Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің
_______ жылғы «____» _________
бұйрығымен бекітілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрлігінің
2014 - 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1 бөлім. Миссиясы және пайымы
Мемлекеттік органның миссиясы: Мемлекеттік саясатты тиімді қалыптастыру және іске асыру, денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуді салааралық үйлестіру мен мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру жолымен Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту. Еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен нәтижелі қамтуға және халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу.
Мемлекеттік органның пайымы: Халықтың қажеттілігіне сай келетін тиімді және қолжетімді денсаулық сақтау жүйесі. Өмiр сүру деңгейi мен сапасын нәтижелі жұмыспен қамтудың қолжетiмдiлiгiн кеңейту, әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейiн арттыру, халықты әлеуметтiк қолдау жүйесiн дамыту және оңтайландыру негiзiнде арттыру.
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау және қатерлерді басқару
1-стратегиялық бағыт. 1. Азаматтардың денсаулығын нығайту
1.1) Реттелетін қызмет саласының негізгі даму өлшемдері
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстанның әлемнің дамыған
30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі Қазақстан − 2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауының басты мақсатына қол жеткізу үшін Министрліктің қызметі заманауи және тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру арқылы азаматтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
Халық денсаулығын сипаттайтын медициналық-демографиялық жағдай мен негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы байқалатын атап өткен жөн: халықтың туу деңгейі 1000 халыққа шаққанда 22,69-дан (2012 жылы) 23,13-ге (2014 жылы) дейін артқан, өлім-жітім көрсеткіші 1000 халыққа шаққанда
8,51-ден (2012 жылы) 7,57-ке дейін (2014 жылы) төмендеген (2013 жылы – 7,98) және сәйкесінше халықтың табиғи өсу коэффициенті 1000 халыққа шаққанда 15,56-ке (2014 жылы) дейін (2012 жылы – 14,18, 2013 жылы – 14,75) ұлғайған.
Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2012 жылмен (69,61 жас, 2013 жылы – 70,45 жыл) салыстырғанда 2014 жылы өсіп, 71,62 жасты құрады, ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында (бұдан әрі − ТМД) Республиканың позициясын жақсартуға мүмкіндік берді.
Жоғарыда аталған оң өзгерістерге өлім-жітімнің негізгі себептері болып табылатын аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға және емдеуге бағытталған кешенді шаралар айтарлықтай ықпалын тигізді (қанайналым жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер, жарақаттар, ана мен бала өлім-жітімі).
Күтілетін өмір сүру ұзақтығы
Негізгі әлеуметтік-маңызды аурулар және жарақаттарды диагностикалауды, емдеуді және оңалтуды жетілдіру
Ел ауқымында 2010 жылдан бастап Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізілді.
Өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын қанайналым жүйесінің ауруларын (бұдан әрі – ҚЖА) белсенді анықтау нәтижесінде ҚЖА-мен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 2012 жылғы 2 454,0-ден 2014 жылы 2 394,7-ге дейін төмендеді (2013 жыл – 2463,1). ҚЖА-дан болатын өлім-жітімнің 2012 жылғы 256,76-дан 2014 жылы 207,7-ге дейін төмендеуі жүргізілген жұмыстың нәтижесі болып табылады (2013 жыл – 207,4).
Республиканың барлық өңірлерінде кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтер құру халықтың мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. 2011−2013 жылдардағы кезеңде коронароангиографияның саны 2 есеге, стенттеу – 4,5-есеге өсті. Озық технологияларды енгізу асқынулар мен жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімнің деңгейін айтарлықтай төмендетті, бұл толыққанды еңбекпен белсенді өмір сүруге оралған пациенттер санының артуына алып келді.
Өлім мен мүгедектікке алып келетін ауыр асқынулардың бірі ми қанайналымының жіті бұзылуымен ауыратын науқастарға көмек көрсету мақсатында республикада 40 инсульт орталығы ашылды.
Өлім-жітім себептертерінің құрылымында қатерлі ісіктер екінші орында тұр. 2012 жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық көрсеткішінің өскені байқалады (100 мың халыққа шаққанда 190,6-дан
2014 жылы 198,7-ге дейін, 2013 жыл – 193,9). Бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі өнеркәсіп дамыған өңірлерде тіркелген, бұл Солтүстік Қазақстан (321,3), Павлодар (303,7), Шығыс Қазақстан (298,9) және Қостанай (293,5) облыстары.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, химиялық препараттармен қамтамасыз етуге, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған іс-шаралар қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін 100 мың халыққа шаққанда 2013 жылғы 103,98-ден
2014 жылы 91,79-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Сырқаттанушылық, еңбекке уақытша жарамсыздық және өлім-жітім құрылымында, сондай-ақ мүгедектікке алғаш рет шығу бойынша жарақаттанушылық үшінші орында тұр. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011−2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жол-көлік оқиғаларынан (бұдан әрі – ЖКО) болатын өлім-жітімді төмендету жөнінде ведомствоаралық шаралар қабылданды, оның ішінде ЖКО-дан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету жүйесі жетілдірілді – жарақаттану қаупінің деңгейі жоғары республикалық маңызы бар автомобиль трассаларының бойында 40 ауданаралық травматологиялық бөлімше ұйымдастырылды, олар заманауи диагностикалық және емдеу жабдығымен жарақтандырылды. Нәтижесінде жазатайым оқиғалардан және жарақаттан болатын өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2012 жылғы 98,25-тен 2014 жылы 85,88-ға дейін төмендеді (2013 жыл – 95,85).
Әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-шаралар, оның ішінде профилактика, ауруларды ерте анықтау және оларды сауықтыру ана өлім-жітімін 1,2 есе (2012 жылдан бастап), нәресте шетінеушілігін 1,4 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
Ана өлім-жітімінің көрсеткіші 13,3 %-ға төмендеп, 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 11,7-ні құрады (2012 жылы – 13,5, 2013 жылы – 13,1). Нәресте шетінеушілігінің көрсеткіші 27,9 %-ға төмендеп, 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 9,72-ні құрады (2012 жылы – 13,48, 2013 жылы – 11,3).
Республикада туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып қалуда, мәселен туберкулезбен сырқаттанушылық және одан болатын өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2012 жылғы 81,7-ден 2014 жылы 66,4-ке дейін (2013 жыл – 73,4) және тиісінше 2012 жылғы 7,4-тен 2014 жылы 4,9-ға дейін төмендеді (2013 жыл – 5,6). Елімізде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына ел ауқымында қабылданатын жүйелік шаралар ықпал етуде. Инфекциялық бақылаудың халықаралық талаптарына сәйкес науқастар легін және оларды қамтамасыз етуді дәл бөле отырып, төсек қорын оңтайландыру арқылы туберкулезге қарсы ұйымдарды қайта құрылымдау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен бірге Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі рейтингінде (бұдан әрі − БЖИ) Қазақстан туберкулезбен сырқаттанушылық бойынша 101-орында және туберкулездің бизнеске әсері бойынша 107-позицияны иеленген. Осыған байланысты, ведомствоаралық сипаттағы шаралар күшейтілген.
АИТВ инфекциясы бойынша жағдай да тұрақтанған, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі − ДДҰ) деректері бойынша Қазақстан АИТВ/ЖИТС індетінің шоғырлану сатысында тұр (әлемдік орташа көрсеткіштің 1,1 %-ына халықтың 0,16 %-ы, Қазақстан Республикасы жататын Шығыс өңірде – 0,8) (2010 және 2011 жылдары – 0,18). Өткен 2013 жылы 15-49 жас шамасындағы халықтың арасында ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында – 0,306, Павлодар облысында – 0,335 және Алматы қаласында – 0,316.
Халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын сақтауда қант диабеті маңызды рөлге ие. Скринингтік зерттеулер нәтижесінде 2014 жылы 2,6 млн. адам қамтылды, оның ішінде 9,6 мың адамда қант диабеті анықталған. Талдау кезеңінде қант диабетімен сырқаттанушылық төмендеген және 100 000 халыққа шаққанда 2012 жылғы 170,4-бен салыстырғанда 2014 жылы 164,4-ті құрады (2013 жыл – 170,4). Қант диабеті бар барлық науқастар 100 пайыз инсулинмен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру
Халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған шаралар ықпалын тигізді. Мәселен, 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (бұдан әрі – БҰДЖ) енгізілуде, оның шеңберінде халыққа соның ішінде ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігі жақсартылған. Тарифтік саясаттың ашықтығы қамтамасыз етілді, нәтижесінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) берушілердің жалпы санында жеке сектордың үлесі айтарлықтай ұлғайды. БҰДЖ-ның шеңберінде стационарды алмастыратын технологиялар белсенді дамуда, олардың көмегімен 2014 жылы 1 059,3 мың адам емделіп шықты, бұл 2012 жылға қарағанда 113,6 мың адамға (945,7 мың адам, 2013 жыл – 995,9 мың) көп.
Медициналық көмектің сапасын арттыруға және 2012 жылдан бастап стационар деңгейінде – клиникалық шығынды топтар бойынша, 2013 жылдан бастап жаһандық бюджет бойынша, яғни амбулаториялық және стационарлық деңгейлерде қызметтер көрсетуге арналған шығыстар қамтылған, 1 ауыл тұрғынына жан басына шаққандағы кешенді тариф бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған ең үздік халықаралық тәжірибе ескеріле отырып төлемнің жаңа әдістері енгізілді. Қатерлі ісіктерді ерте анықтауды және онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бір онкологиялық науқас үшін кешенді тариф бойынша төлем жүйесі енгізілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту және негізгі қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында медициналық ұйымдарға жабдықты лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі ұсынылды.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі – МСАК) басым түрде дамыту жалғасуда. БҰДЖ-ның екінші кезеңі шеңберінде әлеуметтік қызметтер институтын дамытуға акцент жасай отырып, МСАК-ты ұйымдастыру мен қаржыландыру жүйесі жетілдірілуде. 2011 жылдан бастап МСАК ұйымдарының штатына әлеуметтік қызметкерлер, психологтар лауазымдары енгізілді. Тіркелген халықпен профилактикалық жұмысты (скринингтер, нысаналы топтарды қалыптастыру, салауатты өмір салты мен профилактикаға үйрету) күшейту мақсатында 2 және 3-учаскелік мейіргер лауазымдары енгізілді.
БҰДЖ-ның екінші кезеңі шеңберінде 2014 жылдан бастап өңірлерде қаржыландыруды кезең-кезеңімен теңестіру мақсатында амбулаториялық-емханалық деңгейде көмек көрсетуге арналған жан басына шаққандағы кешенді норматив (бұдан әрі − ЖБКН) енгізілді. Республика бойынша ЖБКН орта есеппен 2014 жылы 808 теңгені, 2015 жылы – 896 мың теңгені құрады.
2011 жылдың басынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына қымбат тұратын қызметтер көрсету, экстракорпоральдық ұрықтандыру, ортодонттық көмек бөлігінде ТМККК тізбесі кеңейтілді.
МСАК ұйымдары қызметінің соңғы нәтижесіне бағдарланған қызметкерлер еңбегін ынталандыру жүйесі қалыптастырылды.
Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013−2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, оның түпкілікті мақсаты 2020 жылға қарай еліміздегі бүкіл халықтың электрондық денсаулық паспорттарын жасау болып табылады.
Ұлттық телемедицина желісі құрылды, оның көмегімен медициналық көмек көрсетудің әртүрлі деңгейлерінде консультациялар жүргізіледі.
2012 жылмен салыстырғанда 2014 жылы телемедицина консультацияларының саны 30,4%-ға ұлғайды (2012 жылы – 15751, 2013 жылы – 17752, 2014 жылы – 22 622).
Халықтың, әсіресе шалғайда және жетуі қиын өңірлерде тұратын ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін
49 жылжымалы медициналық кешен (бұдан әрі – ЖМК), 40 трассалық медициналық-құтқару пункті, 3 емдеу-диагностикалық пойызы жұмыс істейді. 2011 жылғы шілдеден бастап Республикалық санитариялық авиацияны үйлестіру орталығы жұмыс істейді, ол бейінді мамандардың консультациялар өткізуі мақсатында ұшуларды жүзеге асырады.
Медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңызды мәселелердің бірі – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болып табылады. ТМККК шеңберінде азаматтардың дәрілік заттармен қамтамасыз етуге құқықтарын іске асыру мақсатында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жетілдірілді. Қымбат тұратын нозологиялар бойынша дәрілік заттарды сатып алуды республикалық бюджет есебінен бірыңғай дистрибьютор жүзеге асырады.
Диспансерлік науқастардың тіркелімі және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі құрылды, ол әрбір пациенттің мемлекет кепілдік берген дәрілік препаратты алуын нақты қадағалауға мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлердің тұрғындарына дәрілік көмектің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 3000-нан астам дәріхана ұйымдарында және МСАК объектілерінде дәрілік заттарды өткізу ұйымдастырылды
(2011 жылы – 3030, 2012 жылы – 3100, 2013 жылы – 3200, 2014 жылы − 3300).
Терапиялық тиімділікті, фармакоэкономиканы және жанама әсерлер мониторингін ескере отырып, дәрілік заттарды ұтымды қолдануға бағытталған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің формулярлық жүйесі енгізілді. Дәрілік заттардың бағаларын мониторингтеу орталығы құрылды.
Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеу, сертификаттау жүйесін жетілдіру басталды. ТМККК шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеу енгізілді. Жыл сайын бірыңғай дистрибуция жүйесі (заттай мәнде) арқылы ТМККК шеңберінде жалпы көлемде сатып алынатын отандық дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың үлесі ұлғаюда (2012 жылы – 35 %, 2013 жылы – 40 %, 2014 жылы – 66 %).
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықтың хабардар болуын арттырумен айналысатын Ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы құрылды.
Республикада медициналық қызметтердің сапасын басқару жүйесі құрылды.
Кезең-кезеңімен аккредиттеудің халықаралық стандарттары енгізілуде. Пациенттердің хабардарлығын арттыру, денсаулық сақтау саласында бәсекелестік ортаны, транспаренттілік және медицина ұйымын еркін таңдау принциптерін дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап сыртқы, ішкі бақылау және пациенттердің пікірлері негізінде медициналық ұйымдарды рейтингтік бағалау жүйесі енгізілді.
Объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз сараптама дамуда, 2014 жылы тәуелсіз сарапшылар тартылған, тексерулердің үлесі 33 %-ды құрады, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 3 %-ға артық (2012 жылы – 30 %).
Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестер және Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар құрылды. Медициналық ұйымдарда шағымдардың алдын алу және оларды туындаған жерде «осы жерде және қазір» принциптері бойынша қарау үшін жұмыс істеуге арналған Ішкі бақылау қызметтері жұмыс істейді.
Дербестікті қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдар кезең-кезеңімен шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар (бұдан әрі – ШЖҚ МК) мәртебесіне ауыстырылуда, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін 504 медициналық ұйым ШЖҚ МК мәртебесіне ауыстырылды.
Халықтың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «100 мектеп және
100 аурухана салу», «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» ауқымды жобалар шеңберінде 409 денсаулық сақтау объектісі іске қосылды және 2016 жылы 40 денсаулық сақтау объектісін салу жоспарлануда.
Білім беру, ғылым жүйесін жетілдіру және инновациялық технологияларды енгізу
Медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етуде білікті медицина кадрлары маңызды рөлге ие болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде денсаулық сақтау кадрларын даярлау сапасына қол жеткізу жөніндегі шараларды көздейтін Қазақстан Республикасында медициналық және фармацевтикалық бiлiм беруді дамытудың 2011−2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Инновациялық білім беру технологияларын оқу процесіне енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, медициналық ЖОО-ларда оқу-клиникалық орталықтары құрылды. Ел ішінде, сол сияқты шетелде үздіксіз кәсіби даму қамтамасыз етіледі, жетекші шетелдік мамандарды тарта отырып мастер-кластар ұйымдастырылады. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен 30 мыңнан астам маман өз біліктіліктерін арттырып отырады.
Денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын дамытудың
2013-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде нормативтік құқықтық база жетілдірілуде, денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарын мемлекеттік жоспарлау және болжамдау жүйесі құрылды, мейіргерлік қызметті ұйымдастыру тәсілдері жетілдірілуде.
Әлеуметтік қолдау және мамандардың жұмыс өтеуін нормативтік бекіту бойынша қабылданған шаралар мамандарға деген қажеттілікті 2012 жылғы
5,8-ден 2014 жылы 3,8 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің базасында ұжымдық пайдаланудағы 2 ғылыми молекулярлық-генетикалық зертхана жұмыс істейді, олар заманауи аспаптарға және студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар және медициналық ғылыми ұйымдар мен ЖОО-лардың қызметкерлері үшін зерттеулерді орындауға рұқсатты қамтамасыз етеді.
Жыл сайын халықаралық басылымдардағы жарияланымдардың үлес салмағы (2012 жылы – 18 %, 2013 жылы – 19,1 %, 2014 жылы – 21,2 %), биологиялық белсенді заттарға, фармакологиялық және дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға жүргізілген клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің саны (2012 жылы – 14, 2013 жылы – 50, 2014 жылы – 55) ұлғаюда.
2013 жылы Медициналық ғылымды 2020 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Бәсекеге қабілеттілікке және әзірлемелердің сұранысқа ие болуына қол жеткізу, олардың негізінде озық медициналық технологиялар мен инновацияларды енгізу отандық медицина ғылымын дамытудың негізгі мақсаты болып айқындалды.
1.2) Негізгі проблемаларды талдау
Медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасына қарамастан, туу кезіндегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы төменгі деңгейде қалып отыр және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 71,62 жасты құрады, бұл табыстың ұқсас деңгейі бар елдермен салыстырғанда 3 жылға төмен.
Жыл сайын Қазақстанда обырдан шамамен 17 мың адам қайтыс болады, оның ішінде 42 % еңбекке қабілетті жастағы адам.
Республиканың трассаларындағы ЖКО-да 3 мыңға жуық адам қайтыс болады және 29 мыңнан астамы жарақат алады, бұл проблеманың ауқымдылығы мен маңыздылығын білдіреді.
Бұдан басқа, жүргізіліп жатқан кең ауқымды құрылысқа, «DOTS-плюс» туберкулезді емдеу бағдарламасының іске асырылуына қарамастан, туберкулездің таралуын эпидемиологиялық қадағалау, дәрілік төзімділікті дамыту және туберкулезден болатын өлім-жітім мәселелері өзекті болып қалуда. Қазақстандағы туберкулезбен сырқаттанушылық ТМД елдері арасында ең жоғары деңгейлердің бірі болып табылады.
Ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы айтарлықтай жақсы өзгерістерге қарамастан, республикада ана мен нәресте өлім-жітімінің көрсеткіштері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірімен салыстырғанда әлі де жоғары.
Отбасын жоспарлау, халықтың саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша хабардар болуын арттыру жөніндегі жұмысты қоса алғанда, МСАК-тың жеткіліксіз профилактикалық бағыттылығы проблемалары сақталуда.
Сонымен қатар, денсаулық сақтаудағы алғашқы буында жалпы дәрігерлік практика және халықпен профилактикалық жұмыс жүргізуде денсаулық үнемдейтін техологиялардың дамуы осал.
Халықаралық тәжірибе МСАК-пен барынша қамтуға және оның тиімділігіне МСАК-ті қаржыландыру көлемі денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың кемінде 40 %-ын құраған жағдайда қол жеткізілетінін көрсетіп отыр. Алайда, 2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ТМККК-ні қаржыландыру тек қана 27,5 %-ды құрады.
ТМККК нақтыланған тізбесінің болмауы және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің теңсіздігі азаматтардың мемлекет кепілдік берген көлемде медициналық көмек алуға құқықтарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде азаматтардың бір бөлігі ақылы негізде қызметтер алу үшін жеке денсаулық сақтау секторына жүгінуге мәжбүр. Бұл жағдай азаматтардың денсаулықты сақтауға өз құқықтары туралы нашар ақпараттандырылуына байланысты қиындай түсуде. БҰДЖ шеңберінде қаржыландыру механизмдерін (қор ұстау, жан басына шаққандағы екі компонентті норматив) енгізу жолымен қолжеткізілген бәсекелес ортаны қалыптастырудағы оң өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басқарушылық дербестігінің төмендігі мен менеджменттің жеткіліксіз деңгейі медициналық қызметтерді берушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кедергі келтіреді.
Медициналық қызметтер сапасының жеткіліксіз деңгейі сақталуда, медициналық ұйымдарда ішкі аудит жүйесі жеткіліксіз дамыған. Пациенттердің құқықтарын қорғау жүйесі нашар дамыған, тәуелсіз сарапшылардың әлеуеті жеткіліксіз.
БҰДЖ белсенді енгізуге қарамастан, денсаулық сақтаудағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның жеткіліксіз деңгейі, медицина қызметкерлерінің арасындағы компьютерлік сауаттылықтың төмен деңгейі сақталып отыр.
Медициналық ұйымдарды жеткіліксіз материалдық-техникалық қамтамасыз етумен байланысты мәселелер проблема күйінде қалып отыр. Бұл ретте лизинг жүйесінің мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды.
Қазақстанның ауылдық денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымның оқшаулануына (қашықтығына), нашар дамуына, материалдық базаның нашар болуына, қатаң климаттық жағдайларға, медицина қызметкерлерінің жеткіліксіздігіне және кадрлардың кетуіне байланысты елеулі қиындықтарға ұшырауда.
Ауылдағы бірқатар медициналық ұйымдар бейімделмеген, санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін үй-жайларда орналасқан, қазіргі заманғы медициналық жабдықпен, санитариялық автокөлікпен жеткіліксіз жарақтандырылған.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, фармацевтикалық қадағалау, фармакоэкономикалық зерттеулер, дәрілік заттардың жанама әсерлерін мониторингтеу жүйесі, жалған және контрафактілік дәрілік заттардың өндірісімен және таралуымен күрес жұмыстары одан әрі жетілдіруді қажет етеді.
Халықтың, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері одан әрі шешуді қажет етеді.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көздері әртараптандырылмаған, негізгі қаржылық жүктемені мемлекет көтереді, іскери қоғамдастықтың үлесі жеткіліксіз, ал азаматтардың қаржылық қатысуы өз денсаулығына деген олардың жауапты қарым-қатынасын ынталандырмайды.
Денсаулық сақтау мәселелерін шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіз тиімділігі өзекті болып қалуда.
Кадрларды даярлау сапасына, практикалық мамандардың біліктілік деңгейіне байланысты негізгі проблемалық мәселелер сақталуда. Медицина кадрларын даярлау жыл сайын ұлғайғанмен, медицина кадрларын бөлуде теңсіздік бар: 10 мың халыққа шаққанда 19,7-ден 49,4-ке дейін. Ауылдық денсаулық сақтаудың дәрігерлермен қамтамасыз етілуі бұрынғыша төмен және
10 мың халыққа шаққанда 11,5-тен 18,2-ғе дейінгі шекте ауытқып отырады.
Ғылыми зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуы және денсаулық сақтау саласындағы маңызды инновациялық жетістіктердің болмауы орын алып отыр, медициналық ғылым ұйымдардының әлсіз материалдық-техникалық базасын, ғылыми зерттеулердің тиімсіз менеджментін, зерттеушілердің жеткіліксіз әлеуетін және өзін-өзі дамытуға олардың уәждемесін арттырудың тиімді тәсілдерінің болмауын қоса алғанда, бұл медицина ғылымының дамуына кедергі келтіретін тұтас бірқатар факторлардың болуымен байланысты.
ЖОО-ның ғылымын дамыту деңгейінің төмен болып қалуы жалғасуда, бұл білім беру ұйымдарының ғылыми әлеуетінің жеткіліксіздігімен және ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда профессорлық-оқытушы құрамды тартудың төмендігімен байланысты.
1.3) Қатерлерді басқару
Мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етуі мүмкін қатерлердің атауы
|
Қатерлерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
Сыртқы қатерлер
|
Техногенді және экологиялық аппаттар (қасірет) салдарынан болған әртүрлі жарақаттар мен аурулардың (оның ішінде инфекциялық) жаппай кең дамуы
|
1. Қатердің басталуына байланысты денсаулық үшін салдарды жоюға бағытталған кешенді шараларды қабылдау (медицина кадрларын жұмылдыру, дәрілік заттармен қамту және т.б.)
2. Жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша медициналық пункттер мен денсаулық сақтау ұйымдарын қазіргі заманғы жабдықтармен қосымша жарақтандыруға, сондай-ақ шұғыл стационарлық көмек көрсетудің қосымша көлеміне немесе бюджет қаражатын қайта бөлуге қаражаттың қажеттілігі туралы бюджеттік және экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу
|
Ішкі қатерлер
|
Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіз болуына байланысты медицина кадрларының кетуі
|
Жергілікті жерлерде кадраларды тұрақтандыруға бағытталған жаңа іс-шаралары бар қолданыстағы меморандумдарды кеңейту
|
2-стратегиялық бағыт. 2. Халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету
2.1) Реттелетін қызмет саласының негізгі даму өлшемдері
2050 стратегиясының негізгі мақсаты Қазақстанның әлемнің дамыған
30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша Министрлік өз қызметінде қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайту принципіне сүйенеді.
Осы мақсаттарда мемлекет масылдықты болдырмайтын атаулылыққа және тиімділікке негізделген әлеуметтік дамудың қазақстандық моделін дамыту принциптерінің бірі – азаматтардың мұқтаж санаттарын әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құруды жалғастырады.
Мемлекет адам туылғаннан бастап оның өмірінің барлық кезеңдерінде сүйемелдей отырып, халықты әлеуметтік қорғауға кепілдік береді. Осылайша, Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының мынадай принципі іске асырылуда – азаматтарға олардың өмірінің әрбір кезеңінде әлеуметтік қызметтерді ұсынудың ең төменгі қажетті деңгейіне кепілдік беріледі, ол адамның өзін-өзі дамытуы үшін бастапқы тең мүмкіндіктерге негіз болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар.
Ана мен баланы қолдау жүйесі арқылы бала тууды арттыру және балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
Еңбек етуге қабілетті жастағы адамдар үшін ықтимал әлеуметтік қатерлер басталған жағдайда және егде жастағы адамдарға лайықты өмір сүру жағдайларын жасау үшін көп деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жұмыс істейді және жетілдірілуде.
Бұдан басқа, азаматтардың материалдық жағдайы белгілінген шектен төмен деңгейде нашарлаған (ең төменгі күнкөріс деңгейі, кедейлік шегі), өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік қолдау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шаралары қолданылады.
Соңғы үш жыл осы қызмет бағытын дамытудың мынадай ахуалын көрсетіп отыр.
Ана мен баланы әлеуметтік қолдауды дамыту
Демографиялық процестерді басқару жүйесіндегі буындардың бірі болып табылатын Министрлік бала тууды арттыру, балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесуге арналған.
Халық саны өсімінің оң серпінін атап өткен жөн: 2015 жылғы 1 қаңтарда ол 2013 жылдың басындағы ұқсас көрсеткіш – 16,9 млн. адамға қарсы 17,4 млн. адамды, 2014 жылдың басында – 17,2 млн. адамды құрады.
Достарыңызбен бөлісу: |