«ҚАТЫНАС» білім беру саласы
Мақсаты: коммуникативтік тілдік құзіреттілікті меңгерген, ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндігі бар, ересектермен және құрдастарымен еркін қатынас жасайтын мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыру.
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру;
- мемлекеттік тіл, орыс тілі және басқа тілдерді үйрету арқылы
ә) балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастыру:
- дербес көркем-тілдік қызмет;
- кіші-қойылымдарды сахналау;
- сөздік мазмұнды үстел үсті-баспа ойындар;
- театрландырылған ойындар арқылы іске асады.
Тіл дамыту
Мақсаты: балалардың ана тілінің ережелері мен нормаларын меңгеруі негізінде тілдік құзыреттіліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Артикуляциялық аппараттарын дамыту және сөздер мен барлық дыбыстарды дұрыс айтуға даярлау.
2. Білімдерін тереңдету және қоршаған әлем туралы түсніктердің негізінде балалардың сөздік қорларын байыту және оны белсендіру.
3. Сөйлемде сөздерді үйлестіру біліктерін қалыптастыру, тілдің грамматикасының дұрыс сақталуын қадағалау.
4. Диалогтік тілдесу дағдыларын жетілдіру, әңгімені қостау және қысқаша пікірлерін айту біліктерін дамыту.
5. Тілдік шығармашылыққа мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың тұрақты қызығушылығын тәрбиелеу.
6. Ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасау және өзара әрекеттесу мәдениетінің дағдыларын жетілдіру.
Мазмұны:
Тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеу
Сөздегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды таза, анық айту дағдыларын бекіту.
Дауыс мәнерімен жұмыс істеуді жалғастыру: сөздер мен сөз тіркестердің анық айтылуын жетілдіру. Ақырын немесе тез, қатты немесе жай сөйлеу біліктерін дамытуды жалғастыру.
Сөйлеу кезінде дұрыс тыныс алуын дамыту.
Фонематикалық қабылдауын (сөздердің айтылуында дыбысты ажырата білу) дамыту.
Сөздік жұмысы
Сөздік қорын: адамдардың атын, мамандықтарын, заттардың бөліктері мен бөлшектерін білдіретін - зат есіммен, еңбек әрекетін білдіретін - етістікпен, үстеумен, шылаулармен байыту.
Заттардың қасиеті мен сапасын (көлем, түс, пішін) білдіретін сөздермен толықтыру.
Баланың сөздік қорын электротехникалық тұрмыстық заттардың атауларымен: тоңазытқыш, шаңсорғыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, компьютермен толықтыру.
Жалпы жинақтау түсінігін білдіретін сөздерді (жемістер, жидектер, көкөністер, құстар, ойыншықтар, киім, аяқ киім, ыдыстар, жиһаз) сөздік қорына енгізу. Заттардың топтарын атау (ыдыс-аяқ: шай, ас үй; аяқ киімдер: жазғы, қысқы).
Сөздік қорын таңқаларлық және ұлттық заттар атауларымен толықтыру (сандық, тымақ, желпуіш, парик-жасанды шаш, теңге, қазан, арба т.б.) және олардың қызметтерін түсіндіру.
Антоним сөздерді (үлкен-кіші, жақсы-жаман, алыс-жақын) сөздік қорына енгізу.
Үй-тұрмыстық заттары мен айналаны қоршаған заттардың маңызы туралы түсінік беру.
Балаларға заттың атауын және орнын білдіретін сөздерді (сол жақта, оң жақта, арасында (ортасында), қасында, жанында) үйретуді жалғастыру.
Тәулік бөліктерін білдіретін сөздерді енгізу.
Адамдардың көңіл күйін (көңілді, мұңлы, мейірімді және т.б.) білдіретін сөздерді қолдануға үйрету.
Сөзге деген қызығушылықтары мен зейінін дамыту.
Тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыру
Сөздерді септік, көпше және жекеше түрлерінде дұрыс үйлестіре білуге үйретуді жалғастыру.
Сөздердің кейбір күрделі түрлерінің жасалуын үйрету. Мысалы:
- ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі (ойыншықтардың, адамдардың, боталардың, қонжықтардың);
- етістіктің бұйрық райына (сурет сал, секір, биле, ән сал, жат);
- етістіктің түрлері (жату, жүру, жүгіру).
Жан-жануарларды, олардың төлдерін (үйрек - үйректер - үйректің балапаны, түйе - түйелер - бота - боталар) білдіретін сөздерді зат есімнің көпше және жекеше түрінде айту біліктерін дамыту.
Салалас құрмалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдануға мүмкіндік туғызу және жай сөйлемнің құрылымын жетілдіру.
Сан есімдерді ретімен айтуға, оларды саналатын заттармен тектік, сан-мөлшерлік, есептік жағынан байланыстыруға үйрету.
Байланыстырып сөйлеу
Балалардың тыңдау және сөзді түсіну, әңгімелесе білу, сұраққа жауап беру және сұрау біліктерін қалыптастыру.
Тәрбиешінің үлгісі бойынша ойыншықтар мен заттар туралы және сурет бойынша әңгіме құрастыру біліктерін дамыту.
Өз қалауымен, тәжірибесіне сүйене отырып (суреттің мазмұнына сәйкес) әңгіме құрауға үйрету.
Өздеріне таныс және сабақта өткен шағын ертегілерді қайталап айтып беруге үйрету.
Өздеріне таныс әдеби шығармалар мен ертегілер үзіндісін драмалуға қатысу біліктерін дамыту.
Шығармашылық сөйлеу әрекеті
Шағын тақпақтарды жатқа айтуға үйрету.
Балаларға түсінікті қуыршақ театрының «жүргізу техникасын» қолданып, театрландырылған әрекеттерге, ойындарға - драматизациялауға, қуыршақ қойылымына қатысуға ниеттендіру.
Ойыншықтармен оқиғалар құрастыруға тарту.
Сөздік және саусақ ойындарына қатысуға ниеттендіру.
Ойын, өлең және сөз ұйқасын табуға белсенді қатысуға ынтасын арттыру.
Кейіпкерлердің бейнесін беру үшін сөздегі ырғақ мәнерінің тәсілдері мен қарқынын қадағалап, қолдануға үйрету.
Жыл соңында тіл дамыту бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- барлық дауысты және дауыссыз дыбыстарды айтуды;
- берілген дыбыстарды сөздерден естіп, ажыратуды;
- жалпы жинақтау түсінігін білдіретін сөздерді (көкөністер, жемістер, жануарлар, ойыншықтар) қолдануды;
- заттардың орналасуын (сол жақта, оң жақта, арасында (ортасында), жанында, қасында) анықтап айтуды;
- сөздердің күрделі түрлерін: ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі (жолақтардың, ойыншықтардың), етістіктің бұйрық райы (сурет сал, ән сал, биле) қолдануды;
- сөздерді септік, көпше және жекеше түрлерінде дұрыс үйлестіруді;
- кіші көркем әдеби әңгімелерді мазмұндауды;
- ойыншық жайлы және сюжеттік сурет бойынша әңгіме құрастыруды;
- өздеріне таныс әдеби шығармалар мен ертегілер үзінділерінің драмалауына қатысуды білуі тиіс.
Көркем әдебиет
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиетіне өнер түрлері ретінде алғашқы қызығушылықтарын қалыптастыру.
Міндеттері:
1.Балалар көркем әдебиеті және қазақ халқы мен өзге де халықтардың халық ауыз әдебиетінің шығармалары арқылы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас әлемі туралы балалардың түсініктерін кеңейтуді жалғастыру.
2. Ересектермен және құрдастарымен сенімді қатынас орнату дағдыларын дамыту, айналасындағы адамдардың әр түрлі, сондай-ақ қызықты болатынын түсіндіру.
3. Шығарманың мағынасын түсіну, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы негізінде адамгершілікке тәрбиелеу.
4. Өз әсерлері туралы айта алуы мен шығарма кейіпкерлерінің әрекетін, мінез-құлқы мен қарым-қатынасын бағалауды дамыту.
Мазмұны:
Балаларды ертегі, әңгіме, өлеңдер тыңдауға, әрекеттердің дамуын қадағалауға ынталандыру
Шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлердің қарапайым өзара қарым-қатынасын бағалауға, кейбір адамгершілік қасиеттерді (мейірімді, зұлым, батыл) сипаттауға үйрету.
Балаларды қоршаған ортамен, адамдардың сезімдерімен және көркемдік-таным әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті шығармалары арқылы өзара қарым-қатынастарымен таныстыру.
Шығарма жанрының көзқарасымен, бейнелілік пен тілдік мәнерлілігімен көркем шығармаларға түсінікті талдау жасауға үйрету.
Көркем мәнерлеу құралын (эпитет, салыстыру), заттарды суреттеуді, ертегі айтуда, оқиғаларды құрастыруда орынды қолдануға үйрету.
Көрнекіліктердің көмегінсіз-ақ өлеңдерді жатқа, мәнерлеп айтуға үйрету.
Ересектермен және құрдастармен өзінің боямаланған қатынасының үлгісін әдеби кейіпкерлердің бейнесінде беру.
Балалардың жеке тәжірибесімен және күнделікті өмірі мен айналасындағылармен шығарма мазмұнының ара қатынасын белгілеуге үйрету.
Кейбір көркем шығармалар жанрын (әңгіме, өлең, ертегі, мақал-мәтел) ажырату. Көркем сөйлеу мен оны көркем орындау қабілеттерін қалыптастыру.
Көркем шығармалардың суреттерімен таныстыру.
Ауызша шығармашылықтың алғашқы түрін меңгеруіне көмектесу.
Жыл соңында көркем әдебиет бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- ертегілер, әңгімелер, өлеңдер тыңдауды;
- әрекеттердің өрбуін бақылауды;
- шығарманың мазмұнын түсінуді;
- кейіпкерлердің қарапайым өзара қатынастары мен олардың мінез-құлықтары туралы айтуды;
- заттарды суреттеуде, мазмұндауда, әңгімелерді жазуда эпитеттерді салыстыруды қолдануды;
- көркем шығармалардың (әңгіме, өлең, ертегі) жанрын ажыратуды білуі тиіс.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған ортамен байланысы барысында тілдік-қатынастық құзіреттілігін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Балалардың мейрімділік, өзара көмек, достық сияқты қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту.
2. Қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын халықтар дәстүрінің стилінде ересектермен, құрдастарымен коммуникативтік қарым-қатынас құру дағдыларын қалыптастыру.
Мазмұны:
Сыпайылық дағдыларын: ересектерді аты-жөнімен атау, «Сіз» деп өтініш білдіру, сәлемдесу, қоштасу, бір-бірімен сыпайы түрде әңгімелесуін қалыптастыру. Күнделікті өмірде «сыпайы» сөздерді («өтінемін, көмектесіңізші», «менімен бірге ойнашы») қолдануға үйрету.
Мейрімділік, өзара көмек, достық туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Әңгімеге қолдау көрсету, тақырыпқа байланысты сөйлесу, сөйлеушіні тыңдау, ортақ тақырыптан тыс сұрақтарға да жауап беру дағдыларын дамыту.
Әдеби шығармалары мен ертегі кейіпкерлерінің адамгершілік қасиеттерін талқылау.
Балаларға Қазақстанда тұратын, әртүрлі тіл және әртүрлі мәдениет өкілдері бір-біріне қызықты екенін көрсету. Өзге ұлт өкілдерімен мемлекеттік және орыс тілдерінде сенімді қарым-қатынас құруға жағдай жасау.
Жыл соңында қоршаған ортамен таныстыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- бірі-бірімен сыпайы түрде әңгімелесуді;
- күнделікті өмірде «сыпайы» сөздерді қолдануды;
- сөйлеушіні тыңдау, ортақ тақырыптан тыс сұрақтарға да жауап беруді;
- ересектерді аты-жөнімен атауды;
- ересектермен және құрдастарымен сәлемдесу, қоштасу, көрсетілген көмегіне алғысын білдіруді;
- ересектер мен құрдастарына өтініштерін білдіруді білуі тиіс.
«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қоршаған әлем жайлы қарапайым түсініктер мен танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерген, игерген дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің:
- қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру;
- құрастыру;
- экология негіздері;
- қоршаған ортамен таныстыру арқылы
ә) балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастыру:
- танымдық іс-әрекеттер;
- серуендер;
- бақылау;
- дербес және ересектермен бірлескен іздестіру-зерттеу іс-әрекеті арқылы жүзеге асады.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Мақсаты: математикалық білім мен ұғымдар негізінде балалардың ақыл-ой қабілеттерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Танымдық үдерістер: түйсік, ықылас, ес, ой, қиялын дамыту.
2. Ақыл-ой әрекеттерінің тәсілдерін: салыстыру, қорытындылау, талдау жасау, байланыстың себеп-салдарын анықтауды қалыптастыру.
3. 5 көлеміндегі санау дағдыларына үйрету.
4. Заттардың көлемімен, пішінімен, олардың кеңістікке қатынасымен таныстыру.
5. Қарапайым уақыт туралы түсініктерін қалыптастыру.
Мазмұны:
Сан мен санау
5 көлемінде сандық есептеу дағдысын дамыту, заттарды санауға, санды ретімен және қорытынды санын атауға, «Барлығы неше?» деген сұраққа жауап беруге үйрету.
5 көлемінде реттік санау және реттік санды атап «Қайсы?», «Нешінші?» деген сұрақтарға жауап беру дағдысын дамыту.
Теңдік және теңсіздік туралы ұғымдарын санау негізінде қалыптастыра отырып, екі топтың заттарын салыстыруға үйрету.
Заттың аз тобына қосу немесе көп заттың тобынан бір затты алу, «Қанша болды?», «Қанша қалды?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы екі тәсілмен теңсіздікті анықтай білуге үйрету.
5-ке дейінгі сандармен таныстыру.
Заттың саны оның көлеміне және орналасуына байланысты емес екені туралы түсініктерін қалыптастыру.
Түрлі сезім мүшелері арқылы (көру, есту, сипап сезу) санауға үйрету.
Көлем
Екі заттың көлемін бір белгісі бойынша (ұзындығын, енін, қалыңдығын) жанына қойып салыстыру біліктерін қалыптастыру.
Көлемін екі белгісі бойынша (мысалы: ұзындығы мен енін, қалыңдығы мен биіктігін және т.б.) салыстыру іскерліктерін қалыптастыру.
Бірнеше заттарды (5-ке дейін) түрлі көлемде өсу және кему ретімен қойып, заттарды орналастыру ретін сөзбен айтып (мысалы, биік, төмен, өте төмен, ең төмен) салыстыру дағдыларын қалыптастыру.
Екі затты үшінші-шартты белгінің көмегімен салыстыру дағдыларын қалыптастыру.
Геометриялық пішін
Геометриялық пішіндер (шеңбер, шаршы, үшбұрыш, тіктөртбұрыш) туралы білімдерін кеңейту.
Сопақшамен таныстыру.
Геометриялық денелер: текше және шармен таныстыру.
Сипап-сезу қимылы мен көру арқылы пішіндер мен денелерді тексеруге үйрету.
Кеңістікті бағдарлау
Өзінің айналасындағы заттардың орналасуын (оң, сол, алда, артта, жоғарыда, төменде, алыс, жақын) анықтауға үйретуді жалғастыру.
Берілген бағыт бойынша қозғалу іскерліктерін дамыту.
Уақытты бағдарлау
Тәулік бөліктері, олардың бірізділігі туралы ұғымдарын қалыптастыру.
«Кеше», «бүгін», «ертең» түсініктерімен таныстыру, жақын күндердің аттарын ретімен айтуға үйрету.
«Шапшаң», «тез», «баяу» түсініктерін ажыратуға үйрету.
Жыл соңында қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- шамасы 5 затты реті бойынша санап, қорытынды санын айтып «Барлығы қанша?» деген сұраққа жауап беруді;
- шамасы 5 затты реті бойынша санап, реттік санын атап «Нешінші?», «Реттік саны бойынша нешінші?» сұрақтарына жауап беруді;
- теңдікті екі тәсіл арқылы қоюды: бір затты саны аз топқа қосуды не болмаса саны көп топтан сол затты алуды, «Қанша болды?», «Қанша қалды?» сұрақтарына жауап беруді;
- әртүрлі анализаторлар (көру, есту, сипап сезу) арқылы санауды;
- шамасы 5 сан көлеміндегі сандарды тануды;
- әртүрлі көлемді 3 затты көбею және кему реті бойынша қою арқылы салыстыруды;
- шеңбер, шаршы, үшбұрыш, тік төртбұрыш, сопақша пішіндері мен текше мен шар денелерін тануды;
- өзінен кері қарай қозғалыс бағытын (оңға, солға, алға, артқа,жоғары, төмен) анықтауды;
- тәулік бөліктерін ажырата біліп атай білуі тиіс.
Құрастыру
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың құрастыру біліктері мен дағдыларын қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Құрылыс материалдарынан, қағаздан, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету.
2. Қазіргі заманғы конструкторлармен таныстыру.
3. Құрылысты өз қалауымен орнатуға, оларды сюжет бойынша біріктіріп сонымен ойнауға, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізе білуге үйрету.
4. Құрдастарымен өзара жақсы қарым-қатынас орнатып, жұмыс жасау іскерліктерін дамыту;
5. Шығармашылық қиялын, көркемдік талғамын дамыту.
Мазмұны:
Құрылыс материалдарынан құрастыру
Ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, ойыншықтардың мөлшеріне сай түрлі көлемдегі, пішіндегі бөлшектерді қолданып құрастыруды үйрету (мысалы, үй, жиһаз, гараж, біздің қаланың көшесі, балабақша ауласы және т.б.). Тақырыпты біртіндеп қиындатып бірнеше құрастырулар жасауды ұсыну (мысалы, 5-6 үй, 3-4 автобус, 3-4 автокөлік).
Құрылысты биіктетіп немесе қайта құру, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстырып (биік және аласа, ұзын және қысқа, жалпақ және жіңішке) өзгерту біліктерін дамыту.
Негізгі бөліктерін бөліп, көлемі мен пішіні бойынша ажыратып бұл бөліктердің бір-біріне қатысты кеңістіктерін анықтап құрылысқа талдау жасауға үйрету.
Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге (бастаған құрылысын аяқтау, сабақтан соң қайта бөлшектеу) тәрбиелеу.
Қағаздан құрастыру
Көлемді формадағы бір парақ қағазды (умаждау, жырту, ширату) қайта жасау, қағаздан кесек, шиыршық, ілмек құрастыру, бөлшектерін бір-біріне желімдеу, композиция жинау, типіне қарай «пластиктерден» түрлі бейне жасау (анаға, әжеге арналған гүлдер, толқындар, жүзімнің бұтағы, қар кесегі, құстар, бақбақ, кірпілер отбасы) іскерліктерін бекіту.
Тіктөртбұрыш қағазды бұрыштары мен жақтарын беттестіріп (жалаушалар, альбом, үй, автобус, мерекелік ашық хат), тең етіп бүктеу іскерліктерін тудыру.
Бөлшектің негізгі пішініне мысалы, ашық хатты безендіру, үйге – терезе, есік, құбыр, автобусқа - дөңгелек, терезе, есік, орындыққа - арқасын желімдеу іскерліктерін дамыту.
«Оригами» типі бойынша қарапайым пішіндерді қағаздан бүктеуге үйрету.
Табиғи және қалдық материалдан құрастыру.
Табиғи материалдардан (қабықтан, бұтақтан, жапырақтардан, бүршіктерден, талшыннан, жаңғақ қабығынан, сабаннан) ұсақ-түйектер жасауға үйрету.
Қалдық материалдардан (сіріңке қорабы, катушка) ұсақ-түйектер жасау іскерліктерін қалыптастыру.
Конструктор бөлшектерінен құрастыру
Конструктордың «Лего», «Пазлы» сияқты жаңа түрімен ойындар арқылы құрылыс салу.
Балаларды бөлшектерді бекіту мен құрылыс жасау тәсілдерін меңгеруге талаптандыру.
Жыл соңында құрастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- конструктивтік қасиеттерін ескере отырып, құрылыс материалдарының бөлшектерін пайдалануды;
- құрылысты ескере отырып, құрылыс материалдарының бөлшектерін орналастыруды;
- тапсырмаға сәйкес құрылысты өзгертуді;
- тік төртбұрыш қағазды тең етіп бүктеуді білуі тиіс.
Экология негіздері
Мақсаты: балалардың экологиялық сана-сезімінің негізін қалыптастыру, қоршаған әлеммен үйлесімді өмір сүрудің қажет екені туралы түсініктерін жетілдіру.
Міндеттері:
1. Қоршаған орта объектілеріне танымдық қызығушылықтарын арттыру.
2. Өсімдіктер және жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер туралы ұғымдарын қалыптастыру.
3. Табиғи объектілер мен құбылыстарға бақылау жасауға үйрету.
Мазмұны:
Адамдар, жануарлар, өсімдіктер, сонымен қатар баланы қоршаған өлі табиғат объектілері туралы түсініктерін байыту.
Баланың шамасына қарай тірі тіршілік иелерін (табиғат бұрышындағы құстар, балықтар және т.б.) күтіп-баптауға үйрету.
Қоршаған табиғаттың сұлулығына, байлығына тамсану, қызығу, оған мейірімділікпен қарауға, сақтауға, қорғауға тәрбиелеу.
Қарапайым заңдылықтар мен тәуелділіктерді түсінуге үйрету (мысалы, егер күн суық болса, жылы киіну, қараңғы түскенде шамды жағу).
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер
Табиғаттағы, ауа-райындағы, жануарлар мен өсімдіктер әлеміндегі, адамдардың киіміндегі қарапайым маусымдық өзгерістерді байқауға талпындыру.
Табиғат құбылыстарын дербес бақылауға, себеп-салдарына тән сұрақтар қоюға, қоршаған табиғатқа қызығушылық білдіруге тәрбиелеу.
Табиғат пен табиғат күнтізбесіндегі ауа-райы жағдайына (жаңбыр, қар, тұман, бұршақ, қырау) бақылау нәтижелерін айта білуге үйрету.
Күз. Күзгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн қысқарады, ауа-райы суытады, жаңбыр жауып, жерде шалшық сулар пайда болады, күн сирек шығып, жылуы аз болады, жапырақтар түседі, құстар жылы жаққа ұшады, жәндіктер болмайды, жабайы аңдар ұйқыға кетеді.
Қыс. Қысқы табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: өте суық жыл мезгілі, қар жауады. Қардан аққала жасап, құрылыс соғып ойнауға болады. Ол күн жылынғанда еріп кетеді. Қар ұлпасы өзгеше әдемі. Қардың үстіне таяқшамен сурет салуға, із қалдыруға болады. Мұз қатты, тайғанақ, жылы жерде еріп кетеді. Қыс мезгіліндегі ең сүйікті мереке «Жаңа жыл шыршасы». Табиғат құбылыстары: қар жауу, аяз.
Көктем. Көктемгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн жылына бастайды, қар ериді, күннің көзі жарқырайды, шөп шығады, қарлығаштар ұшып келеді, жаңбыр жауады. Көктемгі жұмыс басталады: жер жыртып, егін егеді. Гүлдер мен көкөністердің ұрықтарын егіп, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызады. Малды өріске жібереді.
Жаз. Жазғы табиғатты бақылау, өзгерістерді атау: күн тек жылы ғана болып қоймай, сонымен қатар ысиды, күн жарқырайды, гүлдер гүлдейді, шөптер өседі, ағаштардағы жапырақтар үлкейеді, жазғы жаңбыр жауады. Құстар мен жәндіктер көбейеді. Жайлауда жер көгеріп гүлдер қаптайды. Жеміс-жидектер піседі. Адамдар әр түрлі жұмыстар істейді: гүлдер мен көкөністерді, жеміс ағаштарын суарады. Малды өрісте бағады.
Өсімдіктер әлемі
Көкөністер (сәбіз, қияр, қызанақ, пияз, қырыққабат, картоп) және жемістер (алма, алмұрт, апельсин, мандарин, лимон) туралы түсініктерін кеңейту.
Өсімдіктер түрлерінің (қылқан жапырақтылар - 4 түрін, бұталар - 2-3 түрін, шөптесін өсімдіктер - 2-3 түрін, саңырауқұлақтар - 2-3 түрін, бөлме өсімдіктері) аттарын атай білуге үйрету.
Қызғалдақ, түймедақ, бақбақ, раушан және бөлме өсімдіктері - фикус, аспедистра (тату тәтті жанұя), қазтамақ, қынагүл гүлдерін танып, атай білу іскерліктерін дамыту.
Ағаштың - діңін, жапырақтарын, бұтақтарын, гүлдің - сабағын, жапырақтарын, гүлдерін тауып, атай білуге үйрету.
Бөлме өсімдіктері мен гүлзарлардағы өсімдіктерді шамасы келгенше күтіп-баптау: суару, көшетін отырғызу ережелерімен таныстыру.
Өсімдіктер әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасымен байланысы туралы түсіндіру, кейбір өсімдіктердің өсіп жетілуі (орманда, бақта, бақшада өсетіні) туралы түсінік беру.
Өсімдіктердің сыртқы ортаға бейімделуі: олардың жапырақтары, көшеті, мұртшалары, сабағы арқылы көбейетіні, өсімдіктердің жарыққа қарай жылжи алатыны, өрмелейтіні, жармасатыны, бұрылатыны, кейбір өсімдіктердің гүлдері кешке жабылып, таңертең қайтадан ашылатыны туралы түсіндіру.
Өсімдіктердің түрлері (жапырақты, қылқан жапырақты, дәрілік, өсімдіктердің жеуге жарайтын және улы) болатыны туралы түсіндіру. Өсімдіктердің иісі болады, гүлдейді, жеміс береді.
Өсімдіктердің өсуі мен жағдайының жақсы болуына жарық, ылғал, ауа, қалыпты температура қажет екендігімен таныстыру. Адамдардың күтімінсіз бөлме және бау-бақша өсімдіктері ауырады, солады, қурайды, сарғаяды, өліп қалады.
Бөлме және бау-бақша өсімдіктерін өсіруге, оларды күтіп-баптауға талпындыру.
Жануарлар әлемі
Қазақстандағы үй жануарлары мен жабайы аңдардың тіршілік әрекеті туралы ұғымдарын кеңейту.
Үй жануарлары (қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе, есек, шошқа, ит, мысық) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.
Жабайы аңдар (аю, қоян, түлкі, тиін, кірпі, қарақұйрық, қосаяқ) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.
Әтеш, тауық, балапан, шымшық, сауысқан құстары туралы ұғымдарын қалыптастыру.
Табиғат бұрышын мекендеушілерге (тотықұс, балықтар, тасбақа) бақылау жасауға үйрету.
Жануарлар мен құстардың немен қоректенетіні, қалай қозғалатыны, қандай дыбыс шығаратыны туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Ересектердің жануарлар мен құстарға жасаған қамқорлығы туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.
Табиғат бұрышын мекендеушілер мен табиғаттағы жануарлар мен құстардың тіршіліктерін бақылауға, салыстыруға үйрету.
Жануарлар әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасының байланысы туралы түсіндіру.
Кейбір қосмекенділер (құрбақа), бауырмен жорғалаушы (кесіртке, тасбақа), жәндіктер (көбелек, қаңқыз, құмырсқа, инелік) туралы түсінік беру.
Жануарлардың тіршілігіне қорек, ауа, су, жылу керектігі туралы ұғым беру.
Түрлі жануарлардың ерекшеліктерінің сипаттамасы туралы түсінік беру.
Ерекшеліктері: желбезек, құйрық, тұмсық, тіл, жүн, қауырсын, қабыршық, сауыт, құлақтар, қанат, тұяқ.
Қозғалу тәсілдері: секіреді, ұшады, өрмелейді, жүзеді, жүгіреді, шабады.
Мекендейтін ортасы: өзен, теңіз, шөл, ін, апан, ағаш діңі.
Жануарлардың қорғануы: жиырылады, ызылдайды, тістейді, айқайлайды, қашады, бүркенеді.
Жануарлар төлдерін қалай қорғайды: қоректендіреді, қамқорлық жасайды, әдеттендіреді.
Жыл соңында экология негіздері бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- 3-4 ағаштың, 1 бұтаның, 3-4 гүлдеген өсімдіктердің, 4 бөлме өсімдігінің аттарын;
- 2-3 үй құстары мен 2-3 жәндікті;
- үй жануарларының ерекшеліктерін;
- жабайы аңдардың ерекшеліктерін;
- көкөністер мен жемістердің түсін, дәмін, көлемін, пішінін;
- табиғаттың және ауа-райының өзгерістерін байқауды;
- қарапайым өзара байланысын (күн суық суытса – жылы киіну керек, қараңғы түссе - шамды жағу керек екендігін);
- өсімдіктің жақсы өсіп, өнуіне күтім керектігін түсіне білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |