2-параграф. Кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының тізбесін айқындау
35. Өңірлік комиссия білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалының ұсыныстары негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мамандықтар (кәсіптер) бөлінісінде оқу құнын көрсете отырып, сол өңірдің аумағындағы және Қазақстан Республикасының басқа өңірлеріндегі кәсіптік оқуды жүзеге асыратын оқыту ұйымдарының тізбесін (бұдан әрі – тізбе) бекітеді.
Тізбе жыл ішінде қажеттілігіне қарай жаңартылады.
36. Оқытатын ұйымдарды кәсіптік оқытуды жүзеге асыру үшін тізбеге енгізу:
1) оқушылардың өндірістік практикасын кадрларды даярлаудың дуальді моделінің қағидаттарына сәйкес ұйымдастырған;
2) өткен жылғы бітірушілердің кемінде 60 %-ын жұмысқа орналастырылған жағдайда жүзеге асырылады. Жұмысқа орналастырылғандардың саны әскери қызметке шақырылған, жоғары оқу орындарында оқуды жалғастырушы, қайтыс болған, сот шешімі бойынша бас ботандығынан айырылған, жүктілік және туу, бала күтімі бойынша демалыстағы, республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдарды ескермей есептеледі.
36-тармақтың 2) тармақшасының талаптары кемінде күнтізбелік бір жыл бұрын ашылған (құрылған) білім беру ұйымдарына және оқу орталықтарына қолданылмайды.
37. Бағдарламаның 62-тармағына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту құнын өңірлік комиссиямен келісу бойынша білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандық пен біліктілік деңгейіне байланысты білім беру процесіне арналған шығыстарды негізге ала отырып, жыл сайын белгілейді.
Оқу орталықтарында кәсіптік оқытудың құнын халықты жұмыспен қамту орталығымен, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдармен және өңірлік комиссиямен келісу бойынша оқу орталығы айқындайды.
Оқу орталықтары кәсіптік оқыту жүргізу қызметтері құнының есептерін жасайды және халықты жұмыспен қамту орталықтарына жібереді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары үш жұмыс күні ішінде кәсіптік оқыту қызметтері құнының есептерін білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға жібереді.
Кәсіптік оқыту қызметтерінің құнын қарау кезінде білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар мынадай негізгі критерийлерді:
1) оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандығы мен біліктілік деңгейіне қарай білім беру процесіне арналған шығыстарды;
2) бір Бағдарламаға қатысушыны оқытуға арналған шығыстардың орташа құнын басшылыққа алады.
Оқу құнының есептері негізді деп танылған жағдайда, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 35-тармағына сәйкес өңірлік комиссияларға оқу орталығын тізбеге енгізу туралы тиісті қорытындыны жібереді.
Оқу құнының есептері негізсіз деп танылған жағдайда, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар оқу құны есептерінің негізделмегендігі туралы қорытындыны (еркін нысанда) үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтарына жібереді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың оқу құны есептерінің негізделмегендігі туралы қорытындыны үш жұмыс күні ішінде оқу орталықтарына жібереді.
Оқу құнының есептерін білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның қорытындысында баяндалған талаптарға сәйкес келтірген жағдайда кейінгілері өңірлік комиссияларға қорытындыда баяндалған талаптарға сәйкес келтірілген оқу құнының есептеулерін қоса отырып, оқу орталығын тізбеге енгізу туралы ұсыныс енгізеді.
38. Кәсіптік оқыту оқу орталықтарында КДДБ бойынша біліктілік емтиханынан өткен адамдарға белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) (еркін нысанда) беру шарттарында немесе «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамында куәлік (сертификат) алуға жәрдем көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік, жоғары білімнен кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында кәсіптік даярлаудан өткен және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің белгіленген деңгейі (разряд, класс, санат) тағайындалады және «Білім беру туралы» Заңның 3-тармағына сәйкес білім туралы құжат беріледі.
39. Кәсіптік оқыту жұмыс берушілермен келісу бойынша оқушылар өңірлік комиссия бекіткен тізбеден таңдаған оқытатын ұйымдарда жүзеге асырылады.
Өңірде (облыста, Астана және Алматы қалаларында) оқушы жұмыс берушімен келісім бойынша таңдаған мамандық (кәсіп) бойынша кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын оқытатын ұйым болмаған жағдайда, кәсіптік оқыту басқа өңірлерде орналасқан және басқа өңірдің тізбесіне қосылған оқытатын ұйымдарда жүзеге асырылады.
40. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары есепті айдан кейінгі әр айдың 5-күніне халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқудан шығарылған адамдар туралы ақпаратты және оқитындардың сабаққа келуін есепке алу табелінің көшірмесін ұсынады.
3-параграф. Қысқа мерзімді тегін курстарға жіберу
41. Қызмет көрсету саласында кадрларды оқыту бойынша тегін қысқа мерзімді курстарға жіберу әкімшілік бірлік аумағында қызмет ететін кәсіпорындарда жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды көздейді.
Бағдарламаның 67-тармағына сәйкес оқыту шеберлік сыныптары жергілікті атқарушы орган құрған арнайы ұйымда (бұдан әрі – Ұйым) халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, ұзақтығы екі айдан аспайтын мерзімге ұйымдастырылады.
Оқыту шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жөніндегі шараларды қаржыландыру Ұйым арқылы жүргізіледі.
Оқыту шеберлік сыныптары практикалық дағдыларды қолданумен жүргізіледі.
42. Ұйым оқыту шеберлік сыныптарын өткізу үшін мынадай:
1) курс өткізетін мамандық бойынша 5 жылдан кем емес еңбек өтілінің болуы;
2) тиісті мамандық бойынша білімі туралы құжаттың болуы талаптарына сай келетін практикалық жұмыс дағдысы бар жоғары білікті мамандарды, оның ішінде табысты еңбек өтілі бар жоғары білікті шетелдік мамандарды тартады.
43. Ұйым бағыттарын, оқыту шеберлік сыныптарын өткізу тақырыбын және қызмет көрсету үшін қажетті мамандардың санына қажеттілікті Ұйым халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп айқындайды және оны аудандық (қалалық) комиссия бекітеді.
44. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық қатарынан оқыту шеберлік сыныптарынан өтуді қалайтын адамдардың санын әлеуетті қатысушылармен және жұмыс берушілермен сұхбаттасуды, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау нәтижелерін, кәсіптік оқудан өткен адамдардың болуын ескере отырып халықты жұмыспен қамту орталығы айқындайды.
Жалдамалы жұмыскерлер қатарынан оқыту шеберлік сыныптарынан өтуді қалайтын адамдардың санын Ұйым айқындайды.
45. Халықты жұмыспен қамту орталығы ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізеді, сондай-ақ Ұйыммен бірлесіп:
1) оқыту шеберлік сыныптарынан өтуге (белгілі бір дағдыларға практикалық оқуға) мұқтаж адамдардың тізбесін қалыптастырады, практикалық курстардың бағыттары бойынша үміткерлерді топқа бөледі;
2) базасында оқыту шеберлік сыныптары ұйымдастырылатын жұмыс берушілердің тізбесін қалыптастырады;
3) 25 адамнан тұратын топтар және оқыту шеберлік сыныптарын ұйымдастыру кестесін құрайды;
4) «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 7-бабы 26-тармағына сәйкес Бағдарламаға қатысушымен әлеуметтік келісімшарт жасасады және оны орындау мониторингін жүргізеді.
46. Ұйым:
1) оқыту шеберлік сыныптарын өткізетін мамандарды таңдауды қамтамасыз етеді;
2) халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп қаржылай қаражаттарға жылдық қажеттілікті айқындайды;
3) қызмет көрсету саласы үшін кадрларды кәсіптік оқыту бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылатын жұмыс берушілердің тізімін және қажетті мамандардың санын ұсынады;
4) тартатын мамандардың және қажет болған кезде аудармашылардың қызметтеріне еңбекақы төлеуді қамтамасыз етеді;
5) өндірісте (жұмыс орнында) жұмыс берушілермен бірлесіп, оқыту шеберлік сыныптарының өтуін ұйымдастырады;
6) ай сайын айдың 3-күніне қарай халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыстардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынады.
Оқыту шеберлік сыныптары заманауи жабдықтармен, технологиялармен жарақтандырылған қажетті материалдық техникалық базасы бар жұмыс берушілерде өткізіледі.
47. Оқыту шеберлік сыныптарына жіберілген адамдарға жол жүруге, тұруға, стипендияға шығыстарды төлеу жүргізілмейді.
4-параграф. Кәсіптік оқытуға мемлекеттік гранттар беру
48. Жұмыс берушілерге мемлекеттік гранттар өнеркәсіп салаларына жататын кәсіпорындардың ішінара жұмыспен қамтылған білікті жұмыскерлерін толық емес жұмыс уақыты режиміне ауыстыру шартымен олардың қысқаруына жол бермеу мақсатында біліктілік арттыруға және қайта даярлауға жіберу үшін өтемсіз және қайтарымсыз негізде беріледі.
Мемлекеттік гранттарды беру жұмыскерлерінің жұмыстан босатылу және жұмыс орындарының қысқару қаупі бар кәсіпорындарда жүзеге асырылады.
Біліктілік арттыруға және қайта даярлауға жіберген кезде ішінара жұмыспен қамтылған білікті жұмыскерлердің жұмыс орындары сақталады.
49. Бағдарламаның 64-1-тармағына сәйкес оқушыға гранттар стипендия және материалдық көмек төлеуге жұмсалған шығыстарды ескергенде, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандыққа және біліктілік деңгейіне қарай оқу процесі шығыстарын есептей келе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар белгілеген біліктілік арттыру және қайта даярлау курстарының құнынан жұмыс берушілердің бір адамға кететін шығынының 80 %-ы, бірақ 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде беріледі.
50. Жұмыс берушілерге мемлекеттік гранттар беру туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайды.
51. Бекітілген тізімнен біліктілік арттыру және қайта даярлау бойынша курстарды ұйымдастыру жөніндегі білім беру ұйымдарын іріктеуді жұмыс берушілер өз бетінше жүзеге асырады.
52. Жұмыс берушілер білікті жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік гранттар алуға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына өтінім береді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары берілген өтінімдерге сәйкес кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін мемлекеттік гранттар беру үшін жұмыс берушілерді іріктеуді жүргізеді.
53. Гранттар нысанында қолдау шараларын қаржыландыру нысаналы трансферттерді аудару арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
54. Мемлекеттік гранттар беру жұмыс берушілер жұмыскердің қысқа мерзімді курстан өту фактісін растайтын құжаттарды ұсынған кезде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарламаның 64-1-тармағына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілер оқытатын ұйымдарда оқу құны қаражатының 20 %-ын аударуды жүзеге асырған кезде біліктілік арттыру және қайта даярлау курстарының құнынан 80 % мөлшерінде мемлекеттік гранттарды білім беру ұйымдарына не жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарына аударуды жүзеге асырады.
55. Мемлекеттік гранттар берумен біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жіберілген Бағдарламаға қатысушылармен «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 7-бабы 26-тармағына сәйкес әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Бағдарламаның 69-тармағы 4) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші мен оқытатын ұйым әлеуметтік келісімшарт жасалғанын әлеуметтік келісімшартқа халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қосылу туралы жазбаша өтініш (хабарлама) (еркін нысанда) беру арқылы растайды.
5-параграф. Оқушыларға (оқу орнына дейін және қайтарында жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалдаумен (жалға алумен) байланысты шығындарды өтеуге) субсидиялар беру
56. Оқытатын ұйым тұрақты тұратын орнынан тыс елді мекендерде орналасқан жағдайда кәсіптік оқудан өтіп жатқан Бағдарламаға қатысушыларға:
1) оқытудың барлық кезеңіне оқу орнына дейін және кері бағытта жол жүруге:
облыс шегінде, бірақ оқушылардың тұрақты тұратын елді мекендерінен тыс жерде орналасқан оқытатын ұйымдарда оқыған кезде кәсіптік даярлаудан өту үшін 4 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өту үшін 2 АЕК мөлшерінде;
оқушылар тұрақты тұратын орындар облысының шегінен тыс елді мекендерде орналасқан оқытатын ұйымдарда оқыған кезде:
1000 км дейінгі ара қашықтыққа – 8 АЕК мөлшерінде;
1000 км асатын ара қашықтыққа – 12 АЕК мөлшерінде;
2) облыстарда тұруына ай сайын 10 АЕК мөлшерінде, Астана, Алматы қалаларында, Атырау және Маңғыстау облыстарында тұруына 15 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі.
Материалдық көмек шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынусыз төленеді.
Өндірістен қол үзіп қайта даярлаудан немесе біліктілігін арттырудан өту кезінде (ішінара жұмыспен қамтылған) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндердің қатарындағы оқушыға жоғарыда аталған мөлшерде материалдық көмек ай сайын төленеді.
6-параграф. Қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті жұмыскерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау
57. Қысқартылған жұмыс уақыты үшін республикалық және өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың білікті жұмыскерлерінің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау (бұдан әрі – уақытша субсидиялау) олардың жұмыс орнын қысқартуды болдырмау мақсатында жалақының жоғалтылған бөлігінің орнын толтыру үшін жүзеге асырылады.
Уақытша субсидиялау республикалық және өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың жұмыскерлері үшін жүзеге асырылады.
58. Бағдарламаның 65-1-тармағына сәйкес білікті жұмыскерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін республикалық деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) қарастырады және келіседі.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ВАК-та мақұлданған білікті жұмыскерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін республикалық деңгейдегі кәсіпорындар тізбесін бекітеді.
59. Өңірлік комиссия уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындарды қарастырады және келіседі.
Бұл ретте өңірлік деңгейдегі кәсіпорындарды уақытша субсидиялау үшін шарттар тиісті жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша белгіленеді.
Жергілікті атқарушы органдар уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін бекітеді.
60. Өндіріс көлемі немесе бағалардың әлемдік конъюнктурасына байланысты өнім бағасы төмендеген жағдайда және кәсіпорын мынадай:
1) қала құраушы кәсіпорын болуы;
2) экспортқа шығарылатын тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) үлесі осы кәсіпорын өндіретін тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) жалпы көлемінің кемінде 30%-ын құрауы;
3) ішкі нарыққа шығарылатын тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің) үлесі облыстық көлемнің кемінде 30%-ын немесе республика бойынша осы тауарлар (көрсетілетін қызметтер) көлемінің кемінде 10%-ын құрауы сияқты шарттардың біріне сәйкес келген жағдайда, республикалық деңгейдегі кәсіпорындардың қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті жұмыскерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау жұмыскерлерінің саны 250 адамнан кем болмайтын өнеркәсіп салаларына жататын кәсіпорындардың жұмыскерлеріне ғана жүргізіледі.
Уақытша субсидиялау бойынша мемлекеттік шара қолданылған жағдайда, кәсіпорын өндірістің тоқтатылуына жол бермейді және субсидиялау басталған сәттен бастап бір жыл ішінде көрсетілген білікті жұмыскерлердің қолданыстағы жұмыс орындарын сақтайды.
61. Уақытша субсидиялау білікті мамандар, қызметшілер және жұмысшылар (4-разрядты және одан жоғары) қатарындағы негізгі өндірістерде (цехтарда) жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін ғана жүзеге асырылады.
Біліктілігі жоғары жұмыскерлерге (кәсіби мамандарға) инженерлік-техникалық ғылым саласында, біліктілік арттырудан өтудің практикалық білімдерінің жоғары деңгейі және тәжірибесі бар, жауапты, жұмысты сапалы және тиімді орындау, олардың қиын жұмыстарды өз бетінше орындау, бірқатар жағдайларда басқа мамандарға басшылық ету қабілеті бар мамандар:
1) жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі бар қызметшілер;
2) өнім өндіру және салалар бойынша қызмет көрсету үшін білімі мен тәжірибесі бар жұмысшылар, қиын жұмыстарды жүзеге асыру, автоматтандырылған өндірісте машиналар мен жабдыртарды басқару және бақылау үшін өндірістік процесте пайдаланылатын материалдар мен құралдарды білумен қатар қолмен жасалатын операцияларды орындау кезіндегі шеберлігі бар жұмысшылар жатады.
Бұл ретте, аталған адамдарға толық емес жұмыс уақыты режиміне ауысу немесе қысқартылған жұмыс уақыты туралы жұмыс берушілердің актілері беріледі.
62. Субсидиялау басталған сәттен бастап бір жыл ішінде жұмыс берушілер жұмыс орындарын сақтаған жағдайда, жұмыскерлер жалақысының бір бөлігін уақытша субсидиялау алты ай ішінде, тағы да келесі алты айға ұзарту мүмкіндігімен жүзеге асырылады.
63. Мемлекет жұмыскерлердің жалақысы бөлігінде уақытша субсидиялауды жұмыс уақытын қысқарту нәтижесінде жоғалтылған табыс бөлігінде ғана жүргізеді.
64. Уақытша субсидиялаудың айлық мөлшері қысқартылған жұмыс уақыты үшін жұмыскерлер табысының үштен екі бөлігін құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып), бірақ тиісті кезең үшін республикалық бюджет туралы заңнамада белгіленген 2 ең төменгі жалақыдан аспайды.
65. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы:
1) осы тармақтың шарттарына сәйкес «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдарымен, кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамыту жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, республикалық деңгейде уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындардың тізбесін, жергілікті атқарушы органдар айындаған шарттарда өңірлік деңгейде субсидиялау үшін кәсіпорындардың тізбесін айқындайды;
2) білікті жұмыскерлер, негізгі өнірісте, цехта жұмыс істейтін қызметшілер мен білікті жұмысшылар қатарынан қысқару қауіпі бар уақытша субсидиялауға жататын жұмыскерлердің санын айқындайды;
3) «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдарымен бірлесіп, кәсіпорындардың тізбесін, жұмыскерлердің санын және уақытша субсидиялауға шығыстардың сомасын қалыптастырады;
4) республикалық және өңірлік деңгейде уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындарды бөледі;
5) ВАК-тың қарауына енгізу үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға кәсіпорындардың тізбесін, жұмыскерлердің санын және республикалық деңгейде жұмыскерлерді уақытша субсидиялауды ұйымдастыру үшін шығыстарды шығарады;
6) өңірлік комиссияда келісуге және бекітуге кәсіпорындардың тізбесін, жұмыскерлердің санын және өңірлік деңгейде жұмыскерлерді уақытша субсидиялауды ұйымдастыру үшін шығыстарды шығарады;
7) ВАК-пен келіскеннен кейін не өңірлік комиссия бекіткеннен кейін уақытша субсидияланатын қызметерлер санымен кәсіпорындардың тізімін халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді.
66. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган кәсіпорындардың тізбесін, жұмыскерлердің санын және республикалық деңгейде жұмыскерлерді уақытша субсидиялауды ұйымдастыру үшін шығыстарды қарастыру және келісу бойынша ұсыныстарды МВК-ға шығарады.
67. ВАК республикалық деңгейде жұмыскерлерді уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындардың тізбесін, сондай-ақ өңірлер арасында қаржыландыруға қаражатты бөлуді қарайды және келіседі.
68. Өңірлік комиссия өңірлік деңгейде жұмыскерлерді уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындардың тізбесін, сондай-ақ кәсіпорындар арасында қаржыландыруға қаражатты бөлуді қарайды және келіседі.
69. Жұмыскерлердің жалақысы бөлігіндегі уақытша субсидиялауды халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.
70. Халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) уақытша субсидиялау мәселелері жөнінде жұмыс берушілерге консультация береді;
2) өнеркәсіп саласына жататын кәсіпорындардан уақытша субсидиялауға өтінім жинауды жүзеге асырады;
3) уақытша субсидияланатын жұмыскерлердің тізімдерін қалыптастырады.
71. Жұмыскерлерді уақытша субсидиялау үшін іріктелген кәсіпорындар халықты жұмыспен қамту орталықтарына мекенжайы бойынша осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уақытша субсидиялауға жататын жұмыскерлердің тізімдерін ұсынады.
Жұмыскерлердің ұсынылған тізімдері үш жұмыс күні ішінде бірыңғай тізбеге жинақталады.
72. Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес Бағдарламаға қатысушымен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша мамандығы, жалақысының мөлшері, субсидиялау сомасы, шарттың жарамдылық мерзімі және еңбек шарты бұзылған жағдайда тараптардың міндеттері көрсетілген және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жұмыс берушілер қосылатын әлеуметтік келісімшарт жасасады.
73. Республикалық деңгейде қызметкерлерді уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындарды қаржыландыру Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражаттар шегінде республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
Өңірлік деңгейде қызметкерлерді уақытша субсидиялау үшін кәсіпорындарды қаржыландыру жергілікті бюджет немесе Қазақстан Республикасның заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражаттардың есебінен жүргізіледі.
Қаржыландыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлермен жасалған әлеуметтік келісімшарттардың негізінде ай сайын қаржыландырудың бекітілген жоспарларына сәйкес және осы мақсатқа көзделген сомалар шегінде жүзеге асырады.
74. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілер ұсынған жұмыс уақыты табелінің негізінде ай сайын еңбек шартында белгіленген мөлшерге қарай іс жүзінде істелген жұмысы үшін қызметкердің дербес (карточкалық) шотына субсидиялау сомасын аударуды жүргізеді.
Жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкермен еңбек шартын мерзімінен бұрын (6 айға дейін) бұзған кезде, жұмыс берушілер осы қызметкерді уақытша субсидиялауға жұмсалған мемлекеттің барлық шығындарын бюджетке қайтарады.
75. Халықты жұмыспен қамту орталығы үш жақты әлеуметтік шартты сақтау мониторингін жүргізеді.
76. Халықты жұмыспен қамту орталығы есепті айдан кейінгі айдың 5-іне қарай ай сайын жұмыс берушілер ұсынған есептердің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органына мынадай мәліметтер:
1) уақытша субсидияланатын қызметкерлердің саны туралы;
2) субсидиялаудың орташа айлық мөлшері туралы;
3) шарттың (әлеуметтік келісімшарттың) талаптарын бұзу фактілері туралы көрсетілген есепті ұсынады.
7-параграф. Кәсіптік оқытуды аяқтаған адамдарға
жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
77. Халықты жұмыспен қамту орталықтары кәсіптік білімі болған не кәсіптік оқуды аяқтаған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін деректер қорында бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес жолдама беру арқылы жәрдемдеседі.
Бағдарламаға қатысуға үміткерлер іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу үшін тұрақты тұратын ауданның, қаланың халықты жұмыспен қамту орталықтарына қажетті құжаттардың көшірмесін қоса беріп, осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
78. Халықты жұмыспен қамту орталықтары оқушыларды жұмысқа орналастыру жөніндегі жұмыстарды өз бетінше не қолданыстағы мемлекеттік сатып алу және (немесе) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамаларға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және (немесе) үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізеді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары халықтың осал топтарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыс орындарын кеңейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
79. Жұмысқа орналастырылуға тиіс адамдардың тізімін халықты жұмыспен қамту орталықтары оқытуды аяқтаған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне ұсынады.
80. Үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктері есепті айдан кейінгі айдың 3-күніне қарай жұмысқа орналастыру үшін адамдардың тізімін жіберген халықты жұмыспен қамту орталықтарына жұмысқа орналастырылғандар, кәсіпорындар (ұйымдар), мамандықтар (кәсіптер), жұмысқа орналастырылғанның орташа жалақысы туралы ақпаратты ай сайын ұсынады.
81. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасында оқушыларды жұмысқа орналастыру және кәсіптік оқытуды аяқтағаннан кейін (мерзімі біткенге дейін) тұрақты жұмысқа орналасқаны туралы мәліметтерді көрсетеді.
82. Жұмысқа орналастырылған адамдар туралы мәліметтер әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесіне орналастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |