270
айып төлейді екен. Ана тілін ардақтаған, тіл тазалығы үшін күрескен
дегеннің үлгісі осындай-ақ болар, сірә. Ал бізде бәрі басқаша
сипат алып отыр. Осы орайда еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі
өмірін шет елдерде (Түркияда, Германияда) өткізуге мәжбүр болса
да жұдырықтай жүрегі елім, жерім деп соққан қандас бауырымыз
Хасан Оралтай ағамыздың жуырда «Жас қазақ» газетінде шыққан
«Қазақша сөйлемейтін елді қалай Қазақстан дейміз?» деген
сұхбатындағы мына бір пікіріне құлақ аспасқа, қосылмасқа амал
жоқ. «Бір жолы мен Францияға бардым. Содан әуежай маңындағы
дүңгіршектен газет алайын деп сатушыға ағылшынша сөйлесем,
үндемейді, түрікше сөйлесем жауап бермейді... Тек французша
сөйлесең ғана қалағаныңа қол жетеді. Бұл жағдай Англияда да,
Германияда да бар. Олар өз тілдерін қызғыштай қориды. Бұның
бәрі ұлттық сананың мықтылығы...
...Қазақтың парламенті қазақша сөйлеуі керек қой. Заңдары
қазақша жасалып, соттары қазақша тергеу жүргізуі керек емес
пе?! Неге олай істейсің деп қазақты кінәлауға кімнің қақысы
бар? Елімізде 130 ұлыс өкілдері бар, пәлен-түген дейді. Басқа
елдерде де бар ондай халық. Германияда 4 миллион түрік бар.
Солар үшін немістің ресми орындары түрікше сөйлеп жатқан
жоқ қой? Түркияда да неше түрлі халық бар. Бәрінің тілі – бір
тіл, мемлекеттік тілі – түрік тілі. Қазақстанның белгісі қазақ қой.
Ал қазақтың белгісі – қазақ тілі. Осыдан кейін қазақтың тілінде
сөйлемеген елдің мемлекетін қалай Қазақстан деуге болады?»
Иә, әзірше біздің жағдайымыз басқаша болып отыр. Сондықтан
қазақ тілі аударма тілі болып қала бермек! Оның қанша уақытқа
созылары бар қазақтың сана-сезімінің оянуына байланысты.
Тіл туралы Заң бар, мемлекеттік бағдарлама қабылданған,
Конституциямыз бекіді. Мақсат – айқын, міндет – зор. Ендеше бұл
істі көп болып қолға алуымыз керек қой. Алдымен, мүмкіндік бар
жердің бәрінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшуіміз
керек. Бұл істе аудандық, облыстық әкімдіктер көп шаруа тындыра
алар еді. Мысалы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау,
Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір игі іс-шаралар мен іс-
тәжірибелерді айтуға болар еді. Іскер, жігерлі азаматтар бар жерде
бұл істің өркен жаяры сөзсіз. Бұған бәріміз болып ат салысуымыз
керек.
271
Калька тәсілімен аударуға мысалдар
Біздің қазіргі аударманың ең бір ақсап жатқан жері – сөзбе-сөз
аудару – калька тәсілі.
Жаңа бастаған аудармашылардың көпшілігіне тән болып
келетін ортақ кемшілік – түпнұсқаның аясынан шыға алмай осынау
калька тәсілімен, яғни сөзбе-сөз аудару.
Калька дегеніміз – белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі
фразеологизмдердің, ғылыми формулалар мен анықтамалардың
бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша
айтқанда түпнұсқа нысанының екінші тілде сөзбе-сөз қайталануы.
Академик жазушымыз, қазақ тілінің білгірі Ғабит Мүсірепов пен
тіл білімі саласындағы академик ғалымымыз Ісмет Кеңесбаевтың
осы калька жөнінде айтқан мынадай бір пікірі бар.
«Сөзді дәлме дәл аударуды нысана тұтып, калька тәсіліне
шамадан тыс әуестенуден тілдің ғасырлар бойғы қалыптасқан
заңды жүйесіне қиянат келтіретін де жайы жоқ емес. Кальканың
аудармашыға көмекке келер, шылбыр ұшын берер жерін іздеуіміз
ұтымды: ана тілі қорынан аудармақ болған сөзімізге сай келетін
балама таба алмаған жерде ғана калька қажеті келіп шығады. Зәру
болған кезде асығыстық жасамай, байыппен іздестіре, қармана
білсек, ана тіліміздің қалтарыс-қатпарында елеусіз жатқан талай
сөздерді әлі де табарымыз анық. Ізденудің қиындығынан қашып,
жалаң калька қуу салдарынан кейде жасандылыққа ұрынып
қалатынымыз да жасырын емес» («Сөз талғамы – өрелі ой кепілі»,
«Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақаладан).
Үлкен жазушымыз бен ірі ғалымымыздың бұл пікірі әрбір
аудармашыға ой саларлық ортақ нәрсе.
Осы орайда бірер мысал келтіре кеткен жөн болар.
1. «Волков бояться – в лес не ходить». Осыны калька тәсілімен
аударсақ: «Қасқырдан қорқу – орманға бармау» болар еді. Ал
мұның тілімізде сәтті баламасы бар: «Қасқырдан қорыққан тоғай
араламас» дейді халық.
«Не приметить слона» – «Пілді байқамау» дер едік. Мұның
дұрысы: «Көрмес түйені де көрмес».
Калька жасау жолымен орыс тілінен қазақ тіліне ауысып,
жарасымды, қонымды болғандықтан тілімізге сіңіп кеткен
фразеологиялық тіркестер де бар. Мысалы:
272
«Кулик кулика видит издалека» – «Балықшы балықшыны
алыстан таниды».
«Лучше поздно, чем никогда» – «Ештен кеш жақсы»
«Беречь как зеницу ока» – «Көздің қарашығындай сақтау»
«Ловить рыбу в мутной воде» – «Лай судан балық аулау»
Осы сияқты бірен-саран болмаса, жалпы калькадан туған
нұсқалар қазақ тілінің нормаларына қайшы келеді. Бір мысал:
«Много воды утекло» – Осыны «Көп су ағып кетті» деп аударар
болсақ, мәні де, мағынасы да жоқ бірдеңе болып шығатынын көріп
отырмыз. Бұл жерде әңгіме сөз болып отырған кезеңнен бері біраз
уақыттың, мерзімнің өтіп кеткені жайында ғой. Мысалы, «одан
бері бірталай уақыт өтіп те кетті» немесе «одан бері не заман»
деген сияқты етіп, оқиғаның мән-жайына қарай үйлестіріп айту
керек.
Енді құрмалас сөйлемдерде кездесетін калька тәсілінен
бірер мысал келтірейік:
1. «Прежде пребывание без работы было, как правило,
временным состоянием, которое прерывалась трудоустройством
на более или менее длительный срок. Теперь пребывание вне
производственного процесса продолжается долго и грозит
превратиться для многих в постоянное времяпрепровождение».
Осы сөйлемді бір аудармашы былай тәржімалаған:
«Бұрын жұмыссыз жүру, әдетте, уақытша жағдай болатын,
оны азды-көпті ұзақ мерзімге жұмысқа орналасу бөліп
отыратын. Енді өндіріс процесінен тыс қалу ұзаққа созылады
және көптеген адамдар үшін тұрақты уақыт өткізуге айналу
қаупін туғызуда».
Осындағы біз астын сызған тіркестер нағыз кальканың өзі.
Бір қарағанда барлық сөз орнында тұрған сияқты көрінеді, бірақ
қазақша емес, сондықтан да ұғыну қиын.
Бұл үзінді «Международные отношения» баспасынан 1986
жылы шыққан «Пути и перепутья «потерянного поколения»»
деген кітаптың аудармасынан алынған. Өйткені кітаптың тілі өте
күрделі және саяси, экономикалық, философиялық терминдер мен
сөз тіркестері жиі кездеседі. Сондықтан да мұны аударудың оңай
шаруа болмағаны көрініп тұр.
2. Военные не на шутку струхнули - әскерилер қалжыңы жоқ
шошып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |