Тапсырма:
М. Томанов қазақ тілі тарихи грамматикасының негізін салушы.
М. Томанов түркі тілдері салыстырмалы грамматикасын зерттеуші.
М. Томановтың қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орнын белгілеу туралы ғылыми пікірі.
М. Томанов синкретті түбірлер туралы.
М. Томанов еңбектерінің қазақ тіл біліміндегі орны мен маңызы.
ҒАБДОЛЛА ҚАЛИЕВ
Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі Ғабдолла Қалиев ісі бекем, еңбекқор, жүрегі ұлтым деп соққан азамат ғалым еді. Қаламынан туған ғылыми зерттеулер, сөздіктер, оқулықтар бүгінде қазақ ғылымының құндылықтары санатында. Бірінші рет «Қазақ диалектологиясынан» оқулық, алғаш рет «Қазақ тілінің тарихи грамматикасынан» типтік бағдарлама жазып, қазақ сөзжасамын бөлек зерттеу туралы бірінші ғылыми пікір айтқан ғалым болатын.
Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі, филология ғылымдарының докторы Ғабдолла Қалиұлы Қалиев ғылымға ХХ ғасырдың 50-жылдарының басында келген екен. Қазақ ғылымының корифейлерінің бірі атақты С.Аманжоловтың шәкірті болу бақыты бұйырған. С. Аманжоловтың ғылыми мектебінен тағылым алған аспирант Ғабдолла Қалиұлы 1954 жылы “Қазақ тілінің Арал говоры” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл кезеңдегі қазақ тілі говорларының зерттеле бастауының өзіндік мәні бар еді. Бұл туралы ұстазымыздың ұстазы С. Аманжолов былай деп жазған: “Изучая диалектные расхождения в едином языке, мы не без труда обнаруживаем следы былых племенных языков. Без этих языковых данных почти невозможно представить историю языка народа или нации” (1. 25). Яғни қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді айқындау арқылы тіл тарихына қатысты көптеген деректерді танып, тіл дамуының негізгі бағытын, ұлт тілінің қалыптасуындағы ерекше белгілерді саралауға болады. Ұлт тілінің тарихын зерделеуде осы бағытта 50-70 жылдарда көптеген игілікті шаралар атқарылып, ғылыми зерттеулер жаңадан жазылғаны белгілі. Осындай үлкен ғылыми-практикалық мәні бар еңбектің, ауыр еңбектің ортасында Ғабдолла аға Қалиев та жүрді.
Қазақ тілінде диалектілік ерекшелік бар ма, жоқ па деген сұрақтар жан-жақтан қойылып, әртүрлі ғылыми дау-дамайларға ұласып жатқан тұста Ш. Сарыбаев, Ғ. Қалиев, Т. Айдаров, Б. Бекетов, Ш. Бектұров, Ж. Болатов, Н. Жүнісов, О. Нақысбеков, Ә. Нұрмағанбетов, С. Омарбеков т.б. ғалымдар ғылыми-зерттеулер жүргізіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Аймақтардағы жергілікті ерекшеліктер жиналып, сараланып, жүйеленіп, нақты тілдік деректер негізінде ғылыми тұрғыдан таразыланып, ғылыми ортаға ұсынылды. С. Аманжолов, Ж. Досқараев зерттеулерінде негізі қаланған қазақ диалектологиясының іргесі бекіп, жеке ғылым саласы ретінде тереңдей берді. Жеке ғылым саласына айналған пән енді студент аудиториясы мен мектеп оқулығына да кіруі қажет еді. Жоғары оқу орындарында оқытыла бастауы үшін оның арнайы бағдарламасы мен оқулығы болуы шарт. Бұл тұрғыда да қажырлылық көрсете еңбек еткен Ғ. Қалиев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде тұңғыш рет «Диалектология» курсының қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралын жазды. Кейін осы оқу құралы Ш. Сарыбаевпен бірігіп жазылған “Қазақ диалектологиясы” оқулығына ұласты. Қазіргі таңда бұл – Республикадағы барлық Жоғары оқу орындарында Диалектология курсы бойынша оқытылатын жалғыз оқулық.
Ізденушілер мен зерттеуші мамандардың бірнеше жыл сарыла жинаған тілдік материалдарын енді сөздік ретінде түзу жұмысы қолға алынды. Әріптес ғалымдармен бірге Ғабдолла аға да «Диалектологиялық сөздік» құрастыру жұмысына кірісіп кетті. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижесі 1969 жылы қазақ тіл білімінде бірінші рет жарық көрген “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі” болды.
Тіл тарихындағы дыбыстық, грамматикалық және лексикалық тұлғалардың дамуынан үзік сыр шерте алатын диалектілік ерекшеліктер бірқатар анықталған соң, енді тілдің тарихи грамматикасы туралы пікір айтуға, түркологиядағы ғылыми зерттеулерге иек арта отырып, Қазақ тілінің грамматикалық құрылымының даму жолдарын саралауға мүмкіндік болды. Бұл мүмкіндікті бек түсініп, тіл білімінің ішкі даму жүйесін тап басып тани алған ғалымдарымыздың бірі тағы да Ғ. Қалиев болды. Ғалым 1964 жылы профессор М. Томановпен бірігіп, тағы да бірінші рет “Қазақ тілінің тарихи грамматикасының программасын” жасады. Бұл шынында да, тарихи грамматиканың бұдан кейінгі даму жолын белгілейтін бағдарламаға айналды. Бұл бағдарлама 1969, 1972, 1977, 1984 жылдары қайта басылып, ЖОО-ғы Қазақ тілінің тарихи грамматикасының оқытылуының негізгі басшы құжаты саналды. Сонымен бірге тарихи грамматиканың ғылым ретінде қалыптасып дамуына өзіндік үлес қосты.
Ғалымның “Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру” деп аталатын докторлық диссертациясы говорлардағы сөз тудыру мәселесіне арналып, қазақ тіл біліміндегі үлкен ғылыми-теориялық терең проблемаларды тағы да ғылыми жұртшылық алдына көлденең қойды. Автордың “Сөз тудыру – қазақ тілінің жеке саласы” деп аталатын мақаласы 1984 жылы “Қазақстан мектебі” журналының № 6 санында жарияланып, осыған дейін қазақ тіл білімінде қалыптасқан үрдіс бойынша тілдің салалары ретінде фонетика, лексика, морфология, синтаксис деп танылып келсе, енді сөз тудыру (кейіннен сөзжасам, бұл терімсөздің авторы — ғалым Ербол Жанпейісов) ерекше сала ретінде бағалануы қажет екенін күн тәртібіне шығарды (2).
Қазіргі кезде “Қазақ тілінің сөзжасамы” ретінде қалыптасып, дамып келе жатқан жеке тіл білімінің бір саласының алғашқы тұсауын осылайша кескен де Ғабдолла аға Қалиев болатын. Кей ғалымдар сөзжасамды жеке сала, ерекше пән ретінде танығысы келмей, “қозысын енесінен бөліп алғанмен бірдей” деп бағалағанмен, тілдік деректер арқылы сараланған, әлемдік дериватология ғылымының ғылыми-теориялық жетістіктеріне иек артқан Қазақ тілінің сөзжасамы қазір Республикамыздың барлық ЖОО-да жеке пән ретінде оқытылып, ғылыми жеке бағыт ретінде зерттелуде.
Ғалымның “Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері” атты зерттеу еңбегі (2002) сөзжасамның жеке сала ретінде қалыптасуына, әсіресе қазақ сөйленістеріндегі сөзжасам жүйесінің теориялық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосты.
Ғ.Қалиевтің лексикология саласындағы көп жылғы ғылыми-педагогикалық жұмыстарының негізі “Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы” деп аталатын оқулықта көрініс тапты. Бұл еңбекте қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы жүйеленіп, қазіргі кездегі қол жеткен ғылыми жаңалықтардың нәтижесі оқырман қауымға ұсынылды.
Қазақ тілінің шыққан тегі мен даму кезеңдері, оның типологиялық белгілері айқындалады. Бүгінгі дамыған әдеби тілі бар қазақ тілінің Алтай семьясындағы тілдерге енетін тілдермен жақындығы мен байланысын көрсететін типологиялық белгілер сараланды, қыпшақ тобындағы тілдердің өзіндік ерекшеліктері көрсетіліп, көне түркілік және орта ғасырлық кезеңдегі қазақ жеріндегі пайпалық тілдердің дамуы туралы мағлұматтар берілді. Қазіргі қазақ тілінің оқулығында мұндай тілдің тарихи бастаулары туралы мәселелерді анықтап, ашып көрсетуінен біз ұстазының айтқан сөздерінің заңды жалғастығын танығандай боламыз. Қазіргі тілдің лексикологиялық деңгейін зерделеу үшін, тіл болмысының негізгі қалыптасу көздеріне шолу жасаудың мәнді де маңызды екеніне көз жеткіземіз. Автор мынадай ой-тұжырымдар жасайды: “Қазақтың ұлт тілі өзінің ішкі құрылымы жағынан қазақтың халық тілінің мұрагері болып табылады” (3. 14) . “Қазақтың ұлттық тілі деген өте кең ұғым, ол өзінің құрамы жағынан бірыңғай емес: оған бүкіл ұлтқа қызмет ететін баспасөз тілі — әдеби тіл де, ауызекі сөйлеу тілі де, ұлттық сипаты жоқ, тек жеке аймақтарға, аудандарға тән жергілікті диалектілер мен сөйленістер де, жеке кәсіби мамандыққа тән сөздер де, жекелеген әлеуметтік топтар қолданатын ерекше жаргондық сөздер де жатады” (3.15).
Ғ. Қалиев еңбегінде қазақ тіл білімінің зерттелу тарихына үлкен шолу жасалады. Біздің пайымдауымызша, қазақ тіл білімінің жалпы зерттелу тарихының жүйеленіп, кезең-кезеңге бөлініп, сала-сала бойынша берілуі –бірінші рет. Әртүрлі тақырып не сала бойынша жазылған ғылыми еңбектер мен диссертациялық жұмыстарда жеке мәселенің зерттелуі туралы көп жазылып жүргенімен, олардың осылайша жүйеленуі қазақ тіл біліміндегі қалыптасып келе жатқан ғылыми мектептерді айқындауға, болашақтағы есімнамалық зерттеулердің, сондай-ақ тіл білімінің тарихына қатысты жазылар еңбектердің бастамасы ретінде жас буын ғалымдар мен студенттерге үлкен ой салары анық.
Оқулықтың тағы да біздің көңілімізді аударған тұсы — фразеологияны ерекше бөліп, оны өз алдына дербес лингвистика саласы ретінде танытуы. Бұл ойын ғалым мынадай тұжырымдарды көрсету арқылы дәлелдейді: “Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын мынадай үш түрлі басты белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі; 2) мағына тұтастығы; 3) тіркес тиянақтылығы” (3. 178). Қазіргі кездегі қазақ фразеологиясының терең зерттеле бастауы осындай ерекше белгілері бар тұлғаларды жеке зерделеп, олардың өзіндік даму сипаты мен бағыты бар екенін көрсетіп отыр. Әйтсе де, фразеологияны жеке сала ретінде бөліп, оқулыққа енгізген, оның өзіндік белгілері мен нысанын айқындап, фразеологизмдердің түрлерін, сөз табына қатысын зерделеген тағы да профессор Ғ.Қалиев.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабдолла аға Қалиев қазақ тілінің диалектологиясы мен лексикологиясы, тіл тарихы мен сөзжасам және лексикография саласы бойынша күрделі ғылыми-теориялық проблемаларды шешуге арналған үлкен ғылыми зерттеулер жазған. Бұл бағыттағы еңбектерінің бәрінде ішкі байланыс айқын, тілдік жүйе мен құрылым, ішкі бірлік сақталады. Диалектілік ерекшеліктер — көне тарихтың жәдігерлері ретінде ғалымды тіл тарихын зерделеуге әкелсе, диалектідегі тұлғаларды жеке-жеке саралау ондағы сөзжасам саласының ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын ашуға итермелегендей. Ал жиналған деректерді жүйелеу – лексикографиялық жұмыстарды жазуға апарғандай. Яғни ғалым осы арқылы тілдің ішкі даму заңдылықтарын анықтауда, ұлт тілінің қалыптасу жолы мен негізгі бағыттарын саралауда, әдеби тілдің лексикологиялық жүйесін тереңнен зерделеуде тағылым аларлық мол зерттеулер жасаған. Ең күрделісі, тіл білімінің әртүрлі салаларының арасындағы байланысты танып, табиғи тілдің табиғатын саралауда жүйелілік пен бірлікті, жалпы мен ерекшені терең пайымдап, тіл болмысындағы маңызды мәнді (сущность) анықтай алған.
Бір дерек.
Кезекті ғылыми конференция өтіп жатыр еді. Мінбеде орыс тілді белгілі беделді профессор орыс тілінде баяндама жасап, қазақ сөйлеу тілінде кездесетін варваризмдерді тізбелей келе, пиджиндік құбылыс байқалатынын тілге тиек ете бастады. Ғылыми қауым үнсіз тыңдай көнуде. Сәтінде Ғабдолла Қалиевтің зілді дауысы қатты шықты. Баяндамашыға қарап, айтылып тұрған мәселенің негізсіз екенін екі ауыз сөзбен түйіндеді, баяндама ортасынан шолақ үзілді. Сәлден соң баяндамашы профессор залдан шығып бара жатты. Бұл қазақ тілі үшін жанын да, денсаулығын да аямай қызмет еткен азаматтың жүрегінен шыққан жанашыр да шыншыл үні еді. Ұлт тілін зерттеп, зерделеген ғалым оны өзге пиғылды ғалымдардан қорғай да білетін.
Қазақ ғылымының көрнекті өкілі, профессор Ғ.Қалиевтің тіл білімі саласындағы еткен еңбегі, Ағаның ғылым жолындағы адалдығы, еңбекқорлығы, табандылығы бүгінгі жастарға ерекше үлгі болуы керек. «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болуы керек» деген ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыздың айтулы сөзі Ғабдолла Қалиевке арналғандай.
Әдебиеттер:
Қалиев Ғ. Сөз тудыру – қазақ тілінің жеке саласы. –Алматы. // “Қазақстан мектебі” журналы, № 6. 1984.
Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы, 2003.
Қазақ говорлары жүйесін зерттеу мәселелері. Монография, –Алматы. 1977;
Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі, –Алматы. 2005;
Русско-казахский словарь, 3 изд., –Алматы.
Қазақ әдеби тілінің сөздігі, –Алматы. 2005, 1 – 3-т., 2006-20
Қазақ диалектологиясының мәселелері. Алматы,
Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері, –Алматы.
Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру, –Алматы.
Достарыңызбен бөлісу: |