Тапсырма:
М. Серғалиев қазақ әдеби тілі туралы.
М. Серғалиев қазақ стилистикасының негізін қалаушы.
М. Серғалиев тіл мәдениеті туралы.
М. Серғалиев еңбектеріндегі синтаксистік семантика мәселесінің зерттелуі.
АЙТБАЙ АЙҒАБЫЛҰЛЫ
Айтбай Айғабылұлы 1936 жылы Ташкент болысы, Шыназ ауданы, Көтерме ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтын бітіріп, 1959-1972 жылдары мектепте мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істеген. 1972 жылы Алматыға келген Айтбай Айғабылұлы академик М.Қаратаев басқарған Қазақ энциклопедиясына редактор болып орналасады. 1976 жылы профессор К.Ахановтың жетекшілігімен “Қазақ тіліндегі бау-бақшаға байланысты кәсіби сөздер” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1978 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтында қазақ тілін оқыту әдістемесі бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады. А. Айғабылұлы осы жылдары “Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту” (1982), “Қазақ тілін оқыту методикасы” (1988) атты еңбектерді жазып, әдіскер-ғалым ретінде танылады. А. Айғабылұлы 1984 жылы әл-Фараби атындағы университетке ұстаздық қызметке келеді. Университетте ғалымның негізгі ғылыми-теориялық зерттеу жұмыстары жазылды. Журналистика факультетіне арналып жазылған Қазақ әдеби тілінің морфологиясы мен синтаксисіне қатысты оқу құралын (авторлармен бірге), Қазақ тілі лексикологиясын жазғандарын айтпағанның өзінде, ғалымның “Қазақ тілінің морфонологиясы” атты оқу құралы (1995) мен осы аттас докторлық диссертациясы (1997) университет қабырғасында жазылды.
А.Айғабылұлының қазақ тіл біліміндегі үлкен еңбегі де оның морфонология саласындағы зерттеулері десек қателеспейміз. Қазақ тіл білімінде морфоологияның негізгі теориялық мәселелері алғаш 1983 жылы көтеріле бастаған еді. “Қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылымы” деп аталатын С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің баспасынан 1983 жылы шыққан жинақта Хасан Кәрімовтың “Қазақ тіліндегі морфонологиялық құбылыстар мәселесі жайында” деп аталатын 20 беттік мақаласы жарияланады. Мұнда “көрші морфемалардың бір-біріне тигізетін әсерінен морфемалардың фонетикалық құрамы өзгеріске ұшырайды, яғни морфонологиялық өзгеріс пайда болады” дей келіп, морфемалар арасындағы дыбыстардың алмасуының бірнеше түрі мен ерекшеліктерін анықтайды /1, 124/. Автордың ілік, барыс, табыс, шығыс, көмектес септіктерінде түбір соңындағы н, л дыбыстарының түсіп қалуы жағдайы мен әдеби тілде “л” айтылатын орындарда диалектіде “д” дыбысынң келуін көрсетіп, нақты тілдік деректер арқылы көрсетуінің маңызы ерекше болды. Ғалым Х.Кәрімов “тіліміздің бүгінгі күйін сөз еткенде де, қазақ тілінде морфонологиялық өзгерістер баршылық. Біз солардың кейбіреулеріне ғана тоқталып өттік”- деп жазады /1. 142/. Тіліміздегі морфонологиялық құбылыстарды тереңірек зерттеп, оның жеке сала ретінде қалыптасуына іргелі үлес қосқан ғалым ретінде А.Айғабылұлын айтқан жөн. Ғалым “Қазақ тілінің морфонологиясы” деп аталатын 1995 жылы шыққан еңбегінде қазақ морфонологиясы туралы түсінік береді. Автор морф, морфема, морфонема терімсөздеріне түсінік бере отырып, буынның кей мәселелерін қарастырады. “Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциялануы метатезалық құбылыстардың бірсыпырасы, ықшамдалу түрлері, қыстырма дыбыстардың пайда болуы сияқты морфонологиялық өзгерістердің себебі, біздің зерттеуіміз бойынша, осы буынға байланысты сияқты болып отыр” – дейді. Буындардың қос дауыссыз дыбыстан басталмайтынын қарастыра келіп, буын просодиясына назар аударады.
А.Айғабылұлы дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың тіркесімі мен олардың алмасу заңдылығы туралы терең ғылыми талдаулар жасады. Екі дауысты дыбыс қатар келгенде олардың арасында қыстырма дыбыстар пайда болып, жұрнақтың жаңа сипатын қалыптастырған деген пікірі – ғылымда соны пікір еді. Шынында да, зырылдақ — зырылдауық, дырылдақ — дырылдауық сөздерінің құрамындағы –ық, -ік жұрнағы мен -уық жұрнағының арасындағы айырмашылық олардың құрамындағы -у-да. Автор -ғ, -м, -у дыбыстарынң қыстырма дыбыс ретіндегі ерекшеліктеріне басты назар аударады. Тілімізде осындай құбылыстың бар екеніне ешкім дау айта алмаса керек. Сына дыбыс пен А. Айғабылұлы айтып отырған қыстырма дыбыстардың тарихи қалыптасу жолы мен қызметі ортақ. Сондықтан, тарихи тұрғыдан сына дыбыс деп танылып жүрген дыбыстарды, морфонология саласында қыстырма дыбыс деп атап, терімсөздерді орнықтыруға болар еді.
А.Айғабылұлы зертеулерінде дыбыстардың алмасуы туралы көптеген құнды пікірлер айтады. “Дыбыс алмасуы дегеніміз – олардың парадигмалық қатынасқа түсіп, бірінің орнына екіншісінің қолданылуы” дей келіп, ғалым дыбыс алмасуын фонетикалық және грамматикалық дыбыс алмасуы деп екіге бөледі / 2. 41/. Фонетикалық дыбыс алмасуы – фонетикалық заңдылықтармен түсіндірілетін ілгерінді және кейінді ықпал жолымен болатын алмасу. Ал грамматикалық алмасу немесе формонологиялық дыбыс алмасу, ғалымның пайымдауынша, таза фонетикалық жағдаймен де, морфологиялық өзгерістермен де түсіндіруге келмейтін сөйлеу барысында нормаға айналған дәстүрлі құбылыстар.
Дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың алмасуын сөз еткенде зертеуші енгізінен әдеби тілімізде қолданылатын сөздер мен диалектілік варианттар арасындағы сөздерді салыстыра отырып қарастырады. Мысалы: ары-әрі, абиыр, әбүйір, азар-әзер, аламыш-әлеміш, ұшыр-үшір, ерегіс-ерегес, емесекі-еміскі, сөре-сөрі, оқса-ұқса, өкім-үкім, өкімет, үкімет, өйт-үйт, шоқы-шұқы, мұржа, моржа, шүпілде, шіпілде т.б. Зерттеуде дауысты дыбыстардың алмасуы жуан-жіңішке, ашық-қысаң, езулік-еріндік дыбыстарының сәйкестігіне қарай жіктеліп көрсетіледі де, ғалым мынадай дұрыс қорытынды жасайды: “Сонымен, біз дауысты дыбыстардың алмасып қолдануда ешқандай мағынаға нұсқан келмейтінін, фонологиялық мән-мағынаның байқалмайтынын көрдік. Дегенмен дәл осындай алмасу барысында туындаған туындыаған нұсқаладрдың бірте-бірте ждара реңкке ие болып, бір-бірінен алшақтай бастайтынын да байқаймыз. Мысалы: тырнақ-тірнек, айла-ыйла, дауыс-дыбыс, хал-әл, күнә-кінә, ұңғы-үңгі, жоңқа-жаңқа, томпақ пен төмпек, оқңқай мен ыңғай сияқты сөздердің берер мағынасы мен фонологиялық құрылымы осыны көрсетеді” (2. 47).
Ғалым, сонымен бірге, еліктеуіш сөздердің құрамындағы а-ұ-ы дыбыстарының да мағына ажыратушы қызметіне тоқталып, мұны морфонологияда қарастырмайтынын атап өтеді. Біз қазақ тілінің тарихи сөзжасамын қарастырғанда, дауысты және дауыссыз дыбыстардың сәйкестігі арқылы жасалған сөздердің мағыналық құрылымындағы ерекше семаның үлемсіне қарап, оларды туынды сөзге жатқызамыз. Мұнда біз сөздердің ішкі мағыналық құрылымындағы ерекше, арнайы семалардың болуын басты назарда ұстаймыз. Демек, бұл көзқарастардың ғылыми жағынан қарама-қайшылығы жоқ, керісінше, бірін-бірі толықтырып жатады екен. Жеке дыбыстардың нұсқаларының (варианттарының) алмасуы морфонологиялық аспектіден қарастырылады, мұнда тек сөздердің жеке нұсқалары пайда болады да, мағынада ешқандай айырма болмайды, сондықтан дыбыстардың алмасуында фонемалық мән болмайды. Ал дыбыстардың сәйкесе келіп фонемалық қасиетке ие болып жаңа мағынгалы туынды сөз жасауы – фонетикалық сөзжасамдық тәсіл ретінде анықталады. Біз бір қарағанда бір құбылыс болып көрінетін дыбыстардың осы қасиетін екі тұрғыдан зерделеуді ұсынамыз. Дыбыстардың алмасуының нәтижесі — морфонологиялық тұрғыдан қарастырылады, мұнда сөз мағынасы өзгермейді, ал сөз мағынасында арнайы, ерекше сема қалыптасса — ол дыбыс фонемалық жүкке ие болып, сөзжасамдық аспектіден қарастырыуы тиіс. Яғни бұл дыбыс алмасуы емес, дыбыстардың сәйкесуі болады.
Тілімізде дауысты дыбыстардың да, дауыссыз дыбыстардың да алмасуы жергілікті диалектілік ерекшелік ретінде мол кездесетіні тілдік факті. Бұл тіліміздегі тарихи құбылыс. Ал дыбыстардың сәйкесуі арқылы жаңа сөздердің туындауы – тілдің дамуы барысында сөз мағыналарының жіктелуінің нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан деуге толық негіз бар деп есептейміз. Яғни тарихи тұрғыдан морфонологиялық құбылыстар бірте-бірте сөзжасамдық бағытта дами алады. Дыбыстар аллафоны келе-келе жеке фонемалардың пайда болуына негіз болады. Олай болса, зерттеуші көрсетіп отырған кей мысалдар, айталық, әуе-ауа, мағына-мән, ана-ене, ағыл-егіл, өкім-үкім, өкімет-үкімет, т.б. сөздер морфонологияның емес, сөзжасамның зерттеу нысаны. Өйткені әр сөздің өзіндік ерекше және арнайы семалары бар екені бүгінгі таңда дау туғызбайды.
Профессор А. Айғабылұлы дауыссыз дыбыстардың алмасуын да терең зерттеген. Дауыссыз дыбыстардың алмасу процесін тілдің статикалық жағдайында түсіндіру барлық уақытта мүмкін бола бермейді, бәлкім кей дыбыстардың алмасуындағы нақты ерекшеліктерді тарихи тұрғыдан қарастырып зерделеген жөн болатын шығар. Ғалым “селбеспелі дыбыс” деген терімсөзді бірінші рет пайдаланып, морфонологиялық аспектіден зерделеген. “Сөз құрамының ұлғаюына себеп болатын дыбыстарды селбеспелі дыбыс дейміз” деп жазады автор. Селбепелі дыбыстың фонетикадағы эпитезадан бөлек екенін ғалым жақсы дәлелдеп, оның өзіндік ерекшеліктерін тілдік деректер арқылы көрсетіп береді. Мысалы, А.Айғабылұлы көрсетіп отырған лық-лықа, тік-тіке, нақ-нақа, тарс-тарса (жапты) сөздерінің құрамындағы дыбыстардың селбесіп келетіні тілдік факты. Демек, бұл терімсөз сәтті, өз орнында қолданған, әрі ғалымның айтқан ғылыми жаңалығы ретінде бағалануы тиіс деп есептейміз.
Қорыта айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Айғабылұлы қазақ тілі білімінің дамуына өзіндік үлес қосты. Қазақ морфонологиясының қалыптасуының негізін қалады. Оның негізгі зерттеу нысанын анықтап, терімсөздерін жүйеледі, ғылыми негізін көрсетті. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арнап оқу құралдары мен оқулықтар, әдістемелік құралдар мен нұсқаулар жазып, қазақ тілі әдістемесінің дамуына да өзіндік үлесін қосты.
Әдебиет:
Айғабылов А. Қазақ тілінің морфонологиясы. — Алматы: Санат, 1995. – 136 б.
Айғабылұлы А. Қазіргі қазақ тілі. Морфонология. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 92-б.
Айғабылұлы А. Қазақ тілі» (К.Ахановпен бірге) — Алматы:.
Айғабылұлы А. Қазақ тілін оқыту методикасы. — Алматы: 1988.
Айғабылұлы А. Қазіргі қазақ тілі (авторлармен бірге). — Алматы: 1991.
Айғабылұлы А. Қазақ тілі морфологиясы мен лексикологиясы. — Алматы — 2006
Айғабылұлы А. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы. — 2013
Достарыңызбен бөлісу: |