Мақсат — белгілі бір межеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой-санадағы көрінісі. Мақсат ойлау нәтижесінде болашақты алдын ала болжау арқылы туатын мұрат, ішкі қозғаушы күшті білдіреді. Мақсатқа жету үшін әр түрлі іс-әрекеттер мен қимылдар жасалады. Әрбір адам дені сау, салауатты өмір сүріп, бұл өмірдің рахатын табу үшін ең әуелі өмірдің түпкі мақсатын, яғни не үшін өмір сүретінін анықтап алуы керек. Мәселен, мектеп қабырғасында сабақ беретін мұғалім, оқушыға өскенде кім боласың? Алға қойған мақсатың қандай? - деген сауал қоятын болса, біздің де өмірге не үшін келдік, бұл дүниеге келгендегі басты мақсатымыз не? деген сауалдарға жауап іздеуіміз қажет. Бұл сұрақтың жауабын ұлы адамдардан бастап қарапайым адамдарға дейін бәрі іздейді. Қазақ халқының ақын-жазушысы, философы Шәкәрім Құдайбердіұлының әйгілі бес сұрағының ішінде «Адамға тіршіліктің керегі не үшін?» деген сұрақ бар. Ол өзінің «үш анық» шығармасында адам өмірінің түпкі мақсатын білу қажет екенін насихаттап өткен. Өмірді түсініп-сезіну деңгейі адамның санасына байланысты әр түрлі болады. Олар – сезім мүшелері, ақыл-ес пен жоғары жетілгендер үшін рух арқылы сезіну деңгейлері. Сондықтан әркімнің ақыл-есіне, оған әсер ететін қоршаған ортасына қарай және сол сияқты қоғам өмірінің басқадай жағдайларына байланысты адамдардың түрлі мақсаттары болатыны белгілі. Бұл туралы қазақтың кемеңгер ақыны Абай: «Әркімнің мақсаты өз керегінде» - дегені бар. Ойшыл өмір базарында әркімнің мақсаты әртүрлі екенін былай деп білдіреді: Базарға қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу-маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар. Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар, Сомалап ақшасына сонан алар. Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар. Бағасы пайым қылмай аң-таң қалар (Базарға, қарап тұрсам, әркім барар. 1886ж.) Ойшыл осы өлеңінде, бұл өмір әркім өз керегін іздеген базар тәрізді, сол өмір базарында әркім өзінің керегін іздейді. Біреу тамағының қамын ойлап астық алса, біреу одан да жоғары мақсат іздеп маржан алады деп, әдемі сипаттаған. Дегенмен өмір базары әркімге бірдей нәрсе бере бермейді. Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар. Оны өзінің қабілетіне, дәлірек айтқанда қалтасындағы ақшасына қарай алады. Әрбір адам өмірдің негізгі мақсатына бағытталмаса, бүкіл тіршілігінің мәні жойылады. Бұл – дұрыс жолдан бұрыс жолға ауысып, тіршіліктің шырғалаңына түсіп, өмірді босқа өткізу деген сөз. Сол сияқты, адам алға дұрыс мақсат қоймаса бағытынан адасып, оның барлық іс-әрекеті пайдасыз, өмірі мәнсіз болады. Ал енді осындай мәнсіз өмірден және адасқандардың қатарынан болмауымыз үшін, өміріміз салауатты әрі тек бұл дүниемен шектелмей, екі дүниенің бақытына жетуіміз үшін не істеуіміз қажет? Негізгі мақсатымызға қалай қол жеткізбекпіз? Әрине белгілі мақсатқа қол жеткізу үшін және жоғарыда айтылып кеткен сұрақтардың жауабын табу үшін Жаратқанның дегенінен шықпауымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |