Л. Н. Гумилев атындағы еұу ректоры е. Б. Сыдықовтың халық алдындағы есебі қадірменді қауым! Қадірлі қонақтар!



жүктеу 143,5 Kb.
Дата01.02.2020
өлшемі143,5 Kb.
#27954


Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ РЕКТОРЫ

Е.Б. СЫДЫҚОВТЫҢ

ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ
Қадірменді қауым! Қадірлі қонақтар!

Құрметті Ғылыми кеңес мүшелері!

Студенттер, магистранттар мен докторанттар!
Біріншіден, халық алдындағы мінберде сөз сөйлеуге шақырған студенттерге рахмет айтамын.

Екіншіден, осы шараға шақыруымызды қабылдаған елшілерге, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылыми-педагогикалық қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қош келдіңіздер деймін!

Үшіншіден, осында сала мен қала басшылығы өкілдері, ЕҰУ Бақылау кеңесінің мүшелері, жұмыс берушілеріміз, студенттеріміздің ата-аналары отыр. Сіздердің де ниет-көңілдеріңізге рахмет!

Ұлттық университет ректорларының халық алдындағы есебі – ақпараттық ашықтық пен жариялылық арқауы. Бұл форма – бәріміз үшін түсінісу мен түйсіну, тәжірибе мен білік алаңы.

Әрине, әлімсақтан халық - әділ төреші, халық - асыл қазына!

Елбасымыздың: «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ!» деуі де сондықтан.

Отанымыз және елорда халқы биыл университетіміз мерейлі межеге аяқ басқанын жақсы біледі. Университетіміздің 20 жылдық мерейтойы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі бізді жігерлендіреді және жаңа биіктерге бастайды.

Енді 2015-2016 оқу жылындағы университет қызметі туралы есепке көшуге рұқсат етіңіздер.


Құрметті әріптестер!
Бүгінгі университет – білім сапасы, білім нарығындағы жаңа ұстаным мен ұжымдық мәдениет.

Сондай-ақ ол – білім алушы, ата-ана, жұмыс беруші және ғылыми-педагогикалық қоғамдастық өкілдері алдындағы үлкен жауапкершілік. Елдік жауапкершілік!

Бізде 13 факультет, 68 кафедра, 1535 оқытушы және 16 195 білім алушы бар.

Бүгінде біз - QS Top 50 Under рейтингіне енген Қазақстан мен ТМД-дағы жалғыз жоғары оқу орнымыз. Ашылғанына жарты ғасыр толмаған әлемнің 100 университеті арасында 37 орынды иелендік.

Биыл QS World University Ranking 2016 рейтингінде әлемнің 916 үздік университеттері арасында 345-ші орынға көтерілдік. Бұл ретте біз Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық университетімен, Ресей халықтар достығы университетімен бір қатарда тұрмыз.

Жоғары оқу орындары вебсайттарының әлемдік «Webometrics» рейтингінде Қазақстан бойынша екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленді.

2015 жылы Academic University Ranking Performance рейтингі бойынша Азияның топ-550 университеті қатарына Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны ретінде ендік.

Әрине, бұл межелердің артында ұжымның маңдай тері, жүйелі еңбегі тұр.

Университетіміз Cambridge, Oxford, Sorbonne, Бейжің және Токио университеттері сияқты жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен салыстыруға келетін 150 білім бағдарламасын аккредиттегенін атап айту керек. Бұл бағдарламалардың 30 пайыздан астамын германиялық AQUIN, ASIIN халықаралық аккредиттеу агенттіктері аккредиттеген. 150 бағдарламаның 136-сы АРТА нұсқасы бойынша алғашқы үш орында тұр.

Білім бағдарламалары жоғары білім берудің әлемдік үрдістеріне сай қайта пысықталды. Эксперименталды бағдарламалар сынақтан өткізілді, сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылды.

Бұл нәтиже Еуразия ұлттық университетінің жыл өткен сайын өркендеуіне септігін тигізіп, елдің түкпір-түкпіріндегі білімге құштар жастарды оқу ордамызға тартып отыр.




Құрметті ата-аналар!
Балаларымыз табысты әрі рухани бай болсын десек, оларға лайықты білім беруіміз шарт.

Кез келген білім беру мекемесінің негізі, өзегі - оның білім алушылары.

2011 жылы ЕҰУ ректоры лауазымына Президент Өкімімен тағайындалғанда, қызметімді «Барлығы студенттер үшін» бағдарламасын ұсынып, жүзеге асырудан бастаған едім. Бұл бағдарлама кезең-кезеңмен орындалып келеді.

Қазір университеттегі бакалавриат бағдарламаларысында – 13.766, магистратурада – 2.179 адам, докторантурада – 250 адам білім алады.

Білім қызметі бакалавриатта - 65, магистратурада – 68, докторантурада - 38 мамандық бойынша жүзеге асырылады.

Жыл сайын бізге Қазақстан мен алыс-жақын шетелдердің ең үздік мектеп бітірушілері оқуға түсетіні қуантады. Олардың 25 пайызы - «Алтын белгi» иегерлері, халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздары.



«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген, біз таланттарымызды бағалаймыз және жастардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай туғызамыз.
Қымбатты студенттер!
Біздің міндетіміз - шығармашылық және ғылыми әлеуеттеріңді жан-жақты толықтыруға мүмкіндік беру және жаңашыл біліммен, білікті тәжірибемен қамтамасыз ету. Осы мақсатта университет барлық стратегиялық бағыт бойынша көп векторлы жұмыстар жүргізіп келеді.

Университетте сендерге жоғары білім беруге және терең ғылым үйретуге 1535 профессор-оқытушы жұмылған. Оның ішінде 249-ы – ғылым докторы, 687-сі - ғылым кандидаты, 139-ы - PhD докторы. Бір өзі бір мектеп қаншама академик, мемлекет және қоғам қайраткерлері алдынан дәріс аласыңдар. Бұл – баға жетпес байлық!


Құрметті білім алушылар!
Сендер үшін тек 2015 жылы алдарыңда дәріс оқу мен ғылыми жұмыстарыңа жетекшілік етуге 72 шетелдік профессорды шақырдық. Академиялық мобильділік аясында 326 студент АҚШ, Германия, Франция, Корея, Жапония, Польша, Қытай шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды.

Қос дипломды білім бойынша Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен, Ресей халықтар достығы университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университетімен, Башқұрт мемлекеттік педагогика университетімен, Орал федералдық университетімен 37 біріккен білім бағдарламасын іске асырудамыз.

Ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысушы жастар көбейді. Мысалы, өткен оқу жылы 425 студент халықаралық және республикалық ғылыми конкурстар мен конференциялардан жүлделі оралды.

Университет ғылыми кітапханасы – білім алушылардың елеулі олжасы. Кітапхана қоры жыл сайын жаңа басылымдармен толығып отырады. Толық мәтінді әлемдік электрондық ресурстар сендер үшін қол жетімді. Астанада отырып-ақ дүниежүзінің ғылым-білімін игеріп жатырсыңдар.

Қымбатты студенттер! Бізде шығармашылық әлеуеттеріңді іске асыратын орын аз емес. ЕҰУ-да студенттермен жұмыс жасаудың клубтық формасы белсенді дамып келеді. Талғам мен таңдауларыңа лайық 70-тен астам клуб пен 10 шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Университеттің шығармашылық бірлестіктеріне 10 мыңнан астам студент қатысады.

Бұл шығармашылық бірлестіктердің де өрісі кеңейіп, танымалдығы артып келеді. «Самұрық» би мектебі, «Шаңырақ» және «Аттракцион» театрлары, «Дала сазы» оркестрі, «E-Studio» өнер ұжымы соңғы жылдары барлық конкурста жүлделі орынды иеленді.

«Күлтегін» командасы респуликалық көңілді-тапқырлар клубының Жоғарғы лигасына мүшелікке енді.

Көбің бүгінде түрлі әлеуметтік-маңызды республикалық және университеттік жобаларға, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып жүрсіңдер.

Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына екі студентіміз – апалы-сіңлі Александра мен Екатерина Немичтердің қатысқанын мақтанышпен айтамыз. Олар синхронды жүзу бойынша олимпиадада 10 үздік жұптың қатарына кірді!

Біз студенттер үшін заманауи инфрақұрылымды арттыра беретін боламыз.

2015 жылы сәулет-құрылыс факультеті орналасқан № 2 оқу-зертханалық корпусының құрылысы аяқталды. Ол заманауи құрылғылармен және компьютерлік сыныптармен жабдықталған.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Қазақстан филиалының Студенттер үйі пайдалануға берілді. Жатақхананың жалпы аумағы – 8354 шаршы метр. Мұнда секциялар пәтер типінде: жиһазбен және тұрмысқа керекті барлық керек-жарақпен жабдықталған.

Қазір «Барлығы студенттер үшін» бағдарламасы аясында дәл іргемізде аумағы 8071 шаршы метр 500 орындық 9 қабатты жаңа Студенттер үйінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Біздің басым міндеттеріміздің бірі - білім алушылардың денсаулығын сақтау мен қорғау. Осы мақсатта Студенттік медицина орталығы жұмыс істейді.

Әлеуметтік қорғалмаған студенттерді қолдауға, оларға адрестік көмек, психологиялық жәрдем көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Білім алушылардың 68 пайызы әлеуметтік қолдау көріп отыр.

Университет ұжымы әлемдік және отандық бәсеке сұранысына, жұмыс берушілер мен ата-аналардың талабына, студенттердің үмітіне жауап беретіндей еңбек етуде.

Бас ғимаратымыздың қас бетіне Елбасының «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі жазылған. Осы сөздің мәні мен жауапкершілігі естеріңнен бір сәт те шықпасын.
Қымбатты магистранттар мен докторанттар!
Елбасы ұсынған индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ) - бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудағы маңызды қадам. Осы бағдарлама аясында біз 2015 жылдан магистратураның «Құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкциялары өндірісі», «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандықтары бойынша маман дайындауды қолға алдық. Биыл бұған үш мамандық қосылды: «Биотехнология», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Жылу энергетикасы».

Жалпы сомасы 449. 104.0 мың теңге болатын «Құрылыс материалдары мен бұйымдары зертханасы», «Шағын ғарыштық аппараттар зертханасы» аталатын екі зертхана құрылды. Олар бірегей құрылғылармен жабдықталған. Мұны физика, нанотехнология, физикалық және сараптамалық химия, биотехнология сияқты пәнаралық салаларда қолдануға болады.

Осы жылдың соңына дейін тағы екі зертхана ашу жоспарланып отыр.

Бұл мамандықтарда 579 магистрант білім алады. Олар әлемдік университеттердің стандарттарына сәйкес тәжірибеге бағытталған білім бағдарламалары негізінде оқиды.

Білім бағдарламаларын іске асыруға Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Польша, Германия серіктес жоғары оқу орындары қатысады.

Бұл университеттің халықаралық деңгейде мойындалуына және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге ықпал етеді.


Dear foreign students, master and PhD students!
Университетімізде шетелдік студенттер саны жылдан жылға артып келеді. Бұған шексіз қуанамыз. Өткен 2015 жылы ЕҰУ-да әлемнің 25 елінен 486 студент оқыды. Магистерлік бағдарламалар бойынша алыс шет елдерден - Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Монғолиядан, Ауғанстаннан студенттер білім алады.

Қазір бізде 277 пән таза шетел тілінде өткізіледі.



Университетіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өту аясында шетелдік студенттер үшін «International Day» өткізілді. Шараға Франциядан, Түркиядан, Белоруссиядан, Украинадан, Қырғызстаннан, Ауғанстаннан студенттер қатысты.

Осы оқу жылынан біз шетел студенттеріне қазақ және орыс тілдері курстарын ашамыз.

2015-2016 оқу жылы шетелдік білім алушылар үлесі артуының себебі – Астана мен Еуразия университетінің танымалдығы. Сонымен бірге Қазақстанның қадірін білген шетелдік жас талаптар біздің мыңжылдық дәстүріміз бен ашықтығымызға тәнті болып жатады. Әлемдік достықтың алтын көпірі – осындай адами қырым-қатынаста!

Қадірлі әріптестер!
Еуразия ұлттық университетінің әрқашан сапалы білім мен терең ғылым ордасы ретінде дамуы - сіздердің мойындарыңыздағы жауапкершілік. Профессор-оқытушылардың кәсібилігі Отанымыздың білім және ғылым саласындағы стратегиялық міндеттеріне сай болуы керек. Елбасымыз: «Бәсекедегі ұстаным адам сапасына, адам капиталына байланысты» деп жайдан-жай айтқан жоқ.

Озық әлеммен ықпалдасып, жұмысты жүйелі жолға қойғанда ғана игі мақсатқа қол жеткізуге болады. Ашықтық, елдік жауапкершілік, биік мақсат жоғары рейтингті бағындыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемнің 25 пайыз жетекші ғылыми журналдарындағы жарияланымдардың 18,1 пайызын ЕҰУ ғалымдарының мақалалары құрайды. Бұл - Қазақстанның әрбір сегізінші жарияланымы ЕҰУ ғалымдарының үлесі дегенді білдіреді. Тек 2015 жылы ғалымдарымыздың «Thomson Reuters» мәліметтер базасында - 197 ғылыми мақаласы, «Scopus»-та - 273 ғылыми мақаласы жарияланып, әлемге жол тартты.

Университет ғалымдары мен оқытушыларының Хирша жиынтық индексі соңғы жылдары айтарлықтай артты. ҚР Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының мәліметтері бойынша ЕҰУ профессоры Р.Мырзақұлов цитатталу индексі мен жоғары импакт-факторлы шетелдік журналдардағы мақалалар саны бойынша жалпы республика ғалымдарының ішінде бірінші орында тұр. Рәтбай Мырзақұлов - Орталық Азия бойынша ең жоғарғы Хирша индексі үшін «Top Springer Author 2015» Бірінші сыйлығының лауреаты.

Өздеріңізге мәлім, университет жоғарғы рейтингті ғылыми журналдарда жарияланған мақаласы үшін ғалымдарға ынталандыру сыйақысын тағайындаған. Әр жарияланым үшін 50-200 айлық есептік көрсеткіш аралығында қаражат бөлінеді. 2015 жылы университет 110 жарияланымға сыйақы төледі.

Университеттің бәсекелі басымдықтарының бірі - ғылыми қызметті қаржыландыру көлемі. Жыл өткен сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарының (ҒЗЖ) көлемі артып отыр. 2014 жылмен салыстырғанда өсім 140 млн. теңгені құрады. ҒЗЖ қаржыландырудың жалпы көлемі - 1 миллиард 770 миллион теңге.

ЕҰУ-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін келесі мәліметтер растайды:

- ғылыми зерттеулер көлемі 19 пайызға артты;

- халықаралық библиометрикалық мәліметтер базасына енетін журналдарда жариялану үлесі 25 пайызға ұлғайды;

- PhD докторы дәрежесін алу үшін қорғалған диссертация саны 24 пайызға артты.

Университет ғалымдарының патенттік белсенділігінде де оң өзгеріс байқалады: тіркелген патенттер саны 12 пайызға артты. 2014-2015 оқу жылында 140-тан астам қорғау құжаты алынды.

Біз Қазақстандағы жоғары оқу орындардың алғашқы қатарында халықаралық деңгейде – АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Голландия, Испания, Қытай, Франция, Бельгия, Сингапур, Финляндия, Жапония елдерінің жетекші университеттерінде профессор-оқытушыларымыздың біліктілігін арттыруды жүйелі жүзеге асыра бастадық. 2015 жылы 160 оқытушы біліктілігін арттырды.

Біз Назарбаев университеті тәжірибесіне сүйене отырып, жол картасы аясында топ-менеджерлерімізді Голландия, Германия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония елдерінде оқыттық, тоқыттық.

Оқытушылар мен қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланады. Мысалы, 23 мамыр - университеттің туған күнінде профессор-оқытушылар құрамы мен әкімшілік қызметкерлері қатарынан 400-ден астам адам түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды.

Айта кетейік: 2015-2016 оқу жылы 130-дан астам ғалым мемлекеттік, халықаралық, салалық, ұйымдық орден-медаль-төс белгілермен марапатталды.

Ұжымының сапалы, жауапты мүшелерінің барлығы дерлік мемлекеттік және салалық мейрамдарда төккен маңдай теріне қарай ақшалай сыйақы алуы да – ынталандыру жүйесінің жолға қойылғанын көрсетеді. Мұндайда халық «Еңбек – ырыстың бұлағы» дейді.



Құрметті ғылыми-педагогикалық қоғамдастық өкілдері!
Біздің университет – жетекші ғалымдардың, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет пен руханият өкілдерінің түрлі форматтағы ашық кездесу алаңына айналып отыр. Бұл ретте Дүниежүзілік Экономикалық форум аясындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының дәрісі дәстүрге айналды.

20 жылдық мерейтой аясында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Қазақстанның Халық ақыны О.Сүлейменов, Финляндияның, Швеция корольдігінің, Норвегия корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері оқыған маңызды дәрістер білім алушылардың көкейінен шықты.

Ғалымдарымыз біріккен жоба аясында әлемдік жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде Британияның Кембридж және Сассекс университеттерінің, Ковентри университетінің профессорларымен бірлесе ғылыми жұмыс атқарады.

Профессор-оқытушыларымыз British Council, DAAD, Volkswagen, Eurasia Foundation сияқты халықаралық ғылыми-білім ұйымдарымен белсенді қарым-қатынаста.

ЕҰУ ғалымдары «Ньютон - әл-Фараби» желісі, «Эразмус+» және «Мевлана» бойынша 4 ғылыми тағылымдамадан өту грантын жеңіп алды.

Жоғары оқу орнында ғылыми мерзімдік басылымдардың болуы -маңызды көрсеткіштердің бірі. 2015 жылғы қаңтардан «Eurasian Mathematical Journal» журналымыз Scopus халықаралық библиометрикалық мәліметтер базасына енді. 2016 жылы осы басылым «Thomson Reuters» мәліметтер базасына да кірді.

Халықаралық коллаборацияны (ынтымақтастықты) бағалайтын URAP (University Ranking by Academic Performance) және RUR (Round University Ranking) рейтингінде ЕҰУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші орында тұр.

Ұжым басшысы ретінде өзім де әріптестеріме өнеге болсын деп, импакт-факторлы журналдарға мақала жарияладым. Сондай-ақ Мәскеудегі әйгілі «Художественная литература» баспасынан, «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» айдарынан биографиялық жанрда «Шәкәрім», «Жамбыл» атты кітаптар жарияладым. Бұл еңбектер ағылшын, түрік, серб тілдеріне аударылып басылып, шетелде тұсаукесері өткізілді.


Құрметті дипломатиялық миссия өкілдері!
2000 жылдардың басында университетіміздің құрамында ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясы жұмыс істегені – тарихи факт. Кеше де, бүгін де – оқу ордамыз еліміздің ірі қоғамдық-саяси орталығы. Халықаралық, әлемдік бас қосулардың, форумдардың алаңы.

ЕҰУ-ға шетел мемлекет, үкімет басшылары, көрнекті саясат және мәдениет қайраткерлері арнайы соғады. Дәріс оқиды, ұжыммен кездеседі.

Бүгінгі жиынға Жапония, Үндістан, Ирак, Белоруссия елшілері қатысып отыр. Біз достарымызбен мақтанамыз, әріптестік шаралармен мерейіміз өседі.

Соңғы жылдың ішінде ғана университетімізге 78 ресми делегация, соның ішінде Швеция, Норвегия, Эстония, Ирак, Нидерланд корольдігі, Әзірбайжан елшілері келді.

Арнайы қонақ ретінде Біріккен Араб Әмірліктері үлкен үкіметтік делегациясын да қабылдадық. Қазақ халқы «Елдестірмек – елшіден» деп осындайда айтса керек.
Құрметті Бақылау кеңесі мүшелері!
Бақылау кеңесі – жаңа әрі маңызды құрылым. Мен оқу орнының басшысы ретінде жыл сайын бақылау кеңесі алдында қаржылық есеп беремін. Осында біз ЕҰУ-дың Даму стратегиясын бекітеміз. Даму жоспарын орындау бойынша жобаларды келісеміз. Индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы іс-шараларды қолдауды кеңесеміз.

Мұның бәрі университет қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.


Құрметті жұмыс берушілер!
Бүгінде жоғары оқу орны қызметі тиімділігін бағалаудың негізгі индикаторы - түлектердің сұранысқа ие болуы және маманның кәсіби дайындығына жұмыс берушілердің қанағаттанушылығы.

2015 жылы университет 4578 маман даярлап шығарды. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алғандары саны – 3962. Өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар - 3031 (яғни 77%).

Біз жыл сайын сауалнама жүргізіп отырамыз. Нәтижесі мынандай: жұмыс берушілердің 84 пайызы түлектердің дайындық сапасына қанағаттанады, 99,2 пайызы студенттерімізді дипломалды іс-тәжірибеге қабылдауға дайын.

Жұмыс берушілермен ынтымақтастық туралы 958 келісімшартқа қол қойылды, оның ішінде 645-і түлектерді жұмысқа орналастыратын болып шешті. Кембридж университеті мәліметі бойынша Қазақстан мен Орталық Азиядан келіп, осы оқу орнының магистратурасында оқып жатқандардың ең көбі – ЕҰУ түлектері екен.

2015 жылы наурызда университетте Жұмыс берушілер кеңесінің құрылды. Бұл - маңызды оқиға. Осы құрылым университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыратынына сенімдіміз.



Біз жұмыс берушілерге, соның ішінде осы залда отырған азаматтарға шексіз алғыс айтамыз. Осындайда халқымыз «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дейтінін жақсы білесіздер. Ынтымағымыз жарассын, бірлігіміз артсын!
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері!
Біз – Астананың ақпарат мектебіміз. Сондай-ақ біз - әрі талғамды оқырманбыз да.

Университет республикалық жетекші арналармен және мерзімді басылымдармен берік ынтымақтастық орнатқан. 2015 жылы «Хабар» агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде «Хабар» агенттігінің оқу аудиториясы ашылды. Мұнда студенттер журналистік шеберліктің қыр-сырын үйренеді.

Университеттің 20 жылдығы аясында ғылыми-біліми, әлеуметтік-мәдени бағытта 154 іс-шара өткізілді. Аса елеулісі - осы жылы мамырдағы «Еуразия ұлттық университеті: 20 жылдық даму және өрлеу» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен «Университетім – мақтанышым» онкүндігі.

14-24 маусым аралығында Күлтегін онкүндігінің қорытындысы - Қазақстан мен Ресейдің аумағымен қашықтығы 4500 шақырымды құрайтын «Алтай мұрасы» Халықаралық автоэкспедициясы болды.

Есептік жылы БАҚ-тағы ЕҰУ бренді аталған жарияланым саны 7 мың 800 десек, бұдан танымалдығымыз айқындалары сөзсіз.

Болашақта да сіздер жария ететін қызықты сәттеріміз көп болады деп үміттенеміз.

Біз – Елбасы негізін қалаған университетпіз! Біз – замана тамырын дөп басып, ғылым-білімдегі жаңалықты, ізденісті, технологияны, әдістеме-әдіснаманы студенттер бойына сіңіруге жұмылған ұжымбыз. Ендеше саланың жүрек соғысын, тамыр бүлкілін ең алғаш Еуразия университетінен біле аласыздар, журналист ағайын! Әрқашан есігіміз ашық! Білім алаңы да, ғылым алаңы да, сұхбат алаңы да осында.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Келер жыл – еліміз үшін ерекше жыл болмақ. Санаулы айлардан соң ашылатын "Аstana EXPO-2017" халықаралық көрмесін өткізуге дайындалып жатырмыз.

Баяндамамды қорытындылай келе, «EXPO-2017» жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде және Елбасы сенім артқан университет ректоры ретінде «ENU JUNIOR-EXPO-2017» атты жаңа акцияны жария еткім келеді.

Оған университетіміздің 3 мыңнан астам ерікті студенттері қатысады. «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің отандық энергетика, экология, биотехнология, туризм саласына тигізетін әсеріне арналған түрлі тақырыпта семинар, симпозиум, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Университет қызметкерлері мен студенттері «EXPO-2017» ұсынады» сапа белгісін әзірлеуге қатысады.

Ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгерген гидтер мен экскурсия жетекшілерін дайындау орталығы құрылады.

Енді университетіміздің алдында тұрған міндеттер мен оларды орындау жөнінде бірер ауыз сөз айтып өтсем деймін.



ЕҰУ межесі - ұлттық зерттеу университеті.

Ендеше:


1. Біз іргелі және қолданбалы ғылымды дамытамыз. Еліміздің инновациялық-индустриалдық дамуы үшін білікті маман даярлауға ұмтыламыз. Қолданбалы зерттеулерге қатысты тиімді, мәнді жобалардың үлесін арттыруға жұмылып отырмыз.

2. Біздің бар күшіміз білім бағдарламаларының саны мен сапасын үздік әлемдік жоғары оқу орындарының деңгейіне жеткізуге жұмсалмақ. Бұл болашақта білім беру қызметі экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отандық еңбек нарығының сұранысына бағытталған білім бағдарламаларының мазмұнын жетілдіре беретін боламыз.

3. Біз басқарудың халықаралық тәжірибесіне кезең-кезеңмен көшуді, соның ішінде профессор-оқытушылар мен білім алушыларды ұжымдық шешімдерді қабылдауға қатыстыруды және нәтижеге бағытталған КРІ (тиімділіктің негізгі көрсеткіші) жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз.

4. Білім бағдарламаларын жүзеге асыру, маңызды зерттеулер жүргізу, сонымен қатар ғылыми зертханаларды аккредиттеу мен жабдықтарды сертификаттау мақсатында университеттің материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын одан әрі дамыта бермекпіз.

Мұның бәрі QS нұсқасы бойынша әлемнің үздік 300 университеті қатарына кіруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл Елбасы, мемлекет, үкімет, Білім және ғылым министрлігі алдымызға қойған міндеттерге сәйкес келеді.

Біз алмайтын асу жоқ! Біз - «Мәңгілік ел» мұратына сеніммен қарайтын және сол жолда аянбайтын ұжымбыз!


Тыңдағандарыңызға рахмет!

Барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.




жүктеу 143,5 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау