Өзін өзі бақылауға арналған сұрақтар.
1.Педагогика ғылымындағы дүниетанымның төрт құрамды бөлігіне мазмұндық сипаттама жасаңыз?
2.ХУ-ХУІІ ғасырлардағы қазақ халқының қоршаған орта туралы дүниетанымына шығарма құрстырыңыз?
3.Қазақ халқының уақыт пен кеңістік туралы түсінігіне сипаттама беріңіз?
4.Қазақтардың нақтылы уақыт туралы таным-түсініктері қандай?
5.Қазақ халқының аспан әлеміне байланысты еңбек тәрбиесіндегі дүниетанымдық наным-сенімдеріне өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?
Әдебиеттер
1.Серікқалиұлы З. Дүниетану даналығы. Ғылыми және көркемдік таным ерекшеліктері. – Алматы, 1994. – 224 б. 2. Календарные обычаи и обряды в странах зарубежной Европы. Исторические корни и развитие обычаев. – М., 1983. – С. 57. 3. Сейдімбеков А. Қазақ әлемі. – Алматы, Санат, 1998. – 464 б. 4 Календарные обычаи и обряды у народов Восточной Азии. Новый год. – М., 1985. – С. 45. 5. Цыбульский В.В. Лунно-солнечный календарь стран Восточной Азии. – Киев, 1988. – С. 3-15.
Өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар.
1. Қазақ халқының дүниетанымындағы «кеңістік» пен «уақыт» ұғымдарының мәнін анықтап оларға мазмұндық сипаттама жасаңыз. 2. Аспан әлемі туралы дүниетанымдық көзқарастың еңбек тәрбиесімен байланысын ашып көрсетіңіз. 3. Қазақ халқының мал шаруашылығына байланысты дүниетанымдық көзқарасының еңбек тәрбиесіндегі ролін анықтаңыз. 4. Экологиялық меженің мәнін анықтаңыз. 5. Қазақ халқының дүниетанымындағы жыл мезгілдерінің еңбек тәрбиесімен байланысына мазмұндық сипаттама беріңіз.
2.2. Қазақ халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі
<
2.2.Қазақ халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі
«Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс», – деді Ұлттық кеңестің отырысындағы сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев. Демек, бұның мазмұнында қоғамдық сананың қалыптасуы және ұрпақ тәрбиесі секілді үлкен идея жатыр. Өйткені қоғамның алға басуы көпшілігінде бүгінгі ұрпақтың қандай дәрежеде білім алып, тәрбиеленуіне тікелей байланысты. Бүгінгі жалпы білім беретін қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие процесінде ұлттық тәрбиеге, атап айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі еңбегіне тәрбиелеу мәселесі қандай деңгейде екендігін айқындау үшін ең алдымен еңбек тәрбиесіне, әсіресе оқушыларды дәстүрлі еңбекке тәрбиелеу мәселесіне кеңестік дәуірдегі мектептерде қалай көңіл бөлініп, оның мазмұны қандай сипатта болғандығына тоқталуды жөн көрдік. Және осы проблемаға байланысты үкімет тарапынан қабылданған мемлекеттік құжаттардың (Білім беру туралы тұжырым, стандарт, оқу бағдарламалары, т.б.) нұсқауларына сәйкес қандай іс-шаралар жүзеге асқанын сараптадық. 90-шы жылдардың басында оқушыларды еңбекке дайындау үдерісі күрт төмендеп кетті. Мектеп пен өндіріс байланысының ыдырауы, еңбекке оқыту ісінің материалдық базасының құлдырауы, мектептердің тек 48 пайызында ғана арнайы оқу шеберханаларының сақталуы, ал 42 пайызында біріктірілген шеберханалардың ғана қалуы үлкен кедергі келтірді. Мектепаралық комбинаттардың саны 20-ға, өндірістегі оқу цехтары мен бөлімшелерінің саны 300-ге азайды, оқушылардың ерікті еңбек бірлестіктері қысқарып, олардың еңбек ету, тынығу базалары шаруа қожалықтарына беріліп, не сатылып кетті. Ауыл мектептеріне оқу-өндірістік сабақты өткізу үшін орталықтан тракторлар, ауылшаруашылық машиналары бұрынғыдай бөлінбейтін болды. Оқушыларды еңбекке даярлау ісінде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қолданбалы көркем қолөнері, халық зергерлерінің мұрасы пайдаланылмады, шаруашылық саласындағы шикізаттарды өңдеу технологиясынан мағлұматтар берілмеді. Бұл кемшіліктердің шешімі 1993 жылы жарық көрген «Жалпы білім беретін мектептер оқушыларын еңбекке оқыту мен тәрбиелеу тұжырымдамасында» және жалпы білім беретін мектептердің оқу-өндірістік комбинаттардың жанынан ашылған еңбекке тереңдетіп дайындайтын мектептердің оқу жоспарында ескерілді. Жеті тараудан тұратын тұжырымдамада Республиканың әлеуметтік-экономикалық терең өзгерістерге бет алуы мектеп оқушыларын еңбекке дайындау жүйесіне жаңа ұлттық сабақтастықтағы жол іздеп, олардың нарықтық экономика жағдайына өнімді еңбекке ұйымдастыру ісіне әсерлі түр қарастыруды талап етті. 90-жылдардың басында, атап айтқанда 1992-1993 оқу жылында оқушыларды еңбекке оқыту мен тәрбиелеу сипаты басқа да тәрбие түрлерімен қатар негізінен еңбек сабақтарында қалыптастырылды, еңбек сабағы 17196 оқу шеберханасы, 180 мектепаралық оқу-өндіріс комбинаты, 1669 оқу цехтары мен өндіріс бөлімшелері және мектептердің 810 қосалқы шаруашылығы мен шағын фермаларында ұйымдастырылды. Оқушыларды еңбекке даярлауға 14 мыңнан астам мұғалімдер мен өнідірістік оқыту шеберлері қатысты. Олардың дайындығы республикамыздың 12 жоғары және орта оқу орындарында ұйымдастырылды. Сонымен қатар 90-шы жылдардың басында оқушыларды еңбекке даярлау ісіне көзқарастың күрт төмендеп кеткенін де айтпауға болмайды. Мектеп пен өндірістің байланысының ыдырауы, еңбекке оқыту ісінің материалдық базасының құлдырауы салдарынан мектептердің тек 48 пайызында ғана арнайы оқу шеберханалары сақталды, ал 42 пайызында біріктірілген шеберханалар ғана қалды. Сол уақыт арасында мектепаралық комбинаттардың саны 20-ға, өндірістегі оқу цехтары мен бөлімшелерінің саны 300-ге азайды, оқушылардың ерікті еңбек бірлестіктері қысқарып, олардың еңбек ету, тынығу базалары шаруа қожалықтарына беріліп не сатылып кетті. Ауыл мектептеріне орталықтан берілетін автомобильдер, тракторлар, ауышаруашылық машиналары біржола тоқтатылып қалды. Оқушыларды еңбекке даярлау ісіндегі сол кезге тән тағы бір өзекті кемшілік – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қосалқы-көркем өнерін, халық зергерлерінің мұрасын, мал шаруашылығы, аспаздық, шикізаттарды өңдеу жолдарын үйрету кеңінен өріс алған жоқ. Оқушыларды еңбекке даярлауда мынадай қарама-қайшылықтар талапқа сай шешілмеді:
• еңбекке оқыту барысындағы нақты мүмкіншілік пен демеуші демократиялық қатынастың жоқтығы, оның мазмұны мен түрлерінің және іске асыру әдістерінің жеткіліксіздігі;
• оқушылардың өздерін әр түрлі шығармашылық әрекетте сынау талабы мен оны қазіргі оқу-өндіріс құрылымында іске асыру мүмкіншілігінің
жоқтығы, еңбекке оқытудағы көшірмешілік (репродуктивтік) сипат пен үйірмелік жұмыстың алшақтығы;
• оқушы жастардың субъективті түрде мамандық таңдау талабы мен қоғамның кадр жағынан объективті қажеттілігі арасындағы алшақтық;
• көптеген мамандықтар бойынша істелетін жұмыстың күрделенуі және сол мамандықтар бойынша мектепте оқуға жағдайдың жоқтығы;
• оқушылардың таңдаған мамандығы бойынша іс жүзінде өз мүмкіншілігін байқау талабы мен жалпы білім беретін мектептердегі оған қажетті мүмкіндіктің жоқтығы.
Жоғарыда аталған кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарды шешу үшін тұжырымдамада Қазақстан Республикасының егемендік алуы, нарықтық экономикаға көшуімен байланысты болып жатқан өзекті өзгерістерге сай оқушы жастардың еңбекке дайындығын теңдесі жоқ биіктікке көтеру талап етілді. Бәсекелік механизміне негізделген нарық еңбек адамына ерекше іскерлік, шеберлік, белсенділік пен істегі тәртіптілік, жауапкершілік, екпінді еңбекке жарамдылық, т.б. белсенді іс-әрекетке дайындық сияқты өте жоғары талаптар қояды. Еңбекке даярлау, оқыту мен тәрбиелеу жүйесі, тек бүгінгі талапқа сай, жаңа экономикалық жағдайда жаңа еңбек адамының тұлғасын қалыптастыруға арналған біртұтас Тұжырымдама негізінде ғана іске асырыла алатындығы айқындалды. Тұжырымдамада оқушыларды еңбекке даярлау мынадай құрама бөліктерден тұратындығы белгіленді:
• оқу еңбегі;
• еңбек сабағы оқу пәні қатарында;
• кәсіптік оқу;
• қоғамға пайдалы өнімді еңбек;
• сабақтан, мектептен тыс түрлі еңбек әрекеттері;
• кәсіптік бағдар беру.
Балалар мен жасөспірімдерді еңбекке даярлау ісі жасына, өзіндік мүмкіншілігіне, психикалық өрісіне және әлеуметтік мәртебесіне сай көпсалалы бағытта құрылып, мына талаптарға жауап беруі керектігі анықталды:
• еңбекқорлыққа, еңбекті қажеттілік ретінде танып, оған саналы және шығармашылдық тұрғысынан қарауды тәрбиелеу;
• оқушылардың еңбекке қажет психофизикалық мүмкіншілігін, жалпы және арнайы қабілетін өрістету;
• балаларды шамасына сай еңбекке қосып, оларға жалпы адамшылдық, имандылық қазынасының есігін ашу;
• жаңа экономикалық білім беру, жаңа экономикалық ой қалыптастыру.
Еңбекке даярлаудың жаңарған түрі төмендегі шарттарды орындауға тиістілігі белгіленді:
• әр оқушының өз қалауына, мүмкіншілігіне, икеміне сай кәсіпке орнығуына бағытталған еңбек пәнінің өскелеңдігін қамтамасыз ету;
• оның мазмұнын жетілдіру;
• оқу бағдарламаларына икемді құрылым енгізу, осы мақсатта оларға вариативті түр беріп, жергіліктік, аумақтық, ұлттық ерекшелік, өндірістік қоршау, оқушылар контингентінің сипаты сияқты жәйттерді ескеру;
• қосалқы экономикалық дайындықпен байланысты күшейту;
• бағдарламаларға менеджмент элементтерін, маркетинг, дизайн, халық кәсібін, фермерлікті, үй шаруасын басқару, экология, тағы басқа тіршілік әрекеттерін енгізу;
• оқушыларға техникадан және түрлі заттар өңдеу технологиясынан, адамзат қоғамының басқа да тіршілік қажеттіліктерінен оларды қызықтыратын қосымша мағлұматтар беру;
• мектептердің өндіріс орындарымен экономикалық әріптестік негізінде жаңа арақатынасқа көшуіне жетекшілік ету.
Сонымен қатар оқушыларды еңбекке даярлауды ұйымдастыру құрылымы мына принциптерге негізделетіндігі айқындалды:
• еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісінің барлық сатыда біртұтастығы мен өзара байланыстылығы;
• оқу-тәрбие жүйесінің мақсаты, мазмұны, оқыту әдісі, амал мен ұйымдастыру түрлерінің оқу кезеңінің барлық сатысындағы өзара сабақтастығы;
• ұлттық дәстүрлерді, аймақ ерекшеліктерін қамти алатын өсіңкі білім құрылымының әртүрлі болуы;
• еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісін адамның жас мөлшеріне,
психофизикалық ерекшеліктеріне, қоғамның бүгінгі таңдағы және болашақтағы сұрамына сай, әркімнің шығармашылық талабының өсіп өркендеуіне, өмірде тұрақтануына бейімдеу. Жалпы еңбекке, кәсіпке оқыту мазмұны мына типті жүйелі құрылымдарда іске асырылады делінген:
1. І–IV және V–XI сыныптарға арналған оқу шеберханалары.
2. Мектеп және мектепаралық оқу-өндірістік шеберханалары.
3. Еңбекке оқытып, кәсіптік бағдар беретін мектепаралық оқу-өндіріс комбинаттары.
4. Мектеп зауыты.
5. Өндірістегі оқу цехтары мен бөлімшелері.
6. Ауыл оқушыларын еңбекке баулитын, шаруашылық базасында ұйымдасқан оқу-өндіріс учаскелері (комплекстер).
7. Мектептің оқу-өндіріс шаруашылығы, оқушылар кооперативі, шағын кәсіпорын, т.б. шаруашылық есептегі оқушылар бірлестігі.
Тұжырымдамада еңбекке оқыту мен тәрбиелеуге байланысты қарастырылған мәселелерді төмендегіше таратып айтуға болады. Білім беру жүйесіндегі аталған оқу-өндіріс орындарында еңбекке оқыту мазмұны жағынан 50-60 пайызға үлгі бағдарламамен анықталып, қалғаны оқытушының ұлттық, аймақтық, жергілікті ерекшеліктерін ескеріп, оқушылардың және олардың ата-аналарының талаптарына көңіл бөле отырып орындайтын шығармашылық әрекетіне беріледі. Тәжірибелі маман оқытушыларға үлгі бағдарламаға сүйене отырып, өз қалауынша бағдарлама дайындап іске қосуына құқық беріледі. Осыған байланысты еңбекке оқыту мен тәрбиелеуде барлық мектептер үшін оқу жоспарына міндетті түрде енетін пән және оқыту бағдарламасының құрылымы жеке адамның өсіп-жетілуі, оның нарықтық экономика жағдайында тіршілік етуіне бағытталады. Сонымен қатар оқыту, тәрбиелеу үдерісінің барлық сатысында ұлттық тұрғыда еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісіне жағдай жасалғандығы байқалады. Мысалы, бірінші сатыда (І–ІІІ сыныптар) оқушылар өз жастарына лайық, қажетті әр түрлі заттармен қол жұмысын істеуге, көкөніс өндіріп, өсіруге үйренеді. Бұл сыныптарда технология сабағы өзге білім негіздерімен біріктіріліп өткізіледі. Бастауыш сынып оқушылары мектептің жер бөлімшесінде тәжірибе жұмысын жүргізу, тұрмысқа, үй шаруасына қажет еңбек ету, табиғи заттармен жұмыс істеуге машықтанады. Бұл сыныптарда технология сабағын ұлттық қол еңбегіне арналған шеберханада (кабинетте) және мектептің тәжірибе бөлімшесінде бастауыш сынып мұғалімдері немесе еңбек сабағының мұғалімі жүргізеді. Екінші сатыда (V–IX сыныптар) «Технология сабағы» пәнінде бұл сыныптарда еңбекке оқыту оқушылардың талғамы бойынша бір істің маңайында (металл өңдеу, ағаш өңдеу; тігіншілік, аспаздық, қолданбалы халық өнері, т.с.с.) болмаса инварианттық негізін сақтай отырып, әрқайсысы өзінің икемін іздеу мақсатымен көп вариантты істің мақсатында өтуі мүмкін. Ал, оқушы саны аз, ауыл мектептерінде еңбекке әр оқушыны жеке дайындаудың да пайдалылығына көңіл қойылады. Дәстүрлі ауылшаруашылық, металл өңдеу, ағаш өңдеу, қолданбалы халық өнері сияқты оқылып жүрген іс негіздерімен қатар, оқушыларға үй шаруасын меңгеру жәйін да үйрету қажет. Мысалы, V–IX сыныптарда оқитын қыз балаларға үй тазалығы, ауланың сәні, үйдегі аспаздық өнері, қажетті азық-түлік дайындау, тігіншілік, кесте тігу, балаға қарау, т.б. өмірлеріне қажетті білік пен дағды қалыптастыру бірден бір қолға аларлық іс. Бұл сатыдағы сыныптардың оқушыларын еңбекке оқыту мектеп және мектепаралық шеберханаларда, мектепаралық оқу-өндіріс комбинаттарында, кәсіптік-техникалық оқу мекемелерінің оқу-өндіріс орталықтарында, базалық өндіріс орындарының оқу бөлімшелерінде, тұрмыс қажетін өтейтін мекемелер бөлімшелерінде, қоғамдық тамақтану орындарында, т.б. өткізіледі. Үшінші басқышта (Х–ХІ сыныптар) технология пәні оқушылардың өз еркінше – гуманитарлық, физика-математика, химия-биология, техника, ауылшаруашылық, экономикалық, т.б. бағыттарда белгілі бір профиль төңірегінде жүргізіледі. Ата-аналарының ықтиярлығы мен мектептің мүмкіншілігін, оқитын кәсіпке арнайы материалдық-техникалық базасын, оқитын кәсіптің қоғамға қажеттілігін сараптай келіп, арнайы сыныптар мен мектептерде оларға кәсіптік оқу ұйымдастырылады. Бұл жағдайда жұма сайын технология сабағына берілетін уақыт 6-12 сағат мөлшерінде болуы шарт, оқу соңында оқушылардан үйренген кәсібі бойынша емтихан алынып, мамандық жайында куәлік беріледі. Кейінгі кездегі мектепаралық оқу-өндіріс комбинаттарының негізінде пайда болған оқу кешені, мектеп зауыты, мектепаралық оқу-өндіріс шеберханасы, шаруашылық есептегі еңбек бірлестігі, оқушылар кооперативі, шағын кәсіпорны, жасөспірімдердің еңбек биржасы, жастарды әлеуметтік қорғау орталықтары, кешкі мектеп оқушыларына арналған сыныптар (топтар), т.б. еңбекке оқытудың дағдылы емес жаңа түрлерін өрістетіп, оқушыларды оқу-өндіріс комбинаттары, еңбек бригадасы, оқу цехтары мен бөлімшелерінде алуан түрлі үйірмелер мен ұйымдарға қатыстырып, олардың ғылыми-зерттеу қабілетін арттыру ісіне барынша көңіл бөлуінде. Еңбекке оқытудың мазмұнын анықтау кезінде оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа жетелеу мақсатымен олардың ұлт дәстүрін, мәдениетін, халықтың қолданбалы өнері мен кәсіпшілігін тереңдете игеруіне жағдай туғызу қажет. Оқушылардың айналадағы табиғи заттармен жұмыс істеуге машықтануы туған өлкені, оның табиғаты мен байлығын саналы түрде игеруіне негіз болады. Сонымен, біз талқылап отырған 90-шы жылдардың басында қабылданған тұжырымдаманың нәтижесінде оқушыларды жалпы еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісіне, сонымен қатар еңбекке тәрбиелеудегі ұлттық еңбек тәрбиесінің сабақтастығына аса зор назар аударылғандығын көреміз, оған дәлел ретінде қазақ (ұйғыр) тілінде жалпы орта білім беретін мектептердің 1992–93 оқу жылына арналған негізгі нормативті оқу жоспарын келтіруді жөн көрдік.
Рис.4.1.Кесте 7 – Қазақ (ұйғыр) тілінде жалпы орта білім беретін мектептердің 1992-1993 оқу жылына арналған негізгі нормативті оқу жоспары
Бұл оқу жоспары бойынша 1–11-сыныптарда еңбекке үйрету пәніне аптасына 28 сағат бөлінген, ал сондай-ақ география пәніне 8 сағат, биология пәніне 12 сағат, физика пәніне 14 сағат бөлінген. Бұл көрсеткіш «Еңбекке үйрету» пәніне зор мән берілгендігін көрсетеді, сонымен қатар оқу жоспарында еңбек практикасына 5–10-сыныптарда күн есебімен 110 күндік практика қарастырылған, бұл да еңбекке оқыту мен тәрбиелеуге аса зор көңіл бөлінгендігін көрсетеді. Сонымен қатар кейінгі жылдары оқу процесіндегі демократияландыруға байланысты оқу орындарында негізгі (вариативті) оқу жоспарымен қатар, инвариативті-эксперименттік оқу жоспарлары да қатар пайдаланып келеді. Бұл оқу процесіндегі бәсекелестікке жол ашты және де оқу процесінде жоғары сапалы оқу жоспарларын пайдалануға мүмкіндік туғызды, мектеп мұғалімдері мен оқушыларға өз таңдаулары бойынша белгілі оқу жоспарымен ұлттық бағытта жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Бұған дәлел ретінде төмендегі оқу жоспарын келтіріп, оны жоғарыдағы негізгі оқу жоспарымен салыстыра отырып, еңбекке оқыту мен тәрбиелеудегі ұлттық басымдылығын анықтап көрейік, өйткені оқу жоспарларына байланысты оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұны анықталатыны бізге мәлім.
Рис.4.1.Кесте 8 – Оқу-өндірістік комбинаттардың жанынан ашылған еңбекке тереңдетіп дайындайтын мектептерге (сыныптар) арналған эксперименттік оқу жоспары
Жоғарыда көрсетілген вариативті қазақ (ұйғыр) тілінде орта білім беретін мектептердің оқу жоспары мен оқу-өндірістік комбинаттардың жанынан ашылған еңбекке тереңдетіп даярлайтын мектептерге арналған инвариативті-эксперименттік оқу жоспарларын салыстыра отырып, біз мынадай тұжырым жасауды жөн көрдік:
Біріншіден, бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі вариативті оқу жоспарында жалпы білім беретін 25 пән түгелдей қамтылады, олардың ішінде «Еңбекке үйрету» пәні 1-ші сыныптан 11-сыныпқа дейін бір ғана атаумен жүргізіледі, 1 сыныптан 7-сыныпқа дейін апталық сағат саны 2 сағат болса, ал 8-сыныптан 11-сыныпқа дейін апталық саған саны 3-4 сағатқа жетеді. Сонымен қатар бұл оқу жоспарларында 5 сыныптан бастап 10 сыныпқа дейін жылына 10-16-20 күндік еңбек практикасы «Қоғамдық пайдалы өнімді еңбек» деп қарастырылады.
Ал инвариативті-эксперименттік оқу жоспарында жалпы білім беретін 25 пәннің 10-ғана беріледі, сонымен қатар бұл 10 пән 8 және 11-сыныптарда ғана аптасына 18 сағат мөлшерінде жүргізіледі, қалған уақыттың көпшілігінде профильдік қазақ ұлттық пәндер циклы аптасына 19-20 сағат мөлшерінде жүргізіледі.
Екіншіден, бұл екі оқу жоспарының біздің зерттеу тақырыбымызға сәйкес бір-бірінен айырмашылығы неде деген сауалға былай деп жауап беруге болады.
Вариативті оқу жоспарында оқушыларға жалпы білім беру мақсаты басым көзделеді, сонымен қатар «Еңбекке үйрету» сабағына да айтарлықтай көңіл бөлінеді. Ал инвариативті-эксперименттік оқу жоспарында негізгі мақсат жалпы еңбекке тереңдетіп даярлауға бағытталады.
Үшіншіден, вариативті мектептердің оқу жоспарына қарағанда инвариативті оқу жоспарларында қазіргі заман талабына сай, мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан ұрпақты ұлтымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі, өнерімен, соның ішінде қолданбалы өнердің қыр-сырымен таныстыру, оның әдісі, тәсілдерін орынды пайдалану арқылы еңбек сабағында балалардың икемділігі мен шеберлігін қалыптастыру, өнерге деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру – ұлт мектептерінде ұлттық идеяны сабақтастырудың басты міндеті болып қарастырылады. Бұл міндетті шешуде бүгінгі күні қазақ мектептерінде пайдаланып жүрген бағдарламалар қомақты үлес қоса алады деп айтуға болады. Бұл ойымызды профильдік пәндер циклына енгізілген мына пәндердің атауларымен және олардың мазмұнымен дәлелдеуге болады. Мысалы, мәдениеттілікке, тәртіпке үйрету (8 және 11-сыныптарда аптасына 7 сағат бөлінеді), тігін жұмыстары, тоқуды үйрету (8 және 11-сыныптарда аптасына әр пәнге 2 сағаттан бөлінеді). Аталған пәндердің мазмұнында ұлттық кілем тоқуда кездесетін ою-өрнек түрлерімен таныстыру, олардың эскиздерін орындауға үйрету жақтары қарастырылған. Мысалы, «Бастырмалау» тарауы әр түрлі материалдарды (қағаз, картон, кептірілген жапырақтар, өсімдік дәндері, мата, тері, жүн, мақта, т.б.) пайдалана отырып, қолдану мағынасына қарай және орындалу әдістеріне байланысты бұйымдарды бастырмалап әзірлеуді көздейді. Жасалу әдісіне қарай бастырмалаудың мынадай түрлері бар екенділігі айтылады:
• жазықтық бетінде;
• дөңес бетте;
• көлемді бастырмалау. Ал мазмұнына байланысты:
• ою-өрнекті;
• бір затты;
• мағыналы тақырыпты;
• әріптік бастырмалау болып келетіндігі көрсетіледі. Бастырмалау жұмысын орындау барысында оқушылардың композиция жайында, түстердің және материалдардың үйлесімділігін таба білуде білімдері мен біліктіліктері арта түседі, конструкторлық ойлау қабілеттері дамиды. Сол сияқты, бағдарлама бойынша «Құрақ құрау» тарауында мұғалім оқушыларды ұлттық жастық пен көрпеше құрақ түрлерімен таныстыра отырып, олардың түстерінің үйлесімділігін табу жолдарын үйретеді. Құрақ құрау өнері бұрыннан келе жатқан өнер екендігі айтылады. Оны алғашында тері, көннен, киіздерден құрап, бұйым жасаса, кейінірек мата қалдықтарынан құрақ құрап, жастық көздерін, көрпеше тыстарын қаптап, қажеттеріне жаратқандығы сөз етіледі. Құрақтың жасалуына қарай жастық құрақ, көрпеше құрақ деп екіге бөлінетіндігі түсіндіріліп, жастық құрақтың мынадай түрлері бар екендігі әңгімеленеді:
• тырна қатар;
• жұлдыз құрақ;
• қайшы құрақ;
• қаттама құрақ;
• бота көз;
• тістеме құрақ. Ал, көрпеше құрақтың мынадай түрлерге бөлінетіндігі айтылады:
• алма құрақ;
• мүйіз құрақ;
• ат құлақ;
• айшық құрақ. Сөйте келе, оқушылар, алған білімдерін пайдалана отырып, жастық құрақтың анағұрлым күрделі түрлерінен тұтыну бұйымдарын: қалташа құрақпен бастырмаланған құмыра, тырна қатар құрағынан қалам салатын құтышаны қағаз картоннан әзірлесе, мата қалдықтарынан қаттама құрақты ине шаншитын жастықша дайындайды. Құрақ құрау өнері өте шыдамдылықты, ұқыптылықты, құрастыруды дұрыс шешуді талап етеді. Оқушыларды бұл өнерге баулу барысында олардың көркемдік талғамын, дұрыс шешім қабылдау, ойлау қабілетін дамытып, маталарды үнемді пайдалануға үйретеді. «Тігіс тігу, кестелеу» тарауында мұғалім оқушыларды мата өңдеу, тігіс тігу, кестелеу әдістеріне үйретеді. Жақсы тігінші мен күрделі кесте тоқу шеберлігінің әліппесі осы тараулардан құралады. Сонымен қатар оқушыларға табиғи талшықтардан жасалған маталардың қасиеттері жайында техникалық мәлімет беріледі. Іс-әрекет жұмыстары барысында балалар матаны екі бүктеп пішу, бұйым бөлшектерін тепшіп тігу, біріктіру және бұйымдарды сабақты кестемен, біз кестемен, ою-өрнектермен тепшіп тігіп бастырмалау арқылы сәндеу жұмыстарына үйренеді. Келесі «Зергерлік жұмыстар» атты тарауда оқушыларға зергерлік өнерінде шеберлік, ұқыптылық, шыдамдылық талап етілетіні айтыла отырып, ұлттық бағдарламада берілген зергерлік өнер түрлерінде әртүрлі материалдарды қолдану арқылы шағын бұйымды көркемдеп безендіру үйретіледі. Қазақ халқының колөнерінде зергерлік жұмыстарға әр түрлі материалдардан әбзелдерді, ыдыс-аяқтарды, үй жиһаздарын әшекейлеп жасау, киім-кешек, әшекей бұйымдарын, ғимараттарды зерлеу жататындығы туралы айтылады. Бағдарлама бойынша оқушыларға зергерлік жұмыстары жайында жалпы мағлұмат беріледі. Мұражайларға, көрмелерге саяхат жасап, зергерлік жұмыстармен таныстырылады. Материалдарды (қағаз, сазбалшық, ермексаз) көркемдеп өңдеу, бұйымдарды оюлап, бастырмалап, бояп, нақыштау тәсілдері жайында техникалық мәліметтер беріледі. Іс-әрекет жұмыстары үстінде жұмыс барысын жоспарлап, материалды оюлармен бедерлеу, бояу, бастырмалау, нақыштап сәндеу тәсілдерінің ең қарапайым түрлерін пайдалана отырып, тақтайша, астау, сәукеле, қалпақ, сақина, тұмарша, қорапша, жез сымнан жүзік, білезік жасау, жезді бұрау, өрнектеп иіп, түйіндеп кесу жұмыстары; сазбалшықтан ыдыс жасап, сыртын бояп сәндеу; қағаздан бас киімдер мен үй жиһаздарын жасау сыртын әр түрлі материалдармен (тас, түйме, моншақ, үкі, фольга, қағаз, тері) оюлап, бастырмалап сәндеу үйретіледі. Мысалы: әшекей бұйымдары (жүзік, моншақ, білезік), ыдыс-аяқ (ожау, күбі, келсап, саптаяқ), бас киімдер (тақия, бөрік), жүк аяқ, кебеже. Сонымен қатар аталған бағдарламалар бойынша өткізілетін сабақтар барысында еңбек құралдарымен жұмыс істеуде қауіпсіздік техникасы мен жеке бастың тазалығын сақтау ережелері оқушыларға түсіндіріліп отырады. Сондай-ақ технология сабағы барысында ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге үйретуде пәнаралық байланыстар іске асырылады. Мысалға, тікбұрыш, кесінділердің ұзындығы математика пәнімен, түстердің үйлесімділігін табуды, нәрсенің бейнесін салуды, пропорцияны бейнелеу өнері сабағымен байланыстырады. Көне сөздермен танысу, тіл байлығын жетілдіру, техникалық терминдер қазақ тілі және орыс тілі пәндерімен, еңбек барысында табиғи ресурстарды пайдалану, тірі табиғатпен танысу, оны аялай білу «Айналамен танысу» сабағымен байланысты болады. Қорыта келгенде, ұлттық бағыттағы бағдарлама тұрғысында өткізілетін технология сабақтарында оқушылар политехникалық білім алып қана қоймай, сонымен қатар жалпы еңбектегі политехникалық біліктілікті, яғни еңбек барысында жоспарлау, жұмыс орнын ұйымдастыру, бұйымды белгілеу, өлшеу, қию, өңдеу, жинау, монтаждау, сәндеу тәсілдерін орындау икемділігін меңгеріп шығады. Оқушылардың біліктілігі белсенді іс-әрекеті жұмыстары барысында қалыптасады. Жоғарыда біз ұлттық мектептерде оқу-өндірістік комбинаттарының жанынан ашылған еңбекке тереңдетіп даярланатын мектептердің эксперименттік оқу жоспарларына талдау жасау барысында елімізде ұлттық кәсіптік тәрбие бағытындағы оқу орындарының көбейіп келе жатқандығын, оларда ұлттық кәсіптік тәрбиенің дамуы туралы сөз еткенбіз. Сол ойларымызды жалғастыра отырып, елімізде ұлттық еңбек тәрбиесінің сабақтастығы үлгі болып отырған, ұлттық бағытқа түбегейлі бетбұрыс жасаған мектептер туралы сөз етпекпіз. Өйткені бұл игі бастамаларда қазақ халқының ежелден келе жатқан өнеге-тәлімдері, салт-дәстүрі жас ұланды еңбекке баулу, даярлауда ерекше орын алады. Әсіресе, атакәсіп мал бағудың қыр-сырлары, халықтың тұрмыс жағдайы барынша байқалады. Көшпенділердің өзіне тән еңбек үрдісі, өмір тіршілігі өзіндік жалғасын тапты деуге болады. Қанша тамырынан қырқылып, асыл болмысынан айырылса да, халықтық еңбек пен кәсіп ұлттық сипатын, сабақтастығын жоғалтқан емес. Еңбекқор әкелер мен аталардың, аналар мен әжелердің өнеге-тәлімі кейінгі ұрпаққа мұра болып жалғасып келеді. Тауқымет - азабы көп, жоқшылығы мен қайыршылығы қатар келген мына нарық заманында еңбек үрдісі арқылы тапшылыққа қарсы күрес ашып, миллиондап табыс тауып жатқан мектеп шәкірттеріне еңбегі сүйсінерліктей. Мысалы, Қызылорда облысында миллионер атағына ие болған мектептер өмірге келе бастады. Бұл – нарық саясаты талап етіп отырған үлкен міндеттің іс жүзіндегі көрінісі. Тәуелсіз жас мемлекеттің ұрпақ тәрбиесіндегі заңы мен жарғысының талаптарын орындау жолындағы ұстаздардың абыройлы іс-әрекеті. Мектеп оқушыларын пайдалы, өнімді ұлттық еңбекке баулып, іскерлікке үйретуде қалыптасқан іс-тәжірибелер, іргелі іс-қимылдар баршылық. Қазір құлаққа сіңісті болған еңбек және бизнес ұғымдары жалпы халықты пайдалы іс-әрекетке жұмылдыруда, шәкірттерді өзіне еріксіз тартуда. Ұлттық бағыттағы еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдары барынша жолға қойылған облыста 7 мектепаралық оқу-өндірістік комбинат жұмыс істейді. Жалпы білім беретін мектептерде 212 қол еңбегі кабинеті бар. Ағаш және темір өңдейтін шеберханалар да біраз. Қызмет көрсететін 253 орында шәкірттер мүмкіндіктеріне сай еңбек ете алады. Олар халық тұтынатын тауарлар шығарады, жұртқа ақылы қызмет көрсетеді. Яғни оқу мен еңбек қатар жүреді. Олардың нәтижелі істері алдымен өздеріне, содан соң мектепке пайдалы. Оқушылар жасаған өнімдерді халыққа ұсыну мақсатында аудан орталықтарында және Қызылорда қаласында оқушылардың арнайы дүкендері ашылған. Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, тағы да басқа аудандардағы кейбір мектептерде кіші кәсіпорындар мен кооперативтер жұмыс істейді. Мектептерді шәкірттерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына баулу мен үйрету барынша жолға қойылған. Бірқатар мектептерде шағын фермалар ұйымдастыру қолға алынған. Мектептердің жергілікті жерлердегі шаруашылық және кәсіпорын мекемелерімен тығыз байланыста болуының нәтижесі өрелі істердің өрісін кеңейтуде. Оларға қажетті көлік-машиналардың, комбайн, тракторлардың көбеюіне септігін тигізуде. Қазір мектептерде 107 автокөлік, 157 трактор, он шақты комбайн бар. Мұндағы оқушылардың пайдалы еңбегі 1980 жылдан басталған. Алдымен оқу шеберханалары жабдықталған. Содан соң қол еңбегі кабинетіне көңіл бөлінген. Балалар жақсы еңбек орындары өмірге келген соң ағаштан, қағаздан, темірден әр түрлі заттар жасай бастаған. Сөйтіп, мектептің материалдық-техникалық базасы күшейген. Қазір балаларға арналған 4 ағаш станогы, 2 тігін және бір самса пісіретін цехы бар. Осылардан сан алуан тауарлар мен тігін бұйымдары, нан өнімдері шығарылады. Ою-өрнектер мен нақыштар жасалады. «Алтын қолды» шәкірттер жасаған бұйымдар қай жерде болсын көздің жауын алады. Әсіресе, қыз балалар жасаған бұйымдарға жұртшылықтың қызығуы басым. Самса цехында пісірілген тағамдарды алу үшін жұрт кезекке тұрады. Шәкірттер халықтық бағыттағы еңбек тәрбиесін ала отырып, ұлттық өнеге мен тәлімді, өнер мен рухани әлемді жандарына серік етеді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі мектептердегі ұлттық қолөнер тәрбиесінің әсері үлкен. Шәкірттер алаша, кілем тоқып, киіз үй мүліктерін жасау арқылы халықтың байырғы еңбек тәрбиесіне төселеді. Сондай-ақ, олар қазіргі жаңа кәсіптерді де меңгереді. Мысалы, шаш алады, суретке түсіреді, тұрғындардың аяқ киімін жөндейді, жүн мен жіптен тоқыма заттарын жасайды. Ауылдық жерлердегі көптеген мектептерде шәкірттер шаруашылықтардан жалға (арендаға) жер алып, онда көкөніс, бақша дақылдарын егеді, жеміс ағаштарын өсіреді. Бекітілген жердің көлемі мен одан алынған өнімге байланысты оқушылардың еңбегіне ақы төленеді. Ауыл шаруашылығындағы оқушылардың өндірістік бригадасы мыңдаған тонна жүгері, жүздеген тонна бидай мен күріш, 2000 тонна картоп, 734 тонна қант қызылшасын, тағы басқа да осы сияқты мол көкөніс дақылдарын дайындаған. Сыр өңіріндегі экологиялық жағдайлардың ауыр екені жұртшылыққа белгілі. Міне, сондықтан «Жасыл өлке» бағдарламасы бойынша шәкірттер күшімен 36 гектар жерге мәдени ағаштар, 12 гектар жерге жеміс көшеттері еккен. 90 мыңнан аса гүл түптерін отырғыған. Кейінгі кездері оқушылар дәрілік өсімдіктер өсірумен де айналасуда. 1992 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған облыс мектептерінің күзгі жәрмеңкесі оқушылар еңбегінің тамаша нәтижесін, пайдалы іс-тәжірибесін республикаға танытты. Жәрмеңкеде 9 миллион сомның халық тұтынатын заттары мен бұйымдары жұртқа ұсынылды. Бүгінгі экономикалық саясатқа байланысты ақша мен пайда табу, оны игілікті нәрселерге жарату білім берудің барлық буынында өріс алуда. Балабақша, мектеп және кәсіптік-техникалық училищелер нарық жағдайында осылай өзгеріп отыр. Біз осы арада республика мектептеріне үлгі боларлық Қызылорда қаласының «Миллионер мектеп» деп аталатын еңбек мектебінің тәжірибесін ұсынып отырмыз. Бұрын «миллионер» деген сөз біздің елде айтылмайтын, ал нарық заңына байланысты шыға бастады. Қызылорда қаласындағы білікті педагог, іскер ұйымдастырушы М.Подольский жетекшілік ететін мектептің өз есеп-шотында 3 миллион сомға жуық ақша бар, яғни ол миллионер мектеп. Осы нәтижеге мектеп ұжымы қалай жетті? Табыс табудағы ерекшеліктері неде? «Базар нарқы» бағдарламасы бойынша жұмыс істеген бұл білім ордасындағы жетістіктер тек таңдай қақтырады. Қаржы көздерін тауып, үлкен пайдаға кенелген мектепте шәкірттердің үлгеріміне байланысты 8–11 сынып оқушыларына тоқсан сайын 100-200 сом мөлшерінде стипендия төленеді. Бұл деген шәкірттерді оқуға тартудың тамаша жолы емес пе. Бәрінен бұрын қазақ тілін «5»-ке оқығандарға төленетін стипендия жайында айту, тіпті, ерекше. Ал, би өнері бойынша озып шыққан жүлдегерлерге 1000 сом көлемінде сыйлық берілетіні тағы бар. Жаңа жыл мерекесінде барлық бастауыш сынып оқушыларына мектептің самса цехы тегін торттар үлестіреді. Мектепте өтетін көп мәдени шаралардың жүлдесі үшін 500-1000 сом міндетті түрде беріледі. Әр түрлі олимпиадалар ұйымдастырған мұғалімдер де ақша-сыйлықтан құр қалмайды. Шәкірттер өздері жасаған еңбектерінің саны мен сапасына қарай еңбекақы алады. Мектеп өз қаржысы есебінен материалдық нәрселерге жауапты есепші ұстайды. Білім ордасындағы мықты қаржы қоры көптеген игілікті істердің іс жүзіне асуына септігін тигізуде. Аталған миллионер мектеп ізгілікті көмек ретінде Арал қорына 1000 сом, қаладағы балалар үйіне дәл осындай ақша аударған. «Жыл мұғалімі» байқау-конкурсын өткізуге де қол ұшын берген. Қалалық әдістемелік кабинетке магнитофон алу үшін 3,2 мың сом бөлген. Бұл мектептегі жетістіктер мен табыстардың бәрі нарық саясатына сәйкес заңды түрде жалғасып отыр. Мұнда әр түрлі мәселелер іс барысында шешіледі. Тосын жағдайлар да болады. Бірақ олар бұрынғы ескірген тәртіп бойынша шешілмейді. Іс қимылда жаңашылдық, ерекшеліктер жиі байқалады. Өткен оқу жылында мектепке компьютерлік оқу жүйесі ендірілген. Қазір екі кабинет жабдықталған. Жоғары сынып оқушылары үшін ең жақсы электронды есептегіш техникасы бар. Математика пәнін тереңдетіп оқыту мақсатында 3–9 сынып оқушыларының техникалық шығармашылық клубын ашу көзделуде. Мектеп базасында шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің облыстық слеті өткізілген. Онда облыс мұғалімдері мен кәсіпорын жетекшілерінің кездесуі ұйымдастырылған. Міне осындай мектептің еңбек тәрбиесі жөніндегі іс-тәжірибесі қазір Республикаға кеңінен белгілі болып отырғаны шындық. Міне, осы тұста кешегі училищелер бірде лицей, бірде мектеп болып атауларын өзгертіп қана қоймай, мұнда оқытылатын мамандық түрлерін де әлдеқайда кеңейте түскен болатын. Мысалы, біз әңгіме етіп отырған №1 кәсіптік-техникалық мектепте бүгіндері радио-телеаппаратураларды жөндеу шебері; ағылшын тілін білетін ЭВМ операторы; қазақ және орыс тілдерін білетін ЭВМ-ді меңгерген хатшы-референт; дизайнер-модельер; жеңіл және сырт киім тігу шебері; ЭВМ мен бухгалтерлік есепті меңгерген шағын бизнес менеджері; шаштараз-визажист; тоқымашы-кестеші; аяқ киім пішуші; ЭВМ мен ағылшын тілін меңгерген бухгалтер-менеджер; күрделі тұрмыстық техникаларды жөндеу шебері мамандықтары бойынша оқыта бастаған. Аталған мектепте оқушылар түрлі кәсіпкерлікті меңгеруге мүмкіндік алды. Сондықтан болар, жыл сайын кәсіптік мектепті бітіргендердің 70 пайыздан астамы жұмысқа орналасады екен. Мұнда бүгіндері 300 оқушы күндізгі бөлімде білім алып жатса, 365 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен және өзге мамандықты меңгеру үшін өз қаржыларына оқып жатқан адамдар бар көрінеді. Осыған қарап-ақ мектепте меңгеретін мамандықтардың қаншалықты сұранымға ие екенін аңғаруға болады. Аталған оқу орнына 9-сыныпты бітіргендердің де көптеп келетін ескерсек, оларға 30 мұғалім, 20 өндірістік оқу шеберлері білім мен кәсіп сырын игеруге көмектесуде. Ұстаздардың 10 пайызға жуығы жоғарғы санатты мұғалімдер болғандықтан, мұнда білім беру сапасы өте жоғары деңгейде. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан зәулім ғимараттарда орналасқан мектепте таңдаған мамандықты алаңсыз меңгеруге барлық жағдайлар туғызылған. Мұнда сырттан келіп оқитын жастарға жайлы жатақханадан орын берілсе, кітапханалар ешқайда шықпай-ақ оқулықтарды, көркем әдебиетті, мерзімді басылымдарды тауып оқуға мүмкіндік береді. Ал, оқушыларды кәсіпке баулу үшін аяқкиім пішу және тігу шеберханасы, екі шаштараз бөлмесі, үш теледидар, аудио және бейнеаппаратура жөндеу цехы, бір тоқыма және кестелеу бөлмесі мен 14 сыртқы және жеңіл киім тігу шеберханалары қызмет көрсетеді. Алайда бұнда ауыл шаруашылығы еңбегі ұмытылып, ескерілмеген. Сондықтан нарық экономикасының өзекті саласының бірі ауылшаруашылық мамандарын даярлауда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі еңбек тәрбиесінің сабақтастығына аса зор мән бергеніміз жөн, өйткені егістік алаңдарда игеретін де, мал санын көбейтетін де, ауылдарды көсегесін көгертіп, сын өткелдерінен өткізетін де жастар. Сондықтан да оларға ең алдымен мәдени-әлеуметтік жағдайлар жасалуы тиіс. Сонда ғана ата-бабамыз ғасырлар бойы мекен еткен ауылымыздың туы жығылмайды. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі ақпараттық және телекомуникациялық технологияның кеңінен қолданылуына байланысты мектеп өміріне көптеген жаңа талаптар мен өзгерістер келуде. Соның бір айғағы – «Технология» пәнінің енгізілуі. Бұл пән арқылы оқушы тек қана теориялық білім алып қоймай, практикалық, өндірістік міндеттерді, жобалай білуді, шешім қабылдауды, жеке шығармашылық жұмыстарды орындай білуі шарт. Осы қабілеттер мен біліктер баланың жас кезінен қалыптасып, оқу және еңбек әрекеттерін орындау кезеңдерінде әрі қарай дамуы керек. Қазіргі кезде халқымыздың ұлттық болмысындағы ескерілмей, еленбей келген қасиеттердің қаншалықты көп екеніне біз қазір жаңаша ойлау процесінің нәтижесінде көз жіберіп, өткенімізге үлкен мән беру керектігін түсініп отырмыз. Өткен тарихымызды білмей, бүгінгі күннің қадіріне жету, болашақты болжай білу өте қиын. Ата-бабамыздың жинақтаған рухани байлығының қоры ұшан-теңіз. Ата-баба жасаған бұл рухани байлықтар қазіргі таңда да өз құндылығын жойған емес. Бұлар баршамызға ортақ қазына. Сол мәдени асыл мұраларды зерттеп, танып білу, бағалай білу – қазіргі жастардың, кейінгі ұрпақтың абыройлы да азаматтық, ұлттық парызы. Қасиетті қазақ даласында талай ұста, зергер, құсбегі, сал-сері, тігінші, өрімші, балгер-бақсы өтті.Қазақ халқының өткендегі мәдениетіне үңілсек, күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін қолөнерінің жете дамыған түрлі салалары болғандығын көреміз. Айталық, киіз басу, киіз үйге қажетті бау-басқұр, алаша, кілем, аяққап тоқу, сырмақ сыру, кесте тігу, ағаштан ойып ыдыс-аяқ жасау, ер қосу, тері илеу, асыл тастардан сәндік бұйымдар жасау (зергерлік өнер), қара темірден тұрмыстық, шаруашылық құралдарын жасау қолөнердің тамаша туындылары болды. Бұлардың бірсыпырасы қазіргі дәуірімізде де өз маңызын жоймай аз да болса сабақтастық табуда. Бұл көрініс 2000 жылдарға дейін осындай мазмұнда болса, ал қазіргі мектептегі білім мазмұнын түпкілікті жаңарту бағыттарында, тұжырымдамалар мен бағдарламаларда халық шаруашылығының барлық салаларын әсіресе, мектептегі «Технология» пәнінің мазмұнын ғылым мен техниканың ең озық шептеріне шығаруға, еңбек өнімділігінің түбегейлі арттырылуына, өнімнің дүниежүзілік таңдаулы үлгілер деңгейінде шығарылуын қамтамасыз етуге жету мақсаты қойылып отыр. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының 1999,2007 жылы өзгертулер енгізіліп қабылданған «Білім туралы» Заңында мынандай міндеттер мен принциптер қойылды: еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау; оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру; әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу. Ал, 2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы Мектеп және мектепке дейінгі білім беру институты әзірлеген және ұсынған. Білім беру стандарты бойынша мектеп түлектерінің білім деңгейіне мемлекеттің қоятын минимум талаптарын және оған жетудегі мемлекеттің кепілдіктерін айқындады. Қазақстан Республикасы Ата Заңының 30-бабының 4-параграфында: «Мемлекет жалпы білім беру стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орындарының қызметі осы стандартқа сәйкес болуы тиіс»- деп, көрсетілген. Мемлекеттік стандарт жалпы білім беруді жүзеге асыратын барлық білім беру ұйымдарында олардың меншіктік түріне және типіне тәуелсіз сақталуы міндетті. Стандартты енгізудің негізгі мақсаты – қоғам сұраныстары мен оқушылардың мүмкіндіктеріне сәйкес азаматтар білімділігінің орнықты деңгейін қолдау, барлық оқу-тәрбие орындарында білім алуға тең жағдайларды қамтамасыз ету, мектеп түлектерінің білімі мен біліктеріне бірдей талаптар тағайындау. Қазақстан Республикасының білім саясаты білім берудің мемлекеттік стандартын жасау және енгізу арқылы жүзеге асады. Педагогикадағы стандарттау – көп типті мектеп жағдайында білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуге ықпал ететін білім беру процесін жобалаудың жаңа тәсілі. Стандартты қайта өңдеп, жетілдіру қажеттігінің басты негіздемесі – демократияландыру, ізгілендіру және интеграциялау негізінде Қазақстандағы білім беру сапасын әлемдік деңгейге неғұрлым жақындату болып табылады. Стандартты әзірлеуші авторлар шетелдердің, ТМД елдерінің, соның ішінде педагогикалық ғылымның осы саласында бай дәстүрі бар Ресейдің оңтайлы тәжірибелеріне сүйенді. Сонымен бірге қазақстандық Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт республикалық білім саясатының мәні айқындай отырып, мазмұндық тұрғыдан да, тұжырымдамалық тұрғыдан да өзіндік сипатта ерекшеленеді. Білім беру стандарты әлеуметтік-педагогикалық ерен құбылыс ретінде болашаққа бағдарланған білім моделі болып табылады. Сондай-ақ жалпы орта білім берудің базалық мазмұнының құрылымы мен құрамына, оқушылардың дайындық деңгейлеріне және оқу жүктемесінің жоғары шекті көлеміне қойылатын талаптар мен нормалар жүйесін белгілейді. Оқушылардың өз бетінше шығармашылық әрекеттеріне арналған тұжырымдарды, мектептен тыс шаралардың бағыттарын айқындайды. Біз осылардың ішінен 1–4 сыныптардағы «Еңбекке үйрету» пәніндегі алдыңғы жарияланған білім стандартымен салыстырғанда елеулі өзгерістер енгізілгеніне тоқталамыз. Бұл стандарт құрылымында пәннің қолдану саласы, нормативті сілтемелер, анықтамалар мен қысқартулар енгізілді. Сондай-ақ стандартта «Еңбекке баулу» пәнінің мақсаты – білім беру мәнінің жаңа бағытына сәйкес еңбек іс-әрекеті негізінде оқушылардың жеке тұлғасын қалыптастыру деп айқындалды. Осыған орай «Еңбекке баулу» пәні міндеттерінің желісі түзілді:
– оқушылардың жеке тұлғасының еңбекке мотивтік сапаларын дамыту;
Достарыңызбен бөлісу: |