І-Бөлім.Тарихи –мәдени мұраларды қорғау және пайдалану
1.1.Маңғыстау облысының тарихи және мәдениет ескерткіштері ғылыми құндылығы
Тарихи-мәдени объектілердің бар-жоқтығын анықтау мақсатында алдын ала жаппай археологиялық барлау өткізуге қаржы көздерін қарастыруды, анықталған объектілерді тіркеу және қажет болса қорғау шараларын қолға алуды тапсырамын.
«Маңғыстау облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» энциклопедиялық томдығын баспаға дайындау мақсатында өткізілген дала экспедициялары барысында алуан түрлі археологиялық, тарихи-сәулет құндылықтары анықталды. Алайда, анықталып, есепке алынған құндылықтарымызды жойылудан сақтап қалу күрделі мәселеге айналып отыр. Бүгінгі күнде Маңғыстаудың дәстүрлі сәулет өнері ескерткіштерінің басым бөлігі қорғалу аумақтарының нақтыланып, бекітілуді қажет етеді. Ескерткіштің қорғау аумақтары, бақыланатын қорғау аумақтары, қорғалатын табиғи ландшафт аумақтарын, әрбір объектінің келбеті мен қазіргі жағдайын белгілеп, өзгерістерді бақылап отыру үшін заманауи техникамен келген жаңа әдістер қолданылып, электронды ақпарат базалары, интерактивті карталар жасақталуы керек.
Заманға сай құралдар қорғау шараларын тиімді жүргізуге де, асыл мұраларымызды халықаралық деңгейде кең насихаттауымызға да мүмкіндік береді. Жергілікті әкімдіктер өз аумағындағы тарихи-мәдени құндылықтардың сақталуына, қорғалуына, күтіп-ұсталуына аса жауапкершілікпен қарауға міндетті. Ескерткіштің айналасындағы табиғи ортаның сақталуы, жаңа құрылыстар салынбауы қатаң қадағалануы керек. Аталған жағдайларға орай, қала және аудан әкімдіктері өз аумағындағы тарихи және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, оларға мәртебе беру және одан айыру ережесі» (02.11.2007ж.), «Тарих және мәдениет ескерткіштерін күтіп-ұстау ережесі» (06.11.2007ж.), «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау міндеттемелерін беру ережесі» (06.11.2007ж.) нормативтік құжаттарға сәйкес аудандардағы мемлекеттік қорғаудағы тарихи және мәдени ескерткіштерінің күтіп-ұсталуын, тиісті дәрежеде қорғалуын қатаң қадағаласын;
- облыстық мәдениет басқармасымен келісе отырып, мемлекеттік қорғаудағы ескерткіштердің қорғау аумақтары, бақыланатын құрылыс аумақтары, қорғалатын табиғи ландшафттар аумақтары арнайы қаулыларымен бекітілсін және жергілікті құрылыс, шаруашылық жоспарларында ескерілсін;
- облыстық мәдениет басқармасы алдыңғы жылдарға арналған саланы дамыту жоспарларына мемлекеттік қорғаудағы тарихи-мәдени ескерткіштердің интерактивтік картасын жасақтау, қорғау аумақтарын белгілеу бойынша шараларды енгізіп, өткізсін.
Осы бағытта облыс аумағында орналасқан республикалық мәртебеге ие тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау-сақтау шараларын өткізуге де ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Республикалық және халықаралалық дәрежедегі ескерткіштерді пайдалану үшін жалға беру ақыларының мөлшері Қазақстан Үкіметінің арнайы Қаулысымен бекітілген. Алайда өлкеміздің асыл мұралары – киелі орындарымызды әлгі күнге дейін қоғамдық қорлар мемлекетке бір тиын төлемей пайдаланып келеді. Ескерткішті қорғау мақсатында құрылған кейбір қоғамдық қорлар іс жүзінде «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленген міндеттерін орындамай отыр.
Осы мәселеге орай, облыстық мәдениет басқармасы мен аудан әкімдіктерінен республикалық мәртебеге ие тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және жалға беру шарттарының тез арада рәсімделуін және олардың орындалуын бақылауды талап етемін. Өлкеміздің ерекше материалдық және рухани мәдениеттің қойнауы екені баршамызға мәлім. Алайда Маңғыстау облысында 1950 жылдардан бері кешенді этнографиялық зерттеулер өткізілмегені тағы баршаға аян. Соңғы жылдардағы облыстың қарқынды экономикалық дамуына байланысты урбандалу үрдісінің жеделдеуі байқалады. Бұл – бір жағынан ел тұрмысына оң өзгерістер әкелсе, екінші жағынан этнографиялық раритеттер мен ежелгі салт-ғұрыптардың жоғалып кету қаупін күшейтті.Маңғыстау облысының туристік-рекриациялық орталық ретінде дамуына мүмкіндік беретін өзіне ғана тән табиғат сұлулығы да, аңызға толы тарихи орындары мен көшпелілер өркениетінің қайталанбас материалдық және рухани ескерткіштері де баршылық. Мәдени құндылықтарымыздың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін тарихи, сәулет ескерткіштері, қызықты табиғи орындар негізінде жаңа тарихи-этнографиялық, табиғи-ландшафттық қорықтар ашылуы керек. Облыс көлеміндегі тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, зерттеу, күтіп-ұстау, насихаттау бойынша негізгі орталықтарға айналуы қажетті жаңа тарихи-этнографиялық, табиғи-ландшафттық қорықтарды ашу бойынша ұсыныстар мен негіздемелерін жасақтауды облыстық мәдениет басқармасына тапсырамын.
Өткен жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында өткен «Каспий – Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан Қазақстан және шекаралас Каспий жағалауы елдерінің ғалымдары Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштерінің адамзат тарихы үшін үлкен ғылыми құндылық екенін атай отырып, бұл асыл мұраларды жан-жақты терең зерттеп, қалпына келтіріп, ұқыптылықпен қарау қажеттігін ескерткен. Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізуге ұсынылып отырған ерекше ескерткіштердің бірі – «Шақпақ ата» жерасты мешіті мен қорым кешені. Бұл ғажайып ескерткіштің құпиялары ашылуы үшін кешендегі әрбір объект, әрбір қабір, жазу мен сурет толық зерттеліп, сәулет-археологиялық сараптамадан өтуі, ескерткіштің әрбір кезеңдегі тарихы туралы жан-жақты дерек жиналуы керек. Алайда, өлкедегі ең ежелгі де қызықты ғибадатханалардың бірі – «Шақпақ ата» жартастағы мешітіне толық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген, ескерткіштің салыну уақытын нақты белгілейтіндей көптеген объектілер туралы ғылыми тұжырымдар жасалмаған.
Ғибадатхана құрылысының әуелгі келбетіне 1990 жылдарда өткізілген қалпына келтіру кезінде сапасы күмәнді өзгерістер енгізілгенін мамандар растап отыр. 2008 жылы «Шақпақ ата» жерасты мешітіне қалпына келтіру жұмыстарын өткізу жоспарланған. Бірақ зерттелуі әлде де кем ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарын бастау тарихи-мәдени мұраларымызға орыны толмас зиян келтіретіні сөзсіз! Ғибадатхананы қалпына келтіру жұмыстарына байланысты осындай олқылықтарды қаперге бере отырып, облыс көлеміндегі басқа ескерткіштерде жүргізілетін қалпына келтіру жұмыстарында осы ескерту басшылыққа алынғаны артық болмас еді. Ғылыми-әдістемелік кеңестің назарына «Шақпақ ата» жерасты мешіті мен қорым кешенін зерттеу және қалпына келтіру мәселесін талқылауды ұсынамын. Облыстық мәдениет басқармасы, ғылыми-әдістемелік кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, 2007-2009 жылдарға арналған өңірлік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бөлінген қаржылар есебінен:«Шақпақ ата» жерасты мешіті және қорымы» республикалық мәртебедегі ескерткішін қалпына келтіру жұмыстарын бастамас бұрын, кешеннің сәулет-археологиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз етсін;
- 2008-2009 жылдары облыс көлемінде өткізілетін қалпына келтіру-тұмшалау жұмыстарының жоспарына ғылыми-әдістемелік кеңеспен келісілген қажетті өзгерістерді енгізсін.
Достарыңызбен бөлісу: |