Литература:
Лотман, Ю.М. В школе поэтического слова. Москва, 1988.
Лотман, Ю.М. Структура художественного текста. Providence, 1971.
Платонов, А. Счастливая Москва. Повести. Рассказы. Лирика.Сост. М.А. Платоновой. Москва, "Гудьял-Пресс", 1999.
Лотман, Ю.М. Понятие границы. Внутри мыслящих миров. Москва, 1996, 175-192.
Түйін
Мақалада А.Платоновтың «Счастливая Москва» романының ерекшеліктері қарастырылады.
«Манас» жырын зерттеген қазақ ғалымдары
А.Е.Сатылова,
«Қайнар» университетінің 2-курс магистранты,
Алматы, Қазақстан
Мақалада әлем әдебиетінің озық үлгілерінің бірі – қырғыз халқының ерлік эпосы «Манас» жырының зерттелу жайы сөз болады. «Манас» жырының зерттелу тарихындағы қазақ ғалымдарының еңбектерінің құндылығы көрсетілген. Күні бүгінге дейін ғалымдардың қызығушылығын тудырып отырған туындының қазіргі уақытта да зерттеушілер тарапынан жан-жақты зерттеліп жатқандығына тоқталады. «Манас» эпосын тарихи тұрғыда зерттеп, кесек ойлар айтып, жырдың пайда болу, туу тарихына үңіліп жүрген ғалымдардың ғылыми ой-пікірлерлеріне шолу жасалады.
В статье показано исследование казахских ученых великого эпоса «Манас» киргизского народа. Также показана роль казахских ученых которые потрудились для мировой славы эпоса. Показана мировая ценность научных трудов казахских ученых в исследовании эпоса киргизского народа «Манас». Делается акцент на проведении всестороннего ислледования произведения, вызывающего интерес ученых и в настоящее время. Сделан обзор научных мнений ученых, изучавших эпос «Манас» и внесших значительный вклад в его исследование, с точки зрения истории и возникновения эпоса.
Қырғыз бен қазақ елі арасындағы ерте заманнан келе жатқан тығыз тарихи, мәдени, әдеби қарым-қатынас бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Әдеби байланыстың негізгі нысаны – әлем әдебиетінің қайнар көзіне айналған ұлы «Манас» жыры. Жыр қырғыз халқының бүгінгі тыныс-тіршілігінің, ұлтаралық қатынастарының, этностардың саяси-мәдени өмірінің бастау көзі. «Манас» эпосының ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік тұрғыда зерттелуі – эпостың әлемдік жауһар екендігін білдіреді.
Күні кеше ғана Ресейде «Манас» жыры – әлемдік эпос мәдениетінің ескерткіші» атты конференция өтті. Аталмыш конференцияда жырдың әдебиет тұрғысынан ғана емес, этнография, философия, тіл, дипломатия, халықтық педагогика секілді басқа да салалар тарапынан зерттелуі қарастырылды. «Манас» жырын зерттеудің филологиялық мәселелері», «Манас» жырының желісіне фольклорлық талдау», «Түркі халқының тарихи-мәдени дәстүріндегі «Манас» жырының рөлі мен орны», «Жырдың әлемдік әдебиеттегі дереккөздері. Типологиялық параллелдер» атты тақырыптарда өрбіді. Бұл дегеніміз, эпостың этнографтар, тарихшылар, фольклоршылар, әдебиетшілер тарапынан бүгінгі күнде де қызу зерттеліп жатқындығынын дәлелі.
«Манас» жырын әлем әдебиетінде зерттеуде С. М. Абрамзон, В. В. Бартольд, А. Н. Бернштам, В. В. Радлов, Н. И. Веселовский, В. М. Жирмунский, М. Богданова, К. Юдахин, т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өтер едік. «Манас» жыры бұл ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерттеледі. Жырдың көлемі мен құрылысы ғалымдардың ерекше назарын аударды. 1922 жылы «Манас» жыры жайлы алғаш кеңес ғалымы П. А. Фалеваның «Қарақырғыз мысалдары қалай құрылады» атты мақаласы шығады. 1930-40 жылдары «Манасты» зерттеуде С. Е. Малов, Н. Рахматуллин, А. Н. Бернштам, С. М. Абрамзон еңбек етті. «Манас» жырының текстерінің толық жиналуынан кейін зерттеушілердің алғашқы қатары пайда болады: М. О. Әуезов, М. Жирмунский, М. И. Богданова, П. Н. Берков, Н. Маликов, А. Токомбаев, Т. Сызыкбеков, Б. Юнисалиев.
Жырдың әлемдік тұрғыда зерттелуінде, танылуында қазақ ғалымдарының еңбектерінің ерен екендігі аян. Қазақ халқының ұлы перзенті Ш. Уәлиханов 1956 жылы жырды алғаш хатқа түсіріп, әлем назарына ұсынды. Ыстықкөл сапарында қырғыз халқының тарихын, мәдениетін зерттеу барысында «Манас» жыры, Манас бейнесі ғылымның ерекше қызығушылығын оятады. Жырды Ш. Уәлиханов «Ноғайлы» жырларына жатқызып, жырдың қырғыз халқының эпостық мұраларының ішіндегі шоқтығы биік ескерткіш екенін айтады: «26 май. Бүгін менде қырғыз жыршысы болды. Ол «Манас» жырын біледі. «Манас» жырының бір тарауы саналатын «Көкетай ханның асы» дейтін жырды қырғыз ақынның айтуынан жазып алдым. Бұл қағаз бетіне бірінші рет түсірген қырғыз сөзі болуы керек. Бұл жырды мен (орысшаға) аударып жүрмін. Белгісіз жатқан тілмен шығыстанушы ғалымдарды таныстыру үшін қысқаша сөздік жасамақ ойым бар». [1, 10 ] Жырды алғаш хатқа түсірген Ш. Уәлиханов екені даусыз. В. В. Радлов жырды 1963 жылы Шоқаннан 7 жылдан кейін жазып алған. Ш. Уәлиханов жырдың «Көкетай ханның асы» деген тарауына аса қызығушылық танытып, жырдағы қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігін айқын көрсететін эпизодтарға тоқталып өтеді.
Бұл тарауды орыс ғалымы Радлов «Боқмұрын» деп атаған. Жырды алғаш хатқа түсіруде қазақ ғалымының еңбегінің орнын ойып көрсеткен, енді жырды кеңес үкіметі нигилистерінен қорғап, арашалап қалған да қазақ ғалымы. «Манас» жырының тамырына балта шабылып, тағдыры тәлкекке түскен кезде қырғыз халқының ұлттық мұрасын саяси идеологияның қаһарынан қорғап қалған Мұхтар Әуезов еді. Нақты деректердің негізінде, жырдың тағдыры сарапқа салынып жатқан уақытта, жырды жоққа шығарушылардың пікірінің негізсіз екендігін, оның ішінде, олар сүйенген Бартольдтың, Боровковтың, Климовичтің еңбектерінде нақты дәлелдердің жоқтығын алға тартады. Баяндамасының түйінін ««Манас» жыры түркі халқына керек пе, жоқ па?» - деген сұраққа жауап береді. Қырғыз халқының Манас жырының көлеміне, құрылысына, туу дәуіріне қатысты мазмұнды, дәлелді ғылыми түсініктер келтіріп, Манасты қайта тірілту, қырғыз халқының ұлы туындысын қайтарып беру керектігін міндет етеді. Ғалымның бұл ерлігі әлемдік руханият тарихындағы ерекше оқиға еді. Бұл оқиғадан кейін де «Манас» жырының төрт кітаптан тұратын нұсқасының соңғы нұсқасының жарыққа шығуына септігін тигізеді. Ғалымның Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» атты монографиясында эпостың тарихилығына ерекше мән беріп, шығарманың туу кезіне көңіл бөлінеді.
М. Әуезов жырды жырлаушы атақты жомықшылардың дарындылықтарын атай отырып, С. Оразбақовтың жыршылығына баса назар аударған. Сағымбай нұсқасының зерттелуінің себебін алғаш хатқа түсуімен байланыстырады. Ғалым бұдан кейін жырдың құрылысы мен тақырыбын қарастырып, дастанды басты-басты тақырыптарға жіктейді. Эпосты зерттеп қана қоймай, саяси идеологияның қақпанынан айырып алуға ерінбей еңбек еткен М. Әуезовке 2001 жылы Бішкек қаласындағы «Ешенді бақта» ескерткіш орнатылды.
Ә. Марғұлан – қырғыз халқының әдеби мұрасы - «Манас» жырын зерттеушілердің бірі. Ә. Марғұланның «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы негізінде жазылған «Ежелгі жыр-аңыздар» атты еңбегінде, «Шоқан және «Манас» атты еңбегінде батырлар жыры тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі мен көне дәуірдегі халықтардың аңыздары, ежелгі жырлардың ерлік бейнелері олардың тарихи негізі Манас жыры, оның қай кезде шыққаны туралы қазақ пен қырғыздың қария сөздері, сонымен қатар тың зерттеулер ежелгі ғұн, сақ, түрік, оғыз, қыпшақ замандарында туып бізге дейін жеткен әдеби үлгілері сөз етіледі.
Ә. Марғұлан Ленинград қаласының барлық мұрағаттарында, Шығыстану институтының кітапханасының қолжазба бөлімінде, Томск, Қазан, Омбы қалаларының мұрағаттарында көп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа дерек көздерін. Ә. Марғұланның басқаруымен Шоқанның таңдамалысы, Шоқан мұрасын көп жылдар бойы зерттеудің заңды жалғасы ретінде «Шоқан және «Манас» атты монографиясы жарық көрді. Ал, 1957–1967 жж. Ә. Марғұланның басшылығымен Ш. Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы жарияланды.
Жырдың Шоқан жазып алған «Көкетай ханның асы» деген нұсқасын архивтен тауып, жариялаған – Ә. Марғұлан. Ғалым «Шоқан және Манас» атты монографиялық еңбегінде: «Манас» - тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы. Бұл жырды алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, оны әдебиет дүниесінің белгілі бір кеніші еткен жас ғалым Шоқан еді»,- деп жазды бірінші тарауында. [2, 3] Бұл еңбегінде ғалым жырдың шығу тарихын, мазмұнын, сюжет құрылымын, жер-су атауларын, жырдағы кейіпкерлерді зерттейді. Жырды жырлаушы манасшыларға тоқталып, Шоқанның «Манас» жырын Назар жыраудан жазып алғанын айтады. Жырдағы қаһармандардың түпкі тегіне үңіледі.
Манастану ғылымына бұдан кейін Қ. Жұмалиев, Р. Бердібаев, Н. Мұхамедханұлы, Ә. Кекілбаев, Ж. Тілепов, З. Сейітжанов, А. Бұлдыбай т.б. ғалымдар үлес қосты. Бұл ғалымдардың зерттеулерінде жаңаша ойлар, тың пікірлер айтылған.
Қажым Жұмалиев «Манас» және манасшы» деген мақаласында жомықшы Саяқбай Қаралаевтің портретін бере отырып, оның талантына айрықша тоқталады. Ғалым жомықшымен Фрунзеде өтетін жиындарда жиі кездескенін айтып, былай дейді: «Басында ақ қалпақ, үстінде барқыт бешпет, шалбар, толық денелі, әлі қарттыққа мойын ұсынбаған, түсі де, жаны да жас, орта бойлы, шалқақтау, кең кеуделі қарт қырғыз оң аяғын сәл ғана сылти басып біз отырған залға кіріп келгенде, жұрт назары тегіс ауды». [3, 4]
«Манас» жыры арқылы қырғыз халқының талай ғасырлар бойғы өмірін, ерлік, елдік салтын, арманы мен мұңын, идеясын, наным-сенімін толық қамтыған халықтық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуші Саяқбай Қаралаевтың өнеріне таң қалып, «Еш жер, еш елде жарты миллион жолдан құралатын, 30 томдық асыл қазынаны жатқа айтатын екінші Саяқбай жоқ. Ол феномен. Ол сонау Гомерден бергі халық жыршыларының тірі айғағы, ең ұлы өкілі», - деп, қайталанбас дарынға бас иеді. [3, 4]
Қ. Жұмалиев «Манас» жырының құрылысына, көркемдік ерекшелігіне тоқталады.
«Манас» эпосын зерттеуші Рахманқұл Бердібай жырдағы Көзқамандар іс-әрекетіне тоқталады. «Ол эпостың «Көзқамандар» деп аталатын шағын көлемді, бірақ астарлы мәні бар ерекше көңіл бөлуді керек ететін тарауы. Эпосты үстірт шалып оқығанда көп оқиғаның бірі болып қабылданатын көзқамандар хикаясында көрсетілген істер мен мінездердің бүгінгі қырғыз бен қазақ қауымына да тікелей қатысы бардай көрінеді. Ол халық арасынан жік шығарып, үй ішінен үй тіккен, шет дұшпандардың қолшоқпарына айналып, өз еліне жаудан бетер тиген опасыздықтың әшкереленуі» [4, 6].
Әбіш Кекілбаевтің «Бағзыдан жеткен баба жыр» деген мақаласында жырдың көнелігіне, құрылысына, мазмұнына, кейіпкерлердің мінез-құлқына, «Манас» заманы мен қазіргі замандағы ұқсас кереғар құбылыстарға талдау жасайды. Эпостағы кейіпкерлердің бейнесін қазіргі заманнан іздейді. «Сол сияқты ондағы айтылған әр соғыс, әр шайқасқа, әр кейіпкерге нақты тарихтан нақты балама іздеудің де жөні жоқ. Дастан екі мың жыл бойына тарих назарында келе жатқан халықтың басынан өткен оқиғаларды кезек-кезегімен көзінен тізіп баяндап шыққан көркем шежіре емес. Сол екі мың жылдық халық тағдырының негізгі өзегі болған іргелі ел, тұтас жұрт болып, әлемдік болмыстан өз орнын табу жолындағы күрделі күресті тұтастай шолып, күрделі тарихи процестің әлеуметтік-философиялық тұңғиықтарына бойлаған тарихи пайымдық, тарихи уайымдық эпос», - деп, эпостың басты сарыны өткенді аңсау екенін айтады. [5, 70]
«Манас» эпосын тарихи тұрғыда зерттеп, жырдың пайда болу, туу тарихын әріге апарып жүрген жырды зерттеуші - Әбдікәрім Хасенов. Ғалымның ««Манас» эпосы және қазақ тарихы» және «Манастың туғанына 1000 жыл ма, әлде?» деген мақалаларында эпосты ерте кезде Енесайдан Памир Алайға дейін жатқан тайпаларға кең таралған туынды деп қарастырылған.
Жаңғара Дәдебаев ««Манас» және өмір шындығы» атты мақаласында эпостағы екі елдің тұрмыс-тіршілігіндегі, салт-дәстүріндегі, сана-сезіміндегі жақындықты көрсетіп, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, Ә. Марғұлан секілді ғалымдардың эпос жайындағы зерттеулірінен қазақ пен қырғыз халқының туыстығын дәлелдейтін пікірлерді алға тартады.
Қазақ ғалымдарының жырды зерттеудегі еңбектері оның терең зерттеліп, жан-жақты қарастырылып жатқандығынан, күні бүгінге дейін жырға деген қызығушылықтың молдығын байқатады. «Манас» жырын зерттеуші кез-келген ғалым жырды әлемге танытқан қазақ ғалымдарының еңбегін басшылыққа алары сөзсіз.
Әдебиеттер:
Манас (Елдік пен ерлік эпосы). –Алматы: Жазушы, 1995.
Марғұлан Ә. Шоқан және Манас. -Алматы: Жазушы, 1971.
Жұмалиев Қ. «Манас» және манасшы: Қырғыздың данқты жыршысы Саяқбай Қаралаев туралы // Қазақ әдебиеті, 1964. -17 июль.
Бердібай Р. Көзқамандар. Қазақ, 2008. -30 мамыр. -6 бет.
Кекілбаев Ә. Мақалалар // ikitap.kz.
Адамзаттың «Манасы». -Алматы: Рауан, 1995.
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 1980.
«Манас» жыры және өмір шындығы // Қазақ әдебиеті, 1995. -22 тамыз (№ 18). 7 б.
Summary
The article considers the study of the great epic of the Kyrgyz people, «Manas» Kazakh scientists. Shows the world the value of the scientific works of Kazakh scientists in the study of the epic of the Kyrgyz people, «Manas». Emphasis is placed on the comprehensive premium research works, calling the interest of scientists and at the present time. A review of the scientific opinions of the scholars who have studied the epos of «Manas» and have made a significant contribution to its study, from the point of view of history and of the epos.
СҰЛУЛЫҚ САЛТАНАТЫН ҰҒЫНДЫРҒАН – ӘДЕБИ ТІЛ
Ә.Қ.Сманова,
Алматы облысы Қарасай ауданы
Дарынды балаларға арналған үш
тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы
арнаулы гимназиясы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Көркемдік тұрғысынан дүние сырын игеру – тек көркемөнер, не бейнелеп салған суретшінің еншісінде ғана емес, бұл – ең алдымен сұлу да сырлы сөз еншісіндегі ұғым.
Әсемдікті ұғындыру, табиғат сұлулығын таныту талай ғұламалар мен тіл шешендерін терең толғандырды. Ғасырлар бойы адам баласы, ақыл-ой, парасат, осы дүние көркі мәселесі төңірегінде үзбей толғанып келген.
Ал әдебиет пәні арқылы сұлулықты ұғындыруда біз ұлы ақындар мен ойшылдардың сөзіне жүгіндік.
Бүкіл дүние көркін тіл құдіретімен көрсеткісі келген ұлы Байрон «Табиғатты сүйем, сұлулыққа бас ием» десе, әлем жаратылысының заңдылықтары, көркемдік таным мүмкіндіктері жайында ұлы Абай да тереңнен ойланып: «Әдемілікті көз көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік?» (жиырма жетінші сөз) депті.
Әдемілік – жаратылыс ғаламатына таңдана, тамашалай қарайтын адам жанына сырттан құйылатын, сырттан даритын ізгілік нұры. Адам қарсы алдындағы кең дүниені сүйсіне тамашалайды. Сұлулық одан оқшау, өз алдына жеке дара көрінетін қасиет тәрізді. Туған жер көркі, жан ләззатына бөлейтін қандай толғаныстар түрін де біз қазақ ақындарының кез келгенінен таба аламыз. Ендеше, оқушыларды әдеби тілді түсініп оқуға баулу - көркемдік таным өрісінде сұлулыққа сүйсіну, сезіну сезімдерін ояту ерекшеліктерімен мейлінше сабақтасып келеді.
Нәзік, сыршыл табиғат ақындарының бірі Ә.Сәрсенбаев:
Жерім, неткен әдемі едің!
Жұлдыз тізбек, түн ашық.
Шыңдар күміс өрімдерің
Төскейінен күмбірлете құлатып.
Таңғы торғын шұғылаға
Тоғытылып, мұнартады түстікте
Көк майсаға қонып шыққан
Мөлтілдейді бұла-шық.
Бұл табиғат көрінісін жалаң, жалпылама баяндап түсіндіру емес, бұл туған өлке тынысын мейлінше бейнелі мүсіндеу.
Осы жолдардың өзінен-ақ риясыз ақын жанның дүние көркіне рухани көзқарасын, терең сезімін байқауға болады.
Бұл арқылы бала бойында екі түрлі рухани сипат пайда болады. Бірі – табиғат сұлулығының танылу сипаты, екіншісі – сол сұлулықты бағалау сипаты.
Сұлулықты ұғыну дегеніміз – өнер туындысының асқақ маңызды сапалық қасиеттерін түсіну, табиғат болмысы арқылы адам баласының әсерлілік, рухани қатынасының, көңіл күйінің оянуы.
Адам баласының табиғатқа қатынасы қашан да әдемілік негізін қалаған.
Балаға өнер үлгісіндегі әдемілік мәнісін терең түсіну үшін, оны өмірмен үндестіре білу үшін тағы да ақын өлеңіне үңілеміз.
Мысалы, С.Сейфуллин «Сұлу терек»
Сұлуым! Айтшы маған сен сырыңды,
Тәкаппар болсаң-дағы сен бір мұңды.
Көкке бой қанша созсаң жібермейді.
Ұстап тұр қу қара жер тамырыңды.
Сұлуым! Келші маған басыңды иіп,
Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.
Оралып мойныма жапырақтарың,
Желбіреп жібектей боп тұрсын тиіп.
Сұлу терек жасыл жібек жапырағымен көрінеді, тамырымен туған жердің топырағына бойлаған. Тәкаппар да өр, асқақ табиғаттың бір бөлігі адам әсерімен астасып, өр ақынның өз құдіретін де әйгілеп тұр.
Табиғат пен адам – өзара әбден бауырласып, біте қайнасқан егіз ұғым. Адамзат ұрпағы өз мүмкіндігін табиғат құбылыстарымен байланыстырып, табиғатпен үйлесім тауып отырады. Өйткені адам өзінің белгілі бір дәрежеде жаратылыс жұрағаты екенін сезінбей жүре алмайды. Әлдебір адам болмысын, көңіл-күйі, жан сарайын, қажет кезінде сыртқы мүсін-келбетін жете таныту үшін де жаратылыс құбылыстарын арқау ете отырып көркем әдеби шығарма көмекке келетін сәттері аз емес.
Ұлы Абай:
Қарашада өмір тұр.
Тоқтатсақ тоқтап көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсақ қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші-қар
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да сөнер ме?
Бұл жолдарда ұлы ақын табиғаттан жан сезіміне үндес бір шындықты тапқан. Өйткені, адамның кәдімгі байырғы тіршілігі арқылы қалыптасатын шынайы қатынас қашан да таңдану-тамашалау, күйіну-қиналу, ойлану сияқты қыруар сезім байлығына жол ашады.
Ұлы Абай өнер де, өмірде де әріден келе жатқан дәстүрлі қарттың, кәрілікті сезіну күйін осы өлең жолдарында күз маусымымен салыстыра бейнелеген. Ақын пейзажды бояулар арқылы, өмір жайлы көңіл күй, жан тебіренісін сездіреді.
Мұндай ғажайып сөз үлгілері ұрпағына ғажайып мұралар сыйлай отырып, өмірде де сұлулық түріне, оны үсіне білуге, әдемілік заңдары бойыша түрлендіруге тәрбиелейді.
Әдеби тіл қашан да болашаққа меңзейді, жан-жақты жетілген мүлтіксіз, мінсіз сұлулыққа жетелейді.
Бала бойында дүниені тану қасиетін қалыптастырудағы ең басты құрал – әдеби шығармалар. Оны түсініп, тұшынып оқи білу. Мысалы, белгілі ақын С.Мәуленов «Ақ түн» өлеңінде оқырманын өзгеше бір жаратылыс қасиетімен шабыттандырады.
Ақша бұлт, гүл, мұхит, сүт аспан, ақ сауыт т.б. өз ара салыстыра алынған сөздер ақ түн бейнесінің ғажайып сиқыр сұлулығын өлең жолдары арқылы көз алдыңа әкеледі.
Мысалы: Ақ түн, ақ түн.
Алып бір ақ сауыт.
Ақ боз аттың
Жалындай ақша бұлт.
Ақ түн – ақ гүл.
Айнала тұтасқан.
Төгілмей шақ тұр
Ал мұхит – сүт аспан...
Қазақ ақынының дүниені қабылдау ерекшелігімен ұлттық қазынамызға тағы бір жан жылуы, жаңалық жұпары жеткендей.
Мұндай дүние мен ақын көзқарасының үндестігі жаратылыс құбылысы мен ол туралы көрікті ұғымды сабақтастыра білген өлең жолдарынан көруге болады. Көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың «Теңізге тілек» өлеңінде теңіз ұлы ақын бейнесінде берілген. Буырқанған дүние дүлейімен аңсаған арман, суреткерлік мұрат, өнерпаздың құдірет астасып жатыр.
Теңіз!
Сенен ұлы болған емес бір ақын,
Жырың қандай, жырың қандай сұрапыл?!
Арасында бұрқыраған дүлейдің.
Түн жамыла, жылап тұрып тілеймін:
Жүрегіңнің бөлшегін бер,
Өлеңіңнің өлшемін бер.
Бұл жолдарда ақын теңіз бейнесін ой тасқыны, шынайы сұлулық бейнесіне балап, жыр тілімен сұрапыл бір қасиеті арқылы теңіз тебіренісі – өнер мұраты екенін танытады.
Нағыз сөз зергері қашан да дүние тынысын тарихи – нақты бар болмысымен терең бейнелеу даралығымен ғана елі, ар-иманы алдында өзінің азаматтық, ақындық парызын абыройлы атқара алған. Сол жолда сұлулықты сезіне білу, кез келген қарапайым құбылыстың жай көзге елеусіз қасиеттерін өзі тани отырып, өзгеге де тани білуге мәжбүр қылған. Мұндай туындылар – қызығып сүйсіну не ойландыру нысанасы ретінде көрінген пейзаж, әдетте адам баласын өзгеше бір сезімдерге бөлейтін, ел, жер, Отан, жарық дүние ұғымына ұласатын демеуші рухани құдірет-қуатқа айналып кетеді.
Дүние сырын игеру тарихының өткен дәуірлерінің өзінде-ақ сөз зергерлері адамның арман-үмітін айшықты бейнелеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сұлулықтан жан рахатын тауып, ұғындыра білген. Адам мен табиғат арасындағы үндестікті егжей-тегжейлі жырлап кеткен көркемсөз туындылары өлімді жеңер өмір салтанатын, жарық дүние қуанышын, өнер сүйініші арқылы сұлулық салтанатының мәңгілік негізін қалайды.
Өйткені адам баласының жалпы дүние тынысымен туыстығы, жұп жазбас сабақтастығы оның бүкіл адамгершілік болмыс-бітімімен танылса, білім парасаты, иірімі мол тілімен айқындала түседі.
Ендеше, ұрпақ бойындағы рухани болмыстың дамып, қалыптасуына негіз болатын да, сарқылмас қайрат-күш құятын да – әдеби тілдің құдіреті.
Әдебиет:
Сейфуллин С. Шығармалар жинағы. – Алматы, 1986.
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1974.
Тәжібаев Ә. Уақыт және поэзия. – Алматы, 1976
Қаратаев М. Әдеби сын мақалалар. – Алматы.
Кенжебаев Б. Әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы, 1978.
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҚҰНДЫЛЫҒЫ МОЛ ДҮНИЕ
Г.Үсейн,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Интеллектуалды ұлт қалыптастыру
ҒЗИ инспекторы
Алматы, Қазақстан
Ұлт тәрбиесі баланың бойына ана сүтімен берілетін дара қасиет. Кез келген ұлт өз баласын, болашақ ұрпағын тек жақсы қасиеттерге баулып, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа жетелеп тәрбиелері анық. Тәрбие берудің де жолдары әр ұлттың өзіндік қырымен ерекшеленері даусыз. Соның ішінде, біздің қазақ халқының бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ертеңін ұлт болашағымен байланыстырған. Сол себепті де бала дүниеге келген күннен бастап, оған жасалған әрбір ізет тек тәрбиелеу сипатына бөленген. Отбасы үшін ежелден тән қасиетті балажандық, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, туысқан арасындағы қатынас, «көрші ақысы – тәңір ақысы» деп, көршілермен байланысы және ұлты басқа халықтармен достық, ізгіліктің бәрі қазақ халқының тұрмыс тіршілігімен байланысты. Қазақ қыз-келіншектері мен ер азаматтарының бойында дара қазақы болмысы тәрбиелік салт-дәстүр шеңберінде өрбіген. Әсемдік пен әдептілік тәрбиелік қырымен үндесе үйлесімділік тапқан. Мәселен, ата-ана құқықтары қыз беріп, қыз алу, құда түсу қазақ некесінің ерекшеліктері, қалың мал мәселесі, бата бұзу, ажырасу, бала асырау, әмеңгерлік, мирас пен мұра т.б. ежелгі отбасы дәстүрлері, қазақ халқының отбасына ерекше мән берілгеніне, шаңырақ шайқалып, босаға босамауын негіздеу сипатында болғандығына көз жеткіземіз [1].
Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмеген ер жетім», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен. Қазіргі медицина ғылымы дәлелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспай қанның тазалығын, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен, екіншіден, қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып, ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек. Мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтарға осы ұлттық тәрбиені сіңіріп, оның ерекшелігін терең білуге, құрметтеуге, үйретуге тиіспіз.
Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болды.
Сонымен қазақ отбасы тәрбиесіндегі мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:
1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
2. Отанды, халқын, жерін, елін сүю. «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.
3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».
4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
5. Отбасы шежіресі және мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың ерекше рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
Жер бетіндегі әр халықтың ғасырлар бойы жинаған асыл мұралары бар. Ол – халықтың рухани қазынасы. Рухани қазына ата-бабамыздың мұрасы, тәрбиесі, бір сөзбен айтқанда жан дүниесіндегі адамгершілік құндылықтары. Халықтың мақсат-мүддесінен, арман-тілегінен, ізгі ойларынан, талап-тілектерінен пайда болған тәрбие нақыштары барша халыққа ортақ, оларды тәрбиелеудегі бірден-бір баға жетпес құрал болмақ. Қазіргі жағдайда жастарға ұлттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналуда. Себебі, еліміздің өркениеті мен экономикасын тұрақтандыру, патриоттық сезімін арттыру жолында ұлттық тәрбие көздерімен сусындата білім беру қажеттігі туындап отыр. Осы мәселені іске асыру үшін болашағымыздың рухани дамуын дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Халқымыздың орасан зор адамгершілігімен, үлкенге деген құрметі, кішіге ізеті, қонақжайлылығы, ақыл-парасаты, көсемдігі, шешендігі, әділдігі, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруы, ұлтжандылығы және көрегендігімен ерекшеленетін салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, мол мәдени, рухани мұраларын сақтап, оны жастарға ұғындыра білім беруді негіздеу қажеттігі өзекті. Жаһандану кезеңінде халқымыздың осындай асыл қасиеттерін білім беру үрдісіне ендіру арқылы білім алушыны өзіндік ұлттық қасиетін сақтап қаларымыз анық.
Халықтың тәлімгерлік тәжірибелерінің даму тарихы мен қалыптасу дәуірлері алуан түрлі кезеңдерді басынан өткерді. Заман көшінен қалыспай, салиқалы тәлімдік дәстүрлері қоғамдық қайшылықтардың ықпалына ұшырағанымен де, күні бүгінге дейін өзінің құндылығын, тұрмысқа қажеттілігін жоғалтпай, керісінше ұлттық қасиеттеріміздің қайта жаңғыртуына арқау болып отыр. Қазіргі кездегі қоғамдағы қайғылы қасіреттерден арылудың бірден-бір жолы отбасы тәрбиесі мен білім ұйымдарының бірлесіп, ұлттық тәрбие нақыштарын ендіру жолы болып табылады. Қоғамда белең алып отырған келеңсіз мәселелер – ұлттық тәрбиенің білім ошақтарында оқытылмауының басты бір себебі. Қазақ халқының тәрбиесіндегі адами құндылықтарды меңгеріп, өз бойына ұлттық қасиеттерді сіңіріп, жаһандану үрдісіндегі даму сипатын түсіндіре білім беру, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық мазмұнды білім алған болашақ тәрбиелеу өзекті мәселе [2].
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: – Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз, – деген болатын. Ол үшін ең әуелі ұрпақтарымызды бала кезінен ұлттық тәлім-тәрбиеге баулып, халқының салт-дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Құндылық дегеніміз не? Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады.
Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол адам санасында орын алады. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, ал сана арқылы оны түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Ал, жеке тұлға – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Нақтырақ айтсақ, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрін құрметтейтін, басқа тілде де жетік сөйлей білетін, дүниетанымы, ақыл-ой парасаттылығы қалыптасқан, еңбекқор, мақсат қоя алатын және сол мақсатқа жету жолдарын таңдай білетін, жауапкершілігі мол, мінез-құлқы, айналадағы адамдарға, қарым-қатынас мәдениеті жоғары, Отанын сүйетін, күрделі жағдайларда нақты шешім қабылдай алатын, өзіне сын көзбен қарай білетін салауатты тұлға.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
- оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
- жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
- ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
- жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысқойлық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз [3].
Тәрбие – жеке адамдардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру үшін мақсатты түрде жүргізілетін қоғамдық өмірдегі ең басты әрекет. Жеке тұлғаны өмірге бейімдеп, жан-жақты дамыта даярлау үшін бұл қасиетті әрекетке жеке адам, ұжым, топ, жалпы әлеумет жауапкершілікпен қатысады. Тәрбиеге халық тәжірибелері (халық педагогикасы), әдебиет, өнер, кино, радио, теледидар, табиғат мүмкіндіктері пайдаланылады. Тәрбие тәжірибелерінің негізгі тірегі – ұлттық тәрбие. Қазақ отбасында ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталып, адамды өмір бойы және оны ол дүниеге шығарып салумен аяқталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде жүргізіліп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы жүзеге асады. Ұлттық тәрбиені оқыту барысында балаға ұлттық психологияның құрылымдық элементтерінің күрделі әрі маңыздыларының бірі ұлттық мінез-құлық болып табылады.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық ой-пікірлерді: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Асанқайғы, т.б. қазақ ақын-жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің сөздерінен көре аламыз.
Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Білімді де тәрбиелі оқушы – еліміздің келешегі. Бүгінгі жастарға қоғам алдындағы жауапкершілікті ұғындыру бағытында олардың тәрбиелік қырына аса көңіл бөліп, қатар шыңдау қажет. Жастарға білім беру жолындағы тәлім-тәрбиені шыңдап, ой-өрісін кеңейту мақсатында, еліміздің тарихында бірінші рет Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Ғылыми Кеңестің шешімімен «Ұлттық тәрбие» атты пән енгізіліп, «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылды. Бұл пәннің студентті тәрбиелеуде, болашақ маман иесінің қоғамға тигізер пайдасын молайтатыны сөзсіз. Бұл пән тек жоғары оқу орнында ғана емес барлық білім ошақтарының іргетасында балабақшадан бастап оқытылса орынды болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |