-сату тауары бола алады.
2. Шарт жасасқан кезде сатушының қолында бар тауарды, сондай-ақ заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе немесе тауардың сипатынан өзге жағдай туындамаса, сатып алушының болашақта шығаратын немесе сатып алатын тауарын сатып алу-сатуға шарт жасалуы мүмкiн.
3. Егер шарт тауарлардың атауын және санын айқындауға мүмкiндiк берсе, тауар туралы талап (елеулi талаптар) келiсiлген деп есептеледi.
408-бап. Сатушының тауар беру жөнiндегi мiндеттерi
1. Сатушы шартта көзделген тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы тауарды берумен бiрге сатып алушыға оның керек-жарақтарын, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген, соған қатысты құжаттарды (тауардың жиынтықтылығын, қауіпсіздігін, сапасын, пайдалану тәртiбiн және т.б. куәландыратын құжаттарды) беруге мiндеттi.
409-бап. Тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi
1. Сатушының сатып алушыға тауарды беру мiндетiн орындау мерзiмi шартта белгiленедi, ал егер шартта мерзiмдi белгiлеуге мүмкiндiк болмаса, осы Кодекстiң 277-бабында көзделген ережелерге сәйкес белгiленедi.
2. Егер мерзiм бұзылған кезде сатып алушының шартты орындауға мүдделiлiгi жоғалатындығы шарттан айқын туындайтын болса, сатып алу-сату шарты оны қатаң белгіленген мерзімде орындау талабымен жасалды деп танылады.
Сатушының мұндай шартты онда белгiленген мерзiм басталғанға дейiн немесе бiткеннен кейiн сатып алушының келiсуiнсiз орындауға құқығы жоқ.
Заң актiлерiнде немесе шартта сатып алу-сату шартын бөлiп орындау жағдайлары (шартты орындаудың аралық мерзiмдерi) белгiленуi мүмкiн.
410-бап. Сатушының тауар беру мiндетiн орындау кезі
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға тауар беру мiндетi:
1) егер шартта тауарды жеткiзiп беру бойынша сатушының мiндетi көзделсе, сатып алушыға немесе ол атаған адамға тауарды берген;
2) егер тауар сол тауар орналасқан жерде сатып алушыға немесе ол атаған адамға берiлуге тиiс болса, сатып алушының билiгiне тауар берген кезiнде орындалған болып есептеледi.
Тауар шартта көзделген мерзiмде тиiстi жерде беруге дайын тұрған және сатып алушы шарт талаптарына сәйкес тауардың беруге дайын екендiгi туралы хабардар болған кезде тауар сатып алушының билiгiне берiлген болып есептеледi. Егер тауар таңбалау арқылы немесе өзгеше түрде шарт мақсаттары үшiн сәйкестендiрiлмесе тауар берiлуге дайын емес деп танылады.
2. Тауарды жеткiзiп беру немесе сатып алушыға оның орналасқан жерiнде тауар беру жөнiнде сатып алу сату шартынан сатушының мiндетi туындамаған жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды тасымалдаушыға немесе сатып алушыға жеткiзу үшiн байланыс ұйымына берген кезде сатушының тауарды сатып алушыға беру мiндетi орындалған болып есептеледi.
411-бап. Тауардың кездейсоқ жойылу қаупiнiң ауысуы
1. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатушы заң актiлерiне немесе шартқа сәйкес сатып алушыға тауар беру жөнiндегi өз мiндетiн атқарды деп есептелетiн кезден бастап сатып алушыға ауысады.
2. Жолда келе жатқан кезде сатылған тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер шартта немесе iскерлiк айналым ғұрпында өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап сатып алушыға ауысады.
Егер шарт жасасқан кезде сатушы тауардың жоғалтылғанын немесе бүлiнгенiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса және бұл туралы сатып алушыға хабарламаса, тауардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушының талап етуi бойынша тауар бірінші тасымалдаушыға өткізілген кезден бастап сатып алушыға ауысатындығы туралы шарт талабын сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.
412-бап. Сатушының сатылған тауарды сақтау жөнiндегiмiндетi
Меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығы сатып алушыға тауарды берместен бұрын ауысқан кезде сатушы тауарды бергенге дейiн оның нашарлауына жол бермей сақтауға мiндеттi.
Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, сатып алушы сатушыға бұған қажеттi шығындарды өтеуге мiндеттi.
413-бап. Сатушының үшiншi тұлғалардың құқықтарынан тыс тауарды беру мiндетi
1. Сатып алушы үшiншi тұлғалардың құқықтары жүктелген тауарды қабылдауға келiскен жағдайды қоспағанда, сатушы үшiншi тұлғалардың кез келген құқықтарынан тыс тауарды сатып алушыға беруге мiндеттi.
Егер тауарға үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы сатып алушының бiлгендiгi немесе бiлуге тиiс екендiгi дәлелденбесе, сатушының бұл мiндеттердi орындамауы сатып алушыға сол тауардың сатып алу бағасын кемiтудi не шартты бұзуды және залалдарды өтеудi талап ету құқығын бередi.
2. Тауарды сатып алушыға беру кезiнде үшiншi тұлғалардың оған қатысты талаптары болып, ол жөнiнде сатушы білген жағдайда да, егер бұл талаптар кейiннен белгiленген тәртiппен заңды деп танылса, тиiсiнше осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданылады.
414-бап. Сатып алушыдан тауарды алып қойған жағдайдағы сатушының жауапкершiлiгi
1. Шартты орындауға дейiн пайда болған негiздер бойынша үшiншi тұлғалар сатып алушыдан тауарды алып қойған кезде сатушы, егер сатып алушы осы негiздердiң болғаны туралы бiлгенiн немесе білуге тиіс екенін дәлелдей алмаса, сатып алушыға оның шеккен залалын өтеуге мiндеттi.
2. Үшiншi тұлғалардың сатып алушыдан сатып алған тауарын талап еткен жағдайда тараптардың сатушыны жауапкершiлiктен босату немесе жауапкершiлiгiн шектеу туралы келiсiмi жарамсыз болады.
415-бап. Тауарды алып қою туралы талап арыз берiлген жағдайдағы сатып алушы мен сатушының мiндеттерi
1. Егер үшiншi тұлға шарт орындалғанға дейiн туындаған негiздер бойынша сатып алушыға тауарды алып қою туралы талап арыз қойса, сатып алушы сатушыны бұл iске қатысуға тартуға мiндеттi, ал сатушы бұл іске сатып алушы тарапынан араласуға міндетті.
2. Егер сатушы iске қатыса отырып, сатылған тауарды сатып алушыдан алып қоюды болдырмайтынын дәлелдей алса, сатып алушының сатушыны iске қатысуға тартпауы сатушыны сатып алушы алдындағы жауапкершіліктен босатады.
3. Сатып алушы iске қатысуға тартқан, бiрақ оған қатыспаған сатушы сатып алушының iстi дұрыс жүргiзбегенiн дәлелдеу құқығынан айырылады.
416-бап. Тауар беру мiндетiн орындамаудың салдары
1. Егер сатушы сатып алушыға сатылған тауарды беруден бас тартса, сатып алушы сатып алу-сату шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Сатушы белгiлi бiр жеке затты беруден бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушыға осы Кодекстiң 355-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
417-бап. Тауарға қатысты керек-жарақтар мен құжаттарды беру мiндетiн орындамаудың салдары
1. Егер сатушы өзi беруге тиiстi (осы Кодекстiң 408-бабының 2-тармағы) Тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды сатып алушыға бермесе немесе беруден бас тартса, сатып алушы оларды беру үшiн оған қисынды мерзiм тағайындауға құқылы.
2. Сатушы тауарға қатысты керек-жарақтарды немесе құжаттарды аталған мерзiмде бермеген жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.
418-бап. Тауардың саны
Сатып алушыға берiлуге тиiс тауар саны шартта тиiстi өлшем бiрлiктерiне сәйкес немесе ақшалай түрде көзделедi. Тауарлардың саны туралы талап оны айқындау тәртiбiн шартта белгiлеу жолымен келiсiлуi мүмкiн.
419-бап. Тауардың саны туралы шарт талаптарын бұзудың салдары
1. Егер сатушы шарт талаптарын бұза отырып, сатып алушыға тауар санын шартта белгіленгенінен кемірек берсе, сатып алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, не тауардың жетiспейтiн санын берудi талап етуге, не берiлген тауардан және оған ақы төлеуден бас тартуға, ал егер ақысы төленiп қойған болса, оған төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Сатушы сатып алушыға тауарды шартта көрсетiлгенiнен артық мөлшерде берген жағдайда сатып алушы бұл туралы сатушыға осы Кодекстiң 436-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен хабарлауға мiндеттi. Егер сатып алушыдан хабар алынғаннан кейiн қисынды мерзiмде сатушы тиiстi тауарға билiк етпесе, шартта өзгеше көзделмегендiктен, сатып алушы бүкіл тауарды қабылдауға құқылы.
3. Сатып алушы тауарды шартта белгiленгенiнен артық мөлшерде қабылдаған жағдайда тиiстi тауарға ақы, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше баға белгiленбесе, шартқа сәйкес қабылданған тауар үшiн белгiленген баға бойынша төленедi.
420-бап. Тауарлардың түр-түрi
Егер сату-сатып алу шарты бойынша түрлерiне, үлгiлерiне, мөлшерiне, түстерi мен өзге де белгiлерiне (түр-түрi) қарай белгiленген тауарлар берiлуге тиiс болса, сатушы сатып алушыға тауарларды тараптар келiскен түр-түрi бойынша беруге мiндетті.
421-бап. Тауарлардың түр-түрi туралы шарт талаптарын бұзудың салдары
1. Сатушы шартта көзделген тауарлардың түр-түрiн шартқа сәйкес келмейтiн етiп берген кезде сатып алушы оларды қабылдаудан және ақы төлеуден бас тартуға, ал егер оларға ақы төленіп қойған болса, төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Егер сатушы сатып алушыға түр-түрi шартқа сәйкес келетiн тауарлармен қатар, олардың түр-түрi туралы шарттың талаптарын бұза отырып тауарлар берсе сатып алушы өз қалауы бойынша:
1) түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келетiн тауарларды қабылдап, қалған тауарлардан бас тартуға;
2) берiлген барлық тауарлардан бас тартуға;
3) түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды шартта көзделген түр-түрiндегi тауарлармен алмастыруды талап етуге;
4) берiлген барлық тауарларды қабылдап алуға құқылы.
3. Түр-түрі шарттың талаптарына сәйкес келмейтін тауарлардан бас тартқан немесе түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды алмастыру жөнiнде талап қойған жағдайда сатып алушы бұл тауарларға ақы төлеуден бас тартуға да, ал егер ақы төленіп қойған болса, төленген соманың қайтарылуын талап етуге құқылы.
4. Егер сатып алушы түр-түрi туралы шарттың талаптарына сәйкес келмейтiн тауарларды алғаннан кейiн он бес күн мерзiмде өзiнiң тауарлардан бас тартатынын сатушыға хабарламаса, олар қабылданған болып есептеледi.
5. Егер сатып алушы түр-түрi шартқа сәйкес келмейтiн тауарлардан бас тартпаса, оларға сатушымен келiсiлген баға бойынша ақы төлеуге мiндеттi. Сатушы бағаны он бес күн мерзiмде келiсу жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда, сатып алушы тауарға шарт жасалған кезде әдетте сол сияқты мән-жайларда ұқсас тауарлар үшiн алынатын баға бойынша ақы төлейдi.
6. Егер сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың ережелерi қолданылады.
422-бап. Тауардың сапасы
1. Сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
2. Шартта тауардың сапасы туралы талаптар болмаған жағдайда сатушы сатып алушыға әдетте осы сияқты тауар пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауар беруге міндетті.
Егер сатушы шарт жасасу кезінде сатып алушыға тауарды сатып алудың нақты мақсаттары туралы хабарламаған болса, сатушы сатып алушыға осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауар беруге міндетті.
3. Тауарды үлгiсi бойынша және (немесе) сипаттамасы бойынша сатқан жағдайда сатушы сатып алушыға үлгіге және (немесе) сипаттамасына сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
4. Егер сатылатын тауардың сапасына заң актiлерiнде белгiленген тәртiпке сәйкес, мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
Сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім бойынша, заң актілерінде көзделген тәртіппен белгіленген міндетті талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетiн тауар берiлуi мүмкiн.
5. Сатушы сатып алушыға беруге мiндеттi тауар оны сатып алушыға берер кезде, егер тауардың бұл талаптарға сәйкестiгiн айқындаудың өзгеше жағдайы шартта көзделмесе, осы бапта көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiс және қисынды мерзiм шегінде әдетте осы тектес тауар пайдаланылатын мақсаттар үшін жарамды болуға тиіс.
423-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмi
1. Заңдарда, ұлттық стандарттардың мiндеттi талаптарында немесе басқа да мiндеттi ережелерде бітуiне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi (жарамдылық мерзiмi), сондай-ақ тауарда оның жарамдылық мерзiмi көрсетiлетiн жағдайлар белгіленуi мүмкiн. Z040603
2. Сатушы жарамдылық мерзiмi белгiленген тауарларды сатып алушыға жарамдылық мерзiмi бiткенге дейiн олардың мақсаты бойынша пайдалануға болатындай есеппен беруге мiндетті.
Ескерту. 423-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
424-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмін есептеу
Тауардың жарамдылық мерзiмi оның дайындалған күнiнен бастап есептелетiн, осы мерзiм iшiнде тауар пайдалануға жарамды болатын уақыт кезеңiмен, не ол басталғанға дейін тауар пайдалануға жарамды болатын күнмен белгiленедi.
425-бап. Тауар сапасына кепiлдiк беру
1. Шартта сатушының тауар сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда сатушы шартта белгіленген белгiлi бір уақыт кезеңi (кепiлдi мерзiм) iшiнде сатып алушыға осы Кодекстiң 422-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiстi тауар беруге мiндеттi.
2. Тауар сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның барлық құрамдас бөлiктерiне де (жиынтықтаушы бұйымдарына) қолданылады.
426-бап. Кепiлдi мерзiмдi есептеу тәртiбi
1. Кепiлдi мерзiм, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар сатып алушыға берiлген кезден (осы Кодекстiң 410-бабы) есептеле бастайды.
2. Егер сатып алушының сатушыға байланысты мән-жайлар бойынша шартта кепiлдi мерзiм белгiленген тауарды пайдалану мүмкiндiгi болмаса, сатушы тиісті мән-жайларды жойғанға дейін кепiлдi мерзiм өтпей тұрады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 436-бабында белгiленген тәртiп бойынша сатып алушыға тауардың кемшiлiктерi туралы хабарланған жағдайда, кепiлдi мерзiм тауар ондағы байқалған кемшiлiктер себептi пайдаланыла алмаған уақытқа ұзартылады.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жинақтаушы бұйымға берiлген кепiлдi мерзiм негiзгi бұйымға берiлген кепiлдi мерзiмге тең болып есептеледі және негізгі бұйымға берілген кепілді мерзiммен бiр мезгiлде өте бастайды.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) алмастырған кезде кепілді мерзім қайтадан басталады.
427-бап. Тауар сапасын тексеру
1. Егер заңдарда немесе шартта тауардың сапасын тексеру көзделсе, ол соларда белгiленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
Ұлттық стандарттарда, стандарттау жөніндегі өзге де нормативтiк құжаттарда тауарлардың сапасын тексеруге мiндеттi талаптар белгiленген жағдайларда сапаны тексеру оларда келтiрiлген нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
2. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен тауар сапасын тексеру талаптары көзделмесе, тауар сапасын тексеру iскерлiк айналым дағдыларына немесе әдетте шарт бойынша берiлуге тиiс тауарды тексеру жағдайларына қолданылатын өзге де талаптарға сәйкес жүргізілуге тиiс.
3. Егер заң актiлерiнде, ұлттық стандарттардың мiндеттi талаптарында, стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарда немесе шартта сатушының сатып алушыға беретін тауарының сапасын тексеру (сынақ өткiзу, талдау, қарап шығу және т.б.) мiндетi көзделген болса, сатушы сатып алушының талап етуi бойынша оған тауар сапасын тексерудi жүзеге асырғандығы жөнiнде дәлелдемелердi табыс етуге тиiс.
Ескерту. 427-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
428-бап. Тиiстi сапасы жоқ тауар берудiң зардаптары
1. Егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы өз қалауы бойынша сатушыдан:
1) сатып алу бағасын сол мөлшерде кемiтудi;
2) қисынды мерзiмде тауардың кемшiлiктерiн тегiн жоюды;
3) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсаған өз шығындарын өтеуді;
4) тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетiн тауармен алмастыруды;
5) шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшiн төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Шарттың сатып алушының осы тармақта көзделген құқықтардан бас тартуы туралы талаптары жарамсыз болып табылады.
2. Жиынтыққа кiретiн тауарлардың (осы Кодекстiң 432-бабы) бір бөлiгiнiң сапасы тиісті деңгейде болмаған жағдайда сатып алушы тауарлардың осы бөлiгiне қатысты, осы баптың 1-тармағында көзделген құқықты жүзеге асыруға құқылы.
3. Тиiстi сапасы жоқ тауарды сатушы оның дайындаушысы болмайтын жағдайда тауарды алмастыру немесе оның кемшiлiктерiн тегiн жою туралы талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкiн.
4. Егер осы Кодексте немесе басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгіленбесе, осы бапта көзделген ережелер қолданылады.
429-бап. Тауардың сатушы жауап беретiн кемшiлiктерi
1. Егер сатып алушы тауардағы кемшiлiктердiң өзiне берiлгенге дейiн пайда болғанын немесе сол кезге дейiн пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшiлiктерi үшiн сатушы жауап бередi.
Сатушы сатылған тауардың кемшiлiктерi үшiн олар жөнiнде өзi бiлмеген кезде де жауап бередi. Сатушыны жауапкершiлiктен босату туралы немесе оны шектеу туралы келiсiм жарамсыз болады.
2. Егер тауардағы кемшiлiктердiң олар сатып алушыға берілгеннен кейін сатып алушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерiн бұзуы не үшiншi бiр тұлғалардың әрекеттерi немесе дүлей күштiң салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, сатушы сапа кепiлдiгiн берген тауарға қатысты тауардың кемшiлiктерi үшiн жауап бередi.
430-бап. Берiлген тауардың кемшiлiктерiн анықтау мерзiмдерi
1. Егер заң актілерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауар кемшіліктері осы бапта белгіленген мерзімде анықталған жағдайда сатып алушы оның кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоюға құқылы.
2. Егер тауарға кепiлдi мерзiм немесе жарамдылық мерзiмi белгiленбесе, сатылған тауардағы кемшiлiктер қисынды мерзiмде, бiрақ тауардың сатып алушыға берiлген күнiнен бастап екi жыл шегiнде табылған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта неғұрлым ұзақ мерзiм белгiленбесе, сатып алушы тауардың кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоя алады. Тасымалдануға немесе почта арқылы жөнелтiлуге тиiстi тауардың кемшiлiктерiн анықтауға арналған мерзiм тауардың жеткiзiлетiн жерiнде алынған күнiнен бастап есептеледi.
3. Егер тауарға кепілді мерзім белгіленсе, сатып алушы кепілді мерзім ішінде тауардың кемшiлiктерiн тапқан кезде тауардың кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоюға құқылы.
Шартта негiзгi бұйымға қарағанда жиынтықтаушы бұйымдарға ұзақтығы қысқа кепiлдi мерзiм белгiленген жағдайда сатып алушы негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзім ішінде кемшіліктер табылған кезде жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.
Егер шартта негiзгi бұйымға белгiленген кепiлдi мерзiмге қарағанда жиынтықтаушы бұйымға ұзағырақ кепiлдi мерзiм белгiленсе, сатып алушы негiзгi бұйымға белгiленген кепiлдi мерзiмнiң өткенiне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшiлiктерi оған белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде табылса, тауар кемшiлiктерi туралы талаптар қоюға құқылы.
4. Егер кемшiлiктер тауардың жарамдылық мерзiмi iшiнде табылса, сатып алушы жарамдылық мерзiмi белгiленген тауарға қатысты тауардың кемшiлiктерi туралы талаптар қоюға құқылы.
5. Шартта көзделген кепiлдi мерзiм екi жылдан кем болып, сатып алушы тауардың кемшiлiктерiн кепiлдi мерзiм өткеннен кейін, бiрақ тауардың сатып алушыға берiлген күнiнен бастап екi жыл шегiнде тапқан жағдайда, егер сатып алушы тауардың кемшiлiктерi тауар сатып алушыға берiлгенге дейiн немесе сол кезге дейiн пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, сатушы жауап бередi.
431-бап. Тауардың жиынтықтылығы
1. Сатушы сатып алушыға жиынтықтылық туралы шарттың талаптарына сәйкес тауар беруге мiндеттi.
2. Шартта тауардың жиынтықтылығы белгiленбеген жағдайда сатушы сатып алушыға жиынтықтылығы iскерлiк айналым дағдыларымен немесе әдетте қойылатын өзге де талаптармен белгiленетiн тауар беруге мiндеттi.
432-бап. Тауарлар жиынтығы
1. Егер шартта сатушының сатып алушыға белгiлi бiр жиынтықтағы тауарлар жинағын (тауарлар жиынтығын) беру мiндетi көзделсе, жиынтыққа енгiзiлген барлық тауарлар берiлген кезден бастап мiндеттеме орындалған болып есептеледi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе және ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, сатушы сатып алушыға жиынтыққа енетiн барлық тауарды бiр мезгiлде беруге мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |