Технологиялық карта құрылысты құрылыстағы еңбек өнімділілігін және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын арттыруға, жұмыстарды жүргізу кезінде еңбекті және қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтай отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастыру, технологиясы және механикаландыру бойынша ұтымды шешімдермен қамтамасыз ету үшін әзірленеді.
Технологиялық карта қазіргі заманғы механикаландыру құралдарын, технологиялық керек-жарақтарды, құралдарды, саймандарды және құрылғыларды, материалдық-техникалық ресурстарды барынша тиімді пайдалана отырып, еңбекті ұйымдастыру бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.
Технологиялық карталар мыналарды пайдалану үшін жасалады:
жұмыстардың – геодезиялық, жер, қадалық, тас, монтаждау, бетон, шатыр, едендерді орнату, санитарлық-техникалық, әрлеу және т.б. жеке түрлерін орындауға.
- жұмыстарды жүргізу жобасының құрамында – ғимаратты, құрылысты немесе олардың бөлігін (торабын) салуға;
Технологиялық картада құрылыс процесінің технологиялық операцияларының құрамы және жүйелілігі, құрылыс машиналарының және жабдықтардың, технологиялық керек-жарақтардың, құрал мен құрылғылардың құрамы және саны келтіріледі, материалдық-техникалық ресурстардың шығыны анықталады, жұмыстардың сапасына және қабылдауға қойылатын талаптар белгіленеді, еңбекті қорғау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар көзделеді.
Материалдық-техникалық ресурстар, еңбек және машиналы уақыт шығындары технологиялық процеске және операцияларына, жұмыстардың барлық көлеміне немесе соңғы өнімнің ірілендірілген өлшегіштеріне арналған технологиялық карталарда келтіріледі.
Технологиялық карталарды әзірлеу үшін нормативтік база қолданыстағы мемлекеттік стандарттар, құрылыс нормалары және ержелер, басқа да нормативтік-техникалық құжаттар, сондай-ақ, хронометраж немесе жұмыс күнінің фотосуреті болып табылады.
Технологиялық карталарды әзірлеу үшін пайдаланылған бастапқы деректерді сақтау Ұлттық қорлар және мұрағаттар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
5 Технологиялық карталардың мазмұнына қойылатын талаптар
5.1 Технологиялық карталар мынадай бөлімдерді қамтуға тиіс:
Жалпы ережелер;
Қолдану саласы;
Нормативтік сілтемелер;
Негізгі қолданылатын материалдар мен бұйымдардың сипаттамалары;
Жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыру және технологиясы;
Материалдық-техникалық ресурстар;
Жұмыстардың сапасына қойылатын талаптар;
Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау.
Егер Тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасында еңбек шығындары және ресурстар нормаларын әзірлеу көзделген жағдайда технологиялық карталарда «Еңбек шығындарының калькуляциясы» бөлімі әзірленеді. Бұл ретте материалдық-техникалық ресурстарға қажеттілік «Материалдық-техникалық ресурстар» бөлімінде келтіріледі.
Бөлімдердің құрамы «Мазмұны» деген атаумен технологиялық картаның жеке парағында көрсетіледі.
«Жалпы ережелер» бөлімінде олар үшін осы технологиялық карта әзірленетін технологиялық процестің, ғимарат (құрылыс) типі (түрі), конструктивтік бөлшек немесе ғимарат бөлігінің сипаты және атауы көрсетіледі.
«Қолдану саласы» бөлімі: олар үшін осы технологиялық карта әзірленетін технологиялық процестің атауын, конструктивтік бөлшек немесе ғимараттың, құрылыстың бөлігінің атауын; жұмыстарды жүргізудің, оның ішінде температуралық, ылғалдық, метеорологиялық және және т.б шарттары мен ерекшеліктерін; жұмыстардың құрамын, еңбек режимін, технологиялық картаны қолдану бойынша ұсынымдарды қамтуға тиіс.
«Нормативтік сілтемелер» бөлімі оларға технологиялық картада сілтемелер берілген нормативтік және басқа да құжаттардың (нормалар, ережелер, стандарттар және т.б.), белгіленуін және атауын қамтуға тиіс.
«Негізгі қолданылатын материалдар мен бұйымдардың сипаттамалары» бөлімі құрылыс материалдары мен бұйымдарының атауын және белгіленуін; олар бойынша жүргізілетін стандарттау және сертификаттау құжаттарының (МЕМСТ, ҚР СТ, сәйкестік сертификаты және т.б.) атауын және белгіленуін; сауда маркаларына, белгілеріне және т.б. өнім өндірушілерге сілтемелерді қамтуға тиіс.
Импортталатын құрылыс материалдары мен бұйымдары, сондай-ақ, міндетті сертификаттауға жататын материалдар мен бұйымдар Қазақстан Республикасының сәйкестік сертификатына ие болуға тиіс.
Барлық технологиялық карталарда буып-ілу және қалап жинау схемаларын көрсете отырып, материалдар мен бұйымдарды тасымалдау, қалап жинау және сақтауға қойылатын талаптар келтірілуге тиіс.
«Жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыру және технологиясы» бөлімі дайындық, негізгі, қосалқы және қорытынды жұмыстарға бөлінеді.
Бөлім мыналарды қамтуға тиіс:
бұрын орындалған (алдыңғы) жұмыстардың сапасына және аяқталғандығына қойылатын талаптар;
дайындық жұмыстарының сапасына және аяқталғандығына қойылатын талаптар, оларды өткізу тәртібі;
технологиялық операцияларды орындау кезінде жұмыс орындарын ұйымдастыру схемасы;
жұмыстарды орындаудың технологиялық жүйелілігінің сипаттамасы;
жұмыс аймағында материалдар мен бұйымдарды сақтаудың ұзақтығы және қоры бойынша нұсқаулар;
технологиялық қамтамасыз етудің қолданылатын құралдарын (технологиялық керек-жарақтар, құрал, саймандар және құрылғылар), машиналарды, тетіктерді, жабдықтарды және орындаушыларды (мамандығы, разряды, буын құрамы) технологиялық операциялардың атауы, олардың сипаттамасы және орындау жүйелілігі;
жұмыстарды жүргізу бойынша нұсқау және уақыттың қысқы кезеңіндегі олардың ерекшеліктері.
Технологиялық операциялардың атауы, олардың сипаттамасы және орындау жүйелілігі осы Мемлекеттік нормативке 1-қосымшада келтірілген нысан бойынша операциялық карта түрінде ресімделеді.
«Материалдық-техникалық ресурстарға қажеттілік» бөлімі мыналарды қамтуға тиіс:
осы Мемлекеттік нормативке 2-қосымшада келтірілген нысан бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде пайдаланылатын материалдар мен бұйымдарға қажеттілік ведомосі;
осы Мемлекеттік нормативке 3-қосымшада келтірілген нысан бойынша технологиялық процесті орындау үшін қажетті технологиялық қамтамасыз ету құралдарының, машиналардың, тетіктер мен жабдықтардың тізбесі.
Материалдардың, бұйымдардың және жабдықтардың саны және номенклатурасы өндірістік нормалар немесе ресурстар шығынын нормалау негізінде белгіленетін жұмыс сызбалары, ерекшеліктер бойынша немесе физикалық көлемдері бойынша анықталады.
Технологиялық қамтамасыз ету құралдарының, машиналардың, тетіктер мен жабдықтардың саны және типтері жұмыстардың көлемдеріне, оларды орындау мерзімдеріне, ауысымдар санына және ЖЖР-ге сәйкес технологиялық картада қабылданған жұмыстарды ұйымдастыру схемасы бойынша анықталады.
«Жұмыстардың сапасына қойылатын талаптар» бөлімі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу және қабылдау кезінде мынадай бақылау әдістері мен құралдарын қамтуға тиіс:
түсетін өнімді кіру бақылауы;
технологиялық операцияларды орындау кезеңдерінде операциялық бақылау;
орындалған жұмыстарды қабылдау бақылауы.
Бақылаудың барлық түрлері үшін мыналар көрсетілуге тиіс:
бақыланатын көрсеткіштер;
бақылау орны;
бақылау көлемі;
бақылау мерзімділігі;
бақылау әдісі және нормативтік құжатты белгілеу;
өлшем құралдары және сынақ жабдығы, маркасы (типі), техникалық сипаттамалары (өлшеу ауқымы, бөлу бағасы, дәлдік сыныбы және т.б.);
бақылауды орындаушы (бөлім, қызмет, маман);
бақылау нәтижелері тіркелетін құжат (жұмыс журналдары, жасырын жұмыстарды куәландыру актілері, сынақтар хаттамалары және т.б.).
«Сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау» бөлімі осы Мемлекеттік нормативке 4-қосымшада келтірілген нысан бойынша ресімделеді.
«Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау» бөлімі барлық жұмыс орындары үшін технологиялық операцияларды орындаудың қауіпсіз әдістерінің сипаттамасын қамтуға тиіс, оның ішінде:
еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша шешімдер;
қауіпті аймақтарды, ескерту жазбалары мен белгілерін, жұмыс орындарын жарықтандыру тәсілдерін көрсете отырып, жұмыс орындарын қауіпсіз ұйымдастыру схемалары;
технологиялық қамтамасыз ету құралдарын, машиналарды, тетіктер мен жабдықтарды қауіпсіз пайдалану ережелері;
қолданылатын жеке қорғаныш құралдары және оларды пайдалану бойынша нұсқаулар;
дәнекерлеу жұмыстарын және ашық алау отты пайдаланумен байланысты жұмыстарды қауіпсіз орындау ережелері;
жұмыстарды жүргізуге қойлатын экологиялық талаптар (қалдықтарды жинау және жою шарттары; шу деңгейін шектеу; жұмыс аймағының ауасындағы зиянды заттардың, тозаңның шоғырлануы және т.б.).
Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бойынша талаптар қолданыстағы ережелерге және нормаларға сәйкес баяндалады.
Еңбекті қорғау бойынша шешімдердің құрамы мен мазмұны еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиіс.
«Еңбек шығындарының калькуляциясы» бөлімі осы Мемлекеттік нормативке 5-қосымшаның нысаны бойынша еңбек шығындарының калькуляциялар кестесін қамтуға тиіс.
Технологиялық процестің негізгі операциялары оларды орындаудың технологиялық жүйелілігінде келтіріледі.
Калькуляцияға сондай-ақ, дайындық, қосалқы және қорытынды жұмыстар (жұмыс аймағында материалдар мен бұйымдарды түсіру және қалап жинау, материалдар мен бұйымдарды қалап жинау немесе монтаждау орнына әперу және т.б.) орындалатын технологиялық операциялар енгізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |