1. Деңгейлеп – саралап оқыту технологиясы. Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен оқушылардың өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Бұл технологияда бірінші орында оқушы тұрады және өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударылады.
Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы 1998 оқу жылынан бастап мектептің барлық сатысына, барлық пәндерге еніп, оқу үрдісін жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Профессор Ж.Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен оқушылардың өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді [15].
Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясында жұмыс міндетті үш деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты – сынып оқушыларын «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Сабақта қандай оқушы болмасын, жақсы оқитынына қарамастан жұмысты І деңгейден орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау мемлекеттік білім стандарты талаптарының орындалуына кепілдік береді. І деңгейді орындаған оқушы «3» деген бағамен бағаланады. Әрбір оқушы І деңгейді орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «үлгерімі төмен, баяу» оқушы жақсы оқитын оқушыға ілесе алмай жатса не істеуге болады? - деген сұрақ туады. І деңгейден аса алмай жатқан жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек.
Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының екінші бір жағы – оқушыларды дүниежүзілік білім жүйесінде қолдананылатын рейтинг – ұпай жинау әдісіне баулу. Деңгейлік тапсырмалар рейтинг-ұпай – балл жинау әдісімен бағаланатынын ескерсек, оқушылардың деңгейлік сабақ өткеннен кейін де сол тапсырмаларда жіберген қателіктеріне, тапсырмаларын орындауда қолданған тәсілдеріне анализ жасап, қателіктері мен кемшіліктерін анықтай білуге мүмкіндік береді. Келесі тапсырмаларда оқушы неғұрлым көбірек ұпай жинау үшін ізденіп оқытушыдан, жолдастарынан, қосымша материалдардан білім жинайды [15,17б.].
Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының ерекше тұстары:
- оқушының өз қабілетіне, болашағына сенуіне;
- оқушының ынталандыруға;
- оқушы мен оқытушының ынтымақтастық қарым-қатынас достығына;
- оқушының өз білімін өз бағалай білуіне;
- баға әділдігіне;
- білім көрсетудің әділ сайысына мүмкіндік береді [15,12б.].
2. Модульдік оқыту технологиясы– білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді [16].
Модульдік оқыту технологиясы – баланың белсенді оқу қызметін ұйымдастырады, бала өз әрекетін жоспарлай, талдай, өз бақылай білуге үйренеді. Ал «модуль» дегеніміз – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгілеген деңгейіне (жоспарланған алдағы нәтиже) жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы немесе аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульдік бағдарламаның негізгі құралы [16,7б.]. Басқаша айтқанда, адамның өзіндік дамуының шамасы. Жалпы «модуль» сөзі «оқытудың мазмұны мен технологиясын» білдіреді. «Модуль мазмұны» өзіндік мағына беретін оқу материалының көлемі ретінде ұсынылады.
Оқу модулінің өзгешілігі – жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі. Барлық қалған уақыт сөйлесу бөлімінің меншігінде болады. Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Содан соң мұғалім осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде) сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді.
Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі: 1) қысқаша сызбалар арқылы түсіндірілуі; 2) оқушылардың әрбір сабақта іс-әрекетін бағалау үшін диалогтық қарым-қатынас негізінде танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру, 3) барлық тақырыптар бойынша тест, сынақ жүргізу.
М.М.Жанпейісованың технологиясында модуль 3 құрамды бөліктен тұрады [16,41б.]:
1. Кіріспе
2. Сөйлесу
3. Қорытынды.
Бұл технология:
-баланың тұлғасының танымдық қабілеттерін дамытуға;
-танымдық поцестерін дамытуға;
- жағымды қызығушылық қалыптастыруға;
-белсенді сөздік қорын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік жасайды.
Білімді толық меңгерту әдістемесінде оқытушының жұмысы мынадай жүйеде құрылады (М.М.Жанпейісова бойынша):
-Оқушыларды оқытудың мақсатымен таныстыру;
-Топта берілген блок (мазмұны бойынша жақын) тарау бойынша жалпы оқыту модулінің мазмұнымен таныстыру;
-Оқытушының материалды қысқаша түсіндіруі (сызба, график, кесте және т.б.);
-Оқушыларға оқу материалын зерттеу жұмысы негізінде беру;
-Оқушылардың әрбір сабақта іс-әрекетін бағалау үшін диалогтық қарым-қатынас негізінде оқушының танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру;
-Жалпы тарауды, тақырыпты 4-7 рет қайталау негізінде оқу материалын меңгерту;
-Барлық тақырып бойынша тест (сынақ, сынақхат, бақылау жұмысы, т.б.) жүргізу.
Модульдік оқыту технологиясын қолдану арқылы мынадай жетістіктерге қол жеткізуге болады [17]:
1. Уақыт үнемделеді.
2. Сабақтың сапасын көтереді.
3. Оқу әдісі мен құралдарын таңдауға мүмкіндік тудырады.
4. Оқушылардың белсенділігін мен қызығушылығын арттырады, сондықтан оқу үлгерімі көтеріледі.
Модульдік оқыту технологиясын енгізе отырып, білім беру мен тәрбиелеу ерекшелігі мынада:
1. Оқу материалдарын белгілі бір жүйеге келтіріп, тірек-сызба арқылы беру.
2. Жаңа тақырып бойынша алған білімдерін бекіту, еске түсіріп үнемі қайталап отыру.
3. Оқушыларды білімге қызықтыру және бірлесе отырып жұмыс жүргізуге үйрету.
4. Оқушылардың бұрыннан игерген білімдерін тереңдете түсу
5. Оқушының білім деңгейін дәл анықтау.
Модульдік оқыту технологиясын сабақта қолдану- мемлекеттік тілді оқытуда сабақтың білім сапасын көтерудің факторы болып табылады [17,21б.].
3. Дамыта оқыту технологиясы. Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор.
Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.
Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады.
Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – «орындаушы», «мұғалімнің тасасындағы» объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы тұлға [18].
Дамыта оқыту технологиясының қолдану барысында қол жеткізетін нәтижелер мына төмендегідей:
1.Түрлі әдістерді пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі;
2. Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады;
3. Олардың әрқайсысының деңгейін анықтауға болады;
4. Оқушылардың көбін бағалауға мүмкіндік бар;
5. Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді;
6. Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркіндігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады;
7. Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға, өзіне деген кәсіби сенімін қалыптастырады [18,42б.].
4. Ақпараттық-коммуникативті технологияның ғылым мен техниканың жылдан –жылға кең өріс алып, жедел қарқынмен дамуы білімнің негізі болып табылатын бастауыш мектепке өз әсерін тигізуде. Соған сәйкес бүгінгі таңда бастауыш мектеп оқушыларының өз бетімен жұмысын арттыру мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда жаңа ақпараттық-коммуникативті технологияны пайдалану және оның тиімді әдістемесін ұсыну өзекті проблемаға айналып отыр.
Ақпараттық-коммуникативті технологияның негізгі ерекшелігі - бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз-өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік беруі [19]. Сонымен қатар ақпаратты-коммуникативті технологияның басты тиімділігі - бұл мұғалімге бастауыштағы оқу үрдісінің құрылымын түбегейлі өзгертуге, оқытудағы пәнаралық байланысты күшейте отырып, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және жеке қабілеттерін көре біліп, оны дамытуға толық жағдай жасайды. Сонымен қатар оқушылар интеллектуалдық, шығармашылық және коммуникативтік істерін дамыта алады, оқушының оқу белсенділігі артады, сабақтың негізгі кезендерінің бәрінде оқушыларға шығармашылық жұмысты ұсынуға болады, бала өзіне қажетті мазмұн мен мәліметті ақпарат көзінен таңдап, талғап білуіне үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: |