Қазіргі таңда адамның дүниені тани білу ауқымын тіпті күшейте, кеңейте түсу талабы қойылып отыр.
Философиялық ұғымда “дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орнына, тіршіліктің мән мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлері мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы” [30,28б.]. Осы философиялық қағида дүниетану көзқарасының түп нұсқасы ретінде оның қалыптасу жолын көрсетеді. Көзқарастың қалыптасуы мектеп қабырғасында білім алу барысында жүзеге асады. Сондықтан да, бастауыш сыныпта дүние туралы білім беру, яғни оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мақсаты жүзеге асады. Оқушылар адамның, табиғаттың және қоғамның бірлігі, ондағы адамның алатын орны жайындағы білім жүйесін нақты заттар мен құбылыстарды меңгере отырып, абстракциялық ойға көшу арқылы ұғынады. Олардың ара қатынасын талдап, жинақтап, ой қорытатын деңгейге көтеріледі. 1- сыныпта дүниенің тұтастығы жайында қарапайым ұғымдардан бастаған оқушы 4- сыныпта дүниенің әрбір заңдылықтарын талдауға, олардың себебін ашу дәрежесіне жетеді [30,27б.].
Оқушылардың дүниетану көзқарасы ғылыми білім негізінде, оны тиянақты меңгеру нәтижесінде ғана қалыптаспақ. Жоғарыда айтқандай, қоғамның даму дәрежесі төмен, оқу ағарту жұмыста әлде де жетіле қоймаған кездің өзінде де балаларда дүниеге деген қызығушылық, оны білуге, үйренуге талпынушылық болады. Бірақ ол ғылымға негізделмегендіктен, үстіртін көзге бірден түсетін, тез шалынған белгілер мен байланыстар жайындағы пікірлер болғандықтан, көбіне қате ұғымдардың қалыптасуына әкеліп соғады. Өйткені балалар байқап көргендерін өз қалпында, әр затты не құбылысты тек сыртқы түрінен, көрінісіне байланысты қабылдайды.
Қоғам дамуы, оқу ағарту ісінің ғылыми деңгейде көтерілуі нәтижесінде көзқарастың ғылыми мәні жоғарылайды. Білім мазмұнының тереңдеуіне байланысты дүниеге көзқараста жинақтала түседі. Білім арқылы ғана әр заттың не құбылыстың шынайы мәні ашылады. Білім жоқ болса, көзқарастың дұрыс дамуы мүмкін емес. Дүниетанудан білім беру барысында ғылыми ұғымды меңгерту арқылы дүние заттарының, құбылыстарының нақтылығын, олардың біздің санамыздан тыс өмір сүретінін және бір-бірімен байланыстылығын, заттар мен құбылыстардың даму заңдылықтарын түсіндіріп, шындыққа сенімдерін арттыру мақсаты жүзеге асады [30,25б.]. Шындыққа жету жолында өз іс - әрекеттерін қорытып, ой толғайды, оның нәтижесін тұжырымдайды. Белгілі дәлдікке жеткеннен кейін алған ұғымдарына сенімі артады. Сонымен қатар, әрекет жасап, ізденіп, талпыну арқылы өз-өзінің, алдына қойған мақсатты шеше алатындығына деген сенімі артады.
Бастауыш сыныпта дүниені танытуға байланысты материалдарды оқытуда бірнеше мақсат көзделеді.
Біріншіден адам баласы саясатпен, ғылыммен, өнермен және т.б. осы сияқты саяси, рухани мәселелермен айналысу үшін олардың көңіл күйі көтеріңкі, дені сау, рухани дүниесі бай болуы қажет. Өзіне қолайлы жағдай жасау үшін адамның еңбек етуі, өз өмірін өзі ұйымдастыра білуі, материалдық игіліктерді өндірумен айналысуы қажет.
Табиғат байлығының мән мағынасын түсініп, оны орынды, үнемді, тиімді пайдалану шеберлігіне адам баласы білім мен біліктілік арқылы жетеді. Бұл сияқты қоғамдық өмір талабына икемділік, бейімділік, шеберлік, білімділік оқушыларға бастауыш сыныптағы дүниетану материалдарын оқыту арқылы қалыптаса бастайды.
Оқушылардың дүниетанымының қалыптасуында эмоция мен логикалық ойдың мәні зор. Бұл екеуі де адамның ішкі сезімін жан әрекеті. Сыртқы шындықтың сезімге әсер етуінен түрлі хабарлар миға жетіп, эмоция тудырады да, ой осыған орай шешім қабылдайды. Ой – қорытынды шығарып, шешім қабылдау тірегі десек, эмоция оның көзге түсетін нәтижесі ретінде сыртқа шығару күйі, түрі. Осыған қарап, эмоция мен ойдың көзқарастың қалыптасуына тікелей әсер ететіндігін көруге болады. Бір затты не құбылысты танып білу үнемі қатар жүреді. Ал танып білу нәтижесінде дүниетаным қалыптасады.
Дүниетанымдық қабілеттің керектігі адам баласының бүкіл өмірі табиғат аясында, қоғам ортасында, олармен қарым-қатынаста өтетіндіктен ол қатынастардың әдіс -тәсілін меңгеруі тиіс. Мұндай әдіс - тәсіл бала жастан қоршаған орта туралы білім алу арқылы меңгереді. Мәселе, әр затты байқау, бағдарлап қарау, олардың түр-түсін сезіну арқылы қасиеттерін айқындай түсу – мұның бәрі адамда бірден пайда болатын икемдік пен іскерліктер емес. Ол жүйелі меңгерілген білім нәтижесінде қалыптасады. Жүйелі білім меңгерту тек мұғалімнің берген хабарламасынан бөлек, кез келген баланың өз бетінше іздену қасиеттеріне тікелей байланысты [29,8б.].
Дүниетануды оқыту барысында бір жағынан қоғам туралы білім беріп, қоғамның адаммен, табиғатпен байланысын айқындау, екінші жағынан, қоғамды дамытудағы адам еңбегінің маңызын ұғындыру мақсаты алға қойылады.
Дүниені тану, білу барысында бала эмоциясының рөлі күшті. Дүниетануды бастауыш сыныпта оқытудың барысында оқушының таным процесі дамиды. Олардың танымына сезім мүшелердің қызметі көмегін тигізеді. Оқушы сыртқы дүниені сезім мүшелері арқылы қабылдайды. Сезініп, қабылдау нәтижесінде оның ой өрісі дамып, тиянақты ұғым алады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, адамның бірнеше даму кезеңі бар екені белгілі. Сол даму кезеңінің әр қайсысына бір жетекші әрекеттің басым болуы тән. Мысалы, үш жасқа дейінгі сәби кезеңінде коммуникативті әрекет, яғни қарым-қатынас әрекеті басым. Баланың маңайы мен адамдар арасындағы қарым-қатынасының нәтижесінде тілі дамиды. Тілдің дамуы оның маңайы мен қатынасын күшейтеді де, енді басқа іс -әрекеттерді меңгере бастайды. Осыдан кейінгі екінші кезең үш жастан басталады. Бұрын маңайымен қарым-қатынас әрекетін меңгерген бала енді ойын әрекетінің басқа да әрекеттерімен қабысқан ерекше түріне көшеді. Бала ойын арқылы маңайы мен қарым-қатынас жасап қана қоймайды, сонымен бірге оның таным әрекеті қатар жүреді. А.Н. Леонтевтің пікірінше, бұл ерекше жаңа типті көркем шығармашылық әрекет деп аталады. Үшінші кезең мектеп өмірінен басталады. Бұл кезеңдегі бүкіл әрекеттің ішіндегі жетекшісі – таным әрекеті. Оқудың мақсаттылығы жүйелілігі және оны меңгеруге оқушылардың міндеттілігі өріле бірігіп, оқушының оқуға байланысты әрекеттерінің бәрі осы таным әрекетіне тіреледі.
Дүниетану оқушыларды обьективті дүниемен таныстырады, соны үйретеді, сол туралы білім береді. Обьективті дүние адам санасында сәулеленеді, ойын байытады. Сана – білімнің жиынтығы ол таным процесі [30,7б.]. Дүниетануды оқытудың мәні осында жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |