1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «ЗЕРДЕ» конкурсын өткізу
Ережесі
І. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсын (бұдан әрі - Конкурс) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастыру-әдістемелік қамтамасыз етілуін, өткізілу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздар мен жүлдегерлерін анықтайды.
2. Конкурстың негізгі мақсаты балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады.
3. Конкурстың негізгі міндеттері:
зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытқан қабілетті және дарынды оқушыларды аңыктау және оларға қолдау көрсету;
оқушылардың үздік жетістіктерін көрсету және насихаттау, өзара қарым-қатынастарын ұйымдастыру;
қоғамның интеллектуалдық әлеутін дамыту проблемасына көпшіліктің назарын аудару.
ІІ. Конкурс қатысушылары
4. Конкурсқа жас зерттеушілер 1-7 сынып оқушылары, жеке, сондай-ақ, командалық құрамда 2 қатысушыдан аспайтын қатыса алады. Зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының тақырыптары «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығында тіркелуі керек.
5. Делегация жетекшілері Конкурсты өткізілуі орнына дейін және кері қайту жолында, оның өткізілуі барысында қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілікте болады.
ІІІ. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі
6. Конкурсты дайындау мен өткізу бойынша жұмысты координациялау және жүзеге асыру үшін ұйымдастыру комитеті құрылады.
7. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын тексереді және бағалайды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
8. Конкурс төрт кезеңде өткізіледі:
1) бірінші кезең – мектептік, білім беру ұйымдарында өткізіледі;
2) екінші кезең – аудандық (қалалық) өткізіледі;
3) үшінші кезең – облыстық (іріктеу), жергілікті өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы өткізеді;
4) төртінші кезең – республикалық, жыл сайын ағымдағы жылдың қаңтар айының соңғы он күндігінде өткізіледі.
9. Облыстық және республикалық кезеңде – зерттеу жұмысы қорғалады. Қорғауға авторға (бірлескен авторға) баяндама үшін 5-10 минут уақыт беріледі.
10. Конкурстың республикалық кезеңіне облыстық кезеңінде бірінші орын иеленген жеңімпаздардан құрылған құрама командалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әрбір секцияга 1 ғылыми-зерттеу жобасын (кіші жастығы топ – 1-4 сыныптар, ересек жастағы топ – 5-7 сыныптар) және әр топтан бір жетекші ұсынады.
11. Дарынды балаларға арналған облыстық білім беру мектептері, ауданның, қалалардың білім басқармалары ұйымдастыру комитетіне Конкурстың І, ІІ кезеңдерінің қорытынды есептерін және хаттамаларын ұсынады.
12. Аппеляция қарастырылмайды.
13. Зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларды облыстық қорғау кезеңіне (баяндамаға) слайд немесе 135х125 (см)² көлемдегі баннерге орналастыратындай етіп демонстрациялық материалдарды жасау ұсынылады.
14. Ғылыми жетекшi алынған нәтижелердің нақтылығы мен мүлтiксiздiгiне, жұмыстың диплом жұмыстарынан, магистрлік және кандидаттық диссертациялардан көшiрiлген нәтижелерден тұрмайтындығына жауапкершiлiк алады. Оқушы жаңа білім мен өз бетінше зерттеу қызметінің дағдыларын ала отырып өз қолынан келетін жұмысты орындау керек.
ІV. Ұсынылатын жұмыстардың рәсімделуіне қойылатын талаптар
15. Конкурсқа 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары келесі секциялар бойынша қабылданады: 1 секция – қазақ тілі мен әдебиеті; 2 секция – орыс тілі мен әдебиеті; 3 секция – математика, информатика; 4 секция – физика, техника; 5 секция – медицина, психология; 6 секция – тарих, өлкетану, этномәдениеттану; 7 секция – химия, биология; 8 секция – экология, валеология.
16. Әрбір секция бойынша зерттеу жұмыстары теориялық, эксперименттік, ойлап тапқыштық негізде болады. Жұмыс қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Жұмыстың көлемі 20 беттен аспауы керек. Беттерін нөмерлеу және жиегін қалдыру міндетті.
17. Әрбір жұмыста таңдалған тақырыптың мақсаты мен пайдалылығы, автордың қосқан үлесі, құндылығы мен кемшілігі көрсетілген жетекшісінің және маманның пікірі болуі керек.
18. Жұмысты ресімдеуге қойылатын талаптары:
1) жұмыс мәтіні компьютерде WORD, 14 әріп, 1,5 жоларалық, солдан шегініс – 2 см терілген болуы және мыналардын тұруы керек:
- титул парағы;
- мазмұны;
- түйіндеме (аннотация) – жұмыстың негізгі мазмұның қазақ және орыс тілдерінде қысқаша баяндау (жұмыстың қандай тілде жазылуына байланысты);
- кіріспе – жұмыстың өзектілігін көрсетеді және тақырыпты, оның мақсаты мен міндеттерін, өткізу орнын таңдауын негіздейді;
- негізгі бөлім – материалдар мен зерттеу әдістері; эксперименттік бөлім; жұмыстың қорытындысы иен оны талқылау;
- әдебиеттерге шолу жасау зерттеу мәселесі бойынша (отандық және шетелдік) әдеби мағұлматтарға қысқаша талдау жасап тұрады;
- қорытынды (тұжырымдамалар, ұсыныстар);
- қолданылған әдебиеттер тізімі.
2) титул парағында мыналар көрсетіледі:
- жұмыс орындалған білім беру ұйымының толық атауы;
- жұмыстың тақырыбы;
- бағыты;
- орындаушы (аты-жөні, ғылыми дәрежесі, қызметі, жұмыс орны);
- жұмыс орындалған жыл.
19. Конкурстың республикалық (облыстық) кезеңде қатысушылар өз зерттеу жұмыстарын және шығармашылық жобаларын қорғау үшін көрнекі материалдар, сызбалар, суреттер немесе макеттер дайындаулары қажет.
V. Қорытындылау және жеңімпаздарды марапаттау.
20. Конкурс жұмыстарын бағалау келесі белгілер бойынша жүзеге асырылады:
- жұмысты орындаудағы жеке орындаушылық деңгейі;
- шығармашылығы;
- сұрақтарға жауаптардың толықтығы;
- тақырыптың зерттеу тереңділігі.
Достарыңызбен бөлісу: |