Есеп берушілермен есеп айырысуды
синтетикалық және аналитикалық есепке алу
Есеп беретін тұлғалармен есеп айырысуларды есепке алуды 1250 шотта жүргізеді, оған берешектің түрлері бойынша талдау шоттар ашылады:
- 1251-есеп беретін тұлғалармен есеп айырысулар бойынша;
- 1252-материалдық залалды өтеу бойынша;
- 1253-жұмыскерлермен несиеге сатылған тауарлар үшін;
- 1254-берілген қарыздар бойынша.
Есеп беретін тұлғалармен есеп айырысуларды есепке алу. Өндірістік-шаруашылық қызмет процесінде кәсіпорындар қызметкерлерді қызметтік іссапарларға жібереді, дүкендерден кеңсе заттарын сатып алады, пошта аударымдарын және басқа да шығыстарды төлейді. Бұл шығындарды банк мекемелері арқылы есеп айырысу арқылы төлеу әрдайым мүмкін емес. Сондықтан, жоғарыда аталған және басқа шығындарды төлеу үшін қызметкерлерге қолма-қол ақша беріледі. Қызметтік іссапарларға арналған ақша іссапарға жіберілетін адамдарға іссапар орнына бару және кері қайту жолақысын төлеуге, тәуліктік шығыстарды және іссапар мерзіміне үй-жайларды жалдау шығыстарын өтеуге тиесілі сома шегінде беріледі. Есеп берілетін сомалардың жұмсалуы жинақталып қорыту үшін белгіленген мерзімде бухгалтерияға ұсынылатын аванстық есеп құжаттармен расталады.
Кассадан аванстар беру бұрын берілген аванстар бойынша толық есеп айырысқаннан кейін жүргізіледі. Есеп бермеген және есеп беретін соманың жұмсалмаған қалдықтарын белгіленген мерзімде тапсырмаған тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Субъект қызметкердің еңбекақы төлеу сомасынан ол өтемеген аванс қалдығын ұстап қалуға құқылы. Аванстық есеп бойынша артық жұмсалған сомалар қызметкерге кассадан беріледі. Бухгалтерия қызметкері аванстық есептерді тексереді, кейін кәсіпорын басшысы бекітеді.
Аванстық есепке қоса берілген құжаттар мөртаңбамен немесе күні көрсетіле отырып, қолдан "Төленді" немесе "Өтелді" деген жазумен есептен шығарылады. Іссапарда болған уақыты үшін демалыс және мереке күндерін қоспағанда, іссапарда болған әрбір күн үшін белгіленген мөлшерде тәуліктік ақы төленеді.
Тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстарды төлеу ұсынылған шоттар негізінде жүргізіледі. Құжаттарды ұсынбаған кезде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстар қызметтік іссапарлар бойынша тәуліктік норманың 50% мөлшерінде өтеледі.
Егер іссапарға жіберілген адам шетелдік іссапарға барса, кеткен күні мен келген күні бір күн болып есептеледі. 1251 және 1012 шоттар бойынша валютамен операциялар теңгелік баламада көрсетіледі.
Несиеге сатылған тауарлар үшін жұмыс істейтіндермен есеп айырысулар екі нұсқа бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:
1 нұсқа. Кәсіпорындар өз қызметкерлерінің тапсырма - міндеттемелері негізінде олардың еңбекақысынан кезекті төлемдерді ұстап қалады және оларды сауда ұйымдарына аударады. Бұл операциялар тиісінше Дт 1253 Кт 1030 бойынша көрсетіледі.
2 нұсқа. Кәсіпорындар несие бойынша сатылған тауарлар үшін сауда ұйымдарына соманы толығымен өтейді. Мұндай төлемдер үшін ұйым банктен несие ала алады, ол қызметкерлердің жалақысынан шегеріледі.
Материалдық залалды өтеу бойынша есеп айырысулар. Бухгалтерия қатаң бақылауды жүзеге асыруға және ақша қаражатының, ТМҚ сақталуын қамтамасыз етуге, жетіспеушілікке, ұрлыққа және бүлінуге кінәлі адамдарды анықтауға және жауапкершілікке тартуға міндетті. Кінәлі адамдардан өндіріп алынатын сомалар: Дт 1252 Кт 1310, 1320;
- тиісті түрде ресімделген құжаттардың негізінде кінәлі тұлғалардан өндіріп алуға болмайтын жетіспеушіліктер, ысырап және талан-таражға салу сомасы: Дт 1280 Кт 1250 есептен шығарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |