Шет ауданының әкімі Р.Әбдікеровтің 2015 жылғы жұмысы туралы аудан тұрғындары алдындағы есебі
Ақсу – Аюлы ауылы
5 ақпан 2016 жыл
Құрметті халайық!
Қадірменді аудан тұрғындары!
Біз өзіміздің жаңа арманымыз "ТӘУЕЛСІЗДІККЕ" қарай жақындауды 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам" "Ұл Жоспарын" орындаудан бастадық.
Жыл басынан бері мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін жаңа құқықтық орта қалыптастыру мақсатында 59 заң қабылданды.
Өткен жылдың соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын жариялады.
Жылдың басты саяси құжаты болып табылатын Жолдауда, Елбасы қазіргі дүниежүзілік экономикада орын алып отырған дағдарыстың шығу себептеріне тоқталып, оны еңсеруге бағытталған шаралармен таныстырды.
Міне, осы орайда бұл Жолдау – халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады, елді бірлікке, ынтымаққа, екпінді еңбек етуге шақырады.
Елбасымыздың Жолдауында аталып өтілген мақсаттар мен міндеттерді орындауда ауданымызда атқарылған жұмыстарға тоқталуды жөн көріп отырмын.
Аудан экономикасының негізгі бағыты ауылшаруашылық саласы болғанымен, экономикалық өркендеуіне өнеркәсіп саласы мен шағын және орта кәсіпкерлік саласының алатын орны ерекше.
Аудан экономикасының нақты секторларында 54,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2014 жылы 54 млрд. теңге болған.
Бұл салада алдыңғы орында жүрген «Нова-Цинк» серіктестігі өнім өндіруде нәтижелі жұмыс жүргізіп 11 млрд. 44 млн. теңгенің өнімін өндірсе, ол өткен жылғыдан 700 млн. теңгеге артық. Аудан экономикасының өсу резервтерін арттыру мақсатында ашық түрде шикізат алу тиімсіз болуына байланысты кәсіпорын биылғы жылы құрамдастырылған-шахталық тәсілмен кенді өндіруге көшуді бастады. Алдыңғы жылдары жобамен жалпы құны 15 млрд. теңге инвестиция құйылмақ, 400-ге тарта мамандар қайта даярлаудан өткізіліп, қосымша 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өткен жылдың екінші жарты жылдығында дүние жүзінде белең ала бастаған дағдарыстың салдары аудан кәсіпорындарында айналып өтпеді. Сыртқы нарықтағы металл құнының күрт төмендеуі «Бапы Майнинг» серіктестігінің өнім өндіру көлемінің төмендеуіне әкеп соқты. Соның салдарынан, 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілмей, 140 адамды қысқартуға мәжбүр болды. Дегенмен, өткен жылы 756 мың тонна темір қоспасын өндіріп, кәсіпорын өнім өндіруге барлық мүмкіндіктерінің бар екендігін көрсетті.
Қазіргі кезде Текелі қаласындағы кен-байыту комбинатына кәсіпорынның өнімін өткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Алдағы мақсатымыз, осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын жұмысын қайта жандандыру және іске қосу болып отыр.
Өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың жұмысына қолдау көрсету мақсатында іс шара жоспары құрылып бекітілді.
Аудан экономикасында теміржол саласының алатын орнын ерекше екенін атап өтуге болады. Бүгінде аумақтағы 11 стансадан өтіп отырған шойын жолда 3800 адам жұмыс істесе, ол ауданның еңбекке жарамды тұрғындарының төрттен бір бөлігін құрайды. Орташа есеппен жылына 747 мың адам тасымалданып, 16 млн. тонна жүк республика аймақтарына жеткізіледі.
Өндірістің өңдеу саласындағы кәсіпорындармен 1 млрд. теңгенің қызметі көрсетілсе, соның 650 млн. теңгесі «Қамқор Локомотив» серіктестігі «Ақадыр доңғалақ цехына» тиесілі.
«Ырыс-2004» серіктестігімен ағымдағы жылы көрсетілген қызмет көлемі 447 млн. тенге болды. Кәсіпорын көрсеткіші 2014 жылғы деңгейін 235 млн. теңгеге төмендеген. Себебі, жаңа технологиядағы электровоздар айналымға беріліп, оларды жөндеу аралықтарының ұзартылуы мен жөндеу барысында жұмыс күшінің көптеп талап етілмеуінен туындады.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен жұмыс көлемінің күрт төмендеуінен кәсіпорынның тоқтап қалу қауіпі туындағанда жұмыскерлерді қысқартпау, сақтап қалу мақсатында «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ республикалық басшылығымен келісөздер жүргізіліп, жөндеу жұмыстарының көлемі белгілібір мөлшерде белгіленді.
Ауданның өнеркәсібінде өндірілген өнімнің 21 пайызы электр қуатын және су тасымалдау кәсіпорындарының үлесіне тиесілі. Кәсіпорындармен жыл ішінде 4 млрд. 200 млн. теңгенің қызметі көрсетіліп, 2014 жылғыдан 15,4 пайызға артты. Атап өтерлігі, жалпы көрсетілген қызмет көлемінің үштен екісін яғни 3 млрд. 300 млн. теңгесін «Ақадыр электржабдықтау дистанциясы» көрсетті.
Ауданымыздың тұрақты экономикалық даму деңгейін жоғарылату мақсатында бәсекеге қабілетті өнім шығару және инвестиция тарту бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Ақшатау кентіне қарасты «Қызылтас» кен орынында «Астана Құрылыс» серіктестігі қазба жұмыстарын жүргізумен қатар, тау кен фабрикасының құрылысын салуды жоспарлап, 2017 жылы аяқталмақшы. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрап, толық қуаттылығына шыққан уақытта 240 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.Аймақтық индустриаландыру Картасына еңгізу үшін облыстық үйлестіру кеңесіне ұсынылды.
Бұл дегеніміз, болашақта осы өңірдің металлургия саласындағы зор мүмкіншіліктерін көрсетіп отыр.
Жалпы құны 25 млрд. тенгені құрайтын жобаны Германиядағы Шульц кәсіпорынның Астана қаласындағы филиалы іске асырмақшы. Бүгінгі күндері аудан әкімдігі тарапынан аталған кәсіпорын басшыларымен және «KEGOC» АҚ басшыларымен жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорын келесі жылы жұмысын бастап, онда 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы құны 111 млрд. теңгені құрайтын «Көктіңкөлі молибден» ең ауқымды жобасымен айналысып отырған «Дала Майнинг» серіктестігінің басшылары жобаны іске асыру мақсатында инвестор іздестіруде.
Бүгінгі күнде, «Үлкенжол» кенорнында марганец кенін барлау жұмыстарын «Аdelya Mining» серіктестігі, «Сарыадыр» жерінде мыс-порфирлі кенін барлау жұмыстарын Центрказгеология, «Алмалы» алаңында мыс-алтын кенін барлау жұмыстарын «Saryarka Resources Gapital» серіктестігі, «Қорғантас» учаскесінде мыс-порфирлі кендерді барлау жұмыстарын «Қорғантас» серіктестігі жүргізуде. Бұл жобалардың жалпы құны 1913,9 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен бірге «Сары Арқа» ҰК АҚ-да «Сүлу Мәдинеде» марганец, «Дүйсен», «Киік» жерлерінде темір, «Байназарда» вольфрам мен молибден кенін, «Батыстауда» полиметалл кендерін өндіру жобаларының тізбесі қалыптастырылды.
Осындай маңызды индустриялық - инновациялық жобалар ауданға инвестиция әкелуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Егер іске асырылса, сонда ғана ауданымыздың экономикасында ілгерілеушілік пен алға деген ұмтылыс болады.
Есепті мерзім ішінде барлық салалардан ауданның шаруашылық құрылымдарымен негізгі қорға 7 млрд. теңгенің инвестициясы құйылды. Осындай ірі және орта кәсіптік жобаларды іске қосу және құрылымдарда базаны ұлғайту мен инфроқұрылымды дамыту арқылы алдағы жылдары қорға инвестиция құю жоспарын мақсатты түрде орындауға барлық күшімізді салуымыз керек.
Ауылдық округтер мен кенттер әкімдеріне аудан елді мекендерінде шағын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және шағын кәсіпкерлік құрылымдарының санын арттыра отырып, оларда жаңа жұмыс орындарын ашуға 2011 жылы тапсырма берілген болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде кейінгі жылдары, яғни 2012 жылы құны 587 млн. теңгені құрайтын 68 жоба іске қосылса, 2013 жылы жалпы 669,6 млн. тенгені құрайтын 90 жоба, ал 2014 жылы 454 млн. теңгенің 58 жобасы жүзеге асырылса, өткен жылы 354 млн. теңгенің 48 жобасы іске қосылып, барлығы 614 адам жұмыспен қамтылған екен. Алдағы уақытта да осы бағытта атқарылатын жұмыстардың ауқымы анықталып, өз жалғасын таба бермек.
2015 жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы өндірілген өнім көлемі 13 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғы деңейден өсім 39 пайызды құрады. Қазір өз ісімен айналысушылар саны 4252 адамға жетті. 2016 жылдың бірінші қаңтарына аудан бойынша есепте тұрған 22247 шағын және орта бизнес құрылымдарының қатарында өткен жылы ашылған Ақсу Аюлы, Нұраталды, Киікті және Ақой ауылдарындағы жаңа тойханалар мен Мойынтыдағы дүкен де бар.
Саладағы кәсіпкерлер өз істерін ашуға және кеңейтуге әр түрлі несиелік қорлардан 2014 жылы 350,0 млн. теңге несие алса, өткен жылы бұл көрсеткіш 551 млн. теңге жетіп отыр.
Сонымен қатар ауданда шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлерге аудандық бюджеттен 5 млн. теңгенің аудан әкімдігінің гранты берілді, бұл келесі жылы да жалғасын таппақ.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың тиімділігін бүгінде жұртшылық түсінгендей. Себебі өз ісін ашамын деушілер қатары көбейіп, 2014 жылы 3 рет және 2015 жылы 4 рет ұйымдастырылған тегін семинар – тренингтерге қатысушылар саны артып келеді.
Сондай – ақ, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бырыңғай бағдарламасы аясында 2015 жылы 89 млн. теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылып, 8 ауыр жүк көлігі сатып алынса, 16 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы 2011 жылы бағдарлама қабылданғаннан бері ауданымызда 211 млн. теңгенің 7 жобасы іске асырылса, 87 жаңа жұмыс орны ашылған. Осы жылы ауданда 4 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып, 60-қа тарта жаңа жұмыс орнын ашу межеленіп отыр.
Аудан бойынша бірінші кезекте тұтынатын азық – түлік өнімдері мен жаппай сұранысқа ие тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағытта құрылған арнайы штабпен, кент, ауыл округтеріндегі жұмысшы топтары тиісті жұмыстар жүргізуде.
Ауданда тіркелген 349 дүкеннің 189–ы азық-түлік сатады. Сырттан әкелінетін дайын азық – түлік тауарларына қойылатын үстеме бағаның мөлшерін 10 пайыздан асырмау туралы 160 дүкен иелерімен Меморандумға қол қойылды.
Өткен жылдың соңында Казақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Бұл біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономиканың шешуші секторларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер. Осы жерде, отандық кәсіпкерлердің сырттан келген тауарларға бәсекелестікке, сауда саттық нарығына төтеп беру қажеттігі үлкен мәселеге айналуына байланысты біз даму институттары арқылы саладағы жаңа, оңтайлы жобаларды іске асыруды ойластыруымыз қажет.
Аудан экономикасының негізгі тірегі болатын ауыл шаруашылығы саласында төрт түлік малды көбейту мен асылдандыру, өсімдік өсіру көрсеткіштері 2014 жылғы деңгейден асыра орындалды. Салада өндірілген өнім көлемі 19,7 млрд. тенгені құрап, 2014 жылғы деңгейден 14 пайызға жоғарылады. нақты көлем индексі 104 пайыз болды.
Барлық шартты түрдегі мал бастары 114 мыңға жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті.
Салада өндірілген өнімдер жоспарларының натуралдық көрсеткіштері барлық түрлерінен орташа есеппен 5,2 пайызға асыра орындалды.
Шаруашылық құрылымдарымен өткен жылы 17 мың гектарға дәнді дақылдар мен 800 гектар майлы дақылдар себіліп, 1054 гектарға картоп және 40 гектарға көкөніс отырғызылды. Дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан 7,5 центнерден орылып, қамбаға 12 мың тонна астық құйылды, картоптың әр гектарынан 290 центнерден жиналып 28,8 мың тонна өнім алынды. Бұдан тыс 760 тонна көкөніс пен 382 тонна майлы дақыл мақсары өнімдері жиналды. 4000 гектарға көп жылдық шөптер, 500 гектарға бір жылдық судан шөбі егілді.
Ауданымыз картоптан облыс бойынша кейінгі екі жылда рекордтық өнім жинап отыр.
Биыл алғашқы рет «Шерубай су» серіктестігі Бекет елді мекенінде 40 гектарға сәбіз егіп, 760 тонна өнім жинады.
Ауданымыздың шаруашылық құрылымдары техникалық паркін жаңартып, тынбай еңбектенулерінің арқасында бұрын соңды жиналмаған 306 мың тонна, яғни 1,5 жылға арналған мал азығы дайындалды.
С.Сейфуллин кентіндегі Қарағанды «Нәтиже-сүт» комбинатының зауыты 27 елді мекеннен 3562 тонна сүт жинап, өнім өткізушілерге 200 млн.теңге төлеген. Бұл кәсіпорын аудан аумағында 2006 жылдан бері тұрғындардан тұрақты түрде өнім жинап, қосалқы шаруашылықпен айналысушыларға табыс көзі болып отыр.
Осы жылдағы жоспарымыз "Балқаш сүт" комбинатымен келіссөздер жүргізе отырып, Ақжал, Қарабұлақ, Ақшатау, Жарылғап батыр елді мекендерінен сүт жинауды ұйымдастыруды қамтамасыз етуіміз қажет.
Өткен жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін жоғарылату» мақсатында жыл басынан бастап Ресейдің Алтай өңірінен 78 млн. теңгеге 363 бас ірі қара әкелініп, жоспар 81 пайызға асыра орындалды.
Есепті мерзім ішінде ірі қараны асылдандыру мен өсіру мақсатында әр түрлі қаржы институттары мен мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын-Асық» және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламалары аясында барлығы 78 жобаға 541 млн. теңге көлемінде несие алынған екен. Бұған 1076 ірі қара, 1145 қой, 749 жылқы алынған. Алынған несие көлемі 2014 жылғыдан 12 пайызға жоғары болды.
Өткен жылдың басынан Қарағанды қаласында 20 рет, Астана қаласында екі рет, Ақсу -Аюлы мен ірі кенттерде 15 рет жәрмеңкелер өткізіліп, қатысқан 50 шаруа қожалықтарынан төрт түлік малдың етін, сүт өнімдерін, көкеністерді және елге қажетті көмір мен мал азығы жем-шөпті 25 пайызға дейін арзанға сатып, барлығы 134 млн.теңгенің өнімдері өткізілді.
Шаруашылық құрылымдарымен жыл ішінде 86 бірлік авгротехникалар 281 млн. теңгеге, 202 млн. теңгеге 900 бас мал алынып, ауданның негізгі капиталын 438 млн. теңгенің инвестициясымен толықтырды.
Бүгінде ауданда асыл тұқымды мәртебесі бар 20 шаруа қожалығы тіркелген. Асыл тұқымды түліктердің 3 мыңы ірі қара, 1,5 мыңы жылқы және 4 мыңы ұсақ малдар, жалпы саны 9 мың басқа жуық.
Төрт түлік малдың өнімділігі мен сапасын арттыруға және өсімдік шаруашылығын ұлғайтуға қолдау көрсету мақсатында үкімет тарапынан өткен жылы барлығы 438 млн. теңгенің субсидиясы 343 шаруа қожалықтарына берілген.
Біздерге биыл және алдағы жылдарда да малды асылдандыру мен тұқым жаңарту ісін жоспарлы түрде жалғастыра беру міндеті тұр. Шаруа қожалықтары асыл тұқымды жануарлардан өсірген малдарын аудан ішінде сатуға және шет елге экспорттауға кірісті. Қолдағы жергілікті мал тұқымын жақсарту мақсатында қолдан ұрықтандыру жұмысын да өрістету аса қажет.
2015 жылы қолдан ұрықтандыру 12 елді мекендердегі пунктерде жасалып, 2243 сиыр ұрықтандырылған болса бұл бұрнағы жылдан 2-і есеге артып отыр. Ұрықтандыру жоспарын орындау бойынша ауданымыз облыстық деңгейде алғашқы орында болғанымен бұл бүкіл аналық сиырдың 6-ақ пайызын ғана құрап отыр. Аналық 3 мың сиырды ұрықтандыру тапсырмасын орындау үшін тағы 5 елді мекеннен қолдан ұрықтандыру пунктін ашу жоспарымыз бар.
Салада жыл басынан 11 млн. теңгенің картоп қоймасы «Шерубай Су» серіктестігінде, 5 млн.теңгенің қымыз цехы «Мұқаш» шаруа қожалығында, 20 млн.теңге тұратын мың жарым басқа арналған екі жылқы фермасы «Шолақ Еспе» шаруа қожалығында салынса, 17 млн. теңгеге «Түлкілі» және «Женет» шаруа қожалықтары мың басқа арналған мал бордақылайтын алаңының құрылысын аяқтады. «Мейрам» шаруа қожалығы 58 млн. тенге тұратын 100 басқа сүт фермасын ашты. Барлығы 92 млн.теңгенің 5 инвестициялық жобасы іске қосылып, 74 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар, осы жылы «Жандос» шаруа қожалығы үш мың асыл тұқымды малды бордақылау алаңын бастап, жартылай аяқтады.
Ауыл шаруашылық саласын дамыту мен әртараптандыру мақсатында төрт түлікті өсіру мен өсімдік шаруашылығын ұлғайтуда бірнеше бағыттарда жұмыстар жүргізілуде. Бұның айғағы 2016 жылға барлығы 1 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақшы. Атап өтер болсақ, Талды ауылында «Байбала» шаруа қожалығы сүт тауарлы ферма салу жоспарласа, «Мұхтар» шаруа қожалығы тамшылатып суаруды қолға алып отыр. Сонымен қатар, «Ақсу» шаруа қожалығы ет өңдеу цехының құрлысын жоспарласа, жеке кәсіпкер Отыншин Қуан мың басқа жылқы фермасын салмақшы. Красная Поляна ауылында «Мерей», Жұмыскерде «Тұлпар» шаруа қожалықтары мал бордақылайтын алаңдар салуды жоспарласа, Ақсу - Аюлыда «Ақатан» шаруашылығы "Герефорд" тұқымын өсірмекші.
Кеншоқыда «Қақпантас» шаруа қожалығымен 1000 шаршы метр жерге жылыжай салу көзделсе, «Шерубай Су» серіктестігі сиымдылығы 3000 тоннаға картоп және көкөніс сақтау қоймасын салмақшы.
Осы іс – шаралар жергілікті жерде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұйымдастырылып, жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды іске асыру әлбетте жер мәселесімен тығыз байланысты.
Аудан бойынша тіркелген 1197 шаруа қожалығына 2 млн. гектар жер бекітіліп берілген. 2015 жылы 17 жер пайдаланушы ерікті түрде 16,3 мың гектар жерлерінен бас тартты. Есесіне мемлекеттік жер қорынан 15 шаруа қожалығына 14 мың гектар жер беріліп, шаруашылық айналымына қайта түсіріліп отыр.
Ауданда жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, 256 жер телімдерінен тұратын жалпы көлемі – 250 мың гектар жер анықталған болатын. Бүгінгі күні 119 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Қалған 44 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде әділет органдарына тіркеліп, 72 мың гектар жерді мемлекетік жер қорына қайтарып алу бойынша облыстық жер инспекциясына құжаттары тапсырылды.
Сонымен қатар, айта кетер тағы бір жағдай өткен жылдың үшінші тоқсанында қолданымдағы заңдылықтарға сәйкес өкілетті органның шешімімен пайдаланылмай жатқан жерлерге төленетін жер салығы 10 есеге дейін көбейтілген.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған негізгі міндет мақсатты түрде пайдаланбай жатқан жер телімдерін мемлекеттік жер қорына қайтарып алу шараларын жүргізу және оны айналымға енгізу болып отыр.
Мал басын өсіру мен одан сапалы өнім алу ветеринариялық қызметсіз еш мүмкін емес екендігі түсінікті.
Бұл жұмыспен ауданда қазір 3 мекеме шұғылданады. Олар: Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы және Ветеринарлық станция кәсіпорны. Аталған кәсіпорын эпизоотияға қарсы шараларды атқаратын орган, және үшінші, есепті жылы құрылған ауданның ветеринария бөлімі. Бөлім бүкіл малдәрігерлік және басқада жұмыстарды ұйымдастыратын үйлестіретін мекеме болып табылады.
Осы бөлімнің берген мәліметтеріне қарағанда үй жануарларын тексеру және емдеу жоспары орындалып, бөлінген қаржылар игерілді. Жыл бойғы зерттеулер қорытындысында 680 ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықталды. (Былтырғы бұл сан 610 бас болатын) Бұл малдар бүгінде толықтай ет өңдеу кәсіпорындарына өткізілді. жыл ішінде шектеу қойылған Қармыс елді мекеніне республикалық эпизоотияға қарсы Қарағанды филиалының мамандары тарапынан сауықтыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аса қауіпті мал ауруларының алдын алу іс шаралары жыл көлемінде жүргізіліп, жалпы 78645 бас үй жануарлары егілген екен. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспары толық орындалып, барлығы 157686 мал бастары электрондық базаға енгізілді. Аудан аумағында эпизоотиялық іс- шараларды жүргізу мен ауруды зерттеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарына барлығы 101 млн. тенге бөлініп, толық игерілді.
Республикалық бюджеттен 5,5 млн. теңгеге мал өлекселерін жоятын қондырғылар (инсенератор) Ақсу-Аюлы ауылында және Ақадыр кентінде орнатылды.
Қаржы саласы бойынша көрсеткіштеріміз 2015 жылы ойдағыдай орындалды. Аудандық бюджетке өз алым-салықтарымыздан әуелде жоспарланған 1 млрд. 958 млн. теңгенің орнына 2 млрд. 329 млн. теңге түсті. Жыл бойы бюджет ұлғаю жағынан 4 рет нақтыланып, басқа деңгейдегі бюджеттен бөлінген трансферттерді қосқанда 4 млрд. 825 млн. теңгені құрады. Осының нәтижесінде жылдың өзінде бюджетке қосымша алым – салық түрлерінен 172 млн. теңге қаржы түсіп, әлеуметтік – экономикалық шараларды жүзеге асыруға бағытталды. Жоғарғы бюджеттерден бөлінген субвенциялармен қоса бюджет профициттері, бос қалдықтар мен үнемделген қаржылар аудандық бағдарламаларды қосымша қаржыландыруға жұмсалып, жалпы игерім 99,9 пайызды құрады.
2015 жылы өткізілген мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлеміне бюджеттен 512 млн. теңге қаралды, мұның 54 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген арнайы трансферттер болса 458 млн. теңгесі аудандық бюджет қаражаттары болды. Жоспарланған 89 процедураның 19 электрондық конкурс арқалы, 28 баға ұсынысын сұрату тәсілімен, ал 2 конкурстық орта болмағандықтан бір көзден алу жолымен өтті.
Ауылды елді мекендердегі әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету үшін «Дипломмен алуға !» бағдарламасы бойынша 63 жас маманға 8,7 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдем ақы төленсе, 20 жас маманға бюджеттік кредит арқылы тұрғын үй алуға 58,6 млн. теңге бөлініп толық игерілді.
«Өнірлерді дамыту» бағдарламасын іске асыру үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 41,3 млн. теңге бөлініп, Өспен, Красная Поляна ауылдары мен Акшатау кентіндегі мектептердің жылу жүйелері, Мойынты кентіндегі су құбыры және Красная Полянада бір көше жолы орташа жөндеуден өтті.
Бүгінгі күні, жергілікті өзін-өзі басқарудың іске асырудың өзекті мәселелерінің бірі, жергілікті әкімдерге трансферттерді беру арқылы олардың қаржылық дербестігін кеңейту болып отыр. Бұл тұрғыда, 2016 жылға арналған бюджет қалыптастырарда ауыл, кент әкімдерімен бірлесе отырып, әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқарудың функцияларын іске асыру үшін кірістерді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп, төрт салық түрлерінен түсетін түсімдердің жоспарлары анықталып берілді. Алдағы уақыттарда әлеуметтік - экономикалық, мәдени - көпшілік шараларды жүргізуге бұл көп көмегін тигізері анық.
Адамдардың әл-ауқатын көрсететін маңызды индикаторлардың бірі тұрғын үй құрылысы десек, артық айтқандық емес. Бұл сала көрсеткіштері соңғы жылдары ерекше қарқынмен өсіп келеді. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 8904 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 22 пайызға асыра орындалды.
Бір айта кетерлігі ауданда жыл өткен сайын өз қаражаттарына жеке тұрғын үй салушылар қатары артып келеді. Яғни, 2014 жылы 57 үй тұрғызылса, осы жылы 71 үй салынған екен.
2015 жылдың көктем айларында толассыз жауған жаңбыр мен ауа-райының күрт жылыну салдарынан су деңгейінің көтерілуіне байланысты ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялан болатын. Арнайы құрылған комиссия мен аттестацияланған сарапшылармен 106 тұрғын үй тексерілді. Техникалық қорытындыға сәйкес апаттық деп танылған үйлердің орнына Ақсу-Аюлыда – 3 үй, Ақадырда – 2 үй, С.Сейфуллин кентінде – 1 үй, Ақсу ауылында – 1 үй және Көтінкөлі стансасында – 1 үй барлығы 17 отбасына 8 үй тез арада салынып, уақытында пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарды жүргізуге республикалық бюджеттен 97 млн. теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілді.
Аудан орталығында мемлекеттік бюджет есебінен салынған 16 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы жылдары аудан аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар демеушілігімен тұрғын үйлер салынып жатыр. Тоқтала кетсек, Ақжал кентіндегі ірі кәсіпорын «Нова Цинк» серіктестігі 1 көп қабатты тұрғын үйді 60 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізсе, өткен жылы 166 млн. теңгеге 12 пәтерлі екі қабатты 2 тұрғын үйді жұмыскерлерге салып берді.
Өздеріңіз білесіздер, 2014 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы Дәрия, Қарамұрын, Киікті, 33 разъезд стансаларында жалпы 235 млн. теңгеге қызметтік 2 пәтерлі 5 тұрғын үй салып берген болатын.
Жоғары деңгейдегі бюджеттерден қаржыландыру болып жатса, тұрғын үймен қамтамасыз етуді әрі қарай жүзеге асыру мақсатында Ақсу-Аюлы ауылына 4 және екі 12 пәтерлік, С.Сейфуллин кентіне бір 12 пәтерлік, Ақадыр кентіне үш 12 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге және жатақхананы қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
2016 жылы Ақсу-Аюлы ауылында салынған 16 пәтерлік тұрғын үйдің аумағын абаттандыру мен көгаландыруға облыстық бюджеттен 9,8 мың теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, Ақжал кентіндегі 16 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын бастауға және Ақадыр кентіндегі бос қалған бес қабатты 70 пәтерлік тұрғын үйді қалпына келтіруге облыстық басқармаларға бюджеттік өтінімдер тапсырылып отыр.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен Мойынты, Ақадыр, С.Сейфуллин атындағы кенттер және Бұрма, Төменгі Қайрақты, Киікті ауылдарының жер асты су қорын анықтау жұмыстары аяқталып, оң қорытындылары алынды. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы ауылында барлау су ұңғымасын бұрғылауға 10 млн. теңге қаржы бөлініп тиісті жұмыстар атқарылып, қорытындысы осы жылы алынбақ. Жер асты су қорын анықтау жұмыстары Красная Поляна, Қошқарбай, Талды, Нұра, Жұмыскер, Батық, Өспен, Еркіндік, Дәрия, Ақой, Қызылтау, Ақсу, Ақшоқы, Босаға, Қызылқой, Ақжартас ауылдарында да жүргізілуде.
Қазіргі уақытта, Мойынты мен Бұрма елді мекендеріндегі су құбырларын жаңартуға арналған жобалау-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатса, Ақадыр кентінің екінші кезеңіне жоспарланған және Киікті мен Төменгі Қайрақты ауылдарындағы су құбырларын қайта жанғыртуға жобалау-сметалық құжаттар әзірлену үстінде.
Келешекте аудан орталығында салынатын 160 орындық балабақшаның да құжаттары дайындалу үстінде.
Ақадыр кентінің ықшам ауданындағы су құбырын жаңартуға және жаңа су ағызғының құрылысына, Ақсу-Аюлы ауылындағы Құмжон көшесіне су құбырын тартуға 2016 жылға қажетті қаржы көлемі анықталып, облыстық бюдеттеке сұраныс жолданды.
Ал, С.Сейфуллин кентінің су құбырларын жаңартуға 2016 жылға республикалық бюджетке сұраным берілді.
Коммуналдық сала бойынша 2015 жылы аудандық бюджет есебінен ауылдық жергілікті әкімдерге жалпы 367 млн. 818 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде: аббаттандыру мен көгалдандыруға – 141 млн. 502 мың теңге, санитарлық тазалауға – 11 млн. 343 мың теңге; жарықтандыруға – 64 млн. 507 мың теңге, су құбыры жүйелерін ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға – 33 млн. 446 мың теңге, автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеуге және қыс айларында күтіп ұстауға 117 млн. 020 мың теңге, елді мекендерде жол жүру қозғалысын реттеу жабдықтары мен құралдарын орнатуға – 2 млн. 190 мың теңге.
Жарықтандыру бағдарламасысына сәйкес елді мекендер көшелерін жарықтандыруға қаралған 64,5 млн. теңгенің 51,2 млн. теңгесіне Ақадыр, Ақсу-Аюлы, елді мекендерінде жаңадан 124 күн көзінен қуат алатын электр бағаналары мен жарық нүктелері орнатылса, қалған 13,3 млн. теңгесіне жарық нүктелерін күтіп ұстауға және оларды пайдаланған электр энергиясына жұмсалды.
Аудандық бюджет есебінен елді мекендердің ішкі көше жолдарын күтіп ұстау және орташа жөндеуден өткізуге жалпы 117 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының 6,2 млн. теңгесі елді мекендердің ішкі көше жолдарын қардан тазалау жұмыстарына жұмсалды. 111 млн. теңгесіне Ақадыр, Ақсу-Аюлы, Красная поляна, Өспен ауылдарында жалпы ұзындығы 6,1 шақырым немесе 42,7 м2 ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өткізілді.
Аудандық маңыздағы 202 шақырым автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу, тегістеу, қосымша қиыршық тас төгу, қыс айларында жолдарды қардан тазарту жұмыстарына 21 млн. теңге қаралған. Оның 5 млн. теңгесіне Нұраталды-Ақшоқы бағытындағы 54 шақырым жолдың су шайып кеткен жерлері, 2 млн. теңгесіне Ортау-Қызылтау бағытындағы 46 шақырым жолдын су шайып кеткен жерлері жөндеуден өткізілді.
Сонымен қатар, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Красная поляна-Бекет-Дербісалы-Қызылғой елді мекендері аралығындағы 41 шақырым автокөлік жолы, Шопа, Қайрақты елді мекеніне апаратын 3,6 шақырым жол және Нарбақ-56-ші разъездге (Көктінкөлі округі) апаратын жолдың шайылып кеткен бөліктері, Қайрақты ауылына апаратын жолдың өзенге дейінгі аралығы бюджеттен тыс көздерден 50 млн. теңге жұмсалып демеушілер көмегімен жөнделіп, қалпына келтірілді.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында өңірлер біріккен көлік, логистика және коммуникация жүйелерімен бірігуі қажет. Бұл, жол саласындағы «Орталық және Оңтүстік» көлік дәлізін қайта құрудағы ең үлкен және ауқымды жобалардың бірі.
Облыс көлемінен өтетін 653 шақырым жолдың 230-ы ауданымыздың аумағынан өтеді. 2020 жылға дейін жоспарланған бұл құрылысқа ауданнан шамамен 240 адам жұмысқа тартылмақшы.
Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында елді мекендерді көріктендіру, санитарлық және экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында аудан аумағында 2015 жылдың сәуір-мамыр айларында екі айлық өткізілді. Бұл жұмыстарға жалпы ауданда 750 ұжым, 9000 адам қатысты, 65 техника оның ішінде 10 тиегіш, 55 жүк тасымалдайтын техникалар тартылып, 610 тұрмыстық қалдық орындарынан 19750 тонна күл-қоқыс сыртқа тасып шығарылды. Көшелерде 110 жарық көздері жөнделді, 1000 метр қоршаулар жөнделіп, сырланды, 1320 дана ағашар санитарлық кесуден өткізілді.
Учаскелік полиция инспекторлары тарапынан санитарлық талаптарды өрескел бұзған жеке және заңды тұлғаларға 112 ресми ескертулер берілген екен.
Санитарлық тазалау іс-шаралары оның ішінде иесіз күл қоқыс орындарын тазартуға аудандық бюджеттен 11,3 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жоспарлы атқарылды.
Аудан елді мекендерінің тұрғындарын қажетті сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатымен, су құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізуге, олардың қалыпты жұмыс атқаруына жергілікті бюджеттен 2015 жылы 33,4 млн. теңге бөлініп, Ақадыр, С.Сейфуллин, Мойынты, Үңірек, Мұхтар елді мекендерінде су құбырлары жөндеуден өткізілді. Қалған елді мекендерде су құбырлары жүйелеріне құрал-жабдықтар алу, күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді.
Абаттандыру мен көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаралған 141,5 млн. теңгеге елді мекендерде саябақтарды абаттандыру, тротуар төсеу, декоративтік қоршаулар орнату, стелла, кіреберіс аркалар орнату, билбордттармен тартпаларды жаңарту және балалар ойын аландарын орнату жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Ақсу-Аюлы ауылында С.Сейфуллин көшесіндегі орталық саябағы мен Деріпсалы батыр ескерткіші алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақжал, Бұрма, Жұмыскер, Кеншоқы, Красная поляна, Өспен елді мекендерінде жалпы ұзындығы 6000 метрден астам декоративтік темір-бетон қоршаулары орнатылды. Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақшатау елді мекендерінде балалар ойын алаңдары және С.Сейфуллин кентінде көп функционалдық спорт алаңы орналастырылды. Ақадыр кентінде 734 шаршы метр тротуар төселді. Үгіт-насихат құралдарына да көңіл бөлініп 6 елді мекендерде билбордтармен тартпаларды жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Осы жылы да атқарылар жұмыс көлемі ауқымды. Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 27 млн. теңге қаржы бағытталса, Ақадыр, Ақшатау, Мойынты, Красная поляна, Киікті, Өспен елді мекендеріндегі ауыз су құбырларын күтіп ұстау, ағымдағы жөндеуден өткізуге 10,0 млн. теңге қаралып отыр. Елді мекендер аралығындағы аудандық маңыздағы 202 шақырым автокөлік жолын, елді мекендердегі ішкі көше жолдарын күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарына 11 млн. теңге бөлінсе, Ақсу-Аюлы, Ақадыр елді мекендеріндегі ішкі көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 10 млн. теңге, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 29 млн. теңге бағытталып отыр.
Атқарылатын маңызды бағыттардың бірі ол, жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру арқылы жұмыссыздықты құрықтау. Жыл басынан жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органға жұмыс іздеуші ретінде 1366 адам тіркеліп, оның 882-і жұмысқа орналасты. Қалған 573 адам 3 ай мерзімге қоғамдық жұмыспен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі 17 мүгедек жандар тұрақты жұмысқа орналастырылып, бүгінгі күні тіркелген жұмыссыздық деңгейі 1 пайызды құрап отыр.
Өткен жылы аудан аумағында орналасқан 2 кәсіпорында барлығы 274 адам жұмыстан қысқартылса, оның ішінде аудан тұрғындарынан 52 жұмысшы болды. Олар жұмыссыздықтан қорғаудың әлеуметтік шаралармен қамтылуда.
Еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында үлкен алшақтық бар. Себебі, кейінгі 3-4 жылдан күні бүгінге дейін дәрігерлер, кәсіби мұғалімдер, ветеринар мамандар әлі қажет. Осы қажетті мамандықтарды толықтыру жұмыстары алдымыздағы жылы қолға алынбақ.
2016 жылдың 1 қаңтарынан азаматтық қызметкерлер еңбеқақысын төлеудің жаңа моделі енгізіліп, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінікі – 40 пайызға артпақшы.
Сонымен қатар, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға көтеріледі.
Елбасы Жолдауда «Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді». Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктеріне ерекше назар аудара отырып, «Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетін болады» - деп аталып өтті. Басқалары ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табуы тиіс деген сөз, қоғамдағы әлі де болса орын алып отырған енжарлықтан айрылу қажет дегені.
Жыл басынан бюджет қаражатының 63 млн. теңгесі әлеуметтік төлемдерді өтеуге жұмсалды. Айтар болсақ:
Аз қамтылған 98 отбасындағы 448 адамға мемлекеттік емес көздерден 649 мың теңге және жергілікті бюджеттен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жататын 58 адамға 1,8 млн. теңге әлеуметтік көмектер төленген екен. 582 адамға 17 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілсе, 1707 балаға 30 млн. 300 мың теңге құрайтын балалар жәрдемақысы тағайындалып, 32 отбасына 711 мың теңгеге тұрғын үй жәрдемақысы төленді. Ауылдық жерде тұратын 2244 әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу үшін 12 млн. 677 мың теңге бағытталды.
Алдағы жылдары әлеуметтік көмекке зәру азаматтарға қолдау көрсету өз жалғасын таба бермек.
Бұдан бөлек аудандағы 1590 мүгедек жанға бірнеше бағдарлама бойынша жеңілдіктер жасалып, 14 адам емделуге жіберілді.
Біраз адамға қажеттілігіне қарай арнайы құрал-жабдықтар әперілді. Жүріп- тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге қамқор болуды ауданда биыл құрылған «Аманат» мүгедектер қоғамы конкурстық негізде атқарып отыр. Осы қоғам тарапынан 40 І топтағы мүгедекке жеке көмекшілер тағайындалды.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының 2 ардагеріне, 25 соғыс ардагерлерінің жесірлеріне, 146 тыл еңбеккерлеріне, соғыс кезінде алған медалы бар 18 тыл ардагеріне Республикалық бюджеттен 4 млн. 850 мың теңге материалдық көмек көрсетілсе, аудандық бюджеттен оларға 4 млн. теңге көмек көрсетілді.
Кресло-арбада отырған мүгедектер үшін мекемелерде қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 3 пандус орнатылса, 21 нысан паспорттаудан өткізіліп, 3 нысан қайта бейімдеуден өткізіліп отыр.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейін алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақы 2 пайызға индекстелінеді. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға өседі, сондай-ақ осы көлемде шәкіртақы да көтерілетін болады.
Ағымдағы жылы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру көрсеткішін 610 адамға, қоғамдық жұмыспен қамтуды 530 адамға, өз ісін ашушыларды 25 адамға, жастар практикасына 20 адамды тарту және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды 10 адамға дейін жеткізуіміз қажет.
Елбасы Жолдауда «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасына айрықша көңіл бөлді.
Ауылдық жердегі халыққа бағытталған бұл бағдарламаның арқасында соңғы 5 жылда 43 инфраструктуралық жоба іске асырылып 290 адам жұмысқа орналасты.
225 жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі қамтығандар 477 млн. теңгенің неиесін алып, барлығы 130 жұмыс орындарын құрды.
Осы жылдары кәсіптік және қайта даярлаудан 46 адам оқытылып, оның 41-і тұрақты жұмыстарға орналастырылды.
Осы бағдарлама іске асырылғалы бері ауданда жұмыссыздықтың есептік деңгейі 2,2 пайызға төмендеді.(2011 жылы-6,1%, 2015 жылы 3,9%)
Өткен жылы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету аясында жалпы бөлінген қаржы 292 млн. теңгеге 160 адам уакытша жұмыска орналастырылды, 4 дәрігерлік амбулаториясын салу құрлысына республикалық бюджеттен 166 млн. теңге, ал облыстық бюджеттен 17 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.
Екінші бағыт бойынша кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құруға жыл басынан 47 адамға 120 млн. теңге несие беріліп, ол 2014 жылғы межеден 4,4 пайызға артып отыр. Ағымдағы жылы да жоспар бойынша 23 адамға несие алуға 69 млн. теңге бөлінбекші.
Үшінші бағыт бойынша жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу аясында республикалық бюджеттен 7 млн. теңгеге 21 әлеуметтік жұмыс орындары ашылса, жастар тәжірибесімен 17 тәлімгер жұмысқа қабылданған. Ал, 8 адам қысқа мерзімді шаштараз мамандағына оқытылды.
Жұмыссыздарды, өзін-өзі қамтығандарды еңбекпен қамтудың белсенді шараларына тартуды әрі қарай жүргізу арқылы біз жұмыспен қамту бағдарламасын орындауда кем қалмайтындығымызды айтқымыз келеді. Себебі, 2016 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 37 адамды, жастар тәжирбиесімен 10 адамды қабылдау, ал қысқа мерзімді оқуға 23 адамды оқытуға жоспарымыз бар. Сондай ақ, әлеуметтік төлемдердің қысқартылмайтындығын жеткіземіз.
Жергілікті бюджеттің 63 пайыз шығыны ауданның білім беру саласына бөлінеді. Осы жылы саладағы 64 ұйымды ұстауға және білім беру қызметтерін көрсетуге 2 млрд. 853 млн. теңге бағытталды.
Мұғалімдер мен мектеп директорларының біліктілігін арттыру жұмыстары деңгейлік және проблемалық курстары арқылы жүзеге асырылып, жыл ішінде 128 мұғалім, 3 мектептің директоры оқытылды. 2015 жылы біліктілік арттырудың «Өрлеу» ұлттық орталығында 1 әдістемелік кабинет меңгерушісі, 6 әдіскер, 307 пән мұғалімдері, барлығы 314 педагог мамандары біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Кейінгі екі жылда Талды, Нұраталды, Ш. Уалиханов атындағы, Хасен Сәрінжіпұлы атындағы, Сәкен, Бұрма жалпы орта білім беру мектептерінің базасынан толық күнгі мектеп балабақшаларының ашылып, балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 97 пайыздан 100 пайызға дейін көтерілді. Сонымен қатар, Биылғы жылы Қарамұрын бастауыш мектебінде жарты күндік шағын орталық ашылып, мектепке дейінгі тәрбиемен 12 бала қамтылды. Сөйтіп, мектепке дейінгі тәрбие беруші 38 мекемеде және шағын орталықтарда 1414 баланы құрады. Бүгінде кезекте тұрған балалар саны 320 болды.
Бүгінгі күні 3 мектептің базасында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы, Х.Сәрінжіпұлы атындағы және Ә.Ермеков атындағы орта мектептерінде тірек мектебі (ресурстық орталықтар) құрылып, шағын жинақты мектептермен жұмыс істеп отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарымен біріктірілетін, жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысандарының бірі. 2015 жылы барлығы 405 түлек мектепті аяқтаса, оның 63 пайызы ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, орташа көрсеткіш 70,3 пайызды құрап, 2014 жылғыдан 1,6 пайызға артқан. Тест қорытындысымен 2 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік аттестат» алды. 20 оқушы 100 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, бұл жастардың білім алуға деген ұмтылысының айғағы.
Білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге байланысты мұғалімдер алдында оқушының информациялық технологияларға қол жетімділігі және оны оқу процесінде қолдана алу міндеттері тұр.
Бүгінгі күні білім беру ұйымдарының компьютерлік паркінде 1298 компьютер болса, 1 компьютерге 2013-2014 жылдары 7 баладан келсе, бүгінгі күні 5 оқушыдан келеді. 2015 жылы аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 73 млн. теңге бөлініп, 9 физика кабинеттері, 2 мультимедиялық кабинеттер, 2 химия кабинеттері, 3 интерактивті тақталар орнатылып, модификациялы кабинеттермен қамтылу көрсеткіші 49,3 пайызға жоғарылады.
Білім беру ұйымдарының 80 пайызы, яғни 48 мектеп кең жолақты интернетке қосылса, ағымдағы жылы қалған 5 мектепті интернет желісіне қосу жоспарланып отыр.
2015 жылы мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 109 млн. теңге бөлініп, оған: Х.Сәрінжіпұлы, Ә.Ермеков, Ш.Уалиханов, Ш.Батталова және С.Мұхамеджанов, М.Маметова атындағы, Ортау, Сакен, Бұрма, Шет, Красная поляна, Жарық, Көктіңкөлі, Еркіндік жалпы білім беру мектептерінде, Ақжал, Ақсу негізгі мектептерінде, Қарамұрын, Ақадыр, Шопа бастауыш мектептерінде ағымдағы құрылыс және жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 50 млн. теңгеге «Жол картасы» бағдарламасы аясында Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу аяқталды.
Ауданда тұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 55 баланы күтуші қорғаншылар мен қамқоршыларға 11,6 млн. теңге қаралып, игерілді.
Шалғайда орналасқан елді-мекендерден оқушыларды тасымалдау 6 мектепте ұйымдастырылған. Есепті мерзімде 56-разъезд елді мекенінен Әлихан негізгі мектебіне оқушылар тасымалдау үшін 5,3 млн. теңгенің «ГазЕЛЬ» автокөлігі сатып әперілді.
Жалпы оқушыларды оқулықтармен оқу - методикалық құралдармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 32 млн. теңгеге 37919 оқулық алынып, үлестірілді.
Оқушыларға сапалы білім беру, ұстаздардың біліктілік деңгейін көтеру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы діттеген мақсатты индикаторларға қол жеткізуіміз қажет. Сонымен қатар, ағымдағы жылы білім беру сапасын арттыра отырып Красная поляна, Шет орта мектептеріне ағымдағы құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізуді басты міндет етіп отырмыз.
Ауданда халық саны 44100 адамды құраса соның үштен бірі, яғни 14 мың адам бұқаралық спортпен және денешынықтырумен айналысады деп есептеледі. Жыл өткен сайын спорттың инфрақұрылымы да дами түсуде.
Бүгінде ауданымыздың тұрғындарына 1 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 2 стадион, 40 спортзал, ондаған спорт алаңдары мен 4 көп салалы хоккей корттары жастар мен спорт сүйер қауымға қызмет етуде. Аудандық бюджеттен үстіміздегі жылы спорт саласына 12 млн. 200 мың теңге қаралып, оның 8 млн. 200 мың теңгесі түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге және құрама командаларды облыстық, өңірлік сайыстарға дайындауға бағытталды.
Өткен жылы спорт және денешынықтыру саласы жеке бөлім болып қайта құрылып, бірқатар индикаторлардың орындалуына қол жеткізілді. Жыл көлемінде күнтізбедегі 53 спорттық іс- шаралар жоспарға сәйкес өз деңгейінде өткізілді. Облыс көлемінде жылда өткізілетін «Сарыарқа- 2015» ауыл спорт мерекесінде жалпы командалық есепте ауданымыз ІІІ орынды иеленді.
2015 жылы ауданымызда 2 спорт шебері, 5 спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалса, 338 спортшымыз І,ІІ, ІІІ разрядтар орындады.
Мұның өзі спортпен түбегейлі, кәсіби түрде шұғылдануға мүмкіндік беретіндігіне сенімдіміз.
Мектеп оқушыларын, жастарды әр спорт түрлеріне баулу динамикасына көз жүгіртер болсақ 2010 жылы 29 пайызды құраса 2015 жылдың қорытындысымен 34 пайызға жетті.
Ауданымыздағы орта мектептер қабырғасында жүріп күрестің түр түріне қатысып, әбден шыныққан Дәртаев Айдын, Жананиет Рахат самбодан әлем чемпионатында және халықаралық жарыстарда топ жарып жүрсе, дзюдодан өткен әлемдік гран-прида І орын алған Смагулов Жансай мен республика чемпионы Мұқатай Сырым, және Марокко мемлекетінде өткен самбодан әлем чемпионатында ересектер арасында чемпион болған Қанжанов Бейімбет сынды өрендеріміз қазір өсіп келе жатқан жастарымыз бен өскелең ұрпаққа тәрбие берері һақ.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың соңғы жылы ауданға оң жаңалықтар әкелді деуге болады.
Өткен жылы құрлысы басталған 6 елді мекендегі отбасылық - дәрігерлік амбулаториядағы жұмыстар жалғасын тауып, келесі жылы толығымен пайдалануға беріліп, олар заманауи қондырғылармен толық жабдықталатын болады. Бұл өз кезегінде ауыл халқына медициналық көмектің сапасын арттырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жетілдіреді. Сонымен қатар, Ақжал және С.Сейфуллин кентеріндегі амбулаторияларға жедел-жәрдем көліктері алынды. Медицина мекемелеріне 2 млн. теңгенің құрал-жабдықтары әперілді.
Аудандық ауруханаға 2 жас дәрігер оқу бітіріп келді. Врачтар мен орта буындағы медицина қызметкерлерінің саны өсе түсті.
Жыл басынан бері диспансерлік есепте тұратын аурулар мен жүкті әйелдерге, жас сәбилерге 42 млн. теңгенің тегін дәрі-дәрмектері таратылды. Бұл санаттағы адамдар саны 3199. Өткен жылы 6 айда тегін берілген дәрілердің құны 9-ақ млн. теңге болған. Облыстық жылжымалы медициналық кешендер елді мекендерімізді 3 рет аралап алыс ауылдардың адамдарына скринингтік тексеріс жасады, емдеу шараларын өткізді.
Алайда үстіміздегі жылдың 6 айында аудан көлемінде бірінші рет туберкулезге шалдыққан 17 ауру тіркелді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,8 есе артық. Туберкулез әлеуметтік сипаттағы сырқат болғандықтан онымен күресу тек дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болуы керек. Ауданда бұрынғысынша рентгенолог, акушер-гинеколог, онклог врачтары жетіспейді.
2016 жылы ауданға бюджет қаржысы арқылы оқытылып жатқан 3 маман келмекші, бұл әрине, дәрігер мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге өз ықпалын тигізері сөзсіз.
Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жасалып, тұрғын-үймен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін жұмыс.
Айта кетерлігі өзінің денсаулығына деген ынтымықты жауапкершілікті қалыптастыруда әлеуметтік – медициналық сақтандыру жүйесін енгізу республика бойынша басталмақшы.
Аудандық бюджет шығыстарының үлкен бөлігі мәдениет пен тілдерді дамыту және кітапхана жүйесін нығайтуға бағытталған қаражаттар болып табылады. Бұл салаларға бөлінген қаржы 2015 жылы 295,3 млн. теңгені құрап өткен жылмен салыстырғанда 57 млн. теңгеге артық болды. Қаржылар негізінен 55 мәдени-демалыс объектілері мен өнер ұжымдарын ұстауды және олардың халыққа қызмет етуін қамтамасыз етеді. Бұдан тыс облыстық бюджеттен қаржыланатын аудандық археологиялық- этнографиялық музей мен оның Өспен ауылындағы филиалы – Сәкен мұражайы жұмыс істейді.
Мәдениет ошақтарының жөндеу жұмыстары мен материалдық базасын нығайту шараларына бюджеттен ағымдағы жылы 20 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Мұның ішінде: аудандық мәдениет үйінің кіші залы 4 млн. теңгеге жөнделсе, 600 мың теңгеге мәдениет үйінің алаңы абаттандырылды. 600 мың теңгеге Ақой ауылындағы мәдениет үйінің мұржасы жөнделді. Ақадыр кентіндегі мәдени-сауық орталығына 1,7 млн. теңгеге 240 көрермендер орындықтары орнатылса, 2 млн. теңгеге аудандық мәдениет үйіне киіз үй сатып алынды. Жалпы аудан аумағында мерекелік шараларды ұйымдастырып, өткізуге 4 млн теңге жұмсалды.
Ауданның мәдениет және өнер қызметкерлерінің қатысуымен 2015 жылы өткізілген іс-шаралардың ауқымы біршама болғанын айта кетуіміз керек. Бұл жыл еліміздің өміріндегі даңқты даталарға толы болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орай синхрон-акциясы өткізілсе, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған фестивалға ардагерлеріміз қатысты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ер есімі, ел есінде» атты республикалық ақындар айтысы Өспен ауылында өтті. Ақжал кентінде ұлы күйші Тәттімбеттің туғанына 200 жыл толуына орай күйші Орал Исатайұлына арналған еске алу кеші ұйымдастырылды.
Осы жылы ауыл халқының бастамасымен Ақшоқы ауылдық округіне қарасты Ақбауыр елді мекенінің 100 жылдық, Қызылтау ауылының 60 жылдық мерейтойлары аталып өтті.
Осындай іс – шаралар адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін ұялатып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты қастерлеуге тәрбиелейді. Көп игі істерді сыртта жүрген сол ауылдан шыққан азаматтар мен көрнекті тұлғалар атқарғанын айта кетуіміз керек.
Кітапхана жүйесін сақтауға және дамытуға бөлінген 78 млн. теңге ауданның 22 мыңға жуық оқырмандарының кітапқа деген және 2 мыңнан астам интернет қолданушының сұранысын өтеуге бағытталды. Қосымша кітап қорын толықтыруға 2 млн теңге жұмсалып, кітапхана қоры 955 кітапқа толықты. 400 мың теңгеге ауылдық кітапханаларға 20 стол мен 60 орындық алынып берілді. Жүйе бойынша 256 мың дана кітап қоры бар болса, оның 65 пайызы қазақ тілінде. Кітапханалар биыл 1142 мәдени-танымдық, әдеби-көркем іс шаралар өткізген. Біздегі барлық 28 кітапхана компьютерленген, 19-ы интернет жүйесіне қосылған. 9-ы жаңа үлгідегі электронды кітапхана болып табылады.
Аумақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға өткен жылы Ақсу-Аюлы ауылдық округі, Ақсу ауылының жанындағы ХІХ ғасырға жататын Шора кесенесіне, Ақшатау кентінің маңайында ХІХ ғасырға жататын Зылиха кесенесіне, Киікті ауылынан оңтүстікке қарай Беласар қола дәуірінің археологиялық ескеркішіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, бұндай жұмыстар ағымдағы жылы да Киікті, Қарасаз және Нұраталды елді мекендерінде жалғасын таппақ.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында желтоқсанның 4-ші жұлдызында Ақадыр кенттінде ақын Алтай Сметтің «Өлеңім өмірімді өрнектеген» атты жыр жинағының тұсаукесері ұйымдастырылса, аудан орталығында жазушы Өмір Кәріпұлының 75 жылдық мерейтойына орайластырылған әдеби-сазды кеші өтті.
Мемлекеттік тілді дәріптеу мен мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда кәсіби пайдалану бүгінгі күннің күн тіәртібінен түсер емес. Бұл тұрғыдағы жұмыстарымыз жоспарлы түрде жүргізіліп, жергілікті "Шет шұғыласы" газетіне 38 мақала жарияланса, "Мемлекеттік тіл - басқару тілі" атты мекеме басшысының сұхбаты жарияланды.
Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаларды орналастыру және дұрыс ресімделуін біріздендіру, үйлестіру және бақылау жасау мақсатында тиісті жұмыстарды «Ұлағат қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі жүргізуде.
Сонымен қатар ағымдағы жылға қойылып отырған едәуір міндеттеріміз де бар.
2016 жылы Ақадыр кентіндегі Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығын ағымдағы жөндеу жұмысына 15 млн. теңге қаралса, 1 млн теңге – Ақсу-Аюлы мәдени-сауық орталығына бөлінді. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге қаралған қаржы көлемі өткен жылғы межеден төмен болмайды. Жергілікті кітапханалардың материалдық - техникалық базасын нығайтуға аса көңіл бөлініп, компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмекші.
Жоғары бюджеттен қаржы бөлініп жатса Көктіңкөлі, Талды ауылдық Мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар. Жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізіліп, облыстық басқармаға барлық құжаттары тапсырылып отыр.
Қоғамдық-саяси жағдайдың аудан көлеміндегі тұрақтылығын қамтамасыз ету көбінесе ішкі саясат бөлімінің жұмысына байланысты, оған мәдени-әлеуметтік және қоғамдық ұйымдардың осы бағыттағы жұмыстарын үйлестіру жүктелген. Жыл ішінде еліміздің ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелері ойдағыдай аталып өтті. Даталы күндері бұқаралық, патриоттық, діни және басқа да азаматтық акциялар өткізілді. Аудан өмірі облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс тапты және олардың басым көпшілігі жағымды сипатта болды. 3 мың дана болатын шығарылатын «Шет шұғыласы» газеті облыстағы тиражы көп аудандық басылымдар қатарынан көрінуде.
Елбасының Жолдауын жыл көлемінде насихаттау мақсатында облыстық деңгейдегі насихатшылардың қатысуымен 8 кездесу өткізілсе, аудандағы ақпараттық топпен 28 кездесулер ұйымдастырылып отыр.
Сонымен қатар, барлық өткізілген іс-шараларды қамтитын «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында 36 сюжет көрсетілсе, республикалық телеарналардан атаулы даталарға орай 10 көрініс түсіріліп, жарияланды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек ауданымыздағы жастар саны 12200, жалпы аудан халқының 27,7 пайызын құрайды. Жастар саясаты ешқашан біздің назарымыздан тыс қалған емес. Ауданның жастармен жұмыс жасау бойынша орталығының жетекшілігімен шілде айында Төменгі Қайрақты ауылында өткізілген жастар форумында аудан өміріне белсене араласқан жастар марапатталып, кездесулер ұйымдастырылып отыр.
Жас кәсіпкерлерді жас мамандарды қолдауға ауданымыздан бөлінген гранттардан бөлек тамыз айында Ақтоғай ауданында өткен облыстық жастар форумында ауданның жас 4 кәсіпкері облыс әкімінің грантына қол жеткізіп жатыр. Бұл да болса жастарымыздың кәсіпкерлікпен айналысуына үлкен ықпалын тигізері сөзсіз.
2015 жылдың көктемінен қараша айына дейін Ақсу-Аюлы мен Ақадыр, Ақжал, Сейфуллин кенттерінде «Жасыл ел» жасақтары құрылып, үш айлық маусымдық жұмыстарға 150 студент тартылды.
2015 жылдың қорытындысымен криминогендік жағдай өткен жылмен салыстырғанда күрделене түсті. Жалпы қылмыс саны 22 пайызға өсіп 229 оқиғаға жетті. Оларды қылмыс түрлері бойынша сараптасақ аса ауыр қылмыс 12-ден 14-ке, мал ұрлығы 53-тен 58-ге, бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар саны 1-ден 9-ға, есірткіге қатысты 2 қылмыс (бұрын болмаған), жол көлік апаты 13-тен 23-ке көбейді. Кісі өліміне соқтырған 4 қылмыстық оқиғада 5 адам қаза тапты. Жол көлік оқиғалары салдарынан 28 адам қайтыс болып, 64 адам дене жарақатын алды. Өткен жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 22 және 42 болатын.
Ауыр қылмыстардың барлығы ашылды. Мал ұрлығының жартысы ғана ашылып, сотқа жөнелтілді. Жыл көлемінде 27 ірі қара, 10 ұсақ мал және 21 жылқы ұрлау фактісі тіркеліп, барлығы 201 мал қолды болған. Ұрлықты тыю үшін басты мақсатымыз әр елді мекендегі малдың есебін жүргізе отырып бағын ұйымдастыру.
Сонымен қатар кейбір қылмыс түрлері азайды. Олардың ішінде зат пен мүлік ұрлаудың барлық түрі, алаяқтық, автокөлікті айдап кету, мастықпен, сондай-ақ топтанып жасалған қылмыстар мен кәмелетке жастары толмаған жастармен жасалған қылмыстар санын қосқанда барлығы орташа есеппен 38 пайызға кеміген. Биыл жергілікті полиция қызметінің ашылуына байланысты, қылмыс көлемі кемиді деп есептеңіздер.
Аудан әкімінің аппараты мемлекеттік органдардағы қызметшілердің мемлекеттік саясатты сапалы жүзеге асыруға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында олардың біліктілігі мен кәсібилігін жоғарлатуға үлкен мән береді. Биылғы жылы бюджеттен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстарында оқуға 7 млн. теңге қаралып, бүгінгі күнге 79 қызметкер қайта даярлау мен біліктілігін арттырудан өтсе, ағымдағы жылы 36 қызметшіні курстарға жіберу жоспарымызда бар. Екі қызметкер Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік басқару академиясында және Премьер-Министрлігінде арнайы курста оқыды.
Аудан бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің штат саны 225 бірлікті құрайды. Бұдан 201 штаттық бірлікте қызметкер бар, ал вакансияда тұрған орындар саны 24. Оның ішінде аудан әкімі аппаратында 1 орын, ауыл, кент әкімдері аппараттарында 16 орын, аудандық дербес бөлімдерде 7 орын бос тұр. Бос тұрған әкімшілік мемлекеттік лауазымды толықтыру, кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 53 бос орынға 4 рет конкурс жарияланып, 19 үміткер қызметке қабылданды. Cондай-ақ Елбасы Жарлығының талаптарына сәйкес, 2 ауылдық округ және 2 кент әкімдері сайланды.
Жыл ішінде Заңдылық талаптарын сақтамағандары үшін 33 мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 1 мемлекеттік қызметшіге қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту жарияланды.
Сонымен қатар 2015 жылдың 23 қарашасында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қайта қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Алдағы уақыттарда, қабылданған заң талаптарына сәйкес тест тапсыру жаңа бағдарлама арқылы жүргізілмек.
Арыз шағымдарды азайту мақсатында аудан әкімі Ақадыр мен Ақсу-Аюлы ауылында әр ай сайын қабылдау жүргізіп отыр. 2015 жылы аудан әкімінің қабылдауында 188 адам болып, олардың 164 адамға түсіндірме берілді, 24 өтініш иесінің сұрақтары мен талаптарды қанағаттандырылды. Қабылдауға келушілердің басым көпшілігі тұрғын үймен қамтамасыз етуді (87%), тұрақты жұмысқа орналастыруды (8%) сұрайды.
Аудан әкімі аппаратында 6369 кіріс құжаты тіркелді. Шығыс құжаттарының саны 1280, оның 100 пайызы мемлекеттік тілде орындалды. Аппаратқа сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан 692 жазбаша өтініштер түссе, олардың бәріне жауаптары дер кезінде қайтарылды.
Сонымен қатар арыз-шағымдардың түсуін азайту мақсатында бірқатар шаралар қабылданып, 2014 жылы Мойынты кенті, Талды ауылдық округінде өтсе ал, биылғы жылы Нұраталды, Красная поляна елді мекендерде «Ашық есік күндері» өткізіліп, нәтижесінде жалпы арыз - шағымдардың тіркелуінің жалпы көрсеткіші 12 пайызға азайып отыр.
Биылғы қаңтар айында тұрғындар алдында ауылдық округтер мен кент әкімдерінің, ал ақпан айында аудан әкімінің жыл қорытындысы бойынша есеп беру кездесулерінде қойылға 91 ұсыныс пен сұрақ бақылауға алынды. Бүгінге дейін олардың 42-ы толық шешімін тапса, 44 мәселе бойынша түсінік беру жұмыстары жүргізілді, ал қалған 5 мәселені, қомақты қаржыны талап етеді.
Есепті мерзімде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 4777, электрондық Үкімет порталы арқылы 598, ал мемлекеттік органдармен 31424, барлығы 36799 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Мемлекеттік қызметтің 50 түрі бүгінде атқарушы органның сала бөлімдерімен көрсетіліп отыр.
Құрметті аудан тұрғындары !
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуында жеткен жетістіктері, ол біздің және жалпы халық б олып бірлесіп, ұйымдаса атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі деп түсініңіздер.
Өздеріңізге мәлімдеп отырғандай, алдымызға жоспарланған міндеттер мен ауқымды істеріміз де жетерлік. Тек осының барлығын абыроймен атқарып шығуымыз қажет.
Назарларыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |