Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
ИСАЕВ ОҚУЛАРЫ
(ғылыми мақалалар жинағы)
1-кітап
Алматы, 2012
ББК
Пікір жазғандар:
О.Жұбаева – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы.
Г.Қайдарова – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Жауапты редактор:
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ж.К. Отарбекова
Редакция алқасы:
А.Н.Мамиева, П.А.Байтимбетова, Н.А. Жаңабаева, С.Санақжан
Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы). Алматы, 2012. бет.
Филология ғылымдарының докторы, профессор С.М. Исаевты еске алу құрметіне жыл сайын өткізіліп тұратын бұл оқуларға студент, магистрант, жас ізденушілердің ғылыми мақалалары енгізіліп отыр.
Ғылыми мақалалар жинағын баспаға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасы ұсынған
ISBN
Алғысөз
Профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев - тіл білімінде өзіндік мектебін қалыптастырған, ұстаздық пен ғалымдықты тең ұстаған тілші ғалым. Ғалымның қаламынан туған тіліміздің барлық дерлік салаларына қатысты еңбектері бүгінде студенттер мен ізденушілердің оқулық, оқу құралдарына, тың ізденістердің бастауына әрі жол сілтеушісіне айналып отыр.
Ғалым ғұмыры қалдырған еңбегімен өлшенсе, ұстаз еңбегі шәкірттерімен өлшенеді. Сейілбек Мұхамеджарұлы шәкірт тәрбиелеу жолында да аянбай тер төкті. Оның шәкірттері 1975-1985 жж. арасында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаларда үзбей 1-2 орындарды иеленіп отырды. Профессор С.М. Исаев жетекшілік еткен екі студенттің ғылыми жұмысы (1980-1985жж.) Қазақ ССР Ғылым Академиясының алтын медаліне және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Қазіргі таңда еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында, Қыздар университетінің филология факультетінде ғалымның көптеген шәкірттері еңбек етеді. Мәселен, Р.Зайкенова, Ж.Сүлейменова, Т.Ермекова, Ж.Отарбекова, Г.Абдирасилова, Б.Нұржанова, Н.Ильясова, А.Мамиева, С.Оданова т.б.
Үлкен ғалым, ұлағатты ұстаз қазақ тіл білімінің тарихы, грамматика теориясы, қазақ тілін оқыту әдістемесі салаларынан 7 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Ғалымның жетекшілігімен қорғаған шәкірттері п.ғ.д., профессор Ж.Сүлейменова, ф.ғ.к., доцент Ж.Отарбекова университетте өз ұстазының жүргізген пәндері бойынша дәріс береді. Биылғы оқу жылынан университетте «Исаевтану» атты арнаулы курс оқытыла бастады.
Ғалым өмірден өткен жылдардың бірде бірі ұстазды еске алмай өткен емес. 2000 жылы «Тілім деп өмір сүріп ем...» атты естеліктер жинағы мен ғалымның биобиблиографиясы жарық көріп, республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, «Тағылым» атты жинақ шықты. Жыл сайын Қыздар университеті мен Қайнар университеті «Исаев оқуларын» өткізіп тұрды.
65 жылдығы қарсаңында «Қайнар» университетінде «Қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.
Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен 2003 жылы профессор С.М. Исаевтың 65 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, «Профессор С.М. Исаев атындағы атаулы дәрісхана» ашылды. «Профессор С.М.Исаев және мерзімді баспасөз тілі» атты конференция материалдарының жинағы жарық көрді.
2005-2006 оқу жылынан бастап ғалымның қызы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұржауар Исаева қалалық, республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарына профессор С.М. Исаев атындағы стипендия тағайындап отырды. 2006-2007 оқу жылында ғалымның туған күніне орай Алматы қаласы бірнеше ЖОО-ның студенттері арасында қазақ тілінен пәндік олимпиада өткізіліп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының студенттері бас жүлдені жеңіп алды.
2007-2008 оқу жылында профессор С.М. Исаевтың 70 жылдығына байланысты халықаралық ғылыми-теориялық конференция мен ЖОО-ның студенттері арасында қазақ тілі пәнінен республика көлемінде пәндік олимпиада өткізілді. Сондай-ақ кафедра ұжымы, шәкірттерінің бастамасымен ғалымның 70 жылдығына орай 7 кітабы жарық көрді.
Жыл сайын кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен «Исаев оқулары» өткізіліп, студенттердің ғылыми мақалаларының жинақтары жарияланып тұрады. Қолдарыныңыз ұсынылып отырған бұл жинаққа қазақ тілі мен әдебиеті, оқыту әдістемесі мен тәлім-тәрбие мәселелеріне арналған студенттер мен магистранттардың, оқушылардың, жас ізденушілердің тырнақалды мақалалары енгізіліп отыр. Бұл мақалалар туған тілі мен әдебиетіне бей-жай қарамайтын жас буынның алғашқы ізденістері деп қабылдап, білім-ғылым жолында ақ жолы тілейік, ағайын!
Ұйымдастырушылардан
1-секция.
Қазіргі тіл білімі
және мемлекеттік тіл
СМС(ҚХҚ) хабарламаларындағы ықшамдалу
Р.Абишова ҚазМемҚызПУ 11- -курс студенті
Ғылыми жетекшісі: ф. ғ.к., доцент м.а. С.А.Оданова
СМС (ҚХҚ)-ті ең алғаш Нейл Папуорт ойлап тауып, ең алғаш СМС (ҚХҚ) жазушы адам. Ол 1992 жылы алғаш рет Жаңа жыл қарсаңында хабарлама жазған болатын. Бірақ бұл жаңалық ұмыт болып, 2000 жылы ұялы телефон жасаушы компаниялар осы қызметті қайта ұсынды (Short Message Servise – Қысқа хабарламалар қызметі). [1] Біз ұялы телефон арқылы жүзеге асыратын чаттар жақын арада ғана пайда болды деп ойлауымыз қате түсінік болар еді. Себебі ең алғашқы жазба тілдегі үнемдеулерді пайдаланғандар телеграфистер болған. Олардың түсінігі бойынша сөзден дауысты дыбыстарды түсіріп жазу, оның мағынасын түсінуімізге кедергі жасамайтындығын айтқан болатын. Шынымен-ақ олар тек қызметтік сөздермен ғана шектелді: нүкте (нкт), үтір (тр), жақша (жқш), тырнақша (трнқш), қоснүкте (қснкт). Кейінірек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде американ және ағылшын әскерлері үйлеріне хат жібергенде де мынадай қысқартулар жасау арқылы жазба тіліндегі үнемдеулерді көрсеткен: SWALK (Sealed With A Loving Kiss), «Сүйіспеншілікпен жазылған» деген мағынаға ие ұғым. Бұл идеяны радиодан хабар таратушылар өздеріне тиімді жақтарын ала отырып, бүкіл сөзді жазудың орнына, олар сөздерді алғашқы буындары бойынша жазудың дұрыс екендігін және ол түсінікті әрі ыңғайлы болатындығын алға тартты. 90-жылдардың ортасында чаттар мен ұялы телефондардың пайда болуы жоғарыдағы идеялардың жаңадан дамуына мүмкіндік туғызды. Жастар мақсатты түрде онлайн кеңістікті меңгеріп, саналы түрде тілдік үнемдеулерге сенімді түрде қадам басты. Дегенмен бұл қадам қажеттіліктен туды, себебі біріншіден, чаттағы диалог көпсөзділіктен гөрі жылдамдықты талап етеді, екіншіден хабарламаның ұзақтығы ұялы телефондарда таңбалардың санымен шектеулі. Сол себепті СМС (ҚХҚ) тілі ықшамдылық пен нақтылыққа негізделеді. Көптеген бақылаушылар бұл тілдің бай сөздік қордан алшақтайтындығын айтуда, бірақ жастарымыз осы тілдік үнемдеулер арқылы коммуникативтік актіні жүзеге асыруда: осы тіл арқылы сезімдерін білдіруде, кездесулер ұйымдастыруда, туылған күнімен құттықтауда және т.б.
Үнемдеу заңының тарихындағы ғалымдардың пікіріне назар салып қарайықшы. Ерекше қызықты жайтты ағылшын ойшылы әрі әлеуметтанушы ғалымы Герберт Спенсер айтқан болатын. Оның ойынша, эволюциялық заңдылық бойынша тіл күрделіліктен қарапайымға қарай жылжиды. Ұзын сөздер қысқарады, жайылма сөйлемдер жалаң сөйлемге айналады. Ағылшындарда we tellen тіркесі бертін келе we tell – біз сөйлейміз (қосымшасы түсіп қалған) түрінде өзгерді [2]. Егер де Спенсердің ойы дұрыс болып саналатын болса, тіл қысқартуды талап етсе, онда оны адамдар жасауға атсалысу керек. Әлемдегі кейбір елдерде күрделі сөздер көп болса (мысалы ағылшын тілінде), ал кейбір тілде салыстырмалы түрде аз (мысалы итальян тілінде). Осы жағдайды ретке келтіру үшін тілдік бірліктерді үнемдеу заңдылығының қажеттігі зор.
«Үнемдеу» мәселесін «Тіл тарихының принципі» (Бірінші басылым, 1880жыл) атты Герман Пауляның еңбегінің «Тілдік бірліктерді үнемдеу» тарауында әдеби тілдегі артық қосымшалардан құтылуға біз тек ауызекі қарапайым қарым қатынас тілі арқылы жетеміз деген болатын [3]. Сол кезде ғана тіл тазаланып, тілдегі дублеттер азаятындығын алға тартады. Ал, А.Мартине былай жазады: «Тілдік үнемдеу – қызметтегі тілді синтездеу»[4]. Ғалымның пайымдауынша, тілдік бірліктегі үнемдеу тілдегі артық бірліктерден арылу жолдары болып табылады деп жазса, И.М.Тронский мысалға архаикалық и классикалық латын тілінен мысал келтірді: «Сократ радостный выпил яд»(а не радостно или с радостью). Бұған қарап, ежелде екінші нұсқаға қарағанда бірінші нұсқада үнемділіктін болғанын және оның тиімді екендігін атап өтуге болатындығын айтқан [5].
Жоғарыда айтылған ғалымдар пікірін қорытындылайтын болсақ, «қысқа» сөз мағыналық және синтаксистік тұрғыдан «қысқа емес», кең мағыналы сөз қызметін атқарады. Жастар жазба тіліндегі үнемдеу заңына әсер ететін физиологиялық және психологиялық факторлардың ерекше әсер етуінде деп санауға болады. Неге десек, физиологиялық фактор, ол сөйлеу немесе жазба тілде кететін күшті барынша аз жұмсауға ұмтылу десек, жастардың жазба тіліндегі үнемдеуде тілдердің бір-бірімен тоғысуы, дыбыстардың артикуляциялық орнының алмасуы, кейбір дыбыстардың түсіп қалуы т.б. құбылыстарды байқауға болады. Бұл қазіргі жастардың жазба тілінде кездесетін негізгі құбылыстар болып табылады. Және де психологиялық фактордың үнемдеу заңын нақтылай түсетін бірінші құбылыстарына мыналарды - сөз жұту және үнсіз қалуды жатқыза отырып, бұл процестердің жастардың жазба тіліндегі үнемдеуінде жиі кездесетінін байқауға болады. Яғни айтар сөздің кейбір бөліктері жазуда әдейі, мақсатты түрде сыртқа шығарылмай, көп нүкте арқылы беріледі. Мәтінде айтылатын ойды оқырман айтқызбай-ақ саналы түрде түсінеді. Айтылмайтын, хатқа түсірілмейтін сөздер екі түрлі жағдайда беріледі: біріншісі, көп нүкте арқылы, екіншісі басқы әріптері мен соңғы әріптері беріліп, ортасында көп нүктенің қойылуы арқылы да жүзеге асады [6]. Біз бұл құбылысты күнделікті жастардың СМС тілдерінде байқап жүрміз.
Көшеде де, саябақта да, тасымалдау көліктерінде де, дәріс үстінде де, сауда орнындағы касса жанындағы кезекте де және жол өткелдерінде де біз күнделікті жан тәнімен беріле ұялы телефон пернелерін басқан жас және орта жастағы адамдарды көреміз.Олар пернеліктегі цифрларды емес, әріптерді басуда, әрине СМС(ҚХҚ)-хабарламалар(ауызекі сөйлеуде смс-тер) жіберу мақсатында. Мысалы: Slm; Salem; Kalai? Ok oz? ок; Nest? Otkan sabak jazup. Oz? Uige. Kawan? kazmmm. kytem...mxm; poka; aha)
Жоғарыдағы СМС тіліне көз салар болсақ біз нені байқаймыз? Ең алдымен, латын алфавиті негізінде жазылғандығын, әрине. Тілдегі көп әріптерді латын алфавитіне негіздей отырып жазу байқалады. Ү дыбысын у дыбысымен, sh түрінде берілетін ш дыбысын w дыбысымен, zh түрінде берілетін ж дыбысы j түрінде берілетінін байқауға болады. Сонымен бірге сөздердің қысқартылуы, орыс, ағылшын тілінің тіл бірліктерін байқауға болады.
Қазіргі таңда СМС (ҚХҚ) жанкүйерлері осылайша хабар алмасып коммуникацияның жаңа түрін насихаттап жатқанда, мұғалімдер, филологтар, тілшілер, қоғам қайраткерлері СМС (ҚХҚ)-ойлау жайында алаңдаушылық танытып отыр. Бұл қаншалықты дұрыс пікір, шынымен де СМС (ҚХҚ)-тілі қоғамға қауіп төндіреді ме? Әлемдік тілшілердің назарында отырған бұл мәселе екіжақты көзқарасқа ие: ғалымдардың бір тобы СМС (ҚХҚ) тілінің қауіп төндіретінін айтып, өз дәлелдерін ұсынып жатса, енді бір тобы СМС (ҚХҚ) тілін жақтап, оны тілдің үнемдеу заңдылығы аясына әкеп түсіндіруде.
Жоғарыдағы құбылыстарға талдама жасай отырып, тілдегі үнемдеулер бүгінгі күнгі қажеттілік сияқты. Себебі, тілдік бірліктер жылдар өткен сайын қысқара түспек. Бұл қысқару тілдің нақтылығына жол ашады. Қорытындылай келгенде, жастардың жазба тіліндегі үнемделуіның артықшылықтары мынада:
Ой жүйелілік қалыптасады. СМС(ҚХҚ) көлемі шектеулі. Сол себепті шағын көлемді мәтінге біршама ойды жинақтап жазу қажеттігі туады. Осы сәтте СМС(ҚХҚ) авторы бірнеше ойды қорытындылап жазады. Мысалы, морфологиялық тұрғыдан, бара жатырмын дегеннен гөрі баратрмын қысқарақ.Сондай-ақ, университет дегеннен гөрі универ деген тиімдірек, лексикалық жағынан интернет дегеннен гөрі «сеть», магазинге бардым дегеннен гөрі шоппинг деген тиімді болып саналады.
Транслитерация. СМС(ҚХҚ) жазушылардың алдында тұрған міндеттердің бірі – қазақ тіліндегі сөздерді латын тілінде пернеліктермен енгізу. Бұл бір жағынан бізге ұтымды. Себебі қазақ жазуы латын әліпбиіне көшетіні мәлім. Бұл көшуімізге оңтайлы дайындық десек болады.
Эмоцияны еркін білдіру. Психологиялық фактордың үнемдеу заңын нақтылай түсетін бірінші құбылыстары - сөз жұту, үнсіз қалу. Үнемдеу заңынан туындайтын сөз жұту жеке адамгың психикалық жай-күйіне байланысты болмақ.
Сөйлеушінің сөйлеу актісіндегі сөздерінің жұтылуы түрлі психологиялық жағдаятқа байланысты екенін төмендегі түрлі сезім мен көңіл-күйдің өзгерісінен пайда болатын психологиялық жай-күйлердің әсерін анықтауға болады. Сөз жұту психологиялық жай-күйге (яғни, «қорқу», «толқу», «өкіну», «қуану», «ашулану»), бейвербалды амалдарды жатқызуға болады[6]. Жастардың жазба тіліндегі үнемдеудің ең бір артық тұсы да осы. Мұнда адамның қандай көңіл-күйде отырғанын белгілі бір жақша, нүкте таңбаларын қою арқылы(смайликтер)арқылы білуге болады. Э.Берн бұл құбылысты қажет деп санайды, себебі хат иесінің қандай күйде отырғандығын білу құралы деп таниды. Бұл құбылыссыз жастардың жазба тілін елестетуге болмайды, себебі сөйлемдерді біз тыныс белгілерісіз оқып, танып, түсіне алмаймыз. Бұл құбылыс та дәл сол сияқты.
Осындай ерекшеліктері бар жастардың жазба тіліндегі үнемдеу заңы тіліміздің күрделіден қарапайымға жақындауына жол ашатынына сеніміз мол. Және де бұл тіл бірліктерінің эволюциясының жемісі болып саналады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. www.wikipedia.ru
2. Г.Спенсер. Основные начала. Киев, 1886, 171-172-беттер
3. Г.Пауль. Принципы истории языка. М., 1960, 301-315-беттер
4. А.Мартине. Принцип экономии в фонетических изменениях. М., 1960. 126-бет
5. И.М.Тронский. Очерки из историй латинского языка. М., 1953, 134-бет
6. С.А.Оданова. Қазақ тіліндегі түбір сөздердің үнемделуі (автореферат). А., 2010
Эмоция, баға, бағалау түрлері
Г.Қ.Ақсисенова, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты
Ғылыми жетекшісі ф.ғ.к., доцент Б.Қ. Мұратбек
Адамның эмоциялық жай-күйін зерттеудегі даулы мәселелердің бірі-ойлаудың өзіндік ерекшеліктерін анықтап, ара жігін ашу. Бұл ретте эмоция теориясында екі негізгі бағытқа тоқталуға болады. Оның бірі -эмоцины, өтіп жатқан ситуацияны, ақыл-ойды қарастыра отырып түсіну тәсілі деп ұғатын Аристотельге барып тіреледі. Екіншісі -эмоцияны физиологиялық реакция деп қарастыратын ХІХ ғасырдағы У.Джеймс идеялары. Қазіргі заманғы эмоция теориясымен айналысып жүрген психологтарда бұл проблемаға екі компонентті көзқарас қалыптасқан, яғни эмоция дегеніміз, физиологиялық реакция және нақты пікір. Эмоцияны зерттеумен түпкілікті айналысқан физиолог ғалымдар С.Шахтер мен Дж. Зингер де эмоцияны «физиологиялық реакция мен дүниетанымдық (когнитивті) әрекет»-деп түсіндіреді. Бағалаудың эмотивті компонентін бағалау объектісіне деген субъектінің жақсы-жаман деген көзқарасын тудырып, объектінің өзіндік қасиетіне сүйенген объективті көзқарасы қарама-қарсы қойылады. Эмоционалды және рационалды баға субъектінің объектіге деген қарым-қатынасының екі жағы болып есептеледі: біріншісі - оның эмоциясы мен сезімдері, екіншісі - белгілі фактілерге сүйенген пікір. Эмоционалды және рационалды баға беруде бағалауыштық қатынастың түрлерін суреттейтін түсінуден ажырата білу керек. Әдетте, интерпретация предикативті сөздер немесе етістік арқылы беріледі. Е.М.Вольф тілді эмоцияны сипаттайтын тіл және эмоцияны білдіретін тіл деп бөліп қолдануды ұсынады. Бұл пікірмен санаспауға болмайды, өйткені, лексикалық бірліктер эмоцияны білдіру үшін қолданылса, фразеоллогизмдер көбінесе, оның ішінде одағайлар мен алғыс, қарғыс мәнді фразеологизмдерді қоспағанда, эмоцияны сипаттау үшін қолданылады. Мысал келтіріп көрейік:
-Қандай тамылжыған көктем! Мынау керемет қой!,-деген сөйлемдерде адам өзінің эмоциясын лексикалық бірліктер арқылы білдіріп тұрса, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығу, жаны мұрнының ұшына келу, кеудесіне нан пісіру т.б. фразеологизмдерде эмоция сипатталып тұр. Олай болса, эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдерде көп жағдайда бейнелеу, сипаттау басым. Бұл - эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдердің басты ерекшеліктерінің бірі.
Біз, осылайша тілдік бағаны екіге бөле отырып, мысал жинау барысында, сөйлем ішінде эмоционалды баға және рационалды бағамен қатар эмоционалды-рационалды бағаның да қабат келетін тұстарын байқадық: 1. А)Рационалды абсолютті баға: 1) Қазір адамды бағалауда басты критерий байлық, мансап, кірісі мол кәсіп болып отырған секілді. Адамның қоғамдағы орны мен салмағы осы өлшемдерге сай анықтала бастады. Мұны күнделікті өмірден көріп жүрміз. Бұл, меніңше, уақытша құбылыс. Түбінде әр адам ақыл-парасатына, еңбек ету қабілетіне, қоғамға әкелер жақсылығына қарай бағаланатынына сенемін (Ә.Қалмырзаев. «Ақиқат» ). Бұл үзіндіде автор адамға бағаны ауқымды түрде, яғни қоғамда өз орны мен салмағы бар адам өлшемдерін жан-жақты көрсете отырып береді. Бұл - рационалды абcолютті бағаның басты критерийі болып табылады.
1. Рационалды салыстырмалы баға:
1). Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады
Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады.
2). Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын
Бауырмал болса, інің жақын
Инабатты болса, келінің жақын (Қаз дауысты Қазыбек).
Қаз дауысты Қазыбек жақсы ұл мен жаман ұлға және басқа туыстық қатынастарға рационалды бағаны оларды салыстыра отырып береді.
2. Эмоционалды баға: Соғыс басталды барлық билікті қолға алған Жылымбек аспанға қолы жеткендей айналасындағыларды аяусыз езгілеп, құдайын ұмытуда (Б.Шаханов). «Мықтысың, мықтысың»-дегенге мұрнын көкке шүйіріп, ешкімді елер емес қой тіпті (Б.Шаханов). Осы сөйлемдердегі аспанға қолы жеткендей, құдайын ұмытуда, мұрнын көкке шүйіру сияқты ФТ менмен адамның сипатын беріп, эмоционалды бағалау мағынасында қолданылып тұр.
3. Эмоционалды-рационалды баға: Қазір қағажу көріп келгенде маңдайыңнан сипайтын адам бойындағы қайырымдылықтың құшағы қасаң тартып, қажып, шаршап, шөлдеп келгенде басатын мейірімнің арнасы суалып, тартылып бара жатқандай. Олардың орнын бойкүйездіктің батпағы мен немкеттіліктің ақ сортаң топырағы жайлап бара ма деп қорқам. Сондықтан, меніңше, адам бойындағы әр түрлі әлеуметтік қиғаштықтар мен ағаттықтардың бүлініп, бұзылған адам бойындағы ізгі қасиеттер қалпына келмей табиғат, мәдениет т.б. экологиялар да жақсара қояды дегенге сене қою қиын. Мен үшін адамгершілік, ар-ождан экологиысы барлық экологиялырадың түп тамыры, түп қазығы сияқты. Өйткені адамгершілік, ар-ождан экологиясы тазармай, сол экология сауықпайды деп білем (Т.Медетбек). Міне, Медекбектің экологияға берген бағасында орынды, ұтымды пікірмен қатар, табиғатт экологиясына деген жанашыр, азаматтық сезімі де байқалады. Сонымен қатар, автор қайырымдылықтың қасаң тартқан құшағы суалып, тартылып бара жатырған мейірімділіктің арнасы, бойкүйездіктің батпағы, немкеттіліктің ақ сортаң топырағы сияқты сөз тіркестерін бейнелі түрде қолдана отырып, өз эмоциясын шебер бере алған.
3. Г.Н.Смағұлова: «Мағыналас фразеологизм қатарында әсіресе, коннотативті компонеттер түгелге дерлік бағалағыштық, сипаттағыш қасиетіне ие болып, эмоционалды жағы тым жоғары болады. Мұндай қатарларда адамға қатысты қасиеттер: жақтырмау, ұнатпау, менсінбеу сияқты ішкі сезімді бейнелейтін тіркестер бар»-дейді [4.194].
Мақтаншақ, менмен адамның жалпы сипатын мынадай мағыналас қатарлар арқылы беруге болады: есек құрты мұрнынан түсу, көзінің еті өсу, ханға сәлем бермеу, асып-төгілу, деміне нан пісу, көзіне шел біту, көкірек керу, шекесіне қарау, танауымен көк тіреу т.б.. Бұлар-жағымсыз көзқарастан туатын бағалау. Тіліміздегі май басу, бес биенің сабассындай, үрген қарындай, басы табақтай, қарны қабақтай сияқты тіркестер ұнатпау реңкіндегі дөрекі стильге жататын бағалау. Синонимдік қатарларда адамға қатысты жақтырмау, ұнатпау, менсінбеу сияқты ішкі сезімді бейнелейтін тіркестер кездеседі. Мысалы: адамға санамау - адам қатарына қоспау - кісі (адам) құрлы көрмеу- көзіне ілмеу- қонышына теңгермеу- қор тұту, төмен санау-пысқырып та қарамау- ернін шүйіру- аспанға қарау сияқты ФТ қолданамыз. Мұндағы сөйлеушінің кекесін эмоциясы бағалауыштық қасиетте көрінеді. Сөздіктердегі ұрысу, дөрекі, мысқыл, кекесін, жақтырмау, ұнатпау, менсінбеу, елемеу, жек көру, кемсіту, қарғыс т.б. деген белгілер қойылған фразеологизмдер түгелге дерлік бағалауыштық мәндегі фразеологизмдер болып есептеледі. Ауызбен орақ ору - ұнатапау; жел өкпе - жақтырмау; көбік өкпе - кекету; тұяғы қимылдамау - ұнатпау; қолынан боқ келмеу - кемсіту; Бұл фразеологизмдердің жеке тұрғанда эмоциялық реңі анық байқалмағанмен, контекст ішіндегі қолданысына қарай эмоциялық бояуы анықтала түседі. Таңертеңнен бері тұяғың бір қимылдаған жоқ, қасындағы жас балалардан ұялсаң етті, - деді де, Дидар түңілгендей теріс айналып кетті (М.Сүндетов). Ас ішіп, аяқ босатар жалқаулар өзімізде де жетеді, шын көмектескің келіп тұрса, ана Сәрсеннің бригадасындағы тепсе темір үзер бір-екі жігітіңді қос, - деді Ләйлә (М.Сүндетов). Жас ақынның жел өкпе мінезі Мұқаң қартқа ерсі де көрінетін, бертін келе оның елжірлігін де, елпілдектігін де елемей, тауып айтқан әр сөзіне сүйсінетінді тапты (М.Сүндетов). Бұл сөйлемдердегі тұяғы қимылдамау, ас ішіп, аяқ босату, жел өкпе фразеологизмдері-жағымсыз мәндегі эмоционалды баға.
Эмоцияны тудырып отырған болмыс объектісін «+» (жақсы) немесе «-» (жаман) белгілері арқылы сипаттай отырып, эмоцияның өтіп жатқан іс-әрекетті бағалау функциясын атқаратыны көпшілікке мәлім. Белгілі бір фразеологиялық тұлғаны жағымды және жағымсыз эмоция қатарына жатқызу эмоциялық күйдің көтеріңкі немесе төмеңгі дәрежесімен байланысты болмайтынын, оларды жағымды, жағымсыз бөлудің негізінде «сол эмоциялар арқылы қанағаттану не қанағаттанбау белгілері жатқанын ескеру керек». Олай болса, бағалауыштың эмоцияға жуық тілдік категория екенін айта отырып, оның рационалды баға деген түрінің сөйлеушінің ұғым мен затқа, оқиға мен әрекетке өзіндік көзқарасынан туындайтынын, ал эмоционалдық баға, көбіне, субъектінің эмоциясына байланысты болып, кекету, мысқылдау, кемсіту, менменсу, ұнатпау мағынасында қолданылатынын баса айтқан жөн.
Сонымен, айтылатын ойды дәл, толық жеткізу тіліміздегі фразеологизмдерді әрі әсерлі, экспрессивті-эмоционалды сипатпен, сол ойға, жағдайға байланысты кейбір өзгерістермен қолданудың қажеттілігі туады. Бұл құбылыс тілдің ішкі өз заңдылықтарынан туатындықтан да фразеологиялық варианттарды тілдегі басы артық құбылысқа жатқызуға болмайды, ол тілдің ішкі заңдылықтарына қайшы келетін немесе сол тілді бұзатын керексіз категория емес, керісінше тілді байыта түсетін, ойды мәнерлер, әр түрлі стильдік ерекшеліктермен орамды етіп жеткізуге көмектеседі.
Әдебиет тізімі:
Лукъянова Н.А. Экспрессивная лексика разговорного употребления: Проблемы семантики.-Новосибирск: Наука 1986.
Стернин И.А. Лексическое значение слова в речи.-Воронеж: Изд-во Вороженского ун-та, 1985.
Копыленко М.М. О выразительных средствах эсперанто (Ученые записки Тартуского ун-та.Вып 664. Теория и история межд.яз)-Тарту, 1983.
Г.Н.Смағұлова «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» - Алматы, 1998.
Қазақ танымындағы «қыз» ұғымының лингвомәдени мәні
А.Асылханова, ҚазМемҚызПУ 1-курс студенті.
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор Т.Н.Ермекова
Тіл әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін табиғаты күрделі құбылыс болып табылады. Тіл адамның ой-санасы, танымы мен түсінігі, адамзат қоғамымен бірге өзгеріп, бірге жасасып келеді. Сол себепті тілдегі кез келген ұғымдар негізінде сол халықтың болмыс-бітімі, тұрмысы, мінез-құлқы мен халықтың рухани мәдениеті жатыр деуге әбден болады. Осымен байланысты кез келген тілдік құбылыстың табиғатын, оның тек тілдік заңдылықтарына сүйеніп қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, солт-дәстүріне ұлттық болмысына назар сала қарау тіл білімінің лингвомәдениеттану саласының үлесіне тимек.
Лингвомәдениеттану – ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этика-эстетикалық, рухани және тұрмыстық қатынастар мен олардың заңдылықтарын тілдік құрал арқылы зертейтін тіл білімінің бір бағыты. Лингвомәдениеттанудың ең негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көріністерін, тіл фактілері мен халықтық танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау.
Тіл мен мәдениетті сабақтас зерттеген ғалымдар, соның ішінде қазақ ғалымдары Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, т.б. мәдениетті тілден бөліп алып қарамай, тіл – мәдениеттің бір көрінісі, ол екеуінің арақатынасы ерекше маңызды деп санайды. Себебі, кез келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп, көрінетіні, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетіні белгілі. В.Гумбольд айтқандай: «Ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беруші күш - тіл».
Осымен байланысты тіл мен мәдениетті біріктіріп қарастыратын сала лингвомәдениеттану (лингвокультурология). В.Воробьев лингвомәдениеттануға мынадай ғылыми анықтама береді: «Лигвокультурология – это комплексная научная дисциплина синтизирующего типа, изучающая взаимосвязь и взаимодействие культуры и языка в его функционировании и отражающая этот процесс как целостную структуру единицу в единстве их языкового и неязокового (культурного) содержания при помощи системных методов с ориентацией на современные приоритеты и культурные установления (система норм и общечеловеческих ценностей)». Ғалым В.А.Маслова бұл пәнді халық мәдениетін танытушы ғылым деп санап, былайша анықтайды: «Лингвокультурология – это наука, возникшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке» [1,4-6].
Жаңа ғасырда ерекше қарқын алған жаһандану үдерісінің жағымды, игі әсерлерімен қатар жағымсыз ықпалы жөніндегі пікірталас толастамай отырғаны мәлім. Әсіресе ұлттық болмысты табиғи қалпында сақтауға деген құлшыныс пен ұмтылысты бәсеңдетуде ізін қалдырмай кетпейтін аталған үдерістің кейбір кері әсерлерін кемітуге өзге құбылыстармен бірге халықтың тіліндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерге айрықша назар аудартатын антропоөзектік бағыт қарсы тұруда. Бұған соңғы кездердегі лингвистикалық зерттеулер дәлел .
Ер жігіт өзінің күш-қуатымен ерекшеленсе, қыз сұлулығымен, жан дүниесімен, рухымен құдіретті. Ғасырлар толқынымен бірге сұлулыққа деген көзқарас та өзгермелі екені заңдылық. Мәңгілік қойнауынан бізге жеткен арулар кескінін көз алдымызға елестетсек, сұлулық тәңіріндей салтанатты Египет патшайымы Нефертити, мәрмәр тәнді Венера Милосская, өзіміздің тотыдайын таранған, аққудайын сыланған Қыз Жібек, Ақжүніс, Баян сұлулар келбеті кесекөлденең тұра қалары сөзсіз.
Адамның белгілі бір қасиетін, мінез-құлқын, белгісін сипаттау тілдік жүйеде және жазушы мен сөйлеуші аталған тілді тұтынушылардың өмір сүру жағдайына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дүниетанымы, таным-талғамына, күнделікті тұрмыс пен өмір тәжірибесінде бұрыннан қалыптасқан түрлі зат, құбылыстармен байланысты. Яғни тілден халықтың рухани және материалдық мәдениетінің іздерін байқауға болады.
Қазақ салтындағы қыз өміріне қатысты басты оқиға – балиғатқа жеткен қызды тұрмысқа беру. Дана халық бұл мәселеге немқұрайлы қарамаған. Қазақ қызының бағасы мен сипатын, қадір-қасиетін дәл тауып, оны өзінің даналық сөздері, мақал-мәтелдері арқылы өрнектеп, ұрпақтарына мирас етуші халқымыздың бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, асылы мен жасығы туралы көзқарасы аталған теңдессіз мұраларында айқын көрініс тапқан. Мысалы, «Көріп алған көріктіден Көрмей алған текті артық». Бұл мақалдан қазақ халқының қыздың тәрбиесі мен тектілігіне зор мән беретінін, әрі текті қыз болашақта жақсы жар, мейірімді ана болатынын өте орынды болжаған.
«Тең теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша әр ата-ана өз баласын теңіне қосылғанын қалайды. «Жыршы қызға – сыршы күйеу» деген мақалда осыған сәйкес айтылған. «Қыз өссе – елдің көркі, Ұл өссе – жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, Жақсы жігіт - аспандағы жұлдыз» деген мақал-мәтелдер қыз баланың ел арасындағы қадір-қасиетін ашып, жақсы қызды жағадағы құндызға теңейді. Бұл мақалдарда қыз бала мен ұл баланың қатар қолданылуы екеуінің қоғамдық өмірдегі орнын айқындай түсіп, екеуінің де өмірде маңызды рөл атқаратынын білдіреді, сонысымен осы екі ұғым (қыз және ұл) бірін-бірі толықтырушы ұғымдар іспетті. «Қызың өссе қылықтымен ауылдас бол», «Қыз қылығымен», «Қыз мінезді келсін, Ұл өнерлі келсін», «Қыз назы қырық кісіні мас қылады» деген мақал-мәтелдер қыз бойындағы қылықтылық та, қызға тән ерекше биязы мінез де сынға түсетінін білдіреді.
Қазақ қызы қашан да «сұқ көз, суық сөзден» сақтанып жүрген. Себебі, қыздың абыройы мен ары – бүкіл елдің абыройы мен ары екенін жақсы түсінген. Халқымыздың «Қызға қырық үйден тыю, қала берді есіктегі қара құлдан тыю» деген аталы сөзі желкілдеп өскен қыр қызғалдағына көрсетілетін қысым емес, жаман аттан аулақ болсын дегені.
Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Оны мынадай мақал-мәтелдерден анық аңғаруға болады: «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді», «Қызды ауылдың қызығы көп». Бұл мақалдар халқымыздың қыз баланы аса жоғары бағалап, қадірлейтінін аңғартады. Ата-бабамыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырып, тым еркінсітпеген. «Қыз – өріс, ұл - қоныс» деп білетін халықтың қыз балаға көңілі айрықша.
«Қыз – жат жұрттық», «Қыз - қонақ» деген сияқты мақал-мәтелдер қыздың тұрмыс құрып, қияға қонуына қатысты айтылған. Мақал-мәтелдерден қазақ халқының салт-дәстүрлерін де тануға болады. Мысалы, «Қыздың құны қырық жеті» деген мақал-мәтел ұзатылатын қыздың жасауының өтеуі ретінде берілетін «қалың малдың» мөлшеріне сәйкес айтылған. Қалың малдың мөлшері негізінен 7, 17, 27, 37, 47 байтал бірлігімен өлшенген. Ең көп таралғаны - 47 байтал төлемі. Бұл мақал соған сәйкес. «Қызға бергенді Қыдыр өтер», «Қыз ұзатқанның қызылы қалмас» мақал-мәтелдерінің де қыз ұзатудағы «жасау» дәстүріне қатысы бар. Жасау – жігіт жағынан келген қалың мал мөлшеріне шамалас, кейде одан да асып түсетін, ұзатылатын қызға берілетін мал-мүлік. Үйленудің қандай түрі болмасын қызына жасау беру – ата-ана мойнындағы борыщ болып есесптелетіндіктен «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» бойынша қалыңдықтың туысқандары ешқашан қызын жасаусыз үйден шығармаған.
Халқымыздың ырым-тыйым сөздерінің ұрпақ тәрбиесінде қазір де мәні жойылған жоқ. Ырымдар мен тыйымдар халқымыздың әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып отырған. Ырым - жеке адамның немесе қауымның жору, болжау арқылы орындауға тиісті ережелері. Әрбір ырымның өзегінде бір замандарда қоғамда маңызды рөл атқарған әдет- ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің сарқыны, қуатты қайнар көзі жатыр. Қыз бала тәрбиесіне қатысты ырым-тыйымдардың бірқатарын ұсына отырып, түсініктеме беріп өтер болсақ:
Халқымыз қыз баланы "қыздың жолы жіңішке", "қыз жат-жұрттық" деп қастерлейді, «қыз қабағында құт бар», «қыз қабағы күрең тартса, ел жұтқа шалдығады, қыз қабағы күлімдесе құт қонады», «қызды қорлаған қызыл шақасынан айырылады», «қыздың жолы қырық кісінің жолын бөгейді», «қызды жылатқанның қырсығы арылмайды», «қыз - ақ орданың шамшырағы» деп ырымдап, қыз баланы адамның бақытына, құтына балайды.
Қонақ болып барған қызды үйдің төріне отырғызады, себебі "қызда қырық көліктік бақыт бар", төрде отырса, сол бақыттың жұғыны төрде қалады, "қызда қырық қырсық та бар", босағада отырса, сол қырсық үйде қалады, "қызда оттай ыстық мейір бар", төрде отырса, сол мейір сол үйге бағышталады, "қызда мұздай суық ызғар да бар" есік жақта отырса, сол ызғар үйді шалады, "қызда қырық періште бар", төрде отырса, сол періштелер сол үйге қонады. "Қызда қырық сайтан бар", есік жақта отырса, сайтандар сол үйде қалады деп ырымдайды. Мұның бәрі қыз баланың нәзіктігіне қарай құрмет болып табылады.
Тыйым (табу) болатын белгілі бір қатерден адамды қорғандыру, сақтандыру, сол арқылы табиғат пен әлеуметтік күштердің ризашылығын алу үшін жасалды. Тыйым – ол адам сөзсіз орындауға тиісті, талқылауға жатпайтын, қоғамда қатаң қалыптасқан, сірескен ережелердің жиынтығы. Оны адам бала кезден естіп, үйреніп-біліп, өле-өлгенше орындауға тиісті. Яғни, тыйым сөздерді заң ретінде қабылдаған.
Қыз балаға қатысты тыйым сөздердің бірқатарына тоқталсақ: «Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды», «Қызға жеңілтек болады деп құйымшақ жегізбейді» деген тыйым сөздер қыз бала тәртібі мен әдебіне қатысты айтылса, «Қызға өкпе жегізбейді», «Қыз өкпешіл болса, ырысы кем болады» деп, қызға кез-келген дүниеге өкпелеу дұрыс еместігін, әрі қызға орынсыз жерде қабақ шыту жараспайтынын айтқан.
Қазақ халқының түсінігінде басқа тартатын орамал түсінде де мән бар. Соған байланысты, «қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды». Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі саналған.
«Қыздың көркі - шаш» деп білетін халқымыз қыздарының шаш қоюына ерекше қарап, күтіміне пайдалы ақыл-кеңестер беріп, ұзындығына көңіл бөлген. Сол үшін «Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді». Қыз баланы қасиетті жаратылыс деп білетін халық «жаңа туған сәбидің оң жақта отырған қыздың емшегімен ауыздандырса, ақын болады» деп сенген Қазақ танымындағы «қызды тұрмысқа беру» ұғымының лингвомәдени мәні қазақ фразеологизмдерінен де көрініс тапқан. Мысалы, қыз айттырды - қызға құда түсті, атастырды, қызды алмақ болып уәде байласты деген мағынаны білдіреді. «Қыз айттыру» деген бұрынғы уақытта болған нәрсе. Қазақ арасындағы аңызға қарағанда, қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді. (Ы.Алтынсарин).
Қыз алары - жеке, арнаулы сыбаға, көбінесе, үйленбеген жігітке той-томалаққа тартар сый-аяқ.
Мырза ағаның қыз аларын беріңдер деп бір жеңгесі күле қарады (Ауызекі тіл).
Қыздай алған әйел тұрақты сөз тіркесі қыз кезінде алған жұбайы деген мағынаны білдіреді.
Әйгерімді алғаш атастырған күйеуі жастай өліпті де, кейін қайынағаға ұйғарған екен. Ол мосқал адам және бұрын қыздай алған әйелі бар (М.Әуезов).
Қыздан туған қиықсыз – қыздан туғанда қиық жоқ тұрақты сөз тіркесі жат емес деген мағынада.
Еспенбеттің шешесі Ер Қосайға немере, Қиық жоқ қыздан туғанға, Оны бөтен көрер ме? (Д.Бабатайұлы).
Қыздың жиған жүгіндей – қыз қолынан шыққан дүниедей сәнді, жинақы, тәртіпті деген мағынасы бар. Алатауым әсемденген Қыздың жиған жүгіндей. (Қазақ әндері).
Қыз қашар – қызды қашыруға себеп болған кісілерге күйеудің беретін сыйлығы. Осы кеш сол ауылда бір үй әзірленеді. Оның қожасына күйеу ат мінгізуге не шапан жабуға тиіс, бұл кәде «қыз қашар» деп аталады (Ы.Алтынсарин).
Қыз қуу – той-думандарда жүйрік атқа мінген қызды жігітке құдыру ойыны. Тойда ат шабу, балуан күресу, қыз қуу сияқты ұлт ойындары болады (С.Мұқанов).
Қыз ұзату – қызды күйеуге беру, қызды барар жеріне шығарып салу. Осы қалада қыз ұзатылса, келін түссе... Абайдың сөзі, әндері көп жерде-ақ айтыла, атала жүретін (М.Әуезов).
Бұдан байқағанымыздай қазақ танымындағы «қыз» ұғымының лингвомәдени мәні зор. Халқымыз балиғат жасындағы қызды тұрмысқа берудің өзіндік қағидаттарын қалыптастырған. Осы салтқа байланысты пайда болған сөз айшықтары халқымыздың қыздың тәрбиесіне, ортасына, тегіне, сұлулығына мән бергенін айқын аңғаруға болады. Өйткені, дана халқымыз «қыз тәрбиесі – ұрпақ, ұлт тәрбиесі» деген қағидатты басты назарда ұстаған.
Достарыңызбен бөлісу: |