Салмақ өлшемдерін халық былайшы жіктеген. Мысқал (1гр), қадақ (750 г), келі (1к), пұт (16кг), батпан(100 кг). Бұл өлшемдер мен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.
Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді. Мысалы: бір тілім, (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке,бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ( үкі, тал), бір топ(адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты.
Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты...заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шыншақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді.Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып,оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны олар көбіне жылқы қазысының жұқа,қалыңына қарай айтқан. Айталық бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3 – 5мм шамасы), шынашақ, елі, бармақ (бұлар 1–2,5см), екі елі...,сере, табан (7–10см) т.с.с. Басқа заттардың қалыңдығы да көбінесе елімен яғни саусақ қырымен өлшенеді. Оны елі дейді.
Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды және ол (1;5см), екі елі, үш елі...,тұтам,сынық сүйем (14–15см), сүйем(17-18см), қарыс, кере қарыс (20-22см), кез (50см), аршын (75см), құлаш (1,80-2м), т.б. Балтасап,кебіс басындай деген өлшемдері де бар. Сол сияқты ұзын, қысқа деп шамамен есептей береді.
Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым (қадам) (1м), таяқ тастам(10-15м), әй дейтін жер (100м), дауыс жететін жер (250-300м), шақырым (1км), иек астында, бір төбе астында (4-5км), қозы көш жер (5-6км), көз ұшында (6-7км), тай шаптырым (4-5км), құнан шаптырым (8-10км), ат шаптырым (25-30км), бір күндік жер, айшылық жол...т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |