4.3 Су ресурстарын басқару негіздерін ҚР су заңдары мен ҚР Су Кодексі белгілейді.
ҚР Су Кодексі 2003 жылдың 9 шілдесінде қабылданды, өзгерістер мен қосымшалар ҚР Заңымен 20.12.2004 ж. енгізілді.
Қазақстан Республикасы су заңдарының мақсаттары халықтың және қоршаған ортаның тiршiлiк жағдайларын сақтау мен жақсарту үшiн су пайдалану мен су қорын қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың экологиялық қауiпсiз және экономикалық оңтайлы деңгейiне қол жеткiзу және қолдау болып табылады.
Қазақстан Республикасы су заңдарының мiндеттерi:
1) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізу;
2) су қатынастарын, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды реттеу;
3) тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету;
4) су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау;
5) су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары саласындағы қатынастарды басқару;
6) жерді гидромелиорациялауды дамыту бағыттарын айқындау;
7) халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау.
Қазақстан Республикасының су қоры Қазақстан Республикасының аумағы шегiндегi мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген немесе енгiзiлуге тиiс барлық су объектiлерiнiң жиынтығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының су объектiлерiне шекарасы, көлемi мен су режимi бар құрлық бетi бедерлерiндегi және жер қойнауындағы су шоғырланымдары жатады. Олар: теңiздер, өзендер, соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, мұздықтар және басқа да жер үстi су объектiлерi, жер асты сулары бар жер қойнауының бөлiктерi.
Қазақстан Республикасының су ресурстары су объектiлерiнде жиналған, пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн жер үстi және жер асты суларының қорлары болып табылады.
Су қорының жерi мемлекет меншігінде болады.
Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (cyapу және сорғыту жүйелерi) орналасқан су қорының құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ бiр шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесiне қызмет көрсететiн ирригациялық құрылғылар, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, азаматтардың және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
Осы баптың 2-тармағында аталған екi немесе одан көп жер учаскелерiн меншiктенушiлерге немесе жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе жалпы жер пайдалану құқығымен табысталады.
Су қорының жерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiмен реттеледi.
Қазақстан Республикасының су қоры айрықша мемлекеттiк меншiкте болады.
Су қорын иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады.
Су объектiлерiне мемлекеттiк меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттiк маңызын мойындау;
2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткiзуi;
4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
9) су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардыңнегiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану.
Су объектiлерi, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлерi су қатынастарының объектiлерi болып табылады.
Су объектiлерi:
жер үстi су объектiлерi; 2) жер асты су объектiлерi; 3) Қазақстан Республикасының теңiз сулары; 4) трансшекаралық сулар болып бөлiнедi.
Пайдалану түрлерiне қарай су объектiлерi:
ортақ пайдаланудағы су объектiлерi; 2) бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi; 3) оқшау пайдаланудағы су объектiлерi; 4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi; 5) ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi болып бөлiнедi.
Жер үстi су объектiлерi: 1) су айдындары - өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су айдындары, аумақтық сулар; 2) мұздықтар, батпақтар болып бөлiнедi.
Жер үстi су объектiлерi жер үстi суларынан, олардың түбiнен және жағалауынан тұрады.
Жер асты су объектiлерiне мыналар жатады: 1) су тұтқыш аймақтар, тау-кен жыныстарының жиектерi мен кешендерi; 2) жер асты суларының бассейнi; 3) жер асты сулары орындары мен учаскелерi; 4) жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы; 5) жер қойнауының суландырылған учаскелерi.
Қазақстан Республикасының теңiз суларына, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы шегiндегi Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары жатады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын белгiлейтiн және (немесе) қиып өтетiн жер үстi және жер асты сулары трансшекаралық сулар болып табылады.
Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртiбi, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
Қоршаған орта мен аймақ экономикасына басым ықпал ететiн және шаруашылық қызметтi реттеудiң ерекше құқықтық режимiн талап ететiн жаратылысы табиғи су объектiлерi ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi деп танылады.
Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiнiң тiзбесiн және олардағы шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Жеке және заңды тұлғаларға cу объектiлерiн пайдалану құқығын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша табыстайды.
Жеке және заңды тұлғаларға су объектiлерi: 1) қысқа мерзiмдi пайдалану; 2) ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығымен табысталады.
Қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылға дейiнгi мерзiмге, ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
Жеке және заңды тұлғаларға cу объектiлерiн пайдалану құқығын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша табыстайды.
Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
Су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк не жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға, иемденуге және оларға билiк етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.
Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк меншiкте болады және жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлмейдi және жекешелендiруге жатпайды.
Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiнҚазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдарына бекiтiлiп берiледi.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлуi және жекешелендiрiлуi мүмкiн.
Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттiк немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша осы құрылыстарға қызмет көрсететiн су пайдаланушыларға немесе олардың бiрлестiктерiне жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi, сондай-ақ сатылуы немесе өтеусiз берiлуi мүмкiн.
Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметі, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары жүзеге асырады.
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы басқару құрылымы кешендiлiгi мен қоса бағыныстылығы ескерiле отырып, мынадай деңгейлерге бөлiнедi: 1) мемлекетаралық; 2) мемлекеттiк; 3) бассейндiк; 4) аумақтық.
4.4 Қазақстан Республикасында мемлекеттік су кадастры Қазақстан Республикасының Су Кодексі (СК-нің 58,59 баптары) және ҚР Министрлігі бекіткен ережелері бойынша жүргізіледі.
Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу Қазақстан Республикасының аумағындағы су ресурстарының сандық және сапалық көрсеткiштерiн белгiленген тәртiппен жүйелi түрде анықтау және тiркеу болып табылады.
Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алу деректерi жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң сапалық және сандық көрсеткiштерi бойынша, олардың адам өмiрi мен денсаулығы үшiн өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiк дәрежесi, зерттелуi мен пайдаланылуы бойынша жай-күйiн сипаттайды.
Жер үстi және жер асты суларын мемлекеттiк есепке алуды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп су пайдаланушылар мен гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын жер үстi және жер асты суларын пайдалану есебiнiң деректерi негiзiнде жүзеге асырады.
Мемлекеттiк су кадастры су объектiлерiнiң жай-күйiмен пайдаланылуы туралы, олардың су ресурстары туралы, су пайдаланушылар туралы жүйелендiрiлген ресми деректер жиынтығы болып табылады.
Мемлекеттiк су кадастры бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзiледi және суларды мемлекеттiк есепке алу деректерiне негiзделедi.
Мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлген су объектiсiнiң паспорты болады, онда тiркеу нөмiрi, атауы және физикалық-географиялық, геологиялық-гидрологиялық, техникалық, құқықтық және экономикалық көрсеткiштерi қамтылатын кешендi сипаттамасы көрсетiледi.
Мемлекеттiк су кадастрын жүргiзудi су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен және гидрометеорологиялық қызметтермен бiрлесiп жүзеге асырады.
Су пайдаланушылар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органға және жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк су кадастрына енгiзiлуге тиiс қажеттi деректердiң бәрiн ұсынуға мiндеттi.
Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк су кадастрында қамтылған ақпаратқа мүдделi жеке және заңды тұлғалардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингi жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингi олардың жай-күйiне гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық көрсеткiштердi тұрақты қадағалау, жағымсыз процестердi уақтылы анықтау, олардың дамуын бағалау мен болжау мақсатында алынған ақпаратты жинау, өңдеу және беру, жүзеге асырылатын су шаруашылығы iс-шараларының зиянды зардаптарын болғызбау және тиiмдiлiк дәрежесiн айқындау жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу жүйесi болып табылады.
Су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп әзiрленген әдiстеме бойынша бiрлесiп жүзеге асырады.
Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды ғылыми қамтамасыз ету мiндеттерi мыналар болып табылады:
су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалануды негiздеу; 2) су шаруашылығы кешенiн дамытуды бағалау мен болжау; 3) су үнемдеудiң ғылыми-әдiстемелiк және технологиялық негiздерiн әзiрлеу; 4) су шаруашылығы жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеу; 5) басқару шешiмдерiн қабылдау үшiн ұсынымдар әзiрлеу.
Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инновациялық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iске асырылады және: 1) ұйымдастыру жағдайларын қалыптастырумен; 2) жалпы ұлттық сипаты бар инновациялық су шаруашылығы мен су қорғау бағдарламалары үшiн тiкелей мемлекеттiк инвестициялар бөлу арқылы мемлекеттiк қолдаумен қамтамасыз етiледi.
Су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалану мен қорғауды ұзақ мерзiмдi және орташа мерзiмдi жоспарлау, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп су ресурстарын пайдаланудың республикалық ақпараттық-талдау жүйесiн құруы мүмкiн.
Деректер қорын қалыптастыру үшiн су пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген нысандар бойынша қажеттi мәлiметтер бередi.
4.5 Бұл тақырыпты оқып білу барысында студент суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптарды білу керек және ең алдымен су объектілерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптарды білуі керек. Олар мыналар:
1. Су объектiлерiнде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген суды ортақ пайдалану ережелерiн сақтауға мiндеттi.
3. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын қорғаудың, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдаланудың талаптары мен ережелерiн сақтай отырып, сондай-ақ аталған объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлар ескерiле отырып жүргiзiледi.
4. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау, өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органының оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады
Сарқынды суды ағызып жiберу кезiндегi экологиялық талаптар мыналарды қарастырады:
1. Табиғи су объектiлерiн сарқынды суды ағызып жiберу үшiн пайдалануға осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға тиiстi экологиялық рұқсат бар болған кезде сарқынды суды жер үстi су объектiлерiне және жер қойнауына ағызып жiберуге жол берiледi.
Бұл ретте, сарқынды суды жер үстi су объектiлерiне ағызып жiберуге - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша, сарқынды суды жер қойнауына ағызып жiберуге Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiлген сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол берiледi.
3. Сарқынды суды жинақтаушысы бар табиғат пайдаланушылар оның қоршаған ортаға әсерiн болғызбайтын қажеттi шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейiн осы жинақтаушылар орналасқан жердiң қайта өңделуiн жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгiленген шоғырлану нормативтерiн асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды. Аталған талаптар бұзылған кезде сарқынды суды ағызып жiберу тоқтатылуға тиiс. Ашық су айдынына ағызылатын су мөлдiр, бояусыз, иiссiз болуға, құрамында ауру тудыратын бактериялар және гигиеналық нормативтерден асатын шоғырлануларда адамның денсаулығы мен жануарлар үшiн зиянды заттар болмауға тиiс. Ағызылатын судың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиiс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металды бүлдiрiп-бұзатын заттар болмауға тиiс.
6. Сарқынды суды, олардың тазалану деңгейiне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң санитарлық қорғалу аймақтарындағы, курорттардағы, суға түсуге арналған жерлердегi су айдындарына ағызып жiберуге жол берiлмейдi.
Бақылау сұрақтары:
1 Су және гидросфера дегеніміз не және судың планетадағы рөлі қандай?
2 Су ресурстары дегеніміз не?
3 ҚР су қоры кімнің меншігінде?
4 Мемлекеттік су кадастры дегеніміз не?
5 Мемлекеттік су кадастрын қандай орган жүргізеді және жүзеге асырады?
6 ҚР Су кодексі қашан қабылданды?
7 Су қатынастары объектілерін атаңыз.
8 Су объектілері қалай бөлінеді?
9 Су объектілері қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге қанша жылға табысталады?
10 Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы басқару құрылымы кешенділігі мен қоса бағыныстылығы ескеріле отырып қандай деңгейлерге бөлінеді?
11 Қазіргі гидросферада адамның шаруашылықтық іс-әрекетіне байланысты қандай өзгерістер болады?
12 Тұщы сулар қорларының азаюы немен байланысты?
13 Судың ластануына жалпы сипаттама беріңіз.
14 Теңіздер мен мұхиттарды қорғауда қандай шаралар қолдану керек?
15 Суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар.
16 Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру, құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау және жою кезінде қандай экологиялық талаптар қойылады?
17 Сарқынды немесе ақаба суларды ағызып жіберу кезіндегі экологиялық талаптарды атаңыз.
Әдебиет:
1, с. 124-125; 2, с. 111- 125; 4, 231-250, 296-301б.; 5, 155-156б ; 6, 229-240 б.; 7, с. 261-263; 9, с. 89-153; 10, 243-292 б; 12, 126-163 б.; 13, 392 б.; 18, 184-185.; 20, 133-136 б.
5 Тақырып Мемлекеттік орман кадастры
Мақсаты: Қазақстанның орман ресурстарын, Орман кодексін және мемлекеттік орман кадастрын оқып білу.
Дәріс сұрақтары:
5.1 Орман, оның табиғатта және тіршіліктегі маңызы
5.2 Қазақстанның орман ресурстары
5.3 ҚР орман кодексі
5.4 Мемлекеттік орман кадастры. Орман ресурстарын мемлекеттік есепке алу
5.5 Ормандарды және өзге де өсімдіктерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
5.1 Орман әртүрлі өсімдік әлемінің құрамына кіреді және ерекше құндылығы бар. Бұл ағашты өсімдіктердің бір немесе бірнеше түрлерінен тұратын, иін тіресіп сүрек құрайтын және сонымен қатар топырақтар, топырақ асты, жер үстіндегі сулар мен жанасқан атмосфера қабатымен қоса көптеген организмдердің табиғи кешені. Орман өзара әрекеттестегі және өзара байланысқан құрауыштардан тұратын табиғи жүйе болып саналады. Олар динамикалық тепе-теңдік, тұрақтылық, өздігінен реттелу, жоғары дәрежедегі қалпына келу және жаңғыру қабілетімен сипатталады. Сонымен қатар оларда энергия мен заттардың ерекше балансы, тұрақтылық тенденциясы бар процестердің динамикалылығы және географиялық шарттылығы байқалады.
Орман құрылымы схемасын жүйе ретінде былай қарауға болады: орман биосфераның бөлігі ретінде —> орман табиғи аймақтың бөлімшесі ретінде - —> орман массиві —> биогеоценоз (экожүйе) —» екпе ағаш (орман фитоценозы) —> екпе ағаштар бөлімшесі.
Орманның ең маңызды функциясының бірі, жалпы өсімдіктерді қоса – органикалық затты өндіру. Ормандағы биомассаның жиналуы 1017-1018 г жетеді, бұл шөпті өсімдіктердің биомассасынан 5-6 есе артық. Ормандар өзінің қабатты құрылымы мен күн сәулесін тиімді пайдалануына байланысты Жердегі ең өнімді биомдар болып саналады. Қылқан жапырақты тайга жылына 1 м2 –тан 400-ден 2000 г-ға дейін құрғақ масса береді, ал жапырақ түсетін ормандар – 3000-нан 6000 г/м2 –ге дейін, ылғалды тропикалық орман - 1000-5000 г/м2. Орман биосфераның барлық құрауыштарына әсер етеді және орта құраушы рөлі өте жоғары.
Орман халық шаруашылығының әртүрлі салаларында пайдалынады, адам тіршілігіне қажетті ондаған құнды азық-түліктердің материалы болып саналады.
Есеп бойынша, бір адам өзінің тіршілігінде шамамен 200 ағашты тұрғын үйді құруда, жиһаздарды жасауда, кітаптар мен дәптерлер үшін қағаз алуда пайдаланады.
Өтіп кеткен уақытта біздің планетаның көп бөлігін орман басқан болатын, ал біздің ата-бабаларымыз егіншілік үшін орманнан жерді жаулап алғандай болды. Өркениеттің даму барысында сүректің қажеттілігі арта бастады және оларды әртүрлі жағдайларға пайданылды. Қазіргі есепке алу бойынша ақырғы мыңжылда Жердегі орманның 50-70 % жаппай кесілді. Орман эксперттерінің бағалауы бойынша XX жүзжылдықтың 80-ші жылдары аумақтардың орманмен басылуы құрлықтың 29,7% құрады, ал иін тірескен ормандар құрлықтың 24 % құрады.
Ормандардың жалпы ауданы 2438 млн. га болды, оның ішінде тропикалық белдеудегі ормандар - 1233 млн. га (48,4 %), қоңыржай белдеудегі ормандар - 1205 млн. га (51,6 %). Сүректің әлемдегі қоры 5412,5 млн. т. болып бағаланды. Европа елдерінде ең «ағашты» мемлекет болып Финляндия саналады, оларда ормандар барлық аумақтың 70 % алып жатады. Ұлыбритания орманға кедей – олар ауданы бойынша елінің 6 %-дан кемін алады. Ресей орман қорының жалпы ауданы 1991 жылы 1182,6 млн. га құрады, ал орман басқан жерелер көлемі - 771,1 млн. га, ормандағы сүректің жалпы қоры - 81,6 млрд. м3.
Адам жылына биосфера биологиялық өнімдерінің 1 %- дайын пайдаланады, бірақ кей жерлерде сүректерді (древесина) дайындау көлемі орманды пайдалану мүмкіншілігінің шектеріне жетті деуге болады. Батыс Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Америкадағы бастапқы ормандар көлемі шұғыл қысқаруда. Жалпы осындай қарқынмен XXI жүзжылдықта олар толық жойылуына қауіп бар деген жорамал бар.
Ормандардың жойылуына тағы бір жағдай жиі және күшті су басуының немесе тасқын суларының байқалуы. Сонымен қатар бұған үлкен себеп болып таулы жерлерде ормандарды кесу саналады.
5.2 Қазақстанның орман ресурстары. Республикамыздың аумағы ормандарға өте кедей болып саналады. Орман қорлары мен ерекше қорғалатын аумақтардың көлемі мемлекеттік есепке алу мәліметтеріне байланысты 2002 жылдың қаңтарында 26,08 млн. га құрады, оның ішінде орман басқаны -11,47 млн. га.
Республика аумағында ормандардың бөлінуі біркелкі емес. Қазақстанның ормандылығы сексеуілдер мен бұталарды қоса 4,2 %, ормандардың өзі - 1,2 %. Кейбір облыстардың ормандылығы жалпы аумағынан шамамен 0,1-16 % шамасында деуге болады. Ең көп ормандылығы (сексеуіл мен бұталарды қоса 69,3 %) бар аудандар еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және солтүстік периметрінде шоғырланған.
Жапырақты екпе ағаштар орман қорының 61,8 % (около 7 млн. га) алады, қылқан жапырақтылар үлесі 15,5%, ал бұталар - 22,7%. Қатты жапырақтылар негізінен сексеуілдерден тұрады, олар орман ауданының шамамен 50 % құрайды.
Ормандардағы сүректің қоры 383,67 млн.м3 құрайды, оның ішінде: қылқан жапырақтылар - 236,6 млн.м3 (61,7 %); жұмсақ жапырақтылар - 123,9 млн.м3 (32,3 %); сексеуіл - 10,4 млн.м3 (2,6 %); бұталар - 8,5 млн.м3 (2,2 %). Жалпы қордың 29 % сүректің жетілген және құртаңдар құрайды.
Барлық ормандар қорғаушы болып саналады, былайша айтқанда су қорғаушы, рекреациялық, санитарлы-гигиеналық және ортақұраушы фукцияларын атқарады. ҚР ормандары категориялары бойынша былай жіктеледі:
• орман иреңдеулері, дала орман шоғырлары және байрақты ормандар, шөлді, шөлейт, дала және орманды дала мен ормандары шамалы таулы аудандардағы ормандар, олардың көлемі - 21191,0 мың. га, немесе орман қорының 81,3 % ;
• ерекше қорғалатын аумақтардағы ормандар - (ЕҚОА) -3186,4 мың.га немесе 12,2 %; оның ішінде: мемлекеттік қорықтар - 887,8 мың. га, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар - 1344,4 мың. га, ғылыми маңыздылығы орман қорықтарының учаскелері, генетикалық қорыққорлар - 1234 млн.м3, табиғи ескерткіштер - 888,7 мың. га, орман жемісұрық екпе ағаштары - 52,3 мың. га;
• табиғи саябақтар, ерекше құнды орман массивтері - 13,3 мың. га (0,1 % төмен);
• су қорғау қызметін атқаратын леса - 711,6 мың. га (2,7%);
• көбінесе санитарлы-гигиеналық және сауықтыру қызметін атқаратын ормандар - 182,2 мың. га (0,7 %).
Айта кету керек, орман басқан аумақтардың пайдалануға (эксплуатация) жарайтындарының бары 36,5 %, немесе 4170,6 мың.га. Орман басқан аумақтардың ең көп бөлігі (63,5%) өндірісте пайдалану сферасынан шығарылған, себебі олар ҚР заңдары бойынша ерекше қорғау функциясын атқарады.
Орман қоры мен ЕҚТА-дың жалпы ауданынан (26080,7 мың. га) орман жерлері 70,7 % немесе 18450,7 мың. га құрайды, оның ішінде орман басқаны - 44 % немесе 11474,7 мың. га. Орманы жоқ жерлер 29,2 % құрайды немесе 7630,0 мың. га, оның ішінде: жайылымдар - 17,1 % нем есе 4458,2 мың. га; шабындықтар - 1,4 % немесе 359,1 мың. га; егістік жерлер - 0,4 % немесе 109,3 мың. га. 2002 жылдың қаңтарында орман қоры жерлерінің 2954,5 мың. га уақытша пайдалануда.
Орман ресурстарын экономикалық бағалау. Ормандардың экожүйелерге және адамдарға деген рөлі белгілі мәселе. Олар топырақ қорғау, климатреттеу, су қорғау, суреттеу және рекреациялық қызметтерді атқарады және оларда еліміздің негізгі биоалуандылығы шоғырланған. Бірақ орманның нақты экономикалық құнын біз бағалай алмаймыз, үйткені оның ұлттық құндылығын мақұлдай отыра оны біз отын текшесіне айналдырып бағалаймыз.
Қосымша 10 % ормандылық өзендердің жылдық ағындылығын 4 - 8 %-ға арттырады және қосымша 4 %-ға дейін жауын-шашын болдырады, орманның әр 10000 км2 өзендердің жер асты суларымен қоректенуін жылына 0,7 - 0,8 км3 арттырады. Қазақстанның орман ресурстарын Ресей әдістемесі бойынша бірінші рет бағалау 2002 жылы жүргізілді.
Республика орман ресурстарын қорғау үшін жылына оның құнының тек 0,07 % жұмсайды, ал орман шаруашылығының табыс ретіндегі жылғы қайтарымы салық және жинау түрінде өспелі орман құнының тек 0,02 % ғана.
Ормандардың қазіргі жай-күйі. 1998 жылы бұталанған жерлер мен шөлдегі тозған жайылымдарды ормандар категориясына қосудан орман қоры 1,68 млн. га артты. Сонымен бірге бірнеше жылдар бойы ормандарды қалпына келтіру шараларын қаражаттандырмағаннан және ормандарды сақтау шараларын толық түрде қаражаттандырмағаннан жас (түйіспеген) орман дақылдарының көлемі екі есе кеміді - 132,3 мың. гектарға дейін және селдір ормандар көлемі - 70 мың. га, күйген және қурап қалған екпе ағаштар - 140,5 мың.га, кесілгендер - 139,6 мың. га, ашық жерлер мен бос қалған жерлер -283,3 мың. гектарға артты.
Сонымен қатар егіс және ормандар отырғызу көлемі ақырғы жылдары 1990 жылмен салыстырғанда 15-20 есе азайды. Ал 2000 жылға орман қорының жай-күйі одан жоғары нашарлады.
Достарыңызбен бөлісу: |