§16. Балташылық жұмыстарды орындау
кезінде қойылатын талаптар
554. Балташылық жұмыстарды орындауға осы Ереженің талаптарына сәйкес осы жұмыс түрлері бойынша нұсқау алудан өткен қызметкерлер жіберіледі.
555. Балтамен жұмыс істеген кезде ағаш ұстасы, өңделетін ағаш материал оның аяқтарының арасында болатындай тұруы тиіс.
556. Жонылатын кесек ағаш немесе тақтай төсеніштерге, олардың еріксіз бұрылып кетуін болдырмау үшін мықтап бекітілуі тиіс.
557. Балтаны верстактың шетінде, сондай-ақ тік қойылған материалға қадап қалдыруға рұқсат етілмейді.
558. Қол арасымен жұмыс істеген кезде материал верстакка қойылуы және мықтап бекітілуі тиіс. Араны бағыттау үшін ағаш кесек қолдану керек.
559. Балташылық жұмыстарды орындау кезінде:
1) кесу орнына тікелей жақындықта материалды қолмен ұстап тұруға;
2) саусақтармен араны бағыттауға;
3) материалды тізеге қойып аралауға;
4) сүргіні жоңқадан сүргінің табаны жағынан тазартуға;
5) өңделетін бөлшекті тікелей қашаудың жүзі алдында қолмен ұстап тұруға рұқсат етілмейді.
560. Ағашты қолмен және механикалық өңдеу кезінде алынған жоңқаны, үгіндіні және қалдықтарды жұмыс орнынан, олардың жиналу шамасына қарай жұмыс ауысымы ішінде және жұмыс аяқталысымен жинау керек.
561. Ағаш өңдеу учаскесінде ағаш шаңын кетіру үшін жергілікті сорғыштар қолдану керек.
12. Антифризді пайдалану кезіндегі
техникалық қауіпсіздік
562. Антифризді жарамды, герметикті түрде жабылатын, бұралатын тығындары бар металл бидондар мен бөшкелерде сақтаған және тасымалдаған дұрыс. Қақпақтар мен тығындар пломбалануы тиіс. Антифризден босаған ыдыс та пломбалануы тиіс.
563. Ұйымда антифризді сақтау, тасымалдау және пайдалану үшін жауап беретін тұлға (тұлғалар) тағайындалуы тиіс.
564. Антифриз адамдармен, жануарлармен, тамақ өнімдерімен бірге тасымалданбауы тиіс.
565. Антифризді ыдысқа, оның сыйымдылығының 90 % асырмай құяды. Антифриз сақтайтын (тасымалдайтын) ыдыста және де одан босаған ыдыста ірі әріппен: "У" деген шайылмайтын жазу, сондай-ақ улы заттар үшін "Сигнал беру түстері және қауіпсіздік белгілері. Жалпы техникалық жағдай және пайдалану тәртібі" туралы ҚР СТ МЕМСТ 12.4.026-2002 сәйкес белгіленген белгі болуы тиіс және тиісті МЕМСТ талаптарын есепке ала отырып, жүктің қауіптілік белгісі салынады.
566. Антифриз құйылардың алдында ыдысты мұнай өнімдерінің қалдықтарынан, қатты қалдықтардан, қақтан және тоттан мұқият тазарту, сілтілі ерітіндімен жуу және булау қажет.
567. Антифризі бар ыдысты құрғақ жылытылмайтын үй-жайда сақтайды. Сақтау және тасымалдау кезінде ыдыстағы барлық ағызу, құю және ауа кіретін тесіктер пломбалануы тиіс.
568. Қозғалтқыштың салқындату жүйесінен ағызылған антифриз акті бойынша сақтау қоймасына тапсырылуы тиіс.
569. Пайдаланылған антифризді сақтау ережелері, жаңа антифризді сақтауға арналған ережелермен бірдей.
570. Қозғалтқыштың салқындату жүйесіне антифриз құярдың алдында:
1) салқындату жүйесінде (жалғағыш шлангаларда, радиаторда, су сорғысының сальнигінде және тағы басқа) тесіктің жоқтығын тексеру, болса, жою;
2) салқындату жүйесін ыстық таза сумен жуу қажет.
571. Қозғалтқыштың салқындату жүйесіне антифриз құюды арнайы осы мақсат үшін арналған ыдыстың (тұмсықты шелек, кеспек, май құйғыш) көмегімен ғана жүргізген дұрыс. Құюға арналған ыдыс осы Ереженің 566-тармағына сәйкес тазартылуы және жуылуы және "Тек қана антифриз үшін" деген жазуы болуы тиіс.
572. Антифриз құйған кезде оған мұнай өнімдерінің (бензин, дизельдік отын, май және тағы сол сияқты) қосылып кетпеуін болдырмау шараларын қабылдау қажет.
573. Ұлғайтқыш багі жоқ салқындату жүйесіне антифризді радиатордың ауызына дейін емес, салқындату жүйесінің көлемінен 10 % аз құйған дұрыс, өйткені қозғалтқыш жұмыс істеген кезде (қызған кезде) антифриз судан артық ұлғаяды, бұл оның ағып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін.
574. Антифризбен әрбір операциядан (алу, беру, автомобильге құю, сапасын тексеру) кейін қолды сабындап бар сумен мұқият жуу керек. Антифризді байқамай жұтып қойған кезде зардап шегуші дереу емдеу мекемесіне жөнелтілуі тиіс.
575. Антифризбен жұмыс істеген кезде:
1) оны алған, сақтаған және пайдаланған кездегі қауіпсіздік шаралары бойынша қосымша нұсқау алудан өтпеген жүргізушілер мен басқа тұлғалар антифризбен жұмыс істеуге;
2) антифризді осы параграфта көрсетілген талаптарға сәйкес емес ыдысқа құюға;
3) антифризді ауызбен сору арқылы шлангамен ағызып алуға;
4) антифризден босаған ыдысты тамақ өнімдерін тасымалдау және сақтау үшін қолдануға рұқсат етілмейді.
13. Станоктарда жұмыс істеу кезіндегі
негізгі қауіпсіздік талаптары
§1. Станоктардағы жұмысқа қойылатын жалпы талаптар
576. Ұйымда қолданылатын станоктар мен олардың жабдығы барлық пайдалану мерзімі бойы тиісті МЕМСТ талаптарына сай болуы тиіс, ал олардағы жұмыс тиісті МЕМСТ-та ескертілген қауіпсіздік шарасын ескере отырып орындалады.
577. Тұрақты станоктар берік фундаменттерде немесе негіздерде берік орнатылуы, мұқият тексерілуі, мықты бекітілуі және "Сигнал беру түстері және қауіпсіздік белгілері" туралы ҚР СТ МЕМСТ 12.4.026-2002 талаптарына сәйкес боялуы тиіс.
578. Әрбір станоктың жеке жетегі болуы тиіс, ал электрлік жетегі бары, жетекпен бірге жерлестірілуі (нөлденуі) тиіс.
579. Тұрақты, тасымалданатын станоктар мен стендтерді, олар бекітілген адамдар ғана іске қосуы және қызмет көрсетуі тиіс. Басқа адамдарға станоктарды іске қосуға және оларда жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
580. Аталған станоктар мен стендтерді жөндеуді арнайы тағайындалған тұлғалар орындауы тиіс.
581. Ток беру тоқтаған, жұмыс сайманын ауыстырған кезде, оған өңделетін бөлшекті бекіткен немесе қойған, оны станоктан алған жағдайда, сондай-ақ станокты жөндеген, тазалаған және майлаған, үгінді мен жоңқаларды жинаған кезде станокты міндетті түрде өшіру қажет.
582. Станокта салмағы он бес килограммнан артық бөлшектер мен дайындамаларды өңдеу кезінде оларды қою мен алуды көтергіш құрылғылар мен құралдардың көмегімен жүргізу қажет.
583. Станоктар пайдаланғанда қолайлы, металдың ұшқан жоңқасы мен бөлшектерінен көздерді қорғауға арналған беріктігі жеткілікті мөлдір экраны бар сақтандырғыш құралдармен жабдықталуы тиіс. Мұндай құралдар қажетті жағдайларда, оларды қажетті күйге ыңғайлы және жылдам қоюды қамтамасыз ететіндей етіліп жиналуы тиіс.
584. Электр қозғалтқыштарына (рубильниктерге, соңғы сөндіргіштерге, реостаттарға) арналған қосу аппаратурасының ток жүретін бөліктері жабық болуы тиіс. Электр қозғалтқышынан станокқа берілістердің (белдіктер, тісті берілістер) қоршауы болуы тиіс.
585. Электр қозғалтқыштар мен қосу аппаратурасының корпустары, сондай-ақ олардың жанындағы, кернеуі болуы мүмкін барлық металл бөліктер жерлестірілген болуы тиіс.
586. Еденнен екі метрге дейінгі биіктікте тұрған станоктардың шығып тұрған қозғалатын барлық бөліктері берік қоршалуы тиіс.
587. Ақаулы станоктарда, сондай-ақ жарамсыз немесе нашар бекітілген қоршаулары бар станоктарда жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
588. Материалдар мен бөлшектерді жұмыс орындарының жанында жинап қою олардың орнықтылығын қамтамасыз ететін тәсілмен жүргізілуі тиіс. Жұмыс орны жанындағы бұйымдардың, бөлшектердің үйме қатарының биіктігі, орнықтылық және одан бөлшектерді алу қолайлылығы шарттарына байланысты таңдалуы, бірақ 1 м аспауы тиіс.
589. Станокшының жұмыс орны мен үй-жайы әрқашан таза күтіп ұсталуы, жақсы жарықтандырылуы және өнімдер мен материалдар үйілмеуі тиіс.
590. Барлық станоктар жергілікті жарықпен жабдықталуы тиіс. Жергілікті жарықтың болмауына табиғи жарық жеткілікті болған кезде ғана рұқсат етіледі.
591. Қоса қойылған қыздыру лампалары бар жергілікті жарықтың шамдарын қоректендіру үшін кернеу 42 В артық болмауы тиіс. Шамдардың кез келген конструкциясына (қыздыру немесе люминесцентті лампалары бар жергілікті жарық) арналған 127-220 В қоректендіру, мұндай шамдардың байқамай жанып кетуі үшін оңай ток жүретін бөліктері болмау шартымен рұқсат етіледі.
592. Станоктан жоңқаны алу тиісті құралдармен (ілгіштер, щеткалар) жүргізілуі тиіс, жоңқаны қолмен жинауға тыйым салынады. Ілгіштердің тегіс саптары мен қолды жоңқамен кесіп алудан сақтайтын қалқаны болуы тиіс.
593. Жұмыс жолдарынан жоңқаны жинау жоңқаның жиналып қалуын болдырмау мақсатында мұқият жүргізілуі тиіс. Жоңқаны арнайы жәшіктерге жинайды да, толғаннан кейін оларды үй-жайдан шығарады.
594. Барлық пайдаланылатын жабдық өндірістік учаске басшысының тұрақты қадағалауында болуы тиіс.
595. Жұмысшылар және әкімшілік, станоктардың жанында бөтен адамдардың болмауын қадағалауға міндетті.
596. Станокшы жұмысшылар жұмыс кезінде тиісті арнайы киім мен басқа жеке қорғану құралдарын пайдалануы тиіс.
597. Жұмыс істеген кезде арнайы киім толық түймеленуі тиіс. Шаш бас киіммен (берет, орамал, тор және басқалар) жабылуы және оның астына жиналуы тиіс.
598. Станокшы жұмыс орнынан кететін кезде (қысқа уақытқа болса да) станокты сөндіруі тиіс.
599. Ақаулы станокқа (стендке) жауапты тұлға "Станок қосылмасын. Жарамсыз!" деген тақтайша ілуі тиіс. Мұндай станок электр желісінен ажыратылуы тиіс.
§2. Токарлық станоктардағы жұмысқа қойылатын талаптар
600. Өңделетін бөлшектер мен сайманды бекітуге арналған барлық құралдардың (патрондар, планшайбалар, оправкалар, шпиндель бастары, кондукторлар) конструкциясы олардың мықты бекітілуін қамтамасыз етуі және құралдың жұмыс кезінде, оның ішінде айналысты реверстеген кезде өздігінен бұрылып кету мүмкіндігін болдырмауы тиіс.
601. Станоктарда өңделетін бөлшектерді қолмен егеуге және жылтыратуға рұқсат етілмейді. Бұл жұмыс бәрібір қолмен істеу тәсілімен жүргізілетін ерекше жағдайларда, ол, осы жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы құралдардың көмегімен орындалуы тиіс.
602. Өңделетін бөлшектерді станокта зімпара құралымен тазалау қысқыштардың (ұстағыш) көмегімен орындалуы тиіс. Зімпара құралын бөлшекке қолмен қысуға тыйым салынады.
603. Станоктың шпинделінен шығып кеткен өңделіп жатқан металдың шеті жылжымайтын қаптамамен қоршалуы тиіс.
604. Станоктарға сайман мен бөлшектерді қоюға рұқсат етілмейді.
§3. Бұрғылау станоктарында істелетін
жұмысқа қойылатын талаптар
605. Станок шпинделіне бұрғылар мен басқа кескіш саймандар мен құралдарды орнатқан кезде, олардың бекітілу беріктігі мен қойылу дәлдігіне аса назар аудару қажет.
606. Бұрғыланған тесіктен жоңқаны алуға станок тоқтағаннан және сайман алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.
607. Өңдеуге арналған, аса ауырларын қоспағанда, барлық заттар үстелде немесе бұрғылайтын станоктың плитасында құрсаулардың, кондукторлардың және басқа берік құралдардың көмегімен қозғалыссыз орнатылуы және бекітілуі тиіс.
608. Патроны бар шпиндель бұрғы беру штурвалын түсірген кезде жоғарғы күйіне өздігінен қайтуы тиіс. Станоктың шпинделінен сайманды шығару үшін, ұрған кезде оның бөлшектерінің бөлінуін болдырмайтын материалдан жасалған арнайы балғалар мен қаққыштар қолданылуы тиіс.
609. Бұрғылау станогында жұмыс істеген кезде:
1) жаншылған немесе тозған құйрықшасы бар бұрғылар мен патрондарды қолдануға;
2) станокта жұмыс істеген кезде қолғап пайдалануға;
3) өңдеу кезінде бұйымды қолмен ұстап тұруға рұқсат етілмейді.
§4. Фрезер станогында істелетін
жұмысқа қойылатын талаптар
610. Фрезаларды орнатқан және ауыстырған кезде, қолды кесуден сақтайтын арнайы құралдар қолданылуы тиіс.
611. Фрезалардың жұмыс істемейтін бөліктері қоршалуы тиіс.
612. Жарықтары немесе сынған тістері бар фрезаларды қолдануға рұқсат етілмейді.
613. Айналып тұрған фрезаға жақын жердегі жоңқа ағаш таяқшамен немесе сабының ұзындығы кемінде 250 миллиметр қылқаламмен алынуы тиіс.
§5. Сүргілеу станоктарындағы
жұмысқа қойылатын талаптар
614. Еркін өту үшін қабырға мен үстелдің немесе станоктың сырғыма тиегінің арасы, олар барынша шыққан кездегі ең соңғы күйде жеті жүз миллиметрден кем болмауы тиіс.
615. Барлық станоктар жоңқа жинауға арналған құралдармен жабдықталуы тиіс. Сүргілеу станогында жылжымалы үстелдің немесе сырғыма тиектің барынша жолының барлық ұзындығына қоршау болуы тиіс.
616. Станок жұмыс істеп тұрған кезде бұйымдар мен аралық төсемелерді түзеуге рұқсат етілмейді.
§6. Тегістеу және қайрау станоктарында істелетін
жұмысқа қойылатын талаптар
617. Қайрақты сайманды сақтау және тасымалдау, тексеру, оны станоктарда орнату, сондай-ақ пайдалану тиісті МЕМСТ талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.
618. Қайрақты шеңберлерді станоктарға орнатуға арнайы оқып үйренген жұмысшыларға ғана рұқсат етіледі. Орнату алдында барлық шеңберлер теңгерілуі тиіс.
619. Шеңбердің тепе-теңдігі бұзылғаны байқалған кезде бірінші жанудан кейін немесе жұмыс барысында ол теңгерілуі тиіс. Кескіш және сыдырғыш шеңберлерді, оларды станокқа орнатардың алдында теңгермеуге рұқсат етіледі.
620. Қайрақты шеңберді орнату алдында фланецтер мен шеңбердің арасына қатырма қағаздан немесе қалыңдығы 0,5-ден 1 мм дейінгі басқа жұмсақ материалдан жасалған аралық төсемелер қою қажет. Төсемелер фланецтің айналасынан 1-5 мм шығып тұруы тиіс.
621. Жұмыс басталар алдында тегістегіш станокқа орнатылған шеңбер айналымдардың жұмыстық саны: диаметрі 400 мм дейінгі шеңбер - кемінде 2 минут, 400 мм жоғарғы - кемінде 5 минут жүре (бос) тексерілуі тиіс.
622. Шеңбердің соғуы жоқ, ал тегістегіш станоктың шпинделінің соғуы 0,03 мм аспайтынына екеніне көз жеткізіп ғана жұмысқа кірісуге болады.
623. Қайрау станогында жұмыс істеген кезде айналып тұрған қайрақты шеңберге қарсы тұруға рұқсат етілмейді. Қорғаныш экран, экран көтерулі (бөліп берілген) кезде станоктың іске қосылу мүмкіндігін болдырмайтын іске қосу құрылғысымен біріктірілуі тиіс.
624. Қайрақты шеңберлерді сынауды, орнатуды және жануды арнайы тағайындалған және дайындалған жұмысшылар немесе шебер жүргізеді.
625. Тегістеу және қайрау станоктарында жұмыс істеу кезінде:
1) сыналғаны туралы белгісі жоқ шеңберлерді қабылдауға;
2) шеңберлердің жанылуын арнайы емес сайманмен жүргізуге;
3) тегістегіш шеңбермен бұйымдарды өңдеген кезде шеңберге қысымды ұлғайту үшін рычагтар қолдануға;
4) салқындатқыш ретінде жұмысшылардың денсаулығына немесе шеңбердің механикалық беріктігіне зиянды әсер ететін сұйықтықтарды пайдалануға;
5) жұмысты шеңберлердің, жұмыстардың мұндай түріне арнайы арналмаған қаптал (тік) беттерімен орындауға;
6) егер бір шеңбердің өлшемі диаметр бойынша екіншісінен он пайызға артық болса, бір шпиндельде екі шеңбер орнатылған станокта жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
626. Шеңбердің қажалуы салдарынан оның диаметрі кішірейген кезде, осы шеңбер үшін рұқсат етілген айналу жылдамдығы ұлғаймайтындай, шеңбердің айналыстарының саны көбеюі мүмкін.
627. Қайрақты сайман қолданылатын ұйымдарда:
1) қайрақты сайманды орнату және пайдалану жөніндегі;
2) шеңберлердің беріктігін сынау жөніндегі нұсқаулар бекітілуі тиіс.
628. Тегістегіш (қайрағыш) шеңберге берілетін бұйымдарды сүйемелдеу үшін тіректер немесе оларды ауыстыратын құралдар қолданылуы тиіс. Тіректер, шеңбердің қажалған шамасына қарай оларды қажетті күйде орнатуға мүмкіндік беретіндей жылжымалы болуы тиіс.
629. Тіректің шеті мен шеңбердің жұмыстық бетінің арасындағы саңылау өңделетін бұйымның қалыңдығының кемінде жартысындай болуы, бірақ үш миллиметрден аспауы тиіс және де тіректің шеңбер жағындағы шетінің ойықтары, сынықтары және басқа ақаулары болмауы тиіс.
630. Тіректерді бұйымның шеңберге жанасуы, шеңбердің ортасы арқылы өтетін көлденең жазықтықтан жоғары болатындай, бірақ он миллиметрден аспайтындай етіп орнатады.
631. Орны ауыстырылған сайын тірек қажетті күйде бекітілуі тиіс. Тіректің орнын ауыстыру қайрақты шеңбердің айналуы тоқтағаннан кейін ғана жүргізіледі.
632. Тегістегіш (қайрау) станоктар қоршаусыз жұмыс істеген кезде шаң соратын құрылғылармен жарақталуы тиіс.
633. Қайрақты шеңберлер жұмыс кезінде қаптамалармен қоршалуы тиіс. Қорғаныш қаптамасыз жұмыс істеуге тыйым салынады. Қаптамалар болат табақтан немесе табақты болаттан жасалады.
634. Өсірілген жазық (ӨЖ), бұдырланған жазық (БЖ), сақина шеңбер (С) және минералдарды кесуге арналған (М) үлгілеріндегі шеңберлерден басқа, диаметрі 30 мм және одан артық шеңберлердің, сондай-ақ диаметрі 150 мм және одан артық барлық шеңберлердің станокқа орнатылудың алдында МЕМСТ көрсетілген айналу жылдамдығы мен ұзақтығы кезіндегі беріктігі сыналуы тиіс.
635. Қандай да болмасын механикалық қайта жөндеуден, химиялық өңдеуден өткен таңбаламасы жоқ, сондай-ақ кепілді мерзімі өткен шеңберлердің тегістегіш станокқа орнатылардың алдында механикалық беріктігі сыналуы тиіс.
636. Әрбір станоктың жанында көрнекті жерде пайдаланылатын қайрақты шеңбердің рұқсат етілген жұмыстық айналымы және станок шпинделінің бір минуттағы айналыстарының саны көрсетілген кесте ілінуі тиіс.
637. Әрбір станоктың жанында оны пайдалану үшін жауапты тұлға көрсетілген тақтайша ілінуі тиіс.
§7. Қайшымен, арамен және преспен
істелетін жұмысқа қойылатын талаптар
638. Табақты металды кесуге арналған қайшы үстелмен және кесетін жер қызметкердің көзіне көрінетіндей етіп қалдырылып бекітілген сақтандырғыш сызғышпен жабдықталуы тиіс.
639. Серіппелі қайшының қарсы салмағының массасы, жоғарғы пышақтың өздігінен түсуіне кедергі болатындай жеткілікті болуы тиіс. Гильотиналы қайшы, қызметкердің саусақтары пышақтың астына түсуіне жол бермейтін сақтандырғыш құрылғылармен жабдықталуы тиіс.
640. Дөңгелек аралы станок дискісінің жұмыс істемейтін бөлігі қоршалуы тиіс.
641. Металл аралауға арналған ұзын ара, араның ашық бөлігін реттеуге мүмкіндік беретін металл қаптамамен жабылуы тиіс.
642. Ұзын аралы станоктар, араның лентасы үзілген жағдайда бірден ұстап қалатын аулағыштармен жабдықталуы тиіс.
643. Ұзын және дөңгелек аралармен ұсақ бұйымдарды өңдеген кезде қызметкердің саусақтарының зақымдалуына мүмкіндік бермейтін өңделетін бұйымды беретін және ұстайтын, ерекше құралдар қойылуы тиіс.
644. Жарықтары, сынған тістері бар немесе пластиналары түсіп қалған дискілі аралармен жұмыс істеуге және жұмыс істеп тұрған кезде дөңгелек және ұзын аралардың астынан үгіндіні жинауға рұқсат етілмейді.
645. Ара мен оған жақын жатқан еденнің ауданын тазарту және жинау араны тоқтатқаннан кейін ғана рұқсат етіледі.
646. Теңгергіші бар бұрамалы престердің теңгергіш өтетін жолының, егер ол өзінің орналасуы бойынша жеткілікті қауіпсіз болып табылмаса, қоршауы болуы тиіс.
647. Басқыш престерде, штампылағыш және қашағыш машиналарда, соғу арқылы жұмыс істейтін балғалар мен станоктардың, қызметкердің қолын төмен түсетін пуансонның немесе құлайтын балға басының зақымдауынан қорғайтын құралдар болуы тиіс.
648. Соғатын балғаларда, оның басын балға тоқтап тұрған кезде ұстап тұруға арналған құралдары болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |