Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу



жүктеу 2,21 Mb.
бет1/9
Дата22.05.2018
өлшемі2,21 Mb.
#15967
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу







Авторлар
Жиентаева Бегаим Жиентаевна
Шалғынбаева Қадиша Қадырқызы






Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу.

Мазмұны


  • К І Р І С П Е

  • 1 ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІНІҢ ТЕОРИЯСЫ

    • 1.1 Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи жән әлеуметтік-экономикалық алғышарттары

    • 1.2 Қазақ ғұлама-ағартушылары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарының дәстүрлі еңбек тәрбиесі туралы педагогикалық идеялары

    • 1.3 Оқушыларды еңбекке даярлаудағы қазақ халқының моральдық-этикалық көзқарастары

2 ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ ТӘЖІРИБЕСІН МЕКТЕПТЕ ПАЙДАЛАНУ

  • 2.1 Қазақ дүниетанымының оқушыларды еңбекке тәрбиелеудегі мүмкіндіктері

  • 2.2 Қазақ халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі

  • 2.3 Қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану әдістемесі

    • І. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАЗМҰНЫ

    • IІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ

    • ІІІ. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ

    • VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ

    • V. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН МЕКТЕПТЕН ТЫС МЕКЕМЕЛЕР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ

    • VI. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ЕҢБЕК ТҮРЛЕРІН ОҚУШЫЛАР ТӘРБИЕСІНДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАШАҚ ПЕДАГОГ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ

    • Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

К І Р І С П Е



Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму процестерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында мекен ететін халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, дәстүрлі мәдениетімен, салт-дәстүрімен және өткенімен тарихи сабақтастықта айқындалады. Қоғамның даму үдерісінде қол жеткізген тарихи тәжірибесі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі бір ретпен жинақаталып отырады. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде: «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі деп атап көрсеткен болатын Міне, сол ғасырлартәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс», қойнауында қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерін оқушылардың тәрбиесінде, соның ішінде еңбек тәрбиесінде пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Себебі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне, қазақ халық педагогикасы мен дәстүрлеріне қайта оралу заманның жай қоғамдық өмір талабынан туындаған қажеттілік, өйткені мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстықағымы ғана емес, ол дәстүрлі түрлерін танып-білу арқылы адам баласы оның рухани бастауына терең бойлайды, туған елінің, ұлтының өзіндік болашақ ұрпақтарын дәстүрлі еңбекке тәрбиелеуі.ерекшелігін аялап, сақтауға үйренеді. Қазақ халқының сондай дәстүрінің бірі Сондықтан, қазақ халқының әлеуметтік, рухани-мәдени құндылықтарын сақтай отырып, оқушылардың еңбек етуге белсенділік қасиетін, дәстүрлі еңбек үдерісін меңгертуде тұрақты дағдыларын, шығармашылығын қалыптастыруды қамтамасыз ету өзекті мәселе болмақ. Бүгінгі нарықтық қатынасқа көшкен Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескеру және халықтың еңбек салт-дәстүрлеріне сүйену арқылы қоғам алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, қоғамдық сана-сезімі оянған, парасаты мен ар-ожданы биік, іскер, қабілетті, шығармашыл, кәсіпкер, нарық жағдайында бәсекелестікпен еңбек ете білетін, әрбір жұмыстың пайдалы көзін тауып, өзінің таңдаған мамандығына деген білімділі қазіргігін, біліктілігін көрсете білетін азамат тәрбиелеу таңдағы өркениетті қоғамның талабы. Осыған орай Қазақстан Республикасы «Білім беру туралы» Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін, интеллектін дамыту міндеті көзделген. Демек, оқушыларды дәстүрлі еңбектің қай саласында болмасын тек мәлімет жиынтығын меңгерумен шектелмей, терең білімді, ізденімпаз, еңбек іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз ұлттық болмысын таныта алатын маман етіп тәрбиелеу қажеттілігі айқындалған. Еңбек тәрбиесі адамзат қоғамының түрлі кезеңдеріндегі даналық ой-пікірлерді уағыздаушы шежірешілер еңбектерінен көрініс алды. Орхон-Енисей ескерткіштерінің авторы Иоллығ-тегіннің «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» дастандары, осы дастандардың тәлім-тәрбиелік идеясымен астарлас рухани мұраның бірі – Қорқыт ата тағылымдары еңбек тәрбиесінің алғашқы философиялық, педагогика-психологиялық идеяларын өзек етсе, бұл мәселе олардан кейінгі ойшылдар мен ағартушылардың: әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин және т.б. тәлім-тәрбиелік мұраларында да жан-жақты қарастырылды . Сондай-ақ болашақ ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің халықтық негізін және халық тәрбиесі құралдарының тиімділігін атап көрсеткен көрнекті қазақтың қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтары: М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров және т.б. болды . Қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігі мен ұл-қыздарының еңбек тәрбиесіндегі өзіндік ерекшелігін шетелдік этнограф ғалымдар: Марко Поло, П.С.Паллас, А.Левшин, А.Янушкевич, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин және т.б. қарастырып, зерттеген. Еңбек тәрбиесінің тарихи философиялық дамуына аса бір мән беріп зерттеген ғалымдар: Л.Н.Гумилев, В.В.Бартольд, М.О.Әуезов, Н.Сәрсенбаев, Е.Б.Бекмаханов, М.Қ.Қозыбаев, Ә.Нысанбаев, Ғ.Есім және т.б. Ал, еңбек тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық теориясы мен әр түрлі тарихи аспектілерін зерттеген ТМД ғалымдары: П.Р.Атутов, С.Я.Батышев, А.М.Арсеньев, Ю.К.Васильев, А.Ф.Хинтибидзе, Сайфуллаев М., Ғ.Х.Ахмедзиянов, Т.Ш.Тоқтарова, Т.С.Сатыбекова, Р.Амиршоев, Г.А.Хамидулина, т.б., қазақстандық ғалымдар: Р.Г.Лемберг, Қ.Б. Бержанов, А.І. Сембаев, Т.Т.Тәжібаев, А.П.Сейтешев, Г.А.Уманов, М.Ә.Құдайқұлов, Г.Т.Хайруллин, К.Ж.Қожахметова, Б.И.Қожабаева, Р.А.Жаңабаева, Р.Н.Кузьмина, Э.А.Байдалинова және т.б. болды . Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім беру мен тәрбиелеу саласының түбегейлі жаңаруы қоғамдағы ірі өзгерістермен бірге, ұлттық сананы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді, халықтық қадір-қасиетімізді, психологиялық табиғи белгілерімізді жандандыру мен жаңартуымызға елеулі септігін тигізді. Осы ретте еліміздің білім беру мен тәрбиелеу саласының барлық жүйесінде, атап айтқанда, бала тәрбиелеуші әрбір отбасынан бастап мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектеп, колледж, ЖОО-да халықтық педагогика тағылымдарының озық үлгілерін жан-жақты енгізу дәстүрге айналды. Қазіргі дүниежүзілік жаһандану, ғылыми-техникалық прогрестің өркендеуі мен ғарышты игеру заманында, әлем халықтарының тұрмыс- тіршілігіндегідей, қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлері өнеркәсіп салаларындағы еңбек түрлерімен қатар, ең басты күнкөріс көзі болып келеді және бола бермек. Сондықтан нарық кезеңінде оқушыларды еңбекке баулу үдерісінде, әсіресе, халықтық педагогикадағы дәстүрлі еңбекке ерекше назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Демек, қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерінің бүгінгі жасөспірімдер тәрбиесінде, әсіресе 12-жылдық мектептегі оқу-тәрбие процесіндегі бейіндік сыныптардағы қажеттілігі мен оның жүйелі түрде сабақтастықта жүргізілуі өте өзекті болып отыр. Осыған орай бірыңғай оқулықтар, оқу- әдістемелік нұсқаулардың қажеттілігі де туындап отыр. .

  • 1. ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІНІҢ ТЕОРИЯСЫ

    • 1.1. Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары

Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын айқындау үшін, біз қазақ халқының шаруашылығының даму тарихына шолу жасаудан бастағанды жөн көрдік. Себебі, қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің тарихы қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының пайда болу, даму, қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Алайда қазақ халқының шаруашылығында ұзақ кезеңдер бойы ұжымдық еңбек қалыптаспады. Себебі, олар көшпелі өмір сүріп, ауыл-ауыл болып қоныстанды. Шаруашылық негізінен отбасында дамыды. Барлық еңбек іс-әрекеті қолдан жасалған еңбек құралдарымен атқарылды. Бұл жағдай Ақпан революциясына дейін сақталды. Көшпелі өмірдің осындай қиыншылықтары халықты балаларын әр түрлі еңбек іс-әрекетіне үйретуге мәжбүр етті. Сөйтіп, отбасында еңбек тәрбиесінің дәстүрі қалыптаса бастады. Біздің осы ойымызды қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен қазақ халқының тарихын зерттеуші ғалым С.Қалиевтің қазақтың халықтық педагогикасының тарихи дамуын 8 кезеңге бөліп оны былайша жіктеуі: (біздің дамуымызға дейінгі тас, қола замандары; б.д.д. VII–ІІІ ғғ – б.д.д. V ғ.; VШ–ІХ ғғ.; Х–ХVғғ.; ХV–ХVІІІ ғғ.; ХVІІІ ғ.-дан ХХ ғғ. 20-ж. дейін; 1920–1990жж.; 1991–2000жж. ) дәлелдей түседі . Адамзат тарихының дамуы тас дәуірі, мыс (қола) және темір дәуірі болып үш кезеңге бөлінетіні белгілі. Соның алғашқы кезеңінде арнайы шаруашылық қам-қарекеті табиғаттың дайын тұрған өнімдерін пайдаланумен ғана шектелген. Әуелгі адам жабайы өсімдіктердің жемістері мен дәндерін жинап қоректеніп, әр түрлі аңдарды аулады. Сөйтіп, аңшылық кәсіп шаруашылықтың негізгі саласына айналды. Бұл кәсіп еңбек бөлінісінде жаңа кәсіптің пайда болуын, яғни тастан құралдар жасауды туындатты. Археологиялық қазба жұмыстарының барысында бізге жеткен осы құралдар «тас дәуірі» деп аталатын шартты атаудың шығуына себеп болды. Осы дәуірдің өзі үш кезеңге бөлінді: палеолит – бастапқы, ежелгі, мезолит – орталық, неолит – соңғы кезең. Бұл кездерде адам баласы дамудың аса ұзаққа созылған азапты жолын өтті. Осы жолда олар үнемі ізденіп, тіршілік тәжірибелерін жетілдіріп, табиғатпен тіл табыса білді. Олардың мезолит кезеңінде садақпен жебені ойлап табуы, шағын тастардан әр түрлі еңбек құралдарын жасауы алға басуға ықпал етті. Біздің заманымызға дейінгі бесінші мыңжылдықта басталған неолит дәуірінде тас құралдары кеңінен қолданылды. Тастарды тегістеу, тесіп, бұрғылау, ағашты арамен кесу сияқты технологиялық әдістердің игерілуі, тұрмыста тас балта, кетпен, дәнүккіш, келі, келсаптардың пайдаланылуы үлкен жетістік болды. Ал қарапайым еңбек құралдарын тастан жасау, оны пайдалануды меңгеру ересек адамдар тарапынан балаларды еңбекке үйретуге, тәрбиелеуге мүмкіндік жасады Ф.Энгельс «алғашқы дәуірде балалар ортақ, қоғамдық болды, өйткені жеке отбасы болған жоқ, сондықтан балаларды тәрбиелеу де алғашқы қоғам мүшелерінің ұжымдық жұмысы болды», – деп көрсетті. Еңбек үдерісінде, ересектермен күнделікті қарым-қатынас жасауда балалар өмірге қажетті дағдылар мен еңбек әрекеттерін меңгерді, халықтың әдет-ғұрпымен танысты, алғашқы қоғамдағы адамдардың өміріндегі салт-дәстүрді сақтауға үйренді. Алғашқы қоғам тапсыз болғандықтан, соған сәйкес тәрбие де барлық адамдарға ортақ, бірдей еді. Алғашқы қоғам дамуының белгілі сатысында тек ер бала мен қыз балаларға берілетін тәрбиеде ғана кейбір айырмашылықтар кездесті. Ер балалар ер-азаматтармен бірге қару-жарақ жасауға, аң, балық аулауға қатысты, ал қыз балалар әйелдермен бірге тамақ әзірлеуге, киім тігуге, үй жинап, кір жууға араласты . Сонымен, біз тас дәуіріндегі еңбектің түрлерін сараптау барысында, адамзат қоғамында балаларды еңбекке тәрбиелеудің төмендегідей тарихи, әлеуметтік, экономикалық алғышарттарын айқындадық:

1. Қазақстан жерінде ежелгі гомонидтердің пайда болуы.

2. Көне тас дәуіріндегі жабайы және аңшылық шаруашылықтың пайда болуы, еңбек бөлінісінің қалыптасуы.

3. Жабайы аңдарды қолға үйрету, үй хайуанаттарының пайда болуы, мал шаруашылығының алғашқы қарапайым түрінің қалыптасуы.

4. Үй шаруашылығындағы қарапайым еңбек түрлерінің пайда болуы.

5. Еңбектің адамның жынысы мен жасына қарай табиғи түрде бөлінуі.



6. Адамдар арасындағы алғашқы ұжымдық қарым-қатынастың пайда болуы.

Осы аталған алғышарттар көне тас дәуіріндегі төмендегідей еңбек түрлерінің қалыптаса бастағанын көрсетеді: аңшылық; еңбек құралдарын жасау; үй шаруашылығының қарапайым түрлері, жабайы аңдарды қолға үйрету. Алайда, қазақ отбасындағы балаларды еңбекке тәрбиелеу тәжірибесінің тарихын адамзат қоғамының тас дәуірінен бастап қарастыру А.Қасымжановтың басшылығымен жазылып, жарыққа шыққан «Қазақ» атты оқу құралындағы мынандай бір ғылыми деректері себепші болды. Онда: «Ең ерте ғұмыр кешкен тұрғындар (800 мың жылдай бұрын) тас ғасырының адамдары болған. Ертедегі тас құралдарының қалдықтары Қазақстанның әр түрлі бөлігінен табылып отыр. Қаратау баурайларында, Солтүстік Балқаш өңірінде, Орталық пен Шығыс Қазақстанда, сондай-ақ Маңғыстауда орналасқан палеонтологиялық көптеген ескерткіштердің негізгі бөлігі сондай қарулар. Осы ежелгі мәдениет иелерінің тіршілігі мен қызметі Қазақстандағы жаңа тас дәуіріне, яғни неолит пен энеолитке дейін (б.з.д. V–ІІ ғ.) тоқтаусыз жалғасып келген. Олардың аса бай шаруашылық-мәдени тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ауысып отырған, мұның өзі олардың мәдени дамуының соңғы кезеңіне жеткен ұрпақтарына әр аймақта географиялық-экологиялық тіршілік ортасына байланысты өзіндік ерекшелігі бар қоғамдық өндірістің түрін жасап, қалыптастыруға мүмкіндік берген. «Неолиттік революция» деп аталатын дәуірде, Еуразияның басқа да бөліктеріндегілердікі сияқты, Қазақстан жеріндегі ертеде тіршілік кешкен тұрғындардың шаруашылық-мәдени дәрежесі жоғары болған» деген пікір айтылады. Сондай-ақ, профессор С.Қалиевтің «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы» атты оқулығындағы ғылыми тұжырымдары жоғарыда айтылған ойларымызға дәлел бола алады. Ол қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі сонау көне ғасырлардан келе жатқан тәжірибесін қазақ хандығы құралған кезеңнен (XIV–XV- ғғ.) бастап қарастыру тарихи-әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда дұрыс емес екендігін айтады . Ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеген бұл тарихи деректер біздің қарастырып отырған мәселелерімізге тарихи-әлеуметтік тұрғыда кеңірек үңілуімізге мүмкіндік туғызады. Қола дәуірінде адам қоғамы өзінің жабайылық кезеңінің жоғары сатысында болып, мәдениеттілік кезеңінің бастауларын қалыптастыра бастайды. Бұл дәуірде адам шаруашылық құралдарын металлдан істеуді үйренеді. Олардың алғашқы игерген металлдары – мыс пен алтын болды. Өйткені бұлар тау-тас жыныстарының ішінде табиғи таза, кесек-кесек күйлерінде кездесетін болған. Міне, осы кесектерден балқыту әдістерімен түрлі құралдарды жасауға машықтанады. Осы тәжірибелерін жетілдіре келіп, енді түрлі-түсті (көк, жасыл) тастарды отқа күйдіру арқылы, одан мыс, алтын, қалайы балқытып ала бастайды. Қалайы мен мыстың қорытпасынан қоланы өндіреді. Оның мыстан әлдеқайда қатты болатын қасиетін ескеріп, барлық құрал-саймандарды қоладан жасай бастайды. Осылайша, адам келешекте темірді игергенге дейін, олардың ең сүйікті металлы қола болған. Уақыт талаптарына қарай адамдардың тұрмыс-тіршіліктері де өзгеріп отырды. Қола дәуірінің кезінде адамдар рулықтан тайпалық қоғамдарға ауысып, бірте-бірте халық болып қалыптасудың көптеген көріністері тұрақты сипат ала бастады. Шаруашылықта мал өсірудің орны барған сайын кең өріс алып, бұрын аң аулаумен шұғылданатын еркек қауымы енді мал өсіруге көшіп, оны өздерінің төл кәсібіне айналдырумен бірге, жан-жақты дамып, жедел қарқын алуына ерекше көңіл бөледі. Міне, осының салдарынан, бүкіл адамзат қауымында әйелдер бұрынғы ықпалдарынан ығысып, негізгі басшылық орындарын азаматтарға бере бастайды. Осылайша, аталық қоғамның дәурені басталып, ер адамдар енді ру, тайпалардың шаруашылықтары мен қоғамдық өмірінің жетекшілігін өз қолдарына алады. Осыған орай адамдар арасындағы туысқандық қатынастар әке жағымен есептелетін болады. Қазақ даласындағы көшпелі тұрмыс дәл осы заманда қалыптаса бастайды. Тұрмыс-тіршіліктеріне қарай адамдардың қоғамдық және отбасы қатынасындағы идеологиялары да көп өзгерістерге түседі. Алғашқы жабайы нанымдар – табиғат күштері мен жансыз заттарға құдай ретінде сиыну бірте-бірте қала бастайды. Енді көк әлеміндегі күнді, айды, жұлдыздарды Тәңірге балап, табынудан, өлгеннен кейін басталатын өмірге нанушылықтан ата-бабалар рухын қадір тұту дәстүрлері туындайды. Мұның бәрі тәлімдік және тәрбиелік жүйелерді ерекше дамытады. Қоғамдағы отбасының орны бұрын-соңды болмаған жауапкершілікке бағынып, жаңаша дамудың сипаттарына ауысады. Қоғамдағы жеке меншіктің алғашқы түрі – отбасының меншігі өмірге келеді. Осыған орай мүлік жөніндегі теңсіздіктер пайда болады. Сөйтіп, қола дәуірінде шаруашылықтың салалары тас дәуірімен салыстырғанда едәуір күрделеніп, дами бастайды. Металл балқыту бүгінгі ауыр өнеркәсіптің алғашқы қарапайым іргетасының негізін қалады. Сонымен қатар бұл дәуірде күнкөріс көзіне айналған мал шаруашылығының өнімдерін өңдеу негізінде қазіргі жеңіл өнеркәсіптің тоқыма, тігін, тері өңдеу және т.б., салалары қалыптаса бастады. Демек, осы дәуірдегі дамыған еңбек іс-әрекеттері қазақ отбасында балаларды еңбекке тәрбиелеудің төмендегідей тарихи, әлеуметтік, экономикалық алғышарттарын айқындауға мүмкіндік берді:

1. Қазақстан жерінде алғашқы үй-жайлардың салынып, қазақтардың баспаналарда қоныстануы.

2. Еңбек бөлінісінде дәстүрлі күрделі шаруашылық салаларының қалыптасуы: мал шаруашылығы, металл өңдеу, қолөнер, тұрмыстық шаруашылық, аңшылық кәсіп.

3. Қоғамның жоғары даму сатысының белгісі, ұлттық мәдениеттің бастаулары ретінде шаруашылық құралдарының металдан дайындалуы.

4. Шаруашылықта мал өсірудің қазақ халқының төл кәсібіне айналып, жан-жақты дамуы, мал шаруашылығының дәстүрлі жіктелуі (қой, түйе, жылқы, іріқара).

5. Отбасы шаруашылығының қалыптасуы және оның күрделеніп, тұрмыстық және үй шаруашылығы салаларына бөлінуі (тоқыма, тігіншілік).

6. Металл өңдеу кәсібінің қолөнер саласының дамуына ықпал етуі: зергерлік, ұсталық кәсіптерінің пайда болуы.

7. Қоғамдық, әлеуметтік қарым-қатынастың пайда болуы.



Осы айтылған алғышарттар негізінде қола дәуірінде мына төмендегідей дәстүрлі еңбек түрлері қалыптасты: аңшылық, мал шаруашылығы, металл өңдеу, тұрмыстық шаруашылық, қолөнер. Қазақ халқының халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны ерекше. Сақтардың қалыптасқан наным-сенімі, биік мәдениеті болған. Олардың мәдени-рухани ықпалының ізін Қазақстанмен қатарлас жатқан Иран, Ауған, Пәкістан, Үнді елдерінен күні бүгінге дейін көруге болады. Сақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың ІІ ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап, шаңырағын көтерген – Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы Орта Азияның, бүгінгі Қазақстанның байтақ далалары, Шығыс Түркістан өңірі болған. Оның шаруашылық-мәдени типінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық болды. Негізінен қой, түйе, жылқы және ірі қара өсіріп, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтар Батыс және Орталық Қазақстан жерлерінде, шөл және шөлейт далаларда жыл бойы көшіп жүріп, мал бағып күнелтіс етті. Тянь-Шань, Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы-орманды, ашық-жазық алқаптарын мекендеген, жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малдарын қыста тұрақты қора-жайларда, жазда жайлауда ұстады. Малдың қора-жайларын, өздері тұтатын үйлерді ағаштан қиып, тастан қалап жасады. Отырықшы болып мал ұстап, егіншілік-диқаншылықпен айналысқан сақтар табиғи су қорлары мол, шабындық жайылымдық алқаптары көп Оңтүстік Қазақстан жерін, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойын мекен етті. Ежелгі қазақ жерінің орасан территориясын мекен еткен, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасырда бой көтеріп, 216 жылға дейін өмір сүрген Ғұн ұлысы 24 тайпадан құралған. Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін олардың моласынан табылған жүннен істелген бұйымдар, ою-кестелер, өрнектер айғақтайды. Олар құрылымы жағынан қазақ арасында кең тараған ою-өрнектермен ұқсас келеді. Демек, үйсін, қаңлы, албандардың, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге әбден болады. Жетісу жерін, Шу, Талас, Іле өзендерінің бойын, Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндерде қолөнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі өрмек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден қару-жарақ, еңбек-өндіріс құрал-саймандарын, ыдыс-аяқ жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектермен безендіріп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп, одан киім-кешек тіккен, өрмек тоқыған. Қоғамның бұл даму сатысында өндіріс күштерінің қалыптасуымен және адамдардың еңбек тәжірибесінің кеңеюімен қатар, еңбек тәрбиесі де күрделене түсті, ол жан-жақты жоспарлы іске айналды. Қоғамда балалар мал бағуға, егін егуге, қолөнеріне үйретілді. Осыған сәйкес еңбек тәрбиесін ұйымдастыру қажет болды. Балаларды еңбекке тәрбиелеу ең тәжірибелі адамдарға жүктелді. Ертегі, ойын және өлең мінез-құлық тәрбиесінің құралына айналды. Әскери тәрбиенің алғашқы элементтері: садақ ату, найзаласу, салт атқа міну және т.б. туындай бастады. Тәрбиені ең тәжірибелі адамдарға жүктеу, оның мазмұнының кеңеюі – рулық қоғамда тәрбиенің қоғамдық еңбектің бір саласына айналғанын көрсетеді. Жеке меншіктің, құлдықтың және жеке отбасының шығуына байланысты алғашқы қоғам ыдырай бастады. Енді қоғамдық тәрбиемен қатар, жеке отбасы тәрбиесі шықты. Қоғамды билеуші топтар: көсемдер, ақсақалдар пайда болып, еңбекке баулу тәрбиесіне көңіл бөліне бастады. Сонымен, сақтар мен ғұндар тарихи, әлеуметтік, экономикалық даму процесімен ерекшеленеді. Тарихтың бұл кезеңінде қазақ елінің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени өзіндік ерекшелігі қалыптасты. Аталған кезеңде қазақ отбасында жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік, экономикалық алғышарттарына мыналарды жатқызуға болады:

2.1. Еңбек бөлінісінде дәстүрлі шаруашылық салаларының одан әрі өркендеуі, сонымен қатар жаңа салалардың өмірге келіп, өркен жаюы: мал шаруашылығы, өнеркәсіп, қолөнер, тұрмыстық шаруашылық, аңшылық.

2.2. Көші-қон мал шаруашылығының дәстүрлі жетекші салаларының (жылқы, қой, түйе) өркендеуі.

2.3. Әскери-көшпелі тұрмыстың қалыптасуы.

2.4. Металл өңдеу, зергерлік бұйымдар, қару-жарақ жасау кәсіптерінің дамуы.

2.5. Отбасы тұрмыстық шаруашылығының өркендеуі, жан-жақты түрленуі.



2.6. Қоғамдық тұрмыстың әлеуметтік қарым-қатынасы барысында таптық қоғамның шығуы. Шаруашылықта жекеменшіктің пайда болуы.

Осы аталған алғышарттар сақ, ғұн дәуірінде мына төмендегідей дәстүрлі еңбек түрлерінің қалыптасқанын көрсетеді: аңшылық, мал шаруашылығы, металл өңдеу, зергерлік бұйымдар дайындау, қару-жарақ жасау, мал шаруашылығына байланысты отбасы шаруашылығы (мал өнімдерін өңдеу), қолөнер (металл, ағаш, сүйек өңдеу), мал шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар: ер-тұрман, жүген, басқұр, т.б., егіншілікке, аң аулауға, т.т. қажетті құралдар дайындау. Қазақ халқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық алғышарттарын айқындауда біз тас, қола, сақ, ғұн дәуірлеріне толығырақ тоқталған себебіміз, осы аталған дәуірлерде қазақтар айналысатын шаруашылық салалары пайда болып, дамыды, сонымен қатар қазіргі дәстүрлі еңбек түрлері қалыптасты. Ал келесі 3, 4, 5-дәуірлерде алдыңғы дәуірлерде толық қалыптасқан шаруашылық салалары ұдайы өркендеу, өсу дәрежесінде болды. Осы дәуірлердің тарихи және әлеуметтік, экономикалық дамуы ұқсас болғандықтан және шаруашылық салаларының аса көп өзгермеуіне байланысты үш дәуірге жалпылама сипаттама беруді жөн көрдік. Мәселен, V–Х ғасырлардағы үшінші дәуірде ежелгі қазақ жерін мекен еткен түркі тілдес тайпалардың материалдық мәдениеті туралы сөз етсек, бұл халықтар кен қазып, оны қорытып, өңдеумен айналысқан, алтын, күміс, темір, қола сияқты металл түрлерінен еңбек құралдарын, тұтыну заттарын, зергерлік, сәндік бұйымдар жасаған. Сөйтіп, олар көмірші, темірші, қалаушы, т.б. кәсіп түрлерін, металл қорыту технологиясын жақсы игерген. Мұны археологиялық, қазба жұмыстарының барысында үлкенді-кішілі балғалар, мүйізді төстер, темір сызғыштар мен қашаулар, тескіштер, жоңғылар, шот бұрғылардың табылуы дәлелдейді. Олардың жасалу технологиясына қарап ежелгі халықтардың шеберлік, іскерлік, ісмерлік қабілет-машығына таңданбауға болмайды. Олар ой-қиялына, өмір тәжірибесіне сүйене отырып, диқаншылық пен қолөнер құралдарын – тоқпақтар, темір құятын қалыптар, ұста көріктері, күректері, семсер, қылыш, қанжар, сауыт, сүңгі, жинамалы садақ жебелерін, аң аулайтын қақпан, балық, құс ұстайтын құралдар, пышақ, ұстара, қырықтық жасады. Осы еңбек құралдарын пайдалану арқылы құдық қазу, жер қазу, үй салу, жер суландыру жүйелерін жүргізу сияқты жұмыстарды атқарады. Бұл аспаптар олардың металлдың әр түрінен әшекей, сәндік заттарын жасап, бейнелеу өнерін дамытуына мүмкіндік берді. Тұрмыста қолданылатын заттардан V–Х ғасырлар қазіргі иненің, тебен иненің жасалуы үлкен прогрес болды. Онымен сыртқы, ішкі киімдер, аяқ киім, бас киім тігілді. Оларға қажетті материалдарды шығарудың тәсілі сол тұста өмір сүрген далалықтарға кеңінен мәлім болды. Археологиялық қазба, жазба деректер ежелгі қазақ жеріндегі тайпаларға тоқымашылық кәсібі, жіп иіру, жіптен бұйымдар тоқу істері кеңінен таныс болғанын айғақтайды. Оңтүстік аймақтағы қоныстардан, Жетісу бойынан бұл жерлерде сырт киім тігу үшін пайдаланылатын шекпендік қалың жүн мата, өрнек салынған жіп мата, бөз, тор, шыт аталатын жұқа кездемелер шығарылғанын дәлелдейтін көптеген деректер табылған. Қысқы сыртқы киім мал терісінен, аң терісінен тігіліп, ол тон деп аталған. Қой, ешкі, қасқыр, қарсақ, түлкі терісінен тек тон емес, жейде, шалбарлар да тігілді. Құлын терісінен жеңіл жарғақ істелді. Сырт киім көбінесе сол жағына түймеленетін болды. Етік тігу үшін сиыр терісінен жасалған былғары пайдаланылды. Оның тігісі сыртына қарап тұрды. Етіктер өкшелі және өкшесіз де болды. Әйелдерге арналып бөкем етік деп аталатын қайқы тұмсықты сәнді аяқ киімдер тігілді. Ер адамдар басына бөрік киді, қозы терісінен істелген бас киім, құндыз терісінен тігілген кәмшат бөрік әрі жылы, әрі жеңіл болды. Ежелгі қазақ жерінің тұрғындары қысқы, жазғы киімге малдың, аңның терісімен бірге, мақта, кендір, жүн маталарды пайдаланған. Кездеме матадан, қайыстан істелген белге тағатын белбеулер, оған ілінген алтын, күміс, қоладан оймышталып жасалған тоғалары, салпыншақтары, бастырмалары тек белбеудің ғана емес, оны таққан адамның да ажарын ашып тұрды. Бас киімнің, белбеудің, аяқ киімнің әсемдігіне далалықтар айрықша мән берген. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалардың биік материалдық мәдениеті олардың қоныс мекендеріндегі құрылыстардан да көрінді. Олар салған тұрғын үйлердің құрылымы, сәулеттік ерекшеліктері далалықтардың тұрғын үй салуға айрықша мән бергенін байқатады. Көшпенділердің ыдыс-аяғы, ас табағы, қазаны да болды. Қазан алғашқыда темірден жасалса, кейін Х–ХІІ ғасырларда шойыннан құйылды. Далалықтардың тағамдары негізінен ет пен сүттен дайындалды. Оларды құйып, салып сақтайтын, тамақтанған кезде пайдаланатын, түбі, жиегі оймышты өрнекпен безендірілген тостаған, қыштан, ағаштан істелген құмыра, құты ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар мәдениетінің әжептәуір жоғары болғанын дәлелдейді. Олар қазір біз дастарқан деп жүрген ас жайғыштарға айрықша мән берген. Әдетте мұндай ас жайғыштар қыштан жасалған, оған әдемі өрнектер салынып, тау ешкілерінің суреттерімен безендірілетін болған. ХІІІ ғасырдың орта шенінен бастап бұл жерлерде қала тіршілігі жанданып, құрылысы, шаруашылығы, мәдениеті көркейіп, олардың өмірдің барлық жақтарына ықпалы артты. Онда алтыннан, күмістен, жезден ақша шығару жолға қойылды. Ондағы күміс ақшалар тек сол жердегі ғана емес басқа аймақтарда да сауда-саттық жүргізу үшін пайдаланылды. Бұл тұста мұндай ақша шығару Жент, Кенже сияқты қалаларда да іске асты. Ақ Орданың билеушісі Ерзен хан (1320–1344) Отырармен бірге Сығанақ қаласын қалпына келтіріп көркейтуге, Саудакент, Баршынкент шаһарларында жаңа құрылыстар салдыруға көп күш-жігер жұмсады. Осы тұста кірпіш күйдіретін шеберханалар іске қосылып, оларда дайындалған кірпіштерден мешіт, медреселер, басқа да сәулетті құрылыстар салына бастады. Мәселен, Отырарды қазған кезде онда күйдірген кірпіштен салынған аса ірі мешіттің қаңқасы табылған . Осы тұста сауда жолында өсіп-өркендеген Сайран, Ясы, Шолақ, Қорған, Барукент, Саудакент, Құмкент, Тарсатөбе, Баба ата, Ақсүмбе, Созақ сияқты көптеген қалалар болды. Бұл шаһарлар ірі сауда, мәдениет ошағы ретінде танылды. (Оңтүстік Қазақстан аймағының қалалары.Ш.Қ.). Сондай-ақ, Жайықтың Каспийге құятын сағасында салынған, шығыс пен батысты байланыстырып жатқан сауда жолының бойындағы Сарайшық қаласында пайда болып теңге сарайлары жұмыс істеген. Бұл қалаларда үй салу, орамдарды орналастыру, көшелерді жоспарлау істері басқа елдердегі ірі орталықтардың ықпалымен үлкен өзгерістерге ұшырады. Оларда ісмерлік, зергерлік қолөнері дамыды. Саз балшықтан күйдіріп ыдыс, сән бұйымдарын жасайтын шеберханалар пайда болды. Отырар қаласындағы осындай шеберханалардың бір-бірімен тығыз өндірістік байланыста болғаны, серіктесіп, септесіп еңбек еткені белгілі болып отыр. Бұл тұста мыстан, қоладан, қорғасыннан сәндік бұйымдар жасалатын болды. Күмістен сақина, сырға, білезік, салпыншақтар, мыстан айна, шыныдан ыдыс, құты, әсемдік заттары істелді. Өндірістің белгілі бір мақсатқа сай өркендеуі онан әрі өріс алды. Темірден жасалған еңбек құралдары, қару-жарақтың жетілдірілуі өндіріс күштерін айтарлықтай дамытты. Қалаларда бұрынғыдан әлдеқайда жетілдірілген, өзгерген, тұрмыс-тіршілікке неғұрлым икемді, жинақы үйлер салына бастады. Оларда отырықшылыққа ауысқан бұрынғы көшпелілердің өкілдері тұрды. Бұл қалалардың мәдениеті өздерімен барыс-келіс, сауда-саттық негізінде қоян-қолтық араласып жатқан Шығыс Еуропа, Кіші Азия, Персия, Үндістан, Қытай, Шығыс Сібір, Орталық Азия халықтарының мәдениетімен тығыз байланыста болып, солардың әлемдік мәдени жетістіктерін бойына сіңіре отырып дамыды. Мұндай мәдени байланыстардың дамуында қазақ жерін басып өтетін Ұлы Жібек жолының маңызы зор болды. Бұл жолдың адамзат тіршілігіне әкелген жаңалығы, қоғам мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі көп. Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыс елдері ежелгі қазақ жеріндегі сәулет өнерінің дамуына да әжептәуір ықпал жасады. Шығыс елдерінің әсерімен ежелгі қазақ жеріндегі сәулет өнерінде соны сипаттар пайда болды, жаңа архитектуралық стиль қалыптасты. Ертеден сақталған құрылыстардың күмбез-шатыр жүйесі жетілдірілді, жаңадан қаптама материалдар іске қосылды. Ортағасырлық архитектуралық мұралар Орталық Қазақстанда, Сарысу, Кеңгір, Торғай өзендерінің бойында да біраз сақталған. Тік бұрышты, шатыр тәрізді күмбезі бар, сыртын жасыл, көкшіл, қаракөк немесе көгілдір әсем плиталармен қаптаған Алаша хан, Жошы хан, Болған ана кесенелері – бізге сол орта ғасырлардан жеткен ескерткіш мұралар. Көшпелілер қалаларға азық-түлік, мал өнімдерін апарып, олардан киім-кешек, әбзел, құрал-сайман, қару-жарақ, сондай-ақ темірден, қоладан, қыштан, фарфор мен фаянстан, шыныдан жасалған ыдыс, аяқ-табақ, сәндік бұйымдар алып тұрды. Қала қолөнершілері егіншілік-диқаншылықпен айналысатын отырықшы тайпалар-мен тығыз байланыс жасап, егіншілік құралдарын, құдықтан шығырмен су шығару тетіктерін жасап беріп, күнделікті өмірге еңбектің өнімді әдістерін енгізуге көмектесті. Егіншілік аймақтарда құдыққа шығыр орнату, суармалы жерлерге су шығару сәттері салтанатпен аталып өтетін болған. Мұның бәрі Х–ХV ғасырларда ежелгі қазақ жерінің тұрғындары егін егіп, мал бағып, дүние-жиһаз жасап, қолөнермен айналысып тіршілік еткенін, өзіндік салт-дәстүрі, биік мәдениеті болғанын айғақтайды. XV–XVII ғасырларда далалық аудандардағы қазақтарда шаруашылық саласы ретінде басым тұрғыда тарихи қалыптасқан, қуаң дала мен жартылай шөлейт жерлердің табиғи-климаттық жағдайына сәйкес келетін көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталды. Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе болды. Ірі қара мал аз мөлшерде, негізінен алғанда отырықшылықты жерлерде өсірілді. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдарымен жылдық айналымы орнықты. Ондаған, көбіне жүзден астам ауылдардан құралған әрбір ру белгілі бір географиялық жер көлемі шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың арақашықтығы оңтүстікте 200–300 шақырымнан Жетісудың ендік бағытындағы далалық аудандарында 800–1000 шақырымға дейін созылды. Қоныс орнын таңдау, әрине, тек дәстүр мен шаруашылықтық мұқтаждықтарға ғана емес, сонымен бірге хандықтағы саяси жағдайға да тәуелді болды. Көшпелі мал шаруашылығы кең көлемді жайылымдық жерлердің болуын талап етті, ал олардың әрдайым жетіспеушілігі көршілер арасында соғыстар мен дау-жанжалдар туғызып отырды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді еді. Жемшөп дайындау жүргізілмеді, қыста мал тебіндеп жайылды. Мысалы, Т.И.Сұлтанов «Кочевые племена Приаралья в ХV–ХVІІ вв.» атты еңбегінде: «Көшпелілер үшін Сырдария жері өте бағалы, мал азығы мен отынға бай. Қыс сұрапыл болған жылдары малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбіне отырықшылыққа ауысатын», – деп жазады. Баяу дегенмен, көшпелі мал шаруашылығын жүргізудің формасы мен оның өнімділігі жақсара түсті; (ауа райы жағдайына байланысты қолайлы жылдары мал басы үдемелі қарқынмен өсіп отырады. Мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтардың тұрағы киіз үй, сондай-ақ шаруашылық құралдары көшіп-қону және мал өнімдерін өңдеуге жақсы лайықталғанды. Көшпелі мал шаруашылығы қазақ отбасының өмірін көп жағынан қамтамасыз етіп тұрды. Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім-кешек пен аяқ киім материалдарын, үй жабдықтары мен жасауларын, көшіп-қонуға қажетті тасымал құралдарын берді. Әскери жорықтар мен шайқастарда жылқының орнын ешнәрсемен алмастыруға болмайтын. Көшпелі малшылар үй кәсібімен, негізінен алғанда мал шаруашылығы шикізаттарын өңдеумен айналысты. Қой жүнінен киіз басты, кілемдер тоқыды, киім тікті, мал терісінен аяқ киімдер, ыдыстар, ат әбзелдерін, т.б. әзірледі. Қазақтардың шаруашылығы негізінен қолмен атқарылатын таза табиғи күйінде қалғанымен, олардың қолында қала тұрғындары, егіншілер өндіретін тауарларға, азық-түлікке айырбастай алатын басы артық өнімдері қалып отырды. Түркістанның Сығанақ, Сауран, Асы және басқа қалаларының базарларына көшпелі малшылар мал айдап апарып тері, жүн, олардан жасалған бұйымдар, сондай-ақ суық қарулар (мылтық, қанжар, т.б.) ағаштан, негізінен қайыңнан жасалатын бұйымдар, соның ішінде арбалар, төсектер мен ыдыстар жеткізетін; аң терілерін, тон-ішіктер, тымақ-бөріктер сататын» Сөйтіп, малшылар бұл өнімдеріне айырбасқа Түркістан аймағы қалаларынан әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, балшықтан күйдіріліп және темірден соғылып жасалатын бұйымдар, мата мен теріден тігілген дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдерінің бөлшектерін, сондай-ақ әр түрлі үй аспаптарын, қарулар, қымбат металлдардан жасалатын әшекей заттар, айналар және көптеген басқа дүниелерді алып отырған. Көшпелілердің астыққа – бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығының басқа өнімдеріне, әсіресе маталарға деген сұранымы барынша берік әрі тұрақты болған және бұларды бәрі жаппай алып отырған. Демек, қазақ балаларының отбасындағы еңбек түрлеріне араласуына толық жағдайлар жасалып, олардың шаруашылықтың барлық түрлеріне қатысуына мүмкіндіктері мол болған. Әсіресе Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі қазақтар отырықшылықты және жартылай отырықшылықты егіншілік пен қала мәдениетін жақсы білген. Көшпелі шаруашылықпен айналысатын далалық аудандар мен отырықшылықты егіншілік аудандары және қаланың тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажыратылмайтын белгісіне айналды. Түркістан қалалары мен алқаптарының егіншілікпен айналысатын, этникалық жағынан араласып кеткен халықтары даланың мал өсіруші халқымен шаруашылық-мәдени жағынан тұрақты қарым-қатынас жағдайында өмір сүрді. Өз кезегінде көшпелілердің тіпті өздері де мал қыстататын жерлерінде егіншілік танаптарын жасап, отырықшылықты және жартылай отырықшылықты елді мекендер тұрғыза бастады. Міне, ХV–ХVІІ ғғ. екінші жартысында, Қазақ хандығы дәуірінде Оңтүстік Қазақстанда Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Иқан, Аркөк, Үзген, Аққорған, Құтжан, Қаратаудың солтүстік беткейлерінде Созақ, Құмкент және басқа қалалар салынып, қалалық өмірдің дамуын жалғастырды. Мәселен, алғашқы қазақ әкімдерінің астанасы болған Ясы (Түркістан) белгілі сауда нүктесі, ірі егіншілік аймағының орталығы ретінде қала берді. ХV–ХVІІ ғасырлар шебінде бұл қала Қазақ хандығының астанасына айналды, ол сондай-ақ бүкіл Түркістан және оған тиіп тұрған қазақ даласы үшін басты діни орталық болды. Ал, Қаратудың солтүстік беткейіндегі Созақ қаласы әрдайым далалық аудандарда билік жүргізу үшін, сонымен бірге Түркістан аймағының басқа қалалар үшін Қазақ хандығы әкімдерінің сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғыры болды. Созақ тек жақсы бекініс қана емес, далалық өңірге таяу орналасқан сауда, қолөнер кәсібі орталығы болатын Археологтардың зерттеуінше, Созақ төңірегінде өзге де отырықшылықты қазақ қоныстары: Күлтөбе, Ран, Тастөбе, Тасқорған, Көктөбе қалалары да болды. Олардың кейбірі бекіністерінде пайдаланылса, кейбірінде егіншілікпен айналысатындар қоныстанды. Ал, Түркістан аймағының ірі, сондай-ақ ұсақ қалалары қазақ халқының шаруашылық тірлігінде жер еңбегімен айналысуында үлкен рөл атқарды. Ол кездегі қалалардың жартылай аграрлық сипатта болғанын зерттеушілер археологиялық жазба материалдарымен және түпкі жазба материалдардың мәліметтерімен айғақтады. Егін, бау-бақша, жүзім егумен, егістік және жайылымдармен қоршаған алыс-жақын ауылдар тұрғындары ғана емес, сондай-ақ қалалықтардың өздері де айналысқан. Қалалардың қай-қайсысы да тауарлы астық пен басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін, дамыған суармалы егіншілігі бар көлемі егісті ауданның орталығы болды. ХVІ ғасыр мен ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында қолдан суландыру ісі бұрынғымен салыстырғанда кең көлемде дами түсті. Бір жерлерде ол Сырдариядан тартылған ірі каналдарға, екінші бір жерде – Қаратаудан ағып кеп жиналатын тау өзендерінен тартылар мың сан арықтарға негізделді. Үшінші бір жерде – қарғаулық жүйе қолданылды. Қалаларда қолөнер кәсібі кварталдары болды, оларда көзелік, ұсталық, ағаш өңдеушілік, тоқымашылық, былғары жасаушылық, зергерлік, құрылысшылық кәсіптер дамып, тұрғын үйлер, діни және қоғамдық ғимараттар – мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер, үсті жабық базарлар, керуен-сарайлар салынып жатты. Ортағасырлық дәуірдің аяққы шенінде Оңтүстік Қазақстанның қалаларында аймақтың өз ішіндегі қалалар мен ауылдар тұрғындарының, сондай-ақ көшпелі малшылардың, егіншілер мен қолөнершілер өнімдеріне деген сұранысына негізделген сыйымды базарлар тұрақты жұмыс істеп тұрды. Сауда-саттық Түркістанның Сығанақ, Асы, Сайрам сияқты қалаларының негізгі тыныс-тіршілігіне айналды. Бұл қалаларда теңге ақшалар соғылды. Тарихи деректерге жүгінсек, оларда ірі базарлар мен дүкендер көп болған. Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кездегі, әсіресе Қасым хан, Тәуке хан тұсындағы қолайлы саяси жағдай, соғыстар мен өзара талас-тартыстардың тоқтауы қалалар мен сауданың дамуына мүмкіндік берді. Жәнібек ханның баласы Қасым Қазақ хандығының жері мен халқының кеңеюіне елеулі үлес қосып, оның басшылығымен дербестікті аңсаған қазақ тайпалары жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына ел болуға мүмкіндік алды. Жақсы, шұрайлы жерлерді иемденген көшпенділер қырды малға толтырады. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 20-жылдары қазақтар кең-байтақ далаға ие болады. Алайда қазақ этносы, біріншіден, көшпелі және жартылай көшпелі, мүліктік қана емес, сонымен бірге әртүрлілікке негізделген қоғамда өмір сүрді, екіншіден, өзге тайпалар мен халықтар сияқты, тек біржақты көшпелі мал шаруашылығымен ғана шұғылданып қойған жоқ, егіншілікпен айналысып, отырықшылықты және қала мәдениетін де білді. Оңтүстік Қазақстанның таптық (феодалдық) қатынастар едәуір дамыған, егіншілігі мен қала мәдениеті өркендеген аудандары қазақ халқының этникалық территориясы болды. ХV–ХVІІ ғасырларда қазақ халқының өзіндік төл мәдениеті өркен жайды. Қазақтардың тұрғын үй салуы мен көркемөнер кәсібі, халық ауыз әдебиеті мен шығармашылығы түріндегі мәдениеті өмірге сіңіп, орнықты. Олар Қазақстан жерінде мекендеген бұрынғы тайпалар мен халықтардың мәдени байлықтарын өз бойына сіңіріп, қабылдай білді. Сығанақ пен Сауранның, Асы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау ауданындағы кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылығы әрі айқындылығымен ерекшеленеді. Үй кәсібі мен қолданбалы өнер бұйымдары – ат әбзелдері, киіз үй жабдықтары, үй іші тұрмысында ұсталатын заттар (кілемдер, киіздер, кестелер, ши тоқымалары, ыдыс-аяқтар), әйелдердің сәнді киімдері мен әшекейлері – осылардың барлығы халықтың өзіндік материалдық мәдениетінің жоғары болғандығын дәлелдейді. ХV–ХVІІ ғғ. қазақтардың суырып салма ақындық өнері кеңінен дамыды. «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б. сияқты ерлік істер туралы халық аузындағы жырлар, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», т.б. сияқты әлеуметтік тұрмыстық дастандар, әдет-ғұрып өлеңдері мен ертегілері ұрпақтан ұрпаққа көшіп отырды. Қазақ ауызекі поэзиясының өкілдері – Шалкиіз жыраудың (ХV ғ.), Доспамбет жыраудың (ХVІ ғ.), Жиембет жыраудың (ХVІІ ғ.) есімдері ел аузында аңыз болып сақталып қалды. Өлең-жырларда, дастандарда, эпикалық аңыздарда, батырлардың Отан қорғаудағы жанқиярлығы мен ерлігі мадақталды, халықтың өмірі мен тұрмысы кеңінен әңгімеленді. Сөйтіп, бұларда болашақ ұрпақты еңбекке тәрбиелеу, олардың бойында дәстүрлі еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыру мәселелері жан-жақты мазмұндалып, келешек қоғам иелеріне мәдени мұра ретінде беріліп отырды. Бұл дәуірлерде қазақ халқының қазіргі астрономия, геология, медицина, ветеринария саласындағы ұғымдары, сондай-ақ басқа да қолданбалы және іргелі ғылым саласындағы даналығы қалыптасты. Олар ғасырлар бойы жинақталған өзінің мәні мен мазмұнын бүгін де жойған жоқ. Демек, рухани мәдениеттің тууы, дамып, сабақтастықпен одан әрі жалғасуы, жалпы халықтық сипат алып, бүкіл бір этносты қамтып, кеңінен тарауы оның біртұтас бөлінбейтін құбылыс екенін аңғартады. Мұны ұлы Түркі қағанаты мен араб-шығыс мәдениетінің қазақ даласына тарауынан, яғни орта ғасыр ғұламаларының тәлімгерлік ой-пікірлері мен Қазақ хандығы тұсындағы қазақ халқының отбасындағы балаларды еңбекке тәрбиелеу дәстүрі алдыңғы дәуірлерге қарағанда әлдеқайда кеңейіп, күрделене түсуінен көреміз. Біздің осы пікірімізді егеменді еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегіндегі: «...түркі әлемі барлық уақытта да әр түрлі халықтар мен мәдениеттерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекер буын болып келді. Қазіргі түркі әлемі уақыт өтке сайын өзара тығыз бірлесе түсіп, өздерінің мәдени мол мүмкіндіктерін танытуға тиіс. Шамасы, болашақ зерттеушілер ол үрдісті «Түркі-ислам өркениеті» деп атауы да әбден ықтимал», – деген сөзі дәлелдей түседі. Демек, ұлы Түркі қағанаты орта ғасырларда адамзат өркениетінің қалыптасуына аса зор үлес қосып, бөлшектеніп кеткен дала халықтарының, тайпалардың бастарын біріктірді, бүгінгі түркі тектес халықтарда ортақ мәдениеттің қалыптасуы мен жасалуына, сонымен қатар әлемдегі аса қуатты саяси империяның қалыптасуына ықпал етті. Мұның өзі өркениеттің мүлде жаңа тұрпаты еді. Ол ХХ ғасырдың алғашқы үштен біріне дейін өзінің осындай сипатын сақтап келді. Біріншіден, ол кезеңде соншалықты орасан зор кеңістікті игеру шаруашылық жүргізудің бірден-бір жаңа тәсілі – мал шаруашылығымен айналысу арқылы мүмкін болатын еді. Дәстүрлі көшпелілер қоғамы кең даланы, шөлді және шөлейт құмды алқаптарды игерудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Екіншіден, көшпелілер егіншілікпен, тұрғын үй салумен айналысатын отырықшы халықтармен тығыз әрі өзара пайдалы байланыс орната білді. Үшіншіден, түркілерде әскери өнердің дәрежесі бәрінен де жоғары болды. Қатардағы кез-келген көшпелі тек бақташы-малшы ғана емес, ер жүрек жауынгер еді. Біз бұл деректер арқылы қазақ халқының өмір сүру тарихының негізгі кезеңдерінде ұлттық дәстүрлі шаруашылық мәдениетінің жан-жақты дамып, жетілгенін байқадық. Демек, қазақ халық педагогикасындағы отбасында қалыптасқан дәстүрлі еңбек түрлері балаларды еңбекке баулу мен тәрбиелеудің негізгі құралына айналғанына көз жеткіземіз. Қазақ халқының көне ғасырлардан бері дамып келе жатқан әлеуметтік- экономикалық өмірі ғылым мен білім, тарих пен мәдениеттің, ұлттың өзіндік еңбек салаларының қалыптасуына зор әсерін тигізді. Жоғарыда аталған кезеңдерде қазақ халық педагогикасындағы отбасында балаларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік, экономикалық алғышарттары күрделене түсіп, мына төмендегідей сипатқа ие болды:

1. Дүниежүзілік, бүкіл әлемдік өркениетті дамытуға үлкен үлес қосқан Ұлы Жібек жолының қазақ жерін басып өтуі, оның Батыс пен Шығыс елдерімен экономикалық байланысын қалыптастыруы. Ірі сауда жолдарының өсіп-өркендеуі, оның қалалардың пайда болуына, отаршы халықтармен тығыз әрі өзара пайдалы байланыс орнатуға септігін тигізуі.

2. Қазақ жерінде биік материалдық мәдениеттің қалыптасып, өркендеуі. Халықтың тұрғылықты мекендерге қоныстануы, рухани мұраның қалыптасуы, қала мен ауыл арасында еңбек бөлінісінің пайда болуы.

3. Кен қазу, металл өңдеу, бейнелеу өнерінде зергерлік, металл қорыту технологиясының дамуы.

4. Мал, егіншілік-диқаншылық, аңшылық шаруашылықтарының қалыптасып, өркендеуі.

5. Шеберлік, іскерлік, ісмерлік, қолөнерінің, тұрмыста қолданылатын заттардың, еңбек құралдарының түрленіп шығуы.

6. Тұрмыс-тіршілігінің, сәулет өнерінің, үй құрылысы, тоқыма, тігін, еңбек салт-дәстүрлерінің қалыптасып, көреюі.

7. Қазақ халқының шаруашылықты ұйымдастырудағы табиғат әлемі жөніндегі алғашқы қолданбалы ғылыми түсініктерінің қалыптасуы.

Осы аталған алғышарттар қазақ халқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық дамуының 6–7 дәуірінде төмендегідей дәстүрлі еңбек түрлерінің қалыптасқанын көрсетеді: ауыр өнеркәсіпке: – тау-кен, машина жасау, құрылыс, сәулет, отын энергетикасы, атом энергетикасы, коммуналдық, шаруашылық, металлургия, т.б.; жеңіл өнеркәсіп: – тоқыма, тігін, аяқ-киім, фарфор-фаянс, т.б.; ауыл шаруашылығы: – егін, мал, бақша; аңшылық. Алайда өткен ғасырды адамзат баласы автомобиль мініп қарсы алып, ғарыш кемесімен шығарып салды. Қауырсын қалам ұстап ХХ ғасыр табалдырығын аттаған адамзаттың төріне ғасыр соңына қарай бүкіләлемдік ақпарат жүйесі – Интернет шықты. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырдағы адамзат прогресінің үш тағаны: жерде – автомобиль, көкте – ғарыш кемелері, кеңістік-коммуникацияда – Интернет өркениеттің үш тоғысы ретінде қалыптасып, саясаттағы – геосаяси, экономикадағы – интеграция, ғылымдағы – ғаламдану процесіне ұласты. Алғашқы үшеуі өркениеттің қайнары болса, соңғы үшеуі соның өркені ретінде орнықты. Қазақстан тәуелсіздік алған кейінгі он сегіз жыл ішінде, әлемдік өркениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде, адамзат баласының ұлы көшінен өзіне лайықты орнын таба білді. Және осы ұлы көшта өз жол, өз соқпағымен алға басып келеді. Мұның өзі мемлекет пен қоғам өмірінің сан-алуан қырынан айқын аңғарыла бастады. Бұл жолда жиырмасыншы ғасырдың үш таған, үш тоғысы тәрізді үш бағыт, үш арнадан тұрады. Міне, осы үшеудің бірлігі Қазақстанды ХХІ ғасырда өркениетті елдер биігіне көтермек, Осыған орай бүгінгі күні қазақтың халықтық педагогикасындағы дәстүрлі еңбек түрлері (ауыл шаруашылық еңбегі, қолөнер еңбегі, тұрмыстық еңбек процестері) нарықтық-экономикалық рынокқа бейімделді, жаңа мазмұндағы еңбек түрлері пайда бола бастады. Мәселен, фермерлік, серіктестік, акционерлік, жеке меншік, жеке шаруашылық қожалығы. Бірақ бұлардың бәрі жоғарыда аталған ата кәсібімізден (малшы, диқаншы, аңшы, зергер, т.б.) бастау алатын, жаңа заманның талабына сай бизнесмен, менеджер, маркетолог т.б. еңбек түрлерінің қайта түлеуінің жаңа түрі болып отыр. Қорыта келгенде, қазақ халқының бүгінгі таңдағы дәстүрлі еңбек түрлері қоғамның әлеуметтік-экономикалық, ұлттық тарихи дамуының кезеңдерінде қалыптасып, жаңа мазмұнға ие болды. Оның мазмұнын кесте 1-ден көруге болады. Кесте 1 – Дәстүрлі еңбек әрекетінің қалыптасуына ықпал еткен шаруашылық пен қолөнер өндірістерінің даму кезеңдері


жүктеу 2,21 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау