Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі бірқатар жаңашылдықтар еліміздегі интернет-саудаға да ықпалын тигізбек. Ендігі уақытта электронды сауда-саттық қалай жүргізіледі? Осы кәсіппен айналысатындарға Салық кодексінде қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл туралы Қаржы вице-министрі Қанат БАЕДІЛОВ баяндап берді.
– Қанат Ескендірұлы, Қазақстанда электронды сауда-саттық бірте-бірте қарқын алып келеді. Бүгінгі таңда мемлекет кәсіпкерліктің осы түріне қызығушылық танытып отыр деуге бола ма?
– Соңғы он жылда әлемдік технологиялардың қарқынды дамуы интернет-кеңістікте сауда желілерінің бір-бірімен үйлесім тауып, өзара ықпалдасуына өте жақсы жағдай туғызды. Бұл сауда-саттық процесіне қатысушылардың барлығына – сатушыларға да сатып алушыларға да үлкен мүмкіндік берді. Бүгінде интернет-дүкендер әлемнің барлық өркениетті елдерінде сату мүмкіндіктерін барынша кеңейтуге және сатып алу белсенділігін барынша арттыруға жол ашып отыр. Атап айтқанда, интернет-дүкендерде ғана бір мезгілде орасан зор көлемдегі тауар туралы толық ақпарат алуға, артық күш пен қаражат жұмсамай-ақ қолайлы тауарды таңдауға және түймешікті бір рет басып сатып алуға болады. Бұл адамдардың қымбат уақытын үнемдейтіні тағы бар. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ел үшін дүниежүзілік интернет-саудадан тыс қалу кешірілмейтін қате болар еді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін электронды сауда – қазіргі заманның талабы, дамудың жаңа деңгейі, әлемнің ең жақсы дамыған елдерінің қатарына ену, халықаралық аренада неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізу. Сол себепті электронды сауданы дамыту мемлекет қызметінің басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында салық органдарына электронды саудаға салық салу мәселелерін пысықтауды тапсырды, осы іске жіті назар аудару керек екендігін айтты. Ал салықтық ынталандыру бизнестегі кез келген бағытты дамыту үшін ең пәрменді құралдардың бірі болып табылатыны белгілі.
– Бірнеше жыл бұрын тауарды виртуалды әлемде сату «көлеңкелі экономиканың» бір бөлігі саналғаны есімізде. Ал жаңа Салық кодексі сауданы интернет арқылы жүргізетін кәсіпкерлерді нақты қандай жолдармен ынталандыруы мүмкін?
– Фискалды алаңнан тыс жұмыс істейтіндердің барлығы – көлеңкелі экономика. Бірақ қазір Қаржы министрлігі салық төлеушілермен өзара қарым-қатынастың жаңа моделіне көше бастады. Уақыт талабы бойынша ендігі уақытта салық органдары жазалаушы бақылаушыдан гөрі кеңес берушінің рөлінде болуы керек. Біздің міндетіміз – кәсіпкерге қажетті барлық ақпаратты беру, олардың заң аясында жұмыс істеуіне барынша ыңғайлы жағдай жасау. Осыған байланысты мемлекет қолма-қол ақшасыз есеп айырысу түрлерін дамытуды жолға қоя бастады. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге мемлекет назарында қала отырып, заңды табысын алуға, халықаралық сауда нарығына қатысушы болуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан осылай қолма-қол ақшасыз төлем көлеңкелі айналым көлемін азайтуға ықпал етеді. Осыны назарға ала отырып, жаңа Салық кодексінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-дүкен немесе интернет-алаң арқылы өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Атап айтқанда, заңды тұлғалар – корпоративтік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады
– Фискалды алаңнан тыс жұмыс істейтіндердің барлығы – көлеңкелі экономика. Бірақ қазір Қаржы министрлігі салық төлеушілермен өзара қарым-қатынастың жаңа моделіне көше бастады. Уақыт талабы бойынша ендігі уақытта салық органдары жазалаушы бақылаушыдан гөрі кеңес берушінің рөлінде болуы керек. Біздің міндетіміз – кәсіпкерге қажетті барлық ақпаратты беру, олардың заң аясында жұмыс істеуіне барынша ыңғайлы жағдай жасау. Осыған байланысты мемлекет қолма-қол ақшасыз есеп айырысу түрлерін дамытуды жолға қоя бастады. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге мемлекет назарында қала отырып, заңды табысын алуға, халықаралық сауда нарығына қатысушы болуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан осылай қолма-қол ақшасыз төлем көлеңкелі айналым көлемін азайтуға ықпал етеді. Осыны назарға ала отырып, жаңа Салық кодексінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-дүкен немесе интернет-алаң арқылы өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Атап айтқанда, заңды тұлғалар – корпоративтік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады!
– Яғни сауданы интернет арқылы жүргізетін бизнесмендер осы салық түрлерін төлеуден толығымен босатыла ма?
– Өте дұрыс айтып отырсыз. Бірақ олар өздеріне жүктелген үш түрлі міндетті шартты орындауға тиіс. Біріншіден, тауар үшін есеп айырысу қолма-қол ақшасыз тәсілімен жүргізілуі керек. Екіншіден, сатып алушымен шарт онлайн-режімде жасалуы қажет. Үшіншіден, кәсіпкердің жеке жеткізу қызметі болуға тиіс, не болмаса ол тасымалдаумен, жіберумен, жеткізумен айналысатын адаммен шарт жасасуы керек. Осылайша біз бизнеске интернет-алаң арқылы заңды жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Егер сатушы сайтта көрсетілген тауарға сәйкес келмейтін тауар жеткізген болса, сатып алушылардың да мүдделерін қорғаймыз. Интернет-сатушылар үшін ең маңызды тұсын атап өтейін. Салықтың осы түрінен босату егер жеке тұлғалардың электронды сауданы жүзеге асырудан тапқан кіріс көлемі шаруашылық жүргізу субъектісінің жылдық жиынтық табысының кем дегенде 90 %-ын құрған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Жаңа Салық кодексінде патент негізінде арнайы салық режімінде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін төмендету көзделгенін атап айту керек. Егер салық төлеуші сауда саласында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жұмыс істесе, онда табыс салығының мөлшерлемесі екі есе, екіден бір пайызға дейін төмендетіледі.
– Электронды саудамен шұғылданатын кәсіпкер сіз айтып отырған жеңілдіктерді пайдалану үшін арнайы есепке тұруы керек пе?
– Ең алдымен адам жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеуде тұруы керек. Содан кейін кіріс органдарына тауарларды электронды сату сияқты қызмет түрін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде жұмыс бастағаны туралы хабарлама жібереді. Кәсіпкер Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында (kgd.gov.kz) тіркелгеннен кейін есеп беру түрін өзі таңдайды. Ол әрбір ресімделген мәміле туралы күн сайынғы электронды шот-фактуралардың үзіндісі болуы мүмкін. Сол сияқты мәмілелер туралы мәліметтер өзге режімде де ұсынылады. Оны заңды тұлғалар тоқсан сайын, ал жеке кәсіпкерлер жыл сайын береді. Ал тауар үшін жасалған төлем туралы ақпаратты тікелей банктер немесе өзге қаржы ұйымдары беретін болады. Тауарды тасымалдау және жеткізу бойынша мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетінің сұрау салуы бойынша тиісті субъекті ұсынуы мүмкін.
– Электронды сауда саласындағы қызметті бастағаны туралы хабарлама беру тәртібі туралы айтып өтсеңіз?
– Хабарламаны жеке кәсіпкердің тұрғылықты жері, заңды тұлғаның тіркелу орны бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына беруге болады. Кейіннен «е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры арқылы электронды хабарлама беруге мүмкіндік ұсынылуға тиіс.
– Электронды сауданың бірқатар бөлігі әлі де «көлеңкеде» қалуы мүмкін деп болжауға бола ма? Салық қызметтері осы мәселені қалай жетілдірмек?
– Жаңа айтып өткенімдей, біздің міндетіміз – бизнестің заңды алаңда жұмыс істеуіне көмектесу. Сондықтан басты назарды түсіндіру жұмыстарына бағыттап отырмыз. Әрине егер кәсіпкер заң бұзуды және салық төлеуден жалтаруды жалғастыратын болса, онда еліміздің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
– Тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кетейік. Қазақстан азаматы тауарды шетелдік интернет-дүкендерден сатып алса, салық төлеуге тиіс пе?
– Ол жағы тауарды қандай мақсатта сатып алғанымен байланысты. Егер сатып алушы жеке мақсатта сатып алған болса, онда кәсіпкер ретінде тіркелуге және салық төлеуге міндетті емес. Ал импорттық тауар коммерциялық мақсатта, яғни одан әрі қайта сату үшін алынса, онда сатып алушы тауарды сатудан түскен кірістен жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, интернетте тауар сатып алатын қазақстандықтарға мына мәселені айтқым келеді. Кез келген уақытта Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің порталына (kgd.gov.kz) кіріп, қандай да бір интернет-сатушының заңды түрде жұмыс істейтіндердің тізімінде бар-жоғын тексерулеріңізге болады. Бәріміз бірлесіп кеңесе отырып, интернет-сауданың өркениетті және заңды нарығын құрайық. Сол арқылы елімізді әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына бір қадам болса да жақындатамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |