Хакім Абайдың «Қарасөздеріндегі» адам мұраты мен өмірлік ұстаным Һәм мәдени-рухани құндылықтар хақында - Хакім Абайдың: «Өз мінімді қолға алдым» деген қалпы мен қауіпін, ауыр халін арғы-бергі кезеңнің бетбұрысты Һәм белесті тұстарынан көптеп кездестіреміз. Бұған Хакім Абайдың «Қарасөздерін» қайта оқығанда, үміт ұлғайып, арман-аңсарларына қарышты қадаммен ілгерілейтініміз анық. Өмірдің қыр-сырына қаныға түсеміз. Уақыт тынысына еркін еніп, қоғамдық Һәм кезеңдік көріністерге, адам өмірінің бұралаң жолдары мен тағдыр-талайына көңіл көзімен үңіліп, «мыңмен жалғыз алысудың» мән-жайына қанығып, терең сезінеміз. Мезгілдің салмақ-сырына ден қоямыз. Қоғам, адам, өмір, уақыт бедерін терең тани түсеміз. «Сезімпаз көңіл, Жылы жүрек» те, «Улы сия, ащы тіл» де айқын танылады. Нәтижесінде:
- Өмір, дүние дегенің,
- Ағып жатқан су екен.
- Жақсы-жаман көргенің,
- Ойлай берсең, у екен, –
- деген қорытындыға келеді. Адам мұраты айқындалады. Өмір – уақыттың бағасы көрсетіліп, сыр-сипаттары ашылады.
- Ақиқатында, «Қарасөздердің» тұтас табиғатынан:
- * ұлт мұратының өзекті тұстары танылып, оның өзі арғы-бергі кезеңдердің артық-кем жайттарымен қатар, салыстырыла беріледі;
- *арғы тарихтың тағылымды тұстары да, кешегі кезең көріністері де өмір өрнектерімен өріліп, тәлімді тәжірибе тағылымдарымен байланыс-бірлікте баяндалады;
- *ақиқаттың аты-хақ, хақтың бір аты – Алла екендігі басты мұраттарға арқау етіледі. Алла тағала – өлшеусіз, ал ақыл – өлшеулі болатындығы, әрбір ғалым-хакім емес, әрбір хакім-ғалым аталатыны өмір өрнектерімен, тәжірибемен сабақтастығы да айқын аңғарылады;
- *ұлт пен ұрпақ қамы, адамшылық әлемі, жасампаздық жолы, ізгілік пен игілік иірімдері, білім-ғылым жүйесі, тәлім-тәрбие жайы, махаббат пен ғаделет сипаттары кәделі, сауапты істер арқылы жүйелі жеткізіледі;
- *адамзатқа ортақ-жан мен тән, адамшылыққа жат: надандық, еріншектік, залымдық, арамдық, жамандық (жемек, кимек, күлмек, ішпек, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек т.с.с.) қырлары кеңінен көрсетіледі;
- *ең негізгісі, Хакім Абай адамға ортақ асқақ мұраттар мен адамшылыққа жат келеңсіз көріністерді кезең шындықтарымен сәйкестікте сабақтап, уақыт бедерімен бейнелі безбендеп, өмір – тұрмыстың мысал-деректерімен нанымды сөз етеді. Нәтижесінде, кезең-уақыттың өзекті мәселелерін қоғам, замана шындықтарымен байланыста баяндайды.
Достарыңызбен бөлісу: |