Сәбидің балабақшаға үйренісуіне қалай көмектесу керек?
«Бала-біздің болашағымыз», деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, мемлекетіміздің ертеңгі тірегі, білікті де білімді, тәрбиелі де инабатты, адамгершілігі мол, салт-дәстүрімізді бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу әрбір отбасы мен мектепке дейінгі мекеменің міндеті. Балабақша табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін тәуелсіз еліміздің тұтқасын ұстайтын ертеңгі ел азаматтары болады деп сенеміз. Жаңа ғасыр талабына сай, тәрбиешілердің алдында көптеген міндеттер тұр. Мектепке дейінгі білім стандартының мазмұны мен міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін оқу-тәрбие үрдісін тиімді әдіс-тәсілдері пайдаланып жұмыстар жасалуда. Өзім еңбек етіп жүрген Қарқаралы қаласының «Еркетай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері жаңаша технологияны пайдаланып, үнемі білімдерін жетілдіріп, білім мен тәрбие саласында көптеген жетістіктерге жетіп, сапалы білім мен саналы тәрбие беріп кішкентай бүлдіршіндердің қуаныш мекеніне айналған.
Қазақ халқы бала тәрбиесін бесікте жатқан кезеңнен бастаған. Бала бойына жақсы, жаман қасиеттер ана сүтімен дариды екен.
Баланың жеке тұлға болып қалыптасуы маңызды, әрі қызықты кезең. Балабақша табалдырығын аттағаннан бастап ата-ана мен баланың күнделікті өмірінде айтарлықтай өзгерістер болады. Баланың балабақшаға бейімделінгеннен кейін олардың даму деңгейінің қарқыны жылдамдайтынын байқаймыз. Балалар өз бетінше іс-әрекеттер жасайды, тілі дамиды, өзге балалармен қарым-қатынасы, достығы жақсарады, тәрбиешіге, ата-аналарына сұрақтар қойып, оның жауабын білгісі келеді.
Қазіргі таңда ата-ана мен балабақшаның ортақ мәселесі-бала тәрбиесі. Ата-ана үшін бала - оның үміті, өмірінің жалғасы, мақтанышы, болашағы болса, тәрбиеші үшін- еңбегінің жемісі. Сондықтан ата-ана мен балабақша үнемі тығыз байланыста болуы керек.
Бала жаңа ортаға қалай үйренеді немесе бейімделеді? Әсіресе балабақшаға бейімделу қиын және ауыр өтеді. Бала жаңа ортаға келгенде тамақ ішпейді, ұйықтамайды, балалармен, бөтен адамдармен араласудан бас тартады, қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді, ойыншықтармен ойнауға қызықпайды. Ыстығы көтеріледі, жылайды, іші өтеді.
Оның себептері: Бала бөтен адамдармен қалып көрмеген, өзі дәретке отырып үйренбегендіктен. Баланы алғашқы күндері екі сағатқа ғана қалдыру керек. Кейбір ата-ана жұмыс барысын айтып алғашқы күннен бастап күні бойына баланың психологиясының бұзулуына әкеліп соғады.
Әрбір баланың балабақшаға бейімделуінің үш түрі бар:
Жеңіл түрі: - баланың мінез-құлқы 10-15 күнде қалпына келеді.
Орташа ауырлық бейімделу: - 1 айға созылады.
Ауыр бейімделу: - 2 айдан 6 айға дейін өтеді.
Баламен таңертеңгі қабылдауда ата-ана тез қоштасып кетуі керек. Баланы өзіне өте жақын сезіндірсе бала мазасыздана береді.
Балабақшада қалу үшін балаңызды алдап небір заттарды әперуден бас тартыңыз, алдап, өтірік айтудан аулақ болыңыз.
2-3 жастағы балалар үшін балабақшаға бейімделуі күрделі құбылыс. Баланың эмоциялық жағдайы көп өзгеріске түседі.
Ата-ана баласын балабақшаға әкелмес бұрын 1-2 ай дайындық жұмыстарын жүргізуі керек. Ол үшін үйдегі жағдайды балаңыздың келетін тобының күн режиміне сәйкес етіп ұйымдастыру қажет. Жуыну, қолын сүрту, шешіну, киімін бүктеп, жинап қою, ойыншықтармен дұрыс ойнау, оны сындырмау, қайта жинап қою, асты дұрыс ішу, қасықты, нанды дұрыс ұстау, түбекке сұрану сияқты қасиеттерді бала бойына сіңіру қажет.
Баланың киімі өзіне ыңғайлы болуын қадағалау керек. Балаңыздың «социалдық көкжиегін» кеңейтіңіз. Балаңызға бала тілімен түсіндіріп, мейірімізді төгіп балабақша туралы жақсы жақтарын айтып түсіндірсеңіз бала балабақшаға тез бейімделеді.
Балаңыздың сүйікті ойыншығын беріп жіберіңіз. Егер, балаңыз тез үйренбесе апта ортасында бір күн «демалыс» алуға болады. Бейімдеу кезінде демалыс күндері балаңызбен көп шұғылданыңыз. Балаңыздың ауырмауы үшін витаминдер беруіңіз керек. Егер балаңыз көпшіл болса балабақшаға тез үйренеді. Балаңыздың балабақшаға толық бейімделуіне психолог, медбике, тәрбиешілер көп ықпал жасап, бақылауға алады.
Өзімнің іс-тәжірбиемнен алатын болсам «Бөбектер» тобындағы балабақша табалдырығын аттаған алғашқы сәбилердің бейімделуі жаңа өмір есігін ашқандай. Баланың бейімделуі бұл топта ерекше қиындық туғызады. Алғашқы күннен басқа ортаға үйрену кезеңі балаға ауыр тиеді. Ыстығы көтеріліп, тамақ ішпей, мазасызданып анасын аңсайды, жылайды. Бірақ, біртіндеп анасындай мейірін төгіп, әр күні жылы қарсы алсаң үйрене бастайды. Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі болғандықтан бейімделу әр сатыда өтеді. Бала естігенін емес, көргенін істесе жадында сақталып қалады.
Осы жастағы балалардың бейімделуі 3 деңгейде жүргізіледі.
Жарамды деңгей:- Бала ересек көмегімен суға қолын тосады, қасықпен ас ішуді, ұстауды үйренеді, тәрбиеші көмегімен орындыққа отырады, түбекке барады, ауызша нұсқауды түсінеді, ас ішерде, астан кейін қолын жууды, сүртінуді, затты орнына апаруды, достарына қамқорлық жасайды, жақсы жаман қасиеттерді үлкендер көмегімен үғынып жасайды.
Жеткілікті деңгей:- Үлкендер көмегімен жуынуы бөлмесіне баруы, қою тамақты іше алу, қасықты ұстауы, қойылған орындыққа отыруды, түбекке баруы, беті-қолы мен мұрнының лас екеніне көңіл аударуы, дымқыл, былғанған киімін байқауы, киімдерін өздері танып біледі, жартылап өзі киініп-шешінеді.
Жоғарғы деңгей:- Ересектер көмегін көп керек етпейді, жуынуға дайындалады, сүлгісін таниды, орындығын өзі әкеліп отырады, асты жақсы таза ішеді, оң қолға қасық сол қолға нан ұстайды. Өз киімін таниды. Толық болмаса да киімін киіп-шешеді, бүктеп жинайды. Өзіне тиісті зат, ойыншықтарды орнына апарып қояды. «Сәлеметсіз бе?», «Сау болыңыз» отбасы мүшелерін, ойыншықтарды атай алады. Айтылған сөздерді қайталайды.
Сөз соңында айтарым баланы балабақшаға әкелерде ата- анамен кездесіп баланы балабақшаға күн тәртібіне үйде бейімдеу, дайындау керек. Баланы коршаған ортаға бейімдеп тәрбиелеу, мысалы, үлкендермен, достарымен қарым-қатынаста болуы, саябаққа, серуенге, мерекелерге, құммен ойнауға, көпшілік арасында жиі болуын қадағалаңыз. Балабақша мектепке ғана емес психологиялық-әлеуметтік тұрғыда дайындайды. Осы ұсыныстарды ата-аналарға ұсынып отырамын. Ол үшін ата-анамен тығыз байланыста болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |