ІІІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ
Қазақ халқында арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындар (балабақша) болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезеңнен бастап, бесік жыры мен ұлттық ойындар, ертегі, аңыз-әңгіме, тақпақ, санамақ, қаламақ және т.б. арқылы еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеп отырған. Аяғы шығып, еңбегі қатып, тілі «р»-ға келген ойын баласын тәрбиелеудің ел ішіндегі дәстүрі де тәрбиеші ұстаздар назарын аударуға тұрарлық қызықты да, қызғылықты объектісі болған. Мәселен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол», – деп келетін мақал-мәтелдердің астарында қаншама мән жатыр. Төрт түлік малды тіршілігіне тірек еткен көшпелі халықтың ұрпақ тәрбиесінде де сол негізді тұғыр еткендігі заңдылық, дәстүрлі бала тәрбиесіндегі еңбекке баулу тәсілдерінің өзінен-ақ талай сыр ұғуға болды. Мысалы, аяғы шыққан жас бала қозы-лақты ермек етсе, есейе келе құлын мен ботаны маңайлайды. Ал тай үйретіп міну – қазақ баласының әжетке жарағандығының белгісі. Бір қарағанда тұрпайылау көрінгенімен, осы әрекеттердің барлығында да тәрбиенің үлкен мектебі жатыр. Бала еңбектің әліппесін көзін ашқаннан оқып, оның не екендігін жан-дүниесімен сезініп өспек, сондай-ақ бүкіл жан-жануарлар, табиғат әлеміне деген сүйіспеншілік те бала көкейіне осы кезден-ақ мысқалдап дариды. Мейірімділік пен имандылықтың да алғашқы ұрығы бала жүрегіне осылайша біртіндеп сіңіріледі. «Қошақаныңа тиме, ол да өзіңдей сәби ғой, обал болады», «көк шөпті жұлма, көктей соласың» немесе «күшігіңе тамақты өз қолыңмен бер, сауап болады» деп келетін ата-аналар сөзінде халық санасында жылдар бойы қалыптасқан философиялық қағида жатыр. Дәстүрлі тәрбие дағдысы бойынша баланың қабырғасы қатысымен шамасына қарай еңбекке араластырады. Ер бала әке қолғанатына айналып, қыз бала үй ішілік тірлікке қол ұшын береді. Қазіргі таңда осы жоғарыда аталған халықтық педагогикаға сәйкес қарапайым еңбек дағдыларын бала санасына жастайынан орнықтыратын алғашқы тәлім-тәрбие баспалдағы – балабақша. Мұндағы негізгі міндет – сана-сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, қазақ халқының дәстүрлерін меңгерген, дені сау, ақылды, парасатты, елжанды азамат тәрбиелеу. Балабақшадағы балалар еңбегінің негізгі төрт түрі бар: өзіне-өзі қызмет көрсету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, табиғаттағы еңбек және қол еңбегі. Еңбектің жекелеген түрлерінің үлес салмағы түрлі жас кезеңдерінде бірдей емес. Олардың әрқайсысының тәрбие міндеттерін шешуде белгілі өз мүмкіндіктері бар. Өзіне-өзі қызмет көрсету өзін күтуге (жуынуға, шешінуге, киінуге, төсегін жинауға, жұмыс орнын әзірлеуге және т.с.с.) бағытталған. Еңбек қызметінің бұл түрінің тәрбиелік маңызы ең алдымен оның өмірлік қажеттігінде. Бұл іс-әрекеттер күн сайын қайталанатындықтан, балалар өзіне-өзі қызмет көрсету дағдысын мықтап игереді; өзіне-өзі қызмет көрсету міндет ретінде ұғыныла бастайды. Мектепке дейінгі сәбилік шақта өзіне-өзі қызмет көрсету белгілі қиыншылықтарға байланысты (саусақ бұлшық еттерінің жеткілікті дамымағандығы, әрекеттердің бірізділігін игерудің қиындығы, оларды жопсарлай білмеушілік, көңілінің оңай бөлінуі), ал мұның өзі дағдылардың қалыптасу процесін тежейді, кейде баланың қажетті әрекетті орындауға құлықсыздығын туғызады. Алайда тәрбиеші балалардың осы жас кезеңінде-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете білу қабілетін дамыта бастайды, қажетті әрекеттерді орындауда ұқыптылық пен мұқияттылық, дербестік болуына күш салады, тазалық пен мұнтаздыққа әдеттендіреді. Осының бәрі сабырлылықты, табандылық пен игі тілектестікті, көтермелеп отыруды талап етеді. Балалардың өзіне-өзі қызмет көрсетуіне орай тәрбиеші әрбір баламен жеке-дара жұмыс жүргізеді, онымен алуан түрлі байланыс жасайды, көтеріңкі көңіл күйін қолдап отырады. Киімнің және оның түрлі бөлшектерінің, қажетті құралдардың аттарын атай отырып, балалардың ана тіліндегі сөздік қорын кеңейтеді. Балалар өздеріне қамқорлық жасалғанын сезінеді, ересектерге сүйіспеншілік сезім мен сенімі қалыптасады. Мектепке дейінгі естияр шақта балалар өзіне-өзі қызмет көрсетуде әжептәуір дербестікке ие болады, еңбектің бұл түрі олардың тұрақты міндетіне айналады. Тәрбиелік міндеттердің қиындатыла түсуі қимыл-әрекеттердің сапасына, өзін күту процесіндегі ұйымдасқан тәртіпке, оған жұмсалатын уақытқа қойылатын талаптың арттырылуынан көрінеді. Тәрбиеші балаларда өзара көмектесу тәсілдерін қалыптастырады, оларға жолдастарынан қалай көмек сұрауды, қалай көмек көрсетуді, көмектескені үшін алғыс айтуды үйретеді. Мектепке дейінгі ересек шақта өзіне-өзі қызмет көрсетудің жаңа түрлері: төсегін жинау, шашын, аяқ киімін күту, үзілген түймелерін өздері қадау және т.б. еңбекке тәрбиеленеді. Бұл кезеңде тәрбиелік міндеттер күрделене түседі, олар: балалардың бойында мұнтаздық пен тазалық әдеттерін, құрбыларының арасында өзін дұрыс ұстау дағдысын қалыптастыруға бағытталады. Бала басқалармен араласуы барысында өзіне-өзі қызмет көрсетеді, сондықтан да ол маңайындағылардың қажеттіліктерін түсінуі, білуі тиіс. Тәрбиеші нақты мысалдар арқылы басқалардың қажетін ескере отырып қалай істеу керек екенін: шешінетін жерде шешінген баланың өтіп кетуі үшін жол беру; жуынған кезде кезекшілерді алдымен жіберу (өз міндеттеріне кірісу үшін олардың тезірек жуынғаны маңызды), балалардың бәрі уақтылы жуынып үлгеру үшін кранның алдында ұзақ тұрып алмау, басқа біреуге қолайсыздық жасамау үшін өтуге рұқсат сұрау және т.с.с. керек екенін түсіндіреді. Осының бәрі балаларды қарапайым еңбектегі сақтыққа, маңайындағыларды құрметтеуге дағдыландырады. Мектепке дейінгі балалардың шаруашылық-тұрмыстық еңбегінің нәтижелері олардың еңбек қызметінің басқа түрлерімен салыстырғанда оншалық елеулі болмағанымен, ол балалар бақшасының күнделікті өмірінде қажет. Бұл еңбек үйдің ішінде және аулада тазалық пен тәртіп сақтауға, режимдік процестер ұйымдастыруда ересектерге қолқабыс тигізуге үйретеді. Шаруашылық-тұрмыстық еңбек ұжымға қызмет көрсетуге бағытталған, сондықтан онда балаларды өз қатарына қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу үшін мол мүмкіндіктер бар. Мектепке дейінгі сәбилік шақта тәрбиеші балаларда қарапайым шаруашылық-тұрмыстық дағдыларды: үй сыпыру, жинау, үстел жасауға көмектесу, ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды тәртіпке келтіру және жуу, ауладағы жапырақтарды жинау, бақтағы орындықтардағы қарды сыпыру және т.т. дағдыларды қалыптастырады. Естияр топта шаруашылық-тұрмыстық еңбектің мазмұны едәуір ұлғаяды: балалар үстел үстіне ыдыс-аяқты түгел өздері жайғастырады, оқуға қажетті барлық нәрсені дайындайды, қуыршақтардың киім-кешегін жуады, текшелердің шаңын сүртеді, ауладағы жолдарды сыпырады және т.б. Балалардың ұлғайған мүмкіндіктерін пайдаланып және қалыптасқан дағдыларды ескере отырып, педагог балаларды еңбекте күш-жігер жұмсау қажет екенін үйретеді, тапсырылған істі орындауда олардың дербестігін, белсенділігі мен ынтасын дамытады. Балалар бақшасының ересектер тобында шаруашылық-тұрмыстық еңбек мазмұны бұрынғыдан да молығып, жүйеленеді де, көбіне кезекшілердің тұрақты міндетіне айналады. Балалар бөлме мен аулада тазалық сақтайды, ойыншықтарды, кітаптарды жамап-жасақтайды, сәбилерге көмектеседі. Мектепке дейінгі ересек балаларды шаруашылық-тұрмыстық еңбек ерекшелігі оны өздерінің дербес ұйымдастыра білуінде: қажетті құрал-сайманды өздері іріктеп, оны ыңғайлы орналастырып, жұмыстан соң бәрін тәртіпке келтіре білуінде. Еңбек процесінде балалар іждағаттылық, жақсы нәтижеге ынталылық көрсетеді, құрбыларына игі тілектестікпен қарайды. Табиғаттағы еңбек балалардың өсімдіктер мен жануарларды күтуге қатысуын, табиғат мүйісінде, бақшада, гүлзарда өсімдіктер өсіруін көздейді. Еңбектің бұл түрінің байқағыштықты дамытуға, тірі нәрсенің бәріне ұқыпты қарауға, туған елдің табиғатын сүюге тәрбиелеу үшін ерекше маңызы бар. Ол педагогтың балаларды дене жағынан дамыту, қозғалыстарын жетілдіру, төзімділігін арттыру, дене күшін жұмсау қабілетін дамыту міндеттерін шешуіне көмектеседі. Сәбилік топтарда балалар ересектердің жәрдемімен балықтарға жем береді, бөлмеде өсетін өсімдіктерді суарады және жуады, пияз отырғызады, өз бақшасынан өнім жинауға қатысады, қыстап қалған құстарды қоректендіреді. Бөбектердің еңбегін басқара жүріп, тәрбиеші өсімдіктердің, олардың бөлшектерінің, еңбекте атқарылып жатқан әрекеттердің аттарын атайды; бұл баланың сөздік қорын молайтады, белсенділігін арттырады. Балалар өсімдіктерді қарайды («кішкене жапырағы қайсы, үлкен жапырағы қайсы, соны көрсетші», «Гүлді иіскеші», «Неше гүл ашылды екен, санашы» және т.с.с.). Педагог өсімдіктер мен жануарларды күту қажет екенін түсіндіреді. Естияр топта еңбек күрделенеді, балалардың өздері өсімдіктерді суарады, қанша ылғал қажетін анықтауды үйренеді, көкөніс өсіреді (тұқым себеді, жүйектерге су жібереді, өнім жинайды), тәрбиешінің жәрдемімен жануарларға (тиіндерге, үй қояндарына, тотықұс, көгершін және т.б.) жем әзірлейді. Педагог қай жануарға қандай жем керек екенін, оның қалай деп аталатынын және қалай сақталатынын түсіндіреді. Жануарларды күту процесін оларды қадағалаумен тығыз байланыстырады. Балалар өсімдіктердің өсуі мен дамуы, жануарлардың жай-күйі күтімге байланысты екенін, олар үшін өздерінің жауапты екенін сезіне бастайды. Тірі табиғат мүйісінің тұрғындарына қамқорлық пен ықылас күшейеді, олар балалардың сүйікті жануарларына айналады. Ересек топ үшін табиғат мүйісінде неғұрлым күрделі күтім тәсілдерін керек ететін өсімдіктер мен жануарлар орналастырылады, бақшада өсу мерзімі әр түрлі көкөністердің алуан түрі отырғызылады, мұның өзі еңбекті неғұрлым жүйелендіреді. Балалар еңбегінің көлемі де ұлғаяды. Мектеп жасына дейінгі балалар щеткамен түкті жапырақтардың шаңын сүртеді, жерді қоректендіреді, аквариумның суын ауыстырады, бақша мен гүлзардың жерін әзірлейді, көшет отырғызады, жабайы өсімдіктердің жемісін, ұрығын жинайды (қыстайтын құстарға беру үшін). Еңбек процесінде тәрбиеші балаларға өсімдіктердің өсуі мен дамуын қадағалауды, болып жатқан өзгерістерді байқауды, сипатты белгілеріне, жапырақтарына, ұрықтарына қарап өсімдіктерді айыра білуді үйретеді. Бұл өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі туралы ұғымдарын кеңейтіп, оларды ауыл шаруашылығы еңбегі процесіне баулиды. Мектепке дайындайтын топта табиғаттағы еңбек түрінде балалар жеке құбылыстар арасындағы байланысты анықтауды, табиғат құбылыстары мен заңдылықтарын аңғара білуді үйренеді. Табиғи құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсінудің негізі қалыптасады. Өсімдіктер мен жануарлар туралы, жанды мүйістің тұрғындарын күту тәсілдері туралы мағлұмат көбейеді. Балалардың еңбек іс-әрекеттеріндегі дербестігі артады: олар ескертіп жатпай-ақ топырақты суару және қопсыту, өсімдіктерді көшеттеп отырғызу, бақшада, гүлзарда, ал қыста – үнемі пияз бен басқа да көк өсірілетін табиғат мүйісінде тұқым себу қажеттігін өздері белгілеп отырады. Балалар қалемшелеу арқылы өсімдіктерді көбейтудің, кейінірек топыраққа көшіріп отырғызу үшін көшет өсірудің тәсілдерін біледі. Табиғат мүйісінде жануарларды (құстарды, тиінді, үй қояндарын, көгершіндерді және т.т.) күту жалғастырылады. Балаларда тірі табиғат мүйісінің, бақша мен гүлзардың жай-күйі үшін жауапкершілік артады. Жеміс ағаштарынан өнім, гүл жинау оларды үлкен қуанышқа бөлейді. Олар гүлді ата-аналарына сыйға тартады, бөбектерге өздері өсірген жеміс-жидектерін ұсынады, көкөніс өнімдерін де жинап, жуады, тазалайды, ас үйге апарады, топ бөлмелерін гүлдермен безендіреді. Қол еңбегі – алуан түрлі материалдардан: картоннан, қағаздан, ағаштан, табиғи материалдан (ағаш бүрінен, емен жапырағынан, сабаннан, ағаш қабығынан, жүгері сабағынан, шабдалы сүйегінен) тері, қауырсын, мүйіз, жүн, мата қиқымдарын, темір-терсек және т.с.с. пайдалана отырып тұрмыстық шаруашылық процесінің қажетті бұйымдарын жасау – балалар бақшасының ересектер тобында жүзеге асырылады. Балалар өздеріне қажетті ойыншықтар, қазақ үйдің сүйектерін жасап, бояйды, үй жиһаздарын, ұлттық киім үлгілерін пішіп, тігеді, төрт түлік малдардың бейнесін жасайды. Оларды дайындау барысында балалар ұлттық оюлар, нақыштар, өрнектермен танысып, әр түрлі бұйымдар жасайды. Мұндай нәрселер туған-туыстарға, достарға жақсы тарту болуы мүмкін. Мұның адамгершілік тәрбие беруде зор маңызы бар, ол балаларды маңайындағыларға ықыласпен қарауға үйрете отырып, соларды риза ету үшін еңбектендіреді. Қол еңбегі балалардың құрастыра білу, ойлап шығару қабілетін, шығармашылығын, қиялын дамытады. Мектеп жасына дейінгі балалар ойлаған затына сай келетін форма таңдап алу үшін табиғи материалды мұқият қарайды: үйеңкі ұрығынан инеліктің қанатын, ағаш бүрінен – орманшыны жасайды және тағы басқа. Жұмыс процесінде олар әр түрлі материалдардың қасиеттерімен, оларды өңдеу және байланыстыру тәсілдерімен танысады, алуан түрлі аспаптарды пайдалануды үйренеді. Ойлаған заттарын жасау әрқашан да белгілі мөлшерде күш жұмсауды керек етеді. Жасалған зат берік, әдемі, сәнді болу үшін бала табандылық, шыдамдылық, ұқыптылық көрсетуі талап етіледі. Осының бәрі балаларға тәрбиелік жағынан үлкен әсер етеді де, олардың эстетикалық сезімі мен адамгершілік-еріктік қасиеттерін қалыптастырады. Балабақшада жаңа бағыттағы тәрбие жүйесін іске асыру үшін халықтық педагогикаға негізделген дәстүрлі еңбек тәрбиесінің төмендегідей бағыттарын белгілеу керек:
• ата-баба дәстүріне, әдет-ғұрпына, ұлттық өнер саласына арналған материалдар жинап, оны сәбилер тобынан бастап, мектепке дейінгі бала жасына лайықты етіп топтастыру, мазмұндық сабақтастығын ескеру;
• дәстүрлі еңбек тәрбиесін кешенді жүргізу мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді меңгеру;
• отбасы мен балабақша арасындағы бірлікті нығайту, еңбек тәрбиесін отбасындағы дәстүрлі еңбек түрлерімен байланыстыра отырып жүргізу;
• тәрбиешінің баланың жеке басының даму ерекшелігін, отбасы тәрбиесінің өзіндік сипатын жете білуі, осының негізінде еңбек тәрбиесін ұлттық еңбек дәстүріне сәйкес жүргізуі;
• қазақ балабақшаларының материалдық-техникалық базасын нығайту, балаларды қазақ халқының дәстүрлі еңбегіне баулитын ғылыми-әдістемелік құралдармен, түрлі дидактикалық көрнекіліктермен, т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету. Қазақстанда балабақшалардың мүмкіндігінше жеке-дара болуын талап еткен абзал, өйткені аралас балабақшада тәрбиені ұлттық негізде құру сәбиелерге ана тілін меңгертуде, дәстүрлі еңбек түрлеріне баулуда қиындық тудырады.
VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында және «Қазақстан Республикасы жаңа формация педагогының үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында» : «Жаңа формация мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, шығармашыл тұлға, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі көрсетуге ұмтылысы, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік, ақпараттық және біліктіліктің басқа түрлерін меңгерген құзырлығы жоғары маман» болуы тиіс делінген. Осыған орай болашақ еңбек тәрбиесін ұйымдастырушы маманның тұлғалық бейнесін қалыптастыру шарттарын ұсынамыз:
• болашақ мамандығына қажетті азаматтық, еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиетттерді жоғары бағалайтын және оны өз бойына қалыптастырумен бірге, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылық салаларындағы еңбек түрлерін меңгерген, оларды шәкірттеріне дарыта білетін іскер де қабілетті, белсенді маман болуды көздеу;
• қазіргі нарықтық экономикаға байланысты кәсіпкерлік көрсетіп, қоғам
сұраныстарын тез сезіне білетін, ұлттық ерекшелікті ұлықтай отырып дәстүрлі еңбек түрлеріне орай бәсекелік іс-әрекет жасай алатын, өз ісінің нәтижелі болуына сенімі мол жасампаз маман болуды көздеу. Мұндай тұлға қоғамның саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының жаңа сатысында жоғары мектептің мақсатты ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі процесіне өзгеріс ендіруге ықпал жасайды. Тәлімгердің осындай тұлғасын қалыптастыруда төмендегі шараларды іске асыру ұсынылады:
1. Білім беру мен тәрбие жүйесінде оқушыларды дәстүрлі еңбекке тәрбиелеуде педагогикалық-психологиялық қызмет көрсете алатын арнайы тәрбиеші-маман даярлау.
2. Педагогикалық колледждерге, институттар мен университеттерге талапкерлерді қабылдауда басты талап – білім деңгейімен қатар, мұғалім мамандығына бейімділігін, әсіресе, дәстүрлі еңбекке қабілеттілігін, іскерлігін ескері. Бұл үшін арнайы педагогикалық-психологиялық диагностика, тестілер, сауалнамалар жүргізу қажет.
3. Студенттердің бос уақытын мазмұнды өткізуге материалдық жағдай туғызу; олардың бұл салада өзін-өзі басқарумен қатар дәстүрлі еңбек іс-әрекетіне педагогикалық бағыттың болуын қамтамасыз ету.
4. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында болашақ мамандарды ауылшаруашылық еңбегіне қатыстыруда ең алдымен, аудиториядан тыс ғылыми-қоғамдық жұмыста, денешынықтыру, туризм, өлкетану, экспедиция, әр салалы клуб, отряд, қоғам, кооператив, ассоциация, өзіне-өзі қызмет көрсету еңбегі, студенттік жәрмеңке, студенттік фестиваль, Наурыз мерекесі, сәндік қолданбалы өнер сайысы және т.б. өздері қажет деген жұмыстарды ұйымдастыру.
5. Студент жастардың өз еріктерімен өздерін материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық заңдылыққа сәйкес, саналы, мазмұнды іс-әрекеттеріне барынша мүмкіндік туғызу. Бұл әрекеттерді негізгі педагогикалық мамандықты меңгеруіне және оқу-тәрбие процесіне қайшы келмейтіндей етіп ұйымдастырып сабақтан бос уақыттарында жүргізілуін қарастыру. Студенттер аукционын («Шебер қолдар бұйымдары») ұйымдастыру.
6. Мұғалімдер даярлайтын орта арнаулы және жоғары оқу орындарында ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін: «Қазақ этнопедагогикасы», «Қазақ халық педагогикасы», «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесі» және т.б. арнайы пән немесе курс ретінде оқыту.
7. Пединституттар мен университеттерде этнопедагогика және этнопсихология кафедраларын құру, этнопедагогика лабораторияларын ұйымдастыру.
8. Ұстаз қызметі тиімді болуы үшін оларды әдістемелік жағынан толық қамтамасыз ету, еңбек тәрбиесі жұмысына арналған оқу-әдістемелік, көрнекі, техникалық, компьютерлік құралдар, кино-теле хабарлар, т.б. дайындау.
9. Қазақ халық педагогикасының өзекті мәселелерін жариялап отыратын «Қазақстан мектебі» журналының жанынан жылына 4 рет шығып тұратын «Этнопедагогика» атты қосымшада дәстүрлі еңбек түрлерінің озық тәжірибесін үздіксіз жариялап отыру.
10. Қалалық, облыстық, республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында ұлттық тәлім-тәрбие курстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыру; онда ұлт мәдениеті мен оқу-тәрбие жұмысының жетістіктерін, дәстүрлі еңбектің түрлерін үнемі насихаттауды қарастыру.
11. Мұғалімдер даярлайтын арнаулы орта және жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін орта мектептерде, гимназия, лицейлерде халық педагогикасын насихаттау орталығы – этнопедагогикалық музей, дәстүрлі еңбекке баулу кабинеттерін ұйымдастыру.
12. Әр ауданда халық педагогикасын насихаттаудың бір-екі тірек мектептерін ұйымдастыру. Оларда сынып жетекшілері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы семинар-кеңестерін, үлгілі тәрбие сағаттарын, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын мектепаралық байқаулар («Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны»), қолөнер сайысын («Шебер қолдар», т.б.) ұйымдастырып өткізіп отыру.
13. Оқу-тәрбие процесінде айтарлықтай нәтижелерге қолы жеткен, әсіресе халықтық еңбек тәрбиесі дәстүрін еркін меңгеріп, сабақ жүйесі мен тәрбие ісінде шебер қолдана білетін іскер тәрбиеші-ұстаздардың тәжірибелерін жинақтап, аудан, облыс, республика көлемінде кең тарату; осы мақсатта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-кеңестер өткізіп отыруды дәстүрге айналдыру; озық тәрбиешілердің іс-тәжірибелерінен арнайы әдістемелік көмекші құралдар, оқулықтар, альбом-буклеттер, т.б. шығару;еңбек тәрбиесін ұйымдастыруда жақсы нәтижеге қолы жеткен жеке ұстаздар мен ұжымдарға наградалар, атақтар, бағалы сыйлықтар белгілеу.
14. Көп салалы ұлттық мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің оқу-тәрбие жүйесінің ішкі мазмұнына сыртқы бейнесі сай болуын үнемі ескеру; әсіресе жаңа мектептер мен балабақшаларды ұлттық сәулет өнерінің үлгі-нақыштарына сәйкес етіп салу; халықтық мерекелер мен байқауларда, салтанатты жиындарда балалардың ұлттық киім киіп шығуына көңіл бөліп, сол арқылы шәкірттерде ұлттық, елжандылық сезімдерінің берік орын алуына ықпал жасау.
Қорыта келгенде, қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану әдістемесіне қазақтың халықтық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерінің бай мұрасы және өркениетті елдердің озық тәжірибесі алынды, жұртшылық пікірі ескерілді. Әдістемедегі педагогикалық жаңаша ойлау мыналар: жеке адамның тұлғалық дамуындағы еңбек тәрбиесінің қажеттілігін көрсету; педагогикалық-психологиялық іргелі ғылыми тәжірибелік зерттеулердің ұсыныстарын оқушылардың еңбек тәрбиесі тәжірибесінде тиімді пайдалану; еңбек тәрбиесі жүйесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, нәтижелігін жандандыруды қазіргі заманның талап бағытына, жеке тұлғаның даму заңдылығына үйлестіру; еңбек тәрбиесі жұмысын дәстүрлі еңбек түрлерінің ұлттық, аймақтық, әлеуеттік ерекшеліктеріне лайықтандыру; ортаның мүмкіндіктерін ескеру. Әдістеме – үздіксіз еңбек тәрбиесін беру жүйесінің жалпы бағытын анықтайтын құрал. Ендігі кезектегі міндет – оқушыларды дәстүрлі еңбекке тәрбиелейтін барлық тәрбие жүйелерінің: ата-аналардың, ұстаз-тәрбиешілердің және т.б., қоғамдық ұйымдардың(жекеменшік, бірлестік, мемлекеттік) шығармашылық күштерін пайдалана отырып тәжірибеге ендіру. Осыған байланысты «Қазақ халқының балалар мен жастарды еңбекке тәрбиелеу дәстүрлері» атты арнайы курс бағдарламасы, «Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің құралдары мен әдістері» және «Қазақ халқының балалар мен жастарды дәстүрлі еңбек түрлеріне тәрбиелеу ерекшеліктері» атты оқу-әдістемелік көмекші құралдар дайындалды. Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
1. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің қазіргі жағдайы қандай?
2. Ұсынылып отырған әдістеменің мақсаты неде?
3. Қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлерін оқушылардың еңбек тәрбиесінде пайдалану әдістемесінің міндеттері мен бағыттарын атаңыз?
4. Ұсынылып отырған әдістеменің негізгі қағидаларына мазмұндық сипаттама беріңіз?
5. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін отбасы тәрбиесінде пайдаланудың қандай формалары мен әдістері бар?
Әдебиеттер
1. Құрсабаев М.Р. «Атамекен» ұлттық ғылыми-тәлімдік, рухани-танымдық бағдарламасын оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырудың этнопедагогикалық-этнопсихологиялық мәселелері. – Алматы, 1993. – 110 б.
2. Қожахметова К.Ж. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. – Алматы, РБК, 1993. – 162 б.
3.. Пашаева Р.М. Некоторые вопросы трудового воспитания в этнопедагогике Дагестана. //Единство национального и интернационального воспитания (материалы конф. СОГУ им. К.Л. Хетагурова). – Орджоникидзе, 1971. – 178 с.
4. Бахтиярова Г.Р. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын педагогикалық пәндерді оқытуда пайдалану, 13.00.01 – жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика, пед. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1999. – 122 б.
5. Кожахметова К.Ж. Теоретико-методологические основы казахской этнопедагогики, 13.00.01 – общая педагогика, история педагогики и образования, этнопедагогика, дис. ... докт.пед.н. – Алматы, 1998. – 310 с.
6. Мұқанова Б.Ж. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын педколледждің оқу-тәрбие процесінде пайдалану, 13.00.01 – жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика, пед. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1998. – 123 б.
7. Дайрабаева А.Е. Нравственное воспитание девушек в казахской народной педагогике, 13.00.01 – общая педагогика, история педагогики и образования, этнопедагогика, автореф. дис. ... канд.пед.н. – Алматы, 1993. – 125с.
Өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар
1. Қазақ халық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін мектепке дейінгі мекемелердің тәрбие үдерісінде пайдалану жолдарын анықтап бүгінгі жағдайына мазмұндық сипаттама жасаңыз. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты еңбектің түрлерін анықтаңыз.
2. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану жолдарын анықтаңыз. Ондағы дәстүрлі еңбектің түрлерін анықтап, тәрбиелік мүмкіндігіне сипаттама беріңіз
3. Қазақ халық педагогикасының дәстүрлі еңбек түрлерін мектептен тыс мекемелерде оқушыларды еңбекке тәрбиелеуде пайдаланудың формаларын анықтаңыз. Ер бала мен қыз баланың еңбек түрлерінен кесте құрастырыңыз.
4. Бүгінгі таңдағы дәстүрлі еңбек түрлеріне байланысты даярланған бағдарламаларға мазмұндық сипаттама жасаңыз, олардың бір-біренен айырмашылығы мен ұқсастығын ажыратып көрсетіңіз.
5. Қазақ халық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлерін оқушылар тәрбиесінде пайдалануға болашақ мұғалімдерді даярлаудың бүгінгі жағдайына сипаттама жасаңыз. Перспективасын анықтаңыз.
РЕФЕРАТ ТАҚЫРЫПТАРЫ
1. Қазақ халық педагогикасындағы жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары.
2. Жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудің дәстүрлі құралдары.
3. Қазақ отбасында балаларды еңбекке тәрбиелеудің ерекшеліктері.
4. Қазақ ғұламаларының шығармашылық мұраларындағы еңбек тәрбиесінің мазмұны.
5. Қазақ халық педагогикасындағы еңбек тәрбиесінің теориялық негіздері.
6. Қазақ халқының еңбек дәстүрінің тәрбиелік мәні.
7. Қазақ халқының еңбек тәрбиесі туралы моральдық-этикалық көзқарастары.
8. Халықтық педагогикадағы еңбек тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері.
9. Қазақ халқының ауыл шаруашылығы еңбегі процесі.
10. Ауыл шаруашылығы еңбегі процесіндегі дәстүрлі еңбек түрлері, олардың жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудегі маңызы.
11. Ауыл шаруашылығы еңбегі процесіндегі ер бала мен қыз бала тәрбиесі.
12. Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері еңбегі процесі.
13. Сәндік-қолданбалы өнер еңбегіндегі ер бала мен қыз баланың еңбегі.
14. Қазақ халқының тұрмыстық еңбек тәрбиесі процесі.
15. Тұрмыстық еңбек тәрбиесі процесіндегі ер бала мен қыз баланың еңбегі.
16. Қазақ халқының жеткіншектерді кәсіби еңбекке тәрбиелеу ерекшеліктері.
17. Қазақ халық педагогикасындағы жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудің әдістері.
18. Қазақ халық педагогикасындағы жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудің құралдары.
19. Халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі.
20. Қазақ балаларының еңбек тәрбесі туралы шетел зиялыларының ой-пікірлері.
21. Қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлерінің сабақтастығы.
22. Мектепке дейінгі мекемедегі дәстүрлі еңбек тәрбиесінің мазмұны.
23. Бастауыш сыныптағы «Еңбекке баулу» пәніндегі дәстүрлі еңбек түрлері, олардың тәрбиелілік мәні.
24. «Технология» оқу пәніндегі дәстүрлі еңбек түрлерінің тәрбиелік мазмұны.
25. Қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрінің болашағы.
Достарыңызбен бөлісу: |