43) ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың өкiлi – эмитентпен жасалған шарттың негiзiнде ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың мүддесiнде әрекет ететiн ұйым;
44) ислам бағалы қағаздарының номиналды құны – ислам бағалы қағаздарын оларды бастапқы орналастыру аясында ислам бағалы қағаздарын шығару проспектiсiнде белгiленген шарттар бойынша сатып алу кезiнде инвестор төлейтiн ислам бағалы қағаздары құнының ақшалай түрі;
45) кастодиан – қаржы құралдары мен клиенттер ақшасының есебiн алуды және олар бойынша құқықтарды растауды, клиенттердiң құжаттық қаржы құралдарының сақталуы жөнiнде өзiне мiндеттемелер қабылдай отырып, оларды сақтауды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы;
46) клиент – бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы көрсететiн қызметтердi пайдаланатын немесе пайдаланғысы келетiн тұлға;
47) қазақстандық депозитарийлiк қолхат – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздардың белгiлi бiр санына меншiк құқығын растайтын туынды эмиссиялық бағалы қағаз;
48) қамтамасыз етiлген облигация – эмитент мiндеттемелерiн орындау эмитент мүлкiнiң кепiлiмен, банк кепiлдiгiмен қамтамасыз етiлген облигация;
49) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клиринг қызметі – қаржы құралдарымен мәмілелер жасау нәтижесінде есеп айырысуға қатысатын (төлемдерді жүзеге асыратын) субъектілердің талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындау;
50) қаржы құралдарын материалсыздандыру – құжаттық нысанда шығарылған қаржы құралдарымен куәландырылатын құқықтарды растау тәсiлiн осы құқықтарды орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi электрондық жазбалармен растау арқылы өзгерту;
51) қаржы рыногы – қаржы қызметiн көрсету мен тұтынуға және қаржы құралдарының айналымына байланысты қатынастар жиынтығы;
52) қор биржасы – акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйелерiн пайдалана отырып, оларды тiкелей жүргiзу арқылы сауда-саттықты ұйымдық және техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
53) қор биржасының сауда жүйесi – оларды пайдалана отырып, осы қор биржасының мүшелерi арасында эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасалатын қор биржасының материалдық-техникалық құралдарының, iшкi құжаттарының және өзге де қажеттi активтерi мен рәсiмдерiнiң кешенi;
54) қор биржасының трейдері – осы қор биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып, қор биржасы мүшесінің атынан мәмілелер жасасуға және өзге де іс-әрекеттерді орындауға уәкілеттік берілген жеке тұлға;
55) құжатсыз бағалы қағаз – құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаз;
56) құжаттық бағалы қағаздар – құжаттық нысанда шығарылған (қағаздағы немесе арнайы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ бағалы қағаздың мазмұнын тiкелей оқу мүмкін болатын өзге де материалдық жеткiзгiштегi) бағалы қағаздар;
57) левередж – эмитенттiң мiндеттемелерi мен меншікті капиталы мөлшерлерiнiң арасындағы арақатынас;
58) листинг – қор биржасының бағалы қағаздар тiзiмiнiң санатына енгiзу және сол санатта болу үшiн қор биржасының iшкi құжаттарында бағалы қағаздарға және олардың эмитенттерiне арнайы (листингтiк) талаптар белгiленiп, бағалы қағаздарды оған енгiзу;
59) лицензиат – уәкiлеттi орган берген лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
60) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар – мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылмайтын акциялар, облигациялар және өзге де эмиссиялық бағалы қағаздар;
61) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергiлiктi атқарушы органдар болатын қарызға қатысты оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын немесе оны ұстаушының қосалқы жалдау шарты негiзiнде активтердi пайдаланудан табыстар алуға құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
62) мiнсiз iскерлiк бедел – кәсiпқойлықты, адалдықты, алынбаған немесе өтелмеген соттылығы жоқ екенiн растайтын фактiлердiң болуы;
63) мүдделер қақтығысы – бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар мен олардың клиенттерiнiң мүдделерi бiр-бiрiне сай келмейтiн жағдай;
64) номиналды ұстауды есепке алу жүйесi – номиналды ұстау қызметiн көрсететiн бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушының бағалы қағаздарды ұстаушылар және оларға тиесiлi бағалы қағаздар туралы мәлiметтерi бар, уақыттың белгiлi бiр кезiнде бағалы қағаздарды сәйкестендiрудi, олармен жасалатын мәмiлелердi тiркеудi қамтамасыз ететiн есеп беру жүйесi, сондай-ақ осы бағалы қағаздардың айналымына немесе олар бойынша құқықтарды жүзеге асыруға арналып тiркелген шектеулердiң сипаты және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес өзге де мәлiметтер;
65) облигацияларды өтеу – эмитенттiң орналастырылған облигацияларды сыйақы және облигацияның номиналды құнын төлеу (кейiннен сату мақсатынсыз) немесе оны облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген тәртiппен тап сол эмитенттiң акциясына (акцияларына) айырбастау арқылы айналымнан алып қою жөнiндегi iс-әрекетi;
66) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi – эмитентпен жасалған шарт негiзiнде бағалы қағаздардың қайталама рыногындағы облигациялар айналымы, облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу процесiнде облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн көздеп iс-әрекет жасайтын ұйым;
67) облигациялық бағдарлама – эмитент облигациялардың бiрнеше шығарылымын, оның iшiнде шығарылымның тиiстi проспектiсiнде айқындалатын әртүрлi құрылыммен шығаруды жүзеге асыруға құқылы болатын шекте облигациялар шығару;
68) облигацияның номиналды құны – облигация құнының ол шығарылған кезде айқындалған ақшалай түрі, оған купондық облигация бойынша пайызбен көрсетiлген сыйақы есептеледi, сондай-ақ облигацияны өтеген кезде оны ұстаушыға төленуге тиiстi сома;
69) оқшаулау – бағалы қағаздардың сақталуына кепiлдiк беру мақсатымен жүзеге асырылатын, бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiнде және номиналды ұстауды есепке алу жүйесiнде бағалы қағаздармен жасалатын азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеуге уақытша тыйым салу;
70) оригинатор – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң талаптарына сай келетiн, сатып алу-сату шартының негiзiнде активтердi ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясының құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы.
Жалдау шартының негiзiнде активтердi ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн, мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган оригинатор бола алады;
71) орналастырылған эмиссиялық бағалы қағаздар – бағалы қағаздардың бастапқы рыногында инвесторлар ақысын толық төлеген эмиссиялық бағалы қағаздар;
72) орталық депозитарий – Қазақстан Республикасының аумағында депозитарийлік қызметті жүзеге асыратын бірден-бір мамандандырылған коммерциялық емес ұйым;
73) орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесi – депозитарлық қызметтi жүзеге асыру кезiнде орталық депозитарий қалыптастыратын мәлiметтер жиынтығы;
74) орталық контрагент – қор не сауда биржасында әрбір сатушы және қаржы құралдарының әрбір сатып алушысы үшін жасалатын мәмілелер бойынша тарап болып табылатын заңды тұлға;
75) өзiн-өзi реттейтiн ұйым – бағалы қағаздар рыногында өз қызметiнiң бiрыңғай қағидалары мен стандарттарын белгiлеу мақсатымен қауымдастық (одақ) нысанында бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар құрған заңды тұлға;
76) өтiнiш берушi – бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензия алу мақсатымен уәкiлеттi органға құжаттарды табыс еткен заңды тұлға;
77) пруденциялық нормативтер – уәкiлеттi орган белгiлеген және лицензиат сақтауға тиiс нормалардың қаржылық көрсеткiштерi;
78) резервтiк қор – қалыптастыру және пайдалану тәртiбi ислам бағалы қағаздарын шығару проспектiсiнде айқындалатын ислам бағалы қағаздарын орналастырудан алынған ақшаны инвестициялау нәтижесiнде туындайтын залалдарды жабуға арналған қаражат;
79) рейтинг – белгiлi бiр эмитенттiң шамамен алғандағы кредит қабiлетiн немесе оның бағалы қағаздарының сапасы мен сенiмдiлiгiн белгiлейтiн бағаның жеке сандық және әрiппен белгiленген көрсеткiшi;
80) сауда-саттықты ұйымдастырушы – қор биржасы және биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгiлеу ұйымы;
81) сауда-саттықты ұйымдастырушының тізімі – қор биржасының сауда жүйесіне немесе биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгілеу ұйымының баға белгілеуді айырбастау жүйесіне айналымға жіберуге рұқсат етілген, сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарына сәйкес жасалған қаржы құралдарының тізімі;
82) төлем агентi – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
83) трансфер-агент – өз клиенттерiнiң арасында құжаттар (ақпараттар) қабылдау мен беру жөнiнде қызмет көрсететiн бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы;
84) туынды бағалы қағаздар – осы туынды бағалы қағаздардың базалық активке қатынасы бойынша құқықтарды куәландыратын бағалы қағаздар;
85) тiркелген тұлға – бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушыны есепке алу жүйесiнде ашылған жеке шоты бар тұлға;
86) тiркеушi – бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiн қалыптастыруды, сақтауды және жүргiзудi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы;
87) уәкiлеттi орган – бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
88) ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногы – эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарының айналым саласы, олармен жасалатын мәмiлелер сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады;
89) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногы – бағалы қағаздардың айналым саласы, онда бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылады;
90) ұлттық сәйкестендiру нөмiрi – эмиссиялық бағалы қағаздарды сәйкестендiру және есепке алуды жүйелеу мақсатымен оларға уәкiлеттi орган беретiн әрiптiк-цифрлық код;
91) хеджирлеу – хеджирлеу объектiсi бағасының немесе өзге де көрсеткiшiнiң қолайсыз өзгеруi нәтижесiнде туындайтын ықтимал залалды өтеу мақсатында жасалатын туынды қаржы құралдарымен операциялар. Бұл ретте, активтер және (немесе) мiндеттемелер, сондай-ақ көрсетілген активтерге және (немесе) мiндеттемелерге немесе күтiлетiн мәмiлелерге байланысты ақша легi хеджирлеу объектiсi деп танылады;
92) шетелдiк мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз – қарыз алушы шет мемлекеттiң үкiметi болатын қарызға қатысты оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз не шет мемлекеттiң заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бағалы қағаздарға жатқызылған өзге де бағалы қағаз;
93) шығарылым құрылымы – шығарылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, номиналды құны (облигациялар үшiн) туралы мәлiметтер;
94) iшкi құжаттар – бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң, оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдарының, өкiлдiктерiнiң), қызметкерлерiнiң қызмет жағдайлары мен тәртiбiн, қызметтер көрсетуiн және оларға ақы төлеу тәртiбiн реттейтiн құжаттар;
95) эмиссиялық бағалы қағаздар – бiр шығарылым шегiнде бiртектi белгiлер мен реквизиттерi болатын, осы шығарылым үшiн бiрыңғай жағдайлар негiзiнде орналастырылатын және айналымға түсетiн бағалы қағаздар;
96) эмиссиялық бағалы қағаздар айналымы – бағалы қағаздардың қайталама рыногында бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
97) Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмi – уәкiлеттi орган қалыптастыратын эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымдары мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтердiң жиынтығы;
98) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру – бағалы қағаздардың бастапқы рыногында бағалы қағаздарды сату;
99) эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсi – эмитент, оның қаржылық жағдайы, сатылады деп болжанатын эмиссиялық бағалы қағаздар, шығарылымның көлемi, шығарылымдағы бағалы қағаздардың саны, олардың шығарылымы, орналастырылуы, айналымда болуы, дивидендтер (сыйақы) төлеу, өтеу рәсiмi мен тәртiбi туралы мәлiметтер және инвестордың бағалы қағаздар сатып алу туралы шешiмiне ықпал етуi мүмкiн басқа да ақпарат бар құжат;
100) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы – эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздардың азаматтық құқықтар объектiсi ретiнде пайда болуына бағытталған iс-әрекеттері немесе орналастырылуы, айналымда болуы және өтелуi осы эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне сәйкес жүзеге асырылатын белгiлi бiр бағалы қағаздардың жиынтығы;
101) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының күшiн жою – эмиссиялық бағалы қағаздың азаматтық құқықтар объектiсi ретiнде болуын тоқтату;
102) эмиссиялық консорциум – андеррайтерлердiң эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсету мақсатында бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылған бiрлестiгi;
103) эмитент – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асыратын тұлға.»;
3) 3-баптың 2-тармағының 8) және 19) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«8) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметті жүзеге асыру қағидаларын, бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушылардың бағалы қағаздармен және (немесе) туынды қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау, осы мәмiлелердi есепке алу және олар бойынша есеп беру шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды айқындайды;»;
«19) өз құзыретi шегiнде эмитенттердiң, орталық депозитарийдiң және лицензиаттардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және олардың қызметiне тексеру жүргiзедi;»;
4) 3-1-бапта:
1-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) инвестициялық комитеттің мүшелерін инвестициялық комитет құрамындағы міндеттерін орындаудан шеттетуге;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) міндеттеме-хатты ұсыну туралы талапты жіберуге;»;
4) тармақша «субъектісімен» деген сөзден кейін «міндетті түрде қол қоюға жататын» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында келтірілген шаралар, егер уәкілетті орган ірі қатысушы белгілері бар тұлғалардың, сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға ірі қатысушылардың, олардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайын нашарлатты деп анықтаса, ірі қатысушы белгілері бар тұлғаларға, сондай-ақ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ірі қатысушыларына да қатысты қолданылуы мүмкін.»;
2-тармақ «тiзбесiн» деген сөзден кейін «, оларды орындау мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты бағалы қағаздар рыногы субъектісінің лауазымды адамдарын» деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақтың бірінші бөлігі «субъектісіне» деген сөзден кейін «түзету шараларын қабылдауға жауапты бағалы қағаздар рыногы субъектісінің лауазымды адамын көрсете отырып,» деген сөздермен толықтырылсын;
8-тармақтың 4) тармақшасындағы «бағалы қағаздар рыногы субъектілерінің» деген сөздер «орталық депозитарий мен лицензиаттардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
«3-2-бап. Ертерек ден қою шаралары
1. Бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган олардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген факторларды анықтау үшін көрсетілген ұйымдардың қызметіне талдау жасауды жүзеге асырады.
2. Бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайына талдау жасау нәтижесінде және (немесе) оларды тексеру қорытындылары бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген факторлар анықталған жағдайда, уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымға бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын арттыру, оның қаржылық жағдайының нашарлауына және бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыруына байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу жөніндегі ертерек ден қою шаралары көзделетін іс-шаралар жоспарын ұсыну жөнінде жазбаша нысанда талап жібереді.
Бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым көрсетілген талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әрбір тармақ бойынша орындалу мерзімдерін және жауапты лауазымды адамдарды көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда, бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым жоспарда белгіленген мерзімдерде оның орындалу нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, жоспарды іске асыруға кіріседі.
Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған жағдайда, уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымға төменде санамаланған ертерек ден қою шараларының бірін немесе бірнешеуін:
1) бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның ұйымдық құрылымын және (немесе) штат санын өзгертуді;
2) бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның басшы және (немесе) өзге де қызметкерлерін қызметінен шеттетуді:
3) инвестициялық комитеттің құрамын өзгертуді;
4) уәкілетті орган белгілеген мерзімге дивидендтерді есептеуді және (немесе) төлеуді тоқтатуды;
5) клиенттердің активтерін инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын басқа ұйымға басқаруға беруді;
6) бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның меншікті капиталын оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерге дейін, соның ішінде оның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы ұлғайтуды;
7) өтімді активтердің үлесін арттыру және (немесе) инвестициялардың тәуекелдер деңгейін азайту мақсатында инвестициялық портфельді қайта құрылымдауды жүргізуді;
8) әкімшілік шығыстарды қысқартуды, оның ішінде қызметкерлерді қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу арқылы қысқартуды талап ету арқылы қолданады.
3. Бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе осы жоспардың іс-шаралары уақтылы орындалмаған, сондай-ақ уәкілетті органның талабына сәйкес ертерек ден қою шаралары орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда, бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген ықпал етудің шектеулі шаралары және (немесе) санкциялар қолданылады.
4. Ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібі және бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Екінші деңгейдегі банктер, жинақтаушы зейнетақы қорлары және зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асырған кезде оларға осы баптың талаптары қолданылмайды.»;
6) 4-баптың 2-тармағындағы «өзге де заң актiлерiмен» деген сөздер «өзге де заңнамасымен» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 1-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
«5-1-бап. Білікті инвесторлар
1. Осы баптың 2-тармағында аталған тұлғалар, сондай-ақ осы бапта белгіленген тәртіппен білікті инвесторлар деп танылған тұлғалар білікті инвесторлар болып табылады.
2. Мыналар білікті инвесторлар болып табылады:
1) қаржы ұйымдары;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкілетті органның тиісті лицензиясын алмай-ақ, бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
3) ұлттық холдинг, ұлттық басқарушы холдинг;
4) халықаралық қаржы ұйымдары.
3. Бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті және (немесе) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар осы баптың 2-тармағында аталмаған дара және институционалдық инвесторларды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен және шарттармен білікті инвесторлар деп тануы мүмкін.
4. Өзін білікті инвестор деп тануға өтініш берген тұлға өзі туралы берген ақпараттың дәйектілігі үшін жауапты болады.
Тұлғаны өзі берген дәйексіз ақпараттың негізінде білікті инвестор деп тану оның мүддесін көздейтін және оның есебінен жасалған мәмілелердің жарамсыздығына негіз болып табылмайды.
5. Тұлға бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының бір түріне немесе бірнеше түріне, білікті инвесторларға арналған қызметтердің бір түріне немесе бірнеше түріне қатысты білікті инвестор болып танылуы мүмкін.
6. Тек қана білікті инвесторлардың қаражаты есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
7. Білікті инвестор деп тануды жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушы:
1) білікті инвесторды бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының немесе көрсетілетін қызметтердің қандай түрлеріне қатысты оның білікті инвестор деп танылғаны туралы хабардар етуге;
2) тұлғаны білікті инвестор деп тану үшін қажетті талаптардың сақталуын растауды білікті инвестор деп танылған тұлғадан талап етуге және көрсетілген талаптардың сақталуына тұрақты түрде тексеруді жүзеге асыруға;
3) өзі білікті инвесторлар деп таныған тұлғалардың тізілімін жүргізуге міндетті.
8. Білікті инвесторды білікті инвесторлар тізілімінен шығару ол білікті инвесторлар тізіліміне енгізілу шарттарына сай келмеген жағдайда жүзеге асырылады.»;
8) 9-бапта:
1-тармақта:
1) тармақшадағы «пен оның» деген сөздер «, оның орналасқан жері және» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«10) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы;»;
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
«11-1) эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне (мұндай ұйыммен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген жағдайда) енгізу және олардың тізімде болу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін ұйым туралы;»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мыналар:
1) эмитенттің (жаңадан құрылған эмитенттердi қоспағанда) соңғы екi қаржы жылындағы аудиторлық есептермен расталған жылдық қаржылық есептiлiгінің көшірмелері, сондай-ақ эмитенттің аудиторлық есептерінің және есепке алу саясатының көшірмелері;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге құжаттар беру алдындағы соңғы тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептiлiгінің көшірмелері эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
Аяқталған қаржы жылының қаржылық есептiлiгiнiң аудиторлық есебi болмаған жағдайда ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап 1 маусым аралығы кезеңінде эмитент уәкiлеттi органға аяқталған соңғы жылдың алдындағы екi жылдың қаржылық есептiлiгiн және аталған кезеңдегi қаржылық есептiлiгiнiң аудиторлық есебiн ұсынады. Эмитент аяқталған қаржы жылының аудиторлық есебі мен қаржылық есептілігін жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.»;
мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:
«2-2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардан басқа:
1) қоғамның ұйымдастырылмаған рынокта акцияларды сатып алу кезiнде олардың құнын айқындау әдiстемесi және қоғамның таза табысын бөлу тәртібі акциялар шығару проспектісінің ажырамас бөлігі болып табылады;
2) мыналар:
облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттар көшірмелері;
облигацияларды ұйымдастырылған рынокта (мұндай ұйымдармен шарт жасасу міндеті осы Заң талаптарында көзделген жағдайда) орналастыруды жоспарлаушы эмитенттер үшін эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімде болу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін ұйымдармен жасалған шарттардың көшірмелері;
жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің табысын оған қатысушылар арасында бөлу тәртібі облигациялар шығару проспектісінің ажырамас бөлігі болып табылады.»;
4-тармақта:
«қоғамның акцияларды сатып алуы кезiнде олардың құнын айқындау әдiстемесi және осы баптың 1-тармағының 1)-3), 8)-12) тармақшаларында көрсетiлген мәлiметтер» деген сөздер «осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 4-1), 4-2), 8), 9), 10), 10-1), 11), 11-1) және 12) тармақшаларында көрсетілген және (немесе) 2-2-тармақтың 1) тармақшасында және 2) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген құжаттардағы мәліметтер» деген сөздермен ауыстырылсын;
«қоғамның» деген сөз «эмитенттің» деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 10-баптың тақырыбы мен мәтіні «Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды» және «эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды» деген сөздерден кейін «(бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды)» деген сөздермен толықтырылсын;
10) 12-бапта:
1-тармақта:
7) тармақшада:
«қамтамасыз еткенiн» деген сөздер «қамтамасыз етудің болуын» деген сөздермен ауыстырылсын;
«және облигациялар ұстаушылардың өкiлiмен жасалған шарттың көшiрмесiн» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) эмитенттің облигациялар шығару проспектісінде қор биржасының сауда жүйесінде осы облигациялардың айналымы көзделген жағдайда эмитенттің және ол шығаратын облигациялардың қор биржасының тізіміне эмитент облигацияларын енгізуге және олардың тізімде болуына қойылатын талаптарға сай келуі туралы қор биржасының қорытындысын, сондай-ақ қор биржасының листинг комиссиясының эмитенттің бағалы қағаздар шығару проспектісіне инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша шектеулерді енгізу жөніндегі ұсынымдарын;»;
мынадай мамзұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Микрокредиттік ұйымдардың, кредиттік серіктестіктердің, өзара сақтандыру қоғамдарының және ломбардтардың мемлекеттік емес облигациялар шығаруға құқығы жоқ.»;
11) 13-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Эмитенттің облигациялық бағдарлама шегiнде құрылымы бойынша әртүрлі облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқығы бар.»;
12) 14-бап алып тасталсын;
13) 15 және 18-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап. Облигациялар шығарудың шарттары
1. Егер облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға ұсыну күнi эмитентте айналымдағы бағалы қағаздар (акцияларды қоспағанда) шығару шарттарын (оның ішінде сыйақы төлеу немесе бағалы қағаздары өтеу жөнiндегi мiндеттемелерiн) уақтылы орындамаған немесе орындамаған, сондай-ақ айналымдағы бағалы қағаздардың (акцияларды қоспағанда) делистинг жағдайлары болмаса және эмитент, инфрақұрылымдық облигациялар эмитентiн қоспағанда, мынадай талаптардың бiрiн сақтаған жағдайда:
1) облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға ұсыну күнi эмитентте уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген талаптарға сәйкес рейтинг агенттiктерi бiрінiң талап ететiн ең төменгi рейтингi болса;
2) облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды уәкілетті органға ұсыну алдындағы соңғы тоқсанның қорытындылары бойынша эмитенттiң левередж шамасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көрсетілген шамадан аспаса;
3) жаңадан шығарылған облигациялар ипотекалық облигациялар болып табылса, эмитент облигациялар шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
Эмитенттiң левередж шамасына осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында белгіленген талаптар облигациялар айналымының барлық мерзімі ішінде қолданыста болады.
Осы тармақтың талаптары ұлттық басқарушы холдингке қолданылмайды.
2. Осы облигацияларды шығару проспектісінде белгіленген облигациялар айналымы мерзімі ішінде эмитент мынадай шарттарды сақтауға:
1) иеліктен шығару күні эмитент активтерінің құрамына кіретін мүлікті эмитент активтерінің жалпы құнының жиырма бес пайызынан асатын сомаға иеліктен шығармауға;
2) эмитент облигацияларының шығарылымына байланысты емес міндеттемелерді облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу күніне аталған эмитент активтерінің жалпы құнының он пайызынан астамын орындамау фактілеріне жол бермеуге;
3) эмитенттің құрылтай құжаттарына эмитент қызметінің негізгі түрлерін өзгертуді көздейтін өзгерістер енгізбеуге;
4) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгертпеуге міндетті.
Эмитент осы тармақта көзделген шарттарды бұзған жағдайда, эмитент облигацияларды ұстаушылардың талаптары бойынша жиналған сыйақыны ескере отырып, облигациялардың номиналды құнына сәйкес келетін бағамен облигацияларды сатып алуға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйым міндеттемелерін қайта құрылымдауды жүргізген кезде оған;
2) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында аталған эмитенттер уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда облигациялар шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.»;
«18-бап. Агенттiк облигациялардың шығарылымы
Агенттiк облигациялардың шығарылымы, айналымы және оларды өтеу шарттары мен тәртібі, агенттiк облигациялардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу мақсатында қаржы агенттiгi уәкiлеттi органға табыс ететін құжаттардың тізбесі және шығарылымды мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.»;
14) мынадай мазмұндағы 18-3 және 18-4-баптармен толықтырылсын:
«18-3-бап. Шетел валютасында номиналдандырылған облигациялар
шығарылымының ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының резиденті емес эмитенттер немесе халықаралық қаржы ұйымдары Қазақстан Республикасының аумағында номиналды құны шетел валютасында көрсетілген облигацияларды шығаруға құқылы.
2. Номиналы шетел валютасында көрсетілген облигациялардың шығарылымы, айналымы және оларды өтеу, сондай-ақ оларды орналастыру және өтеу қорытындылары туралы есепті ұсыну шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
18-4-бап. Орналастырылған облигацияларды сатып алу
1. Эмитент орналастырылған облигацияларды сатып алуды:
1) эмитенттің органы облигацияларды делистингілеу туралы шешім қабылдаған;
2) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалған ақпаратты қор биржасына ұсыну бөлігінде арнайы (листингтік) талаптарды орындамау себебімен қор биржасы эмитенттің облигацияларын делистингілеу туралы шешім қабылдаған;
3) эмитент облигацияларды ұстаушылардың бұрынғы өкілімен шартты бұзған немесе оның қолданысын тоқтатқан күннен бастап күнтізбелік отыз күннен асатын мерзімде облигацияларды ұстаушылардың өкілімен шарт жасаспаған жағдайларда жүргізуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген жағдайларда эмитент жиналған сыйақыны ескере отырып, облигациялардың номиналды құнына сәйкес келетін бағамен не қай шамасы үлкен болып табылатындығына қарай облигациялардың әділетті нарықтық бағасымен орналастырылған облигацияларды сатып алуды жүзеге асыруға міндетті.»;
15) 19-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Облигациялардың шығарылымы мен айналымы кезiнде эмитент алдында облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi – өкiл) жүзеге асырады.»;
16) 20-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 1-1) және 3-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) эмитенттің облигацияларды орналастырудан алған ақшаны нысаналы пайдалануын бақылайды;»;
«3-1) эмитенттің қаржылық жағдайына мониторингті және оның корпоративтік оқиғаларына талдау жасауды жүзеге асырады;»;
4) және 5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«4) облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған, оның ішінде меншігінде эмитенттің орналастырылған (сатып алғандарды шегергенде) облигацияларының елу және одан да көп пайызы бар облигацияларды ұстаушылардың атынан сотқа эмитенттің облигациялар шығару проспектісінде белгіленген міндеттемелерді орындамауы мәселелері бойынша талап-арыз беру арқылы шаралар қолданады;
5) облигацияларды ұстаушыларға және уәкілетті органға осы тармақтың 1), 1-1), 2), 3), 3-1) және 4) тармақшаларына сәйкес өзiнiң iс-әрекеттерi туралы және мұндай iс-әрекеттерінiң нәтижелерi туралы тоқсанына кем дегенде бір рет хабарлайды.»;
мынадай мазмұндағы 2-2 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
«2-2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген функцияларды іске асыру мақсатында өкіл облигацияларды ұстаушылардың тізімі туралы ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.
Эмитент уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және өкілмен жасалған шартта көзделген тәртіппен және талаптармен өкілге осы баптың 1-тармағында көрсетілген функцияларды іске асыру үшін оның сұратқан ақпаратын ұсынуға міндетті.»;
«4. Өкіл өзінің интернет-ресурсында осы баптың 1-тармағының 1), 1-1), 2), 3), 3-1) және 4) тармақшаларына сәйкес өзiнiң iс-әрекеттерiнің нәтижелерi туралы ақпаратты, сондай-ақ эмитент пен өкіл арасында жасалған шартқа сәйкес эмитент ұсынатын ақпаратты орналастыруға міндетті.»;
17) 22-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Шығару проспектісінде ұйымдастырылған рынокта не ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған рыноктарда осы облигациялардың айналымы көзделген облигациялар ұйымдастырылған рынокта ғана орналастырылуға тиіс.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық консорциумға) акцияларды орналастыру кезінде:
1) эмитенттің орналастырылған акцияларды кері сатып алуын жүзеге асыру құқығын не міндетін көздейтін мәмілелерді жасасуға (жасауға);
2) талаптарында (шығарылым талаптарында) эмитенттің орналастырған акцияларын эмитенттің сатып алу құқығы немесе міндеті көзделетін шарттар жасасуға (туынды бағалы қағаздарды сатып алуға) тыйым салынады.
Эмитенттің (андеррайтердің, эмиссиялық консорциумның) облигацияларды орналастыру кезінде облигациялардың жекелеген ұстаушыларына облигацияларды шығару проспектісінде белгіленбеген қосымша құқықтарды беруіне тыйым салынады.»;
18) 22-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-1-бап. Шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық
бағалы қағаздарды шығарудың және (немесе)
орналастырудың, сондай-ақ эмиссиялық бағалы
қағаздарды шет мемлекеттің аумағында қызметін
жүзеге асыратын қор биржасының бағалы қағаздар
тізіміне енгізудің шарттары мен тәртiбi
1. Қазақстан Республикасының резидент ұйымы мынадай негiзгi шарттар сақталған жағдайда уәкiлеттi органның тиiстi рұқсаты болған кезде ғана шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды және (немесе) орналастыруды жүзеге асыруға құқылы:
1) осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасы резидент ұйымының бағалы қағаздарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аталған резидент ұйымы бұрын шығарған эмиссиялық бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген болса.
Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органдары) Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлға шығарған бағалы қағаздар шет мемлекеттің аумағында шығарылған және (немесе) орналастырылған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне меншігінде аталған заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы бар Қазақстан Республикасының ұйымы бұрын шығарған бағалы қағаздар енгізілуге тиіс;
2) Қазақстан Республикасының резидент ұйымы шығарған облигацияларды шет мемлекет аумағында орналастырудың басталуымен бір мезгілде олар Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алу үшін ұсынылуға тиіс, ал ұсыну кезiндегi осы облигацияларды орналастыру шарты оларды шет мемлекет аумағында орналастыру кезiндегi шарттарымен бiрдей болу керек. Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған рыногында осы облигацияларды сатып алуға инвесторлардың өтінімдерін (бұдан әрі – инвесторлар өтінімдері) тіркеуді Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін, сауда жүйесінде облигацияларды орналастыруды қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын қор биржасы жүзеге асырады.
Инвесторлар өтінімдері осы облигацияларды орналастыру шеңберіндегі барлық өтінімдерді қабылдау нәтижелері бойынша эмитент айқындаған, облигациялар шығарылымын орналастыруға жоспарланатын жалпы көлемінің кемінде жиырма пайызы көлемінде өтеуге табыс ставкасы бойынша қанағаттандырылады. Егер Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған рыногында облигацияларға сұраныс облигациялар шығарылымын орналастыруға жоспарланатын жалпы көлемінің кемінде жиырма пайызын құраса, онда инвесторлар өтінімдері толық көлемде қанағаттандырылады;
3) шығарылымын уәкілетті орган тiркеген облигацияларды орналастыру кезiнде осы облигациялар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тiзiмiнiң санаттарына енгiзiлуге тиiс;
4) шығарылымы шет мемлекеттiң заңнамасына сәйкес тiркелген облигацияларды орналастыру кезiнде осы облигациялар бойынша қор биржасының оларды уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген қор биржасы тiзiмiнiң санаттарына енгiзуге келiсiмi алынуға тиiс;
5) акцияларды, сондай-ақ акционерлiк қоғамның бастамасы бойынша немесе оның қатысуымен шығарылатын және базалық активтерi осы акционерлiк қоғамның акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде:
осы акциялар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген қор биржасы тiзiмiнiң санаттарына енгiзiлуге тиiс;
эмитенттің уәкiлеттi органының акцияларды орналастыру туралы шешiмi осы акциялардың жалпы санының кемiнде жиырма пайызы Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алу үшін ұсынылуға тиiс деген шартты қамтуға тиіс. Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алу үшiн ұсынылуға тиiс акциялардың саны, егер осындай сан осы акцияларды басым сатып алу құқығын iске асырудың нәтижесi болып табылса, орналастырылатын акциялардың жалпы санының жиырма пайызынан кем болуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының эмиссиялық бағалы қағаздары:
1) осы эмиссиялық бағалы қағаздар Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізілуі және онда болуы;
2) шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруға осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарды сақтаған кезде уәкiлеттi органның тиiстi рұқсаты болғанда шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасында сауда-саттығы жүргізілетін бағалы қағаздар тізіміне енгізілуі және (немесе) онда болуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) активтерiнiң кемiнде үштен екiсін Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған заңды тұлғалар және (немесе) тиiмдi басқару орны (нақты басқару органдары) Қазақстан Республикасында орналасқан өзге де заңды тұлғалар осы Заңның мақсатында Қазақстан Республикасының резидент ұйымдары болып танылады.
Негiзгi басқару және заңды тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу үшiн қажеттi стратегиялық коммерциялық шешiмдер қабылдау жүзеге асырылатын орын тиiмдi басқару орны (нақты басқару органы) болып танылады.
4. Қазақстан Республикасының резидент ұйымына шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруға және (немесе) орналастыруға уәкiлеттi органның рұқсат беруiнiң шарттары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
5. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйым міндеттемелерін қайта құрылымдауды жүргізген кезде оған;
2) төлемі осы ұйым бұрын орналастырған облигациялар бойынша талап ету құқықтарымен жүзеге асырылатын, айналым мерзiмi бiткен, облигацияларды ұйым орналастырған кезде оған;
3) Қазақстан Республикасының резидент ұйымы шығарылымы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген облигациялар бойынша Қазақстан Республикасының резидент емес ұйымының міндеттемелерін қабылдаған жағдайда оған қолданылмайды.
6. Қазақстан Республикасының резидент ұйымы эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру аяқталған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде уәкілетті органға Қазақстан Республикасы резидент ұйымының осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында, 5) тармақшасының үшінші абзацында көзделген шарттарды орындауын растайтын ақпаратты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша ұсынады.»;
19) 23-баптың 4-тармағы «ол» деген сөзден кейін «міндеттемелерін» деген сөзбен толықтырылсын;
20) 24-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі «өз мiндеттемелерiнiң орындалуы қамтамасыз етiлгенiн» деген сөздер «Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелген кепіл шартының болуын» деген сөздермен ауыстырылсын;
21) 26-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) эмитенттің жарғысында және бағалы қағаздар шығару проспектісінде айқындалған тиiстi хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;»;
22) 30-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:
«1-1. Таратылатын акционерлік қоғам акциялар шығарылымын жою мақсатында таратылатын қоғамның тарату теңгерімі бекітілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға өтініш білдіреді.
1-2. Уәкілетті орган акционерлік қоғамдардың акциялар шығарылымын жою жөніндегі шешімді қабылдауға құқылы, оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру (осы акционерлік қоғамға басқа заңды тұлғаның қосылу немесе осы акционерлік қоғамнан жаңа акционерлік қоғамның бөлініп шығу жағдайларын қоспағанда) туралы мәліметтер акцияларды жоюға қажетті құжаттарды ұсынбай-ақ Заңды тұлғалардың мемлекеттік тізілімінде қамтылады.»;
2-тармақ алып тасталсын;
23) 31-бапта:
2-тармақтағы «Облигациялар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде» деген сөздер «Облигацияларды өтеу кезінде олардың номиналды құны және (немесе) облигациялар бойынша табыс» деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақтағы «кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде» деген сөздер «табыс және (немесе) облигацияларды өтеу кезiнде олардың номиналды құны» деген сөздермен ауыстырылсын;
24) 32-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Эмитент мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуге құжаттарды беру шарттары мен тәртібін бұзған және құжаттарды қарау процесінде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайларда, уәкiлеттi орган мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тартуға құқылы.
Эмитент уәкiлеттi органның мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тарту жөніндегі шешіміне сотқа шағымдануға құқылы.»;
25) 6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«6-тарау. Туынды бағалы қағаздардың және туынды
қаржы құралдарының айналымы»;
26) 33-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«33-бап. Туынды бағалы қағаздармен және туынды
қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау шарттары
1. Биржалық брокерлер және биржалық дилерлер қызметін жүзеге асыруға сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның лицензиясы бар брокер және (немесе) дилер уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және шарттармен тауар биржасындағы туынды қаржы құралдарымен мәмілелер жасасады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған брокерге және (немесе) дилерге тауар биржасында, нысанасы туынды қаржы құралдары болып табылатын, базалық активі тауар болып табылатын мәмілелерді қоспағанда, тауарлармен мәмілелер жасасуға (жасауға) тыйым салынады.
Тауар биржасында орталық контрагенттің қатысуынсыз мәміле жасалған жағдайда брокер және (немесе) дилер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген, тапсырма шартының нормалары қолданылатын брокерлік қызмет көрсетуге арналған шарт негізінде тек қана клиенттің есебінен және тапсырмасы бойынша әрекет етеді.
3. Клиринг ұйымы, орталық депозитарий немесе қор биржасы орталық контрагент бола алады.
Қор биржасының уәкілетті органмен келісілген ішкі құжаттарында осы қор биржасының сауда жүйесінде мәмілелер жасасқан кезде орталық агенттің функцияларын өзге де ұйымдардың орындау мүмкіндігі көзделуі мүмкін.
4. Орталық контрагент қатыса отырып, туынды қаржы құралдарымен мәмілелерді жүзеге асыру тәртібі мен шарттары орталық контрагент болып табылатын, орталық депозитарийдің клиринг ұйымының, қор биржасының немесе тауар биржасының, уәкілетті органмен келісілген ішкі құжаттарында белгіленеді.
5. Номиналды ұстаушылар туынды бағалы құралдармен жасалған мәмілелерді тіркеуді және олар бойынша құқықтарды растауды осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
6. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында туынды қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау шарттары мен тәртiбi қор биржасының iшкi құжаттарында белгiленедi.»;
27) 36-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Тіркеуші (номиналды ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша эмитенттердің міндеттемелері жөнінде талап ету құқықтарын беруді тіркеуді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырады.»;
2-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілені бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесінде тіркеуді тіркеуші мәмілеге қатысушылардың бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге қарсы бұйрықтары негізінде (бір жақты мәміле тіркелген жағдайда мәмілеге қатысушының бағалы қағаздармен мәмілені тіркеуге арналған бұйрығының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттардың негізінде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қаржы ұйымы қайта құрылымдауды жүргізген кезде олардың бағалы қағаздарымен жасалған мәмілелерді тіркеу жағдайында уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген құжаттардың негізінде) жүзеге асырады және ол:»;
28) 41-бапта:
1-тармақта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесіндегі және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі жеке шоттардағы акция қалдықтарын қоспағанда, акционерлік қоғамның эмиссиялық бағалы қағаздарының қалдықтары мен қозғалысы туралы;»;
2) тармақшада:
«және нақтылы» деген сөздер «және (немесе) номиналды» деген сөздермен ауыстырылсын;
«, осы шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың қалдықтары мен қозғалысы туралы» деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесіндегі және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі жеке шоттардағы акциялардың қалдықтары туралы;»;
29) 42-бап алып тасталсын;
30) 44-бапта:
1-тармақ «қызметтік құпияны» деген сөздерден кейін «және инсайдерлік ақпаратты» деген сөздермен толықтырылсын;
2 және 3-тармақтар «қызметтік құпияны» деген сөздерден кейін «және инсайдерлік ақпаратты» деген сөздермен толықтырылсын;
31) 45-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметі;»;
4-1-тармақтың екінші бөлігіндегі «директорлар кеңесі» деген сөздер «басқару органы» деген сөздермен ауыстырылсын;
32) 46-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі «Өтiнiш» деген сөз «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын қайта ұйымдастырылуы кезінде лицензиаттың акцияларына төлем жасау жағдайларын қоспағанда, өтініш» деген сөздермен ауыстырылсын;
33) 47 және 47-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«47-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың)
құрылтайшылары мен акционерлерi
1. Қазақстан Республикасының резиденті мен резиденті емес жеке және заңды тұлғалары осы баптың 2-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгiленген шектеулердi ескере отырып, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары және акционерлерi бола алады.
2. Тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының резиденті өтініш берушінің (лицензиаттың) дауыс беретін акцияларын тікелей немесе жанама иелене алмайды және (немесе) пайдалана алмайды және (немесе) оларға билік ете алмайды.
Көрсетілген шектеу өтініш беруші жүзеге асырғысы келетін (лицензиат жүзеге асыратын) қызмет түрлерін жүзеге асыратын рейтинг агенттiктерi бiрінің талап ететiн ең төмен рейтингiсі бар Қазақстан Республикасының резидентi емес ұйымдардың еншілес ұйымдары болып табылатын өтiнiш берушiлерге (лицензиаттарға) қолданылмайды.
Рейтинг агенттіктерінің тізбесі және талап етілетін ең төменгі рейтинг уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
47-1-бап. Лицензиаттың ұйымдық-құқықтық нысаны және органдары
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрыла алатын және қызметін жүзеге асыра алатын, клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерді және (немесе) дилерді, тіркеуші мен трансфер-агентті қоспағанда, лицензиат акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады және қызметін жүзеге асырады.
2. Лицензиат (тіркеушіні, трансфер-агентті қоспағанда) міндетті түрде ішкі аудит қызметін құрады және мынадай алқалы органдарды қалыптастырады:
басқару органы;
атқарушы орган.»;
34) 48-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының бірінші абзацындағы «директорлар кеңесі» деген сөздер «басқару органы» деген сөздермен ауыстырылсын;
35) мынадай мазмұндағы 49-1-баппен толықтырылсын:
«49-1-бап. Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі
Лицензиаттар тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады, онда:
1) лицензиат органдарының, лицензиат бөлімшелерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері, олардың жауаптылығы;
2) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі ішкі саясат пен рәсімдер;
3) жасалатын операциялардың түрлері бойынша жол берілетін тәуекелдер мөлшеріне жеке-жеке лимиттер;
4) лицензиат органдарына тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі есептілікті ұсынудың ішкі рәсімдері;
5) тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлері қамтылуға тиіс.
Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.»;
36) 51-бапта:
1-тармақта:
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) уәкілетті орган қолданған ықпал етудің шектеулі шараларының талаптары орындалмаған;»;
мынадай мазмұндағы 5-1) және 5-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«5-1) уәкілетті органның талабы бойынша міндеттеме-хат берілмеген;
5-2) уәкілетті органмен жазбаша келісім жасаудан бас тартылған;»;
11) тармақшадағы «қатарынан күнтізбелік он екі ай» деген сөздер «соңғы күнтізбелік он екі ай» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қор биржасының мүшесі қор биржасының қағидаларын тиісінше орындамауы немесе орындамауы себебінен қор биржасының мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе одан айырылған жағдайда, уәкілетті орган қор биржасы мүшесінің бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру туралы немесе лицензиядан айыру туралы шешім қабылдауға құқылы.»;
4-тармақтың 2) және 3) тармақшаларындағы «қатарынан күнтізбелік он екі ай» деген сөздер «соңғы күнтізбелік он екі ай» деген сөздермен ауыстырылсын;
37) 53-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«53-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi
жүзеге асыруға шектеулер және тыйым салу
1. Мынадай жағдайларды:
1) өз мұқтаждығы үшін сатып алынған мүлікті жалға беруді қоса алғанда, өз мүлкіне билік етуді;
2) бағалы қағаздар рыногындағы қызметпен байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетуді;
3) бағалы қағаздар рыногындағы қызмет мәселелері жөніндегі арнайы әдебиеттерді ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрлерінде өткізуді;
4) бағалы қағаздар рыногындағы қызмет саласында мамандардың біліктілігін арттыру бойынша оқытуды ұйымдастыруды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген өзге де жағдайларды қоспағанда, лицензиат қаржы рыногындағы қызметке жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызметi Қазақстан Республикасының аталған ұйымдардың қызметiн реттейтiн заңнамалық актiлерiнiң талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.»;
38) мынадай мазмұндағы 53-1-баппен толықтырылсын:
«53-1-бап. Шындыққа сай келмейтін жарнамаға тыйым салу
1. Лицензиатқа жарнама жарияланған күні шындыққа сай келмейтін қызметін жарнамалауға тыйым салынады.
2. Уәкілетті орган лицензиаттан шындыққа сай келмейтін жарнамаға өзгерістер енгізуді, оның тоқтатылуын немесе оның жалған екенін жариялауды талап етуге құқылы.
Осы талаптар уәкілетті орган белгілеген мерзімде орындалмаған жағдайда уәкілетті орган жарнамадағы мәліметтердің шындыққа сай келмейтіндігі туралы ақпаратты жариялауға не мұндай жарнаманы жариялаған лицензиат есебінен оларды нақтылауға құқылы.
3. Бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушылар ұсынатын қызметтерді жарнамалаушы ретінде мына тұлғаларға:
уәкілетті органның бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар заңды тұлғаларға;
лицензиаттардың қызметкерлері болып табылмайтын және лицензиаттар уәкілеттік бермеген жеке тұлғаларға әрекет етуге тыйым салынады.»;
39) 54-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мыналар:
1) өтініш берушінің (лицензиаттың) басқару органының бірінші басшысы мен мүшелері;
2) өтініш берушінің (лицензиаттың) атқарушы органының бірінші басшысы (тіркеушінің атқарушы органының, трансфер-агенттің функцияларын жеке дара жүзеге асыратын тұлға ) мен мүшелері;
3) тіркеуші мен трансфер-агенттің бас бухгалтерін қоспағанда, бас бухгалтер;
4) өтініш берушінің (лицензиаттың) оқшауланған бөлімшелерінің бірінші басшыларын және олардың бас бухгалтерлерін қоспағанда, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыратын бір немесе бірнеше құрылымдық бөлiмшесiнiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және клиенттермен жасалған шарттарда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген әртүрлі есептілік нысандарын қоса алғанда, клиенттермен жасалатын кез келген шарттарға, клиенттерге және (немесе) уәкілетті органға берілетін ақпаратқа, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушы клиенттерінің шоттарындағы активтердің қозғалысы мен қалдығының салыстырып тексерілгенін растайтын құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де басшылары өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлері болып танылады.»;
2-тармақта:
5) тармақшада:
«директорлар кеңесінің» деген сөздер «басқару органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
«басқармасының» деген сөз «атқарушы органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) тармақшадағы «өзге қаржы ұйымында басшы қызметкер» деген сөздер «лицензиаттың не өзге де қаржы қызметтерін көрсететін қаржы ұйымының басшы қызметкері» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және қызметін жүзеге асыратын өтініш берушінің (лицензиаттың) атқарушы органы мүшелерінің саны үш адамнан кем болмауға тиіс.»;
4-тармақта:
бірінші бөлікте:
1) тармақшадағы «басқармасының» деген сөз «атқарушы органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) тармақшада:
«директорлар кеңесінің» деген сөздер «басқару органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
«басқарма» деген сөз «атқарушы органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) өзге де басшы қызметкерлер лауазымдарына кандидаттар үшін кемінде бір жыл жұмыс стажы болуы қажет.»;
екінші бөлікте:
«Директорлар кеңесі» деген сөздер «Басқару органы» деген сөздермен ауыстырылсын;
«басқарма» деген сөз «атқарушы органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақтағы «бұл адам өзiн уәкiлеттi органның осы» деген сөздер «осы адам уәкілетті органның оны» деген сөздермен ауыстырылсын;
9-тармақта:
бірінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) уәкілетті органның басшы қызметкерге және (немесе) осы басшы қызметкер тиісті қызметті атқаратын (соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде атқарған) лицензиатқа санкцияларды жүйелі түрде (соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдану;»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Уәкілетті органның лицензиаттың басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісімін қайтарып алуы осы басшы қызметкерге өзге де қаржы ұйымдарында бұрын берілген келісімді (келісімдерді) қайтарып алуға негіз болып табылады.»;
40) 56-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында жасалған мәмілені бағалы қағаздар рыногында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тануды уәкілетті орган сауда жүйесінде осы мәміле жасалған, бағалы қағаздармен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселелерін қарау мақсатында құрылған қор биржасы сараптама комитетінің (бұдан әрі осы бапта – сараптама комитеті) қорытындысын қарау қорытындылары бойынша жүзеге асырады.»;
3-тармақта:
бірінші бөліктегі «директорлар кеңесінің комитетін» деген сөздер «сараптама комитетін» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөліктегі «Қор биржасының директорлар кеңесінің бағалы қағаздармен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселесі жөніндегі комитеті (бұдан әрі осы бапта - сараптама комитеті)» деген сөздер «Сараптама комитеті» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақта:
3) тармақша «бағалы қағаздар» деген сөздердің алдынан «ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында жасалған,» деген сөздермен, 5) тармақша «сұраныстың» деген сөздің алдынан «ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында жасалған,» деген сөздермен толықтырылып, «мәміле жатқызылады.» деген сөздер « мәміле;» деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында жасалған, сараптама комитеті айқындаған қосымша талаптарға сәйкес келетін өзге де мәмілелер жатқызылады.»;
мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында жасалған мәмілелерді бағалы қағаздар рыногында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тануды уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектілерінің ұсынған құжаттарын талдау не бағалы қағаздар рыногы субъектілерінің қызметін тексеру нәтижелері бойынша жүзеге асырады.
8. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану тәртібі мен шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.»;
41) 56-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«56-1-бап. Инсайдерлiк ақпаратқа билiк етудi және
оны пайдалануды шектеу
1. Эмитенттің ішкі құжаттарында:
1) инсайдерлікке жататын ақпарат тізбесі;
2) инсайдерлік ақпаратты ашып көрсету тәртібі мен мерзімдері;
3) инсайдерлік ақпаратқа қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату және инсайдерлердің мұндай ақпаратты заңсыз пайдалану мүмкіндігіне жол бермеу үшін ішкі бақылау қағидалары;
4) инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар тұлғалардың тізімін жүргізу, жаңартылған қалпында ұстау, сондай-ақ оларды тізімнен шығару тәртібі;
5) тұлғаларды осы баптың 5-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тізімге енгізген (тізімнен шығарған) жағдайларда оларға хабарлама жіберу, сондай-ақ осы баптың 5-тармағының 5) тармақшасында белгіленген жағдайда тұлғаларға хабарлау тәртібі мен мерзімдері;
6) осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың эмитентке өзінің қызметтік жағдайына және еңбек міндеттеріне қарай эмитенттің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар өз қызметкерлері туралы ақпарат беру тәртібі мен мерзімдері;
7) эмитентке инсайдерлік ақпаратқа билік етуге және оны пайдалануға бақылауды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін өзге де ережелер белгіленеді.
Эмитенттің осы тармақта көрсетілген ішкі құжаттарын (осы бапта бұдан әрі – ішкі бақылау қағидалары) эмитенттің басқару органы бекітуге тиіс.
2. Мыналар:
1) инвестициялық шешімдер қабылдау және (немесе) бағалы қағаздармен (туынды қаржы құралдарымен) операцияларды жүзеге асыру туралы ұсынымдар немесе ұсыныстар әзірлеу мақсатында жасалған бағалы қағаз (туынды қаржы құралы) құнына, эмитенттің мүліктік жағдайына қатысты зерттеуді, болжауды және бағалауды қоса алғанда, жалпыға қолжетімді мәліметтер негізінде әзірленген ақпарат;
2) бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпарат;
3) дерек көзі беймәлім, бірақ қалың қауымға таралатын, расталмаған ақпарат, сондай-ақ эмитенттің ағымдағы немесе жоспарланған қызметіне қатысты болжамдар инсайдерлік ақпаратқа жатпайды.
3. Мына адамдар инсайдерлер болып танылады:
1) өзінің қызметтік жағдайына және еңбек міндеттеріне қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар эмитент қызметкерлері;
2) эмитенттің дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленуіне, пайдалануына және (немесе) оларға билік етуіне қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар адамдар;
3) аудиторлық ұйым, бағалаушы, бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушылар және талаптарында инсайдерлік ақпаратты ашып көрсету көзделіп жасалған (оның ішінде ауызша) шартқа сәйкес эмитентке қызметтер көрсететін басқа да адамдар;
4) эмитент шығарған (берген) бағалы қағаздар (туынды қаржы құралдары) оның тізіміне енгізілген сауда-саттықты ұйымдастырушы;
5) бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді айлы-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселелерін қарау мақсатында құрылған эмитенттің бағалы қағаздарымен сауда жүйесінде мәмілелер жасалатын, қор биржасы директорлар кеңесінің, қор биржасы листинг комиссиясының және қор биржасы сараптама комитетінің мүшелері;
6) бағалы қағаздар рыногы субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша өздеріне берілген функцияларға қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар мемлекеттік қызметшілер;
7) мүшелері эмитенттер болып табылатын қоғамдық бірлестіктер мен өзін-өзі реттейтін ұйымдар және осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген, өздеріне берілген өкілеттіктерге қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар ұйымдар;
8) осы тармақтың 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында көрсетілген ұйымдардың өзінің қызметтік жағдайына және еңбек міндеттеріне қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар қызметкерлері;
9) осы тармақтың 1) - 8) тармақшаларында аталған адамдардан инсайдерлік ақпаратты алған адамдар.
4. Инсайдерлер:
1) бағалы қағаздармен (туынды қаржы құралдарымен) мәмілелер жасаған кезде инсайдерлік ақпаратты пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, инсайдерлік ақпаратты үшінші бір адамдарға беруге немесе үшінші бір адамдар үшін қолжетімді етуге;
3) инсайдерлік ақпаратқа негізделген бағалы қағаздармен мәмілелер жасау туралы ұсынымдарды үшінші бір адамдарға беруге құқылы емес.
5. Эмитент мынадай іс-шараларды жүргізу арқылы:
1) оның қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпаратты, егер салдарына байланысты эмитенттің мүліктік және қаржылық жағдайы үшін бұл ақпараттың осы эмитент шығарған (берген) бағалы қағаздардың (туынды қаржы құралдарының) құнына әсер етуге ықпалы болса, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және шарттарда ашып көрсету;
2) ішкі бақылау қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ эмитенттің және оның қызметкерлерінің осы қағидалардың талаптарын орындауына бақылауды жүзеге асыру;
3) құрылымдық бөлімше құру не міндетіне эмитенттің және оның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының және ішкі бақылау қағидаларының талаптарын сақтауына бақылауды жүзеге асыру кіретін лауазымды адамды тағайындау;
4) эмитенттің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар, осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар тізімін жүргізу және жаңартылған қалпында ұстау;
5) осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген тізімге енгізілген адамдарға олардың тізімге (тізімнен) енгізілгені (шығарылғаны) туралы хабарлама жіберу, аталған адамдарға инсайдерлік ақпаратқа билік ету және оны пайдалану бөлігінде осы Заң мен ішкі бақылау қағидаларының талаптарын хабарлау;
6) осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген тізімге енгізілген адамдардың тізімін уәкілетті органға оның талап етуі бойынша табыс ету;
7) ішкі бақылау қағидаларында көзделген өзге де іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, алайда олармен шектелмей, эмитент және ол шығарған (берген) бағалы қағаздар (туынды қаржы құралдары) туралы инсайдерлік ақпаратқа билік еткені және оны пайдаланғаны үшін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында аталған заңды тұлғалар:
1) өздеріне қатысты осы заңды тұлғалар инсайдерлер деп танылған, өзінің қызметтік жағдайына және еңбек міндеттеріне қарай эмитенттердің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар өз қызметкерлерінің тізімін жүргізуге;
2) өздеріне қатысты осы заңды тұлғалар инсайдерлер деп танылған, инсайдерлік ақпаратты пайдалануға тыйым салу бөлігінде осы Заңның және ішкі бақылау қағидаларының талаптары туралы өз қызметкерлеріне хабарлауға;
3) өздеріне қатысты осы заңды тұлғалар инсайдерлер деп танылған эмитенттерді өзінің қызметтік жағдайына және еңбек міндеттеріне қарай эмитенттердің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар өз қызметкерлері туралы ішкі бақылау қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде хабарлауға міндетті.»;
42) 63-бапта:
2-тармақ «тәртiбiне» деген сөзден кейін «және шарттарына» деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Тапсырма шартының нормалары – номиналды ұстау қызметтерін ұсыну бөлігінде, ал комиссия шартының нормалары ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында брокерлік қызметтер көрсету бөлігінде қолданылады. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында брокерлік қызметтер көрсету брокерлік шарт тараптарының келісімі бойынша тапсырма немесе комиссия шартының негізінде ұсынылады.»;
4-тармақтың 2) тармақшасындағы «бөлімшесі енуге тиiс.» деген сөздер «бөлiмшесi;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне және номиналды ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар брокердің және (немесе) дилердiң ішкі құжаттарына сәйкес өзге де құрылымдық бөлімшелері енуге тиiс.»;
43) 64-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:
«2-2. Бағалы қағаздар рыногында брокерлік және (немесе) дилерлік қызмет шеңберінде брокер және (немесе) дилер брокердің шоттарындағы өз клиенттерінің ақшасын қарыз түрінде не өз мүдделерінде немесе үшiншi бір адамдардың мүдделерiнде міндеттемелерді орындау ретінде пайдалануға құқылы емес.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Брокер және (немесе) дилер эмитентке мынадай қызметтерді көрсетуге құқылы:
1) андеррайтер ретiнде немесе эмиссиялық консорциум құрамында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру;
2) қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қаржы құралдары бойынша баға белгілеуді жариялау және ұстау;
3) бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімде болу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер ұсыну.
Брокер және (немесе) дилер эмитентке осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында аталған қызметтерді көрсеткен кезде осы эмитенттің облигацияларын ұстаушылар өкілі болуға құқылы емес.»;
44) 68-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Тіркеуші лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру себебінен бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі шарт біржақты бұзылған жағдайда, эмитентте жаңа тіркеушімен жасалған шарт болмаған кезде тіркеуші шарт бұзылған күнге қалыптастырылған бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімін және осы эмитенттің бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін құрайтын өзге де құжаттарды орталық депозитарийге сақтауға береді.
Көрсетілген құжаттарды беру тіркеуші мен орталық депозитарий өкілдерінің қатысуымен қабылдау-беру актісін жасау арқылы жүзеге асырылады.
Орталық депозитарий жаңа тіркеушінің эмитентпен бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесін жүргізу жөнінде шарт жасасуы туралы хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде бұрынғы тіркеушімен шарт бұзылған күнге қалыптастырылған бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімін және осы эмитенттің бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін құрайтын өзге де құжаттарды тіркеуші мен орталық депозитарий өкілдері қол қойған қабылдау-беру актісі негізінде тіркеушіге береді.»;
45) 72-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«72-бап. Инвестициялық комитеттің қызметі.
Инвестициялық комитет мүшелеріне қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының өз активтеріне және (немесе) бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушы (инвестициялық портфельді немесе зейнетақы активтерін басқарушы) инвестициялық басқаруға қабылдаған активтерге қатысты инвестициялық шешімдер қабылдауды құрамында кемінде үш адам болуға тиіс инвестициялық комитет жүзеге асырады. Инвестициялық комитет мүшелерінің кемінде жартысы өздерін кәсіби қатысушының басшы қызметкерлеріне тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімін алған, бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының басшы қызметкерлері болуға тиіс.
Осы тармақтың талаптары тіркеушіге, трансфер-агентке және бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және (немесе) брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар екінші деңгейдегі банкке қолданылмайды.
2. Инвестициялық комитеттің мүшелерін сайлауды бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының атқарушы органы жүзеге асырады.
3. Зейнетақы активтерін басқарушы инвестициялық комитеттің құрамына:
1) зейнетақы активтерін басқарушының бір жинақтаушы зейнетақы қорының ғана зейнетақы активтеріне инвестициялық басқаруды жүзеге асыруы шартымен оған активтері инвестициялық басқаруға берілген жинақтаушы зейнетақы қорының өкілін қоспағанда, осы зейнетақы активтерін басқарушының қызметкерлері болып табылмайтын адамдар;
2) зейнетақы активтерін басқарушыға не жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты үлестес заңды тұлғалардың бір мезгілде басшы қызметкерлері не ірі акционерлері болып табылатын зейнетақы активтерін басқарушы қызметкерлері кірмеуге тиіс.
4. Инвестициялық комитеттің отырысы инвестициялық комитеттің сайланған мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы, бірақ инвестициялық комитеттің кемінде үш мүшесі қатысқан жағдайда өткізіледі.
Инвестициялық комитеттiң шешiмдерi оның отырысына қатысатын мүшелердің көпшiлiк дауысымен қабылданады және жазбаша түрде ресiмделедi.
5. Инвестициялық комитет мүшесі инвестициялық шешімдерді қабылдау бөлігінде өзіне жүктелген функцияларды орындауды өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.
6. Инвестициялық комитет мүшелері осы инвестициялық комитет мүшесінің мүдделері мен бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының және (немесе) оған активтері инвестициялық басқаруға берілген клиенттердің мүдделері бір-біріне сәйкес келмеуіне байланысты мән-жайлардың болуы туралы ақпаратты бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының атқарушы органының назарына жеткізуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде инвестициялық комитет мүшесі инвестициялық комитеттің отырысына қатысуға және инвестициялық комитет қабылдайтын шешімдерге қалай да ықпал етуге құқылы емес.
7. Инвестициялық комитет отырысының қорытындылары бойынша хаттама жасалады, оған инвестициялық комитеттің төрағасы мен инвестициялық комитеттің отырысына қатысушы барлық мүшелері қол қояды және онда инвестициялық комитеттің әрбір мүшесінің пікірі мен қабылданған шешімнің негіздемесі қамтылады.
8. Инвестициялық комитет бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының өз активтері не клиенттерінің бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының инвестициялық басқаруына берілген активтері есебінен мәмілелер жасау туралы, осы активтерді мақсатқа сай емес пайдалану, Қазақстан Республикасы заңнамасының, инвестициялық декларацияның талаптарын бұзу көзделетін шешімдер жүйелі түрде (соңғы он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қабылданған жағдайда уәкілетті орган осындай шешімдердің қабылдануы үшін дауыс берген адамды не адамдарды инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы.
Уәкілетті органның адамды не адамдарды инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы хабарламасы бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушының атқарушы органының назарына жеткізіледі, ол мұны уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттеткен адамдардың назарына жеткізуге міндетті.
9. Уәкілетті органның осы баптың 8-тармағында көрсетілген хабарламасы инвестициялық комитет мүшесінің назарына жеткізілген кезден бастап осы адам инвестициялық комитеттің жұмысына қатысуға құқылы емес және уәкілетті орган оны инвестициялық комитет мүшесінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы шешім қабылдағаннан кейінгі үш жыл ішінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұйымдардың инвестициялық комитетінің құрамына сайлана алмайды.»;
46) мынадай мазмұндағы 15-1-тараумен толықтырылсын:
«15-1-тарау. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметі
77-1-бап. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг
қызметінің шарттары және оны жүзеге асыру тәртібі
1. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметіне лицензиялары бар ұйымдар және орталық депозитарий (осы тарауда бұдан әрі – клиринг ұйымдары) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыруға құқылы.
Клиринг ұйымдарының қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуын ұйымдастыру үшін:
1) қаржы құралдарымен сауда-саттықа қатысушылар арасындағы есеп айырысуды жүзеге асыратын орталықтандырылған ұйымның;
2) қаржы құралдары бойынша кiрiстi төлеу жөніндегі және оларды өтеу кезiндегі төлем агентiнiң;
3) клиентке эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға, сондай-ақ кiрiстi төлеу және қаржы құралдарын өтеу кезiнде ақша алуға арналған банк шоттарын ашу жөніндегі функцияларды орындауға мүмкіндік беретін банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға арналған лицензиялары болуға тиіс.
2. Клиринг ұйымының директорлар кеңесі қаржы құралдарымен мәмілелерді орындамау тәуекелдерін төмендету үшін арнайы клиринг қорларын (кепілдік және (немесе) резервтік қорларды) қалыптастыруды қоса алғанда, алайда онымен шектеліп қалмай, клиринг ұйымының тәуекелдерін басқару жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
Клиринг ұйымының тәуекелдерін басқару жүйесіне, клиринг ұйымында тәуекелдерді мониторингілеу, бақылау және басқару шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және клиринг ұйымының ішкі құжаттарында белгіленеді.
3. Клиринг ұйымының директорлар кеңесі клиринг ұйымының қызметтерін пайдаланатын субъектілермен клиринг ұйымының өзара қарым-қатынастарын айқындайтын қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларын бекітуге тиіс. Клиринг ұйымының директорлар кеңесі қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларын бекіткеннен кейін олар уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
4. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
77-2-бап. Клиринг ұйымының функциялары
1. Клиринг ұйымының функциялары мыналар болып табылады:
1) жасалған мәмілелер бойынша ақпаратты жинау және өңдеу, оны салыстырып тексеру және алшақтық болған жағдайда түзету;
2) жасалған мәмілелерді есепке алу және олардың параметрлерін растау;
3) қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу нәтижесінде есеп айырысуға қатысатын (төлемдерді жүзеге асыратын) сауда-саттыққа қатысушыларға, субъектілерге қойылатын талаптарды және (немесе) олардың міндеттемелерін айқындау;
4) орталық депозитарийге және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды (төлемдерді) ұйымдастыруды жүзеге асыратын өзге де ұйымға клиринг қызметінің нәтижелері жөніндегі ақпаратты әзірлеу және беру;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және клиринг ұйымының ішкі құжаттарында көзделген өзге де функциялар.
2. Клиринг ұйымы мен оның клиенттері арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма шартының нормалары қолданылатын клиринг қызметін көрсетуді жүзеге асыру туралы шарт негізінде туындайды.»;
47) 78-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«78-бап. Орталық депозитарий қызметiнiң негiзгi принциптерi
1. Орталық депозитарийдің бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруының шарттары мен тәртібі осы Заңда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде және ішкі құжаттарда – орталық депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, тізбесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын бағалы қағаздар рыногына кәсіби қатысушылар және халықаралық қаржы ұйымдары ғана орталық депозитарийдiң құрылтайшылары мен акционерлері бола алады.
Орталық депозитарий акцияларының басым үлесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі.
Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы бар орталық депозитарий акционерлерінің үлесі орталық депозитарийдің орналастырылған акцияларының жалпы санының жиырма бес пайызынан аспауға тиіс.
Сауда-саттықты ұйымдастырушыларды қоспағанда, бағалы қағаздар рыногының әрбір кәсіби қатысушысының және әрбір халықаралық қаржы ұйымының орталық депозитарийдің акцияларын иелену үлесі орталық депозитарийдің орналастырылған акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспауға тиіс.
3. Бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар болып табылатын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар, сондай-ақ шетелдiк депозитарийлер мен кастодиандар орталық депозитарийдiң депоненттерi болып табылады.»;
48) 80-бапта:
1-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 2-1 және 3-1-тармақтармен толықтырылсын:
«2-1. Орталық депозитарий қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясынсыз қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырады.»;
«3-1. Орталық депозитарий уәкілетті органның лицензиясынсыз мемлекеттік бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асырады.»;
49) 81-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидалары;»;
50) 82-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы «, қызметтiк құпияны» деген сөздер алып тасталсын;
51) 83-баптың 2-тармағындағы «Сауда-саттықты ұйымдастырушының», «сауда-саттықты ұйымдастырушының» деген сөздер тиісінше «Қор биржасының», «қор биржасының» деген сөздермен ауыстырылсын
Достарыңызбен бөлісу: |