Сұрақтар:
1.Жазықтықтар кеңістікте орналасуына қарай жалпы қандай түрде беріледі?
2. Қандай жазықтықтар денгейлік жазықтықтар деп аталады?
3. Дербес жағдайдағы деп қандай жазықтықты айтады?
4. Қандай жазықтықтар жалпы жағдайдағы жазықтықтар деп аталады?
Әдебиеттер:
1 Ғ. Ақпанбек. Сызба геометрия. - Алматы.: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 1998. - 208 б.
2 Ж.М. Есмуханов, Қ.Қ. Қонақбаев. Сызба геометрия. - Алматы.: Мектеп, 1968 .
3 Қ.Қ. Қонақбаев. Сызба геометрия. - Алматы: Мектеп, 1971. - 164 б.
4 Х.А. Арустамов. Сборник задач по начертательной геометри. - Москва: Машиностроение, 1971. - 376 с.
7 Ы.А.Нәби. Сызба геометрия негіздері. - Алматы, 1994. - 162 б.
Қорыта келгенде, «Инженерлік сызба» пәнінің негізгі оқулығын бір үлгі деп алсақ, оның бұрынғыша тарауларын мәнділік сапада өзара іліктестік, сәйкестілік қағидада жүгіндіріп, модульдарға жіктедік. Бір модульден бірнеше (стандарт талабына сай) блоктарды түздік. Сөйтіп, алдымен оқытушы-профессорлар студенттерге ұсынатын нұсқаулық дәрістерді трансформацияладық. Осы нұсқаулықты студенттердің өздігінен кеңейтуі үшін мысалдар мәтінін бердік. Содан кейін силлабусқа сай келерлік тапсырмалар мен сұрақтарды ұсындық. Сұрақтар деңгейліктерге қарай құбылып отыратынын ескердік. Әрбір модульден кейін рейтингі талабы мен мониторинг қорытындысы шығып отырады.
2.2 Модульдік технология арқылы оқытудың тиімділігінің мониторингі
Білім жүйесін басқарудың мониторингісіне мақсат қоюдың екі басымдық маңызы бар:
1.Бақылау мақсатын дұрыс қоюдың өзі кері ақпаратты ақиқат нәтижесінде алудың кепілі (бақылау мәселесі);
2.Жетістік көрсеткіші мен нәтижесі білімдену үдерісінің мақсаты мен жоспары талап-мүддесінің құрылымына сәйкес келуі (бағалау мәселесі).
Аталған екі міндеттің өзі білімденудің инновациялық технологияларын іске асырудың кешенді іс-әрекетін айқындайтын мониторинг болып есептеледі. Қолданымдағы мониторинг тек жетістікке жетудің қорытындысын шығаратын құрал мағынасында пайдаланылады. «Мониторинг» ұғымы білім кеңістігінде әжептәуір уақыттан бері қолданылып келеді. Жаңа материалды меңгеру сапасын тексеру ретінде бұл ұғым көптен бері кең таралып жүргені белгілі. Оқытушы-профессорлардың сабақтарының сапасын шығарудан гөрі алғы айтылған іс-әрекет қарқынды дамуда. Мониторинг өткізудің бірден-бір заңдылығы студенттерді жаппай қатыстыру. Мониторингті жүйесіз, механикалық деңгейде өткізу іс-әрекетінде төмендегідей көлеңкелі тұстары айқындалды:
1. Бағалауды студенттердің еншісіне беріп, комментарий жасау.
2. Жауаптарын қате фактілімен логикалы қателерге топтастыру.
3. Соңғы сөйлемді қайталау, оған түзетулер енгізу.
4. Жауапты жалғастыру, үзіліп қалғанды ерікті тұрғыда іліп әкету.
5. Жауап берушілердің түзілім саны, бірінен соң бірінің сабақтастық қағидамен жалғастыруы.
6. Бағалауды ұжымдық талқыға салу, баға қоюы.
Студенттер мұндай сыртқы факторларды тізбелеп шығатын мониторингке төселіп, өздігінен атқаратын 60-70% жұмысты ешбір қиындықсыз атқаруға жаттығып алады. Бірақ, өкінішке орай сұраққа барлық студенттер «өздігінен жауап бергенімен», оқытушы-профессор белгілі бір оқулықтың модульдерінен жүйелі ақпарат ала алмайды. Оның тек кейбір тұстарын меңгергенімен, негізгі және қосымша әдебиеттерді оқып, оның доминанттық маңызын айқындауға бағдар жасамайды. Білімді даяр меңгертудің тексерілімі жоғарыдағыдай. Әрбір студенттің берілген тапсырманы қандай дәрежеде, деңгейде меңгергенін аңғару өте қиын. Мониторингтің дәл осындай жүргізілуінің өзінен студенттер жеке мүмкіндіктеріне мән бермейтін немқұрайлыққа душар болады. Кезеңдік және таңдамалы тұрғыда өткізілетін мониторинг студенттердің біліми-ғылыми дәрежесінің көрсеткіші бола алмайды. Білімдену технологиясында бұл мәселені шешудің жолдары бар. «Мониторинг» ұғымы ағылшын тілінен кірген сөз, «monitor» - байқау жүргізу, қадағалау дегенді білдіреді. Ғылыми орта әдеттегідей өзіне ұнаған сөздерін тез арада қабылдайтынына сүйеніп, бұл сөзді белсенді ұғымдардың қатарына енгізіп алды. Мониторинг өткізу үшін алдымен бақылау өткізетін басқарушы қандай нысаналар басымдықта және қандай ғылыми әдістермен зерттеуге болатынына айрықша мән берген орынды. Қандай көрсеткіштер мен өлшемдіктерді саралап алу мәселесі де оңайға соқпайды. Мұнымен бірге бір модельдегі модульдердің блоктар жіктемесінде үзіліссіздік заңдылықтарды қалай бақылау керектігі де маңызды. Егер кемшіліктер оның кезеңдігіне қатысты болса, тақырыптан ауытқып кету кездессе, түзетулер орынсыз енгізілсе, теориядан тәжірибелік бағыт алшақтанып кетсе, бұл кемшіліктерді кім түзетуге тиіс деген мәселелердің бәрі дерлік басқарушы тұлғаның назарында болатын іс-әрекеттер. Басқару жүйесінде бұл мәселе алдымен үлкен модельді қарастырып, оның кіші жүйелерінің тәртібін қадағалап отыру ақпаратын ескеріп, оған талдау жүргізіп, шешімін қабылдап, сол нысанаға әсер етерлік құралдарды сайлау көзделді. Басқару іс-әрекетінің тұғырлы шешімі тек осы тәртіппен жүргізіледі. 80-жылдардың аяғына дейін ЖОО-нда мониторинг деген ұғым қолданымға енген жоқ. Жалпы білім меңгеру мен эксперимент жүргізу үшін міндетті түрде мониторинг қажетті құрал екені даусыз.
Мониторингтің басқару іс-әрекетін ақиқатты жүргізуде жалпы басқару теориясына қойлатын талаптар:
1. Басқарудың мақсаттарын көрсету.
2. Басқару үдерісінің ең алғашқы жағдайын зерделеу.
3. Әсер ету бағдарламасын анықтау.
4. Ұдайы жүйелі бақылау жұмысын қамтамасыз ету.
5. Ақпаратты түзетулерден өткізу, оны жүзеге асыру.
Мониторингті құрал ретінде пайдаланудың жүйе құралдары:
– жүйенің алғашқы жағдайының сипаты;
– жүйенің ең соңғы жағдайы;
– жүйенің алғашқы жағдайының соңғысына дейінгі үдерістерінің моделі;
– негізгі жүйенің негізгі параметрлерін өлшеудің кешенді әдістері;
– негізгі жүйенің ұтымды әдістерінің жиыны.
Қазақстан Республикасында білім жүйесін басқару іс-әрекетінде шетелдік кибернетика толық меңгерілді деп айту әлі ертерек. Шетел білім жүйесінде (Д.Пратт) оқу курсының міндеттерін оқытудың жобалау жүйесіне салады. Бұл үлгіде кибернетикалық қағидалар ескеріледі:
1. Бағыттылық бағдар.
2. Жүйеге кірудің шектеулігі.
3. Ұқсастықтың табылуы.
4. Басқару іс-әрекетінің шешілімі.
5. Тепе-теңдікті сақтауы.
6. Оңтайлы кері байланыс.
Белгілі бір курсының үлгісі студенттердің танымдық дәрежесін айқындайтын жобаға айналады. Білім жүйесі қызметінің құрамдық бөлігі – кері байланысты іске асырудың объективті және субъективті басқару тәсілдері. Кері байланыс арқылы басқару тәсілдері сол студенттердің білім ақпараттарын дұрыс не бұрыс меңгергенін бақылай алады.
Сурет 20 – Студенттердің танымдық деңгейін болжау
20 суретте көрсетілген үлгі құрылымы бойынша алынған ақпарат ассимиляциядан өтіп оқу үдерісін алға жылжыту үшін қызмет етеді. Тұтас үлгіні қабылдау үшін жүйені толық түйсініп, үлгінің құрамын бағамдап, оқу үдерісінің дәл осы үлгіні қолдану барысындағы ұтымды генераторлық тұстарын айқындап алған орынды. Аталған үлгіде тек оқытудың алғашқысынан соңғысына дейінгі жағдай ғана ұсынылған. Кері байланысты қамтамасыз етудің жобасы бұл үлгіде берілмеген. Кері ақпарат алу барысында студенттердің оқу үлгісіне қаншалықты мән бергені аңғарылды. Сөйтіп, бұндай іс-әрекеттен үлгіге түзетулер енгізіліп, аралық бақылаудың нұсқаларының басымдығы сараланады. Ең соңында бұл үдеріс жоспарланған мақсатқа жету жолында бірнеше рет қайталанады.
Ақпарат тоғынының қозғалысын қарастырып, оның үдерістерінің кезеңдерін төмендегідей жіктеуге болады:
– соңғы өнім (өндіріс мақсаты), тапсырыс, оның кейбірі көрсеткіштерімен ұсынылады;
– нысананың алғашқы түрі (өндіріс шикізаты), алғашқы жағдайының, сипатының анықтамасы;
– өндіріс нысандарының алғашқы, аралық, соңғы жағдайының диагностикасы;
– негізгілерін іске асырудың құралдары, әсер ету тұрғысында түзетулері мен қалыптандыруы;
– кері байланыс жасаудың механизмі, өндіріс құралдарының өзара әсерін қамтамасыз ету және оның диагностикасы.
Өндірістегі өнім алуды басқару қызметі тек технологиядан ғана тұрмайды, материалдық, қаржы және адами құндылықтар, көлік, байланыс секілді мәселелерді қамтиды. Адам арасында кездесетін жайбасарлық, ұмытшақтық, шаршағыштық секілді көлеңкелі мінез-құлықтардың болмауына инновациялық технология кепілдік береді. Нәтижесінде қазіргі өндіріс адам атқарар механизмді толығымен ауыстыра алады.
Білім кеңістігіндегі технологияның қолдану себеп-салдары оған дейінгі амал-тәсілдердің қоғам сұранымына сай келмеуіне қатысты. Әрбір ғылымда пайда болған жаңа ұғым жаңа құбылыстың тууына себеп. Ғылыми жетістіктердің қарқындылықпен дамуы адам баласының өндірістегі қызметінің біліми деңгейде болуын талап етті. Білім элитарлықтан көпшілік игілігіне айналып, «өндірістік үдеріс», «фабрика», «завод», «шахта» т.б. адамзаттық интеллектуалды әлеуеттің дамуымен туған табыстар екені белгілі. Көпшілік игерген білім «шикізатты» стандарттау секілді мәселені алға ұсынды. Мұнымен бірге үдерістің үйлестіру, бір ізге салу, келтіру унификациясы мен соңғы өнім сапасын жүйелі тұрғыда бақылау және басқару жаппай орта деңгейдегі мамандардың өндіріске шығуын қамтамасыз етті. Адамзат өзінің өркендеу иерархиясында жеке қолөнері арқылы өндіріс ошақтарына жаппай қызмет етуге ойысып отырады. Технологиялық тұрғыда өндіріс өкілінің қарқынын есептеу ежелден қалыптасқан дәстүр десек те қателеспейміз. Кез-келген өндіріс технологиясынан оқу үдерісінің технологиясы туары сөзсіз. Сөйтіп, адам қызметінің жаппай технологиясынан тағы да бір ғылыми пән пайда болғанын байқаймыз.
Бұл жолдан қоғамдық саладағы адамзат қызметі де ширап өсті. Жеке қолөнерден жаппай өндірістік қатынас индустриясы өмірге келді. Қазіргі қарқындылық пен қоғамдағы жеке өкілдердің бір-бірімен қарым-қатынасынан ақпарат тоғысы туындап, оның әлеуметтік дәрежесі айқындала түсті. Нәтижесінде өндірістік қатынаспен қатар әлеуметтік технология қарқындылықпен ілгерілей бастады. Сол себепті теориялық негіздеме қалыс қалып, тәжірибе басымдықта болғандықтан, қызметтік үдерістерді адам баласы эмпирикалық деңгейде атқарды. Былайша айтсақ, әр адам өзінің түсінік шегіне қатысты тәжірибе жинақтап, тіпті сол бір орындалым іс-әрекетімен бүкіл өмірін қамтитын деңгейде қалғаны да байқалды. Мәселен, кеңес үкіметінде бір операцияны бір адам зейнеттікке шыққанға дейін орындап отырған. Бұған сол адам робот сияқты әбден төселіп алады. Бүгінгі жаңа технологиямен басқару қызметінде адамдардың ұзақ жылдар бойы бір операцияны орындауына мүмкіндік берілмейді. Осындай оңтайлы талап-мүдденің нәтижесінде әрбір маман тек диплом көлеміндегі біліммен шектелмей, сырттан басқарушылардың түртпектеуінсіз өздігінен ішкі интеллектуалды әлеуетін мамандығын ширатуға, құзыретін арттыруға барынша ынталанады. Білім жүйесінде мониторинг ақпарат жинау, оны реттеу, қажетті кезеңде ол нысана жайлы түйіндеме, негіздеме, деректеме жасау және оның даму барысын нақтылау, басқару іс-әрекетінде шешім қабылдауды негіздеу, құрылған мақсаттың табысқа жетуін бағдарлау секілді күрделі қызмет атқарады.
Бұл мәселені зерттеген ғалымдар (А.Н. Майоров) білім жүйесінде сан алуан мониторинг жіктемесін келтіріп өтеді 61. Мониторинг технологиясының жіктемесін басқару жүйесінің сатыларын төмендегідей жіктеп өтеді:
– жоғары оқу орнына тиісті;
– аудандық (муниципиальный);
– облыстық (региональный);
– Республикалық.
Мұндай жіктемеге барлық зерттеушілер келіседі, өкінішке орай аталған басқару жүйесінің иерархиясында оқу үдерісінің өрлеу динамикасын мониторингпен қорыту қарастырылмағаны бүгінгі күнге дейін білім кеңістігіндегі жаппай орта деңгейдегі мамандарды өндіріске даярлауды тежеуге себеп болып отыр. Сол себепті жоғары мектепте басқарудың өзін оқу үдерісін тұтас табыстылыққа бағдарлау студенттердің білім қоймасын өз-өздеріне орталықтандыра білу сияқты өнімді іс-әрекет үлкен жүйе құрап, оның ұсақ құрамдарын бастапқы, аралық, бақылау сияқты мониторинг қызметі қамтамасыз етеді. Әрине, аталған мониторинг қорытындысы А.Н.Майоровтың ұсынған жіктемесінің рет-тәртібінен басқаша құрылады. Студенттер мен оқытушы-профессор құрамымен одақтастық, ынтымақтастық (синергетикалық) іс-әрекетке түседі.
Бұндай мониторинг - әр студент пен оқытушы-профессор құрамының өзара ынтымақтастық жұмысының табысқа жетуі мен жалпы сол мекеменің жемісті жетістігінің көрсеткішін шығаратын дидактикалық құрал. Әсіресе, студенттердің стандарт шегіндегі мамандыққа қатысты біліми, ғылыми-теориялық негізде меңгеруінің жетістігі айқын көрінетіні басымдықта болып келеді. Мониторингтің білім жүйесінде қолданылатын түрлері әралуан. Оқу үдерісі жайлы мәлімет жинау, оны реттеу, сақтау мен қолдану және білім нәтижелілігін басқару мақсатында жоспарлау мәселелері шешімін табуға тиіс. Аталған өзекті мәселені шешудің шартты түрде үш тобы бар:
1.Ақпараттың мазмұны.
2.Ақпарат сапасы.
3.Басқару мақсатына қызмет етер мәлімет 21 сурет.
1. Оқытушы-профессорға оқыту үдерісін нәтижелі құруы мақсатында не істеу керек? – деген проблемалық сұрақ туады. Әрине, бірінші жауап - әр студенттің мүмкіндігіне (стандарт шегінде) орай жеке тұлғасының ерекшелігін ескеру деген іс-әрекет. Бұндай жауаптың құрылымына студенттің когнитивті іс-әрекеті мен қабілет-икем, дағдысы, түйсіну (қажетсіну уәжі, қызығушылығы, құндылық таңдауы, тапсырыс алуы, қолданымы, ұмтылуы және т.б.) және психомоторлық (жүйке жүйесінің қозғалыстағы қарқыны, қабілет сипаты, көру, есту, түйсіну мүмкіндігі және т.б.) сезімдері жатады.
Студенттердің денсаулығы жайлы оқытушы-профессор құрамының мәлімет алуы керек пе? – деген сауал туады.
Сурет 21 – Сараптау жұмысының жүйесі
Әрине, әр студенттің оқу еңбегін дұрыс ұйымдастыру үшін оның денсаулығы туралы мәліметі болуы өте тиімді:
– педагогикалық;
– әлеуметтік;
– психологиялық;
– медициналық;
– экономикалық.
2.Ақпараттың сапалылығы оқу үдерісі жетістігінің көрсеткіші ретінде бағаланады. Оқу үдерісінің рейтинг қорытындыларынан туындаған баға ғана ақиқатты тұрғыда сипаттайды. Әр студенттің пән бойынша меңгерген өзіндік жұмыстарының міндетті және қосымша әдебиеттер шегіндегі біліми-ғылыми мүмкіндігін айқындаудың инструменті ретінде аталған мониторинг қызмет етуі қажет демекпіз.
3.Басқару мақсатына қолданылатын ақпарат кері байланысты іске асырады. Көбінесе, студент бұл мониторинг өткізуде өзінің мүмкіндігін байқауды басқару сыңайында пайдаланады. Мұнымен бірге аталған ақпаратты қанша уақытқа дейін сақтау керектігі де межеленуі керек. Өйткені барлық ақпаратты жинай беру қажеті жоқ, архивтік қағаз жинағанмен бірдей. Екі мәлімет жаңаға орын бермеуі де мүмкін:
– алынған мәліметтің ақиқаттығы, студенттің пән бойынша жинақтаған білім қорының стандарт шегіндегі көрінісі, көрсеткіші, оның басқалардан тұлғалық ерекшелігі;
– дәлдік пен дәйектілік сипаты – ақпарат рейтинг шкаласындағы зерделеу сұрақтарының нақтылылығы мен оның оқулықтар талабына сай келуі, стандарт шегінен кем болмай, керісінше, студенттің болашақ мамандығына қызмет атқарарлық маңыздылығымен жиналуы;
– толықтық – ақпараттың нәтижеге қатысты тұстарын қамтуы;
– жеткіліктілік – ақпараттың басқарушы тұлғаның сұранымын қанағаттандырарлық жағдайда жиналуы;
– жүйелілік – ақпараттың басқару ісіне қатыстылығы, бір нысанадан алынған мәліметтің құрылымымен жүйелі ақпарат көзінің сапалылығымен есептелуі, басқарушының сұранысына сай ақпарат алуы;
– қарым-қатынас ұтымдылығы – басқарушы ұйымның алға қойған міндетін шешу деңгейіне сай ақпарат жинақтауы;
– ұшқырлық (оперативность) – ақпараттың сапалы болуы. Мәліметтің өзі басқару іс-әрекетін атқарады. Бұл мәлімет тарихи емес, даму қарқынын анықтайтындай дәрежеде болуы көзделеді;
түсініктілік – бұл ұғымды екі жақты тұрғыда қабылдаған жөн. Біріншісі – басқарушы тұлға бұл мәліметті алуының ақиқаттығы. Екіншісі – мұндай мәлімет өте көп парақпен алынса, немесе графикамен берілсе, басқарушы тұлғаның шешім қабылдауына қиындық келтіреді.
Кері байланыс туралы мәліметтің мазмұнын айқындаудың мониторинг құру іс-әрекетінде ерекше мәні бар. Ұсынылған мақсатты шешу жолында диагностика мен іс-әрекетті жобалау, белгілеу қажеттілігі жайлы оқу үдерісіне технология тұрғысында қараудың тезисін негізгі постулат деп есептейміз. Студенттердің болашақ мамандығына орай белгіленген, жобаланған нәтиже туралы мониторинг қорытындысы үзіліссіз алынуы көзделеді. Егер мониторинг аталған жүйемен құрастырылса, онда оның нәтижеге жету мақсатын анықтау қиынға соқпайды.
Білім алу мақсатын қою төмендегілер арқылы жүзеге асады:
– студенттің жеке тұлғалық қабілетінің дамуы, оның ішкі ойлау белсенділігінің артуы, ішкі интеллектуалды әлеуетінің өркендеуі, эмоционалдық тұшымының өрлеуі;
– студенттердің оқу қызметтік ғылыми-біліми негізге бағдарлауы;
– жоғары оқу орнындағы оқытушы-профессор құрамдарының ғылыми-зерттеу негізіне бағыттауы. Мұндай мақсаттың көрсеткіштері мен өлшемдіктерін саралау басқарушы тұлғаларға оңайға соқпайды.
Алғаш рет білім беру технологиясының негізін қалаған – Б.Блум. 1956 жылы білім беру технологиясының мақсатын Б.Блум және Д.Кратволь білім мақсатын үшке бөліп қарастырды:
– когнитивті;
– психомоторлы;
– аффектілі эмоционалды.
Кейінірек И.Я.Лернер мақсатты бірнеше типке жіктеп зерттеді:
– табиғат туралы білім;
– техника және адам туралы білім;
–қызметтік тәсілдерді іске асыру тәжірибесі, оның ішінде шығармашылық.
О.Е.Лебедев білім мақсатын үшке бөліп зерделеген:
– білімнің дамуы;
– икем және қабілеттілікті дамыту;
– қарым-қатынас жүйесінің дамуы.
Студент меңгеруге тиісті мәлімет (мазмұндық, процессуалдық, құндылық) белгілі бір жүйенің құрылымын анықтаушы ретінде қабылданды. Кіші жүйелердің басын қосып реттеу іс-әрекеті таксономия ұғымын білдіреді. Бұл ұғымды да ұсынған Б.Блум, ал Эдвард Стоунс іліміндегі таксономия тәртібі төмендегідей:
1. Когнитивтік аймақ:
1.00 Білім:
1.10 нақтылы материал;
1.11 терминдер.
1.12 фактілер.
1.20 нақтылы материалмен қатыстың тәсілдері мен құралдары.
1.21 конвенциялар (анықтамалар).
1.22 ұстанымдар мен нәтижелер.
1.23 ұғымдар мен түсініктер жүйесі.
1.24 өлшемдіктерідің көрсеткішке сәйкес түзілімі.
1.25 әдіснамасы.
1.30 білімнің әмбебаптық және дерексіз ұғымдары.
1.31 заңдылықтар мен жинақтау және қорытындылау.
1.32 теориялар мен құрылғылар.
2.00 Түсінік:
2.10 түсіндіру.
2.20 интерпретациялау.
2.30 өрістің жоғары деңгейі.
3.00 Қолданымы.
4.00 Талдауы, аналитикалық талдау:
4.10 кіші құрамдарды қамту.
4.20 өзара әрекеттестікті бақылау.
4.30 түзілім қағидалары.
5.00 Жинақтау, қорыту:
5.10 жекелеген мәлімет.
5.20 іс-әрекет жүйесінің мүмкін нұсқасы және оның жоспарының сипаты.
5.30 дерексіз қатынастың жүйесін алу.
6.00 Салыстырмалы бағалау:
6.10 қолда бар мәлімет негізінде түйіндеме.
6.20 сырттай көрсеткіштер мен өлшемдіктер негізінде қорытынды шығару.
Б.Блумның аталған алты іс-әрекеттік, когнитивтік, психомоторлық, эмоционалдық құндылықтарды студенттердің білім жию ішкі қорларының жиыны ретінде сыртқы ортаға белгілі болады. Мониторинг қорытындысы студенттің екі түрлі іс-әрекетін айқындайды. Біріншісі – озықтық тұстарын нақтылайды. Екіншісі – студенттердің қайсысының болмасын кемшіліктерін саралайды. Егер озықтық тұстарын байқасақ, онда оқытушы-профессорлар ұсынған деңгейліктерді Б.Блумның таксономиясы дейміз. Білім беру нәтижелері аталған 6 деңгейлікке қатысты білім мазмұнын толық мамандыққа сәйкес меңгеруі дегенді аңғартады. Тек қана жетістікті одан әрі дамыту және кемшілікті тез арада жою секілді оперативті қызмет мониторинг қорытындысын басқаруда ұғымды пайдалануға болады. Білім мазмұнының теориялық иерархиясының мақсаты студенттің білім меңгеру динамикасын айқындайды. Жалпы орыс ғалымдарының арасында бұл мәселені қарастырған М.Н. Скаткин, В.Н. Максимова, В.П. Беспалько, В.П. Симонов.
М.Н. Скаткин зерттеуінде мынандай жүйе беріледі:
1. Ұғымдарды айтып беру.
2. Ұғымдарды түсіну.
3. Ұғымдарды қолдану.
4. Ұғымдар жүйесін қайталау.
5. Ұғымдар жүйесін қолдану.
В.Н. Максимова:
1. Білу.
2. Еске сақтау.
3. Түсіну.
4. Қолдану:
4.1. Тақырыптық қорыту.
4.2. Пәндік қорыту.
4.3. Пәнаралық байланыс.
В.П. Беспалько:
1. Білу.
2. Алгоритмдік (типтік есептер шығару).
3. Эвристикалық (іс-әрекет таңдамалы).
4. Шығармашылық (іс-әрекет зерттелімі).
В.Г.Королева:
1. Репродуктивті өздігінен қайталау.
2. Репродуктивті алгоритмдік іс-әрекет.
3. Эвристикалық іс-әрекет өкілі.
4. Шығармашылық іс-әрекет өкілі (креативтік).
В.П. Симонов:
1. Айқындау.
2. Еске сақтау.
3. Түсіну.
4. Жай қабілет пен икемділік.
5. Теорияны іс-әрекетке аудару.
Қарап отырсақ, бұл – бірінші курс студенттерінің деңгейіне сәйкес типтік өлшемдер. Ғалымдардың зерттеулерінде әртүрлі қырларынан зерделенген, мұның бәрін басқару іс-әрекетінде қолдану міндетті емес. Керісінше, оқытушы-профессорлар студенттердің интеллектуалды мүмкіндігіне орай тек өздерінің авторлық технологияларына жүгінуіне құқығы бар. Ресей ғалымдарының Б.Блумнан ерекшелігі білім мазмұнын меңгеру үдерісінде қарастырады. Бірақ, бұларсыз технология іске асырылмайды. Алғашқы сатысы осы сыңайда қаланса, оның жалғасын мен мына түзілімде ұсынамыз. Білім мазмұнындағы ережелерді студенттер өздігінен ұғып, категорияларын студенттер сөздіктен қарап, есеп шығару барысында қисындық білімін жүзеге асыра алса, әрине ол студенттің мониторинг қорытындысы аталған көрсеткіштер мен өлшемдіктерге сай келеді. Әрбір студент мұндай таксономияда ұсынылған, тапсырмаға берілген материалдың логикалық маңыздылығын айқындай алатын дәрежеге жетіледі.
Шет елде (Англияда) мониторинг өткізудің тәсілдеріне 10 деңгейден тұратын рейтингіні қолдану тиімді деп есептеледі. Оның үлгісі төмендегідей болып келеді. Англияда деңгейліктерге жіктеу рейтингісі барлық салада дамыған, соның ішінде мамандыққа қатысты іскерлікті есептеуге төмендегідей модель бүгінгі күнге дейін тәжірибеде жиі қолданылатын тәсіл. Былай қарағанда білім жию іс-әрекеті тек оқулықты меңгерсе болды деп есептеушілік басымдықта екені белгілі. Өкінішке орай, оқулық материалы өз-өзінен студентке мамандық меңгерудің құзыретін мәлімдемейді. Білім мазмұнын әр студент өзінің ішкі білім қорына сәйкес ұққанын байқап отырады. Төмендегі модельдің бірінші деңгейінде студент оқулық материалын қабылдайды, көз алдына елестетеді, нақтылы ұғымдарды еске сақтайды. Оған сипаттама береді. Ал екінші деңгейде салыстырады, жіктейді, оның бәрінен басқа сападағы түйіндеме құрады. Мұның бәрі тек төрт деңгейдің мөлшері ғана екенін ескерген жөн. Қайта құру төртінші деңгейде студент шығарған есебін ешбір үлгіге қарап емес, дерексіз ойлау әрекеттен өздігінен формуланы сөз бірлігінен математикалық сапаға ауыстыра алады, сөйтіп ақпараттан графика, матрица, схема, диаграмма құрастыра алатын дәрежеге жетіледі. Қайта құру төртінші деңгей. Бесінші деңгейде ойлау операциясы күрделене түседі. Оқу материалын бұл деңгейде заңдылықтар жүйесі мен жекелеген қорытындылар нысанында түйіндейді. Алтыншы деңгейде аталған интеллектуалды әлеуетке жаңа фактілер қосылады. Алған теориясын басқа материалдармен толықтыра алатын іскерлік пайда болады. Нағыз технология осы деңгейден оныншыға дейін өрлейді. Бірақ мұндағы ғылыми білім пән аумағынан аспайды. Келесі деңгейлікте заңдылықтардың құрылым мазмұнына қолданылым дәрежесі, әдістері, теорияның ішкі құрамдық жүйесі сипатталады. Бұл өрлеу кезеңдері – эмпирикалық тәсілден теориялық деңгейге ұмтылдыратын жол. Алдымен студенттің онтогендік жеке ментальділігімен оның тәжірибедегі ғылыми танымының арасындағы үйлесімдігі ескеріледі. Білім мазмұны тек бір заңдылыққа ғана бағына ма? – деген сауал туады. Әрине, ондай үдеріс мүмкін емес. Оқыту іс-әрекетінің заңдылықтары пән, білім мазмұнындағы ішкі заңдылықтарға қарай құрылатынын елеген дұрыс. Қалған үш деңгейлік бұл теорияның өзін тәжірибеде құбылтып қолдануға мүмкіндік береді.
Студенттердің бұл деңгейліктерге жетуінің өзі белгілі пән үлесі мен мысалдарының негізінде орындалатыны байқалып жүр. Сондықтан сырттан міндеттейтін рейтингінің бәрі дерлік білім мазмұнын ғылыми-тәжірибелік тұрғыда толық меңгерді деуге негіз жоқ.
Барлық пәндер мазмұны оқытудың бір механизмге бағынады. Төменде берілген деңгейліктердің ең қарапайым, ассоциативті деңгейі былай болып келеді 22 сурет:
1. Ақпарат бірлігін білу.
2. Ақпарат бірлігін қайталап айтып беру.
3. Эмпирикалық қорытындыны түсіну.
4. Теориялық қорытындыны түсіну.
5. Меңгеру ситуациясында ақпарат бірлігін қолдану.
6. Меңгеру ситуациясында ақпарат жүйесін қолдану.
7. Ситуация өзгерілімінде ақпарат жүйесін қолдану.
Сурет 22 – Студенттердің білім деңгейліктерін жіктеудің тәртібі
Мамандыққа жіктеу бұл оқытудың нәтижелілігін қорыту барысында (студенттердің деңгейін) саралау аса байқалмайды, бірақ бұл деңгейліктердің өзі әр студенттің жеке мүмкіндігін айқындаудың құралы екенін ескереміз.
Таксономия әрбір студенттің оқу үдерісін (электронды көшіруден) сканированиядан өткізіп, оған сипаттама беруге мәлімет әзірлейді. Бұнда студенттің жетістігі тек анықталып қана қоймай, онымен бірге студенттің өсу динамикасының өзгерістерін бақылауға жол ашылады. Ұсынылған таксономияның деңгейінен іс-әрекет кезеңдерінің рет тәртібі студенттердің оқу жетістігі жайлы мониторинг жүйесін түзеді:
1. Оқу пәнінің глобальді мақсатын қою;
2. ЖОО стандарт шегіндегі білім мазмұнының міндетті минимумын ұдайы ескеру. Оқыту бағдарламасын ұтымды технологияларға салу, таңдау. Мұның өзі глобальді мақсатты шешуге бағдар жасайтын қалыпта болуын қадағалау.
3. Таксономия мақсатын таңдау:
– пән мазмұны бойынша глобальді міндеттерді нақтылау және белгілі пән бойынша студент меңгеруге тиісті білім ауқымын ғылыми негізде диагностикалау мақсатын құру;
– байқауға қатысты жағдайларды қағидаға сыйымды тұрғыда бөліп алу, студенттердің табыстарын пән мазмұны шегінде анықтау.
4. Таңдап алған таксономия негізінде пән мазмұнын студенттердің меңгергенін диагностикалау мақсаты тұрғысында анықтау.
5. Параметрлерді саралау, пәндік мәліметтерді меңгерудің динамикасын байқау, оқытудың жетістігін диагностикалау мақсатында деңгейліктерге саралау.
Аталған бес таксономия құрамдарының алғашқы екеуі білім философиясы мен саясатына жатады. Бірақ, ол екеуін алып талдауға болмайды. Керісінше, білім берудің инновациялық технологиясында бұл екі іс-әрекет өлшемі өте қажетті.
Мониторинг және оқыту мақсатын нақтылау – студенттердің білім деңгейін анықтауға бірден-бір таптырмайтын іс-әрекет. Студенттердің оқу үдерісінің мониторингісін қорытындылауда таксономияның түрлерін таңдаудың және оқыту іс-әрекетінің мақсатын дұрыс қоя білудің маңызы ерекше екенін ескерген орынды. Бұл тұжырымды ойымызды дәйектеу үшін бірер мысал келтіріп өткеннің артықтығы жоқ. Білім мазмұнының кез-келген пәнінің құрылымын төмендегі таксономияға негіздегенде мынадай түзілім шығады: Мазмұны. Өтілетін модульдің атауы (курстың саны).
Біліми-ғылыми деңгейі. Ғылыми негіздегі символиканы, матрицалық нысандарды қолдануы. Түсінігі. Ғылыми ұғымдардың мәнін өздігінен зерделеп табу қабілеті және оны лексикалық қорына қосу қарқынын есептеу. Қолданымы. Стандарт және типтік бағдарлама, жұмыс бағдарламасының үндестіктегі білім мазмұнының ішкі заңдылықтары мен теориялық ұстанымын тәжірибеде ұтымды қолдана алу шеберлігі. Басқару іс-әрекетінде студенттердің кері байланысы, үдерістегі табыстарының көрсеткіші олардың аналитикалық-синтетикалық қызметі тұрғысында толық мәлімет арқылы есептеледі. Бұл көрсеткішті басқару іс-әрекетіне қолдану барысында деңгейліктердің күрделене түсуіне мүмкіндік туғызар қызметтің реті төмендегідей:
– атауын тап;
– анықта;
– құрастыр;
– мінездеме бер;
– өткіз;
– ережені сақта.
Кейде бұл түзілім білім мазмұнына сай өзгеріп отырады:
1. Атауын топтауы.
2. Мысал келтіруі.
3. Негіздеуі.
4. Таным дәрежесін өлшей алуы.
5. Алғаш білімін тәжірибеде қолдануы.
6. Қорытынды шығаруы.
7. Байқауы.
8. Ережені сақтауы.
Іс-әрекет – меңгерудің қорытындысын шығарудың мониторингісі. Студенттердің аудиторияда және аудиториядан тыс уақытта өздігінен орындайтын қызметінің сапасын шығару ең маңызды мәселе. Бұл бағытта студент зерттейтін пәнін сипаттайтын қабілет дамытылады. Ол нысанның басымдықта келетін белгісін бөліп алуы, оның қасиетін және өзара байланысын сипаттауы, нысанның даму себептерін ашуы, түбінде өзгерістерге ұшырау мүмкіндігін проектілеуі және студент өзінің ұстанымын айқындауы секілді іс-әрекеттер мониторинг талаптарын түзеді, ұғымдардың жіктемесін сұрыптауы ескеріледі. Сөйтіп, студенттердің күрделі іс-әрекетіне салыстыру, жіктеу, дерексіз ойлау мүмкіндігін арттыру және өзінің іс-тәжірибесін теориялық негізде жинақтау секілділер жатады. Аталған іс-әрекеттер – синтетикалық топ санатындағылар. Көбінесе таным әдістерін құрайды. Диагностикалауды меңгеру барысында жалпы және жеке әдістер іс-әрекет құрылымының әртүрлі деңгейліктерде қолдануына тікелей байланысты. Кілтті сөздерді табу, іс-әрекет кезеңдерін жіктеу секілділер де студенттердің өзін-өзі басқару амалы болып табылады. Төртінші деңгейде, қоғамтану пәндерінен бақылау жүргізіліп, жаратылыстану ғылымы бойынша зертханалық жұмыс, ал нақтылы пәндерден сараптамалы жұмыстар өткізіледі. Сараптау жұмысын өткізу мақсатында өлшемдіктер жіктемесін білім мазмұнынан саралап алу орынды:
1. Ұсынылған материалдың түзілімін дұрыстап оқы.
2. Болжамын құрастыр, оның тәжірибедегі көрінісін айқында.
3. Шартын анықта.
4. Эксперименттің математикалық моделін құрастыр.
Бесінші деңгейде ешбір нұсқаулықсыз алғашқы стандартқа сай ситуацияны қолданудың тәсілін табады. Алтыншы деңгейде ситуацияның өзгеріске ұшырауын өздігінен ізденіп тауып, оған лайықты әдістер таңдайды.
Студенттердің когнитивтік танымдарын дамытуды қорытатын мониторинг өткізудің жолы бар. Ол үшін әр студенттің когнитивтік танымын анықтап, сол деңгейден бір курс (пән ауқымында) бітіргенге дейін қалыптастырылуының созылыңқы қарқынын стандарт шегінде есептеу ақиқатты өлшемдікке саяды. Когнитивтік даму мониторингісінде екі құрамдық бөліктерді бөліп қарастырамыз. Біріншісі – студенттердің кез-келген білім мазмұнынан интеллектуалды қызметтің когнитивтік негізі. Бұл алғашқы когнитивті қабілет адамның нейрофизиологиялық табиғатына байланысты дамиды. Егер ол жаттығу арқылы ширатылмаса, бір нүктеден әрі қозғалмай қалады. Мұның өзі – мамандығына қарай когнитивтік шеберліктен басқа ерікті ізденіс пен зерттеу нәтижесінде қорланатын тәжірибе көрінісі. 1) Ұғымдардың көлемі, ауқымы ізденген сайын, зерттеген сайын тереңдей түседі. 2) Өрістердің ұғымдық және семантикалық қалыптасып отыруы. 3) Қызмет тәсілдерінің артуы. 4) Когнитивтік схемалардың қалыптасуы. Мониторингтің бұл аумағы – оқу үдерісін ұтымдылыққа бағдарлайды. Сөйтіп, оқыту білім жүйесін басқаруда студенттердің табыстарын межелеу мен әр студенттің когнитивтік саладағы деңгейінің өзектілігі туралы мәліметтің моделін проектілеу іс-әрекеті жүргізіледі. Когнитивтік мониторинг жүргізудің алғашқысы – когнитивтік параметрлер. Мұнда студенттің оқу жүйесіндегі әдістер таңдауы, оның түрлерін ажыратуы, құралдарын ұтымды қолдануы секілді сыртқы қозғаушы күштерін саралау тұрғысында ұйымдасады:
– студенттің интеллектісінің даму деңгейі, интеллектісінің құрылымы (вербальді, математикалық, кеңістіктегі интеллект);
– назарда ұстау деңгейі, көңіл қою аумағы, әртүрлі жағдайларда өзін салмақты ұстау дәрежесі;
– жадына сақтау ауқымының ең қысқасы;
– жадына сақтаудың ұзақ мерзімділігі (образды, эмоционалды, символ–икалы, белгілерге қатысты, семантикалық);
– көру, есту, моторикалық еске сақтау мәлемітінің модальділігі;
– логикалық операция жасау жүйесі (салыстыру, сериалды, жіктеу қабілеті, айырмашылығын ажырату, жинақтау және т.б.) және ақыл-ой іс-әрекеті, информацияны жүйелеуі және оны өзіне таныс білім негізіне сүйене меңгеруі;
– ұғымдарды қалыптастыру стратегиясы ұғымдардың белгілеріне қарай бөліп алу қабілеті;
Аталған мәселелер студенттердің 1-ші курсында жаңа қалыптасатынын еске сақтаған абзал. Бұндай мониторинг студенттердің теориялық меңгерген білімінің ғылыми өрісін тәжірибеде қаншалықты деңгейде меңгергені жайлы ақпарат береді. Басқару іс-әрекетінде студенттің сапалы білім меңгеруіне ең қажетті қызмет болып саналады.
Қорыта келгенде, «Интеллект» ұғымына алғаш түсінік берген әлемдегі екінші ұстаз - Әбу Насыр әл-Фараби. Басқару жағдайында аталған төрт интеллектіні прагматикалық мәнде қолдану тиімді. Бұл ұғымда оны интеллектуалды тестілер көмегімен «өлшеуге» жол ашылады (интеллектуалды коэфициентті IQ (ай кю). Аталған көрсеткішті когнитивтік мониторингке салғанда, басқару аппараты студенттің оқу іс-әрекетіндегі нәтижесі мен интеллектуалды коэфициенттің тілін (IQ), ауқымын анықтауға қажетті құрал екені байқалады. Студенттің тек мамандыққа қатысты ғана емес, интеллектуалды әлеуетінің белгілі бір мәдениет кеңістігіндегі қатысы анықталады. Тестілеу тек студенттердің табысты оқу еңбегін бағалау мен оның болашақтағы проектісінің моделін шығару үшін ғана керек. Тестіні құрғанда оның ақпараттығы айрықша болып интеллектілі қабілетті интегралды тұрғыда сипаттау оның құрылымын анықтайды. Екіншіден, тест тапсырмасы минималды талап деңгейіне құрылады. Мұнымен бірге тапсырма мәтінінде тесті орындаудың нұсқаулығы мен түсініктемесі берілуі қажет. Тесті әр студентпен жеке өткерілмей, топтың зерттелім тапсырмасы тұрғысында ұсынылады. Екінші аумаққа ұғымдық және сипаттамалық құбылыс жатады:
тұрмыста жиі кездесетін іс-әрекет арқылы жаңа ұғымдарды (заттық және жалпы ғылымилық) түсіну.
Тәжірибелік – эксперименттік жұмыстың нәтижелері
Студентті модульдік технологиямен оқыту жұмысының мәселелерін теориялық талдаудан соң, оның жоғары оқу орнындағы тәжірибесінде кредиттік оқыту жүйесіндегі жағдайын зерттеу мақсатында үш кезеңнен тұратын эксперимент бағдарламаға сәйкес жүргізілді. 1.3 - параграфта берілген модульдік технология үлгісі оны, тиімді ұйымдастыру кәсіби дайындығы эксперимент барысында тексерілді. Экспериментке С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің инженерлік мамандықтарындағы оқитын топтарының 1-курс студенттері қатысты. Сонымен қатар, модульдік технология арқылы оқыту жұмысының мәселесі зерттеуге байланысты инженерлік сызбаны оқыту және кредиттік жүйесіндегі басқа мамандықтардың студенттерінен де сауалнама алынып, әңгімелесу жүргізілді. Сондай-ақ кредиттік оқу жүйесіндегі модульдік технологияны ендірудегі мәселелерді зерттеуге байланысты С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқу орындарының басқа мамандықтың студенттеріне сабақ беретін пән оқытушыларының пікірлері сұралды.
Кез келген педагогикалық эскперименттің мақсаты – зерттеу болжамының және теориялық нәтижелердің дұрыс немесе теріс екендігін, яғни ұсынылып отырған жаңалықтың (мысалы, оқытудың жаңа мазмұны, түрлері, әдісі мен құралдарының т.б.) бұрынғылардан гөрі тиімділігін (немесе тиімді еместігін) дәлелдеу. Бұл үшін белгілі бір нысанға (мысалы оқушылардың бір тобына) оны қолдану барысында алынған нәтижелердің педагогикалық әсер етудің бұрынғы дәстүрлі әдістерін пайдаланумен салыстырғандағы артықшылықтары мен өзгешеліктері нақты көрсетілуі қажет. Мақсатқа қол жеткізу үшін: мен ең алдымен тәжірибе өткізу үшін іріктелінген нысанның көлемін, яғни студенттердің қажеттілікті қанағаттандыратын санын есептеп алуым керек. Іріктеу көлемі деп «іріктеу жиынтығына кіретін зерттеу бірліктерінің санын» айтамыз.
А.Н. Майоровтың пікірінше, іріктеу жиынтығын төрт түрлі әдіспен есептеуге болады 56:– дисперсияның өзгеруі;– жеткілікті үлкен сандар мен үлкен сандар номограммаларының таблицалары;– орташа квадраттық ауытқуды болжау;
– математикалық статистика формулалары бойынша.
Мен соңғы әдісті пайдалану тиімдірек деген пікірді ұстандым. Тәжірибе жүргізу үшін іріктелген студенттер саны олардың негізгі басты құрамдық жиынтығын дұрыс айғақтады. Негізгі құрамдық жиынтыққа қатысты іріктеу көлемі төмендегі формула бойынша дәл анықталды (2.1):
-
n =
( 2.1 )
|
t2*w*(1-w)*N
|
N*Δ2+t2*w*(1-w)
|
Достарыңызбен бөлісу: |