БІЛІКТІЛІКТІ КӨТЕРУ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРНЫНА ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ FOUNDATION ОРТАЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №554 (18 шілде 2016 ж. №456 бұйрығымен толықтырулар мен өзгертулер енгізілген) бұйрығына сәйкес 2016 оқу жылының 1 қыркүйек айынан бастап Біліктілікті көтеру және жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру Foundation орталығы жұмыс жасай бастады. Оқыту процесі оқытудың кредиттік жүйесіне сай жүзеге асырылады. 3 қазаннан бері тоғыз айлық мерзім аралығында тыңдаушылар жаратылыстану бағытының «Биология», «Физика», «Химия» және «Информатика» пәндері бойынша білімдерін арттырады.
2016 ж. ҚР білім және ғылым министрлігі тыңдаушылардың (биология, физика, химия, информатика) пәндері бойынша білім деңгейлерін көтеру, және қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша тілдік компетенцияларын қалыптастыру мақсаттарында мемлекеттік білім беру гранттары бөлінген.
Біліктілікті көтеру және жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру Foundation орталығын Алиханова Гүлбану Ермекқызы басқарады. ТарМПИ профессор-оқытушылар құрамы оқыту процесі барысында жаңа педагогикалық технологияларды, интербелсенді және коммуникативтік бағыттық әдістемелерді қолдануда. Орталықта өткізілетін тәрбиелік іс-шаралардың негізігі мақсаты қазіргі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті және өз бетінше білім алуға талабы мен талпынысы бар тыңдаушы тұлғасын қалыптастыру және дамыту болып табылады. Біліктілікті көтеру және жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру Foundation орталығының тыңдаушылары қортынды тест тапсырғаннан кейін өз таңдаулары бойынша Қазақстан Республикасының кез келген жоғарғы оқу орнына түсулеріне мүмкіндіктері бар. Біліктілікті көтеру және жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру Foundation орталығы заман талабына сай мемлекеттік полилингвисттік оқыту жобасын іске асырып, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеп оқытуға үлесін қосуда.
Студенттер бөлімі
Студенттер бөлімінде студенттердің жеке ісі өңделеді, басқа мекемелерге қажетті құжаттар жіберіледі.
Егер Сізге анықтама, құжаттан көшірме керек болса, студенттер бөліміне барыңыз. Басқа жоғары оқу орнына ауысуға, қайта қабылдауға құжат дайындау осы студенттер бөлімінде жүзеге асырылады.
1 курста мемлекеттік грант негізінде оқитын барлық студенттер шәкіртақы алу үшін банктік карточкасын рәсімдеулері қажет.
ОҚУ ТӨЛЕМ АҚЫСЫНА ЖЕҢІЛДІКТЕР БЕРУ ТУРАЛЫ
Тараз мемелекеттік педагогикалық институтында күндізгі бөлімге оқуға қабылданған студенттерге төлемақы бойынша жеңілдіктер төмендегі жағдайларда қарастырылады:
-ата-анасы жоқ немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттердің барлық оқу жылының төлемақысына 100%;
-халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың және ғылыми жобалардың, өнер байқаулары мен спорттық жарыстардың жеңімпазы атанған студенттердің бір жылдық төлемақыларына 100%-ға дейін;
-ата-анасының біреуі қайтыс болған немесе ата-анасының біреуінің қамқорлығынсыз қалған, Ауған соғысының ардагері, Чернобыль атом стансасының зардабын жоюға қатысқан немесе Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтың әсерінен ата-анасының біреуі жапа шеккен, ата-анасы I, II топтағы мүгедек, студенттің өзі I, II, топтағы немесе бала кезінен мүгедек болса /мүгедек туралы куәлік негізінде/, бір жанұядан бір мезгілде бірнеше бала ТарМПИ-нің күндізгі бөлімінде оқыса, балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасынан / және одан да көп/оқуға қабылданған студенттерге 10% жеңілдік беріледі.
ТАРМПИ-ДА КРЕДИТТІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША ОҚУ ҮРДЕРІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
СІЗ ЕҢ БІРІНШІ НЕНІ БІЛУГЕ ТИІССІЗ?
Сізге ТарМПИ студенті екеніңізді растайтын студенттік билет беріледі. ТарМПИ ғимараттарына студенттік билетіңізбен кіруге рұқсат беріледі. Егер Сіз әртүрлі жағдайлармен студенттік билетіңізді жоғалтып алсаңыз, деканатқа барып уақытша рұқсат қағаз аласыз. Студенттік билет жоғалған жағдайда оның дубликатына тапсырыс беруіңіз керек.
Институтта оқу сабақтары академиялық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі.
Сабақ кестесі бір семестрге жасалады және семестрдің басталуына 10 күн қалғанда ілінеді.
ЖОО-дағы сабақтар мектептегіден өзгешелеу болып келеді. Сабақтың бір сағаты академиялық сағат деп аталады, ол 50 минутқа тең болады. Әрбір сабақтан кейін 10 минут үзіліс беріледі.
Сабақ кезінде өз бетінше аудиториядан кіріп-шығуға болмайды. Сырт киімді киім шешетін орынға өткізу керек. Сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға болмайды.
Институтта сабақтарды өткізу үшін әрбір курс оқу ағымдарына бөлінеді.
Институтта оқу үдерісі кредиттік оқу технологиясы бойынша жүргізіледі.
Жаңа терминдер және түсініктермен танысу үшін біз сізге глоссарий дайындадық.
(Глоссарий) – бұл білім беру үрдерісінде кездесетін жаңа терминдер мен түсініктер.
1) академиялық күнтізбе (Асаdеmіс Саlеndar) - оқу жылы бойына демалыс күндерін (каникулдар мен мерекелерді) көрсете отырып, оқу және бақылау іс-шараларын, кәсіби практикаларды өткізу күнтізбесі;
2) академиялық кезең (Теrm) - үш нысанның біреуін таңдайтын өз білім беру ұйымының еркімен белгіленетін теоретикалық кезең: семестр, триместр, тоқсан;
3) академиялық мобильдік – білім алушыларды немесе оқытушы-зерттеушілерді белгілі бір академиялық кезеңге: семестр немесе оқу жылына өзге жоғары оқу орнына (ел ішінде немесе шетелде) игерген білім бағдарламаларын міндетті түрде кредит түрінде сынақ ретінде тапсыра отырып өз ЖОО-сында немесе өзге ЖОО-да білімін жалғастыру немесе зерттеулер жүргізу үшін ауыстыру;
4) академиялық еркіндік – білім беру үрдісінің субъектілеріне оларды таңдау бойынша жиынтық пәндерден, оқытудың қосымша түрлерінен білім мазмұнын дербес анықтау үшін және білім алушылардың, оқытушылардың шығармашылық дамуына және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін қолдануға жағдай жасау мақсатында білім беру қызметін ұйымдастыру үшін ұсынылатын білім беру процесі субъектілерінің өкілеттіктер жиынтығы;
5) білім алушының академиялық рейтингі (Rating) – аралық аттестаттау нәтижелері бойынша жасалатын білім алушының оқу бағдарлама пәнін игеру деңгейінің сандық көрсеткіші;
6) академиялық деңгей (Degree) – қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша, тиісті оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларға білім беру ұйымдары тағайындайтын дәреже;
7) академиялық сағат кесте бойынша оқу сабақтардың (аудиториялық жұмыс) барлық түрлерi немесе жеке бекiтiлген график бойынша білім алушылардың оқытушымен байланыс жұмысының уақыты;
8) белсенді үлестірмелі материалдар (КҮМ) (Hand-оuts) - білім алушының тақырыпты шығармашылықпен табысты меңгеру үшін оқу сабақтарында таратылатын көрнекі безендірілген материалдар (дәріс тезистері, сілтемелер, слайдтар, мысалдар, глоссарийлер, өз бетінше жұмыс істеуге арналған тапсырмалар);
9) білім алушыларды қорытынды аттестаттау (Qualification Eхamination) - мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында қарастырылған оқу пәндерінің игеру дәрежесін немесе көлемін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім;
10) білім алушыларды аралық аттестаттау - білім алушының емтихан сессиясы кезеңінде бір пәннің толық көлемін немесе бір бөлігінің мазмұнын аяқтап болғаннан кейін оның игеру сапасын бағалау мақсатында өткізілетін рәсім;
11) білім алушылардың өзіндік жұмыстары (бұдан әрі - БӨЖ) - өз бетінше оқуға берілген, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және ұсынымдармен қамтамасыз етілген, тест, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, рефераттар, шығармалар мен есеп берулер түрінде бақыланатын тақырыптардың нақты тізбесі бойынша жасалатын жұмыс; білім алушының санатына қарай ол студенттің өзіндік жұмыстары (бұдан әрі - СӨЖ), БӨЖ-дің барлық көлемі білім алушылардан күнсайын өзіндік жұмыстарды талап ететін тапсырмалармен расталады;
12) білім алушылардың оқудағы жетістігі - білім алушылардың оқу үдерісінде алатын және жеке тұлғаның қол жеткізген даму деңгейін көрсететін білімі, іскерліктері мен дағдылары, құзыреті;
13) білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау – академиялық кезең ішінде, оқытушымен өткізілетін аудиториялық және аудиториялардан тыс сабақтарда білім алушылардың білімін оқу бағдарламасына сәйкес жүйелі түрде тексеру;
14) межелік бақылау – бір оқу пәнінің ірі бөлімін (модулін) аяқтағанда білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау;
15) білім алушыларды аралық аттестаттау - білім алушылардың бір оқу пәнін оны зерделеп бітіргеннен кейінгі бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім.
16) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – студенттердің білім деңгейіне сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген пәннің оқу бағдарламасын игеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
17) жеке оқу жоспары (бұдан әрі - ЖОЖ) - білім алушымен ҮОЖ және элективті пәндердің каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен әрбір оқу жылына дербес жасалатын оқу жоспары;
18) Еуропалық трансферт (аударым) және несиелік жинақтау жүйесі (ECTS) білім беру траекториясы, оқу орны және оқыту елі ауысқан жағдайда білім алушылардың игерген оқу пәндерін (кредит мен бағаларын қоса алғанда) салыстыру және қайта сынақтан өткізуде пайдаланылатын білім беру бағдарламалары компоненттеріне сынақ бірліктерін (несие) белгілеу әдісі;
19) кредит (Credit, Credit-hour) – білім алушының/оқытушының оқу жұмысы көлемін өлшейтін сәйкестендірілген бірлігі;
20) кредиттік оқыту технологиясы - білім алушы мен оқытушының оқу жұмысы көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі ретінде кредитті қолдану арқылы, білім алушының пәндерді таңдауы және реттілікпен оқуын дербес жоспарлауы негізінде оқыту;
21) оқу пәнiне жазылу (Enrollment) – білім алушылардың оқу пәніне белгілі бір тәртіппен алдын ала жазу рәсімі;
22) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық рейтингтік әріптік жүйесі - халықаралық тәжірибеде қабылданған әріптік жүйедегі сандық эквивалентіне сәйкес келетін және білім алушылардың рейтінгін белгілеуге мүмкіндік беретін балл түріндегі оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау жүйесі;
23) Офис регистратор - білім алушылардың оқудағы жетістіктерінің барлық тарихын тіркеумен айналысатын және білімін бақылаудың барлық түрлерін және оның академиялық рейтингісіне есеп жасауды ұйымдастыруды қамтамасыз ететін академиялық қызмет;
24) оқытушының басшылығымен жүргізілетін білім алушының өзіндік жұмысы (бұдан әрі - ОБӨЖ) – бекітілген кесте бойынша оқытушының басшылығымен жүргізілетін білім алушының аудиториядан тыс жұмысы;
25) оқу үлгерімінің орташа балы (Grade Point Average - GРА) – (ағымдық оқу кезеңі бойынша кредиттердің жалпы санына қарай аралық аттестаттау пәндерінің балдық бағасының сандық эквиваленті мен кредиттер сомасының қатынасы) білім алушының таңдаған бағдарлама бойынша бір оқу жылындағы қол жеткізген оқу үлгерімінің таразыланған орташа бағасы;
26) оқу жұмыс жоспары (бұдан әрі - ОЖЖ) - мамандықтың ҮОЖ және білім алушының жеке оқу жоспары негізінде институт дербес әзірлейтін құжат;
27) пәннің сипаттамасы (Curse Description) - пәннің мазмұнын, мақсаттары мен міндеттерін, қысқаша нысанды қамтитын пәннің қысқаша сипаттамасы (5-8 сөйлемнен тұрады);
28) пререквизиттер (Рrereguisite) - оқылатын пәнді игеру үшін қажетті білім, икемділіктер мен дағдыларды қамтитын пәндер;
29) постреквизиттер (Роstreguisite) - аталған пәнді оқыту аяқталғанда оларды зерделеу үшін меңгерілген білім, икемділіктер мен дағдыларды қажет ететін пәндер;
30) пәндер бағдарламасы (Syllаbus) - оқитын пәннің сипаттамасын, мақсаттары мен міндеттерін, оның қысқаша мазмұнын, оның үйренуі тақырыбы мен ұзақтығын, өзіндік жұмыс тапсырмаларын, кеңес беру уақытын, білім алушылардың білімін тексеру кестесін, оқытушы талаптарын, бағалау өлшемдерін қамтитын оқу бағдарламасы және әдебиеттер тізімі;
31) транскрипт (Тrаnsсrірt) – білімді бағалаудың сандық және әріптік жүйесі бойынша кредиттері мен бағалары көрсетілген тиісті кезеңде өтілген пәндердің тізбесі бар құжат;
32) тьютор – студенттің нақты пәнді игеруі бойынша академиялық кеңесші рөлін атқаратын оқытушы;
33) үлгілік оқу жоспары (бұдан әрі - ҮОЖ) - білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасының оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін, оларды оқытудың тәртібін және бақылау нысандарын реттейтін құжат;
34) эдвайзер (Аdvisor) - тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгерінің қызметін атқаратын, оқу траекториясын таңдауына (жеке оқу жоспарының қалыптасуына) және оқу кезеңінде білім беру бағдарламаларын игеруіне ықпал ететін оқытушы;
35) элективтік пәндер – белгіленген кредит шеңберінде және институт енгізетін таңдау бойынша, білім алушылардың жеке дайындығын көрсететін әлеуметтiк-экономикалық дамытудың ерекшеліктерін және нақты өңірдің, жоғары оқу орындарында ғылыми мектеп пайда болатын қажеттiліктерін есепке алатын компонентке кiретiн оқу пәндерi.
Оқу үрдісі оқу жоспары, академиялық күнтізбе, сабақ кестесі және студенттің кеңес алу кестесі негізінде ұйымдастырылады.
Академиялық кезең дегеніміз - ұзақтығы 15 аптаға тең семестр.
Білім беру траекториясын таңдау
Кредиттік технология бойынша оқу білім алушылардың білім беру бағдарламасын дербес жоспарлауына, оқудың жеке траекториясын таңдауына, өздігінен білім алу деңгейін арттыруға негізделген.
Білім алушы академиялық жетекшісі - эдвайзердің көмегімен оқу жылға арналған оқытудың жеке траекториясын қалыптастырады.
Білім алушы мамандықтың типтік оқу жоспарында қарастырылған кредиттердің белгілі санына тіркелуі тиіс. Типтік оқу жоспары мен элективті пәндер каталогы негізінде білім алушы жеке оқу жоспарында (ЖОЖ) көрініс табатын кредиттердің қажеті санын ескере отырып міндетті және элективті пәндерді таңдайды. Пәндерді таңдау оқытылуының логикалық бірізділігі есепке алына отырып жүргізілуі тиіс.
Оқу пәніне жазылу тәртібі
Пәнді оқу үшін оқытушы мен пәнді таңдау Тіркеуші офисі ұйымдастыратын ресми тіркеу арқылы жүзеге асырылады.
2 және жоғары курс студенттері үшін оқу пәндеріне жазылу наурыз айында басталады. 1 курс студенттері үшін оқу пәндеріне жазылу оқуға қабылданған уақыттан 30 тамызға дейін жүргізіледі.
Таңдау пәндерін анықтау эдвайзердің көмегімен жүзеге асырылады. Эдвайзер студентті элективті пәндер каталогындағы пәнді презентация әдісімен, әр альтернативті пәннің пререквизиттері және постреквезиттерімен таныстырып, кеңес береді, пәнді таңдауға ұсыныс жасайды.
Пәнге жазылу электронды түрде жүргізіледі. Пәнге жазылу үшін студент өзінің логині мен паролі арқылы арнайы бағдарламаға кіреді.
Тіркеуші офисі және факультет деканаттары қажетті жағдайларда жазылуды қамтамасыз етуге байланысты ұйымдастыру шараларын жүргізіп, студенттердің курстарға жазылуын қадағалайды.
Студент міндетті пәндер бойынша сабақ жүргізетін оқытушы кандидатурасын таңдауға құқылы.
Тіркеуші офисі оқу-әдістемелік басқарма және факультет деканаттарымен келісе отырып, мамандықтың оқу жоспарына кіретін пәндер үшін студенттердің ең төменгі санын, ал әр оқытушы үшін – академиялық топтардағы студенттер санының жоғары шегін белгілейді
Егер ұсынылған пәнге жазылғандардың саны белгіленген мөлшерден аз болса, онда ол пән жұмыс оқу жоспарына енгізілмейді. Бұл пәнге жазылған студенттер Тіркеуші офисіне жеке жұмыс жоспарындағы өзгерістер туралы тапсырыс беру керек.
Егер бір оқытушыға жазылған студенттер саны белгіленген мөлшерден артық болса, квалификациясы сәйкес келетін оқытушы тағайындалып, қосымша академиялық поток (топ) құрылады.
Білім алушылар өздерінің ЖОЖ-ын құру барысында:
1) кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру ережелерімен танысуы;
2) оқу пәндеріне тіркелудің және ЖОЖ-ға өзгерістер енгізудің белгіленген мерзімдерін сақтауы;
3) тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламасын меңгеру үшін оқу жылында белгіленген кредиттердің кем түспейтін санына жазылуы тиіс.
Ақылы негізде білім алушы төлем қабілеттілігіне, оқу түріне тәуелді, тиісті деңгейдегі оқу бағдарламаларын игеру үшін жеке қабілеттілігін өзінің ЖОЖ-да аз мөлшеріндегі кредиттермен қалыптастыруға болады, сонымен қатар оқу мерзімін ұзартуға болады.
Білім алушы оқу пәндеріне тіркелу үшін алдынғы семестрде қажетті пререквизиттерін меңгеруі тиіс. Базалық пәндерді таңдауда білім алушының кәсіптік бағдарын есепке алады. Бірақ білім алушы өзінің жеке оқу жоспарына басқа мамандықтардың базалық блогында көрсетілген пәндерді қалауы бойынша енгізе алады.
Білім алушы ЖОЖ құру үшін және мамандықтың типтік оқу жоспарының талаптарына сәйкес оқу курсын толықтай меңгеруге жауапты болады.
Кафедралар әрбір пән бойынша кредиттері көрсетілген (Syllabus) пәндердің бағдарламаларын дайындап, студенттерге ұсынады.
«PLATONUS» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі
Институтта оқу үдерісін, студенттердің білім алу тарихын, қашықтықтан оқыту, электронды құжат айналымы жүйесі жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі орнатылды. Аталған жүйе әрбір қызметкер мен студентке жеке виртуалды кабинетте жұмыс істеуге, өзіне тиісті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Өзінің логині мен парольін қолдана отырып, студент академиялық күнтізбеде белгіленген тіркеу мерзімінде пәндерге жазылады. Студент жеке виртуальді кабинетінде өзі білім алып отырған мамандығының типтік оқу бағдарламасымен, оқытушылардың жеке карточкасымен, пәндердің силлабустарымен танысып, оқытушы мен пәндерді таңдайды.
Білімді бағалау мен бақылау қалай жүзеге асырылады?
Студенттердің білімін бақылау және бағалау баллдық-рейтингтік жүйе бойынша жүзеге асырылады. Баллдық-рейтингтік жүйе аралық және қорытынды аттестацияны өткізуді көздейді. Баллдық-рейтингтік жүйеге сәйкес баллдың 60%-ы ағымдық бақылауға 40%-ы аралық аттестацияға бөлінеді. Білім алушылардың оқудағы жетістіктері (білімі, іскерлігі, дағдылары мен құзыреті) 100 балдық шкала бойынша және төрт балдық жүйе бойынша сандық эквивалентке сәйкес әріптік жүйемен бағаланады (А, А- - «өте жақсы», В+, В, В- «жақсы», С+, С, С-, Д+, Д, «қанағаттанарлық», F – «қанағаттанарлықсыз» баға).
ТарМПИ-да ағымдық бақылаудың төменгі мәні-53 балл (100 балдық шкала бойынша), аралық аттестацияның төменгі мәні-37 балл (100 балдық шкала бойынша) болып белгіленген.
Ағымдық және межелік бақылаулар бойынша 53-тен төмен балл жинаған студенттер аралық аттестацияны тапсыруға жіберілмейді.
Аралық аттестациядан 37-тен төмен балл жинап, «Ғ» бағасын алған студенттерге ағымдық және межелік бақылаулар бойынша жинаған баллдарына қарамастан, «қанағаттанарлықсыз» бағасы («Ғ») қойылады.
Академиялық қарыздарын жою ақылы түрде жазғы семестрде өткізіледі.
Аралық аттестация емтихан түрінде жүзеге асырылады. Емтихандар жазбаша, ауызша және тест түрінде өткізіледі. Бір модульге кіретін пәндер бойынша, яғни егер модуль бірнеше компоненттен тұрған жағдайда, емтихан негізгі компонент бойынша жүргізіледі, ал басқа компоненттердің қорытынды бақылауы реферат, эссе, жобалық жұмыс немесе курстық жұмыс болып табылады. Тест түріндегі емтихандар «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.
Емтиханға келгенде студенттің өзімен бірге емтихан сесиясын тапсыруға жіберілгені туралы деканаттың мөрі басылған сынақ кітапшасы болуы керек.
Ағымдық бақылау және аралық аттестация нәтижелері емтихан тізбесіне енгізіледі.
Студенттерге емтихан нәтижесі бақылау жүргізілген күні хабарланады.
Білім алушының емтихандағы үлгерімі білімді бағалаудың балдық-рейтінгтік жүйесі бойынша бағаланады. А, А- - «өте жақсы», В+, В, В- «жақсы», С+, С, С-, Д, Д-, «қанағаттанарлық» ведомостқа және білім алушының сынақ кітапшасына, транскриптке қойылады. «Қанағаттанарлықсыз» F –бағасы тек қана емтихан ведомостіне қойылады.
Оң бағаны жоғарлату мақсатында қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
Егер студент емтиханға келмеген жағдайда, онда емтихан тізбесіне оның фамилиясының тұсына «келген жоқ» деген белгі қойылады. Егер емтиханға белгілі себептермен келмесе, онда деканат емтиханды жеке мерзімде тапсыру туралы шешім қабылдайды.
Студент аралық бақылаудың нәтижесімен келіспесе, емтихан тапсырған күні апелляцияға беруге құқылы.
Жазғы семестр
Жазғы семестр ақылы негізде академиялық қарыздарды, оқу бағдарламаларындағы академиялық айырмашылықтарды, сонымен қатар жеделдетілген түрде және қосымша оқу үшін ұйымдастырылады.
Жазғы семестрдің ұзақтығы институт оқу үрдісінің академиялық күнтізбесімен анықталып, 6 аптаны құрайды.
Жазғы семестр білім беру қызметінің келесі түрлерін жүзеге асыруды көздейді:
- мамандықтың жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес оқу сабақтарының барлық түрлерін қамтамасыз ету;
- білім алушыларға консультация беру;
- студенттің кәсіби ой-өрісін кеңейту мақсатымен институттың мамандықтары бойынша оқытылатын кез-келген оқу курстарын игеруі.
Жазғы семестрді өту үшін келесі студенттер қалдырылады:
рейтинг-бақылау нәтижелері бойынша емтиханға жіберілмеген білімгерлер;
аралық бақылауды «қанағаттанарлықсыз» бағасын алғандар;
өткен академиялық кезеңдерде академиялық қарыздары бар білім алушылар;
қайта қабылдау, басқа жоғары оқу орнынан ауысу және академиялық демалыстан шығу кезінде академиялық айырмашылықтары бар білім алушылар.
Студенттер жазғы семестрді ақылы негізде оқиды.
Жазғы семестрде қосымша курстарды өту құқығы келесі талаптарды орындаған, үлгеруші студенттерге беріледі:
студент келесі курсқа академиялық қарызсыз көшірілуі керек;
топ рентабельді болу керек, яғни кем дегенде 5 адамнан тұруы тиіс;
қосымша оқу курстарының саны білімгердің жылдық GPA деңгейімен анықталуы тиіс. «В және жоғары» деңгейдегі GPA 4 қосымша курстарды (8 кредиттен аспауы керек); «В -» деңгейдегі GPA 3 қосымша курстарды (6 кредиттен аспауы керек); «С» деңгейдегі GPA 2 қосымша курстарды (4 кредиттен аспауы керек) тыңдауға құқық береді.
Жазғы семестрді рәсімдеу регламентке сәйкес жүзеге асырылады:
студент жазғы семестр сессиясының басталуына дейін Тіркеуші офисіне жазғы семестрге қатысу ниеті туралы дәлелді өтінішін тапсырады;
тіркеуші офисі мәселе оң шешілген жағдайда, жазғы семестрдің сабақ кестесін құрастырады және оны оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректормен бекітеді. Сабақ кестесі жазғы семестрге қатысатын оқытушылардың жұмыс бастылығын есепке ала отырып құрастырылады;
мамандықтың оқу жоспарынан тыс пәндер бойынша студенттердің білімін қорытынды бағалауды жазғы семестр кезеңінде дәріс оқыған оқытушы жүзеге асырады.
Жазғы семестр кезеңінде игерілген мамандықтың оқу жоспарындағы пәндер бойынша емтихан нәтижелері келесі оқу жылының GPA құрайды.
Өту баллы (GPA) төмен болған, жазғы семестр мен аралық бақылау нәтижелері «қанағаттанарлықсыз» болған жағдайда білім алушыға қайта оқу құқығы беріледі.
Жазғы семестр нәтижесі бойынша «қанағаттанарлықсыз» бағасын алған немесе өту GPA-ын жинамаған студент мемлекеттік білім грантынан айрылады.
Қайта оқу тек қана ақылы негізде жүзеге асырылады.
Өз еркімен оқудан шыққан студент қайта оқудан бас тарта алады. Бұл жағдайда студент институт ректорының атына өз еркімен оқудан шығару туралы өтініш жазады.
ЕГЕР СІЗ САБАҚҚА ҚАТЫСА АЛМАЙ ҚАЛСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУІҢІЗ КЕРЕК?
Егер Сіз сабақтан белгілі себептермен қалсаңыз, онда келесі күні бұл туралы факультет деканына хабарлауыңыз керек. Институтқа бірінші келген күні сабақтан қалу себебіңізді анықтайтын мәлімет беруіңіз қажет.
Егер Сіз ауырып қалсаңыз, ауырғаннан кейінгі үш күннің ішінде №3 студенттер емханасынан анықтама алып, факультет деканына өткізуіңіз қажет.
ЕГЕР СІЗДЕ ҚАНДАЙ-ДА БІР МӘСЕЛЕ ТУЫНДАСА, ОНДА СІЗ БАРА АЛАСЫЗ:
Тәлімгеріңізге → деканға → деканның оқу жұмысы мен тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына → проректорларға → РЕКТОРҒА
Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау
Білім алушыларды курстан курсқа, бір білім беру ұйымынан екіншісіне, бір оқу нысанынан екінші нысанға, бір тілдік бөлімнен екінші тілдік бөлімге, бір мамандықтан екінші мамандыққа, ақылы негізде оқудан мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауыстыру жүзеге асырылады.
Ескерту. Білім алушыны ақылы негізден мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауыстыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысымен бекітілген Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне сәйкес білім алу процесінде босаған білім беру гранттарын беру арқылы жүзеге асырылады.
Күндізгі оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін қабылдаушы білім беру ұйымының басшысы жазғы және қысқы демалыс кезеңінде, бірақ кезекті академиялық кезең басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарастырады.
Сырттай оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін білім беру ұйымының басшысы бір ай ішінде, бірақ қабылдаушы білім беру ұйымының кезекті емтихан сессиясы басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей қарастырады.
Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың өткен академиялық кезеңдерде оқыған жұмыс оқу жоспарларындағы пәндердің академиялық айырмашылығы айқындалады.
Жұмыс оқу жоспарларының пәндеріндегі академиялық айырмашылықты қабылдаушы білім беру ұйымы транскриптте немесе білім алуды аяқтамаған тұлғаларға берілетін анықтамада (бұдан әрі - анықтама) көрсетілген оқыған пәндерінің тізбесі, олардың бағдарламалары мен академиялық сағаттардағы немесе кредиттердегі көлемі негізінде айқындайды.
Жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылықты жою үшін білім алушы осы пәндерге жазылады, академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының барлық түріне қатысады, ағымдағы бақылаудың барлық түрін тапсырады, қорытынды бақылауға жіберілгендігі туралы рұқсат алады.
Егер академиялық айырмашылық пәндері ағымдағы академиялық кезеңнің оқу сабақтарының кестесіне енгізілмеген жағдайда, білім алушы оларға жазғы семестрге жазылады.
Жазғы семестрде жойылмаған жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылық кейіннен академиялық берешек ретінде ескеріледі.
Егер жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) білім алушылары жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, олар оқудан шығарылғаннан кейін ауыса алады немесе қайта қабылдана алады.
Бұл ретте білім алушы оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген оқыту нысанына, кез келген мамандыққа және кез келген жоғары оқу орнына ауыса немесе қайта қабылдана алады.
Білім алушыны бір мамандықтан екіншісіне, бір оқыту нысанынан екіншісіне ауыстыру ақылы негізде оқу үшін ғана жүзеге асырылады.
Білім алушыны ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың әрі қарай оқу курсы пререквизиттерді есепке ала отырып айқындалады.
Білім алу кезеңінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери міндетін өтеуге шақырылған білім алушылар тиісті курсқа қайта қабылданады. Бұл ретте жоғары оқу орындары ағымдағы оқу жылы ішінде тапсыруға қажетті пререквизиттер тізбесін анықтайды.
Білім алушыны курстан курсқа ауыстыру жазғы емтихан сессиясының қорытындысы (аралық аттестаттау) бойынша жазғы семестрдің нәтижелерін және алынған орташа үлгерім балдарын (GPA - Grade Point Average) ескере отырып жүзеге асырылады.
Курстан курсқа көшіру үшін GPA келесі көрсеткіштерден кем болмауы керек:
2 курсқа – 1,67 балл (яғни С- үлгерім деңгейі);
3 курсқа – 2,0 балл (яғни С үлгерім деңгейі);
4 курсқа – 2,33 балл (яғни С+ үлгерім деңгейі)
Білім алушының ЖОО-да белгіленген ауысу балынан төмен емес үлгерімнің орташа балына (GPA - Grade Point Average) қол жеткізуі білім алушыны курстан курсқа ауыстырудың міндетті шарты болып табылады.
Белгіленген ауысу балына қол жеткізген және келесі курсқа ауыстырылған білім беру гранты немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі - мемлекеттік тапсырыс) бойынша білім алушы академиялық қарызы бар болған жағдайда білім беру грантын немесе мемлекеттік тапсырыс орнын сақтай отырып, оны ақылы негізде жояды.
Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып басқа ЖОО-ға ауыса алады.
Жекелеген ЖОО-лар үшін бекітілген білім беру гранты бойынша нысаналы орындарға, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен студенттер басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ғана ауыса алады.
Студенттер басқа ЖОО-дан ұлттық ЖОО-ғa ауыстыру тек ақылы негізде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте студенттің ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің сертификатындағы балл саны 60-тан төмен болмауы және орташа үлгерім балы (GPA - Grade Point Average) аталған ұлттық ЖОО-дағы белгіленген ауысу балынан төмен болмауы тиіс. Білім беру гранты бойынша білім алушыны бір ЖОО-дан екіншісіне ауыстыру рәсімі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) басқа ЖОО-ға ауысуға ниет білдірген білім алушы білім алып жатқан ЖОО басшысының атына ауысу туралы еркін нысанда өтініш береді және ауысуға мөрмен бекітілген жазбаша келісім алып, қызығушылық танытқан ЖОО басшысына өтініш білдіреді;
2) қабылдаушы ЖОО басшысының атына жазылған ауысу туралы өтінішке оқу ісі жөніндегі проректор мен офис-тіркеуші қол қойған, мөрмен бекітілген транскрипттің, білім беру гранты иегері куәлігінің, оқыған ЖОО басшысының атына жазылған өтініштің (басшының қолы қойылып, мөр басылған) көшірмелері қоса берілуге тиіс;
3) факультет деканы ұсынылған құжаттардың негізінде оқу жоспарларындағы пәндер айырмашылықтарын айқындайды және меңгерілген пререквизиттерге сәйкес оқу курсын белгілейді, білім беру бағдарламасына сәйкес меңгерілген кредиттерді қайта есептейді және тіркеу бөлімімен келісім бойынша білім алушының жеке оқу жоспарын бекітеді;
4) факультет деканы, офис-тіркеуші, академиялық мәселелер департаменті басшысы, оқу ісі жөніндегі проректор қойған бұрыштамаларға сәйкес ЖОО басшысы білім алушыны ауыстыру туралы бұйрық шығарады;
Оқу кезеңінде пайда болған ауру нәтижесінде берілген мамандықта оқуға тыйым салынғаны туралы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бар білім беру гранты бойынша білім алушы бір мамандықтан екіншісіне бос орындарға білім беру гранты бойынша ауысады.
СТУДЕНТТЕРДІ ОҚУДАН ШЫҒАРУ ПРОЦЕДУРАЛАРЫ
Студенттерді оқудан шығару процедурасы институт ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Студенттерді оқудан шығару себептері төмендегідей болуы мүмкін:
- студенттің өз еркі бойынша;
- студенттің оқу ақысы туралы келісім- шарттарының орындалмауы;
- студенттің бір жоғары оқу орнынан екіншісіне ауысуы;
- жоғары оқу орнының Жарғысын орындамау (соның ішінде, тәртіп пен студенттің моральдық кодексін бұзу).
Жоғары оқу орнынан шығарылған студентке белгіленген үлгідегі академиялық анықтама (транскрипт) беріледі.
ТАРМПИ-ДА АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ
Академиялық ұтқырлық – бұл білім алушы немесе оқытушы-зерттеушінің белгілі бір академиялық кезеңде («оқу» немесе «өндірістік тәжірибесін» қоса есептегенде), яғни семестр немесе оқу жылында, оқу немесе зерттеу жүргізу үшін басқа (қазақстандық немесе шетелдік) ЖОО-на белгіленген тәртіпте, меңгерілген білім беру бағдарламасының кредиттер түрінде міндетті түрде өз ЖОО-да қайта сынақ тапсыруымен орын ауыстыруы.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚР ЖОО-ы:
серіктес қазақстандақ және шетелдік жоғары оқу орындарынан жетекші ПОҚ шақыруға;
студенттерді серіктес шетелдік және қазақстандық ЖОО-на бір семестрге немесе оқу жылына білім алуға жіберуге ;
серіктес шетелдік және қазақстандық ЖОО-нан студенттер қабылдауға мүмкіндіктері бар.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты академиялық ұтқырлық бағдарламасын екі бағытта жүзеге асырады:
Халықаралық академиялық ұтқырлық (шетелдік ЖОО-да)
Ұлттық академиялық ұтқырлық (қазақстандық ЖОО-да)
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында қазақстандық және шетелдік серіктес жоо-да білім алуға ниет білдірген студенттерге қойылатын талаптар:
мемлекеттік білім грантының иегері;
білім деңгейі жоғары (GРА-3,5-4,0);
ағылшын тілін меңгеру дәрежесі жоғары (А,В,)(шетелде білім алуға ниет білдірген студенттерге)
институттың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан;
институттың 2 немесе 3 курс студенті;
факультет деканымен кафедра меңгерушісі ұсынған;
Қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлықты жоспарлау және ұйымдастыру кезінде қажет төмендегідей нормативтік құжаттар көрсетілген:
Акад. ұтқырлық бағдарламалары бойынша кететін студенттің өтініші;
Акад.ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқу туралы келісім;
Білім алушының оқу туралы транскрипт;
ақпараттық пакет (курстар тізімдемесі).
факультет деканымен кафедра меңгерушісінен ұсыныс;
деканаттан анықтама (факультетте оқитыны туралы)
медициналық анықтама №086 (шетелдік №082)
институт қабырғасындағы жетістіктері (сертификат, алғыс хат және т.б.)
БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ОРТАЛЫҒЫ
Ғылыми зерттеулердің бәсекелестігін халықаралық тенденцияға сәйкестендіру мақсатында Халықаларлық байланыстар орталығы шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен белсенді ынтымақтастықта қызмет етеді.
Орталық шетелдік білімгерлердің Қазақстанда білім алуына, ТарМПИ оқытушылары мен білімгерлерін шетелде оқуға дайындаумен; «Болашақ» бағдарламасына қатысу; DAAD Герман академиялық алмасу қызметімен; Фулбрайт Қорының гранты мен АҚШ Елшілігімен; визалық құжаттарды дайындаумен; жаздық мектеп және семинарларды ұйымдастырумен; қашықтықта оқыту технологиясын жоспарлаумен айналысады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы екі бағытта жүзеге асады:
Ұлттық (қазақстандық жоғары оқу орындарымен алмасу)
Халықаралық (шетелдік жоғары оқу орындарымен алмасу) академиялық ұтқырлық болып
Бүгінгі таңда институт шетелдік 19 мемлекеттің 49 ЖОО-мен ынтымақтастық туралы екі жақты келісім шартқа қол қойған. Соның ішінде ең белсенді Ресей, Германия, Литва, Чехия, Қытай елдерінде студентер білім алуда.
Келесідей шарттар арқылы студент бағдарламаға қатыса алады:
Мемлекеттік грант иегері;
Академиялық мобильділік бағдарламасына 2-3 курс студенттері қатысады.
Шетел тілін білуі және тілдік сертификаттардың ағылшын тілі - IELTS, TOEFL, өзге тілдерді В2 дәңгейінде және одан жоғары болуы;
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алатын студенттердің оқу ақысы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің тарапынан бекітілген нормаға сай төленеді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына конкурс жылына 2 рет өткізіледі:
Күзде (көктемдік семестрге) – қазан айында
Көктемде ( күздік семестрге) – наурыз айында
Конкурстың өту уақыты мен толық ақпаратты институттың ресми сайтынан алуларыңызға болады: www.tarmpi.kz
ІТ және оқытудың инновациялық технологиялары секторының мақсаты: білім беру процесіне инновациялық оқыту технологияларын кең көлемде енгізудің тиімді жүйесін және оны басқарудың тетіктерін құру мен жүзеге асыру;
Ұсынады:
ПОҚ және студенттерге арналған 3 блоктан тұратын семинар-тренингі төмендегідей:
Блок 1.«Онлайн оқыту платформасын білім беру процесінде қолдану мүмкіндіктері. МООС технологиясы мен әдістемесі»;
Блок 2. «Бейнетехнологиялар. Бейнесабақтар құрастыру әдістері мен технологиялары»
Блок 3. «Интерактивті тақта – жаңа типті оқыту ортасы» (әр блокта үйретілетін бағдарламамалр мен онлайн платформалар тізімі қосымшада тіркелген)
Әр блок 24 сағаттан тұрады, жалпы 72 сағат. Аудиториялық бөлігі 48 сағатты, онлайн бөлігі 24 сағатты құрайды. Барлық блокқа толықтай қатысып, тапсырмаларды уақытылы орындаған қатысушыларға (ПОҚ, студенттерге) сертификат беріледі. Семинар - тренингке институттағы барлық ПОҚ мен бітіруші курс студенттері қатысуына мүмкіндік бар.
Ұйымдастырады:
1. Педагогикалық идеялар мен инновациялық жобалар байқауы
Мақсаты: профессор-оқытушы құрамын инновациялық білім беру қызметіне ынталандыру, интерактивті оқыту әдістерін, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды кәсіби қызметінде белсенді қолданып жүрген оқытушыларды қолдау, сапалы сандық оқу материалдарының қолжетімді базасын құру, бәсекеге қабілетті ақпараттық-коммуникативтік оқу ортасын жасау, педагогтардың электрондық білім беру технологияларын құрастыру мен қолданудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісу.
2. «Үздік мультимедиалық презентация" және "Үздік флипчарт» Виртуалды байқауы.
Жамбыл облысының әрбір мектебінде қызмет етіп жүрген «ТарМПИ түлектерімен» байланысты нығайту, ЖОО-мектеп кластерінің жұмысын жандандыру және білім беруде ақпараттық технологияларды қолдана отырып білім сапасын арттыруға ықпал ету. Байқауға «ActivStudio», «ActivInspire», «Power Point», «SmartNote», "Prezi" және т.с.с. бағдарламалық жабдықтамаларда бір пән/ бір сабақ/ бір тақырып бойынша дайындалған мультимедиалық өнімдер кабылданады.«Үздік флипчарт» және «Үздік мультимедиалық оқу презентациясы» номинациялары бойынша ұйымдастырылады.
3. "Оқыту мен тәжірибе фестивальі":
Басты мақсаты: аймақтағы мектеп мұғалімдерімен оқыту мен оқудағы озық ақпараттық-коммуникативтік технологиялармен, автономды оқыту, станциялы оқыту: белсенді оқыту әдістерімен, педагогикалық зерттеулер, психологиялық тренингтер, ақпаратты білім беру ресурстары, ағылшын тіліндегі ашық сабақтармен тәжірибе бөлісу
4. Балалар университеті
Балалар университеті 3 факультеттен құралған. Олар төмендегідей:
1. Ғылым, математика, жоба, техника факультеті- оқу үрдісін модернизациялау, инновациялық оқыту технологиялары, заманауи зертханалық база, робототехника жұмыстары;
2. Өнер, спорт және салт-дәстүр факультеті- дизайн, креативті ойлау, сурет, спорттық жаттығулар, хореография, әскери дайындық, дыбыс жазу, аспаптар үйрену салалары;
3. Тілдер факультеті - ағылшын, француз, қытай, неміс, кәріс тілдерін меңгеру
Бүгінгі күнге дейін Балалар университеті 3 рет оқыту фестивалін өткізіп, 22 мектептің 160-тан астам оқушысын жаратылыстану бағытында, өнер және мәдениет саласында тәжірибелік базасымен таныстырды. Физикалық құбылыстарды, биологиялық организмдердің ішкі, сыртқы құрылыстарын зерттеу арқылы лабораториялық жұмыстар жасау, химиялық қосылыстар мен реакцияларды байқау, нәтижелерін көру, роботтардың қозғалыстарын, бағдарламалау тілдерімен танысу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, өнер, дизайн саласында балалар суретке, сызуға, биге, әнге, ұлттық аспаптарға деген талабын шыңдап, оқ ату мен спорттық жаттығуларды меңгерді.
Толығырақ http://itb.tarmpi.kz сайтында
СТУДЕНТТЕРДІҢ БОС УАҚЫТТАРЫНДАҒЫ ҚОСЫМША МҮМКІНДІКТЕРІ
Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендиялары қалай тағайындалады?
Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендиялары (бұдан әрі - стипендия)
студенттердің ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға;
анағұрлым талантты және дарынды студенттерді қолдауға;
интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.
Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі.
Стипендия білім алушылардың мынадай санаттарына тағайындалады:
1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалық авторлары;
2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;
3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
4) білім беру ұйымының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.
Стипендия ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Стипендия бір академиялық кезеңге тағайындалады.
Стипендия жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес бір тұлғаға бірнеше рет берілуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |