1.4 Жергілікті бюджеттердің мәні, кірістері мен шығыстары
Жергілікті қаржы – ақша нысанындағы қоғамдық өнімнің бір бөлігін жергілікті басқару органдары өздеріне артылған функцияларға сәйкес жасау, бөлу, пайдалану процесіндегі қаржы қатынастарының жүйесі. Жергілікті қаржы мемлекеттің қаржы жүйесінің маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Ол жергілікті бюджеттерді, арнаулы бюджеттен тыс қорларды және басқарудың жергілікті органдарының қарамағындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын кірістереді.
Нарықтық қатынастардың қалыптасуы жағдайында жергілікті органдар қызметінің аясы кеңейе түсуде, олар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, демографиялық сипаттағы проблемаларды шешуде едәуір дербестікке ие бола бастады.
Жалпы жергілікті қаржының жай-күйі әрқашанда, біріншіден, елдің жалпы экономикалық жағдайына, екіншіден, тиісті аумақтардың экономикалық әулетіне, үшіншіден билік пен басқарудың жергілікті органдарының құқығы мен міндеттерін белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын мемлекеттік заңдардың деңгейіне, төртіншіден, биліктің жергілікті органдары құзырының дәрежесіне байланысты болады.
Жергілікті бюджет – бұл ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге мүмкіндік жасайтын және билік пен басқарудың жергілікті органдарының қаржы базасын жасауды қамтамасыз ететін экономикалық қатынастардың жиынтығы.
Жергілікті бюджеттердің экономикалық мәні олардың мынадай арналымында көрінеді:
билік пен басқарудың жергілікті органдарының ақша қорларын қалыптастыру;
бұл қорларды жергілікті деңгейдегі инфрақұрылым салалары мен халықтың арасында қайта бөлу.
Сөйтіп, жергілікті бюджеттер жергілікті деңгейдегі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруда елеулі рөл атқарады. Бұл тұтынудың қоғамдық қорларын бөлген кезде көрінеді. Жергілікті бюджет арқылы мемлекеттік бюджет қаражаттарының басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалады.
Қазақстан Республикасында жергілікті бюджеттер коммуналдық заңи тұлғаларға бекітілген; мүлікпен және әкімшілік-аумақтық бөліністің меншігіндегі өзге де мүлікпен бірге әкімшілік-аумақтық, экономикалық және қаржылық негізін құрайды; түсімдер мен бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) есебінен қалыптасатын, Конституциямен, заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар белгілейтін жергілікті бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруға арналған тиісті мәслихатың шешімімен бекітілген әкімшілік-аумақтық бөліністердің ақша қорлары болып табылады.
Жалпы жеке аумақтар мен аймақтар бюджеттеріне қаражаттардың түсу көлемі мен құрылымына елдегі экономикалық ситуация: қаржы-бюджет саясаты, өндіріс дамуының аймақтық деңгейі, оның құрылымы, инфлияция қарқыны, бағаның өсуі және т.с.с. сан алуан факторлар әсер етеді.
«Қазақстан Республикасының бюджет кодексіне», «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жалпы жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер республикалық бюджеттің түсімдеріне ұқсас және мыналарды кірістіреді:
салықтардың, алымдардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдері
салықтық емес түсімдер (комуналдық меншіктен түсетін түсімдер; облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) өткізуінен түсетін түсімдер; жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алулар өткізуден түсетін ақша түсімдері; осы мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар; жергілікті бюджеттерге түсетін салықтық емес басқа да түсімдер);
жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер (жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті сатудан түсетін түсімдер);
жергілікті бюджеттерге түсетін ресми трансферттердің түсімдері.
Жергілікті бюджеттерден берілген кредиттерді өтеуден, коммуналдық меншіктегі мемлекеттік қаржы активтерін сатудан, жергілікті атқарушы органның қарыздарынан түсетін түсімдер жергілікті бюджеттерге есептеледі.
Дамудың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасының жергілікті бюджеттері кірістерінің негізін аумақтағы шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халықтың салықтық түсімдері құрап отыр. Түсімдердің екінші көзі республикалық бюджеттен берілетін трансферттер болып отыр.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары республикалық бюджеттің шығыстары сияқты негізінен мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады: жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер көрсету; қорғаныс, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік; білім беру, деңсаулық сақтау; әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік; ауыл, су, орман, балық шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау; өнеркәсіп және құрылыс; көлік және байланыс; экономикалық қызметті реттеу (кәсіпкерлік қызметті қолдау); басқа да бағыттар: аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне берілетін ресми трансферттер, республикалық бюджетке берілетін ресми трансферттер, жергілікті атқарушы органдардың борышына қызмет көрсету. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің шығыстарында деңсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, экономикалық қызметті реттеу бағыттары бойынша жүзеге асыру көзделінбейді.
Республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің құрамында қаладағы ауданның, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің бюджеттік бағдарламалары мынадай бағыттар бойынша көзделеді:
Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдық (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі аппаратының жұмыс істеуі; шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге; азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі қызметті қамтамасыз ету; мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерін материалдық техникалық қамтамасыз ету; ерекше жағдайларды сырқаты ауыр адамдарды дәрігерлік көмек көрсететін ең жақын деңсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыру; мұқтаж азаматтарға үйінде әлеуметтік көмек көрсету; елді мекендерлің санитариясын қамтамасыз ету; жерлеу орындарын күтіп-ұстау және туысы жоқ адамдарды жерлеу; елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру; мәдениет мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа да бағдарламалар.
Жергілікті деңгейдегі қаражат түсімдері мен жұмсалымының құрамы мен құрылымы әкімшілік-аумақтық бөліністердің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін анықтайтын мынадай факторларға байланысты: өндірістік объектілердің болуы, табиғи ресурстар,әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылым объектілері, бөлініс мәртебесі, халықтың жиілігі, табиғат-климат жағдайлары және т.с.с.
Бюджеттерді қалыптастыру жергілікті өкілетті органдар әзірлейтін жергілікті бюджеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады. Жергілікті бюджеттік бағдарламаларды қаржылық негіздеу және іске асыру –жергілікті атқарушы органдар мен оларға бағынышты мемлекеттік мекемелерге жүктелген.
1 кесте
Салықтық түсімдер
Облыстық бюджетке түсетін түсімдер
|
Республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттеріне түсетін түсімдер
|
Салықтар
|
1. Жеке табыс салығы
2. Әлеуметтік салық
|
1. Жеке табыс салығы
2. Әлеуметтік салық
3. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен заңи тұлғалардың мүлкіне салынатын салық
4. Жер салығы
5. Бірыңғай жер салығы
6. Жеке және заңи тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық
7. Акциздер (республикалық бюджетке түсетін газ конденсатын қоса алғанда, шикі мұнайға акциздерден басқасы
|
Төлемдер, алымдар
|
1. Облыстық маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдары арқылы жүріп өткені үшін алым және бұл жолдардың бөлінген белдеуіне сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырғаны үшін төлем.
2. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем.
3. Жер үсті су көздерінің ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем.
4. Орманды пайдаланғаны үшін төлем.
5. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем.
6. Жер учаскілерін пайдаланғаны үшін төлем.
7. Жеке кәсіпкерлерді және заңи тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін төлем.
8. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым.
9. Аукциондардан алынатын алым және басқа да төлемдер мен алымдар
|
Достарыңызбен бөлісу: |