Әннiң келесi бiр қасиетi – әуездiлiгi, әсерлiлiгi, көркемдiлiгi. Бұл уақыт сынынан өтiп, бiздiң заманымызға жеткен халық әндерiнiң барлығына тән белгi. Жазба мәдениетi туа қоймаған дала жағдайында нағыз көркем, тыңдаушысына терең сезімге бөлейтін әуен ғана ел аузына iлiгiп, ұзақ мерзiм өмiр сүре алған.
Халық әндерiне тән тағы бiр белгi – елдiң өмiрi, тұрмыс-тiршiлiгiмен сабақтастығы. Кез келген ән белгiлi бiр оқиғаға құрылады. Соған орай айтайын деген ой-мазмұны да болады. Сол ой терең сезiм арқылы тербелiп, көркем кесте – өлең түрiнде сыртқа шығып отырған. Мұны әннiң поэзиялық арқауы немесе әдеби сипаты деймiз. Осы үш белгi жоқ жерде оны ән жанрына жатқызу қиын. Уақыт пен кеңiстiктен тыс өмiр сүретiн ән болмайды.
Әннiң осы аталған үш сипатына орай тарихшы, ақын және сазгер қызметiне де тоқталу қажет болады. Тарихшы – шежiрешi, әдетте ол нақты бiр оқиғаны қара сөзбен баяндайды. Өлең кестесiн, поэзияның көркемдік тәсiлдерiн қолданбайды. Сондықтан оның тiлiнде өлеңге тән ырғақ, өлшем, ұйқас бола бермейдi.
Егер әлгi шежiрешi баяндаған тарихи оқиғаны өлең кестесiне түсiрер болсақ, мазмұны өзгерер ме едi? Осы мәселеге тоқталған Аристотель тарихшы мен ақынның айырмасы олардың бiрi болған оқиғаны, екiншiсi болуы мүмкiн оқиғаны баяндауында деп көрсеткен. Сөйтiп поэзияның тарихи шежiреден гөрi маңызды әрi күрделi жанр екенiн айтқан.
Тарих жеке бiр оқиғаны баяндаса, поэзия сол оқиғаны жалпылай жырға қосады. Оған музыка әуенiнiң де қатысы зор. Демек поэзия сияқты әннiң де әлеуметтiк маңызы елеулi. Ән – халықтың көркем ой-санасы деген сөзiмiздiң мәнiсi осында.
Қазақ халқының ән өнерi сан-салалы. Көне дәуiрлерден жеткен бұл мәдениет саласын бiрнеше арнаға бөлуге болады. Олар: бақсы сарыны, жыраулық дәстүр, ертегiлiк, тарихи және лирикалық әндер.
Ән - вокалдық жанр болса, халық әндерiне тән мынадай белгiлердi көрсетуге болады:
1) әннiң мазмұны, яғни әдеби мәтiнi.
2) әннiң әуенi, яғни музыкасы.
3) әннiң жанрлық ерекшелiгi.
Әннiң алғашқы сипатына орай В. Е. Гусев: ”Песня поется, и ее содержание выражает не только слово, но и мелодия, и ритмический ее строй, песенный образ не тождествен образу стихотворному» (Эстетика фольклора.-Л.,1967, 88-б.),- деп жазған болатын.
Әннің жанрлық ерекшеліктері. Халық әндерiн бiз тақпақ сазды речитативтiк, тарихи және лирикалық деп бiлемiз. Бұл ерекшелiктер бiрде әндердiң музыкалық-интонациялық жүйесiне қатысты болса, бiрде жанрлық сипатын бiлдiредi.
В. Я. Пропп музыкалық шығарманың жанры оның тарихи шындықты бейнелеу немесе көрсету дәрежесiне байланысты деген пiкiр айтқан. Осы тұрғыдан келгенде халық әндерiн тарихи, лирикалық деп бөлуге әбден болады. Тарихи әннiң ел аузында сақталған үлгiлерi аз емес. Бiзге жеткен көркем бiр нұсқасы - ”Елiм-ай” ХVIII ғасырдың бас кезiндегi жоңғар шапқыншылығына байланысты туған шығарма.
Халық арасына кең таралған лирикалық әндердің жүздеген үлгiлерiн атауға болады. ”Қамажай”, ”Бипыл”, «Маусымжан», ”Сәулем-ай” секiлдi толып жатқан әндердiң барлығы да лирикалық жанрға жатады. Лирикалық әндердің ерекшелiгі – онда сюжет болмайды, оның есесiне эмоцияға негiзделген сезiм лирикасы, поэзиялық параллелизмдер басым ұшырасады. Оның мәнiсi, әннiң бiр шумағын құрайтын алғашқы екi жол басқа, соңғы екi жол өзге ойды бiлдiруiнде. Әннiң тұтастығы осы ойлардың сабақтастығынан туады.
Халық әндерiнiң стильдiк ерекшелiктерiне бойлай түссек, олардың музыкалық әуенi мен әдеби мәтiнiнiң бiрде сәйкес, бiрде сәйкес келмейтінін аңғарамыз. Бұл ерекшелiктi ғылым тiлiмен синхрондық және асинхрондық деп екiге жiктеймiз. Асинхрондық жүйеге негiзделген әндердiң музыкасы мен әдеби мәтiнi әр түрлi кезеңдерде туғандықтан, олардың құрылымдық жағынан бiр-бiрiне сәйкес келмейтiнi байқалады.
Речитативтiк әндер халық шығармашылығына да авторлық шығармашылыққа да тән құбылыс. Олардың басты ерекшелiгi - өлең жолының әр буынына жеке музыкалық үн-дыбыстың келiп отыруы (слогонота). Мұндағы жеке буындар бiрнеше дыбысқа созылмайды, музыкалық интонациясы бiркелкі дамиды. Диапазоны шектеулi, интонациялық секiрiстер өте сирек кездеседi.
Қазақ фольклоры аясында жеткен әндерге тән ладтық-мақамдық құрылым – диатоника. Хроматикалық жүйе речитативтiк, созылмалы лирикалық әндерде мүлде кездеспейдi. Музыка теориясында бiрiншi ”гептатоника” немесе ”классикалық диатоника» аталып жүрген халық ладтарының көптеген үлгiлерi кездесiп отырады. Тағы бiр ескертерiмiз, халық әндерiне келгенде тональдiк терминiн қолдануға болмайды. Олардың мақамдық негiзi ғана анықталуға тиiс.
Тональдiк – классикалық музыкаға тән ұғым. Ондағы дыбыс қатары мiндеттi түрде 8 басқыш болып келедi; кез келген октаваның тоникалық дыбысы сол шығарманың тұрақты басқышы болып табылады.
Қазақ фольклорындағы мақам (лад) - әдетте 7, кейде одан да аз басқыштан тұратын дыбыс қатарына байланысты қолданылатын атау. Олардың тоникасы мiндеттi түрде дыбыс қатарының төменгi тұрағы болып табылады.
Халық әндерiнiң пішіні мен құрылымын талдағанда классикалық музыкаға тән терминдердi қолдануға болмайды. Музыкалық фольклортану ғылымында халық әндерiнiң дыбыс қатарына байланысты мынадай терминдер қалыптасқан:
1. Трихорд (до- ми- фа) – үш дыбыстан тұратын құрылым.
2. Тетрахорд - төрт дыбыстан тұратын құрылым.
3. Пентахорд - бес дыбыстан тұратын құрылым.
4. Гексахорд - алты дыбыстан тұратын құрылым.
5. Гептахорд - жетi дыбыстан тұратын құрылым.
Фольклорлық шығармалар тұсында оларға қатысты ғылыми ұғым-түсiнiктер мен арнайы терминдердi ескеру қажет.
Салтқа байланысты әндер. Қазақ халқының ән өнерін үлкен екі арнаға жіктеуге болады. Бірі салтқа байланысты, екіншісі – салттан тыс әндер. Салтқа байланысты әндердің архаикалық сипаты айқын. Олар көне замандарда туып, халықтың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болып отырады.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері бірер күнде қалыптасқан құбылыс емес. Олар сан ғасырларды артқа тастап, ел санасына сіңіп кеткен әдет-ғұрыптар. Кейінгі ұрпақ өздерінің ата-бабалары ұстанған сол әдет-ғұрып және салт-дәстүрлерді этникалық нормаға айналдырып, күнделікті өмірлерінде қолданып отырған.
Салтқа байланысты әндердің бір ерекшелігі – олар сол салт-сана аясында ғана өмір сүреді. Салттан тыс жерде салт әндеріне орын жоқ. Оның себебін салт әндерінің табиғатынан іздеу керек. Мысалы, жеке бір отбасына қайғы түсіп, отағасы қайтыс болғанда, әйелі тарапынан жоқтау айтылатын болған. Ол қолаң шашын жайып тастап, күйеуінің тірі күніндегі жақсы қасиеттерін айтып жоқтайды.
Жоқтаудың музыкалық әуені зарлы болып келеді. Бірақ ел арасында тұрақты сипатқа ие болған жоқтаулар болды деп айту ертелеу. Оның әуенін әркім өзінше толғаған сияқты.
Қыз ұзатылар кезде сыңсу айтылған. Оның мәнісі – ұзатылып бара жатқан қыздың ата-анасы, ел-жұртымен қоштасуы. Осы сипаты орай сыңсуда қимастық сезім, құрбы-құрдастарымен, жалпы балалық шағымен қоштасу сарыны үстем келеді. Әуені лирикалық сипаттағы ұстамды сарынға құрылады.
Бесік жыры, шілдехана әні – жас сәбиге байланысты айтылса, жар-жар, беташар – жас келіншек түскенде орындалады. Соңғысының міндеті – жас келінді ата-енесі, ауыл-аймақпен таныстырып, келешекте өзін қалай ұстау керектігін ұғындыру.
Қаптың аузы ашық деп,
Құрт ұрлама, келіншек.
Өзің жатып, байыңа,
Тұр-тұрлама, келіншек, -
деген жолдар ғибрат, нақыл, өсиет айтып отыр.
Салт әндері белгілі бір салт-сана аясында ғана өмір сүріп, нақты жағдай туған кезде ғана орындалады. Салттан тыс өмір сүрмейді.
Ертегiлiк әндер. Халықтың көркем қиялынан туған ауыз әдебиетi үлгiлерiнiң қомақты бiр саласы ертегiлер болса, ертеде олар белгiлi бiр әуен-сазбен айтылған. Мұндай әндердiң мазмұны қызықты, әуенi сазды келедi. Сондықтан тыңдаушысын ұйытып, ертегi әлемiне ерiксiз баурап әкетедi. Ертегiлiк әндердiң негiзгi сипаты мазмұнында, музыкалық әуен соны көпшiлiкке жеткізудiң құралы болып табылады. Осы ойды орнықтыру мақсатында нақты шығармаларға тоқталайық.
“Қымың”. Ерте замандарда шығыс елiнде бiр патша болыпты. Ол өз халқына үлкен жанашырлықпен қарап, әдiл билiк жүргiзген екен. Күндердiң күнiнде қол астындағы әскербасылары сатқындықпен төңкерiс жасап, патшаны зұлымдықпен өлтiредi.
Патшаның жалғыз баласына үлкен қауiп төнедi. Сол кезде Қызыр-әулие көмекке келiп, балаға дұғаланған гүл ұсынады. Соның әсерiмен жас бала өзiнiң түр-түсiн өзгертiп, сарай маңындағы бүлiкшiлер әрекетiн әшкерелейдi. Оған патша қызы Гүлшат пен бас уәзiрдің қызы Гүлрайхан жәрдем бередi. Ақырында патша ұлының қарсылық әрекетiн жергiлiктi халық қолдап, бала әкесiнiң тағын қайтарып, жеңiске жетедi.
Осы оқиғаны баяндап, нағашысы Шайхыислам патшаға келгенде, ол баланы жылы шыраймен қарсы алады:
Шайхыислам мұны есiтiп,
Езiлiп кеттi жүрегi.
Амандасып, көрiсiп,
Құшақтап бетiн сүйедi, –
деп келетiн ән осы оқиғаға құрылған.
«Көкмоншақ». Бұл да ертегiлiк мазмұнға негiзделген ән. Ертеде бiр хан жетi өзеннiң арғы жағында тұратын Көкмоншақ атты сұлу қызға ғашық болыпты. Ғашықтық дертi күн өткен сайын асқына түседi. Бiр жолы патша елiне жар салып, кiмде-кiм маған Көкмоншақты әкелiп берсе, сол адамға зор сый-сияпат көрсетiп, ат басындай алтын беретiнiн айтады. Сонда тоқсанның тоғызына келген бiр мыстан кемпiр келiп, өзiнiң бұл iске дайын екенiн бiлдiредi. Ол қулық-сұмдығы мол кемпiр едi.
- “Қоятын шартыңды айт!” – дейдi патша.
Сонда мыстан: “Көкмоншақтай сұлуды әкелiп беруге кепiлдiк беремiн. Бiрақ сен қызыңды балама қосып, тағыңды қоса беруiң керек”, – дейдi.
Ғашықтық дертiне шалдыққан патша келiседi де, мыстан кемпір жолға шығады. Жетi бiрдей өзеннен өтiп, қыздың тұрағына келедi. Көкмоншақ сұлудың жайын сұрап бiлiп, бiр жерге шатыр тiгiп жатады. Бұл қыздың жылына бiр келiп сауық-серуен құратын жерi екен.
Кемпiрдiң күткенiндей, ұзамай қасына қырық қызын ерiткен Көкмоншақ та келедi. Үстiнде алтынмен апталған, күмiспен күптелген көйлек, астына мiнгенi – алтын қайық, жан-жағын қоршаған сұлу қыздар.
Өзен жағасында тұрған жалғыз шатырды көрген Көкмоншақ нөкерлерiмен жақын келiп жөн сұрайды. Мыстан кемпiрдiң күткенi де осы едi. Ол қыздарға жылы-жылы сөздер айтып, алдап-арбай түседi. Дәмге шақырып, түрлi тағам, шарап iшкiзедi. Қызық әңгiме, ертегiлер айтып, артынан ойын-сауық құрады. Таң бозарғанша көңiлденген қыздар әбден қалжырап, шаршайды. Сол кезде кемпiр көзi ұйқыға кеткен Көкмоншақты байлаған күйi қайыққа салып, хан сарайына қарай жүзiп кетедi. Ойындағысы орындалып, көңiлi орнына түскен мыстан кемпiр қайықты қос қолдап есiп келе жатып:
Ес қайығым, есе гөр, құдай-екем,
Қайығым оңжолға бастай гөр, құдай-екем.
Көкмоншақтай сұлуды ханға апарып,
Алтын таққа отырар күн бар ма екен, –
деп әндеткен екен. “Көкмоншақ” әнi осылай туған деседi.
«Нұрекенiң әнi». Бұрынғы өткен заманда Нұреке, Ереке деген екi бала болыпты. Екеуi де саусақтарынан өнерi тамған шебер, күмiс көмей әншi болып өседi. Ер жетiп, кәмелетке толған соң қыз таңдап, ауыл арасын жиi аралайтын болады. Сөйтiп жүрiп бiр үйге түседi. Байқай келсе үй иесiнiң Ағила, Сағила деген бiрiнен бiрi өткен екi сұлу қызы бар екен. Ажары атқан таңдай болған сол қыздарға екi жiгiттiң аңсары ауып, ғашық болады. Сол күннен бастап бұл екеуi қыздардың ауылына ат басын жиi бұратынды шығарыпты.
Ызғары қатты күз айларының бiрiнде екi жiгiт тағы да жолға шығады. Мақсаттары тағы да қыздарға жолығып, сырласып қайту. Жол үстiнде екеуi жаңбыр астында қалып, күздiң қара суығында табан жолдан көз жазып қалады. Ауылды таба алмай, адасады. Әбден қалжырап, тоңады, денелерiн суық алып, мазалары қашады. Сол кезде Нұреке:
Е-ей!
Көп сәлем Сағила атты асыл затқа,
Майданнан озып келген арғымаққа.
Лайықтап шар алдыңа жаздым сәлем,
Сағынып дидарыңды жүрген шақта.
Опыр-ай, бипыр-ай,
Ақ тамақтың жарқыны-ай.
Мизам күннiң салқыны-ай.
Ағила мен Сағила,
Таба алмадық ауылыңды.
Жаурадым, қалқа, жарық жақ, –
деп әнге басады.
Мұны естiген Сағила үй алдына от жағып қояды. Сол жарықты алыстан көрген Нұреке мен Ереке ауылды оңай тауып келген екен деседi.
Бақсы сарыны. Бұл - бақсылық дәстүрмен байланысты туған әдет-ғұрып әндерiнiң бiр көрiнiсi. Бақсы сарыны көненiң көзiндей болған қобыз аспабымен қосылып айтылған. Оның мазмұны да ерекше. Әдетте ата-баба әруағы, аспан әлемiндегi Көк тәңiрге сыйыну болып келедi. Мұны ғылым тiлiмен шамандық үрдiс немесе шаманизм деймiз. Ол Қазақ халқының исламға, яғни мұсылманшылыққа дейiнгi көне наным-сенiмi.
Достарыңызбен бөлісу: |