БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ.
Бір қалада ағайынды үш жігіт өмір сүріпті. Олардың әрқайсысының өз шеберханасы болыпты. Үшеуі де темір тостақ жасаумен айналысыпты.
Бір күні олар бірге ақылдасады. « Біз үшеуміз де бір кәсіппен айналысамыз. Бұдан кейін біздің бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Үш «бір» бөлек тұрса , «бір» саны болып тұра береді. Ал үш «бір»-ді бірге қойса, «жүз он бір» болады. Бір адамның істеген жұмысы мен жүз он бір адамның жұмысын салыстыруға бола ма? Сол үшін күнделікті жұмысымызды үшке бөлуіміз керек. Сонда ғана жұмысымыз өнеді,- дейді де,үшеуі бір шеберханада жұмыс істеуге кіріседі. Біреуі от жағу және темір ерітумен шұғылданады. Екіншісі темірді балғамен соғып, тостақ жасауды өз мойнына алады. Дайын болған тостақтың бетіне әр түрлі сурет салу, ою жасау үшіншісіне тиеді. Сөйтіп олардың жұмыстары жеңілдеп, өнімдері көбейеді. Бұрын әрқайсысы бір күнде он тостақ жасайтын. Енді үшеуі бір күнде жүз тостақтан көп жасайтын болды. Сатып алушылар да тостақтың жақсы болғанын айтып, көптеп сатып ала бастайды.
____________________________________
Ағайынды үш жігіт.
Ағайындылардың ақылдасуы.
Шешімдері.
Өнімдерінің көбейуі.
Түсінік. Өз мойнына алады- өзі істейді.
БАЛА ТӘРБИЕСІ
Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рұхани мұраларының бірі-ұлттық тәлім-тәрбие жүйесі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіңдеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдары бар. Мәселен, қазақ халқының тәрбиелік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлар жырында, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні адамгершілік, имандылық, ақыл ой, мінез-құлық, еңбек, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп
тіреледі.
Қазақ халқының арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары болмаған. Өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала жүре бастаған кезде қоршаған ортаны терең сезініп білмесе де, жапан дүзде жолсыз жерлермен жұлдызға, түрлі белгілерге қарап жол тапқан. Кішкентайымнан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын, түймедейді атып түсіретін мерген болған.
Ең негізгісі, қазақ халқы жас ұрпақты сөзбен емес, көбінесе өзінің өнегелі істерімен, табиғи болмысымен үлгі бола отырып тәрбиелеген. Тәрбиедегі басты қағида осы болып саналады.
________________________________
Рухани мұра.
Ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні.
Өнегелі іс.
Түсінік. Жапан дүзде жолсыз жерлер- қиындыққа толы жол
Басты қағида- негізгі шындық, мәселе
АТА-БАБА ӨСИЕТІ.
Бір қария кісі қартайған шағында балаларын шақырып соңғы өсиетін айтады:
-Балаларым, менің бұ дүниеде көретін көп күнім қалмады. Бәлкім, қазір айтатын сөздерім менің соңғы өсиетім болатын шығар. Менің айтатын бір ғана өсиетім: ынтымақты болыңдар,- деп, әрқайсысына бір- бірден шыбық берді. Ал енді осыны сындырыңдар,- дейді. Бәрі лезде сындырып тастайды. Сосын бірнеше шыбықты қосады да: - ал енді сындырыңдаршы,- дейді. Ешбірі сындыра алмайды.
-Міне, араларыңда бірлік болса, әрқашанда мықтысыңдар. Егер бірліктерің жоғалса, ешқандай жауға қарсы тұра алмайсыңдар. Аталарымыз « Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі түседі» деп тегін айтпаған. Әрдайым бір-біріңе қамқор болыңдар. Егер біреуіңде сіріңке, біреуіңде май, біреуіңде шам, біреуіңде мақта білте болса және әрбірің әр жақта болсаңдар, ешқашан жарықтан пайдалана алмайсыңдар. Егер біріксеңдер, онда шамның жарығынан бәрің де пайдаланасыңдар. Сондықтан әрдайым тату- тәтті өмір сүріңдер. Осы өсиетімді ешқашан ұмытпаңдар.
_______________________________
Әке өсиеті.
Бірлік- мықтылықтың кепілі.
Тату өмір сүріңдер.
Түсінік. бұ дүниеде көретін көп күнім қалмады- өмір сүруге аз күнім қалды
Достарыңызбен бөлісу: |