|
Қазақстан республикасы білім және ғылымҚазақстанда басқару ғылымының дамуы мен қалыптасуы
|
бет | 7/260 | Дата | 03.03.2023 | өлшемі | 4,42 Mb. | | #41578 | түрі | Оқулық |
| Білім берудегі менеджмент. Кітап
Х-ХІІ ғасырларда басқару саласындағы алғашқы ойшылардың бірі Әбу- Насыр Әл Фараби (870-950 ж.ж.) болды. Ол жұлдыздар мен басқа табиғи құбылыстарға қарай отырып, мемлекеттің, шаһарлардың болашағы мен бағыныштылардың тағдырын болжамдаған әміршілердің жалған көріпкелдігін ғылыми негізде дәлелдеді. Оның адамзат қоғамының шығуы, мемлекеттік құрылыс және басшыға талап қою туралы идеялары ерекше қызығушылық тудырып отыр. Қазіргі кезде Қазақстан ғалымдары әл-Фарабидың ғылыми мұраларын терең зерттеу мақсатында Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстанда XVII ғасырдың соңында Тәуке хан (1680-1715 ж.ж.) әмірлік құрған дәуірде «Жетi жарғы» деп аталатын заң жинақтарында мемлекетті басқару жөніндегі өз пікірлерін мазмұндады, мұнда орта ғасырлық қазақ қоғамындағы негізгі принциптер мен құқық нормалары бекітілген. «Жетi жарғы» – бұл әкімшілік, азаматтық және қылмыстық құқықтардың нормаларын мазмұндаған құжат; қазақтардың заңдар мен қарапайым құқық нормаларының алғашқы жазба жинағы болып табылады. «Жетi жарғыға» сәйкес мемлекеттегі жоғарғы билік ханның қолында шоғырланды. Басқару халықтық жиналыс құрылтай арқылы сұлтандардың және ру басшыларының қатысуымен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік басқару саласындағы кезекті қайта құрушы Әбілхайыр хан (1693-1748 ж.ж.) болды. Ол жеке хандық құрып, Қазақстанның далалық аудандарының ауқымды территориясында қырық жыл бойы мемлекеттік билікті ұстап тұрды. Алайда, Әбілхайыр хандығы орталықтанған мемлекет болған жоқ, ол бірнеше этнотерриториялық және этносаяси топтарға, ұлыстарға бөлінді.
ХVІІІ ғасырдың ортасында экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару жүйесінің дамуында Қазақстанның территориялық иеліктерін қалпына келтіруде Абылай хан (1711-1781 ж.ж.) маңызды рөл атқарды. Өзінің онжылдық басқару кезеңінде ол мемлекетте біраз өзгерістерді жүзеге асырды.
ХІХ ғасырда Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткерлерінің арасында ғалым-ағартушы Ш.Уәлиханов (1835-1865 ж.ж.) маңызды орын алды. Ол орыс ағартушылары мен революцияшыл-демократтарының алдыңғы қатарлы идеяларын қабылдады. Сонымен бірге патшаның отаршылдық саясатын айыптап, олардың қоғамдық-мәдени артта қалуын орыс мәдениетінен сусындау жолында жеңу үшін күресті, қазақтардың отырықшылық пен егін шаруашылығына көшуін насихаттады. Ш.Уәлиханов ағарту ісі мен жеке реформалардың рөлін асыра бағалай отырып, басқару саласындағы үкімет шаралары көшпенді ауылдар өмірінің қайта құрылуына ықпал етуі мүмкін деп жорамалдады. Ш.Уәлихановтың мемлекетті басқару жөнінде ұсынған демократиялық идеяларын қазақтың басқа да ағартушы-демократтары
Ы.Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) мен А.Құнанбаев (1845-1904 ж.ж.) әрі қарай дамытты.
Қазіргі заманғы менеджменттің қалыптасу тарихы мен дамуын ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап қарауға болады. Алғашқы қазақ инженер-менеджері, өндірісті ұйымдастырушысы Қ.И.Сәтпаев (1889-1964 ж.ж.) болды. Ол бірінші кеншілердің еңбек өнімділігі мен адамдардың еңбекке деген мотивация мәселелерін, жұмысшылардың, кәсіподақтардың кәсіпорындармен және Балқаш пен Жезқазғанның тау-кен байыту комбинаттарындағы еңбек процестерімен байланысты мәселелерді шешті. Оның басқару стиліне тән ең маңызды ерекшелік – зерттелінетін нақтылы материалдарды терең ғылыми жүйелеу мен жалпылау. Бұл жерде нағыз білгірдің әдеттен тыс басқару ойы көрінеді.
Еліміздің жоғары оқу орындарында менеджмент 1992 жылдан, яғни Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу сәтінен бастап оқытылады. Мемлекетте дүниежүзілік білім стандарттарына жауап беретін менеджмент саласы бойынша мамандар дайындау жөнінде жұмыс басталды. Қазіргі кезде білім мен ғылым саласындағы кадрларды кәсіби дайындау мемлекеттің экономикалық стратегиясының құрамды элементтері болып табылады.
Қазақстанда менеджмент пәні бойынша алғашқы қазақша оқулық профессор К.Ғ.Ахметовтың «Менеджмент негіздері» (1993 ж.) кітабы болды. Ол қазақстандық менеджмент мектебінің негізін қалаушылардың бірі болып табылады.
К.Б.Бердалиевтің «Менеджмент негіздері» (1994ж.), «Қазақстан экономикасын басқару негіздері» (2001ж.) еңбектерінде қазақстандық кәсіпорындарды басқару ерекшеліктері мазмұндады.
Қазақстанда кадр менеджментінің мәселелерін алғаш рет ғалым Р.С.Каренов зерттеді. Ол «Өндірістік менеджмент» (1996ж.), «Инновациялық менеджмент» (1997ж.) атты еңбектерінде нарықтық экономикасы жағдайындағы кадрлармен жұмыс жүргізудің отандық тәжірибесін қорытты және біздің еліміздің кәсіпорындарында шетел тәжірибесін тиімді пайдалану жөнінде кейбір пікірлерін ұсынды.
Қазақстандық кәсіпорындар жағдайында өндірістік менеджменттің теориялық аспектілері Ә.Ә.Әбдірешевтің «Кәсіпорынның өндірістік менеджменті» (2001ж.) еңбегінде қарастырылады. Ол стратегия, жоспарлау, еңбекті басқару, дамытудың әдістемелік аспектілерін ашып көрсетті.
Бірақ, менеджмент ғылыми қызмет саласы ретінде соңғы екі ғасыр шегінде қарастырылады. М.А.Гончаров менеджмент эволюциясын ғылым және басқаруға келесі көзқарастардың ауысу динамикасында кәсіби басқару қызметінің ерекше түрі ретінде қарастырады:
ғылыми басқару көзқарасы (1885-1920 ж.ж.);
әкімшілік көзқарас (1920-1950 ж.ж.);
адами қатынастардың ұстанымы жағынан көзқарас (1930-1950 ж.ж.);
тәлімдік көзқарас (1940-жылдардан бастап, ал 1950-жылдардан бастап аса белсенді);
сапалық әдістер ұстанымы жағынан көзқарас (ХХ ғасырдың 50- жылдары);
процестік көзқарас (ХХ ғасырдың 20-50-жылдары);
жүйелік көзқарас ( ХХ ғасырдың 60-жылдары);
жағдайлық көзқарас ( ХХ ғасырдың 70-жылдары).
Қоғамның дамуының қазіргі кезеңі әлеуметтік-экономикалық сала тұрақсыздығының жоғары деңгейімен сипатталады, түрлі жағдайларда адекватты шешімдер қабылдай алатын, қойылған мақсатқа жетудің креативті жолдарын таба алатын сауатты менеджер-маман дайындауды талап етеді.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда білім беру менеджментін жетілдіру белсенді инновациялық процестермен, демократизация және гуманизациямен, вариативті оқу жоспарларын енгізумен, білім берудің жаңа мазмұнымен байланысты менеджерлік қызметтің әлеуметтік-мәдени ортасы кеңейіп, оның бағыты өзгерді.
Замануи менеджмент – басқару практикасының теориялық базасын құрайтын болғандықтан басқару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, басқарудың практикалық қызметін ғылыми түсініктемелермен қамтамасыз ететін ғылым саласы.
Менеджмент қызметін ұсынатын компаниялардың тапсырыс берушілерінің тең жартысын, белгілі американ ғалымы П.Друкердің зерттеуі бойынша бизнес өкілдері емес, керісінше, білім беру, мәдениет ұйымдары құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|