Ақпараттық міндет. Радио, теледидар, газеттер тыңдармандарға, көрермендерге және оқырмандарға кеше мен бүгін елімізде, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар етуге тиісті.
Танымдық-ағартушылық міндет. Арнайы теле және радио хабарлар, газет пен журнал айдарлары адамдардың ой-өрісінің кеңеюіне жол аша отырып, адамзат қызметінің барлық саласында жаңа ілімдердің одан әрі дамуына бағыттайды.
Рекреациялық міндет. Теле және радиоэфирлердің,газеттер мен журналдардың ақпараттарының басым бөлігі ойын сауық тақырыптарына берілген. Олар – классикалық және эстрадалық музыка, телешоу, ойындар және лотореялар, мерекелер және фестивальдар, спорт бағдарламалары. Танымал журналдар мен газеттерде беллетристика криминалды хроника, махаббат және детектив романдары жарияланады.
Құқықтық - реттеу міндеті. БАҚ ақпарат берумен, ағартушылықпен, аудиторияға ойын –сауық ұсынумен ғана шектелмейді. Олар түрлі оқиғаларға қатысты бізді пікірімізді, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырады. Яғни, БАҚ мақсатты түрде адамдардың мінез-құлқына әсер етеді деген сөз.
Әрине, бұл міндеттерді орындау барысында БАҚ-тар түрлі мүдде жетегінде кетіп,оларды түрліше түсініп жатқан жағдайлар жоқ емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті – қоғамда болып жатқан өзгерістерді адал әрі шынайы жеткізу, сол арқылы демократиялық қоғамның негізгі құндылықтарына қатысты белгілі бір келісімнің құрылуына ықпал жасау, дәл осы келісімнің болуы азаматтық қоғамның беріктігі мен мемлекеттің тұрақтылығының маңызды алғышарттарын құрайды.
Мұны тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы заңдарының бірі ретінде 1991 жылы «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның қабылдануымен түсіндіруге болады.1999 жылы масс-медианың әрі қарай екпінді дами түсуіне, мемлекеттік емес БАҚ-тардың артуына, ірі медиа-құрылымдардың қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен жаңа заң қабылданды. 2001 жылы оған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сөйтіп, соңғы 13 жылда елде бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі құқықтарын белгілейтін, олардың қызметінің мөлшерін және мемлекетпен арадағы қарым-қатынасын бекітетін заң жүйесі қалыптасты.
1990-1991ж. елімізде 196 бұқаралық ақпарат құралдары болса,бүгін республика көлемінде барлығы 2020 бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде 1284 газет,553 журнал,171 электронды БАҚ,12 ақпарат агенттіктері, кабельді телевидениенің 25операторы жұмыс істеуде.
Республика аумағында өз хабарларын тарататын ақпарат құралдарына «Хабар», «Ел арна», «Қазақстан», «31канал», «КТК», «НТК», «Рахат –ТВ», телеарналары, «Европа плюс Казахстан», «Русское радио –Азия», «Қазақ радиосы» , «NS- Радио» жатады.Таяу күндері олардың құрамына «АС –ТВ» телеарнасы да қосылмақшы.
Республика тұрғындарын БАҚ-тармен қамту жыл сайын ұлғаюда. Еліміздің ақпарат кеңістігінде мерзімді басылымдардың бір реттегі таралымы 16744565 дана болса, республика жұртшылығын телерадио хабарларымен қамту мынадай болып отыр: «Хабар» -89,19%; «Қазақстан» -90, 67% ; «Ел арна»- 62,07%; «1-канал-Евразия» -78,6%; « Қазақ радиосы» -79,63%; «КТК» -35,64%; « НТК»-31,99%.
CaspioNet спутниктік ұлттық телеарнасы Қазақстандық хабарларда Eutelset HOTBIRD – 3 спутнигі арқылы әлемнің түкпір түкпіріне жеткізуді қамтамасыз ете отырып өз көрермендерінің санын 90 миллионнан асырып та жіберді.
Республикалық электрондық бұқаралық ақпарат құралдары да қазақ тіліне, терминология ғылымына байланысты телехабарлар мен телеойындар көптеп ұйымдастырып жүр. Бұл тұрғыда, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетіліп жүрген «Алтын қақпа» лингвистикалық телеолимпиадасын атап өтуге болады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта электронды ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетінің сақталуы былай тұрсын, тілдік қолданыстардың өзі көңіл көншітпейді. Сондай–ақ, бірсыпыра телеарнадағы жүргізушілер қазақ тіліндегі дыбыс үндестігі заңдылығынан бейхабар. Сондықтан да, оларға қойылатын талап пен жүктемелерді әлі де жоғарылатып, күшейтуіміз керек.
Терминдерді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше десек әсте қателеспейміз. Расында, ақпарат құралдарының тілі – сөздің ең ықпалды және беделді түрі ғана емес, сонымен қатар ол тілімізге деген оңтайлы қоғамдық көзқарас пен ахуалды қалыптастырудың бірден-бір құралы.
Жалпы, тіл тазалығын сақтау тұрғысында ақпарат кеңістігінде көп кездесетін ортақ кемшіліктер деп мыналарды айтуға болар еді:
Орфоэпиялық қателіктер: диалектикалық ерекшеліктерді қолдану, анық сөйлемеу, асығып сөйлеу;
Грамматикалық қателіктер: сөзді жіктеуде, географиялық атауларды, қосарланған сөздерді жазуда, тыныс белгілерін қолдануда кездесетін:
Кеңсе тілінің жиі қолданылуы;
Сөздіктің аз қоры, синонимдерді іздемеу, сөйтіп қайталауға ұрыну ;
Бейәдеби сөздерді жөнді -жөнсіз қолдану немесе ретсіз тәржімелеу;
Сөз мағынасын дәл бере алмау, сөз астарын аңғара бермеу.
Қорыта келгенде, күнделікті өмірде ауызекі сөйлеу тілі болсын, баспасөз беттерінде болсын осындай қателіктерді жиі кездестіріп жатамыз. Меніңше, мұндай қателіктерге жол беруге болмайды. Себебі, әрбір қазақ тілінде сөйлеуші орфографиялық принципке сай сөздерді дұрыс қолдана білуі керек.
Себебі, мұндай қателіктер ұрпақтың орфография ережесін бұзып, қоғамдық өмірде сөздердің дұрыс емес қолданылуына, емлені бұзуға, әдеби нормаға нұқсан келтіреді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Ғ.Хасанов «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы» 2009 ж
2 «Тіл және қоғам» журналы 2004 ж №1
3 «Тіл» журналы 2011 ж №2, 3,4
4 «Білім» журналы 2005 ж №5
Резюме
В статье рассматриваются причины и последствия речевых ошибок в средствах массовой информации.
Телехабарлар тілінің сөз қолдану мәдениеті
Т.Табынова, ҚазМемҚызПУ 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы М.Қ. Қанабекова
Қазақ тіл ғылымында публицистикалық стиль материалдары, яғни бұқаралық ақпарат құралдары мәтіндері біршама зерттеу нысанына айналып, оның ішінде мерзімді баспасөз тілі ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырылып келеді. Ал телехабарлар тілі бойынша енді ғана зерттеу жұмыстары қолға алынып, баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар мен ғалымдардың ғылыми-теориялық және практикалық конференцияларда жасаған баяндамалары бар, бірді-екілі ғылыми сипаттағы еңбектер жарыққа шықты.
Ғалым О.Бүркітов қазақ әдеби тілінің публицистикалық стиліне көңіл бөліп, публицистикалық стильдің негізгі ерекшелігін оның атқаратын қызметімен байланыстыра отырып қарастырған. Публицистикалық стильдің «ақпаратты хабарлау (коммуникативтік қызмет), әсер ету немесе үлгі-насихат қызметінен (экспрессивтік қызмет)» публицистикалық стильге тән функционалдық ерекшеліктер туындайтынын көрсетеді (1,158).
Қарым-қатынас тілінің өзге түрлерінен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі өзіне тән тілдік, стильдік-құрылымдық белгілерімен ерекшеленеді. Бұл жөнінде ғалым Н.Уәли былай дейді: «БАҚ-тың тілі өзге қарым-қатынас тіліне қарағанда өзіндік жүйесімен, құрылымдық ерекшеліктерімен қарым-қатынастың ерекше типіне айналды. Публицистикалық дискурстың ерекше типі пайда болды. Коммуникацияға қатысушылардың белгілі бір ситуацияда белгілі бір мәдени-әлеуметтік қоғамдастықта вербалды мәтіндер мен өзге де таңбалар кешені арқылы бір-бірімен өзара әсері дискурс деп аталады. Тілдік қарым-қатынастың бұл түрі бұқаралық қатынас тілі деген арнайы терминмен айтыла бастады (2, 205).
Публицистикалық стильдің ауызша түріне жататын телехабарлар тілі, оның эксрпессивтік-бағалауыштық сипатын айқындауда эмоционалды лексикалық бірліктердің қызметі ерекше. Бұл жөнінде ғалым А.А. Мұсабекова өзінің «Қазіргі қазақ публицистикасында экспрессия мен эмоцияны білдірудің тілдік құралдары» (2004) атты ғылыми зерттеу жұмысында эмоция мен экспрессияны білдіретін тілдік құралдарды, яғни адамның сезім күйлерін сипаттайтын психолингвистикалық құрылымдарды тек тілдік тұрғыдан ғана емес, философиялық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан да зерттеуге көңіл бөлген (3,130).
Теледидардан берілетін барлық хабарларда сөйлеу мәдениеті, оның талаптарына, сөйлеу мәнері мен оны тыңдаушы көрерменге жеткізуге ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, зерттеушілер атап көрсеткендей, теледидардағы дикторлар мен арнайы хабар жүргізушілерге төмендегідей талаптар қойылады:
Біріншіден, барлық стильдің сөздік құрамы бірдей емес, сондықтан сөйлеу кезінде адам өзіне керекті сөздердің стильдік ерекшеліктерін ескеру керек. Телехабарлар көпшілікке арналғандықтан, онда қолданылатын сөздер де аса қасаң не тым әсіре қызыл сөзбен көмкерілмей, жалпыға бірдей түсінікті болуға тиіс, яғни тележурналист пен көрермен арасында түсінікті, сенімді әріптестік байланыс орнауы керек.
Екіншіден, сөйлемнің құрылысын күрделендірудің қажет жоқ, көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер, күрделі тіркестер, айтылуы қиын сөздер экрандағы қас-қағым сәтте қабылдауды, түсінуді қиындатады. Экранда өтіп жатқан жеңіл көріністер мен ойлар арасындағы жымдаса байланысқан тіркестер ғана ұғынықты әрі тез қабылданады. Тележүргізушілер әдеби тіл нормаларын қатаң сақтауы қажет, қазақ тілінің заңдылықтарын орынсыз бұзбауы керек.
Радио-теледидар хабарларының тілі қандай дәрежеде дегенде,
жинақтап айтар болсақ, жаңалықтарды дер кезінде жеткізу қызметінің қалыптасқандығы; материалдардың нақтылы тақырыппен, жүйемен топтастырылуы; диалогке қатынасушылардың сөйлеуге әзірлену дәстүрі; хабар жүргізушінің еркін ұстап, қысылмай сөйлеуі; хабардың берілу тәртібіне сәйкес техникалық құралдардың пайдаланылу реті т.б. біршама тартымды сипатта көрінеді. Сөздерді сұрыптап, керегінше пайдалану хабардың жанрлық ерекшелігіне қарай жүзеге асады. Ауызша сөйлеу түрі болған соң, әдеби тілде, оның норма-заңдылықтарын мүмкіндігінше сақтап жеткізуі қажет. Әсіресе, орфоэпиялық норма, оны құрайтын заңдылықтарды меңгеру, тыңдарман дұрыс түсініп қана қоймай, әсерлі қабылдауы үшін дауыс, интонация, екпін дұрыс қою, кідіріс жасау, дауыстың сазы, қарқыны, сарыны, биіктігі тәрізді сапалық ерекшеліктерін жетік игеру маңызды болып есептеледі.
Зерттеушілер танығандай, теледидардағы ақпараттар тыңдау және көру арқылы қабылданады. Сондықтан хабарды сыдыртып оқып шығу көрерменге аса қызықты емес, әсері аз және түсініксіз де болады. Осы жайларды ескерсек, тележүргізуші көрерменге сөйлегенде тілі анық, сенімді және сырласу түрінде болғаны жөн. Бұл жерде сөйлеушінің дауыс ырғағы, дикциясы, логикасы жағынан ұтымды, қарапайым тілмен сөйлеуі айрықша рөл атқарады. Сөйлем жеңіл стильмен қарапайым түрде құрылып, ондағы ой көрерменге ұғынықты болуы тиіс. Оны өзіндік мән-мағынасымен қабылдап, көрерменге қаз-қалпында беру керек.
Демек, телехабарлар тіліне «ой анықтығы», «сөз дәлдігі», «сөз тазалығы», «сөз дұрыстығы» «сөз мәнерлілігі» (М. Серғалиев) сияқты немесе «дұрыстық», «дәлдік», «бедерлік», «қисындық» (Н. Уәли) тәрізді сөздің коммуникативтік сапасының белгілері, сондай-ақ, этикалық норма талаптары, тыңдаушының әлеуметтік деңгейі, бұқаралық қатынас тілінің ресмилігі не бейресми сипатта болуы ескеріледі. Бұл қажеттіліктердің барлығы телехабарлардағы тілдік қарым-қатынастың мәдениетіне, сөз қолдану шеберлігіне өз ықпалын тигізеді.
Телехабарлар тілі ауызекі сөйлеу тілімен тең емес, арақатынасын ажырату керек. Жоғарыдағыдай шарттары кейде сақталмайды (ұйым-мекеменің атаулары толық айтылмайды, орыс сөздерінің орынсыз қолданылуы, бір сөздердің жөнсіз қайталаулары т.б.). Ауызша сөйлеу кезінде тілдік-стильдік қателерге жол бермеуіміз керек. Осы талаптар тұрғысынан кездесетін кемшін тұстар, жайттар баршылық. Телехабарлар тілінен деректер келтірелік:
«Алматыда бокстан төрт елдің құрамасы арасында өткен турнирде еліміздің боксшылары көп көңілін тоғайтты. Ендігі кездесулерде де жеңіске жететінін айтып бөсе бастады». (Дұрысы: «Алматыда бокстан төрт елдің құрамасы арасында өткен турнирде еліміздің боксшылары көп көңілін риза етті. Ендігі кездесулерде де жеңіске жететінін мақтанышпен айтты»). «Орысша сөйлейтін бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қазақ тілін біршама меңгеріп қалды, кейбіреулері қазақша ызғытып тұр». (Дұрысы: Орысша сөйлейтін бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қазақ тілін біршама меңгеріп қалды, кейбіреулері қазақша жатық сөйлейді»). «Қарағандыдан арнайы ұшақпен Ислам-Абадқа жеткізілуі тиіс жүк тиісті орнына тапсыру жұмыстарын Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді» (Дұрысы: «Қарағандыдан арнаулы ұшақпен Ислам-Абадқа жеткізілуі тиіс жүкті тиісті орнына тапсыру жұмыстарын Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді»). «Тәжікстанда есірткіге қарсы күрес жүргізетін арнайы жедел топ жұмыс істей бастады» (Дұрысы: «Тәжікстанда есірткіге қарсы күрес жүргізетін арнаулы жедел топ жұмыс істей бастады»). Бір-біріне мағыналас арнайы, арнаулы сөздерінің тілдік қолданыста өзіндік ерекшеліктері бар. Арнайы сөзі сөйлемде баяндауыш қызметін атқаратын етістік сөздермен тіркессе, арнаулы сөзі зат есімдермен тіркеседі.
«Қазір аудан әкімшілгі оның қожайындарымен келісіп, бұл ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтарып алу жолдарын қарастыруда» (Дұрысы: «Қазір аудан әкімшілгі оның қожайындарымен келісіп, бұл ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтарып алу жолдарын қарастырып жатыр» ). -Уда,-уде тұлғалы етістіктер негізінен іс-әрекеттің, қимылдың ұзақ созылыңқылығын, үзіліссіз жалғастығын білдіреді деп танимыз.
Стильдік тұрғыдан дұрыс құрылмаған сөйлемдер жиі кездеседі: Тәртіп сақшылары кепілдерді алып, милиция бөлімшесі және сыйлықтар дүкеніне бекініп алған жасақшылардың көзін жойды. Кепілдердің барлығы босатылған» (Дұрысы: «Тәртіп сақшылары кепілдікке алынған адамдарды шығарып, милиция бөлімшесі және сыйлықтар дүкеніне бекініп алған жасақшылардың көзін жойды. Кепілдікке алынған адамдардың барлығы босатылған»).
«Сонымен қатар компания кәсібилігі жоғары мамандар дайындаумен де айналысады» (Дұрысы: «Сонымен қатар компания кәсіби біліктілігі жоғары мамандар дайындаумен де айналысады»).
Қазақ әдеби тілінің тазалығына нұсқан келтіретін фактілер де көп ұшырасады:
«Құрылыс саласына көптеген иностранецтер тартылуда». (Дұрысы: «Құрылыс саласына көптеген шетелдіктер тартылуда»).
Фразеологиялық оралымдарды да тіл жүйесі заңдылығына сай орынды қолдану да сөйлеу мәдениетінің бір өлшемі. Аталған қалыпты нормадан ауытқушылық құбылыстары жиі кездеседі:
«Көрші қырғыз елі бізге төбесімен жүріп қызмет қылды». (Дұрысы: «Көрші қырғыз елі бізге төбесінен тік тұрып қызмет етті»). «Кешелі бері мұнда ТМД мемлекеттерінің басшылары ат басын тіреп, үзеңгі суытып үлгерді». «Қазіргі таңда «Азия-Центр» деп аталатын концерннің түкірігі аузынан түспей тұр» (Дұрысы: «Қазіргі таңда «Азия-Центр» деп аталатын концерннің «түкірігі жерге түспей тұр»). Соңғы үзіндідегі фразеологиялық тіркесті сөзбен концерн сөзі тіл заңдылығы тұрғысынан да, мағыналық үйлесімділік тұрғысынан да еш қисындылығы жоқ деп танимыз.
«Қарағандыдан арнайы ұшақпен Ислам-Абадқа жеткізілуі тиіс жүк тиісті орнына тапсыру жұмыстарын Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді»). «Тәжікстанда есірткіге қарсы күрес жүргізетін арнайы жедел топ жұмыс істей бастады» (Дұрысы: «Тәжікстанда есірткіге қарсы күрес жүргізетін арнаулы жедел топ жұмыс істей бастады»). Бір-біріне мағыналас арнайы, арнаулы сөздерінің тілдік қолданыста өзіндік ерекшеліктері бар. Арнайы сөзі сөйлемде баяндауыш қызметін атқаратын етістік сөздерімен тіркессе, арнаулы сөзі зат есімдермен тіркеседі.
«Қазір аудан әкімшілігі оның қожайындарымен келісіп, бұл ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтарып алу жолдарын қарастыруда» (Дұрысы: «Қазір аудан әкімшілігі оның қожайындарымен келісіп, бұл ғимараттарда мемлекет меншігіне қайтарып алу жолдарын қарастырып жатыр»). –Уда, -уда тұлғалы етістіктер негізінен іс-әрекеттің, қимылдың ұзақ созылыңқылығын, үзіліссіз жалғастығын білдіреді деп танимыз.
Әдеби тілде ауызша сөйлеу тұрғысынан тілдік-стильдік қателіктерді болдырмас үшін, телехабарларды жүргізушілердің өздеріне қойылған талаптарды үнемі ескеріп отыруы қажет-ақ. Сонда ғана телехабарлар тілі сөйлеу мәдениетінің жоғары деңгейдегі сапалық көрсеткішіне ие болады. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тілін қызмет өрісін өркендетуде, оның қолданылу аясын кеңейтуде, сондай-ақ қалың көпшіліктің сөйлеу мәдениетін арттыруда үлгі болып, басты рөл атқарады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі: филол. ғыл. канд. ... дисс.: 10.01.10. – Алматы, 1996
Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. док. ... дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2007.
Мұсабекова А.А. Қазіргі қазақ публицистикасында экспрессия мен эмоцияны білдірудің тілдік құралдары: филол. ғыл. канд. ... дисс.: 10.02.02. – Алматы, 2004.
Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық ұқсастығы
Туглукова Сумбат, ҚазМемҚызПУ 3-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Г.М.Текесбаева
Мақал - мәтелдер – ғасырлар шежіресі, ауыз әдебиетінің бір түрі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Мұнда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады. Олар – қай тілде болмасын, халық даналығының қайнар көзі, ақылман ойшылдар, ділмәр-шешендер, айтқыш даналар сөзінің мәйегі, ұйтқысы болып саналады [1]. Мақал-мәтелдер бізге сан ғасырлар бойы халықтың қоғамдық даму үдерісінде қалыптасқан ұстанымдары, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, оның тарихы, рухани мәдениетінің қайнар көздері жайында мол ақпарат беретін тілдік қор болып табылады.
Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі. Мақал-мәтелдер - әр кезеңде ата-бабадан ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде халықтың өмір сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген ақылының кені жатыр.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мақал мен мәтелге мынандай түсіндірме берілген: мақал – үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз; мақал деп қысқа, образды, ұйқасты, тұжырымды нақыл сөзді айтамыз [2;102]. Мәтел – тұжырымды, бейнелі әрі ықшам нақыл сөз [2;168].
Ауыз әдебиетінің өзге жанрларына қарағанда мақал-мәтелдердiң ерекшелігі – олардың көлемiнiң шағындығы, мазмұнының кеңдiгi, тiлiнiң өткiрлiгi мен мағынасының тереңдiгiнде. Әрi ол барлық халыққа әсерлi, жалпы адамзатқа ортақ, көңiлге қонымды, ұтымды келедi.
Мақал-мәтелдер – қай халықтың да жан-дүниесiнiң, мiнез-бiтiмiнiң, тыныс-тiршiлiгiнiң айнасы. Кез-келген халықтың даналығы мен рухы сол халықтың мақал-мәтелдерiнде анық көрiнiс беретiнi ертеден мәлiм. Басқа халықтың мақал-мәтелдердi бiлiп, түсiну – сол халықтың тілін жақсы меңгеруiне көмектесiп қана қоймай, сол халықтың болмыс-бейнесiн, мiнез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін түсiнуiне де септігін тигізеді.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ұқсас әрі ортақ мақал-мәтелдерді салыстыра қарастыруымыздың мақсаты – бұл тілдердің туыстық жақындығынан ғана емес, қазақтар мен ұйғырлардың рухани, мәдени, тарихи жақындығын да осы мақал-мәтелдер негізінде анықтау.
Екі тіл бойынша жинақтаған ұқсас мақал-мәтелдерді зерделей келе мақал-мәтелдердің үш түрлі деңгейде ұқсастығы байқалды.
Бірінші деңгей – абсолютті ұқсастық, яғни мақал-мәтелдердің мағынасы мен құрам-құрылымы жағынан толық сәйкес келетін мақал-мәтелдер.
Екінші деңгей – компоненттерінде азды-көпті өзгерістер бар, бірақ мазмұны ұқсас мақал-мәтелдер.
Үшінші деңгей – құрылымы толық сәйкес болмаса да, жалпы түрде ұқсастығын сақтаған, бірақ екі тілдің өз логикасы бойынша қалыптасқан, құрамы-құрылымы елеулі өзгеріске түскен мақал-мәтелдер.
Бірінші деңгейдегі мақалдарға мысал:
Қазақ тілінде:
Асы піспестің қазаны оттан түспес
Ұйғыр тілінде:
Еши пишмасниң қазини оттин чүшмәс.
Қазақ тілінде:
Ас иесімен тәтті, табағымен сәнді.
Ұйғыр тілінде:
Аш игиси билән татлиқ.
Қазақ тілінде:
Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын.
Ұйғыр тілінде:
Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун.
Бұл жерде екі тілдегі мақал-мәтелдер өзара, сөз жоқ, абсолютті ұқсас.
Екінші деңгейлі мақал-мәтелдер қазақ және ұйғыр халықтарында молынан кездеседі.
Қазақ тілінде:
Ат айналып қазығын табар,
Су айналып жазығын табар.
Ұйғыр тілінде:
Ат айлинип оқурини тапиду,
Мусапир айлинип юртини тапиду.
Қазақ тілінде:
Ағайын тату болса, ат көп,
Абысын тату болса, ас көп.
Ұйғыр тілінде:
Ағинә инақ болса, ат тола,
Игичә-сиңил инақ болса, аш тола
Екінші деңгейге жатқызылған жұп мақал-мәтелдердің бәрі де мағына жағынан ұқсас, бір ғана ұғым-түсінікті білдіретін мақал-мәтелдер. Бірақ олардың құрам-құрылымы жағынан байқалатын айырмашылықтарына, мәселен, бірінші жұптағы қазақшасында қазығын, су, жазығын деген компоненттері ұйғыршасында оқурини, мусапир, юртини сөздерімен алмастырылғандығы жатады.
Бұл өзгеріс олардың жалпы мағынасына әсер етпейді. Екінші жұпта қазақшасындағы тату, абысын компоненттері ұйғыршасында инақ және игичә-сиңил деген сөздермен ауыстырылған. Олар – ұйғыр тіліндегі балама сөздері. Сондықтан одан мақалдың жалпы мағынасы өзгеріп тұрған жоқ.
Үшінші деңгейдегі мақал-мәтелдер, әдетте, құрылымы, құрамы өзгеше, бірақ екі халықта да мазмұны өзара ұқсас келеді. Мысалы:
Қазақ тіліндегі:
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалына ұйғырдың «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалы мәндес келеді.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» беретін мәні бір адамның істеген жаман қылығы көптің, ұжымның атына кір келтіреді.. «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалының аудармасы – «бір жалқау мыңды жалқау етеді». Екі тілдегі мақалдың беретін ортақ мағынасы – бір нәрсенің көпке теріс әсер етуі. Бір қызығы, қазақ халқы өз мақалына негізгі шаруашылық кәсібі – малмен байланысты «құмалақ», «қарын» сөзін қолдана отырып, қалыптастырған. Ал ұйғыр халқы үнемі егін егіп, еңбек етіп, жұмыс істеуді қалайтын болғандықтан, өз лексикасындағы «жалқау» сөзін мақалдың тірек сөзі етіп алған. Демек, осы мақалдардың да өн бойынан халықтың тұрмыс-тіршілігі аңғарылады. Сыртқы құрылымы мүлдем бөлек, алайда мазмұны ұқсас. Бір түсінікті, бір ұғымды береді.
Түркі халықтарының, оның ішінде түркі тектес халықтардың мақал-мәтелдері сәйкестік пен айырмашылықтар олардың ұлттық тілдерінің өзіндік айшықтарымен, белгілерімен тығыз байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қайдар Ә. Халық даналығы – Алматы: Тоғанай, 2004 –558 б.
Қазақ мақал-мәтелдерi. Құрастырған: Ж. Дәуренбеков - А., 2001.
Һәбибулла А. Ұйғыр этнографиясы. Шинжаң хәлқ нәшриияти. 2000.
Резюме
В статье говорится о сходствах казахских и уйгурских пословиц-поговорок.
«Оғызнама » жазба ескерткішіндегі матаса байланысқан есімді сөз тіркестерінің синтаксистік ерекшеліктері
А.Тлеубаева, Ақтөбе мемлекеттік
педагогикалық институтының студенті
Ғылыми жетекшісі ф.ғ.д.профессор Ж.Тектіғұл
Түркі халықтарының мәдени және рухани құндылықтарын осы дәуірге жеткізген жәдігерлердің бірқатары араб жазулы жазба ескерткіштер болып табылады. Түркі халықтарында XV-XVI ғасырлардан бастап, XIX ғасырдың екінші жартысына дейін қолданылған, ғалымдардың орта түрік әдебиет тілі (Н.Сауранбаев), кітаби тіл (Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев), көне қазақ әдеби тілі (Б.Әбілқасымов), кітаби мұсылманша татарша жаргон (С.Малов), өзбек тілі (А.Боровков), тілдік дәстүр (С.Исаев), ескі қазақ жазба тілі (Н.Уәлиұлы) деген терминдік атауына ие болған жазба әдеби тіл – қазақ даласында іс-құжаттар тілін дамытуға қызмет ету арқылы қалыптасты. Б.Әбілқасымовтың бұл жазба дәстүрді көне жазба әдеби тілі деп атауы жазба тіл туралы ұғымның қалыптасуына әсер етті.
Біздің мақаламызға негіз болып отырған орта ғасырлық жазба ескерткіштерінің бірі – «Оғызнама». Оғыз туралы аңыздың ең ежелгі нұсқасы ұйғыр қолжазбасында берілген. Түпнұсқаның ұйғыр жазбасының ұйғыр әдеби (жазба) тілі нормаларынан көп айырмашылығы бар екендігі байқалады. А.М.Щербак (қандай,қай жердегі кітапханаҰлттық кітапхана қорындағы Оғыз туралы қолжазба ең алғашқы нұсқа болмауы мүмкін,бұдан да ежелгі нұсқалары болған болу керек деген болжам айтады [ 2 ,16].
Қазіргі уақытта Оғызнама аңызының бірнеше варианттары сақталған.Соның ішінде кең танымал варианты Абу-л-Газы Бахадур ханның (1669 жыл) «Шежіре-и-түрки»(«Родословное древо тюрок») еңбегінде берілген.Бұл вариант ең кейінгі нұсқалардың біріболып саналады, өйткені бұл қолжазба халық арасына кең тараған,әдеби өңдеуден өткен бірнеше тарихи деректер мен ауызша аңыздардың негізінде жазылған. Абу-л-Газының Оғыз туралы аңызы мен «Родословное древо тюрок»еңбегінің тілдік жағын қарастыратын болсақ, әр түрлі белгілердің араласып кетуімен сипатталады. Батыс және оңтүстік тілдік қабаттар мен автордың шығу төркіні оның хива диалектісіне жақындығын көрсетеді. Түпнұсқаның тілдік ерекшеліктері барлық варианттарда, жаңа варианттарда да сақталған. Оғызнаманың кейінгі варианттары Өзбек республикасының Шығыстану институтының қолжазба қорында да сақталған. Бұл қолжазбалар елеулі өзгерістерге ұшырағанына қарағанда екінші,үшінші көшірілген нұсқалары болу керек [ 2,19 ]. Оғызнаманың Стамбулдық вариантында Оғыз туралы аңыз Қорқыт ата эпосымен біріктірілген. Стамбул қолжазбасының латындық варианты Берлиннің Мемлекеттік кітапханасына тиесілі. Оғызнаманың араб тіліндегі варианты да болған деген болжам бар [ 2, 21 ]. Оғызнаманың бір варианты парсы қолжазбаларына қатысты Рашид ад- Диннің « Жами ат-тауарихында » кездеседі.
Біз осы ортағасырлық «Оғызнама » жазба ескерткішінде есімді сөз тіркестерінің, соның ішінде матаса байланысқан есімді сөз тіркестерінің қолданылуын зерттедік. Түркі тілдерінде матаса байланысқан сөз тіркесінің құрамындағы сөздер бір-бірімен жақ және жекелік-көптік жағынан үйлесіп айтылады.
Жазба ескерткіш тілінде синтаксистік байланысу түрінің матаса байланысқан сөз тіркестерін де кездестіреміз. Байланысу формаларының лингвистикалық жағынан кенже қалыптасқан түрі – матаса байланысу формасы. Изафеттік құрылыста айтылатын сөздер – негізінен зат есімдер. Сондықтан зат есім мағынасында не зат есім орнына жұмсалатын сөздердің барлығы сол тіркестің бірінші не екінші сыңары ретінде қолданылады. Мысалы, Ошул оқулнуң öңlÿгі чïрақï кöк эрді[ОН, 7].Оқуз кақан Улуқ Тӱрӱкнӱң сӧзӱн j(а)кшї кӧрдї, ӧгӱдӱн тіладі. [ОН, 4]. Ошул jӛрнің кақанї Масар дӛгӓн бір кақан ӛрді. [ОН, 2] . Ол бöрінің артларынkатағлаб jÿгÿрÿдä турур эрділер эрді [ОН,17].
Осы сөйлемдерде оқулнуң öңlÿгі, Улуқ Тӱрӱкнӱң сӧзӱн, Ошул jӛрнің кақанї,бöрінің артларынматаса байланысқан сөз тіркесі болып табылады.
Матасудың басыңқы сыңары ретінде тәуелденетін мына сөз таптары қатысады: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік (есімше, қимыл есім т.б.) үстеу, тұрақты тіркес. Матаса байланысқан сөз тіркестері құрамы жағынан дара да, күрделі де болып келеді. Дара матаса байланысқан сөз тіркестері кемінде дербес мағынасы бар екі әртүрлі сөз таптарының және бір сөздің қайталануы арқылы жасалады. Мысалы, ескерткіш тілінде Ануң достларї кӧб сӛвінч (lіг) ӛрдї, ануң душманларї кӧб каіқулпар т(аптї), [ОН, 1], Ануң атї Улуқ Тӱрӱк ӛрді. [ОН, 8]сөйлемдерінің құрамында дара құрамды тіркестерді кездестіреміз.Осы сөйлемдердегі ануң достларї, ануң душманларї, ануң атї тәрізді сөз тіркестері дара матаса байланысқан сөз тіркестері болады. Күрделі матаса байланысқан сөз тіркестерінің не бағыныңқы, не басыңқы немесе екі сыңары да күрделі болып келеді. Ошбу кақкннуң чӛрігі кӧб кӧб, балїкларї кӧб кӧб ӛрділӓр кӧб чақї ӛмгӓк чӛкӱб турдї. Бұл мысалда бағыныңқы сыңары күрделі болғандықтан, Ошбу кағуннуң чӛрігі, балїкларї бұл сөз тіркесі күрделі матаса байланысқан сөз тіркесі болады.
Матаса байланысқан анықтауыштық қатынастарды біз қарастырып отырған ортағасырлық «Оғызнама» жазба ескерткішінен кездестіруге болады. Олардың қолданылу деңгейі мынадай:
1. Ілік жалғаулы меншік иесі бола алатын сөзге жалғанып, меншіктілік қатынасты білдіреді. . Ол дара және қоғамдық меншіктілік болуы мүмкін Ануң аңағусу ошбу турур [ОН,1].Ошул оғулнуң öңlÿгі чïрағï кöк эрді,ағïзï аташ kïзïл эрді,кöзläріал,сачларï,kашларï kара эрдіläр эрді[ОН, 1].Бегнің оғулï анга кöб алтун кÿмÿш jэбäрді [ОН,21].Анїң атї Бармақлуқ Jосун Білліг ӛрді.[ОН, 31].
Осы сөйлемдерде ануң аңағусу, оғулнуң öңlÿгі, бегнің оғулï, анїң атї тәрізді меншіктілік қатынасты білдіретін сөз тіркестері кездеседі.
2. Ілік жалғаулы сөздер туған-туысқандық, дос-жарлық ұғымдағы сөздермен тіркесіп, семьялық, туысқандық т.с.с. қатынасты білдіреді: Оғуз kағаннуңjарлïғïн саkламас эрді [ОН,15].Оғуз kаған Урум kағаннуң kағанлуғïн алдï,эl кÿнін алдï [ОН,19].Такї дӛді кім аі мӛннің кақанум сӓн. [ОН, 21]. Урум кақаннуң бір карундашї бар ӛрді. [ОН, 20]. Осы жазба ескерткіште кездесетін сөйлемдерде отбасылық, туысқандық қатынасты білдіретін сөз тіркестері Оғуз kағаннуң ,Урум kағаннуң ,мӛннің кақанум,Урум кақаннуңкарундашї түрінде кездеседі.
3. Ілік жалғаулы зат есімдер сол заттарға қатысы бар басқа зат есімдермен тіркесіп, зат пен заттың табиғи байланысын білдіреді. Ескерткіште: Ошул оқулнуң öңlÿгі чïрақï кöк эрді[ОН, VI].Сөйлем ішінде кездесетін сөздер белгілі бір тәртіп бойынша өзара мағыналық және тұлғалық жақтарынан бір-бірімен байланысып келеді. Олар белгілі бір сөз тіркестерін жасайды. Бірақ сөз тіркестерінің құрамында кездесетін сөздер әр уақытта тең дәрежеде байланыспайды, бірі екіншісіне бағынып байланысады. Есімді сөз тіркестерінің басыңқы сөзі әр уақытта есім, көбінесе зат есім болады. Зат есімдердің жетегінде айтылып, оларға бағынып тұратын сөздер де көбінесе есімдер болады.
Қорыта айтқанда, біз ескерткіш тіліндегі матаса байланысқан тіркестердің өзіндік ерекшеліктерін талдап өттік. Бұл жазба ескерткіш тілінде матаса байланысқан сөз тіркестерінің дара матаса байланысқан, күрделі матаса байланысқан сөз тіркестері түрлері кездеседі.Бұл тіркестердің бағыныңқы,басыңқы сыңарлары көп жағдайда зат есімдер болып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |